2.2. Ауаны тазарту мақсатында ұйымдастырылған іс-шаралар
Жоғарыда аталған мәліметтерге сүйенсек, ауаны тазарту мәселесі көп жылдар бойы қала басшылығының назарында жүрген көкейкесті мәселелердің бірі болып келеді. Сол себепті велосипедті қала тұрғындарының тұрақты көлігіне айналдыру мақсатында көптеген іс-шаралар жүргізілуде. Сол сияқты, қала тұрғындары да велосипедті қолдану үшін қауіпсіз жағдайларды жасау мақсатында 2007 жылы алматылық велосипедшілер тобы қалада өз күш-жігерлерін бірлестіріп, «Вело-Алматы» ынталы тобын құрды. Топ қалалық билікпен (әкімдік, көлік, спорт, экология және басқа департаменттер), сонымен қатар қоғамдық ұйымдармен, коммерциялық мекемелермен, бұқаралық ақпарат құрылымдармен (БАҚ) және басқаларымен белсенді жұмыс жүргізді. Топтың көпжылдық қызметі нәтижесінде Алматыда 2011 жылы Абай даңғылының сол жағымен Достық даңғылынан бастап Орталық стадионға дейін өтетін көлік мақсатындағы ұзындығы 2,5 км бірінші велосипед жолы салынды. Сондай-ақ, бұл Қазақстанда және бүкіл Орталық Азиядағы алғашқы велотрек болды.
2009 және 2010 жылдары «Вело-Алматы» ынталы тобы АҚШ Мемлекеттік департаментінің қолдауымен «Назар аударыңыз! Велосипедшілер жолда!» атты жүргізушілерге арналған 25000 дана тиражбен үнпарақтарын шығарды.
2010 және 2011 жылдары «Вело-Алматы» ынталы тобы АҚШ Мемлекеттік департаментінің қолдауымен «Велосипедші жаднамасы» брошюрасын 2000 дана тиражбен шығарды. Брошюра екі тілде – қазақ және орыс тілдерінде дайындалды. Жаднама веломарштарда, веложарыстарда және басқа көпшілік қатысатын қалалық іс-шараларда таратылады.
2010 жылдан бастап «Вело-Алматы» ынталы тобы барлық тілек білдірушілер үшін Велосипедті қауіпсіз жүргізудің курстарын жүргізеді. Курстар жанадан бастаушы велосипедшілер, және олар ғана емес, қалада қауіпсіз жүруге көмектесетін теориялық және тәжірибелік білімдерді алу мақсатында жүргізіледі. Сабақтар Қазақстан Республикасы Қызыл жарты ай ұйымының қолдауымен жүргізіледі. Курстарға қатысу тегін. Сабақтар қаланың әртүрлі бөліктерінде ашық жерде жүргізіледі. 4 жылдың ішінде осындай бірнеше ондық сабақтар жүргізілді. Бұл сабақтарға 300-ден астам адам қатысты.
2010 жылы «Вело-Алматы» ынталы тобы «Автокөліктерден шығатын газдардың адам денсаулығына әсері» деген үнпарақ дайындап, таратты.
Сонымен қатар, Вело-Алматы «Жер сағаты», «Автокөліксіз күн», «Велоқозғалыс сағаты», «Планета қозғалысы күні», «Бүкіләлемдік әрекеттер күні» сияқты экологиялық акциялардың, сондай-ақ веломарштар, балалар веложарыстары мен «Велосипед және экология» тақырыбына суреттер байқауларының бастамашысы және ұйымдастырушысы болып табылады.
Жыл бойы ерте көктемнен, күздің қара суғына дейін демалыс күндері қала әкімі мен тұрғындардың қатысуымен велошерулер ұйымдастырылып келеді. Жыл сайын аталған шараға қатысушылардың легі де арта түсуде.
Міне осынау кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқан барлық шаралар қаладан тысқары жерден келетін көліктер легін төмендетуі және қаланың орталық бөлігінде жеке көлікті пайдалануды қысқартуы тиіс. Бұл өз кезегінде Алматының экологиялық ахуалын жақсарта түсетіндігі сөзсіз.
Әрине, бізде веломәдениет жоғары деңгейде дами қойған жоқ. Алайда, мегаполисте көліктің бұл түрімен жүретіндер көбейе бастады. Соның бір дәлелі ретінде қала көшелерінде пайда болған велотұрақтарды айтуға болады. Алматыда автоматтандырылған велопрокат жүйесі жұмыс істеп жатыр. Ол «Almatybіke» жобасы аясында жүзеге асып отыр. Стансалардың бірі – Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайының маңында, екіншісі – Абай мен Абылай хан даңғылдары қиылысында орналасқан.
Достарыңызбен бөлісу: |