11.2. Тәрбие жұмысын жүзеге асырудың теориялық, әдістемелік және технологиялық деңгейлері ХVІІ ғасырда ең алғаш технологияның концептуалдық негізін Я.А.Коменский қалыптастырды. Оның басты принциптері: ғылымилық, бірізділік, жүйелілік, беріктілік, белсенділік арқылы сапаға жету, көрнекілік, теорияның тәжірибемен байланысы, оқушылардың жас ерекшеліктері мен дара ерекшеліктерін ескеру.
Оқыту технологиясы сыныптық - сабақ жұмысын ұйымдастыру арқылы іске асады. Оқыту технологиясының басты белгілері: бір жас мөлшеріндегі оқушылардың тұрақты құрамы мен олардың дайындық деңгейлері ескеріледі; жылдық жоспар мен оқу бағдарламасы негізінде оқыту жүргізіледі; әр оқу пәнінің сабақтары тақырыптарға бөлінеді; тұрақты сабақ кестесі жасалып, мұғалім оқуды ұйымдастырады. Оқыту технологиясы тәрбие технологиясымен өзара сабақтастықта іске асады.
Оқыту мақсатына байланысты жеке тұлғаны дамыту белгілі білім, білік және дағдыларды меңгертуге негізделеді. Дәстүрлі оқыту технологиясы екі топқа бөлінеді: 1) иллюстративті–түсіндіру әдістері (лекция, баяндау, әңгімелесу, тәжірибелер көрсету, еңбек операцияларымен таныстыру, экскурсиялар, т.б.) арқылы мұғалім түсіндіреді және оқу материалдарын көрнекі түрде көрсетеді; 2) репродуктивті әдіс: мұғалім білім мазмұнын, іс-әрекет тәсілдерін, тапсырмаларды шешу үшін тапсырмалар құрастырады; оқушы оқу материалдарын есіне (сұрақ-жауап, есептер шығарады, т.б.) түсіреді.
Оқыту технологиясының артықшылығы: оқыту материалын қисынмен беріп, оны дұрыс ұйымдастыру; оқушыға мұғалімнің эмоциялық деңгейде ықпал етуі; оқуға бөлінген қаржыны дұрыс пайдалану.
Оқыту технологиясының кемшіліктері: біркелкі оқыту; сабақ уақытын тиімсіз пайдалану, оқушылардың бірімен-бірінің қарым-қатынасын шектеу; оқушының даралық ерекшелігін ескермеу; оқушы іс-әрекет белсенділігінің төмендігі, оларды сөйлетпеу; оқушыларға орта өлшем деңгейінде қарау; даралап оқытуға назар аудармау; мұғалім мен оқушы арасындағы нашар кері байланыс.
Сыныптық сабақ технологиясы оқыту-тәрбиелеу үдерісін ұйымдастырудың басқа формаларымен толықтырылады.
Тәрбие технологиясы сабақ үдерісі мен тәрбие үдерісінде қатар іске асырылады. Білім беру жүйесінде соңғы жылдары оқытудың бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі түрлерімен оқытулармен бірге инновациялық оқытулар жедел қарқынмен тәжірибеге ене бастады. Жаңа технологияларды пайдалану, сыни тұрғыда оқыту т.б. бүгінгі мектеп үрдісінде маңызды орын алады. Инновация дегеніміз – дәстүрлі және көпшілік тәжірибеден өзгеше, білім беру ісіне жаңа тұрпатты көзқарас пен қатынас. Инновациялық оқыту-оқушылардың жаңа жағдайларда бірлесе әрекет жасау қабілетін дамытатын, білімді игерудің нақты нәтижеге бағытталған оқыту түрі болып табылады. Бұл, біріншіден, ғылыми және мәдениеттану білімдерінің негізінде мақсатты бағытта жобаланған оқу үрдісі болып саналса, екіншіден жеке тұлғаны дамытудың болашағын жобалайтын және соны жүзеге асыруға дайындық мақсатындағы бағытта ұйымдастыратын білім беру болып саналады.
Қазақстанда педагогикалық жаңалықтар туындайтын және солардың жедел игерілуі мен тәжірибеде қолданылуына ықпал ететін жаңашыл инновациялық орта қалыптасты. Жалпы орта білім беретін орта мектептерде Қ.Бітібаева, А.Айтқалиев, О.Очкур, т.б. инновациялық тәжірибелері республика мектептеріне таратылды. Қазақстан мектептерінде Ж.Қараев, Ж.Кобдикованың деңгейлеп, саралап оқыту технологиясы бойынша ғылыми-әдістемелік зерттеулері оқушылардың білім сапасын арттыруға мүмкіндіктер тұғызып отыр.
Деңгейлеп, саралап оқыту технологиясы оқу процесінің құрылымына, дидактикалық құралдарға қойылатын жалпы технологиялық талаптардың орындалуын қажет етеді. Оқушылар алдын-ала қабілет деңгейлеріне қарай шағын топқа бөлінбейді. Деңгейлік тапсырмалар орындалу барысында оқушылар өздері-ақ сараланады. Технологияның басты компоненттері–оң мотивация қалыптастыру және табысқа жетелейтін бағалау тәсілін пайдалану негізінде оқушылар төменгі деңгейден жоғары деңгейге ауыса алады.
Тәрбиелік жұмыстарды жүзеге асыруда Блумның таксономиясы негізгі орын алады: білімдік, танымдық үдерісті қарапайым деңгейден бастап бірте-бірте күрделенетін 6 деңгейді қамтиды: білім, түсіну, қолдану, талдау, жинақтау, бағалау. Жоғарыда аты аталған барлық технология тәрбие технологиялармен жүйелі түрде сабақтасып жатады. Кез-келген технология тәрбие технологиясыз болмайды.
Сонымен қатар, тәрбие мәселесіне байланысты К.Құнантаева, С.Қалиев, Қ.Жарықбаев, С.Ғаббасов, С.А.Ұзақбаева,И.Р. Халитова, Ш.Майғаранова, Е.Ө Жұматаева, К.К.Жампеисова,А.А.Калюжный,А.А.Бейсенбаева Р.К.Төлеубекова т.б. ғылыми тұжырымдамаларын ұсынды.