Құқық бұзушылық – қоғамның, мемлекет пен жеке адамның мүдделеріне зиян келтіретін субъектінің кінәлі, құқыққа қарсы, қоғамға қауіпті әрекеті.
Кез келген құқық бұзушылық дегеніміз адамдардың іс-әрекеті немесе әрекетсіздігі ретіндегі әрекеті. Оларға табиғат құбылыстары мен жануарлардың мінезін жатқызуға болмайды.
Құқық бұзушылықтың бәрі құқыққа қарсы. Бірақ құқыққа қарсы әрекеттің кез келгенін құқық бұзушылық деп тануға болмайды. Нәтижесі субъектінің еркін өз ықтиярымен білдіруі, яғни оның кінәлі мінез-құлқы болған әрекет қана құқық бұзушылық болады. Әдетте, жасы толмағандар мен ақыл-есі кем адамдар өз әрекеттерінің сипатын ұғынбайды деп саналады, сондықтан да олар құқық тұрғысынан құқық бұзушылыққа қабілетті болып танылмайды.
Жеке адамның өзге мінез-құлық нұсқасын таңдауға амалы қалмайтын жағдайда жасаған құқыққа қарсы әрекеті (мысалы, өте қажет болған жағдай, қажетті қорғаныс) құқық бұзушылық деп танылмайды. Еркіне тәуелсіз құқық нормасын бұзу объективті түрде құқыққа қарсы әрекет болады, бірақ жаза қолданылатын құқық бұзушылық емес. «Объективті айыптауға, – делінген Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық кодкексінде,- яғни кінәсіз зиян келтіргені үшін қылмыстық жауаптылыққа жол берілмейді» (19-баптың 2-тармағы).
Құқыққа қарсы әрекет ол кінәлі болғанда құқық бұзушылыққа айналады. Кінә дегеніміз- субъектінің қоғам, мемлекет, жеке адам мүдделеріне іштей теріс көзқарасының құқыққа қарсы әрекет жасаумен білдірілген көрінісі. Кінә негізгі екі нысанға: қасақана және абайсыздықпен жасалған болып бөлінеді.
Кінә нысаны жауапкершілік шарасына тікелей ықпал етеді.
Құқық бұзушылықтың заң жүзінде жауапкершілік жүктеу үшін қажетті және жеткілікті, мейлінше жалпы, дағдылы және елеулі белгілерінің жүйесі құқық бұзушылық құрамы деп аталады.
Құқық бұзушылық құрамын құрайтын белгілердің тіпті біреуінің болмауы заң жүзіндегі жауапкершілікті болғызбайды.
Құқық бұзушылық құрамына мыналар кіреді:
Құқық бұзушылық субъектісі – заңмен құқық бұзушылыққа қабілетті деп танылатын жеке адамдар немесе сондай әрекет жасаған әлеуметтік ұйымдар;
Азаматтық құқық жеке құқық бұзушыларды (жеке адамдар) да, ұжымдық құқық бұзушыларды (заңды тұлғалар) да құқық бұзушылар деп таниды.
Құқық бұзушылық объектісі – құқықпен реттеліп, қорғалатын және құқық бұзушылық араласатын нәрсе. Тектік объект – қоғамдық қатынастар, олардың саласы және түр объектісі – өмір, денсаулық, ождан, мүлік және т.б.;
Құқық бұзушылықтың субъективті жағы – субъектінің өз әрекеті мен оның зардаптарына ішкі, психикалық көзқарасын сипаттайтын белгілердің жиынтығы.
Бұл көзқарас (кінә) тікелей қасақаналық нысанда болуы мүмкін, яғни бұл орайда субъект өз іс-әрекетінің немесе әрекетсіздігінің қоғамға қауіпті сипатын ұғынады, зиянды зардаптардың болу мүмкіндігін немесе болмай қоймайтындығын алдын ала біледі және олардың болуын тілейді. Жанама қасақаналық нысанда да болуы мүмкін, бұл ретте субъект өз әрекеттерінің қоғамдық қауіпті сипатын ұғынады, зиянды зардаптардың болу мүмкіндігін алдын ала біледі, бұл орайда олардың болуын тілемейді, бірақ саналы түрде жол береді не оларға немқұрайды қарайды.
Құқық бұзушылықтың объективті жағы – әрекеттің өзі немесе әрекетсіздік, құқыққа қарсылық (әрекетті заңда көрсету), зиянды нәтиже (мағыналы аспект), әрекет (себеп) пен одан туындайтын зиянды нәтиже (салдар) арасындағы тікелей (кездейсоқ емес) себеп-салдары байланыс сияқты, құқық бұзушылықты сипттайтын сыртқы белгілердің жиынтығы.
Сипаты мен дәрежесі бойынша қоғамдық қауіпті құқық бұзушылық қылмыс және теріс қылық түрлеріне жіктеледі.
Қылмыс – қоғам үшін мейлінше қауіпті және қылмыстық заңмен тыйым салынған құқық бұзушылық. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 9-бабында қылмыс ұғымына мынадай анықтама берілген: «Осы Кодексте жазалау қатерімен тыйым салынған айыпты қоғамдық қауіпті әрекет (іс-әрекет немесе әрекетсіздік) қылмыс деп танылады».