Қазақcтан Республикасы білім және ғылым министрлігі


Он ұпайлық шкалада бағалау эквиваленті



бет2/16
Дата25.12.2016
өлшемі2,92 Mb.
#4841
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16

Он ұпайлық шкалада бағалау эквиваленті

Әріптік жүйе бойынша бағалау

Сандық эквивалент

Ұпайдық пайыздық көрсеткіші

Дәстүрлі жүйе

бойынша бағалау



A

4,00

95-100

Өте жақсы

A-

3,67

90-94

B+

3,33

85-89

Жақсы

B

3,00

80-84

B-

2,67

75-79

C+

2,33

70-74

Қанағаттанарлық

C

2,00

65-69

C-

1,67

60-64

D+

1,33

55-59

D

1,00

50-54

F

0,00

0-49

Қанағаттанарлықсыз

10. Оқу пәнінің саясаты және академиялық этика

сабаққа қатысуы; сабақта өзін-өзі дұрыс ұстау ережесі университетің уставы бойынша; сабақтан қалған күндер бойынша есеп беру;

сабақта белсенділік таныту; сабақта телефонды ағытып қою. Өздік жұмыс пен үйде , кітапханада айналысу.

Педагогикалық шеберлік пәні бойынша дәрістер жинағы

1-ші дәріс. Педагогикалық шеберлік пәнін оқыту қажеттілігі.
1. Пәнді оқыту мақсаты, міндеттері, зерттеу объектісі, пәні.

2. Педагогикалық шеберлік пәнінің болашақ маманның кәсіби жетілуіндегі рөлі. Педагогикалық шеберлікті зерттеген ғалымдар.

3. Педагогикалық шеберліктің құрылымы, жетілу жолдары.

Әдебиеттер:

1.Вигман С.Л. Педагогика в вопросах и ответах. Учебное пособие-М.: Прос-пект,2005.стр.55-57.

2.Андриади И.П.Основы педагогического мастерства: Учебное пособие для студентов сред. Пед. учеб. Заведений.-М.: Издательский центр «Академия»,1999.-160с.

3.Зязюн И.А. Основы педагогического мастерства. Учебное пособие для специальных высших учебных заведений. М.: Просвещение,1989.-205с.

4.Основы педагогического мастерства. Упражнения. Тесты. Советы начинающему педагогу. Учебно-методическое пособие/ Сост. Т.П. Смолькина. - Караганда, 2002.-88 стр.

5.Якушева С.Д. Основы педагогического мастерства: учебник для студентов средних проф. Заведений/ С.Д.Якушева.-2-е изд.,-М.: Издательский центр «Академия», 2009.-256с.

6. Нұржанова Ә. Педагогикалық шеберлік туралы.// Бастауыш мектеп-№2,2008, 48-50 б.

Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған, сондықтан, ұлағатты ұстаз болу- құрметті де абыройлы іс. Жоғары дәрежеде өз қызметін атқару ұстаздан шебер болуды қажет етеді. Сондықтан, болашақ мамандардың бойында мұғалімдік қызметке қажетті білім, іскерлік, дағдылар қалыптасып, кәсіби қызметтің қырын, сырын ұғынуға қажеттілік болуы тиіс. Ондай қажеттіліктің орындалуына «Педагогикалық шеберлік » деген пәнді оқыту өзінің оң ықпалын тигізеді.

Бұл пән бірінші рет 1979 жылы Полтава педагогикалық институтында енгізілген, кейін бағдарламасы жасалып барлық педагогикалық институттарда оқытыла бастады. Пәнді оқыту мақсаты -жас маманның алғашкы қызмет барысында кездесетін қиындықтарды жеңе білуге үйретіп, мамандықты терең меңгеруге мүмкіндік туғызу.

Педагогикалық шеберлік пәнінің зерттеу объектісі-педагогтың шеберлікке жету барысындағы кәсіби даму, жетілу үрдісі.

Зерттеу пәні- педагогтың кәсіби шеберлігінің қалыптасу жолдары, әдістері.

Педагогикада кәсіби қызметтің сапасын анықтайтын біртұтас әрі жүйелі түсінік «педагогикалық шеберлік» болып саналады. Орыс тілінің сөздігінде «шеберлік белгілі бір саладағы өнер деп анықтама берілген, ал шебер өз ісінде жоғары нәтижеге қол жеткізген маман» делінген (С.И.Ожегов 1990).

Педагог дегеніміз – мектепте немесе тағы басқа оқу орнында оқу – тәрбие жұмысын ұйымдастырушы және іске асырушы.

Педагогикалық шеберлік - маманның жоғары сапада өз қызметін ұйым-дастыра білу қасиеттері. Мамандықтың қырын-сырын терең біліп, мамандықты жоғары деңгейде меңгеруі.

Шеберлік дегеніміз оқытушының жоғары деңгейде кәсіби қызметін ұйымдастыруға мүмкіндік беретін тұлғалық қасиеттерінің жиынтығы.

Э. А. Урунбасарова.



Талант- шеберліктің ең жоғарғы көрінісі. «Талант - адамның еркі мен шығармашылығының жиынтығы», - деген К.М.Станиславский.

Озат тәжірибе - теория мен тәжірибеге сүйене отырып педагогикалық процесті жетілдіру мақсатында, қызметіне шығармашылық негізде жаңа бір идея еңгізу.

Әділ төрешілер - оқушылар, ата- аналар, қоғам педагог келбетіне, моральдық тұлғасына өте жоғары талаптар қояды. Жас мұғалім мамандығы бойынша өз пәнін қазіргі заманның ғылым мен техникалық өскелең талаптарына сәйкес дәрежеде білуге тиіс. Ғылым дамыған сайын болжамдардың дәлелденіп, теорияға айналуы және жаңа фактілер мен заңдылықтардың ашылуы кеңейген сайын жас мұғалімге қойылатын талап та арта түседі.

Педагогқа қойылатын талаптар- педагогикалық әрекеттің табыстылығын қамтамасыз ететін кәсіби сапалар жиынтығын меңгеру. Сондықтан да, педа- гогқа қойылатын ең бірінші талап – арнайы педагогикалық бейімі, таланты болуы керек, ол дегеніміз- балалармен жұмыс жүргізу кезінде дұрыс тәрбие беріп, қарым – қатынас жүргізе алу қабілеті ғана емес, ол балаларды, қызметті жақсы көре білуі, әдептілігі, шығармашылығы, дарындылығы деген сөз. Ұстаз еңбегі – ұлы еңбек. Ұлы ақын Абайдың:

Ақырын жүріп, анық бас,

Еңбегің кетпес далаға.

Ұстаздық еткен жалықпас

Үйретуден балаға, - деп айтуында терең мағына жатыр. Ұстаздың бойында түрлі қасиеттер мен қабілеттер болуы туралы ақын Г.Қайырбеков былай деген:

Ұстаз болу жүректің батылдығы,

Ұстаз болу сезімнің ақындығы,

Ұстаз болу көңілдің күн шуағы-

Тозбайтұғын адамның асылдығы.

Егер әр адамның жүрегінде ізгілік сәулесі болса, ол – мұғалімнің еңбегі. Сол нұрды жеткіншектің жүрегіне сіңіру үшін қаншама тер төгіп еңбек етуі керек екенін, дүниеде адамды тәрбиелеп, азамат атандырғаннан артық абырой мен құрмет жоқ екенін болашақ мамандар иесі бірінші курстан бастап білулері керек.

Мұғалімнің адамгершілік келбетіне талап, кәсіби қалыптасуындағы маңызы туралы Я.А.Коменский, И.Г.Песталоцци, Ж.Ж.Руссо, А.С. Макаренко, Ы.Алтынсарин т.б.педагогтар сөз еткен.

А.С.Макаренко «Ұстаздық дастан» деген еңбегінде– бұл менің бар өмірімнің дастаны - деп жазды. Горький жазған хаттарының бірінде: «А.С.Макаренконың мұрасы – еліміздің өскелең педагогика ғылымының алтын қазынасы. Оның еңбек стилі, әдеби теориялық шығармалары этика, педагогика, психология мәселелерінің тың, әрі тәрбие ісінде аса маңызды жайларын ашты».

Антон Семенович Макаренко өзінің ісінен өнеге алатын жайлары көп, педагогикалық ілімге толы көркем шығармаларымен жұртшылығымызға ертеден белгілі. Ал оның шығармаларын өз тілімізде оқу-игілікті іс. А. С. Макаренко мынадай ой білдіреді: «...Мен мұндай шеберлікті игеруге тырыстым, әуелі осындай шеберліктің немесе педагогикалық талант деп аталатынның болатынына тіпті сенбедім. Алайда таланттың кездейсоқ бөлінуіне біз сенуіміз керек пе? Бізде осындай ерекше талантты тәрбиешілер қанша? Және де талантсыз педагогқа тап болғаны үшін не себепті бала жапа шегуі тиіс? Біз балалар мен жасөспірімдерді тек таланттылар алдында тәрбиелей аламыз ба? Жоқ. Тек шеберлік туралы, яғни тәрбие процесін шынайы білу туралы, тәрбиелік іскерлік туралы ғана айту керек», - деген.

Атақты педагог-ғалым В. Сухомлинский: «Мұғалімдік мамандық- бұл адамтану, адамның күрделі және қызықты, шым- шытырығы мол жан дүниесіне үңіле білу. Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер - ол даналықты жүрекпен ұға білу болып табылады» деп, ұстаздық өнерге ерекше баға берген.

Молдағалиев Жайсаңбек «Құс жолы» атты жинағында қазақтың тұңғыш педагогы Ыбырай Алтынсарин туралы повесі мен “ел суреттері” деген атпен бір топ әңгімелері енген, онда қазақтың ұлы ағартушысының қажымас еңбегі, балаға деген сүйіспеншілігі туралы жазылған.

Педагогикалық шеберлікті теориялық тұрғыда зерделеушілер: -Ф.Н.Гоноболина, А.И. Щербакова, А.К.Маркова, В.А.Кан-Калик, Н.В.Кузьмина, И.А.Зязюн, Писаренко В.И, Шыныбекова Е.И., Урунбасарова Э.А., Е.И.Синица, Азаров Ю.П., Бабанский Ю.К. т.б.

А.И.Щербаков (1968) педагогикалық шеберлік - мұғалімнің ғылыми, әдістемелік өнерінің, білігі мен дағдысының, жеке қасиеттерінің үндесуі деп есептейді. Бұл өнердің басты атрибуты - өз жұмысын үлкен жауапкершілікпен орындау деген.

Ю.П.Азаров (1971), тәрбиешінің шеберлігінің маңызы туралы айта келіп, оның мәнін былай ашады: «педагогикалық шеберліктің негізі - бала тәрбиесінінің заңдылығын білу болып табылады»; «Шеберліктің мәні: технология, карым- қатынас, тұлға сияқты үштікте » дейді.

Н.В.Кузьминаның (1972,1980) пікірінше педагогтың кәсіби шеберлігі тәжірибе мен оқу міндеттерін шеше білуді жоғары деңгейде меңгеру. Бұл жалпы еңбек пен жалпы интеллектуалдық білік қалыптасқанда ғана жеткілікті биік дәрежеге ие болады (талдау, синтездеу, жалпылау, ауыстыру, нақтылау саласында).

Ю.К.Бабанский (1989) «мұғалім- кәсіби технологияны еркін меңгерумен, шығармашылығымен бала оқытуда және тәрбиелеуде ерекше шебер болуға тиіс», - деп көрсетеді.

В.А.Сластениннің (1998) пікірі Ю.П.Азаровтың пікіріне жақын, ол педагогтік шеберлікті педагогикалық технологиямен өзара байланыстырады, ол тек операциялық компоненттермен шектелмеуі керек, адамның жеке іскерлігі мен оның бойында педагогтік процестің жоғары тиімділігін анықтайтын қасиеттерінің сабақтасып жатуы керек деген пікір айтады.

Атақты педагог, психолог ғалымдардың / И.В Павлов, А.А.Смирнов, А.Н.Леонтъев, А.А.Давыдов, Б.Е.Есипов, Л.В.Занков, М.Н.Скаткин және т.б./ еңбектерін қол үзбей оқып педагогикалық шеберлік туралы көптеген мағлұматтар алуға болады. Сонда ғана мұғалім шығармашылық еңбекті көрсетеді, тамаша шебері бола алады. Кезінде А.Байтұрсынов айтқан сөзге сүйенсек, оқу құралдары қанша сапалы болғанымен, кәсіби шеберлігі төмен болса, онда нәтиже де төмен болмақ деген.

Педагогикалық шеберлік мұғалімнің педагогикалық мәдениетінің компонентінің маңызды бір бөлігі. Педагогикалық шеберлік компоненттеріне: гуманистік бағыт, кәсіби білім, педагогикалық қабілет, педагогикалық техника жатады. Гуманистік бағытқа баланы, қызметті жақсы көру, кәсіби білімге өз пәнін жете білу, сабақ беру әдістемесі жетілдірілген, психологиялық дайындық, жалпы білімділік, дүниетанымы және мәдени деңгейі өте жоғары, ұйымдастырушылық қабілеті бар, сөйлеу өнерін меңгерген, алдыңғы қатарлы педагогикалық технологияларды қолдану және қазіргі заман талабына сай педагог болуға тырысуы жатады. Педагогикалық қабілетке балалармен жұмыс жүргізу кезінде дұрыс тәрбие беріп, дұрыс қарым – қатынас құра білуі қабілеті, балаларға құрметпен қарай білуі көзделеді. Педагогикалық техникаға өзін дұрыс ұстай білуі, эмоциясын меңгере білу, мимикасы, пантомикасы, киінуі, сыртқы, ішкі мәдениеті кіреді. Педагогикалық іс-әрекет профессионалдықтың әр түрлі деңгейінде жүзеге асып, түрлі нәтиже береді. Әрбір оқытушы кәсіби өсуге және педагогикалық шеберлікке ұмтылады. Педагогикалық шеберлікті игеру студенттік кезден басталады.

Педагогикалық шеберлік кәсіби педагогикалық іс-әрекеттің жоғары деңгейде ұйымдастырылуын білдіреді, ол аз уақыт ішінде оптималды нәтижеге жетуге мүмкіндік береді.



Педагогикалық шеберлік-мұғалімнің оқу-тәрбие әрекетін жеделдету арқылы жеке тұлғаның көзқарасын және қабілеттерін жан- жақты дамыту, жетідіру мақсатындағы кәсіби іскерлігі.

Осы орайда елімізде шеберлікке жеткен алдыңғы қатарлы тәрбие үлгісіне зейін қойғанда, бұрынғы Семей облысы «Көкпекті» балалар үйінің бір кездегі директоры Жақия Шайжүнісов, Алматы қаласындағы қиын балалар үйінің директоры Архимед Мыңбаев, деңгейлеп оқыту технологиясын Ж.А. Қараев, жүйелік негізде оқыту технологиясын Т.Т. Ғалиев, шоғырландырып қарқынды оқыту технологиясын Қ.А. Әбдіғалиев пен Н.Н: Нұрахметов, блоктық-модульдік технологияны М. Жанпейісованың қызметтері – нағыз шеберліктің үлгісі. Сондай-ақ, ынтымақтастық педагогикасын дамытушылардың (И.Ф. Шаталов, И.Е. Ильина, Ш.А. Амонашвили, Т.И. Гончарова, С.Н. Лысенкова т.б.) жаңашылдық іс-әрекеттерінен нақты педагогикалық шеберлікті байқаймыз.

Психология ғылымдарының докторы, профессор Ш.П. Амонашвили 20

жылдан астам алты жастағы балаларды оқыту және тәрбиелеу мәселелері жөнінде зерттеу жұмысын жүргізіп, бастауыш сыныптар мұғалімдері үшін «Как живете, дети?», «Здравствуйте, дети!» атты еңбектерін жазды.

Педагогика ғылымдарының докторы, профессор И.П. Иванов Ресейдің біраз мектептерінде (Санкт-Петербург, Челябин және т.б. қалаларда) коммунар әдісін қолданудың тиімді жолдарын іздестірді.

Жаңашыл мұғалім В.Ф. Шаталов оқыту үрдісіне біраз жаңалықтар енгізді. Мысалы, «Ашық ойлар сабақтары», «Десант әдісі», «Тізбек әдісі», «Тірек сигналы» және т.б.

Педагогикалық үрдісте озат тәжірибені кеңінен қолданудың маңызы зор. Өйткені, терең білім мен тәрбие беру, педагогикалық озат тәжірибені зерттеу, жинақтау және таратудың нәтижесі, мұғалімдердің шығармашылық ісінің жемісі.

Педагогикалық ғылым жетістіктері мен озат педагогикалық тәжірибені заман талабына сай меңгеру – оқушыларға білім мен тәрбие берудің негізгі көзі.

Ұстаз бүгінге емес, ертеңге, болашаққа қызмет істейді. Ол заман дамуынан артта қалмастан, өзін - өзі жан–жақты дамыту үшін саяси–идеялық дәрежесін, ғылыми–теориялық білімін және педагогтық мамандығын күнбе– күн жетілдіріп отыруға талаптанады. Сонда ғана мұғалім шығармашылық еңбектің тамаша шебері бола алады.

Өзін тексеруге арналған сұрақтар мен тапсырмалар:

1. Педагогикалық шеберлік пәнінің зерттеу объектісі не?

2.Педагогикалық шеберлік және озат тәжірибе деген түсініктердің айыр-машылығы неде?

3. Педагогикалық шеберлік пәнінің оқыту мақсаты неде?

4. Педагогтың шеберлігі туралы қандай ғалымдардың сөздерін білесіз?



2-ші дәріс Педагогикалық қызметтің ерекшеліктері. Педагогикалық шеберлік және педагогикалық әрекет.

1. Педагогикалық қызметтің ерекшеліктері.

2. Педагогикалық шеберлік - кәсіби әрекетті басқара білу.

3. Кәсіби әрекет компоненттері:мақсат, құрал,объект, субъект.

4. Мұғалімнің педагогикалық іс-әрекетке сәйкестілігі.

Әдебиеттер:

1.ҚР жаңа формация педагогінің үздіксіз педагогикалық білім беру тұжы-рымдамасы.// Егеменді Қазақстан, 2005ж.

2.Андриади И.П. Основы педагогического мастерства. Учебное пособие для студ. Сред. Пед. учебн.завелений. М.Издательский центр «Академия», 1999 .-160с.

3.Зязюн И.А. Основы педагогического мастерства. Учебное пособие для спец. Высших учебных заведений. М.: Просвещение,1989.-205с.

4.Основы педагогического мастерства. Упражнения. Тесты. Советы начина-ющему педагогу. Учебно-методическое пособие /Сост. Т.П. Смолькина. - Караганда, 2002.-88 с.

5.Якушева С.Д. Основы педагогического мастерства:учебник для студентов средних проф. Заведений. С.Д.Якушева. 2-е изд.,-М.: Издательский центр «Академия», 2009.-256с.
Мұғалімнің педагогикалық қызметіне әртүрлі факторлар әсер етеді. Объективті факторларға: кең мағынада қоғамдағы әлеуметтік–саяси жағдайлар, саяси көзқарастар, мәдени құндылықтар, қоғамның рухани даму деңгейі, экономиканың, педагогикалық-психологиялық ғылымдардың даму деңгейін жатқызамыз. Ал тар мағынадағы факторларға - оның кәсіби қызметін атқару орны, ондағы психологиялық ахуал, мектептің материалдық базасы, баспа-насының болуы, т.б. жатады. Объективті факторлар арқылы әрбір педагогтың сана-сезімі қалыптасады. Бұл факторлар үнемі өзгеріп тұрады. Ол арқылы педагогтың «Мен»-тұжырымдамасы қалыптасады.

Субъективті факторларға мұғалімнің жеке тұлғалық қасиеттері, мінез- құлық ерекшеліктері, темпераменті, құндылық бағыттары, қызығушылығы, қажеттіліктері, адамгершілік-рухани және интеллектуалдық, іс-әрекет жасауға дайындығы, белсенділігі т. б. кіреді.

Педагогикалық құндылық - педагогикалық қызметтің танымдық педагоги-калық әрекет жүйесін бағыттайтын нормалар, білім беру жүйесінде қоғамдық саясаттың, көзқарастың, қызметтің бірлігін қамтиды.

Мұғалімнің кәсіби қызметінің ерекшеліктеріне байланысты мынандай компоненттері бар: мақсат, әдіс, тәсіл, құрал, субъект, объект. Мақсатты мұға-лім өзі таңдамайды, оны мұғалімнің алдына қоғам, мемлекет қояды, міндеттерді мұғалім өзі белгілейді.

Мұғалім педагогикалық процестің субъектісі, оқушыны да субъектіге айналдыру басты міндеттерінің бірі. Оқушы субъектіге айналған жағдайда ғана белсенділік таныта алады.

Мұғалім еңбегі - бұл әр алуан әрекеттердің жиынтығы.

Педагогикалық еңбек арқылы білімді таңдау (селекция), сақтау (хране-ние), және жеткізудің (трансляция) әлеуметтік міндеттері іске асады. Педагоги-калық әрекеттегі шығармашылық және «бәсекелестікке қабілеттілік» бүгінгі күні маңызды мәселе.

С.Рубинштейн, Б.Теплов және т.б ғалымдардың зерттеулері бойынша әрекет арқылы адамның психикалық процестері дамып, ақыл-ой, эмоцио-налдық, ерік-жігер сферасы, қабілеттері мен мінезі қалыптасады.

Педагогикалық әрекет мақсатты түрде өтеді, себебі, мұғалім өзіне-өзі міндетті түрде мақсат қояды. Кең мағыналы педагогикалық әрекет - ол адамдар өмір бойы жинаған тәжірибені, мәдениетті ұрпақтан-ұрпаққа тарату, адамды қоғамда белгілі бір әлеуметтік рөл атқаруға дайындау және оның дамып, жетілуіне қолайлы жағдай жасау кіреді .

Мұғалімнің атқаратын педагогикалық әрекеттерін ғалымдар В.А. Мижериков және М.Н.Ермоленко мынандай негізгі екі түрге бөледі. Ол оқыту және тәрбиелеу.



Оқыту - бұл мектепте оқушының танымдық әрекетін басқаруға бағытталған мұғалімнің арнайы әрекеті. Оқыту - педагогикалық процестің негізгі компоненті.

Ғалым И.П. Пидкасистыйдың айтуынша, оқыту әрекетінің пәні - оқушы-ның оқу- танымдық қызметін ұйымдастыра білу, ал ол өз кезегінде мұғалімдер жағынан педагогикалық басқару арқылы жүзеге асады. Келесі ерекшелігі - оқушылардың қызметін басқару, басқара отырып, болашақты болжау.

Педагогикалық басқару мынандай компоненттерден тұрады:

- оқыту үрдісінің әр түрлі формаларын ұйымдастыруда өзінің және оқушы-лардың әрекетін жоспарлау;

- оқушының білімді қабылдау және оны тәжірибеде қолдану тәсілдерін меңге-ре алу белсенділігін ынталандыру;

- оқушылардың тапсырмаларды сапалы орындауын қадағалау;

- оқу нәтижелерін саралау, болашақ нәтижелерді болжау.

Мұғалім әрекетінің келесі түрі - тәрбие жұмысы. Ол оқушының дұрыс дамуына жағдай жасайтын әртүрлі әрекет түрлерін басқару, тәрбиелік ортаны қалыптастыруға бағытталған әрекет түрі.

Оқыту және тәрбиелеу бір процестің екі жағы. Олар бір-бірінсіз жүрмейді. Оқытуда тәрбиелік әсер етпей болмайды. Керісінше, тәрбиелеуде міндетті түрде оқыту элементтері қолданылады. Алайда, олардың айырмашылықтары да бар екендігін ескерген жөн. Оларды атап өтсек: оқытудың уақыты бар және ол шектеулі, ал тәрбие үздіксіз жүретін үрдіс. Оқыту - тәрбиелеуге қарағанда ұйымдастыру және жүзеге асыру жағынан оңай үрдіс.

Бұнымен қоса, ғалымдар В.В. Краевский, Н.Я. Лернер және М.Н. Скаткин білім мазмұнының білім және білікпен қоса шығармашылық әрекет және қоршаған ортаға эмоционалды қатынас тәжірибесі компоненттерін қосады, бұл компоненттер тәрбие мен оқытудың бірлігінсіз жүзеге аспайды. Көрнекті неміс педагогы А.Дистервег тұтас педагогикалық процесті «тәрбиелік оқыту» және «оқытудағы тәрбиелік бірлік» ретінде түсіндіреді. Бұл аталған әрекет түрлерін қоса ғалымдар мұғалімнің осылармен қатар атқаратын әрекет түрлерін көрсеткен. Олар:

1. Мұғалімнің өзін - өзі оқыту және тәрбиелеу әрекеті.

2. Басқарушылық оқу мекемелерін басқару.

3. Ұйымдастырушылық - оқушылардың мектепте және мектептен тыс тәрбие шараларын ұйымдастыру.

4. Әдістемелік жаңа педагогикалық тәжірибелері, ғылыми жетістіктерді меңгеру.

5. Мектепте және мектептен тыс үйірме жұмыстарына қатысу.

6. Ғылыми зерттеушілік.

Қорыта келгенде, педагогикалық әрекет мұғалім оқушының танымдық қызығушылығын дамытып, сабақта шығармашылық жағдай ұйымдастырып, басты екі педагогикалық әрекетті дұрыс ұштастыра алса ғана жемісті болады.

Педагогикалық әрекеттің басты идеясы – оқыту мен тәрбие жұмысында мақсаттың, міндеттердің, принциптердің, заңдылықтардың, мазмұнының, әдістер мен формалардың бірлігі, тұтастығы мен өзара байланыстылығы.

Мұғалімнің педагогикалық әрекеті нақты жағдайда әртүрлі міндеттерді атқару негізінде жүзеге асады. Өзінің шеберлігін шыңдап, кәсіби жетілуі үшін мұғалім педагогикалық әрекеттің құрылымы мен міндеттерін білуі тиіс.

Тұлға құрылымында түсінік берілген, педагогикалық іс-әрекет субъектінің сапаларын қарастыру, индивидтік, туа берілген және өзіндік, өмір барысында жинақталған тұлғалық сапаларды педагогикалық іс-әрекет ерекшеліктерімен теңестіруге мүмкіндік береді.

К.К. Платонов бойынша, тұлға күрделі құрылым ретінде қарастырылады, бұл құрылым төменнен жоғары орналасқан төрт шағын құрылымдардан тұрады:

1-ші - жоғарғы, тәрбиелеу жолымен қалыптастырылған бағыттылықтың негізінен әлеуметтік шартталған шағын құрылымы;

2-ші - тәжірибе шағын құрылымы, оған оқыту жолымен алынған білімдер, дағдылар, іскерліктер және әдеттер жатады;

3-ші - шағын құрылым, оған психикалық процестердің, биологиялық нышандар негізінде жаттығулар жолымен әлеуметтік қалыптастырылған даралық ерекшеліктері жатады;

4-ші - төменгі, негізінен, биологиялық шартталған тұлғаның шағын құрылымы темпераментті, қайталау (жаттықтыру) жолымен қалыптасқан жастық, жыныстық т.б. қасиеттерді қамтиды. Педагогтың өз кәсібіне сәйкестілігінің екінші жоспары – оның педагогикалық іс-әрекетке тұлғалық дайындығы. Дайындық адамның «Адам-Адам» типіндегі мамандыққа деген рефлексияланған бағыттылығын, оның дүниетанымдық кемелдігін, кең, жүйелі кәсіби-пәндік құзырлығын және де коммуникативтік, дидактикалық қажеттілік-тер мен аффилияцияға деген қажеттілікті қамтиды. Дайындық 3-ші және 4-ші шағын құрылымдардың оптималды қызмет етуіне негізделе отырып, К.К. Платонов бойынша, тұлғаның 1-ші және 2-ші шағын құрылымдарын қажет етеді.

Басқа адамдармен өзара әрекеттесуге, педагогикалық қарым-қатынасқа араласу адамның педагог іс-әрекетіне сәйкестілігінің үшінші жоспарын айқын-дайды. Ол әңгімелесушімен контакт орнатудың жеңілдігін, әңгімелесуші реак-цияларын бақылап отыру іскерлігін, өзінің оған сәйкес жауап қайтаруын, қарым-қатынастан рахат алудағы іскерлігі жатады. Сыныптағы оқушылардың реакцияларын қабылдау және түсіндірмелеу іскерлігі, «кері байланыс арна-лары» арқылы келіп түскен сигналдарды талдай отырып, «жақсы коммуника-тор» белгілері кіреді. Шәкірттермен, студенттермен педагогикалық қарым-қатынасты дұрыс ұйымдастырудың маңыздылығын есепке ала отырып, зерттеушілер педагогтың коммуникативтік қабілеттерін арнайы қалыптастыруға ерекше назар аударуда. Адамның педагогикалық іс-әрекетке жарамдылығы (әрине, адамның даралық-тұлғалық сапаларының педагогикалық іс-әрекетке сәйкестілігінің үш жағын толықтай дәл келуі, яғни, жарамдылықтың, дайындықтың және кірісудің тіркесімі) ғана оның неғұрлым тиімділігін қамтамасыз етеді. Алайда, шынайы өмірде сәйкестіліктің үш жоспарының тіркесімдерінің түрлі нұсқалары кездеседі және де олардың әрқайсысы азды көпті түрде айқын көрінеді. Төменде келтірілген кесте сәйкестіліктің осы үш жағының ықтимал тіркесімдерін көрсетеді.



Сәйкестілік сипаты

Жарам-

дылық


Дайын-

дық


Кірі-

сушілік

Толықтай сәйкестілік


бар

бар

бар



Жартылай, бірақ тәжірибе нәтижесінде түзетуге оңай сәйкестілік

бар

бар

жоқ

Өзін-өзі тәрбиелеу және өз-өзіне білім беру бойынша аумақты жұмыс нәтижесінде жойылатын жартылай сәйкестілік

бар

жоқ

бар

Сәйкестілік жоқ, бірақ ол өзін-өзі ұзақ тәрбиелеу, оқу және тренингтер нәтижесінде қалыптастыруы мүмкін

бар

жоқ

жоқ

Кәсіби іс-әрекетке сәйкестілік жоқ – кәсіби жарамсыз адам

жоқ

жоқ

жоқ


Педагогикалық іс-әрекетке сәйкестілік жоғарыда көрсетілген оның көрі-ністерінің жоспарларының әрқайсысымен мақсатты жұмыс нәтижесінде дамуы мүмкін екендігін болашақ мамандар түсінуі абзал.



Өзін тексеруге арналған сұрақтар мен тапсырмалар:

1. Педагогикалық қызметтің ерекшелігі қандай?

2.Кәсіби әрекеттің қандай түрлерін білесіз?

3. Кәсіби әрекет компоненттеріне нелерді жатқызамыз?

4. Мұғалімнің педагогикалық іс-әрекетке сәйкес болуы не үшін қажет?



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет