1.2.3 Экспедициялық тәсілмен жинау.
ХХ ғасырдың бірінші жартысында Қазақстанда фольклорды жинау, зерттеу жұмыстарымен Жазушылар одағының поэзия секциясы, Қазақтың С.М. Киров атындағы Мемлекеттік университеті мен Қазақтың Абай атындағы педагогтік институтының қазақ әдебиеті кафедрасы, КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалының Тіл, әдебиет, тарих институты (1946 жылдан бастап Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл мен әдебиет институты) шұғылданды.
Жоғарыда біз атап өткен ұйымдар Қазақстанның жер-жеріне экспедициялар жіберіп, ауыз әдебиетінің материалдарын жинатып отырды. Халық ауыз әдебиетін жинаушылар тек материалдарды жазып алып қана қоймай, оны айтушы адамдармен үнемі байланыс жасап, қамқорлыққа алды. Ел арасынан халық ауыз әдебиетін жинау істері де көпшілік арасында жүргізілген саяси- тәрбие жұмыстарымен тығыз байланысты болды.
Халық ауыз әдебиетін жинаушылар экспедияцияда жүрген кездерінде ақындармен әңгіме өткізіп, көпшілікке арнап ауыз әдебиетінің мәселелері жөнінде лекциялар оқиды. Жиналатын материалдардың сапасына да көп көңіл аударды. Көбінесе, тарихи жанрға жататын шығармалар, халықтың нақыл сөздері, осы заманды бейнелеп көрсететін өлеңдер молырақ жиналды. Халық ауыз әдебиетін жинау жұмысымен ақындардың өздері де шұғылдана бастады. Мәселен, ақын Айса Байтабынов өзі білетін «Қобыланды», «Әуез батыр», «Ер Сайын», «Көрұғлы», «Телағыс» жырларының нұсқаларын тапсырды [123]. Ақын Шапай Қалмағамбетов «Қобыланды», «Ер Тарғын», «Қарабек», «Құбығұл» сияқты бірқатар жырлардың қолжазбаларын ел арасынан іздестіріп тапты [124].
Экспедицияның жұмыстары жүргізілді: ақындар мен жыршылардың өмірбаянын жазып алу, олардың өлең мен жырды орындау кезінде әрқайсысына тән ерекшелігін сипаттап айту, ауыз әдебиеті шығармаларының нұсқаларын іздеп тауып алу міндеті көзделді. Сол сияқты шаруалар мен жұмысшылардың Қазан төңкерісіне дейінгі және Кеңес тұсындағы фольклорын жинау міндеті де қойылды. Бағдарламада көркемөнер үйірмесінің жұмысын зерттеуге, ауыз әдебиеті шығармасының тууына, белгілі бір шығарманы әр адам өзінше айтып кете алатындығына көп көңіл бөлінді. Бағдарламада көрсетілген осы нұсқаларға сәйкес ауыз әдебиетін жинаушы адам шығарманы біреуден біреу қалай жаттап алатындығын білуге тиіс болды. Сонымен халық ауыз әдебиетін жинау мәселесі ғылыми мәні бар іске айналып, оны жинауға бұрынғыдай бірлі-жарым адам емес, көпшілік болып ат салысты: С.Әбдізақов (Көкшетау облысы), Қ.Амантаев (Оңтүстік Қазақстан облысы), Н.Әминов (Солтүстік Қазақстан облысы), Н.Байтілеуов (Батыс Қазақстан облысы), М.Бимағамбетов (Гурьев облысы) т.б. Ақындар мен жазушылардан фольклорды жинау жұмыстарына: Құлзақ Аманкелдин, Желеу Жақыпов, Ысқақ Жүсіпов, Шапай Қалмағамбетов және т.б. қатысты. Жинау жұмысының әдіс-тәсілі де жөнге келтірілді. Халық ауыз әдебиеті шығармаларының есте қалғандарын ғана жазып, оны қалай болса солай түзете салу мүлдем қойылды. Халық ауыз әдебиетінің шығармаларын жазып аларда оны айтушы адамдар мен шығарманың шығу төркіні жайындағы мәліметтер ескерілді.
1917 жылдан бастап экспедицияның негізгі міндеті- Кеңес фольклоры мен батырлар жырының, тұрмыс-салт дастандарының нұсқаларын т.б. ел аузынан жазып алу болды. ХХ ғасырдың бірініші жартысындағы қазақ фольклортану ғылымындағы фольклорды іздестіру, жинау ісі жеке даралық жұмыстары негізінде басталып, бірте-бірте жалпылық сипат ала бастады. Сөйтіп, Қазақстанда 1920-40 –шы жылдары алғашқы экспедициялар ұйымдастырылды. Мәселен, 1920 жылғы Сырдария экспедициясын Ташкенттегі Қазақтың ғылыми-зерттеу қоғамы ұйымдастырған. Ал, 1921 жылғы Жетісу экспедициясы; 1935 жылғы Қостанай экспедициясы; 1940 жылғы Семей экспедициясы; 1940, 1942 жылғы Арал экспедициясы; 1946 жылғы Көкшетау-Ақмола экспедициясы; 1946 жылғы Қостанай, Семей, Ақтөбе, Қарақалпақ экспедициялары; 1947 жылғы Қостанай, Гурьев экспедициялары; 1948 жылғы Маңғыстау экспедициясы; 1949 жылғы Гурьев экспедициясы –бәрі де КСРО Ғылым академиясының Тіл-әдебиет бөлімі (1940, 1942 ж.), кейіннен Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты (1946, 1947 ж.), Әдебиет және тіл институты (1948, 1949 ж.) тарапынан ұйымдастырылды. Қазан төңкерісіне дейінгі фольклорды, көбінесе белгілі ірі фольклортанушы ғалымдар, мәдениет және өнер қайраткерлері, ағарту мен медицина қызметкерлері т.б. жинастырып, баспа беттерінде, түрлі жинақтарда, ғылыми еңбектерде жарияланғаны мәлім. Ал, Қазан төңкерісінен кейінгі дәуірдегі фольклортану ғылымы дамуы үшін фольклорды жинауға арналған көптеген түрлі экспедициялардың ұйымдастырылуының да т.б. үлкен мәні болды.
Баспа беттерінде фольклорды жинауға қатысты көтерілген мәселелер: мәтінді қағазға дәлме-дәл түсіру жұмысының қаншалықты маңызды екендігін түсіндіруге, нұсқаның жазылынып алыну паспортының дұрыс толтырылуына т.б. көңіл бөлінді. Мұндай мәселелердің шығу себебі жалпы көпшіліктің фольклорды жинаумен айналыса бастауынан туындап отырды. Яғни мұндай кең ауқымды фольклорды жинау жұмыстары жүргізілгенде, маман еместердің ісіне байланысты түрлі ауытқулардың, кемшіліктердің туындайтыны заңды. Ал, түрлі экспедициялар ұйымдастырылғанда, олардың құрамында әр түрлі маман иелері: жазушы, ғалым, өнер қайраткерлері, мұғалімдердің қатысуы да т.б.- бәрі де жинау жұмыстарына өзіндік ерекшеліктер қосқаны сөзсіз.
