Байланысты: Қазақ тіл біліміндегі таным теориясының ғылыми-әдістемелік негіздері
түсіндіру әдісін қолданған. Түсіндіру әдісінің теориялық ұғымдарын ашып көрсетпегенмен, оны әр тақырыпты түсіндіру үшін баяндау түрінде көрсеткен.
Ғалым балаларға сөз таптарын түсіндіруде мазмұны түсінікті, оқу-жазуға жеңіл болуын, есте сақтауын қамтамасыз ету үшін сұрақ-жауапәдісінқолданып, балалардың алған білімін пысықтап отырған. Мысалы: «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада. Кімнің көңілі балада? – «ананың». Кімнің көңілі далада? – «баланың». Ананың көңілі кімде? – «балада».
«Баланың көңілі неде? – «далада»»[1;37] – деп, мәтіндегі зат есімге сұрақтар қою арқылы зат есімнің сипатын әрі түсіндіру үшін, әрі пысықтау үшін сұрақ-жауап әдісін қолданады. Сұрақ-жауап әдісі білім мазмұнының игерілуіне, білімнің есте сақталуына, теориялық білімді терең түсінуге жол ашады.
Аталған әдістердің барлығы тілді оқытудағы оқуға, жазуға үйретудің, машықтандырудың тиімділігі, адамның танымдық қабілеттерінің мүмкіндіктерін жетілдіру үшін берілген. Алайда, ғалым халықтың ұлттық болмысын басты назарға алып, тіпті оқыту барысында қолданған мысалдардың өзі «сөз мәйегі - мақалдардан» тұрады. Сондықтан А.Байтұрсынұлы қазақ тілінің құрылымдық жүйесін қалыптастырып, оқу құралын ғана жазып қоймай, оқытуда тілдің танымдық қызметі арқылы танымдық әдісті қолданғанын байқаймыз. Бүгінде мақал-мәтелдер арқылы ұлтты, мәдениетті, сол халықтың өмір сүрген ортасын, қоғамын тану мүмкіндігі туып отыр. Сол тілдің танымдық қызметін жоғары бағалаған А.Байтұрсынұлы оқыту әдістеріне арқау етіп, оқу құралдарында пайдаланған. Ғалым қай мәселені оқытса да, сол тақырыпқа берілген тапсырмасында қазақтың мақал-мәтелдері, қазақтың ұлттық болмысын танытатын шағын мәтіндер берген. Мысалы: «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын, жаманның жамандығын айт, құты қашсын», Шортанның өзі өлсе де, тісі өлмес, адамның өзі өлсе де, ісі өлмес», «Білімсізбен алыспа, текке өмір тауыспа», «Төртеу түгел болса, төбедегі келер, алтау ала болса, ауыздағы кетер», «Бас екеу болмай, мал екеу болмас», «Үйдің жылы-суығы қыс келгенде білінер, кімнің алыс-жуығы іс келгенде білінер», «Асың барда ел таны, атың барда жер таны», «Тау тауға қосылмайды, адам адамға қосылады».
Н.Оралбаева А.Байтұрсынұлын қазақ тілін оқыту әдістемесінің негізін қалаған ғылым ретінде бағалай келіп, «А.Байтұрсынұлы әліппесінің, оқулықтарының қазіргі кездегі оқулықтарды жазуда қолданылу орнын көрсету, пайдалы жақтарын анықтау, дәлелдеу, келешекте оқулықтардың сапасын арттыруға әсер етеді»[110;80]. Шындығында, А.Байтұрсынұлы оқулықтары, әдістемелік құралдары сол кезеңдегі оқыту үшін ғана емес, күні бүгінге дейін құндылығын жойған жоқ.
Қатысымдық-қатысымдық тұрғыдан оқытудың әдістемесін зерттеген С.Рахметова ағартушы әдіскердің оқулықтарын талдай келіп,
«А.Байтұрсынұлы қалыптастырған жаттығу үлгілері мен оқыту әдістері
кейінгі оқулықтар мен әдістемелік еңбектерде одан әрі тереңдетіліп, күні бүгінге дейін қолданылып келеді»[111;15],-деп ағартушы ғалымның өмір сүрген кездегі әдістеме ілімінің дамуын, әдіскердің әдістемелік ізденістерін тарихи-ғылыми тұрғыдан байыптап, оның қазақ тілін оқыту әдістемесінің іргетасын қалаған тұңғыш әдіскер ғалым екендігін дәлелдей келіп, ағартушы ғалымның әліппелеріндегі, тіл құралындағы тәсілдердің қазіргі оқулықтарда да кездесетіндігін, әсіресе, жаттығу түрлеріндегі ұқсастық жиі ұшырасатындығын, оның ішінде тіл дамыту мен қатар, оқушының танымын кеңейтуге, ойының ұшқырлығына арналған жаттығуларды көрсеткен. А.Байтұрсынұлының әдістемелік еңбектерін зерттеген А.Қыдыршаев ағартушы еңбектерін әдістемелік тұрғыдан былай саралайды:
«Тіл дамыту жұмысы А.Байтұрсынұлы әліппелерінде барлық жұмыстарды өтуде, оған жаттығуда, өзгерген білімді бекітуде жүйелі де үздіксіз жүргізілген. Әдіскер әліппелеріне енген материалдардың қызғылықты болуы арқылы да бала тілін дамытуды есте ұстаған.
А.Байтұрсынұлы әліппе, тіл құралдарында ауыз әдебиетінің ерекше бір түрлері мақал-мәтел, жұмбақ, жаңылтпаштарды шоғырымен жолықтырамыз. Әдіскер әліппелеріне енген материалдардың қызғылықты болуы арқылы да бала тілін дамытуды есте ұстаған.
