Қазақстан республикасы мәдениет және спорт


ПЛЕНАРАЛЫҚ МӘЖІЛІС ТҮРКІСТАН - ҚАЗАҚСТАННЫҢ РУХАНИ ОРДАСЫ



бет3/42
Дата06.09.2024
өлшемі2,5 Mb.
#203888
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   42

ПЛЕНАРАЛЫҚ МӘЖІЛІС

ТҮРКІСТАН - ҚАЗАҚСТАННЫҢ РУХАНИ ОРДАСЫ


С.Н. Әлібек -т.ғ.д., профессор, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан
мемлекеттік университеті
«Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында Елбасы түркі халықтарының рухани көшбасшыларының бірі Қожа Ахмет Иассауидің Түркістан қаласында өмір сүріп, ілім таратқандығын айта келе, Ұлы Жібек жолының бойында жатқан рухани астанамызды түркі әлемінің төріне, қазақ өркениетінің темірқазығына айналдырудың маңыздылығын былайша тарқата түсіндіріп береді: «Қазақстан-күллі түркі халықтарының қасиеті Қара шаңырағы. «Түркі өркениеті: түп-тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобаны қолға алу керек. Сонымен қатар жаңа облыс орталығы ретінде Түркістанды дамыту барысында оның халықаралық аренадағы беделін жүйелі түрде арттыру қажет [1]. Шындығында да тарихи терең Түркістанның халқымыздың рухани орталығы ғана емес, ел аузында «Екінші Мекке» атанған түркі әлемі үшін киелі орын саналатыны да баршаға аян. Демек, Мемлекет басшысы тарапынын берілген киелі Түркістанды қайта жаңғыртуда оның ежелгі сәулет өнерін сақтап қалу, жаңа инвестиция тарту арқылы ішкі және сырқы туризмді дамыту, «Орталық Азия» халықаралық сауда аймағын құру, т.б. тапсырмалар қаланың қарыштап дамуына, өсіп - өркендеуіне тың серпін береді деуге толық негіз бар.
Алайда осы тұста Түркістанды түлету, оны облыс орталығына айналдыру идеясының бүгін ғана тумағанын да айта кеткен жөн. Бұл
«Адамның өз ұжданы алдында адал, шыншыл болуы – өзіне-өзі қасиетті болуынан, жүріс –тұрысы ізгі болуынан ғана туады» деп Әл-Фараби бабамыз айтқандай, бүкіл саналы ғұмырында «Түркі тектес түгел бол!»ұранын бойына сіңіріп, ұлттың жоғын түгендеумен, барын бағамдаумен өнегелі ғұмыр кешкен Өзбекәлі Жәнібековтың ұсынысы еді. Ол сонау 1991 жылы, тәуелсіздігіміздің елең-алаңында жарық көрген «Әзірет сұлтан»қорығы жөнінде» мақаласында бәзбір зерттеушілердің Түркістан мен Отырарды қазақтан қашықтатқысы келіп жүргеніне алаңдаушылық білдіре отырып:
Түркістан үшін қазақ халқының қаны көп төгілген, ол-оның ең қасиетті орны.Үш жүз жылға жақын уақыт қазақ хандарының тұрағы, астанасы болған. Онда халқымыздың асыл азаматтарының ең қалаулы ұлдарының сүйегі жатыр. Оны қастерлемеске болмайды.
Бәлкім, Түркістанда облыс орталығы құрылса жөн шығар. Бұл бұрын да айтылған мәселе» [2],-деген болатын. Расында да Жәнібековтың бұл жанайқайы мен ұлт руханиятының ордасын сақтау турасындағы ұнасымды ұсынысы тұп- тура 27 жылдан соң тарихи шындыққа айналып отыр. Оның
сол облыс басшысының мемлекет кұраушы ұлт өкілінен болуын арман етуі, әсіресе ұлттың тарихы мен мәдениетінен толық хабардар, тіл жанашыры болғанын жөн көретінін ашық жеткізуі «Әзірет Сұлтан» кесенесіндегі Ө.Жәнібеков мұражайының жайдан-жай ашылмағандығын айғақтайды. Өйткені Өзбекәлі дейтұғын өз ұлтын шексіз сүйген тұлғаның Түркістан атты бұл киелі топыраққа сіңірген еңбегі шексіз. Қайраткердің бұл аңсары да азаттық таңында толықтай жүзеге асты деп білеміз. Демек таяудағы жылдар Түркістанның өрлеу кезеңі болады десек, қателеспейтін шығармыз.
Жалпы «Түркістан» сөзінің өзі парсы тілінен тәржімалағанда «түркі елі» деген атауға сай келеді. Яғни, қай кезеңде болмасын «Тұтас Түркістан» идеясының аясында топтасқан ұлт зиялылары түркі біткеннің бас біріктіруін, іргелі елге айналғанын қалаған. «Түркі елі» идеясы да жаңа дәуір, жаңа тарихи кезеңдерге байланысты өзіне сай жаңғыру үдерістерін бастап өткеріп отырған. Белгілі ғалым М.Қойгелдиевке жүгінетін болсақ, мәселен, бұл рухани жаңғырудың мәдениет саласында оң жетістіктерге жетуінің басында (X- XI ғғ.) Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Иассауи, Махмуд Қашғари секілді өз дәуірінің ірі ой иелері тұрса, кеңестік кезеңде Түркістанда, яғни елімізде орнаған большевиктік биліктің отаршыл сипатын тап басып тани білген М.Шоқай бастаған Алаш қайраткерлері болатын [3].
Шындығында да түркі елінің рухани астанасы болған Түркістанның тарихы тың тереңде жатыр. Мәселен В.Бартольд Түркістан ұғымын ІХ ғасырда араб саяхатшылары енгізгенін айтса,Тараз, Құлан, Суяб, Барсхан секілді сауда жолында жатқан қалалар қатарына кіретін Яссыда ХV ғасырда Түркістан аталып, Қазақ хандығының бас ордасы ретінде өсіп-өркендей түсті. Ал Түркістанның Ахмед Иассауи кесенесі салынғалы бері шығыс мұсылмандарының рухани тірегіне айналып, оған тәу етушілер қатары мейлінше арта түскені де жасырын емес.Тіпті Бұқар хандарының да Түркістанға арнайы сапарлап келіп, зиярат етуі бұл орынның күллі мұсылман қауымы үшін қаншалықты қасиетті, қаншалықты маңызды болғандығын айғақтай түседі. Былайша айтқанда, өз заманында киелі Түркістан қаласы түркі халықтарының саяси ғана емес, рухани орталығына айналып, халқымыздың діни-рухани потенциалын көтеруге айтарлықтай септігін тигізді. Яғни академик М.Қозыбаевша айтқанда Түркістанның статусы Ахмед Иассауи мавзолейі арқылы ғасырдан-ғасырға өсіп, бұл кесене халқымыздың таңдаулы ұлдарының пантеонына ғана айналып қойған жоқ, шын мәнінде Тұран даласы бірлігінің ұйытқысы, түркі халықтарының қара шаңырағы бола білді[4].
Мұны ЮНЕСКО деңгейінде тойланған көне Түркістанның 1500 жылдығындағы ғылыми конференцияда сөйлеген сөзінде Елбасымыз Н.Назарбаев та нақтылап берген еді. Сондағы баяндамасында ол Түркістанның қазақ хандарының ақ киізге отырғызылып, Күлтөбе биігінде билікке келетін қасиетті мекені болғандығын, ұлт тұтастығын сақтауда тайсалып қалмаған әйгілі Тәуке ханның «Жеті жарғысының» да осында
жазылғанын мақтанышпен еске сала отырып, бүгінгі таңда сан ғасырлық сынақтан өткен көне Түркістанның өзіне тән сәулет өнерін сақтаудың өзектілігіне де тоқталуымен бірге 1861 жылы Ахмед Иассауи кесенесінің орыс отаршылдары тарапынан нысанаға алынып, зеңбірекпен атқыланғанын да айта кеткен болатын [5].
Ал Түркістандағы ең көне жәдігерлердің бірі – Тайқазанның ХIV ғасырда Қарнақ қаласында құйылғаны белгілі. Мұны біз Матвей Трошин мен Федор Скибиннің жазбаларынан да білеміз. Яғни, нақтырақ айтқанда, рухани астанамыз – Түркістандағы Тайқазан қарнақтық шебер Әбділ Әзиз Шарафутдин Тебризидің қолынан шыққан. Ол 1399 жылы 25 маусымда құйылған [6].
Жалпы салмағы 2 тоннаны, сыйымдылығы 3 мың литрды құрайтын 7 түрлі металл қоспасынан жасалған (темір, мырыш, қорғасын, қола, мыс, күміс, алтын) бұл көне жәдігер кеңестік кезеңде, 1935 жылы Санкт- Петербургтегі Эрмитажға «Иран өнері мен археологиясы» бойынша ІІІ халықаралық конгреске экспонат ретінде алынып, ұзақ жылдар бойы жат жерде қалып қойған болатын.Тек 1989 жылы 17 қыркүйекте ғана тарихи отанына, түркі әлемінің рухани бесігі – Түркістанға әкелініп, өзінің құтты орнын қайта тапты. Өйткені тайқазан жай ғана жәдігер емес, ол терең дәстүрден тамыр алған, исламдық мәнмен астасқан баға жетпес рухани мұрамыз саналады. Яғни, «отыз екі кентті Түкістанның» символы десек те артық айтқандық емес.
Ал сол Тәуке хан билік құрған дәуірде Түркістан төңірегінде 32 қала болған.Осы қалалардың бастысы болған, Қазақ хандығының астанасы саналған Түркістан шын мәнінде саяси жане діни орталық ретінде өзінің дәуірлеу кезеңін бастан өткергенін зерттеуші ғалымдар да бүгінде нақты дәлел-дәйектер арқылы растап отыр.
Сонымен қатар Түркістанды халқымыздың ұлы тұлғаларының пантеоны деуіміздің де өзіндік мәні бар. Өйткені Абылай, Есім, Жәңгір, Тәуке, Тұрсын, Қайып, Сәмеке, Жолбарыс секілді хандардың, Есіркеп, Күлен,Үсен, Шоң би секілді арыстарымыздың, кезінде сүйегі сонау Қарқаралыдан әкелінген үш жүзге мәшһүр Қазыбек бидің де осында қойылғаны белгілі.
Сан ғасырлардан бері сырын ішке бүгіп, тамыр-тарихы тереңде жатқан Түркістан күні бүгінге дейін біршама зерттеліп, алыс -жақын шет елдердің ғалымдарының да назарынан түспегені мәлім. Бұл тақырыпқа қалам тартқандар да аз болмаған. Солардың бірі ретінде 1929 жылы Ташкентте И.Райкованың басшылығымен баспа бетін көрген «Орта Азия географиялық қоғамының хабарларын» айтуға болады. Бұл басылымда Түркістан турасында да бірқатар мақалалар жарық көрген[7].
Қазақ хандығының басты ордасы ретінде тарихта қалған Түркістан 250-
300 жылдай астана ретінде танылып, XVIII ғасырдағы жоңғар шап- қыншылығы кезінде 25 жылдай жау қолында қалып қойды. Қаланың сан зобалаңды бастан кешіргенін тарихи құжаттар да айғақтайды. Мәселен,
алдымен Бұқар хандығына қараған қала, 1799 жылы Ташкент иелігіне өтіп, 1819 жылдан Қоқан ханы Омардың қол астында болған. Ал 1821 жылы Тентек төре қаланы қайтарып алу үшін күші басым қоқандықтарға қарсы күрес жүргізгенімен, жеңіліске ұшыраған.
Жалпы қаланы 1864 жылы орыс әскерлері өзіне қаратты. Бұл турасында белгілі академик Р.Бердібай «Тарихымызды таразыласақ» атты мақаласында былай дейді:
«...Орынбор қарауындағы әскерден алынған үлкен жасақты бастап полковник Николай Веревкин Перовск қаласынан 1864 жылы 22 мамырда Түркістанға беттейді.Оның қол астында 5 рота жаяу әскер, 200 атты казак- орыс, 10 зеңбірек, 5 мортир, 2 ракеталық станок болған. Патша қосынында 44 офицер және 1593 солдат бар еді...Сонымен 1864 жылдың 12 маусымы күні орыс әскерлері Түркістанды басып алды.Ұрыс кезінде Веревкин бұйрығымен атылған зеңбірек оқтарынан Қожа Ахмет Иассауи кесенесі едәуір зақым көрді.Арада бір ай өткенде Иқан түбіндегі ұрыста патша әскерінен 57 солдат шығын болып, 23-і ауыр жараланды» [8].
Ал бұл өңірдің руханияты турасында ой қозар болсақ, сопылық ілім IX-
XIII ғасырларда кең өріс ала бастады. Бұл ілімнің басында Қожа Ахмет Иассауидің тұрғаны белгілі.Оның пірі ретінде Арыстанбаб аталса, Қожа Ахметтің ілімін жалғастырушылардың бірі ретінде Арыстанбабтың баласы Мансұр бабаны айтуға болады. Бұл ілімнің қазақ даласына кең тарағаны соншалық, сопылық поэзияны уағыздаушы ақындар XX ғасырдың басында да болды.Тек патшалық Ресейдің отарлауынан кейін, әсіресе Кеңес үкіметі тұсында дінге қарсы атеистік саясат мейлінше күшейіп, дәстүрлі дініміз көп қысым көрді, молда-ишандар жаппай қуғындала бастады. Бұл өз кезегінде ұлттың рухани қуатының әлсіреп, сопылық жолының жойылуына алып келді. Дегенмен азаттықтың ақ таңында бүгінгі Түркістанның қайта өрлеу кезеңі басталып отырғаны зор мақтаныш. Себебі, «Түрік өркениетіне қарасты халықтар арасында ортақ мүдделестік бар. Ол ең алдымен мәдени, рухани сала. Ол ортақ дін, түрік менталитеті – діні, тілі, әдебиет, жазу проблемалары» [9],-деп М.Қозыбаев атап көрсеткендей, түркі әлемімен етене жақындықты, рухани үндестікті, берік ынтымақтастықты қамтамасыз етуде Түркістан қаласының атқарар рөлі зор. Елбасымыздың да бұл турасында
«Әрбір халық, әрбір тәуелсіз мемлекет өзінің рухани орталығын нақтылап алуы керек. Қазақстанның рухани орталығы—Түркістан» деп ақтарыла айтқаны бар. Демек, киелі Түркістанның күллі түркі жұртына ортақ өркениет ошағы ретінде өз тарихының жаңа беттерін жазатын сәті де туды. Тәуелсіз еліміздің, рухани жаңғыру жолына түскен жұртымыздың да басты рухани тірегі Түркістан болып қала бермек.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   42




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет