3. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру жүйесінің педагог қызметкерлері лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамалары Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымының басшысы Лауазымдық міндеттері: Қазақстан Республикасының заңнамасына және білім беру ұйымының жарғысына сәйкес оқу-әдістемелік, ғылыми-әдістемелік, әкімшілік-шаруашылық және қаржы-экономикалық қызметіне басшылық жасайды.
Оқу жұмыс жоспарлары мен бағдарламаларын, оқу процесінің кестесін, ішкі тәртіп ережесін бекітеді. Білім беру ұйымының басқару құрылымын, штаттық кестесін, қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді. Білім алушылардың контингентін қалыптастырады, олардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етеді. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында қоғамдық тамақтандыру, медициналық қызмет көрсету ұйымдарының жұмыс істеу және олардың жұмысына бақылауды ұйымдастыру үшін қажетті жағдайлармен қамтамасыз етеді.
Жұмыс берушілермен және әлеуметтік әріптестермен жүргізілетін жұмысты үйлестіреді. Қолда бар мүліктер мен құралдарға билік жүргізеді, оқу-материалдық базаны толтыруды және оның есебі мен сақталуын, санитарлық-гигиеналық ережелер тәртібінің сақталуын қамтамасыз етеді. Материалдық-техникалық базаны қайта жарақтауды және қайта құруды ұйымдастырады. Педагогикалық кеңестің жұмысын басқарады. Білім беру ұйымының оқыту қызметінің саласын дұрыс ұстау және кеңейту мақсатында инновациялық білім технологияларын енгізуді және тартуды қамтамасыз етеді.
Кадрларды іріктеу мен орналастыруды жүзеге асырады, педагогикалық және тәрбие процесінің қажетті деңгейін қамтамасыз етеді, олардың біліктілігі мен кәсіби шеберлігін арттыру үшін жағдай жасайды.
Үздіксіз кәсіптік оқыту жөнінде білім беру ұйымдарымен бірлескен жұмыс бойынша жалпы басшылықты жүзеге асырады.
Жұртшылықпен байланысты қамтамасыз етеді, ата-аналармен (олардың орнын басушы адамдармен) жүргізілетін жұмысты үйлестіреді. Жоғары тұрған, қоғамдық және өзге де ұйымдарда білім беру ұйымының мүддесін білдіреді.
Әлеуметтік серіктестік және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі шараларды жүзеге асырады. Уәкілетті органға (құрылтайшыға) оқу, ғылыми және қаржылық қызмет нәтижелері туралы жыл сайынғы есепті ұсынады. Еңбекті қорғау, техникалық қауіпсіздік жөніндегі заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілер талаптарын орындауды қамтамасыз етеді және қауіпсіз еңбек етуге жағдай жасайды.
Білуге міндетті: Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексін, Қазақстан Республикасының Салық Кодексін, Қазақстан Республикасының «Білім туралы», «Мемлекеттік кәсіпорын туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы», «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңдарын, білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламаларын, білім алушылардың білім және тәрбие беру мәселелері бойынша басқа да нормативтік-құқықтық актілерін; педагогика және психология негіздерін, қазіргі педагогтік ғылым мен тәжірибе жетістіктерін; басқарудың инновациялық әдістерін; экономика негіздерін, қаржы-шаруашылық мәселелерін; құқық негіздерін, еңбек туралы заңнаманы, еңбекті қорғау, техника қауіпсіздігі және өртке қарсы ережелер мен нормаларын.