... жұмбақ баланың ақыл-ойын дамытады, қиялын шарықтатады, тапқырлыққа баулиды. Ақырында бұның өзі бастауыш клас оқушыларының ауызшы тілін дамытуға бағытталады.
А.Байтұрсынұлы жаңылтпаштарды шәкірт тілін дамытудың таптырмас, баға жетпес құралы деп есептеді» [112;13]. Бұдан А.Байтұрсынұлы өз оқулықтарында тіл арқылы танымды дамытудың тамаша үлгілерін жасағаны анық байқалады.
Қазақ тіл білімін оқытуда Ахмет Байтұрсынұлы еңбектерімен қатар Қ.Жұбановтың танымдық зерттеулері маңызды болып табылады. Қ.Жұбанов сабақ барысында меңгерілетін теориялық білім мен оны іс жүзінде қолдана білу білігін қалыптастыру мақсатында берілетін сөйлем талдау, құрастыру, баяндау жұмыстарын жүзеге асыруда қазақ халқының еңбек құралдары, қоршаған орта құбылыстары, қолөнер бұйымдары сияқты өмірден алынған нақты мысалдармен түсіндіру әдісін шебер пайдаланған. Бұл, әрине, шәкірттің танымдық шеңберін кеңейтуге жағдай жасайды. Бұл мәселелер оқу үдерісіне ұлттық санаға тән элементтерді енгізудің тәлім-тәрбие беруде маңыздылығын, қажеттілігін дәлелдейді. Ғалымның оқулығында мысал келтірейік: «Тігіліп біткен киім, тоқылып шыққан өрмек, иіріліп болған жіп сияқты, сол күйінде адам керегіне жарарлық болып жасалған затты бұйым дейміз. Бұйым жасауға керекті затты материал дейміз» [75;2]. Тілші оқыту барысында ұлттық танымды басты жолға қойып, жеңіл әрі нақты түсіндіргенін аңғарамыз.
Қ.Жұбановтың 1934 жылы «Ауыл мұғалімі» журналының №3 санына жарық көрген «Әдіс бірлестіктері мен әдіс үйірмелелерінде оқу жылының 2- ші жартысында әдіс пырағырам мәселелері» атты мақаласында мұғалімдерге
әдістемелік кеңестер мен білім берудің ұтымды жолдары жайында ұсыныстар айтылады. Ғалым: «Мектептің әр жақсы бөлімінде сабақтардың пырағымына қарап бір жетілік, он-он бес күндік тақырып немесе жұмыстың бір түйдегін (бөлімін) талдап, көніспект жазуға сабақтың жоспарын, желісін құруға дайындық» [113;25] қажет екенін айтады. Сондай-ақ «сол сабақтың мазмұны бойынша оқу құралы мәтериалына қатты сүйеніп көрнекті әдіс мәтериалдары мен құралдар әзірлеп алу» [113;25] керектігі маңызды. Білім беру барысында әдіс пен тәсілдердің маңыздылығына аса назар аударған ғалым: «Мектептердің күнделік іс-тәжірибесінен алып, жақсы немесе нашар жүрген сабақ түрлерін талдап (деректі түрде) пікір алысу; жақсы үлгі болардайларын басқаларға түсіндіріп үлгі-өнеге қылу»[111;25] жолдарын ұсынады. Мұндай іс-әрекеттер мұғалімнің әдіскерлігін қалыптастырып, білім беру сапасын арттыруға септігін тигізетіні анық. Ол жөнінде ғалым: «Бұл қалыпты мәселелер бір жағынан оқытушылар көпшілігіне алдағы оқу жұмыстарының дұрыстап түсіндіре отыру мақсаты көзделсе, екіншіден мектептердің оқытып кеткен сабақтарынан үлгі болардай мәтериалдарды сынап отыру» [113;25] –деп тұжырымдайды.
Сонымен қатар, «Бұл мәселелерді еш уақытта кесек күйінше ірілеп алмай, әр бөлімнің жеке сабақтарының бір-бір бөлігі алынады. Сабақтың сол бөлігінің мазмұн желісі анықталып, пырағырам мен оқу құралынан және оқу кітаптарынан қалай пайдаланатыны көрнекті аспаптардан қай-қайсыларын көрсетіп оқылатыны шешіледі. Онан соң балаларға жаттығу мысалдарының түрі, жүйесі, балалардың өз беттерімен жұмыс істеу жүйесі қалай қойылатыны шешіледі оқытушы сол оқылатын мазмұнды қалай түсіндіріп
ұқтыратыны белгіленеді» [113;26] –деп, ғалым әдістемелік бірлестіктің жұмыс істеу әрекетін, ол жұмыстардың тиімділігін артыру – білім беру сапасын арттыруға бағытталатынын көрсетеді.
Қ.Жұбанов өзі өмір сүрген кезеңдегі оқулық олқылықтарын да ашық айтады: «Біздің кітаптарымыз шынында да мүгедек туған. Өйткені бұлар
«жеңілдетілген». Жеңілдеткенде, сөз табы 9 екен, оны ауыр көріп, алтауын кесіп түсіріп, үшеуін қалдырған. Етістіктің жікеулері, райлары, етістері көп екен, «жеңілдетіп» санын кеміткен.
Мұндай «жеңілдетуге» алғыстан бөтен еш нәрсе айтпас едік-ау, егерде қазақы түскірдің аузына қақпақ қойып, сол артық сөз таптарын, артық рай, шырайларды, жұрнақтарды айтпайтын қылып, бұлар қазақ тілінен біржола аластап қуылса. Бірақ не пайда? Кітап бетінде тұжырып, кесіп тастағанмен, тіл өмірінде ол «артықтар» баршылығын қоймайды екен»[2;8] –деп, оқу құралдардың қазақ тілінің табиғатын толық қамтымайтындығын, оны қамтымағанмен оқулық жеңілдемей, керісінше мәселелер көбейіп, сұрақтар туындайтынғын білдіреді. Сол сияқты ғалым қазақ тіліндегі буын жігін ажыратудың оңай жолдарын түсіндіріп, олардың тек білім алушы емес, оқытушыларға да арналғандығын баса айтады. «Мұндағының қай-қайсысын да біз бала үшін емес, мұғалім үшін жазып отырмыз» [2;8]-дей келе, әдістің тиімділігін табу оқытушыға байланысты екенін түсіндіреді: «Мұғалім өзі
жақсы ұғынса, балаға ұғындырудың есебін таба жатар деп сенеміз. Мұнан көргенін түгел балаға көрсетсе, бала бір нәрсе де ұқпайды. Буынды жіктеу оның формулаларын беру – бастауыш мектепке ауыр келетін жұмыс. Буынды жүйелі түрде топтастырып айыру V жылда ғана мүмкін. Соның үшін әзірге мұғалімнің міндеті – программадағы мөлшерден озбай, буын жайын қате ұқтырмай, дұрыс түсіндіре, барды бақылата отырып, бірте-бірте жүйелі түрде әкеліп салу болу керек» [2;8]. Оқыту мәселесін жан-жақты қарастырған ғалым мұғалімге бағыт-бағдар бере отырып, әдіс-тәсілдердің ұтымды қолданылуы мұғалімге де байланысты екенін Жанғазыға арналған хатында:
«Оңай болу мен қиын болу кітаптан болмай, мұғалімнен де болып қалады» [44;152] –деп ескертеді.
Олай болса, Қ.Жұбанов өзі өмір сүрген кезеңінде бөгде халық ділінен туған үлгілер мен әдіс-тәсілдерді талғаусыз, елеп-екшелемей көшіре салудың зиянды екенін көрсетіп, өзі мұндай амал-тәсілдерге үзілді кесілді қарсы болған. Профессор Қ.Жұбанов тілді танымдық тұрғыдан оқыту мәселесін халықтың даналық ойлары (өсиет-өнегелері, мақал-мәтелдері, шешендік сөздері, т.б.) арқылы жүзеге асыруға ден қояды. Ғалым гуманитарлық ғылым саласын дамыту арқылы қоғамдық ой мен мәдениетті, тарих пен өнерді терең түсінуге болатынын атап көрсетеді.
«Қ.Жұбановтың ғылыми мұраларының тағы бір ерекшелігі – ғалымның теориялық ұғымдарды түсіндіру мақсатында халықтың танымын ескеріп, тақырыпты ұлттық болмысқа сәйкес сипаттауы дәлел»[114;216]. Ғалым еңбектерінен мұны дәлелдейтін фактілерді көптеп кездестіруге болады:
«Адамдар бұрын табиғат сырының күштерін білмеген. Сондықтан олар табиғатқа адамша (жанды затша) тіл қатқан. Желді ысқырып шақырған, құйынды қуалаған, ауруды көшірген түрлі жақсылық-жаманаттың иесі бар деп түсініп, оларды бірде шомылдырып, бірде тамақ беріп ырза қылып отырған» [44;134]. «Сөз деген не?» деген сұраққа жауап бере отырып, ғалым адам баласының өзі таныған, өзі түсінген нәрселердің бәріне де белгілі бір ат бергенін атап кетеді де, зат-ұғым-атау деген тізбекті былайша таратады:
«Адам өзінің тіршілік тартысында кездесіп, пайдасын, я зиянын көрген нәрселерді ғана елеген, соларды ғана білген. Шөптердің ішінде мал жейтіндерін, отын болатын, бояу болатын, ем болатын, у болатындарын ғана білген, соларға ғана ат қойған» [44;150]. Мұнда Қ. Жұбанов оқушыларға тілді жеке құбылыс емес, адам санасынан туындайтын, адам ойымен тығыз байланысты құбылыс екенін танытуға тырысқанын анық көруге болады. Сөйтіп, тілді үйретуде белгілі бір ұғымдарды тек жаттатқызып қоймай, ойлап, түсініп оқуына, ең алдымен, ұлттық болмысқа сай түсінік алуына мүмкіндік береді. Ғалым қаламынан туған оқулық баланың ойына ой қосып, көңіл көкжиегін кеңейтетін тартымды, терең мазмұнды мысалдарға толы.
Ұлттық білімнің, оқытудың негізін қалаған ғалымның қазақ тілін, тілдегі таным мәселесін оқытуға арналған әдістемелік зерттеулерінің орны ерекше. Ол білім беру жүйесінде оқыту әдістерінің маңызын терең түсінген ғалым өз пәнін жетік меңгерген мұғалім ғана оны үйрететін тиімді әдісті
таңдай алады деп түйіндеген. Бұл ғалымның пәннің негізгі мазмұнын білмеген мұғалім жақсы нәтижелерге қол жеткізе алмайды деген қағиданы басшылыққа алғанын байқатады. Оқытуда маңызды орын алатын басты ұстанымдарды ғалым өз еңбектерінде ұтымды басшылыққа алған. М.Қ.Жазықова ғалымның қолданған әдістерін төмендегідей: «жалпылау, жүйелеу, айыру, жаттау, талдау, жинақтау, салыстыру, баяндау, сұрақ-жауап, сұхбат және т.б.» [115;100]-деп жіктеп көрсетсе, ал М.Жұбанова ғалымның 1936 жылы оқулығында кездесетін оқытудың әдістерін былай атап өтеді: «... баяндау әдісі, түйінді мәселеге көңіл аудара түсіндіру әдісі, өмірге үңілдіру, еңбек процесімен байланыстыру әдісі, пәнаралық байланыс, оқушы алдына проблема қоя оқыту, жүйелі ойға төселдіру, миға гимнастика жасату және т.б.»[116;75]
Қ.Жұбанов қолданған танымдық әдістердің ерекшелігін Ф.Ш.Оразбаева: «ғалым ұсынған тиімді әдістердің қатарында түйінді мәселеге көңіл аудару, сөзбен суреттеу, көрнекілік, өмірге үңілдіру, еңбек процесімен байланыс, жүйелі ойға төселдіру, оқушының алдына проблема қоя оқыту, бір пәнді игерту үшін оған екінші пәнді құрал ету және т.б. – бүгінгі күннің өзекті мәселелерімен ұштасып қана қоймай, қазіргі кезде басымдылық беріп отырған іздендіре, дамыта оқытудың ғылыми-теориялық, ғылыми-әдістемелік негізін қалаған ой-пікірлер болғанын аңғару қиын емес. Мәселен, қазіргі оқыту мәселелеріне байланысты қарастырып жүрген таным процесі – өмірге үңілдіру; проблемалы оқыту – оқушы алдында проблема қоя оқыту; пәнаралық байланыс – бір пәнді игерту үшін оған екінші пәнді құрал ету; дамыта оқыту – жүйелі ойға төселдіру; тіл дамыту – сөзбен суреттеп көрсетудің негізгі бағыт-бағдарымен сәйкес келеді»[112;26]-деп тұжырымдайды.
Қ.Жұбановтың әдістемелік мұраларында тілдің таным қызметі негізінде оқытуға байланысты бірнеше әдістері айқындалған. Тақырыпты қазақ баласының танымына, түсінігіне жақын етіп ұғындыру үшін ғалым түсіндіруәдісінқолданған. «Сөз бұйымдары бірі біріне материал болады. Сөз бөлшектерінің әрбір ірісі – өзіне тете ұсағынан жасалған бұйым, әрбір ұсағы – өзіне тете ірісін жасайтын материал»[76;2]-деп, сөз ұғымын материал мен бұйым арқылы жеңіл ғана түсіндіріп отыр. Бірнеше материалдан бұйым жасалады деп, сол сияқты сөз де бөлшектерден тұратындығын білім алушыға түсінікті тілмен, тез қабылдап, өз ойымен пайымдауы үшін танымына жақын қылып жеткізеді. Шәкірт бұл ақпаратты түсініп қана қоймайды, сонымен қатар есіне де тез сақтап қалады.
Қ.Жұбанов тіл заңдылықтарына талдау жасай отырып, оқушыларға тақырыпты терең түсіндірудің жолын талдау-жинақтау(индукция- дедукция) әдістеріарқылы қарастырады. Ғалым тілдің табиғи болмысын, сөзді талдау арқылы түсіндіруден бастайды: «Сөз ауызекі де сөйленеді, қағазға да жазылады. Жазылған сөз түгел бір кітап болуы да, шағын бір хат болуы да, тек бір кісінің аты болуы да, тіпті бір ғана әріп болуы да мүмкін. Осылардың бәрі де сөз бөлшектері болады. Сөз бөлшектерінің кітап, әңгіме
сияқты ірілері бол, әріп, дыбыс сияқты ұсақтары бол, - қай-қайсы да бітулі киімдей, айналасы көмкерілген бір бүтін нәрсе» [76;1] –деп, сөздің табиғатын
«кітап, әңгіме» немесе «әріп, дыбыс» көлеміне балап, сөз «бітулі киімдей көмкерілген бір бүтін» нәрсеге ұқсатып, халықтық таным, ұлттық мәдениет нақыштарын қолдана келе талдайды. Сонымен ғалым сөз деген бүтінді талдау-жинақтау (индукция-дедукция) әдістері арқылы түсіндіреді. Сонымен қатар, ғалым «сөз бұйымы», «сөз материалы» деген тіркестер жайында түсінік қалыптастырмас бұрын, «бұйым», «материал» деген ұғымдардың танымдық мәнін жекеден-жалпыға әдісі негізінде ашып көрсеткен: «... сол күйінде адам керегіне жарарлық болып жасалған затты бұйым дейміз. Бұйым жасауда керекті затты материал дейміз», «сөз бөлшектерінің бәрі де – шикізат емес, бұйым. Өйткені бәрі де – ірісі де, ұсағы да – сол күйінде-ақ сөздің бір керегіне жарарлық болып жасалады. Сөйте тұра сөз бұйымдарының бір-біріне материал болады» [76;2]-деп, Қ.Жұбанов грамматикада талдау мен жинақтауды сатылы түрде шебер ұштастыра білген. Ғалым әдістемелік еңбектерінде пәнаралық байланыс әдісініңтиімділігін көрсетеді. Мысалы, қазақ тілінің математикамен байланысын танытатын мына тұжырымнан аңғарамыз: «Дыбыстың саны да, сапасы да бар. Дыбыстың сапасы бірдей бола тұрып, саны әлденешеу бола береді... Бір тілде жұмсалатын дыбыстардың жалпы санының ұшы-қиыры жоқ, бірақ олардың бәрінің сапасы әр түрлі бола бермейді... Ілиястың не бары 12 жол,
«Қойшы ойы» деген кішкене өлеңінде 488 дыбыс бар. Бірақ бұл 488 дыбыс 488 түрлі емес, мұнда не бары 28-ақ түрлі дыбыс бар. Осы 28 түрлі дыбыстың бірі 10, бірі 50 рет қайталанып барып 488 болған»[44;132] - дегенді келтіреді. Бұдан түйетініміз, сабақты түсіндіруде басқа пәнді пайдалану арқылы жаңа сабақты түсіндіруге болатынын, пәнаралық байланыстың да тиімділігін көреміз. Бұл лингвистикада математикалық әдістер арқылы зерттеу жаңадан қалыптасқан ғылыми лингвостатистикалық әдіс болып табылады. Пәнаралық байланыс білім алушының әр пәннің зерттеу аясында ғана қалмай, бір- бірімен байланыстырып, білім мазмұнын күрделендіре түседі. Бұл әдіс шәкірттің алған білімді өмірмен ұштастыра алуына, меңгерген ақпараттары арқылы өмірге үңілуіне, тіл арқылы адамзат болмысын тануға септігін тигізеді. Сонымен қатар, оқытуда пәнаралық байланыс әдісі шәкірттің білімін тереңдетіп қана қоймай, танымдық ой шеберін кеңейтеді.
Бүгінгі таңда тілді оқытуда білім алушының терең ойлап, ақпаратты түсініп, өзіндік пікірімен саралай білуі үшін проблема қоя оқыту әдісі кең тараған. Қ.Жұбанов осы әдістің тілді оқытудағы тиімділігін бағалап, білім беруде қолдануды ұсынған. Ғалым: «қарны ашып, қазанның қақпағын аша берген баласына анасы: «Ақылды бала қазанның астына қарайды, ақылсыз бала қазанның үстіне қарайды»-деген мақал айтып, баланың алдына проблема қояды. Бұл – түйін. Түйінді дұрыс түсінген бала қазанның астына от жағады, дұрыс түсінбеген бала – қақпағын аша береді. Ал анасының баласына өз ақылын тура айтпай, жанамалап айту себебі – проблеманы баланың өзіне шешкізу»[44;154]. Олай болса қазақ тілі сабақтарында
халқымыздың көп жылдық тәжірибесі мен дүниетанымынан туған мақал- мәтелдер негізінде оқушыларды тауып сөйлеуге баулу, бала алдына проблема қоя білу – Қ.Жұбанов оқулығының ерекшелігі.
Сондай-ақ, Қ.Жұбановтың тақырыпты білім алушыға танымдық тұрғыда оқытуға бағытталған тиімді әдістерінің бірі – салыстыру әдісі. «Бір сөзді сөйлем – басы, қол-аяғы жоқ тас-томалақ дене секілді. Мұның бөлек- бөлек мүшелері болмайды. Көп сөзді сөйлем – басы, кеудесі, аяғы бар дене сияқты. Мұның әр сөзі тұтас бір дененің мүшелері сияқтанып, әрқайсысы түгел бір бөлшегін көрсетеді»[44;67] - деп, адамның дене мүшелерін сөйлем мүшелерін түсіндіруде салыстыра қолданады. Салыстыру әдісі шәкірттің алған білімін түйіндеп, жан-жақты талдап, білім мазмұнының әртүрлі қырларын анықтап, ерекшеліктерін тануға бейімдейді.
Қ.Жұбанов еңбектерінде шәкірттің танымдық қабілеттерін басты назарға ұстап, оқыту мәселесінде біліммен қоса тіл арқылы ұлттық, адамгершілік құндылықтарды сабақтастықта меңгертудің әдіс-тәсілдерін ұсынғандығын көреміз. Ж.Т.Дәулетбекова Қ.Жұбановтың әдіснамалық тұжырымдарын жаңашыл технологиялар арқылы оқытудың маңыздылығын бағалап: «Ұлтымыздың ұлы перзенті, қазақ тіл білімінің негізін қалаушылардың бірі һәм бірегейі, тұңғыш профессор Құдайберген Жұбановтың сан салалы ғылыми зерттеулеріндегі ой-тұжырымдарды жоғары және жоғарыдан кейінгі білім беру сатыларында меңгертудің маңызы зор. Сондықтан әр сатының маман даярлау мақсатына қарай ғалымның мазмұны терең, мәні ерек, бітімі бөлек еңбектерін талдап, танытуға назар аударылып отырады. Жоғары білім жүйесіндегі қазақ тіл білімінің фонетика, лексикология, сөзжасам, морфология, синтаксис, стилистикаларын оқыту, үдерісінде зерттеушінің ой-пікірлері студенттердің өздік ізденіс жұмыстарының, диплом жұмыстарының нысанына алынса, жоғарыдан кейінгі білім беру жүйесінде бұл үрдіс одан әрі жалғасын тауып отырады»[118;324-325]-деп, ғалымның әдіснамалық зерттеулерін жоғарыдан кейінгі білім беру жүйесінде оқытудың үлгісін ұсынады. Қ.Жұбановтың әдіснамалық зерттеулерінде баланың сөйлеу тілін жетілдіретін, қарым- қатынас мәдениетін қалыптастыратын шешендік сөз үлгілері, көркем әдебиет туындылары іріктеліп, шәкіртке білім беруде теориялық білім танымдық жолмен түсіндірілген. Сондықтан қазақ баласының танымдық-тағылымдық білімін тереңдетуге зор еңбегін сіңірген Қ.Жұбановтың әдіснамалық зерттеулері оқытудың жаңашыл технологиялары үлгісінде кейінгі ұрпақ үшін баға жетпес мұра.
Қазақ тілінің негізін қалыптастыру жолында тілдің танымдық қызметін қоса зерттеген А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов таным мәселесін тіл білімінің әртүрлі салаларында көтеріп, сөз етті. А.Байтұрсынұлы танымды адамзат құндылығын таныту, оқыту жолдарын ұсынса, Қ.Жұбанов ұлттық-мәдени ерекшеліктің тілде көрініс табуын, таным теориясының ғылыми ұғымдарын қарастыра келіп, тілді оқытуда қолдануды көрсетеді. Ал С.Аманжолов таным мәселесін тіл білімі мәселелері мен оның оқыту
жолдарын қамтыған еңбектеріне арқау етіп, қазақ диалектологиясының танымдық мәнін ашып, әр өңірдің тілдік ерекшелігіне, тұрмыс-тіршілігіне, кәсібіне баса назар аударды. Ол еңбектер алфавит, орфография, лексика мен лексикография, сөздіктер, тіл тарихы мен диалектология, оқулықтар, бағдарламалар, аударма және синтаксис мәселері жайында жазылған. Сонымен қатар, тіл білімі тарихында сөйлемге берілген әр бағыттағы анықтамалар, сөйлем мүшелерінің жаратылысы, сөйлеудің синтаксиске қарым-қатынасы, сөйлеу мен ойлаудың арасындағы қарым-қатынасты анықтаған.
С.Аманжолов құнды зерттеулерінің бір бөлігі қазақ тілінің синтаксис мәселелеріне байланысты еңбектері болып табылады. Ғалымның синтаксиске байланысты ғылыми зерттеулері 1931жылдан басталады. Алғашқы көлемді еңбегі Ташкент қаласынан «Шала сауатты мен үлкендерге арналған әліппе» және «Үшінші класқа арналған оқу кітабы» деген атпен басылып шықты. Бұдан кейін 1932жылы Қазақстан баспасынан «Төрт жылдық тіл кітабы»,
«Қазақ тілінің грамматикасы» (І-ІІ бөлімдер), «Сөйлем мүшелерін топтастыру мәселелері», «Септік жалғауларының қызметі» (1936жыл) атты еңбектері жарық көрді.
Сондай-ақ ғалымның тіл мәселелерін қамтитын орта мектепке арналған бағдарламалары 1932, 1933, 1938, 1939 жылдары жарыққа шығып, өз құндылығымен бағаланып отырған. Ал жоғарғы оқу орнына арналған алғашқы «Қазақ тілінің бағдарламасы» 1938 жылы шығып, 1950-1951 жылдары өңделіп қайта басылған. Бұл бағдарламада тілтанымға қатысты көптеген өзекті мәселелер қамтылған. Олардың қатарында тіл және ұлт мәселесі, қазақ тілінің тарихи дамуы, қазақ тілінің фонетикасы мен орфографиясы, қазіргі грамматика мен лексика, қазақ тіліндегі сөз құрамы, есім сөздердің өзгеруі, етістік, қазақ тілінің синтаксисі мен семантикасы сияқты салалар бойынша зерттеулер жазған. Мұндағы ерекше назар аударатын мәселе өзекті мәселелерді оқытудың әдістемесін ұсынып, талдау жасаған. Сондай-ақ бұл бағдарламада синтаксиске байланысты сұрақтарға ерекше мән беріп, талдау жұмыстарын жүргізген.
С.Аманжоловтың 1940 жылы негізгі ізденістерінің бірі – «Қазақ әдеби тілі синтаксисінің қысқаша курсы» атты зерттеуі жоғарғы оқу орнына арналған тұңғыш еңбегі жарық көрген. Бұл еңбек синтаксис саласын жан- жақты зерттеп, ғылыми жүйеге түсірудің негізі болды. Еңбегінде ғалым сөз тіркесі, жай сөйлем және құрмалас сөйлем синтаксистеріне байланысты көптеген өзіндік тың ойлары мен ой түйіндерін берді. Қазақ тіл білімінің синтаксис саласына қатысты ең алғашқылардың бірі болып жазылған бұл ғылыми мұраның да бүгінгі күнде басқаша тұрғыдан қарауды талап ететін тұстары бар, сонымен қатар әлі өзектілігі жойылмаған пікірлері де жеткілікті. Қазақ тілінің диалетологиясына қатысты еңбектерінде С.Аманжолов жинақтау,топтау,жіктеу,салыстыруәдістерінұтымды пайдаланып, қазақ диалектілері туралы ақпаратты жан-жақты талдаулармен байытады. Оны ғалымның қазақ жерінде өңірлерді аралап, жергілікті тіл
ерекшеліктеріне зерттеу жүргізіп, тілдік бірліктерді жинақтап, жіктеу арқылы топтастырғанан көреміз.
С.Аманжолов зерттеулеріндегі таным мәселелерін оқыту тіл тарихына да, диалектологиясына да, грамматикасына да, синтаксисінде де және жазу мәселелерінде де қатысты. Және оны әдістердің әр түрі арқылы игертуді ұсынады. Ғалым диалектілерді түсіндіру барысында қазақ халқының тарихына үңіліп, ру-тайпамен байланыстырып пәнаралық байланыс әдісінқолданады. Тіл білімін тарих, этнография, география ғылымдарымен сабақтастықта зерттеп, тілдің танымдық ерекшелігі негізінде түсіндіреді. Тілтаным мәселесінде бүгінгі күні географиялық атаулар (ел, жер аттары) ерекше нысанға алынған. Жер, су, ел аттары тек тарихи құбылыс емес, сонымен қатар тілдік, оның ішінде танымдық құбылыс екені хақ. Тарихта болған жойқын соғыстарға, географиялық деректерге, табиғи ерекшеліктерге, сол аймақтан шыққан ұлағатты адамдарға т.б. байланысты қойылған халық атауларын тіл арқылы танып жататынымыз бекер емес. Осы айтылған елді, жерді, өлкені тіл арқылы тану ғалым С.Аманжолов еңбектерінде де көрініс тапқан.
С.Аманжоловтың диалектологиялық және тіл тарихына қатысты еңбектерінен жергілікті тілге байланысты ел, өлке ерекшеліктерін көруге болады. Мысалы: «Алыстағы Алтай мен Тарбағатай шыңдарынан Оралдың оңтүстік-шығыс бурайларына, Ертіс, Есілдің екі жағалауы мен Тобылдың бас жағына дейін, Торғай мен Сарысу өзендері бойынан Қазалы мен Қызылордаға және арыс өзенінің сағасына дейін қазақтың бес негізгі тайпасы: керей, найман, арғын, қоңырат және қыпшақ қоныстанған. Шегаралары ортақ тайпалар XIII-XV ғасырлардан бастап өзара одақтасып, бірыңғай орталыққа бағынған. Бұл біріккен туыс тайпалардың ортақ жергілікті диалектісінің қалыптасуына жағдай туғызды»[45;190] –деген ғылыми тұжырымында елтану, өлкетану арқылы сол жердегі тілдің тарихын, табиғатын, ерекшелігін анықтап меңгеруге, оқытуға болатындығын көрсетеді. Ғалым қазақ тілі тарихын зерттеу арқылы жерді, елді мекенді, тайпалық одақтарды қоса зерттеп, оны тіл ерекшеліктерімен байланыстырады. Қазақ жеріндегі барлық тайпалар туралы мәлімет беріп, олардың орналасу территориясын анықтап, тілдеріндегі ерекшеліктерін салыстырады. Қазақтың бес тайпасының географиялық мекенін анықтап, сол өңірдегі тайпалардың тілі ортақ диалекті екенін түсіндіреді.
Ғалым қытай және моңғол дереккөздеріне сүйене отырып: «наймандар (ежелгі түркі тайпаларының бірі) Хангай таулы өлкесінде, Алтайдың екі жақ баурайында, Қара Ертіс пен Зайсан-нор көлінің жағаларында тұрған, сөйтіп шығысында керейттермен, солтүстігінде – қырғыз хақастармен, батысында – қаңлылармен, оңтүстігінде – ұйғырлармен, яғнм түркілік тайпалармен шектес болған»[45;27]-деп, тіл тарихымен байланыстыра келе қазақтың мекен еткен жерінен, көшпелі тұрмысы болған өлкесінен де мәлімет береді.
С.Аманжолов халықтың, ру, тайпалардың жерін анықтаудың себебін былай түсіндіреді: «Әрбір ру, тайпаның табиғи өсіп-өнуі жайылым, көші-қон
аудандарын кеңейту қажеттігін тудырды. Көшпелілердің өмірі мен тағдыры толығымен малдың күйіне, Демек,, жайылым шеберінің қорына байланысты болды» [45;19]. Көшпелі қазақ өміріндегі тайпа аралық ара-қатынасты ғалым:
«Тіршілік үшін күресте әлді тайпалар әлсіз тайпаларды қашанда ығыстырып немесе өзіне бағындырып отырды. Әлді тайпалар мен халықтардың әлсіздерге қауіп төндіруі немесе әлсін-әлі шабуыл жасауы тайпалық одақтарға бірігуге мәжбүр етті » [45;19]-деп, түсіндіреді. Сондықтан әрбір ру, тайпаның тілі де араласып кеткен. Осыған орай, бүгінгі күні тіл арқылы халықтың, этностың ежелгі кезеңдердегі ізін анықтауға мүмкіндік береді.
Тілші дулат атты тайпалық одақтың ежелгі мекенін былай көрсетеді:
«көне замандардан дулаттар мен қырғыздардың Жетісуда, Алтайдың оңтүстігі мен Жоңғарияда көрші тұратындығы, тілдерінің бір-біріне едәуір жақындығы түсінікті болып шығады» [45;37]. Демек,, қазақ ішіндегі қырғыз халқына жақынырақ орналасқан дулаттардың диалектілік ерекшелігі арқылы ғалым мәлімет алуға болатындығын көрсетеді.
Ғалым: «орта жүзде ойраттық тектен тыс, таза қазақы арғын-аға сөзімен байланысты. Бұл сөз арқылы арғындардың тіпті моңғол үстемдігі заманында-ақ дербес қазақ хандығын құрудағы рөліне көңіл аударылған. Бірақ Темір жорықтары туралы материалдардан белгілі болғандай, арғындардың бір тарауы оған дейін, яғни ХІV ғ.-да, Алакөл мен Қаратал өзені аралығында, осы күнгі Талдықорған облысында тұрған» [45;39]-деп, енді арғын елі туралы тіл арқылы мәлімет береді. Олардың мекенін:
«Арғындар осы күні негізінен Семей, Павлодар, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Көкшетау облыстарын мекендейді» [45;39]-деп көрсетеді.
Сонымен қатар, С.Аманжолов жер-судың топонимдік ерекшеліктеріне де байланысты: «Арал теңізі Кердері теңізі деп аталған, Амударияның оң жағындағы Хорезмнің бір бөлігі де Кердері деп аталған. Кердері деп аталатын екі қала болған: біреуі, Амударияның оң жағында, екіншісі - сол жағында» [45;44] орналасқандығын айтады. Бұл мәлімет арқылы қазақтың ежелгі мәдениетіне де үңілуге болады.
Этнонимдердің тұрмыс-тіршілігінен, мәдениетінен анықтама бере отырып ғалым: «Диалектілерді зерттеу процесінде байұлының (кіші жүз) Арал теңізі алқабында тұратын шекті тармағы өздерін жаманақпыз деп атайтынын байқадық. Осыған байланысты қазақ пен қырғыздың неғұрлым жақын туыстығы туралы мәселе туады. Меніңше, «манақ» бастабында тайпа атауы болмаған. Ол белгілі бір жердегі тұрғындарға, олардың кәсібіне байланысты берілген туынды ат. Чуманақ сөзін «чуй бақташылары»,
«күзетшілер» (егер монғолдың «манақ» сөзін (бағу, күзету, сақтану) негізге алсақ) және «чуй жеміс өсірушілері» (егер түркінің «манау» жеміс өсірушілер (бағбан) сөзін негізге алсақ) деп түсіндіруге болады» [119;46-47]- деп, тіл ерекшеліктеріне талдау жасайды.
Тарбағатай тауларын мекен еткен кеерй тайпасы жайында тілші:
«Қазақтың керей тайпасының негізгі бөлімі бұрынғы заманда да, қазір де
жартылай Алтайдың оңтүстігінде, Тарбағатай тауларының айналасында, наймандармен көршілес тұрады» [119;51]-деп, өмір сүрген мекенін көрсете келе, керей тайпасының тіліне ықпал еткен тайпаларды көрсетеді:
«Қазақстанның солтүстік-шығыс облыстарында мекендейтін қазіргі керей тайпасы тіл жағынан өзінің тайпаластары найман, арғын, қоңырат және қыпшақтардан өзгеше емес» [119;97].
Географиялық территориялардың тіл болмысынан көрініс табуының ең негізгі жолы – ол географиялық атаулардың этимологиясы. Мысалы:
«Түгіскен (шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданындағы жер атауы) сөзін алайық. Ол – жабығу, соғылысу, кездесу мағынасын білдіреді. Оның қазіргі нұсқасы – Түйіскен. Шын мәніде, Түгіскен сөзі Ұлан, жыланды, Байсерке деген кішкене өзендерден қосылған, кездескен, біріккен жерін білдіреді» [45;97]-деп көрсеткендей, атаудың мәнін анықтай отырып, ғалым территориялық ерекшелікті де ашып береді.
Диахрониялық және синхрониялық анализ жасай отырып, тілші-ғалым былай салыстырады: «Дулаттардың қазіргі тілінде (диалектісінде) Орхон жазбалары кезіндегі көптеген сөздер мен тұлғалардың қалдығы сақталып қалған. Мысал үшін ескі бітік (жазба) сөзін алайық, ол ұйғыр тілінде пүтік, алтайда бічік, ал қазіргі дулаттардың тілінде бітік немесе бітпе болып аталады. Ол азербайжан тілінде сақталған. Ал қазақ көршілерінің көбінде (қазіргі өзбек, қырғыз, қарақалпақ, башқұрттар мен татарларда) ондай сөз жоқ» [45;100]. Сол сияқты бүгінгі тіл ерекшеліктерін былай салыстырады:
«Жалпы қазіргі оңтүстік диалектісінде, оның негізгі сақтаушыларының бірі – дулаттарда көне түркі тілдеріне тән сөздер мен грамматикалық тұлғалар аз емес. Сондай грамматикалық тұлғаларға біз бір жағынан: 1) жекеше 2- жақ бұйрық рай етістіктің: а) –ың // -ің (қалың, келің), ә) –қыл // -ғыл, -кіл // -гіл (айтқыл, алғыл, келгіл, кеткіл) қосымшаларын; 2) –дай орнына –лай (маңлай, таңлай – маңдай, таңдай орнына) айтылуын т.б. жатқызамыз» [119;100-101]. Демек, тілдердің диалектілік ерекшеліктерін анықтай отырып, тек халықтың бір-бірімен қарым-қатынасын ғана емес, тілдің дамуындағы жолын көруге болатындығын дәлелдеді.
Бүгінгі тілдің даму тарихы халықтың тарихынан көптеген мәліметтер беретінін дәлелдеген ғалым тайпалардың жергілікті тіл ерекшеліктерін салыстыра келе: «Керейлер мен наймандар монғол шапқыншылығына дейін (ХІІІ ғасыр) Байкал көлінің оңтүстігінен Ертіс өзенінің аралығына дейін тұрған. Тайпалардың немесе олардың жеке бөліктерінің жаңа, осы күнгі территорияға ауысудың алдымен гундардың, монғолдардың, одан соң Темірдің, ал кейінірек жоңғар қалмақтарының (ХVII-ХVIII ғасырлар) жорықтарымен байланысты. Мұның өзінде, әрине, тайпалар, Демек, диалектілері араласып отырған. Дулат, Арғын, Керей-Найман және басқа тайпалардың диалектілері олардың осы күнгі диалектілерімен сәйкеспеу себебі осында жатыр» [119;127]-деп тұжырымдайды. Және жергілікті тіл ерекшеліктерін пәнаралық байланыс әдісін қолдану арқылы тіл білімі мен тарихты ұштастыра оқытады.
А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов еңбектері қазақ тілін оқыту әдістемесінен айрықша орын алады. Ғалымдардың қай-қайсысы болса да, оқыту мәселесіне өзіндік үлестерін қосқан. Педагогика тарихын қарастырған Әбиев Ж.: «Ахмет Байтұрсынұлының ағартушылық, ғалымдық, қайраткерлік, ақындық қасиеттерін сараласаңыз – өзінен бұрынғы үш ғұламаның Абайдың ақындығын, Ыбырайдың ағартушылығын, Шоқанның ғалымдығын, оның барлығын өзі таңдап алғандай. Байтұрсынұлының бойынан осы үш қасиет бірдей табылған»[120;399]-деп көрсеткендей, Абай, Ыбырай, Шоқан сынды қазақ ағартушыларының жалғасы А.Байтұрсынұлынан бастап, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов еңбектері арқылы жалғасты. Осы тұлғалардың зерттеу-еңбектері – бүгінгі қазақ өркениетінің, өнерінің, ғылымының бастауы болып саналады.