Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі жүсіпов нартай қуандықҰЛЫ



бет3/18
Дата04.11.2016
өлшемі5,75 Mb.
#97
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18

1.2 Фольклорды жинау тәсілдері.


1.2.1 Контакт түрдегі жинау тәсілі.
Фольклорды жинаудың қалыптасқан үш тәсілі бар: бірі–тікелей жинау тәсіл, екіншісі – тұрғылықты жинау тәсіл, үшіншісі – экспедициялық тәсіл. Фольклорды контактілі түрде жинау дегеніміз: не жинаушы фольклорды ел арасынан арнайы іздеп, айтушыдан тікелей жазып алады, не жеке адамдар өз инициативасымен жинайды.

ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қоғамда болып жатқан түрлі идеялардың күресі өз кезегінде фольклорды жинау, жариялау, зерттеу қызметтерінің мақсатты бағыт-бағдарын айқындап берді. Мәселен, «қанаушылар» - деп аталатындарға қарсы күрес, «бітіспес» делінген тап тартысы ұғымы әсері, артықша сипатта делінген социалистік құрылысты мадақтау, пролетарлық әдебиетті, әдебиеттің партиялылығын дәріптеу, қара шаруа мен жұмысшы қозғалысын насихаттау т.б. –бәрі кезең ерекшелігін танытумен бірге фольклор үлгілері жиналуы мен бағалануына пәрменді ықпал етіп отырды.

Жалпы, Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңде қалыптаса бастаған фольклорды іздестіру дәстүрі Кеңес үкіметі тұсында, түрлі бұрмалауға қысымға ұшыраса да, негізінен алғанда, ерекше жандана түсті. Оған бірнеше себеп бар: біріншіден, жас Кеңес үкіметіне жеке өзінің саясатын ақтайтын шаруашылығы, идеологиясы, ғылымы, мәдениеті т.б. қажет болғандықтан фольклорды осы мақсатта пайдалану ниеті қоса туды. Сол үшін де арнайы қаражат көздері іздестіріліп, түрлі экспедиялар ұйымдастырылды. Екіншіден, Қазан төңкерісіне дейінгі фольклорды жинау жұмыстары, көбінесе жеке адамдардың еңбегі арқылы іске асса, сондай-ақ олардың біразына патша өкіметі тарапынан ақшалай көмек беріліп отырғаны да мәлім. Ал, патша өкіметі тарапынан беріле қалса, оның тек миссионерлік мақсатқа ғана пайдаланғаны белгілі.

ХХ ғасыр бас кезінде қызмет еткен белгілі жинаушылар: М.Ж.Көпеев, Ә. Диваев, Х. Досмұхамедұлы, Н.Пантусов, А.Мелков т.б. халықтық шығармаларды тыңғылықты іздестіру жұмыстарын жүргізе отырып, табылғанды сақтай білді. Олардың халық мұрасына жанашырлықпен қарап, қызғыштай қоруы арқасында Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңнің өзінде-ақ қазақ фольклорының мол мұрасының бір бөлімі әрі жинақталып, әрі сұрыпталынып, әрі жарияланып – бәрі қазақ фольклортану ғылымы үшін зерттеушілік жұмысқа қажетті материалдық негіз құрады.

Ә.Диваев фольклорлық шығармаларды жазып алумен бірге, халық шығармалары жазылған жинақтар мен қолжазбаларды да жинай жүрді. Ол кезде халық шығармалары қазақ ауылдарына ауызша ғана емес, жазбаша да тарайтұғын. Ә. Диваев алдымен қолжазбаның өзін қолға түсіруге тырысқан, ал иесі бермеген жағдайда көшіріп алуға көшкен. Мұндай жағдайда шығармаға «қолжазбадан» деген белгі соғып отырған. Ә. Диваев Ақынбеков Еркінбектің қолжазба қорындағы ертегілері мен Амалдықов Қожабайдың қолжазбасынан алынған - «Алпамыс» жырын бастырып шығарды.

Фольклоршы Ә.Диваев халық ауыз әдебиеті нұсқаларын этнографиялық материалдармен байланыстыра жинады. Ол халық поэзиясын халықтың тұрмысынан бөле қарауға болмайды деп білді. Сондықтан да ғалым көптеген халық ауыз әдебиет нұсқаларын, әсіресе әдет-ғұрыппен байланысты өлең-жырларды тікелей тәсіл арқылы жинағанда, әдет-ғұрыптың өзін де бірге жазып алып, халықтың тұрмысында өлең-жырдың атқаратын қызметін қоса көрсете отырған.

Ә.Диваев түркітанушылардың көбімен байланысты болды. Оның ғылым құмарлығы, көзқарасы, іздену әдісі орыстың Шығыс зерттеу ілімінің арнасында қалыптасты. Ә.Диваевке тән жақсы қасиеттер – материалды контактілі тәсілмен жинастыру, зерттеу жұмыстарының кеңдігі мен терең мағыналылығы, еңбек адамына іштартып, халықтың рухани мәдениетін қадірлей білу – оның ісінен айқын сезіледі. Ол халық поэзиясынан көптің ақыл-ойы мен сана-сезімінің және өнерпаздығының сәулесін көрді. Қазақтың халық эпосы мен мақалдарын сипаттай келіп Ә.Диваев былай дейді: «Қазақтың мақалдары мен мәтелдері, басқа да халықтардікі секілді, сан ғасырдан бері жасалып қалыптасқан, халықтың ортақ ақыл-ойы болып табылады» [66]. Кейде халық шығармасының уақиғаларын оны туғызған әлеуметтік және экономикалық негіздерден бөле қараған кездері де болды. Ондай жағдайда фактінің өзі Ә. Диваевке мәнді іс болып көрінді де, міне, сондай жерлерде ол ескі әдеттерді сипаттап кетуге ойысты [67].

Ә.А. Диваев қазақ халық поэзиясын үздіксіз жинаушылардың бірі. Ол Шымкент, Петровск (Қызылорда), Қазалы, Әулиеата (Жамбыл), Ташкент, Черняев уезі және Сырдария аймағының Түркстан ауданы айналасын аралап, ертегі, мақал, жұмбақтар, мысқыл әңгімелер мен әдет-ғұрып өлеңдерінің нұсқаларын жиған. Мұнда Ә.Диваев қиссаларды және халық поэзиясын жатқа білетін, өз ойынан да шығаратын Сұлтанқожин Майлықожа сияқты сегіз қырлы талант иелерін табады. Ол Майлықожадан лирикалық өлеңдер мен ғашықтық жырларды, ертегілер мен мысқыл өлеңдерді, соның ішінде қазақ арасына кең тараған Алдар Көсе, Шықбермес Шығайбай және Жиренше жайындағы нұсқаларды жазып алады. Ә.Диваев Шымкент уезінде ауыз әдебиет мұраларынан аса көп білетін дарынды жыршы, әрі әңгімеші Ақынбеков Еркінбекпен кездеседі. Ол одан қыз ұзатқан тойда айтылатын жар-жар, ау-жар өлеңдерін және басқа да ертегі, мысқыл әңгіме, мақал, жұмбақ, жырлар жазып алған.

Халық шығармасын айтушының аузынан қолма-қол жазып алу – Ә.Диваевтың жинаушылық қызметінің негізгі түрі болды. Оның шығармаға жасаған байымдауларында «ауыздан» деп көрсетіледі де, одан әрі айтушының аты-жөні, оның қай жерде, қай болыста, қай уезде тұратыны жазылады, яғни біршама паспорттық мәлімет беріледі. Мәселен, Ә.Диваев жазбасында кездесетін «Жиренше туралы» 3 нұсқаның 1920 жылдың 5 қыркүйек күні Сырдария облысының Ақмешіт уезінде Мүслім Қарақожаевтың айтуынан жазылынып алынғандығы, мәтінді жазып алушы Ақмамбет Тоқжаев- Ә.Диваев тапсырмасын орындағаны айтылады [68, 80 б.]. Ал, «Жұманазардың домбырамен айтысқаны» үлгісінің ХХ ғасырдың 20 жылдары Сырдария облысы Перовск ауданы тұрғыны Жұманазар ақын айтуынан жазып алынғаны көрсетілген [68, 90 б].

Ә. Диваевтың жинаушылық шарттары сол кезең үшін- үлкен жетістік. Оны ғылыми принциптің алғашқы баспалдақтары десе де болады. Жалпы, фольклортану ғылымының қағидалары бойынша, қай шығарма болса да сөзбе-сөз, еш өзгертусіз жазылып алынуға тиіс. Ә.Диваев фольклорлық мәтінді ауызба-ауыз жинау барысында, оған ғылыми түсініктеме беруді маңызды шара деп қабылдаған. Мәселен, «Өзбектердің пайда болуы турасында» аңыздың бет көлемі 3 бетті алса, ал оған берілген түсініктеме 5 бет мөлшерді құрайды [69]. Ә.Диваев бұл түсініктемелердің шындыққа неғұрлым жақын болуын қадалаған. Сондай-ақ түсініктемелер жазу барысында Ә.Диваев белгілі ғалымдар: Н.Гродеков, А.Харузин, М.Будагов, Х.Кустанаев, Г.Вамбери, З.Миллер еңбектерін де қолданған [68,152-153 б].

Ә.Диваев жинаған жазбаларының маңыздысы- екі тілде, қазақ-орыс тілдерінде қатар берілуі [68]. Бірі- түпнұсқасының қазақ тілінде берілуі, фольклортану ғылымының талабынан туындаса, сондай-ақ қалың оқырманға бағытталғанын анықтайды. Ал, мәтіннің орыс тіліне аударылуы- Ресейдің шығыстанушы ғалымдарына арналғандығын танытады (Ал, Ә.Диваевтың фольклорды экспедициялық тәсіл арқылы жинауы біздің еңбегімізде кейін арнайы қарастырылады).

Ә.Диваев жинаушылығының басты шарты- мәтіннің не ескілігі, не жаңалығы емес, керісінше, халық шығармашылығы турасында толыққанды хабардар болуы еді: «Благодаря служебному положению нам приходилось иметь постоянные сношения с кочевыми туземцами Сыр-Дарьинской области. Интересуясь бытом их, как народа, мало еще исследованного в этнографическом отношении, мы, насколько это возможно, стараемся отличить все те факты из обыденной жизни этих степняков, которые в силу их особенности являются более или менее интересными»,- делінген [69].

Ә.Диваев жинаушылығының келесі басты ерекшелігі- қолжазба ішінде кездесетін мәтіннің бірнеше нұсқасын бірге беруі. Мәселен, «Қамбар батыр» жырының – 2 нұсқасы, «Тазша» турасында ертегінің- 3 нұсқасы бар [70]. Мұның өзі халықтық шығармалардың жан-жақты зерттелуіне негіз қалады. Ә.Диваев [71, 16 б.] мәтіндердің шынайылығы мен дәлділігіне көз жеткізу үшін, ол үлгілерді ел арасында қайта-қайта сұрастыру әдістемесі арқылы тексеріп тұрғанын ескертеді.

Фольклорды тікелей жинау барысында белгілі фольклоршы-ғалымдар: Ш.Ш.Уәлиханов, В.В.Радлов, Г.Н.Потанин т.б. тәрізділер сияқты Ә.Диваев та, М.Ж.Көпеев те өзіндік жинау әдісіне сүйенгені белгілі. Олар: тілдік ерекшеліктерді сақтау, дәлділік, айтушы аузынан сол қалпынан көшіру, арнайы бір тақырыпқа материал жинау т.б. Сондай-ақ айтушы не айтты- бәрін түгел қалдырмай жазу шарты, еш сөзін қысқартуға, алып тастауға немесе өз жанынан басқа бір нәрсені қосуға мүлде болмайтындығы, диалектілік ерекшеліктер болса, оны да тастамай көрсетіп отыру керектігі жөніндегі т.б. талаптар- барлық фольклорист- ғалымдар үшін ортақ. Сол тәрізді шығарма соңынан толық паспортын беруі: шығарманы кім, қашан, қайдан, кімнен естіп жаттап алды деген сауалдарға жауап жазу керектігі тәрізді талаптарды Ә.Диваевтың да, М.Ж.Көпеевтің де, сол кездегі басқа да жинаушылардың барынша орындауға күш салғаны байқалады. Жалпы Ә.Диваев жинаған материалдар негізінде қазақ фольклоры әрі тақырыптық, әрі жанрлық жағынан толықты.

А.В. Затаевичтың тікелей жинау әдісінде де жаңалық бар. Ол сегіз жыл бойына ерінбей-жалықпай: Ақмола, Ақтөбе, Бөкей, Қостанай, Орынбор, Семей, Орал губерниялары, Адай, Торғай уездері, Түркстан қазақтарының өлеңдерін жазып алумен шұғылданды. Өзінің жұмыс тәжірибесінде А. Затаевич қазақ зиялылары өкілдеріне сүйеніп, атақты жыршылар мен ақындардан, мұғалімдерден, студенттерден, курсанттар мен оқушылардан, елден келгендерден естігендерін қағаз бетіне түсірді. А.В. Затаевичтің халық ауыз әдебиетін жинау жұмысына қазақ халқының оқыған адамдарын тартуы, оның үлкен бір жаңалығы еді. Ол өзінің «Қазақ халқының 1000 ән-күйі» деген белгілі жинағына жазған алғысөзінде: «Қымбатты достар, жігіттер! Өздеріңізбен бірге істелген бұл еңбекті сіздерге арнаймын. Арнай отырып өздеріңізге қайтарамын», - деуі әбден орынды айтылған пікір [72].

«Правда» газетінде А.Затаевичтің бұл жұмысы «мәдени жақтан өсіп келе жатқандық» деп бағаланды [73]. А. Затаевичтің ісі басқаларға да үлгі болды, жас қазақ фольклористері оның фольклорды тікелей жинау тәсіліне сүйене білді. Олар А. Затаевичтің халық талантына деген сүйіспеншілігін жоғары бағалады. С.Сейфуллин мен Б. Майлин- А. Затаевичке атақты әнші адамдарды тауып беруге көмектесті [72, 326 б.]. Сол кезде Орынбордың жұмысшы факультетінде оқып жүрген С. Мұқанов- А. Затаевичке «Қос алма», «Мақпал», «Қараторғай» өлеңдерін айтып береді [72, 331 б.]. С. Мұқанов кейін өзі де қазақ халқының өлеңдері мен айтыстарын жинаумен әуестене бастайды. Оның мұндай бастамасы А. Затаевичпен қарым-қатынасын күшейте түседі. Екеуі жинаған материалдардың көп жағдайда ұқсастығы да байқалады. Мәселен, А.Затаевич Ақмола облысынан өлеңдер жинап жүріп Ыбырай ақынға кездеседі. Онан «Ыбырайдың патшалығы» деген өлеңді жазып алады. Ыбырайды жақсы білетін С.Сейфуллиннен А.Затаевич оның репертуары жөнінде сұрап, танысады [72, 325 б.]. Ыбырай Сандыбаевтың өлеңдерін С. Мұқанов та жинап, оны 1924 жылы Орынборда шығатын «Қызыл Қазақстан» журналына бастырып шығарады [74]. Демек, Кеңес дәуірінде фольклорды тікелей тәсіл арқылы жинағанда, айтушылар, көбінесе сөзге жүйрік, көп білетін адамдардан құралса, ал жинаушылар оқыған, зиялылар, ақын-жазушылар т.б. болған. Бұлардың арнайы фольклортанушылық білімі болған жоқ. Дегенмен бұл тәсілде фольклорлық шығарманың тілдік, лексикалық жағы ескеріліп отырылды. Г.Н. Потанин, Ә.А. Диваев, А.Н.Белослюдов, А.В.Затаевич сияқты фольклористер өздерінің қалаған материалдарын ел арасынан жазып ала жүріп, жинау жұмысының көлемін кеңейте берді. Олар өздерінің іс тәжірибесін ақыл ретінде жастарға айта отырып, қазақ халқының алдыңғы қатарлы мәдени күшін халық ауыз әдебиет үлгілерін жинау жұмысына тарта берді.

Г.Н.Потанин жинаушылығына қатысты ғалым Н.С.Смирнова мынадай бір дерек келтіреді: «... По возвращении из Монголии Г.Н.Потанин, остановившись в ауле Мусы Чорманова в Баянаульском округе Семипалатинской области, отыскивает у казахов легенды, придания и сказки. В ауле Чорманова записано меньше, чем в 1876 г., всего 9 самостоятельных текстов. Часть их варьирует темы и сюжеты, обнаруженные в прикобдинском Алтае и на Тарбагатае: «Байгус», «Предки скота» и другие, но есть тексты, обнаруженные впервые- «Бала мерген», «Джиренше-шешен» и «Алдар косе», «Кара кулан»,- делінген [75]. Демек Г.Н.Потанин жазбалары қалай, қашан, қандай жағдайда және нақты қай жерде іздестіріліп жиналғандығы көрсетілуімен қатар, қанша көлемде екені де, алдыңғы бір жинаған кезеңмен (1876 ж.) өзара салыстырылып, олардың басқа да елді-мекенде кездесетін фольклордың тақырыбы мен сюжетіне ұқсас келетіні де, сондай-ақ алғаш табылған фольклор үлгілерінің бар екендігі де анықталған.

Г.Н.Потанин жинаушылығының бір қыры- тек мәтін жинаумен ғана шектелмеген, сондай-ақ ол жанрлар төңірегіндегі байқауларымен де маңызды: «Из космических легенд мы слышали у киргиз о сотворении первого человека, лошака и пшеницы, о сотворении коровьей печении, о пчеле и пиявке, о куланах, кабанах и других животных, ссоре саксаула с сосной»,- делінген [76]. Бұл жерде натуралист Г.Н.Потаниннің қызушылығын халықтың этнографиясы мен фольклоры тудырғаны байқалады.

Г.Н.Потанин жинаушылығының тағы бір қыры- нұсқалардың әр түрлі нұсқаларын өзара салыстыру үшін бір елді мекенмен шектелмей, оларды басқа да жерлерден іздестіру болатын. Мәселен, орыстын Баба-яга ертегісін қазақтың Жалмауыз кемпір бейнесімен салыстыруы [77] ізденіс көкжиегін кеңейте түседі.

Жинау барысында Г.Н.Потанин жергілікті жердің көзі ашық адамдарынан да көмек сұраған: «Привет г. Имантаю! Прошу записать от Куреке отдельные эпизоды и повестования Бухар-жырау об Аблае, в частности: осуждение Аблая, восхваления его коня, эпизод об отправлении сына (его) Адиля вместе с Жарылгапом в Китай... Рассказы о войне с калмыками... Для записи этих рассказов приехал товарищ Чокана Г.Н.Потанин с супругой»,- делінген [78].

Ғалым Н.С.Смирнова пікірінше, Г.Н.Потанин фольклорды жинау барысында: Көкшетау жерінде фольклор жинаған И.В.Урасов пен Ақмола жерінде жинаумен айналысқан А.М.Головачев тәрізді тілшілердің де көмегіне сүйенген [75, 20-21 б.]. Г.Н.Потанин жинағандары арасында фольклордың небір үлгілері: қиял-ғажайып, хайуанаттар жайындағы ертегілер; космогониялық, этиологиялық, тарихи аңыз-әңгімелер; түрлі шежірелер, тұрмыс-салт жырлары, жұмбақтар, мақал-мәтелдер, эпос үлгілері т.б. бар [79].

Г.Н.Потанин жинаушылығының негізгі мақсаты- халықтың мәдениеті мен тұрмысын тарихи-этнографиялық таным тұрғысынан қарастыру болып табылатын. Г.Н.Потанин фольклорлық шығармаларды қағазға түсіргенде, негізінен, оның сюжетін толық беруге тырысқан. Ал, ол мәтіндердің сөзбе-сөз қағазға түспеуі, өз кезегінде тілші ғалымдар тарапынан қызығушылық таппады. Ендеше Г.Н.Потаниннің жинау әдісі, негізінен, фольклорды айтушы аузынан шыққан мәтіннің сюжетін құрайтын: кейіпкер есімін, ерекшелігі бар тұрмыстық түсініктерді, өз ойларын жеткізуге тырысқан тұрақты сөз тіркестерін т.б. қағазға түсірумен шектеліп отырған. Және оларды конспект- жазба түрінде сақтаған: «...Уралтай услышал и велел Эсекень- батыра, надев на его шею таган (ошаг), ана ноги железные путы (ксень), бросить в воду»- делінген [80]. Немесе, келесі бір мысал: «Легенда о Джаике» үлгісін бас-аяқ алайық: «В старину была два великана- мэргэна (охотника)- Джаик и Тохтагул (судьбу последнего рассказчик не знал); от Джаика ни одному зверю, ни одной птицы не было проходу; все звери и птицы взмолились Богу: «Он всех нас искоренит.» Бог закопал его в землю и сказал: «Не мог ладом жить на земле, живи в норе под землей и питайся корньем»,- делінген [75, 48 б.]. Демек түпнұсқасы толық қағазға түспеген бұл жазбалар мәтін сюжетін, мазмұнын беруде дәлдік танытқанмен, ал басқа, яғни тілдік жағы т.б. ескерілмеуі –бәрі Г.Н.Потаниннің фольклорды жинау әдісінің толық жетілмегендігін көрсетті.

1920 жылдарда қазақтың көптеген жазушылары, театр қайраткерлері, музыканттар, мұғалімдер, мәдениет ошағының қызметкерлері халық поэзиясының шығармаларын жинауға ат салысады. С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов сияқты жазушылар халық ауыз әдебиетін жинау жұмысына белсенді түрде қатынасады. Осы кездерде «Қозы Көрпеш» жырының жаңа нұсқаларының ел арасынан табылуы Г.Н.Потанин қойған сұраққа жауап есепті болды. Мәселен, М.Әуезовтың жазып алған «Қозы Көрпеш» нұсқасы жырдың басқа нұсқаларына қарағанда әлдеқайда көркем [81]. С.Сейфуллин кезінде М.Ж. Көпеев жазып қалдырған «Қозы Көрпеш» нұсқасын табады [82]. А.Белослюдов «Қозы Көрпештің» тарихымен байланысты нұсқаны тауып алады [83]. Мұндай істердің бәрі 1920 жылдарда қазақ фольклорын тікелей тәсіл арқылы жазып алуға жинаушылдардың қызыға түскендігін көрсетеді.

Ақындардың, жыршылардың, өлеңшілердің репертуарын анықтап білу арқасында қазақ фольклорын жинау саласында жаңа бағыт мықты орын тепті. Оның бастаушылары А.Затаевич пен Ә.Диваев болды. М.Әуезов, Б.Байтоғаев, Б.Малдыбаев, С.Сейфуллин т.б. фольклормен бірге ауыз әдебиеті үлгілерін де жинап, Нұржан, Орынбай, Сүйінбай, Майлықожа, Құлмамбет, Майкөт ақындардың шығармаларының тәуір дегендерін баспа бетіне жариялады [84].

А.Затаевич белгілі бір өлеңнің басқаша айтылатын түрін де қалдырмай жинаған. Сондықтан да оның жинағанына қазақ халқының сүйіп тыңдайтын бірқатар («Қараторғай», «Дудар-ай», «Мақпал», «Хорлан», «Көкшетау» т.б.) өлеңдерінің басқаша айтылатын нұсқалары да енген. Жинаушы көрнекті халық таланттарының (Біржан сал, Естай, Жаяу Мұса т.б.) елеулі әндерін жазып алуға көп көңіл бөлген. Мәселен, әнші Ғаббас Айтбаевтың «Ардақ» деген өлеңінің нұсқасы жайында А.Затаевич былай деп жазды: «Бұл Ғаббас шығарған «Ардақтан» мүлдем басқаша ... Ғаббастың «Ардағы» шын мәнісіндегі поэзия. Онда ғажайып жаздың айлы түніндегі даланың айтып жеткізе алмайтын берекелі тыныштығы берілген. Менің байқауым бойынша бұл тек қазақ халқының ғана емес, жалпы музыканың айта қаларлықтай зор табысы» (Қазақ халқының 500 ән-күйі. -Алматы. 1931. – 260 б.).

Қазақ фольклорын кімдер жинады дегенде, оның ХХ ғасырдағы Қазан төңкерісіне дейінгі өкілдеріне арнайы көңіл бөлушілік тегін емес. Кітап бастыру енді-енді жолға қойыла бастаған шақта, көшпелі қазақ ауылдарында фольклор, негізінен алғанда, ертекшілер, жыршылар арқылы тарап жатқан кезде ол шығармалардың бастапқы бояуы неғұрлым толық сақталса ғана жинаудың мәні ерекше. Ал, кейінірек кітап бастыру, сауат ашу кең етек алғанда, жазба мәдениет өрістегенде, сонымен бірге Қазан төңкерісінен кейін, әсіресе, 1930-1950 жылдар аралығында көне мәдениет нұсқаларына тұрпайы социология тұрғысынан біржақты қарау, бар шығарманы «тап тартысы» айнасы ретінде бағалау, оның еңбекші мүддесіне "қолайлы" дегендерінің өзін жөндеу (редакциялау), өзгерту әдетке айналған уақытта халық поэзиясы үлгілерін жинау да, жариялау да басқа арнаға түсті. Алғашқыда халықтың сөйлеу тілі, ұғымы, қазіргі ұрпақтың бірқатарына ұғыну қиын, тіпті қайшылықты болып көріну мүмкіндігі бар түрде болса да, сол арқылы бастапқы табиғи қалыпта сақталса, кейінгіде шынайылық орнына жасандылық көбейіп, соның нәтижесінде дәуір шындығының да, шығарма көркемдігінің де көп солғын тартқаны байқалады. Мұның бәрі кейінірек жарық көрген халық ауыз әдебиеті үлгілерін, атап айтқанда, сол тұста жарыққа шыққан "Ертегілер", "Шешендік сөздер" т.б. айдарымен шыққан кітаптарды қайта қарап, олардың бір кездегі айтылу, қағазға түсу қалпын іздестіру қажеттігін де алға қояды. Мәселен, М.Ж.Көпеев жазбасында кісінеген айғыр үшін дау қуушы Асан Қайғы есімі алынады. М.Ж.Көпеевтің тікелей өз қолымен жазғанына үңілейік: «Асан қайғының шын аты Хасенхан екен: Өзі нәзікірде әулие деп айтуға жарарлық кісі екен. Мұның он екі жасар бала күнінде қазақ Шүршітке қарайды екен. Ежен хан көшпелі қазақ байдың баласына – Айғырын кісінетпесін! – деп жарлық қылады дейді.



-Егер қазақтың далада жүріп айғыры кісінесе, менің қорада тұрған бедеулерім құлын тастайды. Айғырын кісінеткен жанның басы айдауда, малы талауда болсын! – депті. Қазақ жұрты мұны естіп, уайымға түсіп жылады дейді. «Хайуан малды қалай кісінетпей тұрамыз?» - деп. Сонда Хасен бала: -Ол үшін уайым жемеңдер. Маған отыз-қырық мерген ертіп беріңдер, отыз-қырық желмая тауып беріңдер. Мен Еженханға барып бұл жарлығын қойдырып, қазаққа бір бостандық алып келейін», - дейді [85].

Ал, Н.Төреқұлұлының «Қазақтың би шешендері» кітабында осы дауды шешуге араласушы етіп Едіге биді кірістірген: «Едіге-Арғын тайпасының Сүйіндік атасынан шыққан атақты би-шешен. Фольклоршы Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының жазуына қарағанда, Едіге тіптен 10-12 жасында билікке араласқан есті бала болыпты. Бұған ол мынандай аңызды тілге тиек етеді: «Қазақ даласына қалмақтар баса-көктеп жайлаған кезде қалмақтың бір ханы: «Арқадағы қазақтың айғыры кісінесе, Сырдағы қалмақтың биесі құлын тастайды» дегенді сылтау етіп, Арқаға шабуыл жасап, малын айдап кете беріпті» [86]. Әрі қарай бұл дауды қууға басқалар бата алмағанда, он жасар Едігенің өзі тіленіп барып, алдарынан шыққан иттерді қырып, оны қыру себебін баяндап, ханды сөзден женгені айтылады. Кітап авторы М.Ж.Көпеевтің қолжазба қорындағы қай папкасының қай бетінен алғанын көрсетпейді. Ал, ел аузынан естіген М.Ж.Көпеев сөзі болса, онымен М.Ж.Көпеевтің өз қолынан жазылған нұсқа қарама-қарсы түсіп жатса, біз түпнұсқаға сүйенуіміз керек.

Біздіңше, тек М.Ж.Көпеев жазды дегендіктен де емес, өзі тәрізді аз халық қалмақтан сонша үрейленді дегеннен гөрі іргелі ел Қытайдан қазақтың қаймығуы шындыққа жақын. Оның үстіне қазақтың Сүйіндік ата ұрпақтары тұсында Арқаны мекендеуі шындыққа жанасымды болса да, тап сол кезде қалмақтың Сырды мекендеуі сендірмейді. Себебі, сол М.Ж.Көпеевтің өзінде Сүйіндік баласы Құлболдының бәйбішесі Мақпал бастаған көштің сол Сырдан бері өткені баяндалады [87].

Қолжазбадан көшіріп жинау тәсілін Ә.Диваевтың да қолданғаны белгілі. Тікелей қолжазбадан көшіру сияқты тәсілді М.Ж.Көпеев те қолданған. Әдетте көптеген фольклорист ғалымдар жинаушылықпен айналысқанда ел аузындағы нұсқаны айтып, жеткізуші адамға аса көңіл бөлмей келсе /мәселен, В.В.Радлов, Г.Н.Потанин т.б. тәрізді қазақ жинаушылары/, Л.Ф.Писемский, П.В. Киреевский, Н.Белозерский, М.Максимович, Л.Жемчужников, Н.Добролюбов, П.Кулиш, А.Метлинский, Г.И.Якушкин т. б. тәрізді орыс зиялылары, керісінше, жеткізушінің, айтушының қолжазба иесінің аты-жөнін аталуын талап етіп отырған. Нұсқаны кімнен, қайдан алғандығы т.б. турасында деректерді келтірмей кету тәрізді кемшіліктер орыс фольклорист-ғалымдары арасында да кездеседі. Мәселен, фольклор үлгілерін жинаушы П.Лукашевичтің де [88, 142 б.], М.Максимовичтің [88, 68-69 б.] де өзіндік қателері: біріншіден, үлгіні кімнен алғанын көрсетпеуі болса; екіншіден, көшірілген тексті өзгертуінде екенін ғалым Б.П.Кирдан дұрыс байқаған.

Қазақ халық әдебиетінің жиналу тарихын сөз еткенде, өз әріптестеріне Ш.Ш.Уәлиханов, В.В.Радлов, Ә.Диваевтарға т.б. қарағанда, соларға үндес ететін ортақ сипаттарымен қатар М.Ж.Көпеевтің өзіндік ерекшеліктері мол. Шығыс, батыс мәдениетін, қазақ тілін жетік меңгерумен бірге араб, парсы, орыс, көне түркі тілін жете игеруі және ХІХ ғасырдың соңғы ширегі мен ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ даласын көп аралауы нәтижесінде М.Ж.Көпеевтің қазақ халық әдебиетін өз замандастарына қарағанда анағұрлым мол жинап, ол туралы кеңірек зерттеу жүргізуі- ерекше құбылыс болды. М.Ж.Көпеевтің, көбінесе тікелей тәсіл арқылы артына жазып қалдырған көлемі 15-20 томдық материалдарды шолып қарай отырып, оның жинаушылық еңбектерін саралуға бастайтын мынадай ерекшеліктерін жинақтап айтуға болады. Сондай-ақ бұл ерекшеліктер сол кездегі фольклор шығармаларын жинаушыларға да ортақ болғаны даусыз: біріншіден, ертегінің, не аңыздың қысқартылған сұлбасын, шығарма оқиғасын берумен шектелмеген. Белгілі бір материалды ел арасындағы айтылу қалпын сақтай отырып, неғұрлым толық қамтып отырған. Екіншіден, әрбір сөздің сол кездегі дыбысталу қалпын, орфоэпиясын ескеріп, белгілі бір сөздерді естілуі бойынша қағазға түсірген. Әсіресе сөздің дыбыстық әуезділігіне, өзара үндесуіне көп көңіл бөлінетінін, дыбысталу сапасының сөз мағынасына, сол арқылы шығарма көркемділігіне пәрменді ықпал жасап отыратынын бағамдасақ, бұлай жазу қазақ тіліндегі сөздер фонетикасы тарихын жасауда да елеулі рөл атқаратынын дәйектеуге болады. Үшіншіден, қай материалды кімнен, қандай жағдайда, қалай жазып алғанын жеткізіп отырған. Демек қалдырған жазбалардың тарихи, этнографиялық т.б. мәні айрықша болатыны күмәнсыз. Төртіншіден, ел тарихын, мәдениетін, әдет-ғұрпын кең білгендіктен, жинаған материалдарға деген өз бағасын, байқауларын қоса жазып отырған.

Ал, белгілі бір тақырыпқа материал жинау дегенде Ә.Диваев тәрізді М.Ж.Көпеев те арнайы сұраныс (заказ) бойынша да айналысқан тәрізді. Оған, мәселен, «әулеттік архивте» сақталған ғалым Әлкей Марғұланның хаттары себеп, дәлел бола алады. Онда ел арасында кең танымал болған Абылай, Кенесары, Олжабай т.б. сынды хан мен батырларға арналған тарихи әңгімелерді М.Ж.Көпеевтен әрі жинауын өтінсе, әрі өзінің тұрып жатқан жеріне хат арқылы беріп жіберуін де сұраған.

Ә. Диваев, М.Ж.Көпеев жазбаларында фольклордың барлық жанрлары қамтылған. Мұндай фольклорлық үлгілерді жинағанда ара-жігін бөліп-жармай, жаңа-ескі деп қарамай, шамасы келгенше фольклордың әр жанрын қамтып, барлығын жан-жақты жинауға тырысу тек М.Ж.Көпеев ерекшелігі емес, сол тұстағы көптеген ғалым-фольклоршылардың шарты. Мәселен, белгілі фольклорист Ә.Диваевтың да жинау әдістемесінің осы сипаты Н.Смирнованың еңбегінде атап көрсетілген: «Широта охвата всех элементов народной поэзии отличает методику Диваева – собирателя. Он записывает массу жанров казахского фольклора: эпос и сказки, сказания и легенды и побасенки, нравоучения, пословицы и загадки, песни и айтысы, заговоры, заклинания, обрядовую поэзию, песни баксы и бадик» [89].

Әулеттік мұрағатта Әлкей Марғұланның М.Ж.Көпейұлына жазған біраз хаттары сақталған. Сонымен бірге сол қолтаңбамен жазылған (яғни Әлкей қолымен) тағы бір материалға тап болдық. Басында «Сүйіндік: Олжабай батыр ертегісі», - деп көрсетілген ол жазбаның аяғында Әлкейдің Сердалы деген адамға тапсырмасы берілген. Хатта Ә.Марғұлан ертегіні М.Ж.Көпеевтен көшіріп алғандығын, оны өлеңге салу қажет екенін, табиғат көріністеріне, әсіресе жер-су аттарына т.б. көп көңіл бөлу керектігін ескертеді. Ертегіні М.Ж.Көпеевтің кімнен, қалайша жазып алғандығы жөнінде де сілтеме беріледі: «Сақау ақынның айтуынан 1865 жылы жазып алған Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы», - делінген [90].

М.Ж.Көпеевтің өзіндік жинаушылық ерекшелігі бар екендігін де есте ұстаған жөн. Мәселен, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің қолжазбаларының кей жерлерінде фольклорлық үлгіні айтушының есімін нақты нұсқа басы мен аяғында атап кетуден гөрі, кейде не сөз арасы, не нұсқа ішінде кіріктіріп жазып кетуді жөн көретіні де бар. Ондағы себебі фольклорлық үлгіні айтушы, не жеткізуші есімі ел жадында ұмытылмай, керісінше, жазылған мәтінмен бірге айтылып жүрсін деген ойдан туындаған тәрізді. Бұлай дейтініміз, әдетте фольклортану әлемінде фольклорлық үлгінің жазылып алыну паспорты не шығарма басында, не аяғында беріледі. Себебі бұл дүниелерді отырықшы елдер баспа арқылы кітап етіп тез шығарады. Ал, енді-енді өзінің баспалары пайда бола бастаған ол кездегі қазақ елі арасында шығармалардың кітап күйінен гөрі, көбінесе қолжазбалар түрінде кең тарағаны белгілі. Көшіп-қонуда жүрген ел ішінде қолдан-қолға жиі өткен қолжазбалар бір-бірімен араласпасына, тіпті беттерінің жоғалып кетпеуіне ешқандай кепіл жоқ екені аян. Сол себепті М.Ж.Көпеевтің мұндай жинаушылық ерекшелігін фольклортану ғылымына қосқан өзіндік үлесі деп бағалауға болады. Мысалы үшін, «Абылай аспаған сары бел деген сөздің мағынасы» атты жазбасында М.Ж.Көпеев әңгімені аяқтай отырып, оқиға растығына дәлел ретінде Төртуыл елі ішінде жүрген Төлеген қожаның өлеңін береді:

Кешегі өтіп кеткен хан Абылай,

Соғыпты қыбыладан ескен желдей.

Сонау бір сары белден аспадым деп,

Кетіпті арман қылып біздің елді-ей! ...[90].

Ақынның «Жарылғап пен Абылай хан» жазбасында мынадай дерек кездеседі: «Бұрынғылар аңыз қылған: «Қазақта байлық, бектік, ұрлық – үшеуі бір тұқымға сыйған емес. Жалғыз-ақ осы үшеуі Жарылғапқа сыйған: Не үшін? Бұған дуа кеткен. Абылай хандай аруақты ерден дуа алған! – делінген сөз. Баймұрын мырзаның тұңғышы Шотақ байды көрдік. Мінезі – қойдан қоңыр, мырзалығы – жиексіз мырза, әулие дерлік, табиғат иесі адам еді. Сол Шотақтың бәйбішесінен туған Исақ, Ермек-Мұса, Секербай заманындағы ұрының атақты дөкейі болды. Былтыр мен биыл атағы шығып жүрген Қышқаш та- сол Жарылғаптан шыққан ұры. Тірі болсаңдар естисің, Қышқаштан дөкей Шатынауық шыққанын» [91].

Жинаушылықтың: ауызба-ауыз жазып алу, яғни тікелей тәсілін, ескі қолжазбалардан, кейбір кітаптардан көшіру тәрізді тәсілдерін қолдану кезінде, жалпы фольклорист ғалымдар атаулының ұстанатын негізгі принциптері: сөзді өзгертпей сақтау, естіген күйінде ауызша стилін бұзбай жазу керектігі. Өмірбаяндық деректерінде Ақмола дуаның тұрғыны Мейрам Жанайдарұлы үйінде М.Ж.Көпеевтің өзі көп уақыт тұрғаны, қолжазбаларын ақтарғаны, әдеби мұра сөздерін зерттегені айтылған. Өмірбаяндық дерегінің келесі бір жерінде ақынның Мұса Шорман баласы Сәкен ағайдан іші әңгімеге толы қолжазбаны қалап алғаны сөз болады. Бұған қарап М.Ж.Көпеев біраз фольклорлық нұсқаларды осы қолжазбалардан тікелей көшіру әдісі арқылы алған деген ойға келеміз (бірақ нақты қай үлгілері екені белгісіз). Кейбірде ол қай фольклорлық үлгілерді қайдан алғандығын көрсетіп те отырған. Мәселен, «Қазақ түбі» деген әңгімесін Әбілғазы Баһадүр хан шежіресінен [92] алдым десе, қазақ мақалдарының біразын Мұса Шорман қолжазбасынан алғандығы [93], «Пайғамбар сөзі» «Шіп Алтуин мен Алайман» тәрізді әңгімелерді «Хадис-Шарифтан» көшіргендігі [94] сөз болады. Сондай-ақ осы қолжазба ішінде М.Ж.Көпеев: «Шәкәрім шежіресінен Тобықтыны жазып алдым», - дегені де бар [95]. Алайда бұдан, М.Ж.Көпеевтің негізгі жинаушылық тәсілі «қолжазбалардан көшіру» деген сияқты ой тумауы керек. Себебі мұндай жинаушылық әдіске ғалым жиі бара бермеген. Оған М.Ж.Көпеев жазып кеткен мына бір сөздері дәлел: «Өзі қазақ сөйлеген сөзі болған соң, басында қазақ әңгімесімен бастап, ақырын һәм қазақ сөзімен тиянақтаттық Көпей баласы Мәшһүр-Жүсіп, нұсқадан көшіріп жазған жоқ, қиялына келген сөзді жаза берген жоқ, алданыш-жұбаныш өмір өткізу үшін жазған жоқ ...» [96], - делінген. Бір өкініштісі бұл мәтіннің қалған жерлері іс-түссіз жоғалып кеткен.

Мәшһүр Жүсіп Көппев фольклорлық нұсқаларды жинаудың тағы бір түрі яғни дайын кітаптарды пайдалану жағын да меңгерген: бірі – ертеректе шыққан шығыс кітаптары болса, бірі – батыс елдер үлгісіндегі кітаптар т.б. Біздегі бар деректерге сүйенсек, М.Ж.Көпеев Абдуғалисина, Абултарит, Сократ, Хакім, Әл-Фараби, Сағди, Науаи, Фердоуси сынды ойшылдар мен ғалым-жазушылардың еңбектерін сол өздерінің ана тілінде оқыған. Мәселен, М.Ж.Көпеев қолжазбасында: «Жеті жырау» аталған кітап бар» [90], - дей отырып, уағыз-насихат, дін төңірегінде т.б. мәліметтер келтіреді. М.Ж.Көпеев кімнен не алса да көрсетіп отырған. Мысалы, «Бір бай болыпты» деп басталатын мәтінді келтірейік: «Байдың 3 ұлы болды. 2 ұлынан соң кенжесіне келін түсірмек болып, бәйбішесімен қыз үйіне барады. Бәйбіше түсіргелі отырған қызға үйдегі келін туралы: - «Мені біреуі – «қатқан кемпір» десе, біреуі – «қатқан ене» дейді. Сен мені қалай айтар едің? – деп сауал береді. Қыз өте тапқыр екен: «Қатқан көңді жібітетұғын емен талқы бикешің біз боламыз», - деп жауап қайтарыпты. Міне, осындай ғана шағын әңгіменің өзінде де Мәшһүр-Жүсіп кімнен, қалай алғандығын жазып қана қоймай, ол әңгіме қандай жағдайда айтылғанын да хабарлайды: «Бұхарай Шәріптен келген Бойбарлық қожа «Семіз ишан атанған Міркүләлдин Мырзақұл ұғлы Саққұлақ Бопан ұғлының үйіне барғанда, қалтасынан алып, Ералы, Нұралының кенже балаларына қант, мейіз беріпті. Сонда Саққұлақ айтыпты», - [90] деп жазады. Мұндай мысалдар М.Ж.Көпеев қолжазбасында көптеп кездеседі. Фольклорды – тұрмыстың қажеті, елге білім, тәрбие беретін құрал деп білген ол әр мәтіннің шығу тарихына, айтылу жағдайын, қалай тарағанын анықтап отырған.

М.Ж.Көпеев «Сүлеймен пайғамбар мен құмырсқа» атты хикаятты қайдан естіп, жазып алды десек, «әулеттік архивте» сақталған Фазыл жазбасындағы М.Ж.Көпеевтің мына бір дерегі көңіл аударарлық. Онда: «Ізден абыздың Боштай әкесі Тұрсынбайға айтқаны; «Әділ тақ Сүлейменнің құмырсқаға айтқан сөзін нақыл қылып, артынан мынаны айтқан», - делінген. Бұдан білерміз: «Сүлеймен мен құмырсқаға» қатысты әңгімені М.Ж.Көпеев Ізден абыздың Боштай әкесі Тұрсынбайға айтуынан жазып алғандығы. Мұнда, сондай-ақ әңгіменің кімге бағышталып айтылатындығы турасында (аты-жөні көрсетілген) дерек те сақталған. Бұл да М.Ж.Көпеев жинаушылығының бір қырын танытады.

М.Ж.Көпеев әр мақалдың дерлік қайдан жазып алынғанын, көбінесе сөз арасында айтып кетіп отырған. Мәселен, «Байлық мұрат емес, //Жоқтық ұят емес!» - деген мақалды М.Ж.Көпеев: «Күні кеше Сарыарқада қасиетті, шарапатты болып өткен Ғайса Бикей ишан дуам айтып отырады екен», - дейді. Яғни, бұдан мақалды жеткізуші есімі Ғайса Бикей ишан екендігі, оны М.Ж.Көпеев жазып алғандығы көрініп тұр.

Сол сияқты мына үлгілерді де ауызша айтудан тікелей хатқа түсірген: «Байды Құдай атқаны, //Жабағы жүнін сатқаны», - деп басталатын топтаманы Мәшһүр-Жүсіп Шортанбай қожа айтты десе, «Қарадан хан қойса, қасиеті болмайды, //Үлгісізден би қойса, өсиеті болмайды», - деген жолдан басталатын бір топ мақал-мәтелді Мұса Шорман би ұғлынан естігенін жазып қалдырған [90].

М.Ж.Көпеев бүкіл халыққа танымал болғандықтан, сол кездің көптеген зиялылары өз қолжазбаларын пайдалануға берген тәрізді. Өз кезегінде М.Ж.Көпеев бұл адамдардың аты-жөндерін атап кетуді ұмытпаған. М.Ж.Көпеев халық әдебиетін ел аузынан да, қағаз жүзінен де жинаумен айналысады. Арасында өзі айтысқа түсіп, қаламмен де жазып айтысып жүреді. Өзі турасында М.Ж.Көпеев: «Үш жүздің баласы, қазақтан шыққан қария, шешен сөзге ұста, тапқыр, ойшыл, кеудесінің есігі бар, көзі жіті, көңілі қырағы, бір тіл емес, әр тілде білетін оқыған, тоқыған, жүйрік, білгіш адамдармен ойда-қырда, талай жерде жолығып, талайынша сөйлестім, - деп айтқан жерлері де жоқ емес. – Ата білген, шежіре болған бұрынғының көне қарияларына көп сөйлестім: Қаракесек ішінде Бердалы қожа, Қанжығалы қария Бөгенбайдан шыққан Саққұлақ – сондай жұрт аузында шежіре атанған қариялардан естідім ... Науаны бәрін барып атқардым. Түрік жұртынан шыққан мір ғалым Шырынзахралдин Әмір Науаның күллісі қолымда. Бала жасымнан Мұса Шорманмен таныстым. Бұхарай-Шәріп пен Хатымкәрдә болып шыққан Қамар хазіреттің мәжілісінде болып өмір кешірдім. Мұны жазғаным мақтан үшін емес, ақтан үшін», - дейді [90].

ХХ ғасыр басындағы Х.Досмұхамедұлының фольклортану саласындағы еңбектері назар аудартады [97]. Х.Досмұхамедұлының баспа бетінде жарық көрген еңбектерінен біз оның қазақ медицинасы, биология, табиғаттануы және бізге қатысты тарих, тіл, әдебиет ғылым салаларына қосқан үлесі көп қырлы екенін зерделей аламыз. Х.Досмұхамедұлының ХХ ғасырдың 19-20-шы жылдары қазақ фольклоры мен ауыз әдебиеті үлгілерін жинастыра отырып, оларды жеке кітап, не мақала түрінде болсын, баспа бетіне жариялап, қазақ фольклортануына елеулі үлес қосқаны аян. Ғалым Х.Досмұхамедұлының фольклортанушылық жолға түсуіне тікелей не түрткі болды десек, оның бірі- В.В.Радловтың жарияланған еңбектері болса [98, 23 б.]; екіншісі- белгілі фольклортанушы Ә.Диваевпен бір ұжымда қызметтес болуы дер едік [98, 6, 355, 368, 370 б.]. Демек, ХХ ғасырдың бірінші жартысында қазақ фольклоры мен ауыз әдебиеті үлгілерін жинаудың болашақ ұрпақ үшін, қазақтың мәдениеті, тарихы, тілі, әдебиеті т.б. тарихы үшін маңыздылығын, баға жетпес қазына көзі екенін дәйектесек, соның себепкерлері В.В.Радлов, Ә.Диваев ықпалын қабылдап, әрі өрістеткен Х.Досмұхамедұлының фольклортанушылық еңбектері ғылымдағы дәстүр жалғастығы рөлін дәлелдейді деп санаймыз.

Х.Досмұхамедұлының фольклортанушылық қызметіне келетін болсақ, ол халық ауыз әдебиеті үлгілерін жазып алумен ертеден-ақ шұғылданған. Х.Досмұхамедовтың жинаған материалдары: «Мұрат ақын сөздері» (1924), «Аламан» (1926), «Исатай-Махамбет» (1925) атты кітаптар түрінде жарық көрді. Мәтіндердің Батыс Қазақстан жерінен жазылынып алынғандығына қатысты паспорттық деректер сол кітаптардың алғысөзі мен түсініктемелерінде берілген.

Х.Досмұхамедұлы туысқандарының бірі- Балмұқан Мәмбетжанұлының естелігі көңіл бөлерлік: «Халел,- дейді ақсақал,- Ташкент қаласынан жазғы демалысқа келгенде арнайы үй тіктіріп, жақын жердегі сөз білетін қарттарды тегіс шақыртатын. Кейін осы қарттар іріктеле келе Халел қасында Ығылман Шөрекұлы сияқты ақындар қалатын-ды» [98, 100 б.]. Осы бір азғана естеліктің өзінде жалпы фольклортану ғылымында қалыптасқан фольклорды толыққанды жинаудың үш кезеңі болса: бірінші- фольклорлық үлгіні іздестіру; екіншісі- мәтінді жинастыру; үшіншісі- қағазға түсіру т.б., міне, оның үшеуі де Х.Досмұхамедұлы тарапынан орындалғаны байқалады. Мәселен, Ташкент қаласынан жазғы демалысқа келгенде арнайы үй тіктіріп, жақын жердегі сөз білетін қарттарды тегіс шақыртуынан біз Халелдің фольклорды жинау үшін алдын-ала ұйымдастыру жұмыстарын жүргізгенін көреміз. Міне, бұл фольклорлық үлгіні іздестірудің бірінші кезеңінің іске асқанын, ал, екінші, үшінші кезең- мәтінді жинастыру мен қағазға түсірудің де жартылай іске асқандығын байқатады. Себебі сөздің қадірін білетін қарттарды тегіс шақыртқаны- істің басы болса, ол 2-ші кезең, ал 3-ші кезең- қағазға түсіруге келгенде, соңынан іріктеле келе тек Ығыман Шөрекұлы сияқты ақындар ғана қалуы- бәрі барлық фольклор үлгілерінің қағазға түсіп үлгірмегенін, ал ол кезегінде тууы мүмкін түрлі нұсқалардың да ескерілмеуіне әкелері сөзсіз.

Дегенмен біраз фольклор үлгілерін бертінгі жеткізушілерінің бірі Ығылман Шөрекұлы сияқты ақындар екендігі т.б.- бәрі фольклорлық мәтіннің жазылынып алыну паспортына қажетті дерек көзі болумен қатар, сондай-ақ олардың фольклорды жинаудың тікелей ауызба-ауыз тәсілі арқылы қағазға түсіргендігін де анықтай алады. Мұндай тікелей ауызба-ауыз тәсіл арқылы ғалым ауыз әдебиеті үлгілері мен фольклорлық мәтіндерді де жинастырғаны белгілі. Мәселен, ауызба-ауыз жинау, яғни тікелей жинау тәсілі арқылы зерттеуші Х.Досмұхамедұлының мынадай ауыз әдебиет үлгілері басылым көрді: «Мұрат ақынның сөздері» (1 бөлім, Ташкент, 1924); «Исатай-Махамбет» (1 бөлім, Ташкент, 1925); «Адай Абыл ақынның сөздерінен қалған бір жұрнақ» (Сана, 1924,№2-3); «Қалмақтың қарғысы» (Мұрат ақынның сөзі. // Сана, 1924, №2-3); «Үш қиян» (Мұрат ақынның сөзі. // Сәуле, 1924, №6); «Қыз» (Мұрат ақыннан. // Сәуле, 1924, №6) т.б.

Сонымен қатар ғалым Х.Досмұхамедұлы «Аламан» (Ташкент, 1926) жинағы мен «Аруақпен айтыс» (Сана, 1924, №2-3) мақалаларымен қатар, тікелей ауызба-ауыз тәсілі арқылы жиналған фольклор үлгілері жоғарыдағы аты аталған «Мұрат ақынның сөздері» (1924), «Исатай-Махамбет» (1925) атты жинақтар ішінде де кездеседі: «Мұраттың жылқышымен айтысқаны»; «Мұраттың Оразбен айтысқаны»; «Мұраттың Жантөлімен айтысқаны»; «Мұраттың Тыныштықпен айтысқаны» т.б. Міне, бұдан фольклор мен ауыз әдебиет үлгілерін жинауда Х. Досмұхамедұлы, көбінесе тікелей жинау тәсіліне сүйенгендігі танылады. Ендеше, Кеңес дәуірінің алғашқы кезінде халық поэзиясы үлгілерін жинаушылар, көбінесе фольклорды тікелей жинау тәсілі арқылы жинағанда, оны филологиялық (сөз өнері деп), этнографиялық, халықтың дүниетаным т.б. дерек көзі есебінде қарастырғаны даусыз.

ХХ ғасырдың алғашқы жартысында қазақ даласында фольклорлық шығармалардың тікелей, экспедициялық, тұрғылықты тәсілдері арқылы жиналғаны мәлім. Мұның ішінен мәдени мұраны ел арасынан басқа да тәсілдермен қатар тікелей тәсіл арқылы жинаудағы мақсат- жоғалып бара жатқан қазақтың ең бай мұрасы, халық шығармаларын қағазға тездетіп түсіру екені белгілі. Бұл тәсілдің өз артықшылықтары, өз кемшіліктері бар. Кемшілігі не десек, біріншіден, тікелей тәсіл кезінде экспедициялық тәсіл арқылы фольклорды әрі кең, әрі көп мөлшерде жинау мүмкіндігі жоқ. Екіншіден, тұрғылықты тәсілге қарағанда, бір елді мекендегі барлық фольклорлық жанрлардың бірін қалдырмай, асықпай толық қамту жағы төмен. Ал, артықшылығына келсек: біріншіден, фольклор өмір сүретін ортада жинаушы мәтінді қағаз бетіне түсіру ісіне өзі тікелей араласа отырып, орындаушыны да, елді-мекенді де өзі таңдайды. Жинау барысында туған түрлі кемшілік атаулыны сол жердің өзінде-ақ түзету мүмкіндігі бар. Ендеше нұсқаның ғылыми талапқа сай жиналуын қамтамасыз етеді. Екіншіден, экспедиция жасақтау үшін қажетті уақыт мөлшері, қаражат көздері т.б. бұл тікелей тәсіл арқылы жинау жұмысына аз жұмсалады. Ал, мәтіндерді ауызба-ауыз түсіру мүмкіндігі, жиналған үлгінің тіліне, көлеміне, көркемдік сапасына нұқсан келтірмейді. Үшіншіден, ең бастысы, фольклорлық шығарма тікелей орындалу кезінде қағазға түсетіндіктен, мәтіннің сөзбе-сөз өзгерусіз қағазға түсу мүмкіндігін арттырады. Демек, фольклортану ғылымының дәлділік талабы орындалады. Сондай-ақ мәтіннің паспортын толық түсіру мүмкіндігін арттырады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет