Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры
Құрметті конференцияға қатысушылар!
ІІ-ші «Туған өлкені зерттеу: оның маңызы және басым бағыттары» Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысып отырған ғалымдарға, тарихшы-өлкетанушыларға, мектеп ұстаздарына, барша тарихтың жанашырларына шын жүректен ыстық ықыласымды білдіремін.
Әлемді жайлаған пандемия салдарына қарамастан, қазіргі кезеңде игі дәстүрге айналған онлайн форматта ұйымдастырылып жатқан түрлі іс- шаралар еліміздің тарихи-мәдени құндылықтары зерделенетін, республикалық және өңірлік маңызды мәселелер, ұсыныстар сараланатын интеллектуалды сұхбат алаңына айналып үлгерді. Нәтижесінде салалық мамандар арасындағы кәсіби байланыстар да нығая түсуде.
Биыл 2020 жыл - әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл- Фарабидің 1150 жылдығы, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, сондай-ақ Ұлық Ұлыстың (Алтын Орданың) 750 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отырғанын білесіздер. Ұлық Ұлыстың елімізде екі ірі орталығы бар, оның бірі - Ұлытау болса, екіншісі - Сарайшық.
«Сарайшық» музей-қорығының туған өлкені зерттеу және оны ұйымдастыру жолдарын талқылау мақсатындағы бұл шарасы жұртшылықтың келешекке деген сенімін оятып, халқымыздың аса бай тарихын бүгінгі күн талабымен қайта жаңғыртып, үлгі-өнеге алатын ұлттық құндылығымызға айналарына сенім білдіремін.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің былтырғы қыркүйек айындағы халыққа Жолдауында Ұлық Ұлыстың 750 жылдығын біздің тарихымызға, мәдениетіміз бен табиғатымызға туристердің назарын аудару тұрғысынан атап өту керектігін атап өткен болатын.
Ұлық Ұлыс – көшпелілер мен отырықшылықты ұштастырған, түркілер арасында қалалық мәдениетті жоғары деңгейде өркендеткен мемлекет болды. Сол қалалардың бірегейі - Сарайшық – Ұлық Ұлыс хандары мен қазақтың әйгілі Қасым ханы билік құрып, мүрделері жатқан киелі топырақ. Бүгінде Сарайшықты көруге, зиярат етуге еліміз бен шетелдерден сан мыңдаған туристері келіп кетеді. Алдағы күндері Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен бұл жерде туристерге арналып Сапар орталығын салу қолға алынуда. Ұзақ уақыт көне қаланың топырағын шайған Жайық өзені жағалауын бекіту жұмыстары, Мәдениет және спорт министрлігі мен Атырау облысы әкімшілігінің бірлесе әрекет етуі арқасында
толық аяқталды. Ендігі жерде Сарайшыққа басты қауіп болған Жайық өзенінің өр суынан тарихи мұрамызға зиян келмейтін болды.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Ұлық Ұлыстың 750 жылдығы аясында Сарайшық қаласы цитаделін зерттеу, реконструкциялауды жоспарлап отыр. Ұлық Ұлыстың негізін қалаған Жошы ханның мазары орналасқан Ұлытау аймағында да жоспарланған бірқатар жұмыстар бар.
Бүгінгі конференция жұмысының нәтижесі тарихты зерделеуде жаңа серпілістерге жол ашатынынан үміт етемін. Бұл бас қосуға еліміздің әр аймағынан ғылыми ұйымдардың беделді өкілдерінің қатысуы қамтамасыз етілген. Әрбір баяндамашы халықтың тарихи санасын қалыптастыруға, мемлекет іргесін нығайтуға және елімізді әлемдік қауымдастыққа ықпалдастыруға елеулі үлес қоспақ.
Әйгілі Жібек жолы бойында, Батыс пен Шығыс өркениетін тоғыстырып, адамзаттық құндылықтарды қиюластырған Сарайшық жерінде онлайн форматта маңызды іс-шараның өтуіне ұйытқы болып отырған Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Сарайшық» музей-қорығы ұжымына алғысымды білдіремін.
Конференция жұмысына табыс тілеймін!