Қазақ тілін оқыту жүйесінің қайнар көздері мен негізгі бастаулары



бет4/9
Дата17.10.2023
өлшемі50,01 Kb.
#185941
1   2   3   4   5   6   7   8   9
Байланысты:
Қазақ тіл білімі ХХ ғасырда

Қазақ тілін оқытудың ғылыми
жолдарының саралануы
АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

Ұлы далада соғылған алғашқы қоңырау арқылы қазақ баласы мектеп табалдырығын аттады. Енді осы білім шаңырағында жүйелі түрде іргелі пән ретінде жүргізілетін сабақтардың оқулықтары мен оқу құралдары жазылып, олардың бағдарламалары жасалуы қажет болды. Бұл үлкен де ауқымды, әрі жауапкершілігі мол іс еді. Сондықтан да, ең алдымен, қазақтың көзі ашық оқығандарының бәрі де бұл іске жабыла кіріседі.


Қазақ тілін оқыту мен оның әдістемесінің қалыптаса бастауына ХХ ғасыр басында шығып тұрған “Айқап“, “Қазақ”, “Мұғалім”, “Шолпан”, “Шора”, “Сана”, “Жаңа мектеп” т.б. сияқты басылымдардың қосқан үлесін де айту парыз. Бұл басылымдарда жаңадан ашылып жатқан мектептердің әртүрлі мәселелері жүйелі түрде сөз болды. Ана тілін қалай оқыту керек, қазақ тілінің оқу құралын жазу мәселесі, педагогиканың негізгі ұстанымдарын анықтау жайы үнемі күн тәртібінде тұрды. Айталық, Ж.Аймауытовтың “Ана тілін қалай оқыту керек” деген мақаласы “Жаңа мектеп” журналының №2 санында 1919 жылы жарияланады. Мақалада қазақ тілін оқытудың өз кезіндегі өзекті мәселелері көтеріледі.
Ең әуелгі география, математика, табиғаттану, педагогика, қазақ тілі, әдебиет, тарих т.б. пәндерінен қазақ тілінде оқулық жазу ісі белсенді түрде іске асырыла бастады. С.Асфендияров, Ә.Бөкейханұлы, Х.Досмұханбетов, М..Тынышбаев, Ж.Ақбаев, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, А.Байтұрсынұлы сынды қазақ халқының біртуар азаматтарының бұл бағыттағы бастамалары бүгінгі таңда қалың оқырман қауымға белгілі.
Қазақ тілінің төл оқулығын ана тілінде алғаш рет жазып, оның әуелгі терминологиясын қалыптастырған айтулы ғалым – Ахмет Байтұрсынұлы. А.Байтұрсынұлына дейін жазылған қазақ тілі туралы бірлі-жарым орыс тіліндегі оқу құралдары болғанымен, қазақ тілінде бұл мәселе көтерілмеген еді. Қазақ тілінің грамматикасына тыңнан түрен салған, оның барлық салалары бойынша алғашқы терминдерін жасап, негізгі жүйесін қалыптастырған Ахмет Байтұрсынұлы болды.
А.Байтұрсынұлы Орынбор қаласындағы Ыбырай Алтынсарин салдырған мұғалімдер даярлайтын “Учительская школаны” 1895 жылы бітіреді де, ағартушылық жұмысқа кіріседі. Содан 13-14 жыл бойы яғни 1895 жылдан 1909 жылға дейін ауылдық, болыстық бастауыш мектептер мен 5-6 жылдық екі сыныптық училищелерде мұғалім болып істейді. Бала оқытумен күнделікті айналыса жүріп, оның негізгі қажеттіліктерін, қиыншылықтарын жақсы біледі.