Ұйымдастырылған экспедициялар түрлі елді- мекендердегі фольклорлық мәтіндерді жинаумен ғана шектелмеді. Сондай-ақ сол елді-мекеннің халықтарының тілдік, диалектикалық ерекшеліктері де, топонимикалық атаулардың этимологиясы да, жергілікті елдің өзіндік тұрмыс-тіршілігі де, халықтың құрамын, санын және өсуін айғақтайтын мәдени ескерткіштермен бірге көне кітаптар мен қолжазбаларға да көңіл бөлу өсті. Сонымен қатар ұйымдастырылған экспедициялар арнайы белгілі бір жердің фольклорлық репертуарын жинаумен де шұғылданды. Мұнда, көбінесе тұрғылықты бақылау әдісі қолданылды.
Осындай экспедициялық әдіс арқылы жиналған мол халықтық мұралар елдегі «фольклорлық мұрағаттың алтын қорынан» орын тапқаны белгілі. Мұның бәрі идеологияның басқа салалары тәрізді, әдебиеттің де, оның ішінде фольклор жинаудың кезеңдік ерекшеліктері мол болғанын, оны жіті қадағалап, ескерту қажеттігін дәлелдейді.
Фольклорлық мұраны жинау жұмыстарында тұрғылықты әдіспен қатар жиі орын алатын әдіс- экспедициялық жұмыс. Мұндай жинау әдісі, әдетте фольклорды тақырыптық, не жанрлық тұрғыда жүйелеу түрімен байланыстырылады. Сондай-ақ бұл әдіс белгілі бір елді-мекендегі фольклордың хал-жағдайын тексеру қажеттігі туғанда да жиі қолданылады. Жинаудың экспедициялық әдісі, көбінесе Кеңес өкіметі тұсында жиі қолданылып, дәстүрлі жоспарлы істердің біріне айналды. Фольклорлық экспедициялар алдында, негізінен алғанда, бірнеше мақсаттар қойылып жүзеге асады:
1) Алдыңғы жинаушылар ізімен ұйымдастырылған экспедиция, негізінен табылған мәтіндерді ертеде қағазға түскен үлгімен салыстыру жүргізеді;
2) Бұрын фольклортанушылар тарапынан қарастырылмаған елді-мекенге жіберілген экспедиция, негізінен, фольклор үлгілерін зерттеушілердің жинаушылық жұмысында орын алған «ақтаңдақтарды» жоюға мүмкіндік береді;
3) Белгілі бір дәстүрлі, не жаңа мәтіндерді қағазға түсірумен байланысты жасақталған экспедиция, негізінен, жаңа үлгілердің ел арасында өмір сүру ерекшеліктерін т.б. қарастырады;
4) Нақты тарихи оқиғалар мен қайраткерлерге қатысты фольклорлық мәтіндерді іздестіру мен қағазға түсіруге байланысты шыққан экспедициялар істерін үйлестіру іске асырылады;
5) Барлау не шолу жасау үлгісіндегі экспедиция, әдетте алдын-ала фольклорды жинастырумен шұғылданып, оларды белгілі бір нақты елді- мекендегі жинаушылық қызметке қатысты жобаларды қарастарғанда, оларды салыстыру, жүйелеу жұмыстары үшін белсенді түрде қолданады. Қазір де фольклортануда жинау жұмыстарында, көбінесе осы экспедициялық әдісі жиі қолданылады.
Фольклорды экспедициялық тәсіл арқылы жинаудың басқаларға қарағанда ұтымды жағы экспедицияға шықпай тұрып басталынады: белгілі бір жерде атқарылатын жұмыстың мақсаты, жинау жұмысына қажет дәптер, қағаз, қалам т.б. тәрізді заттардың болуы ойластырылады. Сондай-ақ фольклор жинаушы сол елді-мекендегі халықтың тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпымен т.б. алдын ала хабардар болады. Сонымен қатар ол аймаққа қатысты этнографиялық та, географиялық та ерекшеліктерді ескереді. Тіпті кезінде алдын-ала ол жерден жиналған нұсқалар, қолжазбалар, кітаптар т.б. болса, олармен жіті танысады.
Жалпы фольклорды жинаушылар: фольклорды сүйетіндерді және насихаттайтындарды алдымен іздестіреді. Таныс емес адамдармен жұмыс атқару тәсілін меңгереді. Әңгіме барысында фольклорды айтатындар т.б. турасында да хабарлар алып, олардың әрқайсысымен жеке жинаушылық жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік алады. Мұндай жергілікті тұрғындарды әңгімеге тарту тәсілі- жинау жұмыстарын неғұрлым тездетіп, оның қарымды, сәтті жүруіне әкеледі. Фольклорды насихаттайтындарға немқұрайды қарамай, керісінше оларға үлкен ықылас танытып, құрметпен қарау т.б.- бәрі фольклорды айтушы мен жинаушы арасында, ең маңызды сенімділік, ризашылық қарым-қатынастарды қалыптастырады. Ал, бұл өз кезегінде фольклорды айтатындарды барынша көп іздестіруге қолайлы жағдай тудыруға т.б. мүмкіндік береді.
Экспедиция барысындағы жинау жұмыстарында белгілі тәртіптің болуы шарт. Яғни шаруашылық мезгіліне қолайлы не таңертеңгі, не кешкі мезгілден гөрі, фольклорды айтушының шаруадан бос мезгілін таңдап, әңгімеге тарта білуі шарт. Мұндай жағдайда айтушының көңілі шаруаға алаңдамай, емін-еркін көсіле сөйлеуіне мүмкіндік туады. Экспедиция кезінде бұл шарттарды белгілі ғалым Г.Н.Потанин орындаған. Қазақ халық поэзиясын жинауға Г.Н.Потанин өзіндік жолмен келді. Г.Н.Потанин қазақ даласымен шекаралас жерде туғандықтан, ол бала кезінен бастап қазақтармен араласып өсті. Омскідегі Кадет корпусында Г.Потанин Уәлиханов Шоқанмен жақын дос болды. Олардың достығы қазақ ағартушысы Шоқан Уәлиханов қайтыс болғанға дейін үзілген жоқ. Кадет корпусын бітірген соң Г.Н.Потанин Жетісуға жіберілген арнаулы отрядқа қосылды. Ол осында қазақ халық поэзиясын жазып ала жүретін отрядтың тілмашы жүзбасы И.Бардашевпен қарым-қатынас жасайды. И.Бардашев қазақ мақал-мәтелдерін жинап бастырған. И. Бардашевтың және, әсіресе, Ш.Уәлихановтың әсерімен жас Г.Н.Потанин қазақтың халық шығармаларына қызығады.
Алғашқы рет анықталған мәліметтер бойынша, қазақтың фольклорлық шығармаларын Г.Н.Потанин 1860 жылдардың басында жаза бастаған. Белгілі астроном К.Струвенің экспедияциясында істеп жүріп, Г.Н.Потанин Тарбағатай төңірегіндегі Қожырада көшіп жүрген ауылдардан "бірнеше жұмбақ, мақал, өлең және Ытығыл батыр туралы бір ертек жазып алады [125]. 1876 жылы Монғолияға жасаған саяхатта істеген жұмыстарының нәтижесін жариялағанда, Г.Н.Потанин қазақтың жиырма сегіз аңыз-ертегісін бастырды. Олардың басым көпшілігі әлем жаратылысы туралы аңыздардан құралған ("Кірпік шешен", "Көртышқан", "Көкек", "Алғашқы адамдар" т.б.) Бұлардың барлығы да Тарбағатайда жазылған [126]. 1895 жылы Г.Н.Потанин қазақ даласына қайтадан шығады. Бұл жолы Ақмола облысы, Көкшетау уезіндегі Уәлихановтардың ауылына барады. Г.Н.Потанин Петербург университетінің студенті қазақ Сұлтанғазиннан ондаған ертегі-аңыздарды жазып алады («Большая медведица», «Үркер», «Самое великое в природе», «Предание об избрании Чингис-хана», «Череп» т.б.) [127].
Сырымбеттегі Уәлихановтардың ауылына барып қайтқаннан кейін Г.Н.Потанин өзінің мұрағатын қазақ халық поэзиясынан жаңадан жазғандарымен толықтыра түседі. Ғалымның жергілікті жерлердегі тілшілерінің саны өсіп, олардың жинау жұмыстарының сапасы да арта түседі. Мысалы, Г.Н.Потанин мен Сұлтанғазиннің 1895 жылғы жинақтарына Көкшетаудағы К.В.Урасовтың және Ақмола облысындағы А.Головачев пен И.Итжановтың жазып алған материалдары маңызды үлес болып қосылды. Бұл материалдардың барлығын құрастыра келгенде, "Живая старина" журналында Г.Н.Потанин бастырып шығарған "Қазақ-қырғыз және алтай ертегілері мен аңыз-әңгімелері» 1916 жылы жарық көрді [128]. Сөйтіп, Г.Н.Потанин жинау жұмысында бірінен бірінің айырмасы бар екі кезең байқалады. Бірінші, ХІХ ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдары. Бұл уақыттарда Г.Н.Потанин экспедицияға шыққанда, саяхаттың негізгі (әрине географиялық) міндеттерін атқара жүріп, қазақ халық ауыз әдебиеті мен этнографиялық материалдарын жолшыбай жинай жүрген. Екінші кезеңі- ХІХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан басталады. Бұл уақыттарда ғалымның төңірегіне халық поэзиясын сүйетін тілшілер топталады. Бұлар Г.Н.Потаниннің басшылығымен фольклор материалдарын жинауды дамыта түседі.
Г.Н.Потаниннің 1913 жылы жасаған экспедициясы өте жемісті болды. Ол Қарқаралы уезіне қарасты жерлерге шығып, қасына орысша білетін қазақ студенттерін (Әлімхан Ермеков) ертіп, халық прозасының біраз үлгісін орыс тілінде хатқа түсірді. Ертекшінің айтқанын қазақ студенттері орысшаға қолма-қол аударып отырғанда, Г.Н.Потанин қағазға түсіріп отырған. Осы экспедиция жинаған материалдарын жанр жағынан сараптасақ, мынадай жүйені көреміз: негізінен, аңыздар мен ертегілер («Үш ойшы», «Дариға қыз», «Народ мын» т.б.) 1913 жылғы экспедиция материалдары «Живая старина» журналында, кейін 1917 жылы «Казак-киргизские и алтайские предания, легенды и сказки» деген атаумен шыққан жеке кітапқа енді.
Г.Н.Потаниннің халық ауыз әдебиетін жинау әдісі В.Радловқа қарағанда басқаша болды. Сырымбетте Г.Н.Потанин ауыз әдебиетін жинауға Шоқан Уәлихановтың туысқандары Жақып, Махмұд және Қоқышты тартады. Олар Г.Н.Потанинге ертегішілерді тауып беріп, білгендерін айтып, өздері де ат салысады [129]. Айтылған аңыз-ертегіні аударушы Сұлтанғазиннің көмегімен Г.Н.Потанин бірден орысша аудармасын және қазақтың кейбір сөздері мен сөйлемдерін сол кезде қолданылатын орыс транскрипциясы арқылы жазып алып отырады. Г.Н.Потанин тіл ерекшелігін елеген жоқ, оның есесіне ол мәтіннің мағыналық өзгерісіне назар аударды. Г.Н.Потанин- бір шығарманың әр түріне (вариантына) көңіл бөліп, оларды жазып алған алғашқы түркітанушылардың бірі.
Жинауда да, зерттеулерінде де Г.Н.Потанинді қазақ халық поэзиясының басқа салаларынан гөрі аңыз, ертегілері көбірек қызықтырады. "Солтүстік-Батыс Монғолия очерктерінің" екінші кітабында Тарбағатай жеріндегі экспедиция кезінде жиналған аңыздары мен ертегілері бар. "Қазақ-қырғыз және алтай ертегі, аңыздары" деген жинақ Көкшетау мен Қарқаралы жеріндегі экспедиция кезінде жиналған аңыз, ертегілерінен құралған. Г.Н.Потаниннің бірсыпыра мақалаларында «Монғолдың Гесер хан туралы ертегісі", "Қазақ ертегісінде орыс қызы Дариға", "Дала жырындағы теңіз қызы", "Марья-ертегі, жырдың аққуы", "Ломбард циклді дастандарға ұқсас орда дастандары", "Добрыня туралы жырға жаңа қоспалар жайында" сияқты атақты аңыз, ертегілерінен дәлел келтіріп отырған [130].
Г.Н.Потанинмен қатар ХХ ғасыр басында фольклорды экспедициялық тәсілмен жинаған фольклортанушы Ә. Диваев. Сырдария облысының генерал-губернаторы Н.И.Гродековтың арнайы тапсырмасымен Ә.Диваев ел арасынан, негізінен, хұқықтық бағыттағы материалдар жинаумен қатар, сондай-ақ жергілікті зиялылар қолында сақтауда жатқан түрлі қолжазбалардан көшірме түрінде тарихи аңыз-әңгімелерді, батырлар жырларын, жұмбақтарды да т.с.с. жинастырған.
Жинау жұмыстары барысында ғалым В.П.Наливкин құрастырған жинау бағдарламасымен танысады [131]. Жинау жұмыстары барысында Ә.Диваевты фольклордың тұрмыс-салт жырлары және басқа да ұсақ жанрлары (мақал-мәтелдер, аңыздар т.б.) қызықтырған. В.П.Наливкин бағдарламасына сүйене отырып Ә.Диваев Майлықожа, Сапарбай Мырзабеков айтуларынан сөзбе-сөз аңыздар мен ертегілерді, зиялы қазақтар қолында сақталған қолжазбаларды да жинастырады.
1918 жылы Ә.Диваев Ортаазиялық университеті мен Түркістандық Шығыстану институтында қазақтардың этнографиясы мен шешендік өнеріне қатысты дәрістер оқиды. Шығыстану институтының қазақ этнографиясы мен қазақ тілі кафедрасы Ә.Диваев арқасында студенттерді де ғылыми жинау жұмыстарына тарта білді. Олар 1920 жылдары халықтық мұраларды жинауға ат салысады.
1920 жылғы Сырдария облысына жасалған Ә.Диваев бастаған экспедиция нәтижелері 80 дәптер (оның 45 дәптері фольклорға арналған) жинағы ретінде тізімі жасалған [132]. Әр дәптердегі берілген фольклорлық шығармалардың саны да әр түрлі. Мәселен, № 14 дәптерде бір ғана "Данышпан патша" деген ертегі берілсе, ал №20 дәптерде 11 ертегі қамтылған. Жалпы фольклорға қатысты 45 дәптер қойнауында 134 мәтін топтамасы бар. Олар: 5- мақал-мәтел, 16- жұмбақ, 1-жаңылтпаш топтамасымен бірге, 77- ертегі үлгісі, 19- тұрмыс-салт жырлары нұсқасы, 3-аңыз, 11- айтыс, 2- эпостық жыр үлгісі бар. Мәселен, №1 дәптерде әрі мақал-мәтелдер топтамасы мен бір ертегі үлгісі қатар жазылса, келесі бір №4 дәптерде- бірыңғай 12 ертегі, №15 дәптерде -бірыңғай 6- жоқтау үлгісі, №21 дәптерде- бірыңғай 6 айтыс нұсқасы да келтірілген. Демек жинаушы Ә.Диваев белгілі бір елді-мекенде фольклордың тек бір ғана жанрын жинауды мақсат тұтпаса керек, шамасынша барлық жанрларды қамтуға тырысқандығы танылады. Бұл Сырдария экспедициясында қағазға түскен фольклор шығармалары тек жанрдың әр түрлігімен ғана ерекшелінбейді, сондай-ақ ол үлгілердің ел арасында әрі қара сөз, әрі өлең түрінде де кең тарағанына да назар аударылған. Бұған, көбінесе Ә.Диваевтың өлең түріндегі нұсқаларға жақша ішінде жазып кеткен ескертпелері дәлел. Мәселен, №64 дәптер басында берілген фольклорлық үлгілердің (жұмбақтар, ертегілер) барлығы да өлең түрінде келеді деп ескертеді.
Экспедиция кезінде қағазға түскен фольклорлық жазбаларға қатысты толтырылған паспорттық деректер деңгейі әр түрлі. Бірінде, экспедиция атауы, ұйымдастырушысы, жинаушысы, жыршысы кім, қай жерде, қай мезгілде, мәтіннің сиясының түрі, әрпі толық көрсетілсе, мәселен, «Тоқсан үйлі тобыр» нұсқасы 1920 жылғы Сырдария экспедициясы кезінде Сырдария облысының елді-мекеніне қарасты Сорқұдық жерінің жыршысы Жұманазар Үрімқұлұлы қолжазбасынан алынғаны, мәтін кеңсе қағазына араб әрпімен, көк сиямен жазылғаны анықталған [133]. Енді бірінде қолжазба кімнен алынғаны белгісіз деген ескертуі де бар. Мәселен, «Қобыланды батыр ертегісі» үлгісі 1920 жылғы Сырдария экспедициясы кезінде Ә.Диваев жинағаны, қолжазба кімнен алынғаны белгісіз, араб әрпімен, қара сиямен жазылғаны көрсетілген [134]. Бұл 1920 жылғы Сырдария экспедициясын Ташкенттегі Қазақтың ғылыми-зерттеу қоғамы ұйымдастырған [135].
Сондай-ақ 1921 жылы Жетісу облысына Ә.Диваев бастап барған экспедиция нәтижелері 67 дәптер көлемінде сақталған, оның 50 дәптері ішінде фольклорлық мәтіндер тізімі берілген [136]. Барлық фольклор үлгілері 280 шақты болса, оның ішінде: ертегілер-100 шақты, аңыздар- 30 шақты, мақал-мәтелдер шоғыры- 26, жұмбақтар-14 топтама, жаңылтпаштардың -2 шоғыры, тұрмыс-салт жырына қатысты-60 шақты нұсқа (жар-жар, беташар, бата, жоқтау, естірту, бәдік т.б.) бар. Сондай-ақ айтыстың-15 үлгісі, түрлі ақындар шығармалары, терме, қисса т.с.с. үлгілері де кездеседі. Әр дәптерде фольклор үлгілері жанр жағынан да, саны жағынан да, көлемі жағынан да әр түрлі болып келеді. Олардың ішіндегі қара сөзбен, әрі өлең түріндегі шығармалар аралас келеді. Өлең түріндегі материал міндетті түрде жақша ішінде арнайы ажыратылып көрсетілген. Ендеше жоғарыдағы экспедиция нәтижелерінің Ә.Диваев тарапынан тізім үлгісі ретінде берілуі т.б. - бәрі де қазақ фольклорының жанр жағынан, тақырыптық жағынан бай екендігін дәлелдері сөзсіз. Ә.Диваев экспедиция бағдарламаларын әзірлейді. 1922 жылдың күзінде Ә.Диваев 8 мыңдай беттен тұратын далалық жазбаларды жүйелеп, сипаттама беріп, ара-жігін ажыратты.
Негізінен, жинау жұмыстары кезінде Ә.Диваев фольклорлық шығарманың не ескісі, не жаңасы деп ерекше көңіл бөлмейді. Ә.Диваевтың жинау ерекшелігі халықтық поэзияның барлық элементтерін қамтиды. Ол қазақ фольклорының барлық жанрларын қағаз бетіне түсіреді: эпос, ертегі, аңыз-әңгімелер, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, тұрмыс-салт жырлары т.с.с. Шымкент, Қазалы, Әулие-ата, Ташкент, барлық Сырдария өңірі тәрізді елді-мекендердің- бәрінде де Ә.Диваев фольклорлық үлгілерді фольклортанушы ретінде тыңғылықты жинастырған.
Шымкент, оның ішінде Қазығұрт жерінде Қалабай Дәулетбаев, Бекболат Қылышбаев, Садық Түлкімбаев, Сәлімгерей Омаров, Сапарбай Мырзабаев, Бәйтерек Аманбаев, Жүніс Тайшықов, Пірмұхаммед Тайтанов т.с.с. тәрізді жергілікті қазақтар Ә.Диваевқа ертегілерді, аңыздарды, жұмбақтарды, мақал-мәтелдерді, эпостық жырларды, тұрмыс-салт жырларын ауызша айтып берген.
Шымкенттен алыс емес жерде Ә.Диваев ақын Майлықожа Сұлтанходжинмен кездесіп, одан Алдар көсе мен Шығайбай, Жиренше тәрізді халықтық үлгілерді жазып алады. Ал, келесі бір жерде ақын Еркінбек Ахынбековке жолығып, одан түрлі тұрмыс-салт жырларын (жар-жар, аужар т.б.) қағаз бетіне түсіреді. Ал, Қаратау жерінде белгілі ақын Майкөт Сандыбаевпен танысады.
Ә.Диваевтың негізгі жинаушылық тәсілі ол- фольклорлық шығарманы экспедиция кезінде тікелей жинау тәсілі арқылы қағазға түсіру. Берілген мәтін төңірегіндегі түсініктемелерінде: сөзбе-сөз қағазға түсті дей отырып, айтушының аты-жөні, тұратын елді-мекені көрсетіліп отырылған.
ХІХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың басында халықтық шығармалар ел арасында тек ауызба-ауыз ғана емес, сондай-ақ қолжазбалар түрінде де таралғаны даусыз. Сол себепті Ә.Диваев қолжазбаларды да жинаған. Егер де иесі бермеген жағдайда, онда қолжазбаның көшірмесі алынып отырылған. Мәселен, Еркінбек Ахынбеков қолжазбасынан Ә.Диваев Алпамыс туралы эпосты, ертегілерді, ал Қожабай Амандықов, Мақан Шақтыбаевтан т.б.- бірнеше ертегі мен жоқтау жырларын жазып алған.
Ә.Диваев жазбаларының басты ерекшелігі ол халықтық поэзияның сол халықтың тұрмыс-тіршілігімен байланыста екендігін таныту еді. Халықтық поэзияның мәтіндерін әрі нақты, әрі дәлелді қағазға түскендігіне көз жеткізу үшін, жинаушы Ә.Диваев оларды қайта-қайта тыңғылықты тексеріп отырған. Бұл жұмыс барысында Ә.Диваев көптеген тілшілер көмегіне арқа сүйеген. Олар жиналған үлгілерді әрі тексеріп, әрі толықтырып, әрі жаңа мәтіндерді де қағаз бетіне түсіріп отырған: «Один из следующих киргиз Чимкентского уезда Муллали Махдибаев по просьбе моей прислал мне распросные сведения о Казыкурте на киргизком языке» [137],- дейді Ә.Диваев.
Ә.Диваев жүздеген мақал-мәтел, он шақты ән, 180-дей ертегі, бірнеше қазақ эпосын т.с.с. жинаған. 1920-1921 жылдар аралығындағы Сырдария мен Жетісу экспедиция нәтижелерін сараптаған Ә.Диваевтың бір пікірі бар: «Благодаря этим материалам мы можем в значительной степени пополнить новыми терминами наши тюрко- джагатайские словари. Сказочный эпос дает бессмертные киргизкие типы тазша, косе, чикбермес Чагайбая и т..т. .. Этнографический материал из области киргизского сказочного эпоса., а также пословицы и поговорки, влившись живой струей в собранный и напечатанный уже ранее материал, рельефно осветят Вам все стороны киргизского быта... Весьма обильный животный эпос, главным образом о лисице, окажется благодарным материалом для сравнительной этнографии (ср. хотя бы роль лисицы в китайском фантастическом романе). Предания о происхождении казах- киргизов, дунган, таранчей, ногаев и родословные о них таблицы... послужат необходимым пособием при составлении истории киргиз-казахского народа и турок вообще»[138],- дейді.
Ә.Диваев жинаушылығының тағы бір ерекшелігі- ол экспедиция кезінде тұрғылықты жинау тәсілін де қолданған. Бұл жинау тәсілі, негізінен, қырық бес жыл Түркістан жерімен байланысты болды. Жылдың әр мезгілінде Ә.Диваев ауылдарды аралап, халықтық мейрамдарда, тойларда т.б. елмен бірге болып, халықтың тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұрпын тікелей бақылауына мүмкіндік алды. Ә.Диваев әзірлеген жинау бағдарламасы экспедиция мүшелерінен тарихпен қатар халықтың рухани мәдениетін де зерттеуді талап етті.
Халық ауыз әдебиетінің мұрасын жинау мәселесі баспасөз жүзінде, әсіресе «Еңбекші қазақ» газетінің бетінде талай рет көтерілген-ді. Бірақ жинау жұмысының кең түрдегі бағдарламасы 1920 жылдардың бас кезіндегі Жетісу, Сырдария экспедицияларының іс-тәжірибесінен кейін ғана барып жасалған. Мұндай бағдарламаны жасауда Ә.Диваев елеулі еңбек етті. Ол экспедицияға қатысушы адамдарға арнайы нұсқау беріп, қазақтың ауыз әдебиетінің Қазан төңкерісіне дейінгі және Кеңес дәуіріндегі барлық жанрларын жинау жөнінде іскер басшылық жасады. Сондықтан да жинаушылар қазақтың халық поэзиясының ұсақ жанрларына дейін хатқа түсіріп отырды. Кейін, Ә.Диваев Сырдария, Жетісу экспедицияларының материалын жүйе-жүйеге бөліп, саралаған кезде: «...1) мақалдар мен мәтелдер, жорамалдар мен жұмбақтар; 2) әдет-ғұрып, махаббат өлеңдері мен бесік жырлары, жоқтау өлеңдер; 3) ертегілер, мысалдар, перілер жөніндегі әңгімелер, ескі нанымдар, арбаулар; 4) халық медицинасы, бақсылар, көз байлаушылар, арбаушылар, олардың жын шақыру белгілері т.б.; 5) қазақ пен қырғыздың шығуы жайындағы тарихи материалдар, үлкен орданың пайда болуы, тұрғын мекені атап көрсетілген қазақ рулары жөніндегі кесте (шежіре); 6) батырлар жыры, аңыздар, аңыз әңгімелер; 7) үйленумен байланысты көңілді жайда айтылатын салт, жора өлеңдері, өлген адамды жерлеумен байланысты салт, жырлар, ас т.б. жазып алынғандығын атап көрсетті.
Осыдан кейін ауыз әдебиетінің жиналуға тиісті материалдарының тақырыбы кеңейе береді. Эпос, мақал-мәтел, ертегілер жер-жерден көп жазылып алынады. Дегенмен алғашқы кезде жинаушылардың кейбіреулері Г.Н.Потанин сияқты 1917 жылғы төңкеріске дейінгі түркітанушылардың жазған жобасы мен бағдарламасына ғана сүйенеді. Онда ауыз әдебиетінің тәуір деген үлгілерін сұрыптау, жинау жайы көрсетілмеген болатын.
Ә.Диваев жинаған материалдардан экспедицияға қатысқан адамдарды ақындар шеберлігін зерттеу ісіне жұмылдырғанын анық көруге болады. Ә.Диваевтың фольклор материалдарын жинау жұмысындағы негізгі мақсаты «Қазақтың жанды бейнесін барлық жағынан көрсетуге» ұмтылу болатын.
Мәселен, экспедиция кезінде А.В. Затаевич жазып алған «Қобыланды», «Ақ қайың», «Дударай», «Көрұғлы», «Шалқар көл» сияқты өлеңдердің ішінде неше түрлі атаулар келтірілген: «... гүлдер, көбелек, қанаус, сәулем, қара шаш, еркек пен әйелдің аттары, құндыз бөрік, қызыл көйлек, 25 жас, аға, жылқы аттары, ақсақ құлан, құлын, шоқырақтап шабу, атты шідерлейтін жіп, аң аулау, соқыр, жоқтау, соқырдың жылауы, Орал өзені, Ащы көл және тағы басқа да жер-су аттары, жалпы мәжіліс, ұлықтар мәжілісі, жеңіс сыры, халық батырлары, атақты әншілер, күн мен ай, құстар т.б.» [139]. Бұған қарағанда А.Затаевичтің жазып алған өлеңдерінен халық өмірінің әр алуан жағы байқалады. Мұндай жағдай Жетісу, Сырдария экспедицияларының материалдарынан да көрінеді. Онда: «Тазша жөнінде», Алдар көсе жайында ертегілер, «Алпамыс», «Қамбар», «Тарғын», жырлары, 1916 жылы туған өлеңдер, большевиктерді мадақтайтын революциялық өлең-жырлар бар.
Осы экспедицияға қатысқан адамдардың ақындар репертуарларын біліп алуы игілікті істің бірі болды. Мәселен, Жетісу экспедициясы алғаш рет Кенен Әзірбаевтың өлеңдерін, Сүйімбайдың, Сарбастың, Бақтыбайдың, Қуандықтың өлеңдері мен айтыстарын жазып алды. Сол сияқты Сырдария экспедициясы Мәделіқожа мен Майлықожаның өлеңдерін де жинап қайтты.
Жалпы ауыз әдебиеті мен фольклорлық нұсқаларды жинаушылардың көпшілігі ұстанған дәстүрдің бірі- экспедициялық тәсіл екені белгілі. Бұл экспедиция сапарларында В.В.Радлов, Г.Н.Потанин, Ә.Диваев сынды ғалымдар көптеген халық ауыз әдебиетін жинайтын тілшілер мен өз елінің мәдениеті мен фольклорына жанашыр көзқараспен қарайтын энтузиаст адамдардың да көмегіне сүйеніп отырғаны мәлім. Және де фольклорист - ғалымдар қолданған мұндай тәсіл фольклорлық үлгілердің жанр жағынан жан-жақты жиналуына негіз болды.
В.В.Радлов, Г.Н.Потанин тәрізді фольклорист-ғалымдар фольклорлық үлгіні жинағанда, жанрдың көнелілігіне баса назар аударып, көмекшілеріне, көбінесе сол жағын көп тапсырғаны байқалады. Онысы дұрыс та, әдетте бір ел өкілі екінші бір халықтың тарихын, әдет-ғұрпын т.б. білгісі келсе, ең алдымен оның фольклорын, яғни әсіресе көне жанр түрі- аңыздарына зейін салатыны мәлім. Сол арқылы бүкіл халықтың түсінігін, арман-ойын, салт-ғұрпын, мәдениетін т.б. түсінеді. Ә.Диваев, М.Ж.Көпеев болса, халыққа сол кезеңде «не керек» дегендерді ара-жігін ашпай жинай берген. Яғни елінің тарихы, әдет-ғұрпы, халықтың мінез ерекшеліктері, тұрмыс-салты т.б. - бәрі қажет боларын сезініп, неғұрлым ауқымды жұмыстар атқарған. Сонымен жинаушылықтың негізгі мақсаты халыққа «не пайдалы» деген тұрғыдан жүргізілгендіктен де, басқа дамыған елдер қатарында өмір сүру үшін қазаққа не қажет, өскелең ұрпақты қалай тәрбиелеген жөн, ол үшін қандай үлгі-өнеге боларлық іс-әрекет қолдану керек, сондай-ақ тарихтың қай кезеңдері: үлгілі билер мен айбарлы хандар заманы ма, әлде аты аңызға айналған Асан қайғы мен Жиренше шешен тәрізді бабалар дәуірі ме, қайсысында кейінгілер тағылым аларлық қаншалық мән жатқандығы,- бәрі Ә.Диваев пен М.Ж.Көпеевті қызықтырған.
Ә.Диваев пен М.Ж.Көпеевтің фольклорды экспедициялық жинау тәсілі үш әдіске сүйенген: а) ауызша айтылғанды сөзбе-сөз, немесе тыңдау негізінде хатқа түсіру; ә) ел ішіндегі қолжазбалардан көшіру; б) ертеректе шыққан кітаптардан көшіріп алу. М.Ж.Көпеев жинаған фольклорлық үлгілерді фольклорист-ғалым Ә.Диваев экспедициясы да пайдаланған тәрізді. Себебі Мәшһүр-Жүсіп қолжазбалары арасында "Еңсегей бойлы ер Қасым" атты ертегі /шамасы "Ер Есім" болар-Н.Ж./ 1062-папкада сақталғаны белгілі. Онда жоғарыдағы ертегімен қоса бірнеше фольклорлық үлгі тағы бар. Оларды "1920-1921 жылдар арасыда Ә.Диваев жинаған",- делінген дерек те бар. Қолтаңба араб жазуы үлгісінде күнделік іспетті папканың сыртқы мұқабасында жазылған. Ал, сол Ә.Диваев жинаған деген папканың ішкі жағында, соңына қарай мынадай ескертпе берілген: "Атақты Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының айтуына қарағанда осылай",-делінген.
Халық поэзиясы үлгілерін, оның ішінде мақал-мәтелдерді М.Ж.Көпеевтің де жинағаны мәлім. Фольклордың басқа жанрларына қарағанда, мақал-мәтелдерді жинаумен айналысу фольклорист-ғалымнан ұзақ уақыт пен қажымас ізденуді, еңбектенуді қажет ететіні белгілі. Себебі мақал-мәтелдер дайын күйінде жеке дара кездеспейді. Оларды айтушының не ауызекі сөзінен, не қолжазбалар ішінен, туындылар арасынан іздеп табу арқылы қағазға түсіру керектігі аян. Мұнда жоғарыда аталған жинаушылықтың негізгі үш тәсілі де қолданылады.
Жинаушылықтың осы формасын: «экспедициялық»,- әдісті Ә.Диваев та, М.Ж.Көпеев те көп қолданған. Бірақ жинаушылық барысында М.Ж.Көпеев жоғарыдағы фольклорист-ғалымдар тәрізді тілшілердің т.б. көмегіне сүйенбеген. М.Ж.Көпеевтің қазақ тілін жете меңгергендігі, бір жағынан, оның жинаушылық қызметінің тілдік қиындықтарға ұрынбауын негіздесе, оның жинау жұмыстарының тез қарқынды жүруіне де, фольклорлық үлгілерінің мол болуына да ықпал етті. Осының бәрі М.Ж.Көпеев жинаушылығының негізін құрайды. Экспедициялық әдіс арқылы аса мол материалдарды қалай, қайдан жинады десек, 1887 жылы 29 жасар М.Ж.Көпеев Бұхар, Ташкент, Түркістан шаһарына барады. Бұл шаһарлар ол кезде Орта Азиядағы мұсылман көпшіліктің мәдениет орталығы, бұрынғы өткен ғасырларда Орта Азия хандарының тақ құрған жерлері болғаны аян. М.Ж.Көпеев сапары жайында Жолмұрат былай деп жазады: «Ол барған жылы Бұхарда бір жыл тұрып оқиды, білімін толықтырады. Араб, парсы, шағатай, түркінің тілдерін тағы басқа жат тіл, жат сөзді жақсы түсінеді. Өзбек, тәжік, сарт, қызылбас- бұлардың тілін, әдет-ғұрыптарын да түсінеді»,- дей отырып, Абуғалисина, Абултарит, Сократ Хакім т.б. сияқты ғалымдар жазған ғылыми кітаптарын оқып көріп, еңбектерімен білімін көтергенін, Иран ғалымдары мен шайырларының, Сағди жазған кітаптарын оқығанын айта кетеді. Және де М.Ж.Көпеевтің Абулғазы Баһадур хан жазған шежіресімен де, шағатай, түркі тіліндегі әдебиеттермен де, Науаи, Фердауси т.б. кітаптарымен де танысқаны жөнінде мәлімет берген.
Жолмұрат жазбасында М.Ж.Көпеевтің сол сапарында Ташкентте шығатын газеттерге өлең-мақала т.б. сөздер беріп тұрғаны айтылады. Ал, ол кезеңде газетке сөз беруді күнә, ағаттық деп санаушылар да аз болмаған. Сол себепті өзімен замандас бірге оқитын Молдағали Күзембайұлымен сөзге келісіп, айтысқаны да баяндалған. М.Ж.Көпеевтің Бұхар, Ташкенттен қайтар сапарында Сырдария өңірінің халқын, жерін, суын аралағанын, атақты ақын Майлықожамен жолыққанын, жеті атасына дейін тұқымынан ақындық үзілмеген дуана қожа Көшек, Күдері қожа тұқымдарымен де танысқанын т.б.- бәрін М.Ж.Көпеевтің өз жазбаларынан да, жиені Жолмұрат жазбасынан да тануға болады.
М.Ж.Көпеевтің өз өмірінде Бұхар, Ташкент, Түркістанға 3 рет сапар жасағаны мәлім. Бірі- біз айтып кеткен 29 жасар кезі болса /1887 ж./, екіншісі 37 жасар кезі де /1895 ж./, үшіншісі- 49 жасында, яғни 1907 жылы. М.Ж.Көпеев осы сапарларын өзі де өлеңге қосып жазып кеткен. Бұл сапарларында М.Ж.Көпеев тек білім-ғылым жолын ғана қумай, сондай-ақ халық аузынан не бір аңыз-әңгімелерді, тұрмыс-салт жырларын, билер мен хандар сөздерін, ертегілер мен жырларды, ақындар айтысы мен өлеңдерін, тарихи оқиғаларды т.б. бәрін хатқа тізбектеп түсіріп отырған. Және де ол сапарларында кімдермен кезіккенін, кімдермен дәмдес, табақтас болғанын, кімнен не жазып алғанын т.б. көрсетіп отырғаны,- бәрі фольклор тарихы үшін мәнді.
Солтүстік пен Бұхар, Ташкент барған сапарларында М.Ж.Көпеевтің белгілі адамдармен: Жәңгір төре, Саққұлақ шешен, Сыздық төре, Ақан сері, Көшек қожа мен Күдері қожа тұқымдары, Абылай хан тұқымдары, Мәделі қожа т.б. кездескенін ақын жазбаларынан көреміз. Демек М.Ж.Көпеев жазбасында кездесетін Абылайға, Кенесары мен Наурызбайға қатысты аңыз-әңгімелерді Сыздық төре Кенесарыұлы мен Абылай хан тұқымдарынан алуы мүмкін деуге болады. Ал, шежіре, Бөгенбай т.б. батырлар төңірегіндегі мәліметтерді Саққұлақ шешеннен, айтыс ақыны Күдері қожаға қатыстыны оның тұқым-жұрағатынан, Ақан сері мен Мәделіқожа т.б. өлеңдерін олардың өз аузынан жазып алуы мүмкін. Әйтсе де, мұның біразы шындыққа жақынырақ болса, біразы сәйкес келмеуі де ықтимал. Мәселен, М.Ж.Көпеев жазып алған «Кенесары, Наурызбай өлімі туралы» әңгімесі соңында мынадай дерек бар: «Өлтіруге көзі қимай Тілеуғабыл Наурызбайды үш ай /тоқсан күн/ сақтапты. Ақырында Тілеуғабыл өзі бір жаққа кеткенде, жанкүйері өлген қырғыздар қоқиласып келіп, өлтіріп тастады дейді. «Наурызбайды өлтіргендер дәнемеге ұшыраған жоқ»,- десіп, мұны қырғыз жұртының өздерінің жиһан кезген, орыс қолына түсіп, жер аударылғандары айтысады. Болмаса, Кенесары, Наурызбай қырғызға түскенде мен туғаным жоқ» ,- делінген (әулеттік мұрағат). Міне, бұл дерек түсініктеме орнына жүрсе, әрі әңгіменің жазылынып алыну паспортына да сай келеді, тек материалды жеткізушінің нақты аты-жөні көрсетілмеген. Ендеше жоғарыда келтірілгеннен, деректердің көпшілігін М.Ж.Көпеев ел аралап жүріп, саяхат үстінде жинаған. Бұл саяхат кезінде М.Ж.Көпеевтің негізгі ұстанған жинаушылық тәсілі- әрине оның ауызша айтылған фольклорлық нұсқаларды тыңдау кезінде хатқа түсіру әдісі. Мәселен, «Жәуке би» әңгімесін кімнен және қайдан алғандығын М.Ж.Көпеев алдымен ескертіп кетеді. Онда: «Қазақ жұртының Орта жүз Арғын тайпасынан Аққошқар Сайдалы атанған. Сол Аққошқар- кішкентай баласының сөзі»,- делінген. Бұдан біз жоғарыдағы әңгімені Арғын тайпасынан шыққан Аққошқар баласының ауызша айтуынан М.Ж.Көпеевтің тікелей жинау тәсілі арқылы жазып алғандығын көреміз. М.Ж.Көпеевтің бұл сілтемесінде: біріншіден: жеткізуші аты-жөні көрсетілген, оның Аққошқар баласы екені; екіншіден- оның Орта жүз Арғын тайпасынан шыққандығы; үшіншіден- айтушы аузынан шыққан әңгіме ауызша таралғандығы және оны өз кезінде Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің хатқа түсіргендігі т.б. Сөз болып отырған қаһарманның атасына, руына М.Ж.Көпеевтің алдымен көңіл бөлуі тегін емес. Мәселен, отырықшы елдерде фольклор жеткізушінің аты-жөнін, тұрған жерін, ортасын көрсету т.б. алдымен керек болса, ал ХХ ғасыр басында тұрмыс-тіршілігі көшіп-қонуға қатысты қазақ елінде жеткізушінің мекен еткен жерін көрсетуден гөрі, оның қай руға жататынын бірінші анықтау қажеттігі туып отырғандығы анық. Өйткені көшкенде қазақ азаматтары өзін қоршаған руластарымен бірге белгілі мекендерді қоныстаған, жайлаған. Соған қарап ру аты белгілі болса, оның қашан, қай жерде мекендегенін де білуге болатыны мәлім. Демек, М.Ж.Көпеевтің көшпелі, оның ішінде қазақ елінің өзіндік ұлттық сипатын танытатын дерек көздерін қолдануы, сақтауы- бәрі ғалым жинаушылығының өзіндік ерекшелігін көрсетеді.
Кеңес өкіметі тұсындағы 1920-21 жылдардағы Сырдария, Жетісу экспедицияларынан кейін, 1935 жылы КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалының Тіл-әдебиет бөлімі Қостанай экспедициясын ұйымдастырады. Мәселен, «Ахметбек-Жүсіпбек» қиссасы 1935 жылғы Қостанай экспедициясы кезінде қағазға түскен. Қолжазбаны тапсырған экспедиция мүшесі В.Васильев. Қолжазба көлемі 3360 жолдан тұрады. Сырты қызыл күрең қағазбен тысталған. Басқа дерек жоқ. Кім айтты, кім жинады, мәтін әрпі қандай т.б. деген тәрізді мәліметтер берілмеген [140].
1940 жылы Семей, Арал экспедицияларын да жоғарыдағы Тіл-әдебиет бөлімі ұйымдастырады. Мәселен, «Құламерген қиссасын» 1940 жылғы Семей экспедициясы кезінде Сакин Байырбекұлы жинаған. Нұсқаны жырлаған Әбдірахман Ізбасұлы Бектасов. Нұсқа толық емес, араб әрпінде берілген [141]. Ал, «Қарабек батыр» жырын 1940 жылғы Арал экспедициясы кезінде Марат Ахметов жыршы Бітімбай ақынның баласы Жаңабергеннен жазып алған. Бұл нұсқа да толық емес, латын әрпінде көк сиямен жазылған [142]. «Қисса қара қасқа атты Қамбар» атты жыр 1942 жылғы Арал экспедициясы кезінде қағазға түсті. Ұйымдастырған КСРО ҒА Қазақ филиалы, жинаушысы, әрі қолжазбаны тапсырған Асайын Хангелдіұлы. Шығарма толық, көбінесе жыр үлгісі, кейде қара сөзбен де баяндалады. Мәтінді көшірушісі ретінде –Қалқай молда есімі беріледі. Қолжазба көшірілген жері- Қазалы, Арал маңында. Қолжазба бір сызықты кеңсе қағазына араб әрпімен, көк сиямен жазылған [143].
1946 жылдың өзінде Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты тарапынан Көкшетау-Ақмола, Қостанай, Семей, Ақтөбе, Қарақалпақ экспедициялары ұйымдастырылған. Мәселен, «Ермек батыр» жырын 1946 жылғы Көкшетау, Ақмола экспедициясы кезінде Қанқожаұлы Нұрқожаның қолжазбасынан С.Ғұлам көшірген. Экспедицияға қатысқан адамдардың аты-жөні аталмаған. Ақ қағазға қазіргі қазақ әрпімен, көк сиямен түсірілген. Қолжазба иесі Қанқожаұлы Нұрқожа бұл мәтінді 1935 жылы Көкшетау жерінде жазып алған [144].
«Жанқожа батыр мен Бабажан сарт» үлгісін 1946 жылғы Қостанай экспедициясы кезінде Шаңғытбаев Жөкейден алған. Мәтін дәптерге араб әрпімен, қара сиямен жазылған. Басқа дерек берілмеген [145]. Ал, «Мырза Сәтбек батыр» жыры 1946 жылғы Семей экспедициясы кезінде қағазға түскен. Үлгі араб әрпімен, дәптерге көк сиямен жазылған [146]. Мұнда да басқа ешбір дерек көрсетілмеген. Келесі «Есет батыр» жырын 1946 жылғы Ақтөбе экспедициясы кезінде Тіл және әдебиет институтының қызметкері Айнаш Шамшатова жазып алған. Мәтін дәптерге қазақ әрпімен, қара сиямен жазылған [147]. Одан әрі «Қызылкеніш» үлгісі 1946 жылғы Қарақалпақ экспедициясының жетекшісі, филология ғылымының кандидаты Аралбаев Жұбаныш тарапынан жыршы Төлепов Жақсылықтан жазып алған. Жыр 1946 жылы Қарақалпақ АССР-інің Қоңырат ауданында жазып алынған. Мәтін сарғыш қағазға араб әрпімен, қара сиямен жазылған [148].
1947 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты Қостанай, Гурьев экспедицияларын ұйымдастырады. «Қыз Жібектің өлеңі» мәтінін 1947 жылғы Қостанай экспедициясы кезінде Тіл және әдебиет институтының ғылыми қызметкері Мариям Хакімжанова Қостанай облысының Қарабалық ауданы жыршысы Әлиакпар Досжановтан жазып алған. Қолжазба бір сызықты дәптерге араб әрпімен, қызыл сиямен түсірілген, толық емес [149]. Ал, «Ақбөбек» нұсқасын 1947 жылғы Гурьев экспедициясы кезінде Тіл білімі институтының қызметкері И.Ұйықбаев жинаған. Қолжазба жолсыз көк қағазға көкшіл сиямен, қазақ әрпімен жазылған [150].
«Көкше батыр» жыры келесі 1948 жылғы Маңғыстау экспедициясы кезінде қағазға түскен. Экспедицияны ұйымдастырған Әдебиет және тіл институты. Экспедицияға институттың сол кездегі қызметкері И.Ұйықбаев , Ж. Аралбаев қатысқан. Қолжазба араб әрпімен сарғыш қағазға түсірілген [151]. Жыршы Төлепов Жақсылықтан «Сам палуан» үлгісі 1949 жылғы Гурьев экспедициясы кезінде Аралбаев Жұбаныш жазып алған. Қолжазба ақ қағазға қазіргі әріппен, көк сиямен жазылған [152]. Демек Алматыдағы Орталық ғылыми кітапхананың қолжазба қорына әр кезде түрлі экспедициялардың жинаған фольклор үлгілері үзбей түсіп отырғаны анықталады. Және олардың қағазға түсу деңгейі де әр түрлі болған.
Сонымен, ХХ ғасыр басында және кейін де қазақ фольклоры үш түрлі тәсілмен жиналған. Бірінші тәсіл- тікелей жинау тәсілі, фольклор өмір сүретін ортада жинаушы мәтінді қағаз бетіне түсіру ісіне өзі тікелей араласады. Алғашқы кезде фольклорды жинау сырттай қарағанда стихиялы болып көрінеді, алайда, зерттеу барысында фольклордың мәтіндері жеке адамдардың (Г.Н.Потанин, Ә.Диваев, М.Ж.Көпеев, Х.Досмұхамедов т.б.) ғылыми мақсатпен жиналғаны байқалады. Мұны тікелей жазып алу тәсілімен тәжірибе жинақтай отырып, олар жинаудың амалдары мен тәсілдерін де жетілдіріп, ғылымға негіздей түскен.
Екінші тәсіл- жер-жердегі арнайы тілшілер арқылы жинау. Яғни ғалым өзінің жер-жердегі сенімді хат жазысып тұратын адамдарының көмегіне сүйене отырып, сол жердің фольклорын жинастырады. Мұның ерекшелігі- тұрғылықты болуы. Тұрғылықты дегеніміз- белгілі бір мекенде тұрып, фольклорды сол маңайдан үзіліссіз жинау. Жинаушылық қызметтің тұрғылықты әдісін, әдетте жинаушы ұзақ уақыт бойы бір елді-мекенде орналасқанда, не өзінің тұрғылықты жерінен жинау жұмыстарын жүргізгенде қолданады. Міне, мұндай жағдайда жинаушы мәтінді ұқыпты түрде қағазға түсіреді. Егер де үлгіде сөздік өзгерістер болса, оны белгілеп отырады.
Үшінші тәсіл- арнайы экспедициялар ұйымдастыру. Негізінен, 1920-1950 жылдар аралығындағы экспедициялар Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты тарапынан ұйымдастырылған. Сөйтіп, фольклорды жинау ғылыми мәні бар іске айналып, оны жинауға бұрынғыдай бірлі-жарым адам емес, көпшілік болып ат салысты. Ұйымдастырылған экспедициялар түрлі елді-мекендердегі фольклорлық мәтіндерді жинаумен ғана шектелмейді. Сондай-ақ сол елді-мекеннің халықтарының тілдік, диалектикалық ерекшеліктерімен бірге көне кітаптар мен қолжазбаларға да көңіл бөлу өсті. Кеңес өкіметі тұсындағы жиі қолданылып, дәстүрлі, жоспарлы істердің біріне айналды. Жинау жұмысының кең түрдегі бағдарламасын 1920 жылдардың бас кезіндегі Сырдария, Жетісу экспедицияларының іс-тәжірибесінен кейін ғана барып Ә.Диваев жасаған. Экспедициялар ұйымдастырылғанда, олардың құрамында әр түрлі маман иелері: жазушы, ғалым, өнер қайраткерлері, мұғалімдердің қатысуы да т.б. – бәрі де жинау жұмыстарына өзіндік ерекшеліктер қосқаны сөзсіз. Демек, ХХ ғасырдың алғашқа жартысында қазақтың ең бай мәдени мұрасы- фольклоры, негізінен, осы үш тәсіл арқылы жиналып, қағаз бетіне түсті.
Достарыңызбен бөлісу: |