Элеаттар – Элей философия мектебi б.з.д. VI–V ғғ. – ежелгi Элейде, қазiргi Италия территориясында өмiр сүрдi. Өкiлдерi: Парменид, Зенон Элейский, Мелисс Самосский.
Элейден шыққан ойшылардың жаңалығы мынада: космологияны онтологияға (болмыс теориясына) өзгерту, өзiндiк философиялық категорияларды ойлап табу («болмыс», «биболмыс», «ойлау»), диалектикалық тәсiлдi енгiзу мен пайдалану арқылы философияда дәлелдеудiң қажеттiлiгi мен оның тәсiлдерiн қолдануды (абсурдқа әкелу принципi) мойындау.
Парменид – бiрiншi болып «болмыс» түсiнiгiн енгiздi. Оның пiкірiнше дүниеде тек бiр ғана болмыс бар. «Болмыс бар, биболмыс – жоқ». Биболмысты тану немесе ол туралы пiкiр айту мүмкiн емес. Сондықтан, әлем болмыспен тығыз және үздiксiз толтырылған. Сезiмдiк қабылдау нағыз бiлiмдi бермейдi. Тек философиялық ақыл-ойға салу арқылы ақиқатқа жетуге болады. Элеаттар тану мәселелерiнде, сезiмдiк таным («докса» – пiкiр) және идеалдың жоғарғы рухани таным деп қатал түрде бөледі. Бұл монизмдi жақтаушылар – көпшiлiк құбылысты бiрлiк бастамадан шығарады. Барлық материалдық тiршiлiктiң көрнiсi - идея екенін айтып, олар идеализмнiң алғашқы хабаршысы болды.
Егер Парменид философиялық тезистердi дәлелдесе, оның ізбасары Зенонның дәлелдеу әдiсi – жағымсыз жағдайды дәлелдеу. Парменидтің “Қайшылық заңына” ол “Үшiншiнi жоққа шығару” заңын қосты. Зенонның “Ахилес”, “Дихотомия”, “Жебе”, “Стадион” т.б. апориялары философия ұрпақтары мен көпшiлiк үшiн алынбас қамал болды. Зенонның апориялары өзiндiк заңдылықтың күш-қуатын бекiтетiн тәжiрибе деректерiне күмән келтiретiн, логос позициясын күшейтуге бағытталған. Зенонды Аристотель «диалектиканың атасы» деп атады (қарсылас пiкiрiн терiске шығаратын диалогты пайдалануға байланысты).
Зенонның “Ахилл және Тасбақа” апориясындағы (апория – түсiнiксiз қайшылық) алғашқы шарт. Ахилл мен Тасбақа бiр-бiрiнен А мен А2 аралығындағы қашықтағы жол бойында тұр. Олар бiр кезде бiр бағытқа қарай қозғалады. Ахилл барлық күшiн салып жүгiредi, ал тасбақа болса, бауырлап жылжиды.
Тезис: Ахилл ешқашанда Тасбақаны қуып жете алмайды.
Дәлелдеу: Тасбақаны қуып жету үшiн Ахилл алдымен қозғалыс басталардағы бөлiп тұрған А2 аралықты жүгiрiп өтуi керек. Осы уақытта тасбақа да А2-ден А3 аралығын өтедi. Демек, ендi Ахилл тасбақаны қуып жету үшiн тағы да А аралығын жүгiрiп өту керек, т.т. Себебi кеңiстiктегi жол шексiздiкке дейiн бөлiнедi, онда Ахилл мен Тасбақа арасында аз да болса аралық қалып отырады, оны Ахилл жүгiрiп өтуi керек.
Қорытынды: Ахилл ешқашан да Тасбақаны қуып жете алмайды. Кеңiстiкте шексiз бөлiнетiн немесе бөлiнбейтiн интервалдардың (аралықтар) өмiр сүруi мүмкiн болса, онда қозғалыстың болмайтындығы туралы тұжырым жасауға болады.
Зенонның пайымдауы бойынша кеңiстiк өзiнiң құрлымы бойынша шексiз (континуальдық) немесе оның бiр шекке (дискреттiк) дейiн бөлiнетiн және одан ары ұсаққа бөленбейтiн интервалдары бар. Егер кеңiстiк белгiлi бiр шекке дейiн бөлiнетiн болса, онда жебе туралы апория қолданылады.
Ұшып бара жатқан жебе t1 уақыт сәтiнде кеңiстiкте белгiлi интервалда орын алады: 3-тен 8-ге дейiн. Қозғалыс – бұл кеңiстiктегi орын ауыстыру, демек жебе жылжиды, олай болса келесi сәтiнде уақыт t2, ол басқа кеңiстiктiң интервалында орналасады: 4-тен 9-ға дейiн. Әрбiр кеңiстiктегi интервал бөлiнбейдi: жебе онда толық орналасады немесе орналаспайды, жарым-жартылай орналасуы мүмкiн емес. Демек, жебе аралықтың бiр бөлiгiн, 8-9 өтуi мүмкiн емес, бұл аралық бөлiнбейдi. Онда уақыт t кезiнде жебе қозғалыссыз 3-8 аралықта, ал уақыт t΄ кезiнде қозғалыссыз 4-9 аралығында болады.
Қорытынды: Ешқандай қозғалыс жоқ, тек кеңiстiктiң әртүрлi аралығында қозғалыссыз орналасу бар.
Эмпедокл (б.з.д. 490-430 жж.) Агригент қаласы Сицилия аралында өмір сүрді. Материалистік бағытты ұстады. Дүниенің бастауы – төрт элемент немесе стихия: жер, су, ауа, от және оларды қосатын әрі ажыратын екі қарама-қарсы күштерден тұрады деді.
Негізгі еңбектері: «Табиғат туралы», «Тазару».
Анаксагор ( шамамен б.з.д.500-428 ж. ж.) – Афинаның алғашқы философы. Өзінің гомеометрия туралы ілімімен белгілі болған. Гомеметрия («заттардың ұрықтары») мен Нус (ақыл) әртүрлі мөлшерде арласып, барлық заттар мен құбылыстардың сапасының алуан түрлігін құрап, бір жөнге (тәртіпке) келу арқылы айқындалады. Оның «бәріне – бәрі» деген тезисі гомеометрияның барлық әлем дүниесінде белгілі дәрежеге ие болуын көрсетеді.
Ежелгi Грециядғы материалистiк бағыт кейiнгi кезеңде Демокриттiң (б.з.д. 460-370 жылдар шамасы) философиясынан толығырақ көрiндi. Демокриттiң көзқарасы бойынша, нақты дүниенi, негiзгi кеңiстiктi толтырып тұратын атомдар. Олар табиғаттың бөлiнбейтiн және мәңгi өмiр сүретiн ең кiшi бөлшектерi. Олар сапа жағынан емес, саны, түрi, формасы, ретi, тәртiбi немесе орналасуы және көлемi жағынан бiр-бiрiнен өзгеше келедi. Осыған байланысты денелер белгiлi бiр сапаға, қасиетке ие болады, жылы не суық, ауыр не жеңiл, қатты не жұмсақ болып келедi. Атомдар мәңгi қозғалыста болады да, бiр-бiрiмен соқтығысып шағысып жатады. Бәрi де үнемi өзгеру үстiнде болады, бәрi де заңды түрде және қажетiне қарай өтедi. Демокрит табиғат пен қоғам құбылыстарын детерминизм (барлық заттар мен құбылыстардың заңды, себептi-шартты байланысы туралы iлiм) принципi негiзiнде дәлелдейдi.
Классикалық кезең (б.з.д. V ғ.). Классикалық кезең тақырыбы – адамның мәнi, оны танудың ерекшелiгi, философиялық бiлiмнiң синтезi, әмбебабтық философияны құру. Атап айтқанда осы кезде таза идеялық, теориялық философия қалыптасты және оның бiлiмiнiң түрі басқаларға қарағанда алғашқы болды. Теориялық философия қағидасының негiзiнде құрылған классикалық кезеңнiң негiзгi проблемалары: онтология, антропология, гносеология.
Сократ (б.з.д. 469-339 жж.) туралы Аристотель мен Платонның айтуы бойынша бiлемiз. Сократ әлем құрлымын, заттардың (физикалық) табиғатын танып бiлуге болмайды, тек өзiмiздi ғана бiлуiмiз мүмкiн дейдi. Мұны “өзiңдi танып бiл” формуласы түрiнде өрнектедi. Бiлiм дегенiмiз – ой, жалпы туралы ұғым. Ұғым - анықтау арқылы айқындалып, индукция арқылы жалпыланады.
Сократтың басты мақсаты – жастарды өз философиясы арқылы тәртiптi өмiр сүруге баулу. Көбiнесе пiкiр таласы және өз айтыстарымен шұғылданған. “Менiң бiлетiнiм – еш нәрсе бiлмейтiнiм” – дейдi ол. Сократ этика саласында өнегелiктi ақиқат және даналықпен теңестiрдi. Тек ақылды адам ғана өнегелi, себебi ол iзгiлiктiң, жақсы мен жаманның не екенiн бiледi. Әсiресе Сократ үш iзгiлiктi бағалайды: сабырлылық – сабырлы адам құмарлықты қалай басуды бiледi; батылдық – батыл адам қиындықты қалай жеңудi бiледi; әдiлеттiлiк - әдiл адам адамдық пен құдайлық заңдарды қалай ұстауды бiледi. Сократтың ойынша даналық тек қана “мейiрбан адамдарға” ғана тән.
Платон (б.з.д. 428-347 жж). Ежелгі Грецияның ұлы ойшылы. Объективтiк идеализмнiң негiзiн қалаушы, әрi Сократтың шәкiртi.
Объективтiк идеализм бойынша болмыстың мазмұнын идеялар, рухани мәндер жасайды. Олар мәңгiлiк нәрселер, “сезiмдiк заттар” дүниесi дегенiмiз - идеялардың көмескi бейнелерi. Заттар мәңгi өмiр сүрмейдi, сағым сияқты жоғалып кетедi. Олар тек мәңгi өмiр сүретiн және өзгермейтiн ұғымдардың көлеңкесi ғана болады.
Платон философиясында таза ақыл ойдың пайдасы үшін сезімді жоққа шығару бар, алғашқысы тек парасатта қамтылады. Дүниенің бастауы – идея немесе эйдостар, олар заттардың бейнесі болып келеді. Платонның кезінде «идея» сөзі күнделікті тілде «сыртқы кейіпі, көрініс, сапа, бейне, түр» дегенді білдірді. Платон идеялары шын мәнісінде адамның басынан бөлініп шыққан және идеялар дүниесінде дербес өмір сүретін объективтендірілген ұғымдар. Әрбір заттың өзіндік нұсқасы (эталоны) бар, ол соған сәйкестелініп жасалады. Мысалы, үстел идеясы нақты үстелді тудырады. Бірақ затпенен оның бейнесі арасында принципті айырмашылығы бар. Нақты зат шектелген, ол идея (эйдос) – мәңгі бұзылмайды. Осындай нұсқа (эталон) ретінде этикалық принциптер-игілік, жақсылық, сұлулық және әділеттік болып саналады.
Сұлулық идеясы барлық заттарға сұлулықты береді, басқаша айтқанда ол ңұсқа (эталон) немесе гректер көп қолданатын парадигма.
Идея қай жерде орналасқан? Осыған байланысты үш негізгі жауаптың болуы мүмкін:
– идея физикалық заттарда бар;
– идея адам ақылының туындысы, яғни ол адам санасында орналасқан;
– идея заттарда да, адам ақылында да емес, үшінші бір дүниеде орналасқан деп, ол оны Гиперуранций (тура мағынасында аспанның арғы жағында) деп атайды.
Платонның ұлылығы: ол өз ілімін өткендегі философияның барлық материалына сүйеніп жасады. Платон осы дүниеде «бәрі ағады және өзгереді» деп, Гераклитпен келіседі, бірақ идея дүниесі өзгермейді. Платон өз әрекетін Сократтың: «адамды жақсы ететін – игілік» – деген сеніміне негіздеп отырды. Жеке адам игілігі ме, жоқ әлде ұлт, тап немесе идея ретіндегі игілік жоғарғы ма? Сократтың жалпы адамзаттық мәніндегі игілік туралы түсінігінен шығып, Платон игілік идеясы ең жоғарғы дәрежеде тұратын «идеялар әлемін» жасады. Осы тұрғыда Платон шын мәнісінде Сократ ілімін жалғастырушысы болды.
Гераклит пен Сократтан басқа, Демокриттің: «барлық зат ең кіші бөлінбейтін бөлшек – атомнан тұрады» – деген көзқарасын (Демокрит атомды «идея» сөзімен белгілеген), Пифагордың барлық зат негізінде сан жатыр деген, Анаксагордың гомеометрия «заттардың ұрықтары») туралы ілімдерін пайдаланып, ежелгі Грек философиясын терең әрі жан-жақты талдап біріктірді.
Платон Демокриттің өлшемі, тек ауырлығы бар және ақылда ғана берілетін идея-атом түсінігінің қайшылығын жойды. Ол идеяны сезімдік қасиеттерден арылтты, ал сезімдік дүниені, мәңгі қалыптасу жолында болғандықтан, шынайы болмысы жоқ деп мойындады.
Платонға «идеялар әлемінің» қажеті мынада: біріншіден, «бәрі ағады және бәрі өзгереді» яғни, дүниедегі заттарды тану мүмкіндігін негіздеу үшін; екіншіден, Сократтың барлық адамдар бір ойға келеді деген сенімін түсіндіру үшін – идеялар шын мәнісінде бәріміз үшін бірдей, яғни бір аймақта орналасқан, адамдар оларды содан алады; үшіншіден, оның ілімі сезімнен жоғарғы идеялдық, дүниеге көкейтесті талпынысымен (платоникалық махаббат) және шындықта мүмкіндігінше идеялдың толық бейнесін жасау ұмтылысымен сипатталады.
Платонның ойынша нағыз шын бiлiм – сезiмнен тыс мәңгiлiк идеялар әлемi туралы бiлiм. Оны табудың жолы – адамның мәңгiлiк жанының өлетiн денеге кiрмей тұрғандағы идеялар дүниесiндегi «Өмiрiн еске түсiруi». Жалпы ұғымдардың жаратылысын зерттей отырып, ол сезiм арқылы танып-бiлудiң, бақылаудың, тәжірибенiң рөлiн кемсiтуге тырысты, олар бiзге ақиқатты бере алмайды деп мәлiмдедi. Сонымен, танымның нақты процесi Платонда бұрмаланған түрде болып шықты. Бiрақ «идеялардың» бағыныштылық байланысын, бiр-бiрiне өтiп отыруын зерттеп ол диалектиканы, ғылыми теорияны дамытуға өте үлкен үлес қосты.
Платон болмыс деп – идеяны, ал материяны – биболмыс деп, диалектик ретiнде ешқандай абсолют қарама-қарсылықсыз толық болмайтынын көрсетеді. Сондықтан, болмыс биболмыспен толтырылады. Осылайша “идея әлемi” және “заттар әлемi” қарама-қарсы қойылады.
Платон “Тимей” диалогында ғарыш теориясын дамытты. Физикалық әлем немесе сезiммен қабылданатын ғарыш әлемi мынандай кестеде берiледi: үлгi (идеялар әлемі), көшiрме (физикалық әлем) және Жаратушы (Демиург). Ғарышты Демиург жасайды. Ол-үлгіге сәйкес көшірменің авторы. Демиург әлемдік жанды жасайды, ғарышқа тiршiлiктiң ерекше-нысанын бередi. Ғарыш құрылымында құдiреттi ақыл-ойды, әлемдiк жан мен әлемдiк дененi қамтитын тiрi, жарасымды дүние ретiнде көрiнедi.
Платон әлеуметтiк философия саласында мiнсiз мемлекет iлiмiмен белгiлi. Бұл мемлекетте азаматтарды үшке бөледi: билеушi философтар, жауынгер әскерлер және қолөнершiлер. Мемлекет дәрежесiнiң биiктiгi – оны данышпандар билегенде көрiнедi, әскерлер оны қорғайды, ал басқалары материалдық игiлiктi жасаумен шұғылдануы керек. Мемлекеттiң негiзiнде – әдiлдiк жатыр. Әдiлдiк дегенiмiз – әрбiр адамның заңды түрде өз мiндетiн тыңғылықты орындауы
Платон ашқан алғашқы философия мектебі мың жылдай өмір сүрді. Оны Академия деп атады. Оның негiзгi еңбектерi: “Мемлекет”, “Теэтет”, “Федон”, «Протогор», «Пир», «Софист», т. б.