Байланысты: Иманбаева С.Т., Майгаранова Ш., т.б. Т рбие ж мысыны теориясы м
Бала өмір сүру ортасында үйінде, көшеде, балабақшада және т.с.с. өзара әрекеттестікке түседі. Адам белгілі бір ортада қалыптасады. Ортада жеке тұлға қалыптасады. Ортаның әр факторының өзіндік әлеуметтік-педагогикалық мүмкіндіктері бар, мәселен, отбасы; пәтер, оның жабдықталуы; бала пәтерінің, үйінің орналасу орны (қала, ауыл); көше, баланың айналасындағы қатарлас достары, ересектер және т.б. Әлеуметтік педагогика жеке тұлғаның қалыптасуына әлеуметтік орта факторларының ықпалын, оларды мақсатты пайдалануды және олардың жағымсыз ықпалының алдын-алу мәселелерін зерттейді.
Баланың әлеуметтік мәдени әлемін қалыптастыруға және дамытуға мақсатты түрткілік әрекет жасау. Ол стихиялық сипатта болуы мүмкін. Көпшілік ата-аналардың «баланың бәрі өскен және өседі» деген желеу сөздері, олардың стихиялы түрде тәрбиеленетінін көрсетеді. Арнайы педагогикалық зерттеулерге назар аударсақ, тәрбие мақсатты түрде жүзеге асырылуы тиіс. Мысалы, балалардың тілін дамыту үшін Г.Крайг ата-аналарға мынадай ұсыныстар жасайды:
- ашық түсті заттарды балаға көрсетіп, оның орнын алмастыру;
- бөбектің алдына жақын жерге оны қызықтыратын затты қою, ол оны қолымен алуы, оны зерттеп білуі керек;
- баламен сөйлесу, оның есімін жиі атау;
- баланың алдына түрлі заттарды қою, ол заттарды қолына алып, зерттеп білуі тиіс;
- баламен ойын ойнау «ку-ку», «жасырынған нәрсені тап»;
- қауіпсіз орын дайындап, баланың қозғалысына, зерттеу бағытын іске асыруға, түрлі ойыншықтар мен заттарды орналастыру, олардың арасынан белгілі бір затты табуды тапсыру;
- өз іс-әрекетін сөзбен бекіту: («мен допты қолыма алып, артыма жасырдым, сен оны алып бер»);
- біртіндеп ойынды күрделендіру («жасырған нәрсені тап»);
- қуыршақтармен ойнату;
- баланың әрекетін қайталап, оны еліктеуге түрткілеу;
- болып жатқанды түсіндіру («Доп үстел астына домалап кетті, өйткені сен оны ұрдың»);
- баланы суға түсіргенде онымен ойнау, суға жүзетін, су құятын, шашатын ойыншықтарды қолдану;
- балаға сұрақ беріп, оның беретін жауабын күту;
- балаға символдық ойын ойнауға ойыншықтар беру.
Ересектердің балаларға қатысты әлеуметтік-педагогикалық қызметінің негізгі міндеттері олармен мақсатты әрекеттесу және олардың белсенділіктерін, өзіндік бастамаларын, өзіндік іс-әрекеттерін арттыру.
Баланың әлеуметтік мәдени әлемін қалыптастырудағы ерекше орынды ойынға беруге болады, ол бала қызметінің негізгі өмірлік формасы саналады. Балалардың ойыны, ол бала ағзасының әлеуметтік қызметі, баланы тұлға ретінде дамыту құралы және өзін көрсету тәсілі болып есептеледі. Әлеуметтік педагогикалық тұрғыдан, бала ойынында қарапайым түсінік түрінде әлеуметтік қалыптар мен талаптар кіріктіріліп, халықтардың ұлттық ерекшеліктері түрінде берілген. Ол баланың жандық және физикалық күшінің көп ғасырлық тәжірибесі түрінде жинақталып, оның туған этникалық ортасында қалыптасады. Ұлттық ойындар баланың бойында оның ұлтына тән менталитетін және ұлттық тұлғаға тән типті, өзіне сәйкес ерекшеліктерімен бірге қалыптастырады.
Отбасылық ойындар ұлттық және отбасылық дәстүр немесе ата-аналарының кәсіби қызметіне байланысты болады. Балалар өз ата-аналарына еліктеуді ұнатып, жақсы көреді: мұғалім, дәрігер, сатушы, әскери кызметкер т.б. Ойын арқылы белгілі әлеуметтік-педагогикалық міндеттерді шешуге, баланың әлеуметтік мәдени әлемін қалыптастыруға түрткі тудыруға болады.
Ойынның мазмұны рөлдік іс-қимылдан және бағытты белсенділіктен тұрады, ал түрлі ойыншықтар – құрал ретінде қолданылады. Ежелден ойыншықтарды жасауға түрлі халықтар тәжірибесі және жекелеген ойшылдар шығармашылығы ықпал еткен.
Аристотель тәрбие мақсатында «балалар үшін ойыншықтар жасау қажеттігін, олар болмаса, олар немен айналысарын білмей, тұрмысқа пайдалы заттарды бүлдіреді»,- деген.
И.К. Лафатер (1741-1801) – швейцарлық жазушы, ағаш кірпіштерден үй қалау ойынын және т.б. ұсынған. Платон ер балаларды ойын арқылы келешекте айналысатын жұмысына бағыттап тәрбиелеу керектігін жазған. Локктың пікірінше, барлық ойын түрлері балалардың жағымды және пайдалы әдеттерін қалыптастыру керектігіне кеңес берген. Дәл осындай пікірді француздың мектепке дейінгі педагогы Ф.В. Фребель (1782-1801) де тұжырымдаған. Ол ойынды «баланың ең жоғары даму деңгейі», - деп көрсетіп, ойын теориясын жазған.
Ежелгі славяндар тұрақтарының қазбасынан археологтар көп ойыншықтар тапқан, олар сол кезеңдегі ата-аналардың балаларына қамқор болып, оларды жақсы көргендіктерін айғақтайды және бала үшін ойыншықтың маңыздылығын көруге болады. Ойын баланы жан-жағын бақылауға, байқағыштыққа, жақсы мен жаманды түсінуге, заттың көлемін, мықтылығын ажыратуға, ұшқыр ойлауға, тәжірибе жинақтауына, сын тұрғысынан ойлай білуге, көрегендігін тәрбиелеуге ықпалын тигізеді.
Ойын екі түрге бөлінеді: жеке және бірге ойнау. Әр қайсысының өзінің әлеуметтік мәні бар. Жеке ойын баланың өз бетінше ойын үдерісіне берілуіне және онан шынайы ләззәт алуына көмектеседі. Ол әлеуметтік дамуды және өздігінен шешім қабылдау дағдысын қалыптастыруға, қарапайым міндеттерді шешу арқылы, өз мүмкіндіктерін іске асыруға көмектеседі. Осындай мүмкіндіктердің болмауы, баланың дамуына теріс әсер етеді. Баланың әлеуметтік мән ретіндегі психикалық дамуы заңдылығы екі қарама-қайшы үдеріспен (тенденциялармен) анықталады; жалпылау және жекелену ұмтылысы. Осы заңдылықтардың шарттарының бүлінуі, баланың әлеуметтік дамуына теріс әсер етеді. Оның дәлелін мемлекеттік мекемелерде, балалар үйлерінде тәрбиеленген балалар бойынан байқауға болады, өйткені олардың жеке ойнауына қоғамдық тәрбие орындарында мүмкіндіктері болмайды.
Олар үшін ойын үдерісінің өзі маңызды. Ойын баланың мейілінше дамуына ықпал етеді. Мысалы мынадай суретті байқауға болады. Анасы баласымен бірге дем алып отыр. Баласы құммен ойнап, оны шелекке толтырып, қайтадан төгіп ойынға мейілінше беріледі. Үйге кету керектігінен, анасы баласының ойынды тез аяқтауын талап етеді. Ойынды жеделдету үшін анасы баланың шелегіне құмды толтырып көмектеседі. Бала оны қаламайды, ол мазасызданып, жылап, шелектегі құмды төгіп тастап, оны қайтадан өзі толтырғысы келеді. Ана үшін толған шелектің мәні жоқ, ал бала үшін мәнді- үдеріс, яғни шелекке құмды өзбетінше толтыруы.
Бала өзгелерге еліктеп, ойын барысында іс-әрекет тәжірибесін игеріп, ішкі жан дүниесінде оны талдағысы келеді. Оның бастау көзі болып жатқан құбылысты баланың көріп білгісінің келуі, яғни талдай білуі (затты бөлшектеу, құралдарды жіктеу), оның қарапайым санасы тұрғысынан өмірді талдап тануына және соның қатарында, қоғамдық қатынастар айналымын тануға көмегін тигізеді. Бастапқы кезде бұл талдау тым қарапайым болады (балаға бір ойыншық ұнайтындықтан, онымен ұзақ уақыт ойнайды, сонан кейінгі кезекте, оның ішкі құрлысымен танысқысы келгендіктен, оны бөлшектейді). Өз ісінің нәтижесін көріп, ол жабырқап, оны қалпына келтіруді талап етеді. Міне, ол осындай талдаудан кейін, шығармашылық іс-әрекетке бет бұрады. Шығармашылық ойындар қатарына символдық ойындар, нақтырақ айтсақ: құстар, жануарлар, әскерилер, т.б. жатады.
Баланың дамуындағы маңызды орынды ойын алады, ол өмірлік тәжірибе жинақтауға көмектеседі. Соның көмегімен балалар санауды, құрылыс ережесін, сызу, ән айту, жарысу, т.с.с. игереді. Бұл ойындар Платон дәуірінен бергі кезеңде де балалардың қабілеттері мен дарындылықтарын, ұшқыр ойлауын және мінез-құлқын қалыптастыруға қолданылып келеді. Осындай ойындар арқылы педагогтар балалардың ақыл-парасатын дамытуды, белгілі бір істерді орындау қабілеттері мен дағдыларын арттыруды бағытты көздейді.
Әлеуметтік дамуда бірігіп ойнайтын (қоғамдық) балалар ойынының да маңызы орасан зор. Балалар жолдастарымен ойнау барысында олармен жарысады, қарым-қатынас тәжірибесін және әлеуметтік ортада өзін ұстай білу дағдыларын игереді. «Өмірден өмір, жалыннан жалын тұтайды» деп тегін айтылмаса керек. Жолдастарының арасында бала өнертапқыш, шешім қабылдағыш, батыл және осындай ортада қоғамдық іс атқаруға қызығушылық, өзгелерге қамқорлық білдіру, оларды құрметтеу, достасу, бірін-бірі жақсы көру, сонымен қатар, тәртіпке мойын ұсынудың маңызын және көшбасшының талабын орындау қажеттігін түсінеді. Бала өз тәртібін өзгелермен сәйкестендіру арқылы, оның қоғамдық қатынастар туралы түсінігі қалыптасады.
Осы жоғарыда айтылғандардың бәрі, баланың әлеуметтік мәдени әлемінің кейбір ерекшеліктерін, олармен әрекеттесу және олардың тұлғасын қалыптастыру барысында ескеруді қажет етеді.