Қазақстан республикасы мәдениет және спорт


САРАЙШЫҚ МУЗЕЙ-ҚОРЫҒЫНДАҒЫ ЖӘДІГЕРЛЕР, ОЛАРДЫҢ МАҢЫЗЫ



бет7/42
Дата06.09.2024
өлшемі2,5 Mb.
#203888
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   42

САРАЙШЫҚ МУЗЕЙ-ҚОРЫҒЫНДАҒЫ ЖӘДІГЕРЛЕР, ОЛАРДЫҢ МАҢЫЗЫ


О.Қ. Сағынбаева - қор сақтаушы,
«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени
музей-қорығы РМҚК

Биыл құрылғанына 20 жыл толған «Сарайшық» мемлекеттік тарихи- мәдени музей қорығының жәдігерлер қоры 1996-2007 жылдары жүргізілген Ә.Марғұлан атындағы Қазақ археология институтының Батыс филиалының археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған жәдігерлерден


тұрады. Осы уақыт аралығында қала орнына жүргізілген жұмыстар нәтижесінде керамикадан, темірден, сүйектен, ағаштан, шыныдан, теріден жасалған көптеген бұйымдардың үлгілері шықты. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан ортағасырлық қала қызған сауда-саттықтың орталығы болғандығымен қатар дамыған қала және дала мәдениетінің, өркениетінің озық үлгісі бола білді.
Сан ғасырлық тарихы бар, «сыры кетсе де сыны кетпеген»сол жәдігерлер қазіргі таңда бізге жеткен құнды ақпарат, ұлттық қазынамыз. Тарихымызға тереңінен үңіліп, сайын даламыздың төрінде атойлатқан бөрі байрақты алып ордалардың асыл мұрасын зерттеп-зерделеу, олардың бүккен сырларын көпшілік қауымға паш ету біздің басты міндетіміз.
Ұлы Жібек жолы Сарайшықта қала мәдениетінің қалыптасуына зор ықпал етті. Қазбадан табылған керамикаларға назар салсақ, жергілікті қыш бұйымдары өндірісінің туындыларымен бірге керуен жолы арқылы алыс мемлекеттерден әкелінген сан алуан керамикалық бұйымдарды кездестіруге болады.
Сарайшық қазбасынан табылған үлкенді-кішілі құмыралардың ішінде 1909 жылы табылған үлкен хұм ерекшеленеді. Орал казак әскерінің атаманы, генерал Н.Дубасов Ресей Императорлық Археологиялық Қоғамының Шығыс бөлімшесіне осы ыдыстың сипаттамасы мен суретін жолдай отырып, оның Сарайшық бекінісінен табылғандығын, 24 дана сынықтан тұратындығын және ыдыстың бүйірінде араб-парсы тілінде жазылған жазу бар екенін көрсеткен [1].
Қазіргі таңда Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде тұрған бұл хұмның бүйіріне
«Адам көркі жүз, бұл жүз көркі көз Ауыз көркі тіл, бұл тіл көркі сөз.
Тағы көркі кісіге білім мен өнер,
Жанын құрбан етер білім үшін ер» деген ХІ ғасырдың философы, ақыны, ағартушысы Жүсіп Хас Хаджыб Баласағұнның«Құтадғу білік» дастанынан шумақ жазылған.
Ескі Сарайшықта жүргізілген қазба жұмыстары кезінде бояулы қыш бұйымдардың көптеген сынықтары табылды. Бедерленген, көк және жасыл бояумен боялып, мөлдір сырмен әрленген әсем ыдыстардың музейде тұрған сынықтарының өзі көздің жауын алады. Белгілі бір кәсіпорынның көптеп шығарып жатқан өнімі емес, әрқайсысына шебердің қолы тиген, дайын әдемі ыдысқа айналғанша қанша тер төгілген теңдесі жоқ әсем бұйымдар Сарайшыққа жан жақтан әкелініп қана қоймай, жергілікті жерде де дайындалған. Сырлы бұйымдарға негіз болған кашин балшығының ақ түсіне түрлі бояуларды қосу арқылы бізге тарих болып жеткен бұйымдар дайындалды. Бояулар Ұлы Жібек жолы керуендерімен Үндістаннан, Ираннан,Еуропадан жеткізілген. Сан ғасырға төтеп беріп, жер астында жүздеген жылдар жатса да өңін бермеген бояулардың қасиеті табиғилығында
болса керек. Себебі, көк бояуды Үндістанда өсетін бұршақтұқымдас индигофера өсімдігінен, қызыл түсті балшықтан алған.Қазба материалдарына назар салсақ, бұл бұйымдар тек бояуымен ерекшеленіп қоймайды, бұйымның маңызды бөлшектері бедерленген. Осы бедерлерді көк, жасыл бояулармен айқындап, ноқаттар салып, жалпылама төсегі болған сұр, қоңыр негізгі түсі шығарылған. Кейбір бұйымдарда құстың бейнесі, арабша жазулар кездеседі. Көптеген бұйымдар алтын түстес сырмен әрленген.

1950 жылы Сарайшықта қазба жұмысын жүргізген Ә.Марғұлан тапқан түбінде самұрық құс бейнеленген ыдыс сынығы әйгілі археолог атамыздың Сарайшықтың болашағынан мол үміт күткен арманының орындалуын ақиқатқа айналдырғандай. Сол аңыздағы самұрықтай өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп, Сарайшықтың тарихын зерттегіміз келсе әр жәдігеріне құлақ түрсек болғаны.
Қазба барысында қала дамуының жоғары деңгейде болғандығының дәлелі – суға арналған және жылу пештерінің қыштан жасалған құбырлары табылды. Сол кезеңдегі, яғни ХІІІ-ХІУ ғасырларда бір тұрғын бөлменің көлемі 5мх6м немесе 6,2мх6,8 м шамасында болған. Бөлме қабырғаларын бойлай шикі кірпіштен жалпақ сәкілер (суфалар) жүргізіліп, олардың үстіне кілемдер төселген. Сәкінің ішімен күйдірген кірпіштерден немесе қыш құбырлардан жылу өткізгіш – каан жасалған. Канның г-пішіндес, п-пішіндес болып келуі үй бөлмелерінің орналасуына қарай жүзеге асқан. Пешке жаққан отынның қызуы кан арқылы бөлмелерді жылытып тұрған. Қазіргі кезде үй жылытуға пайдаланып жүрген «жылы еден» жүйесінен айырмашылығы жоқ.

Ал суға арналған құбырлар қаланы сумен қамтамасыз етуге қолданылған күрделі жүйенің құрамдас бөлігі ғана. Өзен жағасында тұрғанмен егін шаруашылығына, қаланың сумен қажеттілігін өтеуге су шығару үшін түрлі суару жабдықтары қолданылды. Ғасырлар бойына бұл жабдықтар ең қарапайым түрінен күрделі жүйеге дейін дамыды. Оған қоғамның әлеуметтік-экономикалық жағдайының өзгеруі де әсер етті. Адам күші жұмсалып келген су тасу біртіндеп жылқы, түйе, есек, өгіз сияқты жануарлардың күшін пайдалану арқылы жүзеге асырылса, өзен жағасына орнатылған «конвейерлік» тәсіл-шығырмен су шығару бұл жүйенің дамуын көрсетті. Шығыр немесе «парсы доңғалағы» суармалы егін үшін таптырмас тәсіл болды. Шығырдың доңғалағы ені 5-7 см, қалыңдығы 2 см тақтайдан жасалған, оның ұзына бойына шығыр шөлмектері байланады. Қазба жұмыстары барысында табылған шығыр құмыралары сопақша келген бүйірі кең, түбі үшкір болып біткен ыдыстар. Шығыр доңғалағының диаметріне қарай ұлы(үлкен) шығыр, кіші шығыр аталған. Үлкен шығырларға 28-30 құмырадан, кіші шығырға 12-16 құмырадан байлаған. Ұлы шығырды атан түйелер, аттар айналдырса, кіші шығырды айналдыруға есектерді пайдаланған. Шығырмен шығарылған су әрі қарай арықтармен немесе құбырлармен керекті жеріне жеткізілген.
Сарайшық музей қорындағы көрермен қызығушылығын туғызатын тағы бір жәдігер –сынапкөзе (сфероконус). Тарихи жазбаларда сынапкөзеге сынап құйып сақтағандығы айтылады. Сынапты адамдар өте ертеден пайдаланған. Сынап табиғи қалпында, яғни тау жыныстарындағы сұйық тамшы күйінде табылған. Гректер мен римдіктер сынапты алтын тазартуға қолданған, ал алхимиктер сынапты барлық металдың басты бөлшегі деп қабылдаған. Музейдегі сынапкөзелер түр-түсі жағынан да әркелкі. Себебі табылған бұйымдардың бәрі бірдей жергілікті жерде жасалмаған, керуенмен басқа елдерден әкелінгендері де бар. Сынапкөзелердің жасалу техникасының да өзіндік ерекшеліктері бар, олар отқа төзімді ұсаққұмды балшықтан су өтпейтіндей тастай тығыз етіп, сапалы қыштан жасалады және температурасы өте жоғары пеште күйдіріледі [2].

Қазақ археологы Е.Ш.Ақымбек «Ортағасырлық Ақтөбе қаласынан табылған сынапкөзелер» мақаласында бұл конус тәріздес ыдыстың шығыс жазбалары бойынша «симаб-кузаче»(симаб-сынап, кузача-тар мойынды ыдыс) деп аталғанын, яғни қазақша сынапкөзе болатынын дәйектейді. Сынапкөзенің аузы тар, бүйірі жарты шар тәрізді, түбі сүйір болып жасалынуы оның сұйықтық сақтауға, оның төгілмеуіне, аузын тығындауға ыңғайластырған. Табылған сынапкөзелердің ешқайсысының тығыны болмауы оның ағаштан жасалғандығын дәлелдейді [3].
Музей жәдігерлерінің жиі кездесетіні бала бөлеуге пайдаланған бесіктің түбектері мен шүмектері. Жалпы ата-бабамыз бесікті қасиетті, құтты мүлік деп есептеген. Бесіктің құрылымы алып жүруге жеңіл, ықшам және берік. Ол баланың таза жатуына көмектеседі, өйткені арнайы қойылатын түбек пен шүмек баланың кіші дәретін жаймай, таза және ұзақ ұйықтауына септігін тигізеді. Бұл үй шаруашылығымен айналысып жүретін анаға қалай қолайлы болса, көшіп-қонып жүргенде, баланың өзінің де денінің сау болып өсуіне де тиімді. Аңызға сүйенсек, ең алғашқы бесік Жетісу мен Алтайдың бойын мекен еткен Айдархан бидің кезінде пайда болған. Айдархан бидің әкесі, төңірекке белгілі Мизам баба, қазақ даласына ағаш отырғызумен, орманды көбейтумен айналысса керек. Елге сыйлы Мизам баба 150 жыл өмір сүріпті. Өзі сүрген ғұмырында еккен көшет-талдардан үлкен бау-бақшалар өсіп шығыпты.
Мизам бабаның о дүниеге сапар шеккенінен хабардар қытайлар, бақилық бабаның еңбегін көреалмаушылықпен өртеп жіберіпті. Сол уақытта Мизам бабаның баласы, Айдархан би, алыс ауылға сапар шегіп кеткен екен. Би түсінде әкесін көреді, лезде бір сұмдықтың болғанын сезген ол, үйге қарай аттың басын бұрады. Ауылға асығыс жетіп, ну орманның орнында шөл далаға айналған ауылын көріп қатты қапаланады… Бірақ жылдар өте береді… Айдархан би үйленіп, ең тұңғышы туылады. Бірақ
туыла сап, сәби тоқтамай жылай береді. Оған шартарапқа аты шыққан емшілер де көмектесе алмайды. Бір күні бала жылауын тоқтатады. Әкесі қуанып кетіп, жүгіріп үйге кірсе, оны ақ шапан киген бір қария өрттен аман қалған сынық бұтақтарға жатқызып, сәбиді тербетіп отырады. Айдархан би жақын келгенде, ақсақал ғайып болады. Оның орнында қалған ағаш бұтағымен Айдархан, қазіргі «бесік» деп айтылып жүрген бұйымды жасайды.Осылайша, «бесік» қазақ халқының ажырамастай мұрасына айналады.
Төле би бабамыздың заманынан қалған мына әңгіме де бесіктің қасиетін ашқандай: Жоңғарлар шапқыншылығынан тоз-тоз болған ел таулы жаққа қарай босып, көшіп келе жатқанда, екіқабат жас келіншек бос бесікті арқалап бара жатқан көрінеді. Сонда Төле бимен қатар келе жатқан кісі:
«Мына бейшараның көрпе-жастығын тастап, бос бесікті арқалап келе жатқаны-ай», — дегенде, Төле би: «Баланың бесігі – кең дүниенің есігі ғой»,
— деген екен.[4].
Қазіргі таңда қорында төрт мыңнан астам жәдігері бар Сарайшық музей қорығының аздаған ғана жәдігерлеріне тоқталып, оларды сөйлетуге тырысқанымыз. Қорда тұрған қыш құмыраның, саз балшықтан жасалған әрбір бұйымның айтар сыры бар. Себебі саз балшық жады мықты, тілін тапса сөйлей жөнелетін тірі организм. Ол ғылыми тұрғыда дәлелденген. «Құмы- ралар сөйлейді. Олардың әрбірі өз дәуірі туралы, сол замандағы адамдардың тіршілігі жөнінде сыр шертеді.
Ғалымдар алғашқы қауымда жасалған, сондай-ақ орта ғасырда және менің қолыммен істелген құмыраны қатар қойып, үшеуін де заманауи дыбыс жазушы құрылғылармен тыңдаған. Сонда алғашқы қауым кезінде жасалған құмырадан үңгірлерде күбірлеп сөйлеген адамдардың үндері есітілген. Ал орта ғасыр құмыраларынан ұрыс даласында қақтығысқан қылыштар мен найзалардың және ұрандап жауға шапқан жауынгерлердің дауысы шыққан. ХХІ ғасырдағы менің туындыларымнан техниканың, зулаған көліктер мен ғарыш кемелерінің дыбысы білінеді», дейді Ерболат Кендебайұлы Қарабдалов, дәстүрлі құмырашы[5].
Саз балшықтың қасиеті мұнымен ғана шектелмейді. Ол сан мыңдаған жылдар сыр-сипаты мен сымбатын сол қалпында сақтаумен бірге, отқа да өте төзімді. Мәселен, қас-қағымда сан мың шақырым қашықтыққа заулайтын зымырандар моторы саз балшық керамикасынан құйылатынын біреу білсе, біреу білмес. Себебі, мыңдаған градус ыстық шығаратын ғарыш кемесінің моторында жанған отқа ешқандай темір заты төтеп бере алмай, балқып кететін көрінеді. Ал, керамика, керісінше оттың қызуы күшейген сайын қатая түсетіні мәлім.
Ендеше, көне қаланың қазбасынан шыққан әрбір қыш құмыраның сынығын өткен тарихымызды келешекке жеткізетін ақпараттық жады деп қарағанымыз абзал.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   42




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет