Патронат- патронат – жетiм балалар, ата-аналарының (ата-анасының) қамқорлығынсыз қалған балалар қорғаншылық немесе қамқоршылық жөнiндегi функцияларды жүзеге асыратын орган мен баланы (балаларды) тәрбиеге алуға тiлек бiлдiрген адам жасайтын шарт бойынша отбасыларға патронаттық тәрбиеге берiлетiн тәрбие нысаны
Қорғаншылық және қамқоршылық нысанындағы патронат ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, соның ішінде тәрбиелеу, емдеу немесе осы тәрізді басқа да мекемелердегі кәмелетке толмаған балаларға белгіленеді.
Баланы тәрбиелеуге алуға тілек білдіруші адам (патронат тәрбиеші) мен қорғаншы және қамқоршы орган арасында жасалған баланы (балаларды) тәрбиелеуге беру туралы шарт патронаттың туындау негізі болып табылады.
Баланы тәрбиелеуге беру туралы шарт баланы асырап-бағу, тәрбиелеу және білім беру жағдайларын, патронат тәрбиешінің құқықтары мен міндеттерін, патронат тәрбиешіге қатысты қорғаншылық немесе қамқоршылық жөнiндегi функцияларды жүзеге асыратын органдардың міндеттерін, сондай-ақ мұндай шарттың тоқтатылу негіздері мен салдарларын көздеуі тиіс.
Бала патронат тәрбиешіге аталған шартпен белгіленген мерзімге тәрбиелеуге беріледі.
Патронат тәрбиешілердің еңбегіне ақы төлеу және тәрбиелеуге алынған балалар санына қарай берілетін жеңілдіктер Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленеді.
Патронат тәрбиешілер тәрбиеге алынған балаға (балаларға) қатысты қорғаншылар мен қамқоршылар сияқты құқықтар мен міндеттерге ие болады.
Патронат тәрбиешілерді іріктеп алуды қорғаншы және қамқоршы органдар жүзеге асырады.
Шарт бойынша оны патронат тәрбиешілерге беру үшін баланы (балаларды) алдын ала таңдауды қорғаншы және қамқоршы органмен келісім бойынша баланы (балаларды) отбасына қабылдауға тілек білдірген адамдар жүзеге асырады.
Ағалы-інілерді, апалы-сіңлілерді (қарындастарын) ажыратуға жол берілмейді, бұған олардың мүдделеріне сай келетін жағдайлар қосылмайды.
Баланы (балаларды) патронат тәрбиешілерге беру оның пікірі ескеріле отырып жүзеге асырылады. Он жасқа толған бала (балалар) оның келісімімен ғана берілуі мүмкін.
Патронат тәрбиешілерге берілген бала (балалар) өзіне тиесілі алименттерге, зейнетақыға, жәрдемақыға және басқа да әлеуметтік төлемдерге құқығын, сондай-ақ тұрғын үй-жайға меншік құқығын немесе тұрғын үй-жайды пайдалану құқығын сақтайды. Тұрғын үй-жайы болмаған кезде, тұрғын үй заңдарына сәйкес оған тұрғын үй-жай берілуіне құқығы бар.
Әрбір баланы асырап-бағуға Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен және мөлшерде ай сайын ақшалай қаражат төленеді.
Қорғаншылық немесе қамқоршылық жөнiндегi функцияларды жүзеге асыратын орган патронат тәрбиешілерге қажетті көмек көрсетуге, баланың (балалардың) өмірі мен тәрбиесіне қалыпты жағдай туғызуға жәрдемдесуге міндетті, сондай-ақ патронат тәрбиешілерге жүктелген баланы (балаларды) асырап-бағу, тәрбиелеу және оған білім беру міндеттерін орындауға бақылауды жүзеге асыруға құқылы.