1.2.2. әйел қолөнерінде қолданылатын құрал-сайман атаулары. Қазақ әйелдері тігу, тоқу, жүн дайындау, сырмақ сыру, киіз басу, т.б. жұмыстарды атқару үшін алдын ала сол іске қажетті құрал-жабдықтарын әзірлеп алады. Оларды атқаратын қызметіне, пайдаланатын ретіне қарай топтап көрсетуге болады. Жүн сабауға тулақ және сабау қолданылған. Тулақ деп жылқы, сиыр, серке терілерінен жасалатын, жүн сабағанда оның астына төсейтін төсенішті айтады. Шебер әйелдер қолданған сабаудың екі түрі болған: тулақ сабау және шабақ сабау. Жіп иіру құралы ұршық деп аталады. Ертеректе әрбір қазақ отбасында міндетті түрде бір-екі ұршықтан болған. Ұршық үш бөлшектен тұрады: ұршық басы, ұршық сабы, мұрындық. Ұршық басы – қатты ағаштан, ағаш безінен, түйенің ортан жілігінің айдар басынан, тастан қашап, кейде оған қорғасын құйып, ортасын жуандығы саусақтай ағашқа кигізуге болатын етіп тесіп жасаған, бөлшек. Ұршықтың әсем түрлерін қазақ әйелдері зергерлерге жасатып алған. Иірілген жіптерден кілем, алаша, қоржын, қап, т.б. тоқитын тоқу жабдығын өрмек деп атайды. Халық арасында қолданылатын өрмектің екі түрі бар. Оның біріншісін аспалы немесе термелі өрмек дейді. Ондай өрмекте кілем сияқты тұтас, енді заттар тоқылады. Өрмектің екінші түрі жай өрмек деп аталады. Жай өрмек арқылы шекпен, алаша, қап, қоржын, белбеу, терме бау, басқұр сияқты енсіз бұйымдар тоқылады.
Достарыңызбен бөлісу: |