Ахмет Байтұрсынұлы ұлт мектебінің бойына қан жүгіріп, өз аяғына тұрып кетуі үшін, ең алдымен, оның жазуы, яки түсінікті де сөздің айтылу жүйесін толық белгілей алатын әліпби қажеттігіне әсіресе қатты ден қояды. Сөйтіп, 1910 жылдан бастап қазақ жазуын жаңадан түзумен айналыса бастайды. Өзінің негізгі ғылыми ойларын ғалым 1912 жылдан бастап “Айқап” және “Қазақ” газеттерінің беттерінде жариялайды. Ұзақ ізденістен кейін автордың өзіндік әліпбиі дүниеге келеді. Бұл әліпби негізінен араб таңбасына негізделген, қазақ тіліне толық икемделген нұсқа саналып, өз кезеңінде жергілікті ұстаздар арасында үлкен қолдауға ие болады. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ жазуына үлкен реформа жасайды. 1912 жылдан бастап, бұл ғылыми негізге сүйеніп жасалған қазақ әліпбиі жаңа жазу ретінде іс жүзінде қолданысқа түсе бастайды. Осы кезден бастап көптеген мұсылман медреселері мен қазақ-орыс мектептері жаңа жазу таңбасын қолданады. 1915 жылдың өзінде бұл таңбамен 15-тей қазақ кітабы жарық көреді.
А.Байтұрсынұлы реформалаған араб жазуы өз кезеңінде қазақ мәдениетінің өсіп, қалыптасуына үлкен үлес қосады. Кеңестің қатал саясатының салқынымен латын таңбасына көшкенге дейін бұл жазу қазақ арасына кеңінен тарап, көпшілік қолдауына ие болған. 1924 жылғы Орынборда маусымның 12-жұлдызында өткен “Қырғыз (қазақ) білімпаздарының тұңғыш съезінде“ талқыланып, көпшіліктің қолдауына ие болғанымен, 1926 жылы Баку қаласында өткен Бүкілодақтық Бірінші Түркологиялық съезде барынша дәлелдеп баққанымен, Ахмет Байтұрсынұлының ұсынған концепциясы ақырында ұлтшылдық деп айыпталғаны бүгінгі оқырманға толық таныс.
Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілінің оқулығын жазуы – қазақ тілінде қазақша жазылған оқулықтың алғашқы бастамасы болды. Автор 1912 жылы мектеп балаларына арнап, қазақша сауаттандыратын әліппені – “Оқу құралын“ жазғаннан кейін, мектепте қазақ тілін пән ретінде оқытатын оқу құралын жазуға кіріседі. “Біздің заманымыз – жазу заманы: жазумен сөйлесу – ауызбен сөйлесуден артық даражаға жеткен заман. Алыстан ауызбен сөйлесуге болмайды. Жазумен дүниенің бір шетіндегі адам екінші шетіндегі адаммен сөйлеседі. Сөйлегенде сөздің қисынын келтіріп сөйлеу қандай керек болса, жазғанда да сөздің кестесін келтіріп жаза білуге, қай сөз қандай орында қалай өзгеріліп, қалайша біріне-бірі қиындасып жалғасатын жүйесін білу керек”,- деп жазады ұлы ғалым (Тіл құрал, 173-бет).
Заманына сай адамы дегендей, болашақ жазудың заманы болатынын көріп, тани білген ғалымның түзген әліпбиі қазақ тілінің фонологиялық сипатын дәл танытып, таңбалай алды. А.Байтұрсынұлы жазған бұл “Оқу құралы“ 1912-1925 жылдар арасында 7 рет қайта басылып шығады.
1926 жылы А.Байтұрсынұлы “Жаңа Әліп-би” еңбегін жазады. Бұл Мемлекеттік білім кеңесінің ұсынған бағдарламасына сәйкестендіріліп, суреттермен безендіріліп, толықтырылып шығарылады.
Өзі ширек ғасырдай тер төгіп еңбек еткен тағылымы мол еңбегінің пайдасы мен пайымдылығын Ахмет Байтұрсынұлы Бүкілодақтық түркологиялық съезде дәлелдеп береді. Оның пікірінше, араб таңбасы жылдам оқуға, сауатты жазуға аса қолайлы, жастарды сауаттылықққа үйретуге мүмкіндік ашады, баспахана техникасы мен өнімнің құны жағынан алғанда да араб таңбасын қолдану өзінің сыйымдылығы жағынан әлдеқайда арзанға түседі. Ең басты жайт, араб әліппесінің әріп құрамы қазақ тілінің орфографиялық қажетін толық қамтиды. Автордың ұсынған араб таңбасындағы жазуын қазақ жұртшылығы, әсіресе оқытушы қауымы жылы лебізбен қабылдағаны анық. Қазақ тілінің ішкі фонетикалық заңдылығына негізделіп жасалған бұл әліппилік жүйеде дыбыстық үндесу толықтай сақталды.
Ахмет Байтұрсынұлының мектеп туралы, оқу-білім туралы ойлары 1914 жылғы “Қазақ” газетінің № 62 санында жарияланған “Мектеп керектері” атты мақаласында да баяндалған. Онда ең әуелі мектеп ісіне керекті нәрсе ретінде білімді, педагогика мен әдістемеден хабары бар мұғалім деген қорытынды жасайды. “Мектептің жаны – мұғалім” – дейді ғалым. Мұғалім қандай болса, оның мектебі де сондай деген тұжырым айтады. Екінші, оқыту ісіне керек құралдар қолайлы, әрі жұрттың бәрі бірдей сыйлайтын сыйлы болуы қажет деген ой айтады. Шынында да, егер ұсынған оқулық сынға ұшырап, қатесі көпе-көрнеу байқалып тұрса, онымен оқу да, оқыту да ауыр екені өзінен-өзі түсінікті. Ғалымның ең қажет нәрсе ретінде тағы да айрықша бағалайтыны – бағдарлама. Оқыту ісі көңілдегідей болып шығуы үшін, оның үлгісі, мерзімді өлшемі болуы қажеттігін дәл тауып, тап басып айтады.
Ахмет Байтұрсынұлы көрнекті ғалым ретінде ғана емес, әдіскер ретінде де көп еңбек еткен. Алғашқы әліппе, оқулық, тіл құралдарын жазумен қатар, осы оқу құралдарын тәжірибе жүзінде қалай пайдалану қажеттігі жөнінде де ғылыми тұрғыдан терең талдаулар жасайды. Бұл тұрғыдан Ахмет Байтұрсынұлы қазақ әдістемелік ғылымның да алғашқы бастаушысы бола алады. “Баяншы“, “Әліппе астары”, “Нұсқаушы”, “Тіл жұмсар” әдістемелік еңбектері мен “Баулу мектебі”, “Жалқылау”, “Қай әдіс жақсы”, “Дыбыстарды жіктеу” атты мақалалары осының айғағы болса керек.
Ғалым өзінің оқулықтарында әріптерді балаларға тез әрі оңай үйрету үшін көптеген әдістерді пайдаланған. Ол өзі жасаған әліппидегі әріптерді үйрету үшін, ең алдымен, оны жазып үйрену үшін, тілдегі дыбыстарды тани білу керектігіне назар аударады. “Әріптерді тани білуді” мақсат ету – таңбаның негізгі белгілерін бағамдауға үйрету. Таңбаның негізгі екі белгісі бар. Бірі – сыртқы тұлғасы да, екіншісі оның мағынасы. Байтұрсынұлы осының екі жақтылық белгісін балаға дұрыс пайымдатуға көңіл бөлген. Дыбысты меңгертіп, оның әріптік таңбасын таңбалайды.
1913 жылы жазылған “Қазақша оқу жайынан” деген мақаласында “Бала оқытуды жақсы білейін деген адам, әуелі балаға үйрететін нәрселерін өте жақсы білерге керек, екінші баланың табиғатын біліп, көңіл сарайын танитын адам боларға керек” деп жазады. Мұның өзі, түптеп келгенде, ұстаздың білім-білігінің жоғарылығы, бала зердесін, психологиясын танудағы шеберлігі. Ұстаз – өз білгенін ғана үйретіп қойса, ол ұстаз емес, нағыз ұстаз болу үшін оқушының білуге тиісті нәрсесін үйрету парыз. Балауса бала ұстазының кей осал тұстары болса, оны кешіре алар, ал оның білімсіздігін кешпейді. Білімсіз ұстаз – болашақтың дұшпаны. Бала уақытының ұрысы. Алдында отырған оқушының уақыт атты ұлы қазынасын алуға ешкімнің құқы болмаса керек.
Ахмет Байтұрсынұлының “Баяншы” әдістемелік нұсқауы Қазан қаласынан 1920 жылы жарыққа шыққан. “Сөз басында “ автор былай деп жазады: “Үйрену һәм үйрету ең басында қиын. Балалар оқудың басында қиналмаса, оқудан тауы шағылмай, көңілі қайтып, мұқалмайды; оқуға ықыластанып, оқыған сайын қызығады“ (Тіл тағылымы, 1992, 323). Мұның өзі қазіргі таңдағы бастауыш мектептерді білім беру ісіне басшы, оның негізгі оқулық жазу жүйесінде басты бағдар, талап болатын ойлар.
Жақсы оқытудың негізгі әдістерінің бірі ретінде ғалым баланың бұрынғы білген білігін ұштау, соның негізінде жаңа хабар ұсынуды басты назарда ұстаған сыңайлы. Айталық “Дыбыспен жаттығу” үшін, әрбір дыбыстарды саралап алған соң, оны жазу арқылы ұғындыруда мынадай әдіс-тәсіл қолданады: “Жазу дегеніміз – дыбыстың таңбасы. Әр дыбыстың әр елдің таңбасындай таңбасы болады. Таңбасына қарап қай дыбыс екенін танимыз“. ХХ ғасыр басындағы бала үшін өз елінің таңбасын білу – аса күрделі дүние болмаған. Әрбір ата-ана өз елінің, руының таңбасын баласының санасына сіңіріп өсірген. Міне осы жадтағы жазу жүйесін ғалым үлгі ретінде пайымдатып, санаға сәуле түсіріп алып, аналогиялық таным негізінде оның жаңа әріпке тез енуіне, түсінуіне жағдай туғыза алады.
Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік бағытта жазылған “Тіл жұмсар” атты еңбегінің мәні зор. Тіл – құралдың жеке бөлшектерін түсіндіру жолын белгілеп берген бұл еңбектің қазақ тілінің әдістемесі пәнінде алатын ролі мен маңызы ерекше болмақ.
“Тіл жұмсар” – қазақ тілін оқыту әдістемесінің басы. Ғалымның өзі көрсетіп бергендей, тіл туралы еңбек жазу бар да, оны балаға оқыту жүйесі бар: ““Тіл құрал” қазақ тілі қандай құрал екендігін тұтас түрінде таныту үшін түрлі бөлшектерін, тетіктерін ұсағын ұсағынша, ірісін ірісінше жүйелі тұрған орнында алып көрсетіп танытады. “Тіл жұмсар” сол үлкен құралдың бөлшектерін, тетіктерін балаға шағындап бөлек-бөлек ойыншық сияқты құрал жасап, соларды танытып, соларды жұмсату арқылы барып үлкен құралды танытады” (1992, 336).
“Жақсы дерлік те, жаман дерлік те бір әдіс жоқ. Олақтықтың белгісі – бір ғана әдісті болу, шеберліктің болуы – түрлі әдісті болу; керек орнында жоқ әдісті табу да қолынан келу“,- деп ой түйіндеген әдіскер-ғалым Ахмет Байтұрсынұлының жазғандарынан алар тағылым-үлгі мол. Қай кездегі мұғалім не оқытушы болса да, оқыту әдісін көп білуі шарт. Әр әдісті орынды қолдана білсе, қайсыбір әдіс болса да өз орнында орынды көрінері даусыз.
Әдіскер-ғалым оқытудың дұрыс жолға қойылуы үшін, мынадай әдістемелік қағидаларды ұсынады:

  1. Жаңа берілетін сабақты баланың білетін мағлұматтарымен ұштастыру;

  2. Тиісті таныстыру арқылы сабақтың мазмұнына ынталандырып, ілтипат аудару;

  3. Сабақты алдын ала даярлайтын сұраулар қою арқылы ынтасын арттыру;

  4. Қажетсіз мағлұматтардан сақтану, баланың ілтипатын қоздыратын қызықты нәрселерді ғана сөйлеп, үйрету;

  5. Баланың ішін пыстыратын біркелкі мағлұматтардан сақтану, лайықты салыстыру, теңестіру, ұқсастыру, түрлі әдісті оңтаймен оқытуға, жандандыруға тырысу;

  6. Алғашқы кездегі оқыту деректің көрнекі болуы. Оған сай жобаларды дұрыс қолдану;

  7. Өзгелерді ынталандыру үшін оқытушы үйрететін нәрсесіне өзі де ынталану, өзі де жақсы көру, оқытушы сүйген нәрселерді оқушы да сүйеді.

Ғалым ұсынып отырған қағиданың қай-қайсысы болса да балаға дәріс беру жүйесінде ешқашан ескірмек емес. Мектеп мұғалімі үшін үнемі есте болатын негізгі ұстанымдар деп бағамдаймыз.
Ахмет Байтұрсынұлы тіл білімінің басты салалары туралы ең алғаш қалам тартқан ғалым еді. Алғашқы сауат ашу құралы ретінде жазылған “Оқу құралынан“ бастап, “Әліп-би“ мен “Тіл құралда“ қазақ тіл білімінің басты әрі негізгі терминдерін жасады.
Ахмет Байтұрсынұлының ұлылығы оның тек тұңғыш оқу құралын жазғанымен өлшенбесе керек, ең бастысы алғашқы оқулық тілінің терең халықтығында, сапалылығы мен біліктілігінде. “Біздің жасынан орысша я ноғайша оқыған бауырларымыз сөздің жүйесін, қисынын нағыз қазақша келтіріп жаза алмайды, я жазса да қиындықпен жазады. Себебі жасынан қазақша жазып дағдыланбағандық. Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген. Ноғайша оқығандар ноғай сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген”,- дейді автор “Тіл құралдың“ кіріспесі ретінде жазған “Сөз басында“. Яғни қазақ сөзінің қисынын келтіріп, өз нақышында жазу үшін сол тілде сауатын ашып, дағдыланған абзал. Ғалым мұны көрегендікпен айтқан-ау. Қазіргі таңдағы тілдік жағдай бұған толық көзімізді жеткізіп отыр.
Жалпы терминологияның лексикология мен концептологиямен тығыз байланысы бар екені белгілі. Ф.Риггздің пікірінше, терминолог терминдерді дербес сөздер ретінде қарастырады. Ондай сөздер белгіленетін түсініктерден ауытқымауы тиіс. Лексиколог терминдерді ғылыми түсініктен тыс қарастырады. Өйткені ол сөзді тіл жүйесінің бөлігі ретінде зерттейді. Әрине, терминолог үшін терминдік жүйе терминденуге ұшарайтын түсініктер жүйесіне сай келуі маңызды болып табылады. Концептолог үшін түсініктердің өзара қатынасы олардың жеке тілдік жүйеде көрінісінен әлдеқайда маңызды болатыны айтпаса да түсінікті. (А.С.Суперанская Общая терминология. Вопросы теории. 1989, 21). Яғни термин мен оның таңбалап тұрған ұғымы арасында үлкен танымдық байланыс болады. Осы табиғи байланысты дұрыс анықтай алған термин ғана ұзақ ғұмырлы.
Өзге де тілдік бірлік сияқты терминнің де мазмұны мен мағынасы бар. Т.Л.Канделакидің көрсетуінде, терминнің мазмұны – оның әуелгі терминдік түсінігі де, мағынасы – термин-сөз ретіндегі сипаты. Терминнің мағынасы мен мазмұны өзге сөздердегіден ерекше. Оның өзіндік сипаты бар. Терминнің мағынасы мен мазмұны сәйкес келіп, бір-бірін анықтап, мағына мазмұнды ашса, термин терме сөз ретінде анықтала алады.
Ахмет Байтұрсынұлының жазған “Тіл құралының” өміршеңдігі мен қажеттілігі әр түрлі сипатта, әр алуан аспектіден бағалана алады. Оның мәнісі профессор Ө.Айтбаев зерттеуінде көрсеткендей “А.Байтұрсынұлы жасаған терминдер жүйесі, бір қарағанда, оп-оңай болып көрінгенмен, ол – өте күрделі де терең ізденістер нәтижесінде пайда болған ғылыми туынды“ (Қазақ сөзі, 32-бет).
Біз соның тек бір ғана қырын тағылым алу үшін саралап қарастыруды мақсат етпекпіз. Ол – ғалымның термин жасау шеберлігі мен ұғымды таңбалаудағы дәлдігі. Автордың жоғарыда өзі атап көрсеткендей, қазақша жаза алу үшін, қазақша дағдылану шарт болса, қазақша дұрыс оқыту үшін оқытатын терминдер де ұғым мен түсінікті дәл анықтауы шарт. Біз мұның кереметтей үлгісін осы ұлы ғалым жасаған терминдерден аңғарамыз. Термин сөздер – теріліп алынған сөздер. Екінші сөзбен айтқанда, белгілі ғылым саласы бойынша қажетті ұғымды атау үшін теріліп, таңдалып алынған сөздер. Сонда термин сөзінің қазақша аудармасы да өзінен-өзі анықталады. Термин – терім сөз.
Ахмет Байтұрсынұлы жасаған термин сөздердің басты ерекшеліктері деп мыналарды көрсетуге болар еді:

  • анықталатын ұғымның дәлдігі;

  • таңбаланған атаудың қазақилығы;

  • терминнің жалқылық сипатының болуы;

  • терминнің нақтылығы.

Автор терминдерінің дәлдігі мен нақтылығын саралап, оның сапалық сипатын дәл бағалау үшін өзге жасалған терминдермен немесе басқа түркі тілдерінде, орыс тіліндегі жасалған терминдермен салыстыруға болар еді.
Ахмет Байтұрсынұлы жасаған кез келген термин сөзді мағыналық сипаты жағынан талдап қарауға болады. Қайсы бір терминді алмайық, ең бастысы білдіретін ұғымды дәл көрсетіп, толық таңбалайды. Айталық, сөздің құрылымын ғалым тұлғасына қарай бес түрге бөледі: түбір сөз, туынды сөз, қос сөз, қосалқы сөз, қосымшалар. Енді осы терминдердің терең құрылымдық мағынасы мен тілдік термин ретіндегі сипатына назар аударалық.
Түбір сөзінің қазақ тіліндегі негізгі мағынасы “ағаштың, өсімдіктің жерде қалған түбі“. Ауыспалы мағынасында бір нәрсенің түп-тамыры, төркіні, арғы жағы деген мағынада жұмсалады. Ахмет Байтұрсынұлының түбір сөзін алуының себебі аталған сөздің күнделікті қолданыста сиректеу жұмсалатыны, тек ботаникалық термин ретінде жұмсалатынында болуы мүмкін. Осы мағынадағы негіз сөзі күнделікті қолданыста жиірек жұмсалады, әрі негіз сөзінен көптеген сөздер өрбіп, оның қолданыс жиілігін тереңдетеді. Мысалы: негізі, негізінен, негізгі, негізсіз т.б. Түбір сөзі арқылы тіл біліміндегі ары қарай бөлшектеуге келмейтін сөздің түпкі мағынасын анықтайтын түбір сөзді дәл де анық таңбалауға болады. Сонда, түбір сөзі:

  1. күнделікті қолданыста сирек қолданылған;

  2. анықтайтын ұғымды дәл берген;

  3. қолдануға ыңғайлы.

Демек, көрсетілген терминді басқа сөзбен емес, түбір сөзімен таңбалаудың сөз мағынасының дамуы мен қолданылу сипатында өзіндік ішкі заңдылығы бар.
Кей оқулықтарда түбір термині мен негіз термині қатар қолданылып жүргенімен, қазір “түбір“ термині толық қолданысқа түскен. Әрі түбір термині мен негіз терминінің арасында айырмашылық пен ерекшелік бар деп қарастырылады. Орыс тіліндегі “корень“ сөзінің беретін ұғымы мен түбір терминінің беретін мағыналары бірдей.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет