ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ОРФОГРАФИЯЛЫҚ ЕРЕЖЕЛЕРДІҢ ӨЗГЕРУІ МЕН ДАМУЫ
Мырзабек Бибіхан - 5В011700 – «Қазақ тілі мен әдебиеті»
мамандығының 2-курс студенті
Ғылыми жетекшісі: ф.ғ.к., аға оқытушы Назира Әміржанова
Орфография – тарихи, «жанды» құбылыс. Қоғамның әлеуметтік-саяси өмірінің дамуы ол пайдаланылып отырған жазба тілдің, әсіресе оның сөздік қазынасының толығуы, реттеле түсуі (нормалану процесі) сияқты қозғалысына орай оның жазба тәжірибесі де, жазу тәртіптері – емле қағидалары да азды-көпті өзгерістерге ұшырап отырады. Қазақ тіліне қызмет ететін жазу таңбалары (графика, алфавит, әліпби) мен орфографиясы (емле) проблемасы «ХІХ ғасырдың 90-жылдарынан бастап баспасөз бетінде көтеріліп, әлеумет назарына іліне бастады» – дейді белгілі академик Р. Сыздық. Қазақ жазуының орфографиясы ХХ ғасырдың басында Ахмет Байтұрсыновтың мақалаларында ғылыми тұрғыда тұңғыш рет сөз болды. Оның қажеттігі мен рөлі ғана дәлелденіп қойған жоқ, алғашқы ережелері іспеттес тәртіп жүйесін ұсынды[1]. 1850 жылдан бастап орфография саласы қарастырыла, сөз бола бастады. 1910 жылдан бастап зерттелінді десек қателеспейміз. Оған дәлел, 1912 жылы жазылған, ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлының «Емле туралы» мақаласы.
Ахмет Байтұрсынов қазақ жазуының емлесі туралы ой-пікірлерін өзі редакторы болған «Қазақ» газетінің беттерінде әрі қарай жалғастырып, пікірсайысқа негіз болды. Емле мәселесіне келгенде, «Айқап» пен «Қазақ» газеттері қарама-қарсы екі түрлі бағытта болды. «Айқап» бұрынғы дәстүрлі әліпби жүйесі мен емлені қолдаса, «Қазақ», әрине, А.Байтұрсыновтың әліпби реформасы мен жаңа емле принциптерін жақтады[1]. Емледе сонымен қатар толықтырулар мен өзгерістер талап етілді.
А. Байтұрсынұлы ұсынған жазу емлесінің 14 ережелері:
1
|
Й, у дыбыстарының жазылуы туралы
|
2
|
Бірнеше түбірден құралған мәнді сөз тұтас жазылсын
|
3
|
Кенжеғұл, Аякөз бірмәнді сөздер дүдәмалы дыбыс естілуінше жазылсын
|
4
|
Бірге, бөлек, бірігу, кірігу екеуі екітүрлі
|
5
|
Тұтас сөз з,ж,ш,с естілуі бойынша емес, түбірше жазылсын
|
6
|
Жалғау, жұрнақ, дауыссыз дыбыс естілуінше емес, түбірше жазылсын
|
7
|
Р,л,й,у дыбыстарының алдындағы дыбыстар дүдәма жазылсын
|
8
|
-тұң қосымшасы –тың болып жазылсын
|
9
|
Демеулік, жалғаулық қосымшалар ғана, мен естілуінше жазылсын
|
10
|
Сын есімнің күшейткіш түрі естілуінше жазылсын
|
11
|
-ау, -ай одағайлар сөзге тіркелгенде бірге жазылсын, сөзден бұрын келсе бөлек жазылсын
|
12
|
-еке жұрнағы бірге жазылсын
|
13
|
Кейбір көмекші етістіктер бірге немесе сызықшамен жазылсын
|
14
|
Сың, соң қысқартылып жазылатын соң сөзі бірге жазылсын
|
Ұлт ұстазы ұсынған ережелер саны, қазіргі кездегі ережелер жиынтығынан аз. Бізге де ережелердің аз болғаны тиімді.
1929 жылы қазақ халқы сан ғасыр қолданып келген араб жазуынан жаңа жазу – латынға көшті. Оның қолданылу тәртібі – орфографиясы 1929 жылы жеке талқыланып (Қызылордада өткен конференцияда), осы кезден бастап іс жүзінде қолға алынды: мектептер мен баспасөз және баспа орындары енді латынша жазуға көшті.[2, 194]
1929 жылы Қызылорда қаласында латын графикасына көшкен қазақ орфографиясының ресми бекітілген 30 ережелер жиынтығынан тұрады. Біз соның 15 ережесін көрсеттік:
1
|
тұтас сөз жеке күйінде есітілгенінше жазылады, жанындағы сөздің жалғас дыбыстарының ықпалы еленбейді.
|
2
|
бір неше түбірдің дыбыстары кіріккенен шыққан бір мағыналы сөздер де естілген күйінде тұтас жазылады.
|
3
|
сызықша мен жазылады: ондай сөздердің дыбыстарының біріне бірінің тійгізетін ықпалы еленбейді, екеуіде түбірше жазылады.
|
4
|
екінші бөлегінің бас дыбысы өзгеріп айтылатын қайталама сөздер де сызықша мен жазылады
|
5
|
«ма» мен «ді» алдынғы сөздер сызықша мен айырылады, «ма» мен «ді» нің дыбыстары алдыңғы сөз ықпалы мен өзгерсе, сол өзгерген күйінде жазылады.
|
6
|
сын есімнің басындағы дыбыстарына «п» қосылған күшейтүу жалғауы сызықша мен жазылады.
|
7
|
жалғау-жұрнақтардың бәріде түбірмен қосылып жазылады
|
8
|
ғұрлы, қой, ғана, да, дағы, ақ, ма? Ше? ау, ай алдындағы сөзден бөлек жазылады
|
9
|
алдындағы сөздің жалғауын өз ауанына қаратып отыратын «соң», «көрі», «бері», «үшін», «шейін» сықылды үстеулер алдыңғы сөзден бөлек жазылады.
|
10
|
көмекші етістіктер алдындағы сөзден бөлек жазылады.
|
11
|
сөз ішіндегі дыбыстардың жұуан жіңішкелігі көмескі болған жерлерде, анығы жалғау-жұрнақтың түрінен ашылады.
|
12
|
жазғанда ерін үндестігі еленбейді.
|
13
|
шеттен кірген сөздерде «ф» орнына «п» жазылады.
|
14
|
шеттен кірген сөздер басындағы «г» дыбысы «г» және «ғ» түрінде сақталады.
|
15
|
еуропаның «сһ»-сы, орыстың «х»-сы, арап-парсының «қ»-сы жуан айтылатын сөздерде қ жіңішке айтылатын сөздерде к арқылы жазылады.
|
Осы ережелер жиынтығы 1938 жылы толықтырылып қабылданды. Ол ереже Х бөлімнен тұрады. .[2, 196]
І
|
Емленің негізгі тайанышы жеке сөздің түбір тұрпатын бұзбай жазу болсын. І бөлімнің өзі 12 бөлімшеден тұрады
|
ІІ
|
Әліппе және дыбыс жіктері
|
ІІІ
|
Дауысты, дауыссыз дыбыстардың бір-бірімен алмасып естілгендегі жазылулары. ІІІ бөлім 6 бөлімшеден тұрады
|
IV
|
Қысаң езулік дауысты ы, і-лердің жазылатын орны. IV бөлім 5 бөлімшеден тұрады
|
V
|
И, у әріптерінің жазылуы. V бөлім 2 бөлімшеден тұрады
|
VI
|
Орыс тілінде бар, қазақ тілінде жоқ дыбыстардың жазылуы. VІ бөлім 7 бөлімшеден тұрады
|
VII
|
Сызықшамен жазылатын қос сөздердің түрлері. VІІ бөлім 6 бөлімшеден тұрады
|
VIII
|
Кейбір жалғаулықтардың жазылуы. VІІІ бөлім 4 бөлімшеден тұрады
|
IX
|
Бас әріптердің емлесі
|
X
|
Фамилиядағы жазудың ережесі. Х бөлім 4 бөлімшеден тұрады.
|
С. Аманжолов: «Қазақ тілінің сингормонизм заңына бағынатындығы бұлай тұрсын, қазақтың ежелгі сөздерінің талайы дыбыс жүйелі принципке бағынбайтын еді. Мысалы: tuz+cь, ag+cь, bas+cь, gel+bau, gьzmel+ker, gazdь+gun» [3, 105 ] деп, емлені тілдің дыбыстық заңдылығынан шығарудың мүмкіндігі төмен екенін айтады. Сөйтіп, емле ережелеріне мынадай өзгерістер ендірілетін болды дейді: емленің негізі – морфологиялық принцип, түбір морфологиялық, қосымша фонетикалық принциппен жазылады, түрлері сақталған біріккен сөздер, кірікпей жазылады да, қосымшасы фонетикалық принциппен жазылады; кірмен сөздер ішінара болмаса, морфологиялық принциппен түпнұсқа тұрпатын сақтап жазылады, қосымша фонетикалық принцип бойынша жалғанады [3, 105], қазақ тіліне ауызша жолмен еніп, игерілген географиялық атаулар, ұғым атаулар қалыптанған түрінде жазылады: өzbek, poiьz екі немесе одан көп дауыссыз дыбысқа аяқталған кірме сөздерге қосымша жалғанғанда, соңғы дауыссыз түсіп қалады, қосымша сөздің соңғы буынның жуан-жіңішкелігіне қарай жалғанады: Bekmuratqa, кірме сөздердегі еріндік дауыстылар таңбасы соңғы буында да жазылады, кірме сөздердің аяғында в, д, г әріптері таңбаланады; <ұ> дыбысы й таңбасы арқылы <і> фонемасы j әрпі арқылы таңбаланады; екі дауысты дыбыс таңбасы тіркесе береді; әліпбиге x, f, v әріптері алынады; қосар ый, ій, ұу, үу дыбыстары і, и таңбалары арқылы беріледі; әліпбиде 32 әріп болады; кірме сөздерде айтылатын ә, е, и дыбыстарының орнына, сөз мағынасы бұзылмаса, а әрпі жазылады; екінші-үшінші буындарға дейін [ә] дыбысы сөздердің тек буынында ә-әрпін жазу; соңғы буындарда естілген ө, ұ, ү дыбыстарының орнына е, ь, j әрпін жазу; түбір мен қосымша жігіндегі [п-б], [қ-г], [к-г] дыбыстарының алмауы таңбаланады; сөз басындағы қысаң езуліктер мағынаға әсер етпеген жағдайда таңбаланбайды[3, 106]; екі буын аралығындағы мағынаға әсер етпейтін қысаң езуліктер таңбаланбайды; соңғы буындағы қысаң езуліктер түбір тұлғасында да, тәуелді жалғау тұсында да жазылмайды; одағай сөздерде екі дауыссыз әрпі қатар жазыла береді; соңғы буындағы қысаң езулігі бар сөздерге тәуелдік жалғау жалғанғанда сөз аяғындағы қатаң ұяңдап, қысаң езуліктер түсірілмейтін болса, түбірде де таңбаланады[3, 106]; і, и әріптерінің жуан-жіңішкелігін түбір не қосымша ажыратып тұрады; жуан-жіңішке пары бар сөздердің жіңішкесін таңбалау [3, 106]; кірме сөздердегі ь белгісін ә, ө әріптері арқылы беру; ю әрпін іи әріп тіркесімен беру; барлық дауыссыз дыбыстардан соң келген ю әрпін u таңбасымен беру; кірме сөздердегі я әрпін іа тіркесі арқылы беру; ё әрпі іо арқылы беріледі; с дыбысынан басқа дауыссыз дыбыстардан соң келген ё әрпі ө әрпімен беріледі; ц әрпі сөз басында және дауыссыз дыбыстан соң келсе s-мен беріледі. Ал сөз аяғында және дауысты дыбыстан соң келсе, mc арқылы беріледі; щ әрпі сөз ішінде және дауысты дыбыстан соң қос сс әрпімен, ал дауыссыз дыбыстан соң және сөз басы мен аяғында с-мен беріледі.
Ғылым Академиясы Тіл, әдебиет институтында (1952 ІІІ) осы ұсыныстар талқыланған жиналыс қаулысы әліпбиден һ әрпін алып тастауды, әліпби тәртібін өзгертуді, ый, ій, ұу, үу қосарын и, у таңбаларымен беруді қабылдайды [3, 110]. Бірақ С. Аманжолов керісінше, қазақ әліпбиін өзгерту «қазақ тілі дыбыстарына арналған әріптердің керексізі бар ма», «алфавит сиқын бұзып тұрғаны жоқ па»; «орыс әріптері толық қолданылып жүр ме» деген бағытта жүруі керек дейді. Автордың ойынша, ә әрпінің қызметін я әрпі де атқара алады; к,г-ге аяқталған термин сөздерге соңғы буынның жуандығына байланысты жуан қосымша жалғану, біріккен сөздерді кіріктіріп жазбау ақкөңіл, асырасілтеу сияқты сөздерді бірге жазу уәжді. Сондай-ақ С. Аманжолов әліпби тәртібін өзгертуге қарсы болды. Ғалым әріп ретін өзгерту алфавиттің қосалқы – нөмірлеу – қызметіне кедергі болады деді. Және қосар дыбыстарды бір таңбамен беру морфологиялық принципке сай емес, сөздің айтылуы мен жазылуын алшақтады к, г-ге біткен орыс сөздеріне жіңішке қосымша жалғау орыс тіліндегі сөздердің айтылуын бұзады деді [3].
Орыс жазуына (кириллицаға) көшу процесі негізінен латынға көшкендегідей бүкілодақтық үлкен жиын-конференцияларсыз, ғылыми негізді пікірталастарсыз, көп дайындықсыз өтті, ССРО-ны мекендеген түркі халықтарының жазуы латыннан кириллицаға көшсін деген үкімет қаулысы алынды да, 1940 жылы күзде қауырт жаңа әліпбиді қолдануға жарлық шықты[5]. 1988 жылғы орфографиялық сөздікке 1957 жылғы ереже кодексі және 1983 жылғы ереже негізге алынды.
Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелері
(Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі 1988 ж.)
|
І. Әріптердің емлесі
1) Дауысты дыбыс әріптерінің қолданылуы
2) дауыссыз дыбыс әріптерінің қолданылуы
3) ь, ъ белгілерінің қолданылуы
|
ІІ. Түбір сөздердің жазылуы
|
ІІІ. Бөлек жазылатын сөздер
|
ІV. Бірге жазылатын сөздер
|
V. Қос сөздердің жазылуы
|
VI. Қосымшадардың жазылуы
|
VII. Шылау сөздердің жазылуы
|
VIII. Бас әріптің қолданылуы
|
ІХ. Сөздердің тасымалдануы
|
1957 ж. қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелері қабылданға дейін қазақ жазуының тарихында бірнеше ұсыныс болған. Оның алдыңғысы 1939 ж. әліпби жобасы, 1940 ж. емле жобалары болса, орыс графикасына негізделген қазақ жазуының алфавиті мен орфография ережелері 1953 ж. 28 ақпанда «Қазақстан мұғалімі» газетінде ұсыныс ретінде жарияланды. Әліпби 40 әріп рет санымен белгіленді. Әліпбидегі әріп реті қазіргі әліпби тәртібімен бірдей. Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелерінің алғашқы нұсқасы осы 1953 ж. емле жобасы болып табылатындықтан ереженің 1953 ж. нұсқасы мен қазіргі нұсқасының арасындағы өзгешеліктерге назар аударайық.[3, 110; 4, 24]. Төмендегі кестеде Қ. Күдеринова қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелерін салыстырады. Бұл салыстыруда 1953 жылғы мен 2005 жылғы ережелер жиынтықтары арасында кездесетін нақты айырмашылық һ әрпінің қосылуы, сонымен қатар екі пунктің болмауы болып табылады.
ҚТОНЕ-нің 1953 ж. нұсқасы
|
ҚТОНЕ-нің 2005 ж. нұсқасы
|
А, е, о әріптері сөздің барлық буынында жазылады.
|
А, е, ы, і әріптері сөздің барлық буынында жазылады.
|
Ә, ө, ү, ұ әріптері кінә, күмән, куә, мазмұн сөздерінде соңғы буындарда жазылады.
|
Ә, ө, ү, ұ әріптері кінә, күмән, куә, мазмұн сөздерінде соңғы буындарда жазылады.
|
Ый тіркесі тый, сый сөздерінде жазылады, бұл сөздерге қосымша жалғанғанда жалаң и жазылады
|
Ый тіркесі тый, сый сөздері мен туынды сөздерде де жазылады
|
Я, ю әріптерінен бұрын ы, і әріптері жазылмайды, тый, сый сөздері тұйық рай тұлғасында тыю, сыю болып жазылады.
|
Я, ю әріптерінен бұрын ы, і әріптері жазылмайды, тый, сый сөздері тұйық рай тұлғасында тыю, сыю болып жазылады.
|
Халық, ауыл, әріп, ауыз т.б. сөздеріне тәуелдік жалғауы жалғанғанда соңғы буында ы, і әріптері жазылмайды.
|
Халық, ауыл, әріп, ауыз т.б. сөздеріне тәуелдік жалғауы жалғанғанда соңғы буында ы, і әріптері жазылмайды.
|
Йы дыбысына біткен сөзге й жұрнағы жалғанғанда йи болып жазылады.
|
Йы дыбысына біткен сөзге й жұрнағы жалғанғанда йи болып жазылады.
|
Х әрпі халы, хат, қахарман, гаухар, ухлеу сөздерінде жазылады
|
Х әрпі халы, хат сөздерде жазылады, қахарман, гаухар, ухлеу сөздері һ әрпімен жазылады
|
Алдыңғысы соңғысын анықтайтын екі зат есім бөлек жазылады.
|
Анықтауышы-анықталушы қатыгастан ажырап, бір заттың атауы болып кеткен сөздер бірге жазылады
|
Екі сөзден біріккен кейбір кісі есімдері айтылуынша жазылады.
|
Бұл ереже 1983 ж. емле өзгерісінде қабылданды.
|
Пен, кер, кеш, нікі, паз, қор, хана жұрнақтары түбірдің жуан- жіңішкелігіне қарамай осы тұрпатта жалғанады.
|
Мұндау ескерту жоқ.
|
К, г дыбыстарына аяқталған термин сөзге қосымша жіңішке жалғанады.
|
Бұл ереже 1983 ж. емле өзгерісінде қабылданды.
|
Цифрмен жазылған реттік сан есімнен кейін дефис қойылады
|
Мұндай пункт жоқ.
|
Қазақ әліпбиі мен жазуының тарихында осы саладағы ғылым дамуына өз үлестерін қосқан А.Байтұрсынов, Е.Омаров, Т.Шонанұлы, Қ.Басымов, Ш.Х.Сарыбаев, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов, М.Балақаев, Н.Сауранбаев, І.Кеңесбаев, Ғ.Мұсабаев, Р.Сыздықова, Г.Жәркешова, Н.Оралбаева, А.Хасенова, К.Ниеталиева, Н.Уәлиев, Қ.Күдеринова т.б. ғалымдардың еңбектері мен зерттеулерін атап көрсетуге болады. [7]
Әртүрлі, әрқилы, әртарап, әртекті сөздері2007 жылғы орфографиялық сөздікте бірге жазылған, ал одан бұрынғы 1978, 1988, 2001 жылдардағы сөздіктерде аталған сөздер әр түрлі, әр нәрсе, әр текті, әр уақытта болып бөлек жазылған.[8]
А. Байтұрсынов та, Қ. Жұбанов та қазақ жазуы фонетикалық принципті ұстану керек деген пікірде болды. М. Балақаев “Тіл мәдениеті мен қазақ тілін оқыту” атты кітабында “сөздердің айтылуы мен жазылуы нұсқаларында мүмкін болғанша жақындық, үйлесім болуға тиіс” – дейді.[8]
Ж. Таласпаеваның еңбегінде көрсетілген мысалдар:
2001
|
2005
|
2007
|
ер жүрек
ақ пейіл
әр түрлі
қол арба
наурыз
бір беткей
бір тұтам
|
ержүрек
ақпейіл
әртүрлі
қоларба
Наурыз
бірбеткей
біртұтам
|
ержүрек
ақпейіл
әртүрлі
қоларба
Наурыз
бірбеткей
біртұтам
|
Қазақ тілі орфографиясындағы ережелердің жыл санап өзгеріске ұшырауының диаграммасы мен кестесі.
1929 жылғы қазақ тілі орфографиясының негізгі ережесінде 4 көрсетілген емле негіздеріне сүйеніп 30 ережені бекітті. 30 ереже 11 ескертуге негізделген ережелер жиынтығы құрастырылды.
1938 жылы толықтырылып қабылданған ереже 10 бөлімнен тұрады. 1 бөлімнің өзі 12 бөлімшеден; 2 бөлім қысқа өзі ғана; 3 бөлім 6 бөлімшеден 1 ескертуден тұрады; 4 бөлім 5 бөлімшеден тұрады; 5 бөлімде 2 бөлімше бар; 6 бөлімде барлығын қосқанда 12 бөлімше, 1 ескерту бар; 7 бөлімде 6 бөлімше, 1 ескерту бар; 8 бөлімде 4 бөлімше қаралған; 9 бөлімде 1 бөлімше бар; 10 бөлімде 4 бөлімше бар.
Тiл мәдениетiнiң мәртебесiн айқындайтын көрсеткiштiң бiрi- жазудағы бiрiздiлiк. Мұның өзi алдымен тiлдiң емле ережесi мен сөздiгiнiң сапасына байланысты. Жаңа графикаға көшумен байланысты 1940 жылы жасалған емле заңдары 1957 жылы түзілген «Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелерінде» 51 параграф, 12 ескертпе енгізіліп, толықтырылып жаңадан түзілген болатын. 1983 жылғы «толықтырулар мен түзетулерден» кейін оған 3 параграф және 3 ескертпе қосылған[6].
Қазақ жазуы күні бүгінге дейін 1957 жылы қабылданған емле ережелерін пайдаланып келеді. Бұл ережелер 1940 жылы жаңа графикаға көшумен байланысты жасалған емле заңдарының негізінде өңделіп, толықтырылып жаңалап түзілген болатын.
Емле заңдылықтары да тілдің өзі сияқты дамып, жетіліп отыратын құбылыс болғандықтан, 1957 жылы түзілген қазақ орфографиясының принциптері негізінен дұрыс, жинақы бола тұрса да, кейбір ережелерін әлі де болса толықтыра түсу қажеттілігі туды.1988 жылғы сөздікте 53 параграф, 15 ескертпе енгізіліп, толықтырылып жаңадан түзілген болатын.
1940 жылы жасалған емле заңдары 1957 жылы түзілген «Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелерінде» 2001 жылғы сөздікте 52 параграф, 19 ескертпе енгізіліп, толықтырылып жаңадан түзілген болатын
1940 жылы жасалған емле заңдары 1957 жылы түзілген «Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелерінде» 2005 жылғы сөздікте 52 параграф, 20 ескертпе енгізіліп, толықтырылып жаңадан түзілген болатын
Қарастырған мәселемізді қорытындылай келе, сонау тарихы тереңде жатқан қазақ жазуы емлесінің даму кезеңдері қызықты да, тың ақпараттарға толы болды. Емле мәселесін өзектілігін сөз етіп көтерген, қазірде өзектілігін қозғап жүрген зерттеуші ғалымдардың пікірлерінің барлығы да орынды. Қазақ әліпбиі қаншама қиындықтардан өткеніне қарамастан өзінің ерекшелігін сақтап қалды. Барлық жиналған ақпарат, мәліметтерді қорытындылай келе, орфографияда аса көп ереженің болғаны қазіргі таңда тиімді емес деген пікірдеміз. Әрбір адам сауатты жазуы үшін орфографияда көрсетілген ережелерді білуі шарт. Міне, сол себепті де ереженің нақты, әрі түсінікті, жеңіл болғаны тиімді. Тіл жүйелі түрде дамып отыратын жанды құбылыс, осы жанды құбылысымызды дамытып, өсіп-өркендетуіміз қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |