ҚАЗАҚ ТІЛІ САБАҒЫНДА ОЙЫНДАРДЫ ҚОЛДАНА ОҚЫТУ
Әбдірахманова Н.К.
(«РУХ» психология және тұлғаны дамыту орталығы қазақ тілі
мен әдебиеті пәндерінің оқытушысы)
Оқытудың тиімділігін арттыру мақсатында жаңа білім парадигмасына сүйене отырып, оқыту технологиясының жаңа өзіндік нұсқалары жасалған. Осы оқыту технологиялардың барлығы білім беру сапасын арттыруға, оқушы санасына оқыту материалдарын жеткізуге және сіңіртуге зор әсер етеді.
Сабақтың қызықты өтуі үшін мұғалімдер әр түрлі әдіс-тәсілдерін қолданады. Соның ұтымды бір түрі – ойын арқылы тіл дамыту болып табылады. Ойын – оқушы білімін берік меңгерту құралы. Ойын арқылы бір мезгілде көптеген мақсаттарға қол жеткізуге болады. Ойын тілдік дағдылар мен білімді қайта қалпына келтіреді, тереңдетеді, өзектілендіреді және бекітеді. Ойын сөздік қорды байытады, есте сақтауға көмектеседі және сөйлеуді дамытуға септігі тиеді.
Мектептің төменгі сыныптарында сұхбат және оның элементтерінен тұратын ойын жиі пайдаланылады. Ойын барысында сөйлесуге арналған жаттығулар дайындалады. Мысалы: «Базарда», «Дүкенде» тақырыптары бойынша ойындарда тіл үйренушілер өздерінің сөздік қорын ғана толықтырып қоймай, оған қоса барыс, табыс, шығыс септіктерін қолдануды да үйренеді, сондай-ақ сөйлеу кезінде бұйрық райдың қажетті формаларын пайдалана білуге жаттығады. Сонымен қатар, әртүрлі қысқа сұхбаттардан тұратын ойын өлеңдер айту кезінде және оларды пантомимиялық бейнелеу кезінде екеуара сөйлесу мен грамматика қатар жүреді.
Өлең айту және ойын кезінде үйренушілер мәтінді меңгереді. Олардың әр сөзді түсінуі қажет емес. Қозғалыс пен жағымды эмоционалды көңіл-күй үйренушілерге тілді контекс арқылы меңгеруге көмектеседі.
Оқу құралдары мен дәстүрлі тақырыптар ұсынған «Дәрігерде», «Дүкенде», «Көшеде» т.б. сияқты жаттанды сұхбаттар арқылы, оларда шығармашылық сипаттың жоқтығына қарамастан тіл үйренушілер қатынас тілін меңгереді. Тіл үйренушілер үлгілерге сүйенеді, яғни дайын сөздер мен сөз тіркестерін жаттайды. Үйренушілер оларды хормен және жеке қайталайды, өйткені оларды ең болмаса мини-сұхбатта ойнау үшін есте сақтау қажет. Жаттанды сұхбаттарды қайта-қайта ойнау арқылы үйренушілер сәйкес жағдаятқа қажетті айтылымды меңгереді. Үйренушілер әлі екінші тілде оқи алмайтын кезде, оқуды сұхбат жасауға ынталандыру ретінде пайдалануға болмайтын кезде, стандартты сұхбаттар керек. Өздерінің екінші тілде сөйлей алатынын байқаған кезде, үйренушілерде табыс сезімі пайда болады.
«Азық-түлік дүкенінде сауда жасау» тақырыбы бойынша сатушы мен сатып алушы арасындағы сұхбат басқа бір дүкенде өтуі мүмкін. Осылайша тауарлардың жаңа атауын, бағаларды белгілеу және тағы басқа пайдалану сұранысы пайда болады. Жаттанды сұхбаттар тіл үйренушілерді рөлдік ойындарға дайындайды, оларға қатысушылар еркін сөйлесіп, аяқ астынан және асқан жылдамдықпен сөйлесуі тиіс.
Рөлдік ойындарда үйренушілердің қандай да бір рөлде ойнауын қарастыру қажет. Тіл үйренушілердің әрекеті олардың дайындығына байланысты бағытталады әрі анықталады. Рөлдік ойындар әртүрлі әлеуметтік қатынастарда сөйлеу шеберлігін дамытуға мүмкіндік береді. Рөлдік ойындарды пайдалану жөніндегі кейбір ой-пікірлер:
рөлдік ойындар алдында әңгіме жүргізіледі, онда сәйкес жағдай бойынша әр қатысушы өзін қалай ұстауы керек, нені айтуы керек екені түсіндіріледі;
ойыннан соң үйренушілер жұппен немесе топпен жұмыс істеуге көшеді. Ұйымдастырылған ойындар тәртіпке бағынады және педагогикалық тұрғыдан бағытталады.
Мысалы, төмендегі сөздерді қолданып, жыл мезгілдерінің рөлдеріне еніңіздер. Суық, ыстық, бай, қатыгез, сұлу, алтын, қарлы, аязды, жаңбырлы т.б. Мысалы: Мен қатыгезбін, аппақ қармын. Осылай топтағы әр оқушы жеке-жеке өз сүйген жыл мезгілінің бейнесіне енеді. Сөз тіркестері бірнеше рет қайталанады. Тіл үйренушілер өз ойларын тиянақты, дұрыс айтуға үйренеді.
«Сиқырлы құмыра» ойыны. Құмыра ішіндегі жыл мезгілдеріне байланысты кеспелерді мазмұнына қарай біріктіріп, сөйлем құрастырады. Мысалы: Балалар шана тебеді. Қыста күн суық. Жазда күн ыстық болады. Жазда балалар демалады. Тапсырмаларды түрлендіруге болады. Мысалы: Құмыра ішінен кеспелерді алып, әр оқушы бір сөйлем құрастырады, оны тақтаға жазады. Дұрыс жазылуын оқушылар тексеріп отырады, бір-біріне сұрақ қояды.
«Кім тапқыр» ойыны. Тақырып бойынша сөздікпен жұмыс: оқушы бір сөзді айтады, сөздің соңғы әрпіне байланысты сөз ойлау. Бұл оқушының білген сөздерін тез қайталап, дұрыс жазуына ықпал етеді. Мысалы: шана, аяз, зымыра, ақ қала, ақ жауын, нөсер. Осылайша сөздер қайталанып, тақтаға жазылады. Соңынан әр сөзбен сөйлем құрастырылады.
Ойындардағы тапсырмалар туралы айтар болсақ, онда лингвистикалық мақсаттар қойылғанымен, олардың маңыздылығы коммуникацияға қарағанда көмескіленіп екінші орынға шығады, ал ойындардағы түпкі мақсат - коммуникативтік міндеттерді шешу болып табылады. Мысалы, кестелерді толтыру, екі мәндес суретті табу, берілген сұрақтарға толық, дұрыс жауап беру, шешімді дұрыс табу, көмек сұрау. Тіл үйренушілер грамматикалық құрылымдарды қарым-қатынас әрекетіне түсіретін құрал ретінде пайдаланады.
Ойындар грамматикалық қорды көбейтіп, есте сақтап, сөйлемдерді құрумен ғана шектелмейді, сонымен қатар, олар тіл үйренушілердің тез сөйлеуін, дұрыс құрылымдарды пайдалануын да қамтиды. Бұл ойындардың қайда және қандай себептермен қолданылатындарын көрсетеді. Ойындарды уақытты өткізу үшін пайдаланатын нәрсе емес, тілге үйрету бағдарламасының бір бөлігі деп түсінген жөн.
Коммуникативтік ойындарды тілге үйренудің бастапқы кезеңінен бастап еркін қарым-қатынасқа түсу деңгейіне жеткенге шейін қолдануға болады. Ойындар тіл үйренушілерге өтілген материалды еркін қолдануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ойындар оқытушы үшін тыңдаушылардың проблемалық жерлерін анықтап, түзететін диагностикалық құрал қызметін де атқарады.
Ойын балалардың негізгі әрекеті екенін естен шығармай, ойын әрекетін дұрыс ұйымдастырудың маңыздылығы мен қажеттілігін, оларды дамытуға пайдалануға болады. Дәл осы әрекет арқылы балалар дұрыс дамитын болғандықтан, әр бала қабілеті мен қызығушылық түріне қатыссыз ойынға қарастырылуы тиіс. Оқытушының міндеті – бәріне қызық болу үшін және бәрі бірдей қатыса алу үшін ойын шарттарын немесе ережелерін шығармашылық түрде бейімдеу, тіпті әр жеке бала үшін ерекше ережелер жасай білу. Әр сабақта ойын түрлерін өз орнымен қолданып, оқытушылар оқушылардың білімге, пәнге деген қызығушылығын арттырады.
Мысалы: «Тақырыптық сөздер» оқыта-үйрету ойыны. Лексикалық тақырыптарды пысықтау кезінде жиі қолданылатын ойын түрі. Оқушылар шеңбер жасап, дөңгелене тұрады. Мұғалім басты тақырыпты айтады. Мұғалім «Үй жануарлары» десе, оқушылар осы тақырып бойынша сөздерді атап шығады.
«Ойлан, тап» ойыны. Мұғалім «кім?» деген сұрақ қойғанда, оқушылар әже, ата, ана, әке деп жауап беруге тиіс. Мұғалім «қайда?» деп сұрақ қойғанда мектепте, сыныпта, мұражайда, кезекшілікте деп жауап береді.
«Сөз жарысы» ойыны. Бұл ойынды кез келген тақырыпты өткен кезде, нәтиже сабақта ойнауға болады. Мысалы, «Азық-түлік» тақырыбын өткен кезде үш оқушы тақтаға шығып сөздер жазады. Бір оқушы сүт тағамдарын жазады, екінші оқушы сусын түрлерін жазады, үшінші оқушы ет тағамдарын жазады. Кім бірінші болып жазып бітірсе, сол оқушы жеңімпаз болады.
«Үнсіз қимыл» ойыны. Бір оқушы әр түрлі қимылдар көрсетіп, қалған сөздерді басқа оқушылар атап отырады. Мысалы: отырды, жүрді, оң аяғын көтерді, жазды, қолын көтерді, т.б. Бұл ойын оқушылардың сөздік қорын байытады.
«Артық сөзді тап» ойыны. Мұғалім оқушыларға бір қатар сөздер береді. Ойынның басты шарты – әр қатарда бір артық сөзді табу. Мысалы: ит, мысық, түлкі, ешкі, қой. Күз, қыс, көктем, желтоқсан, жаз. Ата, әже, нағашы, сіңлі, Қазақстан.
Оқытудың белсенділік түрлері деп аталатын оқыта үйрету ойындарын шартты түрде төрт топқа бөліп қарастырған жөн:
а) Жеке сөздерді меңгертуге арналған ойындар;
ә) Сөз тіркесін меңгертуге арналған ойындар;
б) Сөйлемдер мен мәтін құрауға арналған ойындар;
в) Модульді бекітуге арналған ойындар.
Дәстүрлі сыныпта мұғалім – бірден-бір білім көзі, оның міндеті – тез арада өз білімін балаларға беру. Ал интерактивті сыныпта оқытушы - балалар әрекетінің ұйымдастырушысына айналады, ал оқушылар әртүрлі дереккөздерден білім алады. Оқытушы-ұйымдастырушының негізгі жұмысы – сабақтарды дайындау. Ол көптеген осы сыныпта қарастырылатын, сол арқылы мақсатқа жетуге болатын әрекет түрлерін тапсырмалар мен ойындарды ойластырады. Сабақ барысында оқытушы тек балаларды ұйымдастырады, оған нені, қалай, қашан және кіммен істеу керектігін айтады және қай жерде қиындық туса, сонда көмектеседі.
Дәстүрлі әдістен интерактивтіге өтудің қиындығы сол, оқытушы өзінің балаларға деген қатынасын өзгертуі тиіс. Ол балаларда қызығушылықты ояту жолымен үйренуге қызықтыруы тиіс. Ол үшін оқытушы оқушыларды шынайы қабылдап, оларды тыңдап, олармен үлкендерше сөйлесуі қажет. Оқушылар өздерін шынайы қабылдайтын және қызықтыратын адамдарды құрметтейді.
Ойынды жүргізу барысында әртүрлі функционалды кемістігі бар балаларды ойынға тарту қажет. Кейбір балалар өте белсенді ойындарға қатыса алмайды, сондықтан олар үшін отырып немесе аз дене қимылын қажет ететін ойындар енгізу керек. Көздері нашар көретін балалар үшін, мысалы, доппен ойнау кезінде қоңырауды пайдалануға болады. Қоңырау доптың ішіне салынады. Сонда доптың қайда, қалай ұшатынын ести алады.
Есту қабілеті төмен топтарда, ойынды музыкалық сүйемелдеу ырғақты шапалақ арқылы толықтырады. Осылайша, барлық балалар ойынға қатысып, басқалармен бірге өзіне ең қажетті нәрсені үйрене алады.
Елімізді мекендеген өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруі бүгінгі күннің өзекті мәселесі екені белгілі. Бұл іс әлеуметтік сұранысқа негізделген мемлекеттік қажеттілікті нысана еткенде және бүгінгі оқыту жүйесіндегі қазақ тілінен берілетін білім нәтиже берген жағдайда ғана алға басады. Ойынның өзі қарым-қатынас болғандықтан, оқушылар ойын арқылы қарым-қатынас жасауға, сыпайылық пен ізеттілік ережелерін сақтауға үйренеді. Ойын барысында тіл үйренушілер елеусіз түрде қазіргі қоғамда өздерінің дамуына қажет әлеуметтік және эмоционалдық дағдыларға қол жеткізеді. Олар белгілі бір ережелерді сақтауға, басқалармен санаса білуге, басқа адамдардың сұраныстарына назар аударуға және оларды құрметтеуге, өздерін-өздері ұстай білуге және бірлесіп жұмыс істеуге үйренеді. Оқытушы ойынды жиі қолданып отырса, әріптестік негізінде тіл үйренушілермен өз қарым-қатынасын құра білсе, осының бәріне ойын арқылы қол жеткізуге болады деп сенемін. Қорыта келгенде, ойындар тілді жедел, тиімді, сапалы игеруге әкелетін, оқытушының да, тыңдаушының да жұмысын жеңілдететін, ерекше әсер қалдыратын жұмыс түрі екенін ескертіп, ойындарды жұмыстарыңызда сәтті пайдаланып, үлкен табыстарға жете беріңіздер деген тілек білдіремін.
Әдебиеттер:
Ә.Асанова. Қазақ тілі мен әдебиетті жаңаша оқыту. Қазақстан мектебі, 2012, №12 24б.
Қазақ тілі: әдістеме.2010,№1,24 б. №2,19 б.№7-8, 15 б. 2013, №1,9 б. №2, 20 б.
Қазақ тілі мен әдебиеті орыс мектебінде. 2013,№9, 100 б.
Достарыңызбен бөлісу: |