Құда түсу. Қазақ халқы қоғамдық қарым-қатынастарды әдет-ғұрыптар бойынша реттеп, өздерінің достығын қыз алысып, қыз берісіп, қуда болу арқылы нығайтып келген. "Қыз бала — жат жұрттық", "Қыз — дәнекер" дейтін сөздер сол ойды білдіруден туған. Ертеде екі дос адам өзара достығын нығайту үшін бірінің әйелі — ұл, ал екіншісінің әйелі қыз тапса, оларды бір-біріне қосуға уәде байласқан. Мұны "бесік құда" деп атайды. Екі -үш жасар ұлы бар дәулетті қазақтар өзі сияқты дәулетті адамдардың қыздарына құда түсіп, "13-те отау иесі" деп қызын 13-те ұзатып, ұлын 15-те үйлендіре берген.
Қазақта жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрі, яғни медициналық қан тазарту заңы қатаң сақталған.
Жігіт үйленер алдында әуелі өзіне ұнайтын теңін іздейді. Бұл дәстүр "Қыз қору", "жар таңдау" деп те аталады.
Жаушы жіберу. Жаушы — қыз айттыруға баратын өкіл. Ол жөн-жосық білгіш, сөзге шешен, әзіл-қалжыңға жүйрік адам болуы керек. Оның міндеті — қыз әкесін көндіріп, бойжеткенге құда тусіп,құдалыққа келер күнді белгілеп қайту.
Құдаларды қарсы алу. Келесі жолы құданың (қыздың әкесінің) хабарлауы бойынша құдалық сөйлесіп, калың мал жөнінен келісуге жігіттің екесі жанына 7—8 адам (сөзшең, әңгімешіл, домбырашы, әнші-жыршы, ақын, палуан жігіттерді) ертіп, құданың аулына келеді. Құда арнайы ақ үй тігіп, қой немесе тай сойдырып, құдаларды тік тұрып күтіп алады.
Құдалардың алдынан арқан керу, оларға балшық, ұн жағу, күштеп барып еркектердің басына әйелдің жаулығын кигізу, тіпті құдалардың қол-аяғын таңып егізге мінгізу сияқты сайқымазақ, әзілдер де жасалады. Қудалар үйге кіріп отырғаннан кейін де бейқам отырғаны болса шапанын тесенішке тепшіп қою, жатқанда құдалардың аяқ киімінің бір сыңарын тығып қою сияқты ойын-әзілдер болады. Түнімен өлең айтысу, домбыра тартысу, ұлт ойындарын ойнау сияқты қызықтар көрсетіледі.
Қалыңмал мәселесі шешіліп болғаннан кейін дестүр бойынша ақ жол тілеп, құдалық берік болу үшін бір мал шалады. Оның бауыздау қанына құдалар қол батыстырып, бата бұзбауға серттеседі. Бұл ырым — "қанға қан қосылды, енді туыс болдық" деген ишаратты білдіргендік. Тілдегі "ақ бата, қызыл қан" деген сөз орамында осы салттың жаңғырығы сақталған. Дәулетіне қарай күйеу жігіттің әкесі бата аяққа мал арнап, бір жылқы немесе түйе береді. Мал бауыздалғанда бата берген құда "бауыздау құда" деп аталады. Қыздың әкесі құйрық, бауырды жапырақтап туратып, құдаларға асатады. Бұл екі жақта шынымен бауыр, туыс болды деген сөз. Қазақтың "Құйрық-бауыр жескен құда едік қой" дейтін сөзі содан қалған. Ақ бата беріп, қызыл қан шығарып, құйрық-бауыр жескеннен кейін құдалар торқалы той, топырақты өлімде бастары ажырамас жақын жекжаттар болып саналады.
Осы арада оларға кәде (мұны киіт кигізу дейді) беріледі. Бірінші, ең бағалы кәде күйеудің әкесіне беріледі, екінші кәде сол ауылдың үлкеніне беріледі, содан кейін қалған құда-құдағи, құдашаларға, құда балаларға үлестіреді.
Есік-төр көрсету тойы. "Сыйға-сый, сыраға-бал" демекші, ендігі кезекте жігіт жағы құдаларын "есіктер көріп қайтындар" деп шақырады. Оның мақсаты — қыздың әке-шешесі, ағайын-туыстарымен жігіт жағының туыстарын таныстыру.
Ұрын келу немесе ілу тойы. Күйеуді қымбат кәделермен, жанына әнші, күйші, сері жігіттерді ертіп қалыңдықтың аулына жібереді. Күйеудің жақсы киінуі, ер-тұрманы, мінген аты өзіне сай болуы шарт (ер-тұрманы күмістелген болуы керек). Күйеу басына оқалы тымақ киеді. Оның себебі күйеудің беті түгел көрінбеуі керек. Күйеу жолдасқа ерген сері-сал жігіттермен бірге жөн білетін жасы үлкен, кәде үлестіретін адам болады.
Бес жақсы — түзу мылтық, берік сауыт, бәйге ат, жүк артатын атан түйе, қыздың басты киімдері (сәукеле, білезік, сырға, қамқа тон, оқалы камзол, шағи шапан, күміс ер). Бұл айтылғандар болмай қалса, олардың әрқайсысына 4 ірі қарадан төлеген.
Ілу — қызды тәрбиелегені үшін ұрын барғанда қыздың шешесіне, жеңгелеріне беретін дүние-мүлік.
Өлі - тірі — өлген аруақтарға арнап союға, етін елге үлестіруге арналған мал. Ол жылқы, қой болуы мүмкін. (Халық түсінігінде егер "өлі-тірісі" берілмесе, келін ауру болып калады-мыс).
Той малы — қыз ұзату тойына сойысқа апаратын мал. Той малы қоралы қойдан бастап, 10—15 жылқыға дейін болады.
Сүт ақы — қалыңдықтың анасына арнайы берілетін сый, 1—2 түйе.
Жігіт түйе — қыз әкесінің аталық күшіне төленетін ақы. Бұған 1—2 түйе және міндетті түрде күйеудің жақсы сырт киімі (түлкі, қасқыр ішік, шағи шапан) мен ер-тұрманы беріледі.
Жасау — жігіт жағынан келген қалыңмал мөлшеріне қарайлас, ұзатылатын қызға берілетін дүние-мүлік. Жасау — жаңа отау құрған екі жас үшін ең қажетті мынадай мүліктерден тұрады: ақ отау, төсек-орын, киім-кешек, ыдыс-аяқ, қару-жарақ, сойыс, сауын мал, әр түрлі — ірілі-ұсақты сыйлық заттар. Бұлардьың әрқайсысы 7 немесе 9 заттан тұрған. Мысалы: қару-жараққа: найза, айбалта, садақ, қалқан, сауыт, шоқпар, қанжар; ыдыс-аяққа: қазан-ошақ, астау, шара, шөміш, ожау, күбі, келі.
Сарын (аужар) айту — ертедегі қыз ұзатудың бір рәсімі. Ол көбінесе еріксіз, теңіне қосыла алмай кетіп бара жатқан қыздың зары болған.
Келін түсіру тойы. Ауыл әйелдері жасаулы кештің алдынан шығып, шашу шашады. Кеш бастап түйенің бұйдасын ұстап, ауылға жетектеп енген әйелді "мұрындық ана" деп атап, оған арнайы сый беріледі.
Ауылдың қыз-келіншектері шымылдық алып шығып, шашу шашады. Шымылдықты келіннің бетіне құрып, оның бет-жүзін үлкендерге көрсетпей, қайын атасының үйіне алып кіргізеді . Келін үлкен шаңырақтың босағасын оң, аяғымен аттап кіріп, тізе бүгіп сәлем береді Үш рет иіліп сәлем берген келінге атасы: "Көп жаса, қарағым! Бакытты бол!"— деп бата береді. Келіннің қолына бір әйел май құйған ыдысты ұсынып, отқа май құйғызады. "От Ана, май Ана, шапағатыңды жаңа түскен жас келінге тигізе көр, жарылқа!" дегізеді. Осы рәсім орындалып болған соң, келінді өзіне арнайы тігілген ақ отауға енгізіп, күйеудің шешесі тиын ақша, құрт, ірімшік аралас шашу шашып, бата беріп, оң аяғымен аттап кірген келінді сол жақтағы төсекке құрылған шымылдық ішіне кіргізіп отырғызады.Қыз шешесі келінді қарсы алған қыз-келіншектерге білезік, сақина, жүзік, сырға, алқа, түрлі маржан тастар үлестіреді.
Тамақ, ішкен соң ауыл адамдарына жаңа түскен жас келінді таныстыру, келіннің міндетін түсіндіру мақсатында ел жиналып "Беташар" жыры айтылады. Беташар айтушы ақын жігіт келіннің келген жеріндегі қайын ата, қайын енеден бастап үлкен-кішілерін жеке-жеке таныстырып, келінге олардың әрқайсысына иіліп сәлем еткізеді.
Үйлену тойының ең жауапты кезеңі — қыз бен жігіттің некесін қию. Некені молда оқиды. Неке оқылғанда сол үйге адам сыйғанынша отырады. Бұлар — екі жастың қо-сылғандығына куәгерлер. Неке суы үлкен кесеге құйылып, неке дұғасы оқыларда суға тұз, қант, сақина, жебе салынады. Су — екеуінің бір-біріне судай таза пәк болуына, тұз некеге опасыздық жасаса дәм атадыға, қант — екеуінің тату, тәтті өмір сүруіне, ал сақина мен жебе некенің ескерткіші ретінде салынған.
Түйін. Жаңа түскен жас келінге енесі өз білгендерін айтып, еңбекке, үй-ішінің жинақылығына үйрету ежелгі ел дәстүрі болған. "Жақсы ауылға келген келін — келіп, жаман ауылға келген келін—келсап" деу біреудің жас баласын тәрбиелеп адам қылу бүкіл ауылға, әсіресе енеге үлкен сын екенін білдіруден шыққан. Парасатты әжелердің «Келініңді қызыңдай көр, қызың да келін болмас па?" деуі немесе "Келіннің өнегелі болуы — енеден" деуі улкендерге де жауапкершілік артудан туған ой-пікірлер.
Төркіндеу — қазақ салты бойынша ұзатылған қыз төркініне бір жылдан кейін барады. Теркіндеу — қазақта үлкен кейде. Ол дербес шаңырақ көтеріп, күн көрудің алды. Үйден ұзап шықпаған жас келіншекке әке-шешесін, апа-сіңңлі, аға-бауырларын бір жыл бойы көрмеу үлкен сағыныш туғызған.
Қызы мен күйеу баласы келген үй жақын көршілері мен ағайын-туыстарын шақырып, мал сояды. Қыз бен күйеудің жақындары, жекжат, көрші-қолаңдары шақырып, қонақ етеді. Тіпті , жетпістегі кемпір төркініне келгенде, "қыз келді" деп шашылып-шабынып, әркім барын беріп, қонақ етуі сол бауырмалдықтың белгісі. Ай бітіп қайтар кезде қыздың үйі бұзаулы сиыр, құлынды бие, бір түйе береді. Бұл — бөлек отау тігіп шығатын екі баласына қыздың әке-шешесінің берген еншісі. Мұндай малды жакындары да беруі мүмкін. Қазақ қыз бен жиеннен ешнәрсені аямайды. Әсіресе жиеннің қолын қақпайды. Жиенге бәсіреге тай мінгізеді. "Қыздан туғанның қияғы жоқ" деп бөлмейді. "Пайғамбар да күйеуін сыйлаған" дегенді де қазақ жақсы біледі. "Нағашым бай, қайным бай, мені қайтіп кедей қыласың-ай!" дейтін күйеудің асқақ сөзі осындайдан шықса керек.
Елге қайтып оралған соң жігіттің әкесі ұлына енші бөліп беріп, бөлек отау етіп шығарады.
Енші беру, отау шығару — келіні ас-суға,кісі күтуге дағдыланып үйренген кезде, жігіттің әке-шешесі жас жұбайлардың басына отау тіктіріп, алдарына мал салып белек шығарады. Көрпе-жастық, ыдыс-аяқ береді. Жақындары да жас жұбайларға алды мал, арты дүние-мүлік беріп, отауға өз үлестерін қосады. Өз алдына дербес үй болып бөлінген екі жас елге ұнау үшін келіп-кеткен жақындарын жақсылап күтеді. Қазақтың: "Күтімді болам десең, жаңа отауға түс!" дейтіні де осыдан шыққан. Оларды көпке дейін үй иесінің атымен атамай пәленшенің отауы дейді. Отау тігушінің дұрыс шығуы, мал-басының аман болуы ата-енесіне де үлкен сын болып саналған. Сондықтан олар жас жұбайлардың шаруасын алыстан бақылап, ақыл-кеңесін үнемі беріп отырған. Қазаны, уйі, малы бөлек болғанымен, ауылдың ақсақалы бәріне қамқоршы, ақылшы болудан жалықпаған.
Қонақ келсе — құт. Ата-бабамыздың ежелден келе жатқан игі дәстүрлерінің бірі — қонақжайлық. Қандай жағдайда да "қудайы қонақпын" деп келген адамды кеудесінен итермей, жылы шыраймен қарсы алып, "қолдағы барымен"дегендей, шамасы келгенше сый-құрметін көрсетіп аттандыру әркімнің парызы болған. Қонақ болуы үшін оның таныс болуы шарт емес. Әрбір жолаушы кез келген қазақ үйінен қонақ асын "бөлінбеген еншім"деп талап еткен.
Қазақ "қырықтың бірі қыдыр" дейді. Бұл қонақты қума, оның шарапаты тиеді, бірінен болмаса екіншісінен құт келеді деп есептегендіктен болса керек. "Қонақты қуа берсең құт қашады" деу де содан. Қазақтың дәстүрі бойынша қонақ үй иесінің қамқорлығында болуы керек. Қонақ болып отырған адам ол үйдің жауы болса да, өз үйінде оған өзі түгіл басқаға да қиянат жасатпайды. "Өз үйінде таудай дауыңды айтпа" дейді қазақ халқы.
Қазақ халқы қонақ кутуді де, қонақ болып қыдыруды да қызық көрген. Сондықтан халық мәтелі "Асың барда ел таны — беріп жүріп, атың барда жер таны — желіпт жүріп" деп, ер азаматқа үйінде отыра бермей, ел көр, жер көр, көппен аралас деп, кеңес бергендей сыңай білдіреді.
Егер қонақ түскен үйдің отағасы үйде жоқ болса, ол астан дәм татып, ауыз тиген соң, түнемеге басқа орын іздестірген.
Адал ниет ақ көңілмен келгенін білдіруі үшін қонақтар үйге келмей тұрып, найза, сойыл, шоқпарын дөдегеге іледі. Қару-жарағын сыртта қалдырып, қамшысын бүктеп ұстаған күш үйге енеді. Себебі, қамшысы жүрген жерде, жын-шайтан жүрмейді.
"Қонақпен еріп құт келеді деген сенім бойынша, қонағын қарсы алған отағасы есігін өзі ашып, алдымен үйге қонағын кіргізеді. Ал шығарып саларда үй есігін қонаққа ашқызады. Себебі, үй иесі есігін өзі ашса, онда қонағын қуғанымен бірдей болып саналады.
Жалпы мейман атаулы "арнайы қонақ" (мал сойып шақырған сыйлы қонақ), "Құдайы қонақ" (кездейсоқ, бір түнеп аттанатын бейтаныс жолаушы), "қыдырма қонақ" (алыстан ағайын-туғандарын, құда-жекжаттарын іздеп келіп, жатып-жастанып, бір мал жеп кететін қонақ,), "қылғыма қонақ" (тамақтың піскенін аңдып жүріп, шақырусыз келіп, ет жеп кетер сүйкімсіз қонақ) деп бөлінеді.
Қонақты қарсы алу, күту рәсімі.Халықтық, әдет бойынша қазақ аулында сырттан келген жолаушы ат-матымен баса-көктеп кірмеген. Ауыл шетіне келе аттан түсіп, танысы болмаса, түсер үйінің ту сыртынан "Үйде кім бар? Сыртқа шықсын!" деп дауыс береді.
Егер таныс адамы болмаса, қонақасы беруден қысылмайды-ау деген ең тәуір боз үйдің бірінің белдеуіне атын байлап түседі. "Қонақ таңдап қонады" деген мәтел осыдан қалған. Аттан түсіп, үйге кіруге бет алған қонақты сол үйдің жастары сәлем беріп қарсы алып, есік ашып үйге кіргізеді.
Әдетте қақ төрге жолы үлкен бас қонақ отырады. Жолы мен жасына қарай, атағы мен дәрежесіне сай қалған қонақтар төр ағасының оңы мен солынан, орын алады. Қонақ үстіне қонақ келсе, жасы кіші қонақ жасы үлкеіне ығысып орын береді. "Бұрынғы қонақтың соңғы қонаққа орын беруі" содан қалған дәстүр.
Жөн сұрасып болған соң, үй иесі қонағына барын беріп, риза етуге тырысады. Қонақ шөлдеп келсе, қымыз беріп шөлін басады, онан кейін шай әзірлейді. Әдетте шайды бойжеткен қызға құйдырады. Оның себебі, қыз бала келешек шаңырақ иесі, ас иесі болғандықтан жастайынан қонақ күтуді үйрене берсін деген ниет болған. Екіншіден, бойжеткен қызға шай құйғыза отырып, қыздың аспазшылық өнерін елге паш ету. Бір үй толы қонаққа кесені ауыстырмай, шайды қызыл күрең етіп баптап беру — үлкен өнер. Осыны көрген жолаушы, әсіресе қариялар ойына түйіп, барған жерінде "бәленшенің үйінде бәлен деген бойжеткен қыз бар екен, шіркіннің шай құйысы, қонақ күт1ісін-ай"— деп мақтайтын болған.
Қазақ елінде кез келген уақытта қонағына мал сойып бермеген, бірақ қонаққа деп әрқашан сыбаға сақтаған. Жазды күні қонаққа ең болмағанда марқа сойылса, қысты күні соғым етінен тартылған мүшелі табаққа риза болады.
Әр қонақтың өзіндік сый-сыпаты, мүше ұстау рәсімдері бар. Мысалы, бас жасы үлкен ақсақалға, алыстан келген ең сыйлы қонаққа ұсынылса, онан кейінгі отырған қонаққа асықты жілік ұстатады. Ал күйеу бала мен келінге төс тартады.
Бас тартудың да өзіндік рәсімі бар. Бастың құйқасын күйдірмей, жүнін жібермей, тазалап үйітіп, баптап пісіріп жеке табаққа салып, тұмсығын қонаққа қаратып ұсынады,
жанына пышақ, қояды. Бастың кеңсірігінің үсті ұзынша және көлденең тілінген болуы шарт. Ол ұзыннан салынған сіздің жол, көлденең түскен біздің жол, екі жол айқасып, қонақ пен үй иесі бір тілекте кездесті деген мағынаны білдіреді.
Қонақ бастың оң езуін кесіп, өзі ауыз тиеді де, сол езуін үй иесіне береді. Одан соң үйдегі отырған адамдарға түгел бастан ауыз типзеді. Балаға құлақ беру — үлкеннің ақыл-кеңесін ұғып жүр дегені, қызға таңдай беру — ісмер, кестеші бол деу, бәйбішеге көз беру — үй иесінің оң көзі бол деу. Сол сияқты қазақта ырымдап қыз балаға "шашың ұзын болсын" деп — желке, ер балаға "шешен бол" деп — тілдің ұшын, "батыр бол" деп сүбе мен жүрек жегізеді. "Әкең өліп қалады" деп жас балаға бас ұстатпайды, "су ми боласың" деп — ми, "суға кетіп қаласың" деп жұлын, "жарынан ажырасасың" деп талақ жегізбейді. Қыз балаға "қартайғанша отырып қаласың" деп — кәрі жілік, "жеңілтек боласың" деп құйыршық ұстатпайды, т.б. толып жатқан ырымдар бар.
Ет желініп, сорпа ішілгеннен кейін дастарқан жиылып, ықылас білдіріп, бата беріледі.
Қонағын аттандырар кезде, отағасы қонағынан "бұйымтай" сұрайды. Қалыптасқан дәстүр бойынша қонақ үй иесінің аты, мылтығы мен итінен басқа кез келген затты сұрауына болады. Үй иесі қонағының көңілін жықпай, қалауын беріп, "Көріскенше күн жақсы, қош, сау болыңыз!" деп қоштасып, аттандырып салады.
Бата-тілек. Қазақ халқының ежелгі салт дәстүрінің бірі — бата-тілек білдіру. "Сөз арқылы жаратушыға жалынып, жалбарынып ықпал етуге болады" деп түсінген ата-баба-ларымыз "Жаңбырменен жер кегереді, батаменен ер кегереді", "Баталы құл арымас", "Көп тілеуі — көл" деген ой-пікірді уағыздап, кейінгі ұрпағына ықылас білдіріп, ақ ниетпен бата беріп, тілек тілеуді дәстүрге айналдырған.
Бата беру әдетте ауылдың үлкен қария, ақсақалдарының үлесіне тиген немесе құдайы қонақтың алғыс, тілек болып саналған.
Тамыр. "Туысқан, жекжат болайық" деп уәделескен екі кісі баласы шамалас қымбат заттарын сыйласып, "тамыр" болысады. Достықтары жалғасқан тамырлардың балалары "ата тамыр", құдандаласса —"сүйектамыр" болады. Сондай- ақ, сөз байласып, бармақ ұстасып туысқан болғандар — "ауызтамыр" деп аталады. Тамырлар қонақ болып түскенде, заттан, әлде малдан ұнатқан қалауын сұрайды. Әдетте, қонақтың қолын қақпай, сұраған заттың үй иесі беретін болған. Көңілдері жараскан жігіттер қылыш сүйіп, немесе құран ұстап (сүйіп) анттасып, төс түйістіре құшақтасып, "мәңгілік дос" болысады. Олар бастарына қандай да қиын күн туған сәтте бірі үшін бірі жанын да береді. Сондықтан "ақыреттік" достар деп те аталады.
1.4. Діни наным-сенімдермен және өлікті жерлеу рәсімдерімен байланысты
туған салт-дәстүрлер.
Діни мейрамдар. Наурыз мейрамы. Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде, әдет-ғұрпында ерекше орын алатын, ертеден мерекеленіп келе жатқан мейрамның бірі — Наурыз күні. Наурыз — парсы сөзі,қазақша айтқанда "Жаңа күн" деген ұғымды білдіреді. Бұл күн — жыл сайын наурыз айының 22-сінде мерекеленіп болған. Яғни бұл күн мен түннің теңелетін, кардың еріп, көктің шыға бастайтын кезі. Осы кезде мал төлдеп, шаруаның арқа-басы кеңіп, аққа аузы тиген. Сондықтан Наурыз күнін ертедегі адамдар жаңа жылдың басы —"Ұлыстың ұлы куні" деп есептеп, зор куанышпен карсы алған. Жұрт жақсы киініп, ауыл аралап, бірн-бірі жаңа жыл — Наурызбен кұттықтап, сағынышты көрісулер, ыстық құшақ қауышулар үстінде бір-бірне игі тілек тілесіп, адал ниетпен, ақ бата беріскен. Мұны олар өлең, тақпақ арқылы білдіріскен.
Наурыз мейрамында қазақ халқы "Наурыз көже" ішіп, ән шырқап, күй шертіп, балуан күрестіріп, ойын-сауықпен өткізген.
Ораза айт. Ислам дінінің кағидасы бойынша, мұсылман дінінің ұстанушылардың бәрі отыз кұн ораза ұстауы керек. Ораза ұстау — араб күнтізбесі бойынша рамазан айында таң атпай бекітіп (сәресін сағат 4—5-терде ішеді, күн әбден батқан соң ашады. Ол кезде темекі шегу мен насыбай атуға, ойын-сауыққа, нәпсіге тыйым салады. Осы уақыттарда адамдар Алла тағалаға арнап Кұран Кәрімді, діни-шариғат заңдарын оқып, рухани тазалыққа ұмтылатын болған. Діни қағида бойынша рамазан (мүбәрәк деп те атайды) айында ораза ұстамаған мұсылмандардың күнәсі кешірілмейді деп есептелген.
Шариғат заңында ораза кезінде кұдайға кұлшылық еткен адам о дүниеде де, бұл дүниеде бақытты болады деп уағыздаған.
Мубәрәк айында күндіз ас-судан бас тарту керектігін біле тұра, аузына нәр алса, ораза бұзылады. 10 жасқа дейін бала, аяғы ауыр немесе бала емізетін әйел, денсаулығы нашар қарт, рамазан кезінде науқастанып калған адам, ұзақ жол жүретін жолаушы ораза тұтпауға құқы бар. Алайда, ауру адам мен жолаушы басқа айлардың бірінде сонша қүн ораза ұстауы керек. Ораза ұстау кезінде ағайындар бір-бірін "ауызашарға" шақырып, тәтті, дәмді тағамдар беретін болған.
Ғұрып бойынша, отыз күн оразадан соң діни мейрам — үш күн ораза айты болады. Ораза айтының алдында әрбір отбасы мүшелері кедейлер мен мүсәпірлерге пітір береді (пітір — жанға саулық тілеп садақа беру). Оны арабтар "Зәкәт-әл-фитр" деп атайды.
Ораза айтының алғашқы күнінде ата-бабалардың аруағын еске түсіріп, құран оқыту, "жұмалық" ас беру (жеті шелпек пісіру) мұсылмандарға парыз болып саналған. Үш күн айт мейрамында үлкендер де, бала-шаға да жақсы киініп, әр үйге кіріп "Айттарың қабыл болсын!" деп тілек білдіріп, айтқа дайындалған тамақтан ауыз тиіп, құран оқып шығады.
Достарыңызбен бөлісу: |