Құқық қабілеттілігі – ол тұлғаның құқыққа ие болып, мiндет атқару қабiлетi, қазіргі кезде барлық азаматтарға бiрдей деп танылады.
Әрекет қабiлеттiлiгi – ол адамның өз әрекеттерiмен азаматтық құқықтарға ие болуға және оны жүзеге асыруға, өзi үшiн азаматтық мiндеттер жасап, оларды орындауға қабiлеттiлiгi. Қазіргі уақытта толық әрекет қабілеттілік кәмелетке толғанда, яғни он сегiз жасқа толғаннан кейiн пайда болады. Ал Ежелгі Рим мемлекетінде бұл ұғымдар жаңадан қалыптасып келе, жоғары сатыда реттелуге жеткен. Адамдық ерекшелігіне бірнеше жағдайлар әсер еткен: еркіндігі мен еркін еместігі, азаматтық жағдайы, римдік отбасыдағы жағдайы, тағы басқалар. Мұндай мәртебелердің болмаған жағдайында адам азаматтық құқықта субъект ретінде қарастырылмады. Толық субъект ретінде еркін адам (тәуелсіз), әрекет қабілеттілікке ие болып 25 жасынан танылды. Мұндай тұлғалар бірнеше элементтерден құрылған құқық қабілетіне ие болды:
Некеге тұру - jus conubii;
Мәмілелер жасау - jus commercii;
Мұра қалдыру немесе мұрагер болу - testamentifactio;
Талапкер болу.
Әйелдер, рим азаматтары бола тұра, толық құқық қабілеттілікке ие бола алмады. Ерлердің жартылай әрекет қабілеттілігі 14 жасынан басталатын, ал қыз балалардың жартылай әрекет қабілеттілігі 12 жастан басталатын. Яғни, осы жастан бастап олар некеге тұра алатын және өздеріне пайда әкелетін мәміле жасай алатын. Ал мүлікті иеліктен шығару тұралы мәмілелерді олар 25 жасқа толғанша тек қана қорғаншысының келісімімен жасай алатын.
Рим құқығы тек ерікті азаматтардың құқыққабілеттілігін таныды. Бірақ кез келген ерікті азаматты құқыққабілетті деп танымайтын. Ерте кезде толық құқыққабілеттілік тек рим азаматтарында танылды.
Рим азаматтығын алудың негізгі тәсілі - баланың дүниеге келуі болды. Рим некесінде дүниеге келген бала әкесінің жағдайын қабылдады. Ал, некеде тұрмаған әйелден дүниеге келген бала шешесінің жағдайын қабылдады. Сонымен қатар рим азаматтығы құлдықтан босату арқылы, бала асырап алу арқылы, жекелеген тұлғаларға, қауымға, провинцияларға ерекше акт арқылы рим азаматтығын беру арқылы алынатын.
Құқыққабілеттілік жария құқық аясында мыналарды қамтыды: тұрақты әскерде қызмет ету құқығы, халық жиналыстарына қатысу және сайлау құқығы; магистрде лауазым алу. Өзінің құқықтық жағдайына байланысты рим азаматтары ерікті туылғандар және рим азаматымен құлдықтан босатылғандар деп бөлінді.
Және де еркін рим азаматтары өз кезегінен, еркіндігіне қарамастан, өздерінің отбасына түгел бағынатын. Отбасындағы барлық мүліктік құқықтар тек қана отағасына берілетін. Оның балалары, әйелі құлдармен қатар еш мүлікті меншігіне ала алмаған. Қалыңдыққа берілген жасау да отағасының мүлкі деп саналатын.
Тұлғаның құқықтық жағдайының шектелуінің ерекше жағдайы - арынан айырылу болды. Арынан айырылу жағдайы қылмыс үшін сотталған жағдайда; некеге қатысты құқықтық нормаларды бұзған жағдайда; ұят істермен айналысқан жағдайда орын алды. Рим азаматтығы еркіндігін жоғалтумен байланысты жойылып отырды.
Еркін рим азаматы деп танылу үшін адам келесі үш статусқа (жағдайға) ие болу керек болатын:
1 – еркіндік жағдайы - status libertatis;
2 – азаматтық жағдайы - status civitatis;
3 – отбасылық жағдайы - status familiae.
Осыған байланысты: еркін рим азаматтары, латиндар, перегриндер, колондар, құлдар, еркіндікке жіберілгендер, отбасы иелері және оның қоластындағылар ажыратылатын.
Достарыңызбен бөлісу: |