Қазақстан дербес прокуратурасының негізін қалаушы



Дата31.01.2018
өлшемі170,33 Kb.
#36922
ОӘЖ 94(574:347.963(092)
ҚАЗАҚСТАН ДЕРБЕС ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ

(мемлекет қайраткері С.Есқараевтың туғанына 120 жыл)
Кабдушев Б.Ж. - тарих ғылымдарының кандидаты, доцент (АЭжБУ)

Нұрғалым К С. –саясаттану ғылымдарының кандидаты, (ҚазҰТЗУ)


Аннотация:

Мақалада С. Есқараевтың мемлекет қайраткері ретінде танылуы, шыңдалуы, өсуі құқық қорғау органдары жүйесінде қалыптасты. 1925 жылы Ішкі істер халқомы кейін алғашқы милиция мектебін ұйымдастырып, оны басқарғаны баяндалады.

1936 жылы С. Есқараевқа Қазақстанның дербес прокуратурасын құру жұмысы жүктеліп, оны ұйымдастыруда КСРО Прокуроры Вышинскийге, КСРО Әділет комиссары Крыленкоға материалдық және кадрлық жағынан қолдау сұрап қызметтік хаттар жазады. Қорытындысында С. Есқараевтың прокуратураны ұйымдастырудағы еңбегі жоғары бағаланып, Қазақстан үкіметі төрағасының орынбасары болады.
Тегі: прокуратура, губерния, Қазақ АКСР Кеңестердің V съезі, репрессия, халком кеңесі.
Мазмұны

CC ғасырдың 20-30 жылдардағы іргетасы жаңа қаланған Қазақ Автономиялы республикасының ірге тасын қалауға ат салысқан iрi қайраткерлерi қатарында саналатын Сүлеймен Есқараевтың тұлға ретінде қалыптасуы, өсу жолы, әсiресе мемлекеттік қызметiмен байланысты ашылмай жатқан деректер жетерлiк. Мысалы кеңес дәуiрiнiң алғашқы он жылдығында үкімет басшылары үгiт-насихат жұмыстарынан да қол үзбей, үнемi мақала жазып, газет-журналдарда өз қызметiне қатысты бағыт-бағдарының оңы мен солын пайымдап атқарылған игiлiктi шаралардан хабардар етуді әдетке айналдырған болса, Сүлеймен Есқараевтың да 1920-1930 жылдардағы мерзімді басылым беттерiнен орысша-қазақша жазылған мақалаларын кездестiрген едiк [1].

Заманымыздың заңғар жазушылары Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсiреповтың естелiктерiнде, сондай-ақ ел ағасы Қонаев Дiнмұхамед атамыздың Есқараев Сүлеймен туралы айтқан пiкiрлерiндегі ардақты азамат ретiнде баға берген жылы лебiздерiнiң өзi-ақ, оның тұлғасын дараландырып, бiлуге құмарттыра түседi.

Қазақстанның дербес прокуратурасының негiзiн қалаушы көшбасшысы, жазықсыз жазаға ұшыраған С.Есқараевтың тәуелсiздiк тұсында есiмi қайтара жаңғырып, мерейтойлары аталып өтуi, туған топырағы Қызылорда жерiнде көше аттары берiлiп, ескерткiш қойылғаны, Алматыдағы көшеге, Бас прокуратура жанындағы ғылыми институтқа С. Есқараевтың есiмi берiлгенi сияқты еске қалдыру шараларының атқарылуы үлкен игi iс болды.

Бұл мақаламызда мүлдем белгісіз болып келген деректерді (Қазақстан Республикасы Президенті мұрағатында сақталған жеке ісі, Қазақстан Республикасы Орталық мұрағатынан табылған С.Есқараевтың КСРО-ның Әділет комиссары Н.Крыленкоға, КСРО Прокуроры А.Я.Вышинскийге, Қазақ Өлкелік комитетінің хатшысы Левон Мирзоянға жазған хаттары т.б.) айналымға қоса отырып, С.Есқараевтың өмірі мен қызметінің кейбір тұстарын қайта қарап, пысықтап отырмыз.
Сыр өңiрiнiң тумасы
…Небары 40 жыл өмiр сүрген С.Есқараевтың ең соңғы атқарған қызметi Қазақстан үкiметi төрағасының орынбасары лауазымы болды. Бұл оның теориялық бiлiмiнiң тереңдеп, қызметте шыңдалып, нағыз басшы ретiндегi толысқан шағы болатын. Қамшының сабындай қысқа ғұмыр кешкен осынау қайраткердiң өмiрбаяны жайында қызмет бабына қатысты толтырылған сауалнамалардан (анкета) ғана бiлiп жүрмiз. Мысалы, Орталық мұрағатта С.Есқараевтың 2 беттiк жеке қызмет парақшасы (личный листок) ғана бар. Ал ҚР Президентінің мұрағатында ҚАКСР астанасы Орынборға қызметке келгенде өз қолымен жазып, Қазөлкекомға өткiзген өмiрбаяны сақталыпты. 1937 жылы шiлде айында Халком кеңесiнiң төрағасының орынбасары қызметiне кiрiскен тұста жеке қызмет парақшасын қайта толтырып, баяғы жазған өмiрбаянын қоса тiркеген болуы керек.

С. Есқараев өзi туралы былай дейдi: “Мен Сырдария губерниясының Қазалы уезiндегi Қуандария болысының көшпелi қазақ отбасында 1897 жылы дүниеге келгенмiн. Әкем қатарынан болған қос жұттан соң бар малынан айырылып, дала өмiрiнiң ауыртпалығы мен жоқшылығына тап болдық. 13 жаннан тұратын отбасын сақтап, қайыршылықтан құтқарудың жалғыз жолы қалаға көшу болды.

Қалада да материалдық жағдайымыз қиындап, адам төзгiсiз халге жеткендi, өйткенi қалада бiздiң танысымыз да болмағандықтан жұмысқа орналасу мүмкiн емес-тi.

1910 жылдан мен екi ағаммен бiрге темiр жолда кiрпiш құюшы болып еңбек жолын бастадым. 1912 жылдан темiр жолда жол жөндеушi, ал 1917 жылдан 1919 жылға дейiн темiр жолда балғашы болып жұмыс iстедiм” [2]. 1915 жылы әке-шешесiнiң қайтыс болуы да, оның ерте есеюiне, өз бетiмен өмiрдiң ыстық-суығына төселуiне себепшi болды.


Лауазым баспалдақтары
С. Есқараевтың 1916 жылғы маусым жарлығынан туған қазақ ауылдарындағы дүрбелеңдi де, 1917 жылғы қос төңкерiстiң бағыты мен мән-маңызын да жақсылыққа балап, өзiнше ой түйгенi анық. Перовскiде (қазіргі Қызылорда) ақ-қызыл болып билiк ауысқанда жұмысшы табының өкiлi ретiнде оның большевиктер жағын таңдауы заңды едi. Ол жөнiнде өзi: “1918 жылы Перовскiлiк Қызылгвардия тобына өз еркiммен сұранып, Ақтөбе өңіріндегі Черняевка майданына қатыстым” – деп жазды. Сол жылы оның большевиктер партиясының қатарына өткенi деректерден мәлім. Азамат соғысына қатысқан С.Есқараевтың бұл күрделі кезеңге iштей баға да бердi, қызылдар қатарында жүрiп, соғыстың қазақ ауылдарына әкелген ауыр зардаптарын өз көзiмен көрiп, жаны күйзелдi. Кеңестік билікке азамат соғысы жағдайындағы жүргізілген әлеуметтік-экономикалық саясатына наразы болған Осипов көтерiлiсiн басуға қатынасты…

1919 жылдың қыркүйегiнде уездiк партия комитетiнiң жолдамасымен Ташкенттегi кеңестiк партия қызметкерлерiн даярлайтын мектепке оқуға жiберiледi. Содан 1920 жылдың мамырынан Сырдария губерниялық кеңестер съезiн ұйымдастыру комитетiнiң нұсқаушысы, 1921 жылдың қаңтарынан Ақмешiтте уездiк комитетте ауыл шаруашылық бөлiмiнiң меңгерушiсi, сәуiр айынан Ташкент облыстық Төтенше комитетiнiң бастығының орынбасары, 1922 жылдың тамызынан Ақмешiт уезi қалалық атқару комитетiнiң төрағасы, 1923 жылдың мамырынан Сырдария облыстық атқару комитетiнiң төрағасы болады. Аз уақыт iшiнде бірқатар жауапты жұмыстарды атқарудың барысында ол ұйымдастырушылық, басқарушылық шеберлiгiн ұштап, өзiнiң істі шешудегі бiлiктiлiгi әрi принциптiлiгiмен танылды. С. Есқараевтың бойынан басшыға тән ерекшелiктердi байқап, өзiне жақын тартып, қолдағандардың бiрi көрнекті партия басшысы Сұлтанбек Қожанов едi.

1924 жылдың күзiнде Түркiстан АКСР-ы құрамындағы қазақ (Сырдария және Жетiсу) облыстарын Қазақ АКСР-на қосу жайлы шешiм қабылданды. Көп кешікпей саяси хатшы Сұлтанбек Қожанов бастаған бiр топ қазақ басшылары Ташкенттен Орынборға қоныс теуiп, қызметтерiн бастап кеттi. С. Есқараевқа Қазақ Республикасының Ішкi iстер комиссариатын басқару жүктелдi. Әсiресе, Қазақстанның жаңа астанасы Ақмешітке (Қызылордаға) көшу тұсында Сыр өңірін жақсы білетін С.Есқараев мемлекеттік жұмыс комитеттерiнiң құрамына енiп, қаланы тәртiпке келтiру мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге мол еңбек сiңiрдi. 1925 жылдың сәуiрiнде өткен Жалпықазақтық Кеңестердiң V съезiнде жаңғыртылған үкімет құрамында С.Есқараев Iшкi iстер комиссары қызметiне тағы да бекiтiлдi.

1925 жылдың күзінен Ф.И.Голощекин Қазақстанға келiсiмен үкiмет құрамында терең тәжірибеден өтіп, басшылық қызметте қалыптасып үлгерген ұлттық қайраткерлердiң арасында саяси жiкшiлдiктi өрiстетiп, бiр-бiрiне қарсы айдап салудың айла-шарғыларын шебер қолданды. Ең әуелi өзiне қарсы тұрар тегеуiрiнi күшті көрнекті тұлғалар Сұлтанбек Қожановты, Смағұл Сәдуақасов пен Жалау Мыңбаевтарды қызметiнен кетiруге күш салып бақты. Мәселен, С.Қожанов Мәскеуге БК(б)П Орталық Комитетiнiң аппаратына Ұлт республикалары мен облыстары бойынша жауапты нұсқаушы қызметiне жiберiлген соң, келесі кезекте олардың жақтастарын тазарту науқаны жаппай өрiс алды. 1927 жылы Есқараев та (1924 жылдан) С.Қожановтың саяси бағытын қолдаушылардың бірі болғандығын мойындап, қызметiнен кетуге мәжбүр болыпты. Голощекиннiң тұсында Қазақстанда елдің мақсат-мүддесі жолында толыққанды қызмет ете алмайтынына көзі жетті. Лауазымнан төмендетілген С.Есқараев әуелi 1928 жылдың қаңтарынан 1929 жылдың желтоқсан аралығында Өлкелiк милицияларды даярлайтын мектептiң бастығы болады да, 1930 жылы 8 айлық даярлық курсында оқыған соң, Мәскеудiң Жоспарлау Академиясының энергетика бөлiмiне оқуға түскен. 1932-33 жылдар Қазақстанның тарихындағы қаралы кезең. Голощекиндiк жауыз саясаттың нәтижесiнде қазақ шаруашылығы толығымен құлдырап, 2 миллионнан астам қазақтар аштықтан қырылды. 1933 наурызында Голощекиннiң қателiктерi партия тарапынан мойындалып, ол Қазақстаннан кетiрiлiсiмен орнына қазақтар “Мырзажан” атап кеткен Л.И.Мирзоян бiрiншi хатшы болып келгенде бұрынғы iскер басшылардың көпшiлiгi қайтадан қызметке тартыла бастады. 1933 жылдың маусымында С. Есқараев Қазақстанға қайта оралысымен, дәрежесіне сай 25 шiлдеде Қарағанды облыстық атқару комитетiнiң төрағасы болып тағайындалған едi…


Дербес прокуратура құру жолында
1933 жылдың қаңтарында Қазақстан Республикасының Әдiлет халық комиссариаты құрамында прокуратура басқармасын құрып, республика прокуроры мiндетiн Әдiлет халық комиссарының бiрiншi орынбасарына жүктеу әрi құрылымы мен құзырын өзгерту шаралары оң нәтижесiн бере алған жоқ. Көптеген мәселелер өз шешiмiн таппай, қордалана бердi. Атап айтқанда, орталық аппаратты мамандармен жасақтау бар-жоғы 60 пайызға ғана қамтамасыз етiлдi. Тiптi бiрқатар аудандарда прокуратура органдары құрылмаған болатын. Бiр жағынан 1935 жылдың ортасында босаған республика прокурорының тікелей басшылық жасайтын қызмет орнына ешкiм ұсынылмай ол мүлдем ескерусiз қалды.

1936 жылдың қаңтарында Қазақстан прокуратурасындағы қалыптасқан осы жайттарды баяндап Кеңестер Одағының прокуроры А.Вышинскийдiң атына Республика прокурорының орынбасары қызметін атқарушы М.П.Овощников хат жазды. Оның баса назар аударған мәселесi партиялық тазалау науқаны барысында еріксіз қызметтерiнен кетiрiлген бес прокурордың орнына орталықтан тәжiрибелi, бiлiмдi мамандар алдырту және жарты жылдан берi орны бос тұрған республика прокурорын тағайындау едi. Орын алған ахуалға орталықтағылар аса алаңдаушылық бiлдiрiп, Қазақ өлкелiк партия комитетiне арнайы тапсырма берген еді. Сол жылдың 7 ақпанында аталған мәселе Қазөлкекомның төралқа мәжiлiсiнде жедел қаралып, Әдiлет халық комиссары мен Республика прокуроры мiндетiн қайта бiрiктiрiп бiр қолға беру жөнiнде шешiм қабылдайды да, оған басшылық етудi Сүлеймен Есқараевқа жүктейдi. Бұл мiндетке Өлкелiк партия комитетiнiң С. Есқараевты таңдауында үлкен мән бар. Ол ұзақ жылдар Қазақстанның Ішкi iстер комиссариатын басқарған. Мәскеуде бiлiмiн жетiлдiрген соң 1933 жылдан Қарағанды облыстық атқару комитетiнiң төрағасы болды. Тәжiрибелi, табанды, талапшыл азаматтың қасиеттерiн Л.И.Мирзоянның өзi айрықша бағалаған болу керек.

1936 жылдың ақпанынан Әдiлет халық комиссары және Республика прокуроры мiндетiне кiрiскен тұстан-ақ С.Есқараев ең әуелi республикалық аппараттың, жергiлiктi сот, прокуратура органдарының ахуалымен мұқият танысады. Тексеру барысында байқалған кемшiлiктердi жою шараларын белгiлейді. Әсiресе айрықша көңіл бөлгені сот, прокуратура органдарын жергiлiктi партия органдарының ықпалынан шығару, бiлiктi мамандармен толықтыру мәселелерiне ерекше күш жұмсайды.

1936 жылдың 6 сәуiрiнде С.Есқараев қызмет бабымен Мәскеуге жол жүрiп кеттi. 17 сәуiрде оның РСФСР Әдiлет халық комиссариатының кеңесiне Қазақстандағы әдiлет саласында, әсiресе, прокуратурадағы орын алған кемшiлiктердi терең талдаған баяндамасы тыңдалып, талқыға түстi. Соңында баяндама негiзiнде кеңес 19 баптан тұратын қаулы қабылдаған. РСФСР Әдiлет халық комиссары В.Крыленко қол қойып бекiткен жүзеге асырылуы тиiс бұл шаралардың кез-келгенi елiмiздегi құқық қорғау органдарының жағдайын тұрақтандырып, жақсартуға бағытталған көкейкестi мәселелер едi. Мәселен, сот прокуратура саласына жоғары білімді мамандар даярлайтын оқу орындарын ашу, олардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға қаржы бөлу, Әдiлет комиссары және республика прокурорының рұқсатынсыз жергiлiктi прокурорларды, сот төрағалары, әдiлқазыларды қызметiнен ауыстырмау, оларды қажеттi көлiктермен (облыс, аудан прокурорларына қызмет бабында мiнiлетiн жеңiл машина бөлу), қажеттi қаржымен қамтамасыз мәселелерiне айрықша назар аударылды.

Прокуратура қызметін ұйымдастыру барысында тiк мiнездi С. Есқараев аяқтан шалушы, қаралауға бейiм тұратын шолақ белсендiлерге қарсы тойтарыс берiп отырды. Мысалы, Мәскеуден тексеріспен келген Орталық Компартия өкiлi Сахаровқа: “…Сiздiң хатыңызда көрсетiлген кейбiр басшылардың партиялық тәртiбiн қадағалау менiң (прокурордың – Б.Қ.) құзырымдағы iс емес. Ал сот, прокуратура кадрларына келсек, олардың түгелдей дерлiк бiздiң ойлағанымыздай бола бермейтiндiгiн Сiз де, әсiресе, жолдас Тәтiмов те жақсы бiлетiн болар” − деп батыл жауап беруі соның дәлелi болса керек [3]. Яғни С.Есқараев партия мен үкімет тарапынан прокуратура қызметкерлерін саяси тұрғыдан айыптау ісіне мүлде қарсы болған заң қызметіндегі басшы болды.

С. Есқараев прокуратура құрылысындағы кадр тапшылығын шешу шараларының бiрi ретiнде Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында ашылғалы жатқан ұлттық құқықтық мектептердiң құрылысын (жатақхана, асхана, қызметкерлерге пәтерлер салдыруды) үзбей қадағалап, қамқорлық жасады. Ресейдің Қазан қаласындағы заң институтына ұлттық кадрлар даярлайтын оқуға 50 орын беру жөнінде келісім жасалды. Комиссариаттың ғимаратын қайта салдыртуды қолға алып, қаржы бөлдiрттi.

Қызмет барысында оған жала жауып, орталыққа домалақ арыздар жазғандар да табылды. Күрмеуi қиын қысқа жiп байлауға келмей әбден қиналып жатқанда жасалған мұндай әділетсіз сорақылықтарға қатты күйiнген комиссар әрi прокурор 1936 жылдың 26 мамырында РСФСР Әдiлет комиссары В.Крыленкоға қаймықпастан былай деп жазыпты: “Сiздiң уәдеңiз бойынша 25 сәуiрге дейiн жiберiлуге тиiстi қаржы әлi аударылған жоқ. Оның сырын мен ендi бiлдiм… Егер өсек-аяңға ерген болсаңыз, онда менiң атыма кiр келтiргенiңiз. Айтпайын-ақ деп едiм, бiрақ Сiздiң осылайша асығыс ұйғарым жасауыңыз менi ренжiттi. Дегенмен, Сiздi тағы да сендiргiм келедi. Прокуратура, сот кадрларының ауыр жағдайы менi де ерекше толғандырып отыр. Сондықтан оларға тиесiлi ақшаның соқыр тиынын да өзiме пайдаланбаймын” − деп ренiшiн бiлдiрген [4]. Бұл өз ісіне жан-тәнімен берілген, жалтақтауға негізі жоқ қызметтегі кіршіксіз таза азаматтың сөзі. Тіпті 1937-38 жылдардағы Сталиндік террордың құқықтық концепциясын жасаған Әділет комиссары Н.Крыленко, КСРО-дағы ірі саяси сот процестерін ұйымдастырып айыптаушысы болған прокурор А.Я.Вышинскийлермен өзін тең ұстай білгендігін көріп отырмыз.

1936 жылдың күзiнде Қазақстан Республикасының Әдiлет комиссариатынан ажыратылған дербес прокуратура құрылымын құру iсi қолға алынғанда, ол тағы да С. Есқараевқа жүктелдi. Жұмыстың қыр-сырына әбден қаныққан қайраткер жаңа мiндетiне ерекше күш-жiгермен кiрiстi.

Қазақстанның дербес прокуратурасының штаттық кестесiн жасап, мамандармен жасақтау, материалдық-техникалық базасын нығайту, атқарар құзырын нақтылау шараларының барлығы Сүлеймен Есқараевтың ұйымдастырушылық қабiлетi, батылдығы, керек десеңiз зор беделi негiзiнде қысқа мерзiмде жүзеге асырылды. Бiр ғана мысал, сол кездегi РСФСР прокуроры А.Я.Вышинскийдiң өзi С.Есқараевты қорғап, Қазөлкеком басшысы Л.И.Мирзоянға жазған хаты Сүлеймен Есқараевтың прокурорлық қызметiне берiлген баға iспеттес. Хаттың мәтінін сол күйінде өзгертпестен беріп отырмыз:

Секратарю Крайкома ВКП(б) Казахстана тов. Мирзояну.

Мною получена копия письма на Ваше имя Прокурора КАССР т. Ескараева. Он сообщает о таких фактах, мимо которых нельзя пройти и наличие которых свидетельствует о крайне ненормальном положении органов прокуратуры и суда в Казахстане.

Я глубоко убежден, что Вы по должному расцените эти факты и горячо станете на защиту интересов суда и прокуратуры. Я думаю, что Вы извините тов. Ескараеву резкость выражений, допущенных им в этом письме, хорошо понимая, что это резкость продиктована болью за положение органов Прокуратуры.

Очень прошу Вас, дорогой тов. Мирзоян, принять меры помощи. При встрече в Москве, если вы помните, я Вам со своей стороны обещал помочь прокуратуре людьми. Я постараюсь это обещание сдержать, как ни тяжело у нас обстоит дело с кадрами. Но нужно заранее иметь в виду, что при тех условиях, какие описывает т.Ескараев, никакие работники в Казахстане не удержатся и работы органов прокуратуры мы не улучим.

Надеюсь на Вашу помощь и прошу о ней, зная Ваше расположение и желание поднять прокурорскую работу на должную высоту.

С коммунистическим приветом – А.Я.Вышинский [5].

Деректерден бiлуiмiзше, С. Есқараев республика прокуратурасының жанұясымен қонақ үйлерде тұрып жатқан жауапты қызметкерлерiне тұрғын үй бөлудi, әрi бiр ғимаратта қысылып қалған Жоғарғы Сот, Әдiлет комиссариатынан прокуратураны жеке шығарып, оған жаңа ғимарат бөлудi Халком кеңесiнiң төрағасынан да, Қазақстан Компартиясының бiрiншi хатшысынан да әлденеше рет талап еткен.

Және бiр мысал, жергiлiктi жердегi партия хатшыларының шексiз билiгiне, олардың прокуратураны қолбала қылып ұстауға ұмтылған заңсыз әрекеттерiне қарсы шығып, тосқауыл қоюды жоғарылар тарапынан талап еткен де С.Есқараев болатын. Оны Әділет комиссары Оразғали Бораев пен Республика прокуроры Сүлеймен Есқараевтың облыстық прокурорлар мен облыстық соттардың төрағаларына жолдаған мына бір хатынан-ақ байқауға болады: “За пос­ледние годы имели место ряд случаев арестов, обысков и возбуждения уго­ловных преследований на народных судей и членов областных судов без предварительной на то санкции Про­курора Республики и Наркома юсти­ции КазССР.

Вопреки Постановлению ВЦИК и СНК РСФСР от 16 ноября 1922 года запрещающего каким бы то ни было органам производить арест и обыск нарсудей и членов облсуда без предва­рительного разрешения Прокурора Республики и Народного комиссара юстиции, имели место следующие кон­курентные случаи нарушения указан­ного выше постановления:

1. По Алма-Атинской области, в связи с проверкой партдокументов, органами следствия без предваритель­ного на то разрешения был арестован в 1936 году народный судья Аксуского района т. Аргамбаев. О воз­буждении на него дела и его аресте никому сообщено не было.

Алма-Атинскому облсуду об этом стало известно лишь через полтора месяца. Суд в течении 1,5 месяца был закрыт на замок.

2. По той же области, об арес­те народного судьи Балхашского райо­на стало известно через Алма-Атин­ский облсуд лишь только по его заяв­лению, написанному после ареста в тюрьме.

3. По Карагандинской области, о привлечении к уголовной ответствен­ности члена Карагандинского област­ного суда Абдукаримовой стало из­вестно лишь после прекращения дела...” [ 6 ].

Осылай тізіліп кете беретін өрескел заң бұзушылықты мысалға келтіре отырып, Әділет халық комиссары мен Республика прокуроры құжатта алдағы уақытта мұндай кемшіліктерге жол бермеу үшін нақты ұсыныстар жасады. Сот және прокуратура қызметкерлерін жауапқа тартудың және олардың ісін қараудың жаңа тәртібін белгілейді. Ақиқаты бұл заңдылықтың сақталуын қадағалайтын органдардың басшылары өз қызметтерін адал орындауға ұмтылған әрекеттері еді. Қылышынан қаны тамып жеке билiктiң қаһары төгiлiп тұрған сәтте қауiптi сезе тұра шырқыраған шындықты айтудан тайсалмаған оның осы ерлiгiн қалайша бағаламасқа ?! Жергiлiктi жерде орын алған бұл бассыздықтар Халком кеңесiне, Қазөлкекомға, ақыр аяғы прокурор А.Я.Вышинскийге дейiн баяндалып отырған.

Сүлеймен Есқараевтың заңсыздық әрекеттерге қатысты мәселелерге өзіндік ой-пікір айтып, жеке көзқарастарын ашық жариялауы, әрине, жоғарыдағыларға ұнай қоймағаны анық. 1937 жылдың екінші жартысынан бастап елде жаппай жазалау өріс алған тұста С.Есқараев саясатқа сәйкес ыңғай таныта қойған жоқ. Керісінше үзілді-кесілді наразылық білдіруімен ерекше көзге түскен еді. Қызметтегі адалдық пен тазалық күшіне мінген тоталитарлық жүйенің озбыр саясатымен мүлдем үйлеспейтін еді.


Зобалаң күндер…
С. Есқараевтың бар еңбегiн жоққа шығарып, оның жеке басын ашықтан-ашық айыптау науқаны 1937 наурыз айынан кейiн (Лениннiң серiктерi Н.И.Бухарин, А.И.Рыковты және т.б. айыптап, қамауға алғаннан соң) басталды. Сол жылы 21 наурызда прокуратура тергеу қызметкерлерiнiң өткен активiнде прокурор С.Есқараевтың баяндамасы тыңдалып, талқылау барысында қызметiне терiс баға берiлдi. Алайда бұл айыптаулар оның Қазақстан Халком Кеңесiнің төрағасы орынбасары қызметiне, Қазөлкеком бюро мүшелiгiне өтіп, лауазымының көтерiлуiне кедергi болған жоқ. Ол жөнiнде “Казахстанская правда” газетi 1937 жылы 22 қыркүйегiнде (№21) былай деп жазды:

“В дни I партийного съезда органы НКВД арестовали (Овощникова) заместителя Ескараева, и все же руководители съезда выдвинули кандитатуру Ескараева в члены ЦК КП(б) Казахстана. Тут же на пленуме ЦК его избрали в бюро, и вскоре он оказался на посту 1-го заместителя председателя СНК Казахстана.

Коммунисты республиканской Прокуратуры, после перехода Ескараева на новую работу, стали понемногу приоткрывать завесу над преступными делами бывшего прокурора республики и его ставленников. Часть компрометирующих Ескараева материалов случайно попала к приехавшему из Москвы следователю по важнейшим делам Прокуратуры СССР. Узнав об этом, Ескараев обратился за защитой в ЦК КП(б) Казахстана и не ошибся в адресе. Он нашел здесь активную поддержку. Второй секретарь ЦК Нурпеисов, защищая врага Ескараева, вызвал к себе московского следователя и предложил ему … в 24 часа покинуть пределы Казахстана. Своевременному разоблачению буржуазных националистов сильно помешала политическая бесхребетность, беззубость печати Казахстана. ЦК КП(б) Казахстана систематически приучает редакторов газеты к сглаживанию острых углов, к подхалимству и угодничеству.

Подобное положение с самокритикой в Казахстане мешает разоблачить врагов, пробравшихся к руководству.

К. Пухов”.

1937 жылдың 22 қыркүйегiнде “Правда” газетiнде “Буржуазиялық ұлтшылдардың жетегiнде” атты мақаланың жариялануына орай Қазақстан Компартиясының бюросының қабылдаған қарарынан үзiндi келтiрелiк:

“БК(б)П ОК ақпан-наурыз пленумынан соң Сталин жолдастың нұсқауымен партия ұйымдары және ҚК(б)П Орталық Комитетi бiрқатар контрреволюциялық, буржуазиялық, ұлтшылдық ұяларды талқандады, атап айтқанда, Қарқаралыда, Ақмолада, Ащысайда, Шымкентте т.б.

Бұл контрреволюциялық ұялардың әшкереленуi партия ұйымдары және НКВД органдарына енген Ұ.Құлымбетов, Ж.Сәдуақасов, І.Құрамысов, С.Есқараев секiлдi ұлтшыл фашистердi әшкерелеуге мүмкiндiк бердi” [7].

1937 жылы 20 қазанда Қазақ ССР прокурорының орынбасары Покровскийдiң Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiне жазбаша мәлiмдемесiнен: “…ҚАКСР прокурорының орынбасары Овощников республика прокуратурасы басшылығына келген ұлтшыл-фашист Есқараевпен тығыз қарым-қатынаста болды. Оған бүлдiру әрекеттерiн жүзеге асыруға көмек бердi” – дей отырып, Есқараевтың орынбасарларының бiрi Бекарыстановқа да күйе жаққан (кейiн Бекарыстанов та халық жауы ретiнде қамалған).

Сүлеймен Есқараев Халық Комиссарлар Кеңесi төрағасының бiрiншi орынбасары болып тұрғанда 1937 жылы тамыздың басында ұсталған. 1937 жылы 4 тамызда басталған №11020 үш томдық тергеу iсi сол жылдың соңында аяқталады. Кезiнде Әдiлет халық комиссары – Республика прокуроры, Iшкi iстер халық комиссары және Қазақстанның дербес прокуратурасының негізін қалаушы, қамалған сәтте жоғары лауазымдағы Қазақстанның үкіметі басшыларының бiрi болған Сүлеймен Есқараевқа РСФСР Қылмыстық кодексiнiң 58-2, 8, 11 баптарының негізінде айып тағылған. Есiл азамат жетi ай бойы азапты тар қапаста өткізеді. КСРО Жоғары Сотының Әскери алқасы өз үкiмiмен Сүлеймен Есқараевты 1938 жылы 25 ақпан күнi ату жазасына кестi, сот мәжiлiсiнің 15 сағат 20 минутта басталып, 15 сағат 40 минутта жабылғаны жайындағы құжат үш томдық iстiң соңында тiгулi.

Тарихтың ақтаңдақтары аталатын зұлмат жылдар осындай зауалымен әйгілі. Кейiн әдiлдiк салтанат құрды, саяси қуғын-сүргiн құрбандары ақталды, жазықсыз жапа шеккен еңбегі елеулі қайраткерлердің есiмдерiн ел қастерлеуде. Ұлтына қызмет жасау жолында өмірін сарп еткен өнегелі азаматтардың бiрi, 1936 жылы Әдiлет халық комиссариатынан прокуратура өз алдына бөлiнiп шыққанда Қазақстанның дербес прокуратурасын құрып, басқарған бiрiншi прокуроры Сүлеймен Есқараев едi.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ


  1. “Советская Степь” – 1926. –29 сентябрь (№222); –12-октября (№256).

  2. ҚРПМ., 141-қор, 1-тізім, 11537-іс, 255-п.

  3. ҚРОММ., 2014-қ., 1-т., 14-іс, 99-п.

  4. Бұл да сонда, 13-іс, 33-п.

  5. ҚРОММ., 2014-қ., 1-т., 13-іс, 22 – п.

  6. Бұл да сонда, 1380-қ., 1-т., 272-іс, 81-84-п.п.

  7. Политические репрессии в Казахстане в 1937-1938 гг. Сборник документов. – Алматы, 1998. – С.103.

Кабдушев Б.Ж. - кандидат исторических наук, доцент (АУЭС)

Нургалым К.С. – кандидат политических наук (КазНИТУ им.Сатпаева)

ОСНОВОПОЛОЖНИК НЕЗАВИСИМОЙ ПРОКУРАТУРЫ КАЗАХСТАНА
Аннотация

В статье рассматривается становление С. Ескараева как государственного деятеля КазАССР прошедшего школу в системе правоохранительных органов и в 1925 году возглавившего народный комиссариат внутренних дел и ставший организатором школы милиции в республике. В статье поднимается вопрос о том, что ответственность за создание независимой прокуратуры в 1936 году была возложена на С. Ескараева. В статье подчеркивается, что для решения проблем по созданию республиканской прокураторы С. Ескараев обращается к прокурору СССР Вышинскому, наркому юстиции СССР Крылову, проявив свои организаторские способности. Также описывается, что работа С. Ескараева в 20 годы была высоко оценена и он назначается зам. председателем Совнаркома Казахстана.



Ключевые слова: прокуратура, губерния, V съезд Советов КазАССР, репрессия, совет народных комиссаров.

Kabdushev B.Zh. - Candidate of History, Associate Professor of AUPET

Nurgalym К.S. – Candidate of Political sciences (KazSRTU)
THE INDEPENDENT PROCECUTOR FOUNDER OF KAZAKHSTAN

Summary

The article deals with the formation of S.Eskarayev as a statesman of KazASSR who had experienced at the school in the system of law authorities and in 1925 he become the ecader of the People's Commissariat of Internal Affairs and became the organizer of the militia school of the republic. It is said in the article that the responsibility for the creation of an Independent Prosecutory in 1936 was entrusted to S. Eskarayev. The article tells that for solving the problems of creating the Republic Procuratory S.Eskarayev appeals to the USSR prosecutor Vyshensky, and to the People's Commissar of Justice of the USSR Krylov, so that having shown his organizational skills. It is also described that S. Eskarayev’s activity was highly appreciated and he was appointed as the Deputy Chairman of the Council of People's Commissars of Kazakhstan.



Key words: Procecutor, gubernia, KazASSR’s 5th Counsel meeting, repression, People Comissariat Counsel.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет