Археологические и этнографические работы Хорезмской экспедиции 1949- 1953. под. ред. С.Толстова. Москва. 1958. -810 б.
Орталық Қазақстанның археологиялық мұрасы: зерттеу және қорғау.
«Беғазы-Тасмола» тарих және археология ғылыми-зерттеу орталығы. Алматы. 2017. -252 б.
Отчет о работе Западно-Казахстанской экспедиции в Атырауской и Манкыстауской областях в 1996 году. З.Самашев. Алматы. 1997. -438 б.
ОРТАҒАСЫРЛЫҚ САРАЙШЫҚ ЗЕРТТЕУШІСІ – В.К. АФАНАСЬЕВ
Б.Абдешев - аға ғылыми қызметкер,ф.ғ.к.
Ж.Р.Байғалиев- археолог,
«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы
РМҚК
Тарих ғылымында тарихи сана ұғымының мән-мағынасы ерекше, ұлттың сана-сезімін, тарихи жадын қалыптастыратын тәрбие құралы – сол халықтың төл тарихы екендігі анық. Ұлттық құндылықтың негізі тарихи мұрамыздан басталып және жүзеге асырудың басты құралы – өзіміздің тарихымызды, мәдениетімізді білу болып табылады. Осы орайда өлке тарихын зерттеп жас ұрпаққа мол рухани мұраны мирас етіп қалдырған өлкетанушы, тарихшы ғалымдардың қосқал үлесі ұшан-теңіз. Мақаламыз жергілікті өлкетанушы, Вячеслав Константинович Афанасьев жөнінде болмақ.
Өлкетанушы Вячеслав Константинович 1940 жылдың қыркүйек айының екінші жұлдызында Гурьев (қазіргі Атырау) қаласында дүниеге келген. Атырау қаласындағы №12 бастауыш мектепте, Куйбышев атындағы және Абай атындағы мектептерде білім алды. В.К.Афанасьев өз өмірбаянында оқушы кезінен мектеп күзетшісі, орыс-жапон соғысының ардагері Василий Нижутиннің әңгімелерін зейін қойып тыңдағанын айтады. Мектеп кезінен бастап қариялардан соғыс, саяхат және батырлық, қаһармандық секілді тарихи әңгімелер өлкетанушыға үлкен әсер етіп және де болашағын қызыққа толы тарих ғылымымен байланыстырғысы келді. 1959 жылы А.С. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтына тарих мамандығына оқуға түседі. Кейіпкеріміз 1964 жылы аталған білім ордасынан тарих пәнінің мұғалімі дипломын алып, теңіздей толқыған өмірге қадам басты. 1960 жылы Гурьев облыстық білім басқармасы Вячеслав
Константиновичтің өлкетану және туристік-экскурсиялық бағытына қызығушылығын ескеріп, оқушылардың экскурсиялық-туристік станциясына жұмысқа шақырды. Алдымен үйірме жетекшісі, әдіскер қызметтерін атқарды, 1976 жылы аталған станцияның директоры, облыстық білім басқармасы кеңесінің мүшесі болып сайланды.
В.К. Афанасьев - ұстаз, өлкетанушы, зерттеуші ретінде жарты ғасырдан астам уақытты өзінің туған өлкесінің тарихын зерттеуге, жастарға тәлім-тәрбие беру ісіне арнады. Еңбек жолында түрлі марапаттарға да ие болды. Мысалы, 1960 жылдар басында «туризм нұсқаушысы» атағын алса, 1964 жылы Қазақ ССР Ағарту Министрлігінің «Қазақ ССР Ағарту ісінің үздігі» белгісімен марапатталған, 1967 жылы Қазақ ССР республикалық Туризм кеңесінің мүшесі, 1968 жылы велотуризм бойынша «КСРО спорт шеберіне үміткер» атанды.
Өлкетанушы ортағасырлық Сарайшық қаласы тарихына байланысты көптеген қазба жұмыстарына қатысып, зерттеу жұмыстарын жүргізді. В.К. Афанасьев Сарайшықты көру үшін алғашқы сапарын 9 сыныпта ұйымдастырған болатын. Бір топ бала жиналып, ұзақ жолға қажет болар деп ойлаған нәрселерді алып жорыққа шықты. Атыраудан 50 шақырым қашықтықта орналасқан ежелгі Сарайшық қаласы орнына жасалған алғашқы экспедициясы еді [1].
Вячеслав Константинович туристік-өлкетану жұмысы бойынша бірнеше әдістемелік құралдар шығарды, олардың қатарына: «Оқушылармен туристік-экскурсиялық жұмыс бойынша жетекші материалдар», «Мектеп мұражайы туралы ереже», «Жас өлкетанушылар - ғылымда»жатқызуға болады. Сарайшық және өзге де археологиялық кешендер туралы өлкетанушының облыстық «Коммунистік еңбек» газетіне бірнеше мақалалары жарық көрді. Атап айтсақ: «Жорық әңгімесі таусылмайды» (20 қыркүйек, 1975 ж), «Сарайшықта мұражай болады» (20 ақпан, 1976 ж),
«Жылдар шежіресіне үңіліп» (9 сәуір, 1976), «Ашық кездесу» (13 қаңтар, 1977 ж) «Алғашқы қазба жемісі» (6 тамыз, 1977 ж), «Тарих астарына үңіліп» (26 мамыр, 1979 ж), т.б.
Облыстық балалар экскурсиясы мен туризм станциясы оқушылардың өлкеміздегі тарихи орындарға жорықтар жасауына әрдайым жағдай жасайтын. Қолдаулардың арқасында көне Сарайшық қаласы тарихымен танысып, 1920-жылдары Серов бандылармен ұрыста қаза тапқан қызыл әскерлер А.Л. Егоров пен К.С. Толстовтың зиратына гүл шоқтарын қойған [2]. «Жылдар шежіресіне үңіліп» атты мақаласында жас туристерді Сарайшық орта мектебінің мұғалімі Мұстажап Намазғалиевпен таныстырып, ұстаздың Атырау өңірі жайлы көптеген деректер жинастырып, іздену-зерттеу ісімен айналысуын жоғары бағалайды. Мақаласында оқушылардың Сарайшық қирандыларынан тапқан жәдігерлері туралы мынадай деректер береді: «Бірде оқушы Б. Қожиев сыйымдылығы 50 литр болатын бүтін құмыра тапқаны жайлы ұстазына жақсы хабар жеткізсе, С. Мұхамбетов деген
оқушы жазғы демалыс кезінде, ішінде жартылай күйіп жерленген адам сүйегінің қалдықтары бар, қыш ыдыс – оссуарийді тапқан, басқа оқушы балалардың көптеген металл тиындар мен тұрмыстық бұйымдар, сырлы қыш ыдыстар сынықтарын тапқаны жөнінде айтады» [3]. 1979 жылы Сарайшыққа жасаған кезекті сапары барысында жас туристер ХІІІ – ХІV ғасырға жататын 6 күміс ақша, қола айна сынығын, т.б. көптеген керамикалық ыдыстардың сынықтарын тапқан [4]. «Алғашқы қазба жұмысы» атты мақаласынан Гурьев педагогикалық институтының тарих факультеті студенттері мен Атырау қаласы мектептерінің жас өлкетанушылары Сарайшыққа археологиялық практикаға келгенін байқауымызға болады. Бірнеше күн бойы жүргізген жұмыстардың нәтижесінде жас археологтар XIV-XV ғасырға жататын бірнеше қыш құмыралар және Жошы тиындарын тауып алғандығы туралы жазылған [5].
Өткен ғасырдың 60-жылдарының басында ол XIII - XVI ғасырлардан бастау алатын ежелгі қоныс Сарайшыққа үнемі саяхаттауға тырысқан. 70- жылдардың аяғынан КСРО ыдырағанға дейін Мәскеу мен Алматы ғалымдарының қатысуымен Сарайшық пен Ақтөбе-Лаэтиде ара-тұра археологиялық зерттеулер жүргізіле бастады. Қазіргі уақытта Афанасьевтің Сарайшықтан, Ақтөбе-Лаэтидан, сондай-ақ Батыс Қазақстанның басқа да жерлерінен табылған бірегей жәдігерлері облыстық музейлердің экспозициясынан орын алған. 1970-жылдардың басында біздің облыста Лев Галкиннің басшылығымен КСРО Ғылым Академиясының Археология институтының Еділ-Орал археологиялық экспедициясы жұмыс істей бастады, экспедицияға В.К. Афанасьев та белсенді қатысады. КСРО ҒА басылымы «Археологические открытие» журналына шыққан мақаласында Л.Л. Галкинмен бірге осы экспедиция жұмысының нәтижелері туралы жазды. 1989 жылдан бастап Вячеслав Константинович Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясының (З. Самашевтың басшылығымен) жұмысына белсенді көмек көрсетіп, Гурьев жасағына жетекшілік етті. 1991 жылы ортағасырлық Ақтөбе-Лаэти қалашығында қазба жұмыстарын жүргізді. Аталған жылы облыстық кәсіподақ жанындағы туристік клубтың жабылуына байланысты «Мирас» деп аталатын жаңа туристік клуб құрды. Өзі қатысқан археологиялық қазба жұмыстары кезінде Сарайшық пен Ақтөбе-Лаэтиден қызыл балшықты, сырлы керамикалық бұйымдар, аң аулау және еңбек құралдары секілді жәдігерлерді тапқан [6].
Ә.Марғұлан атындағы Археология институты қорында В.К. Афанасьевтің Сарайшық қаласында жүргізген археологиялық жұмыстарының «Подъемные материалы с городище Сарайчик (XI-XVI)» атты ғылыми есебінде 1958-1976 жылдары ортағасырлық қаланың мәдени қабаттары құландысынан жиналған керамикалық бұйымдарға сипаттама береді. Аталған ыдыстар мен керамика параметрлерінің шартты белгілері В.Ф.Генингтің «Археологиялық қазба жұмыстарынан керамиканы
статистикалық өңдеу бағдарламасы» атты еңбегі бойынша сұрыпталғанын келтіреді [7].
Вячеслав Афанасьевтің тәлімгерлігімен мыңдаған ұл-қыз өлкетанушылық және туризм сабақтарынан өтті. Өз туып-өскен жерінің патриот азаматы ретінде өлке тарихының құндылықтарын сақтап, жас ұрпаққа оқытып, көптеген шәкірттер тәрбиелеп, олардың өмірде өз жолын тауып кетуі үшін жағдай жасаған. Нәтижесінде олардан ынталы тәрбиешілер, туристік топтардың жетекшілері, туризм нұсқаушылары, талантты мұғалімдер қалыптасты.В.К. Афанасьевтің өлке тарихының зерттелуіне қосқан үлесі, жазған еңбектері тарихқа қызығатын өскелең жас ұрпаққа тың дерек болып табылады. Өлке тарихын зерттеуге өз үлесін қосқан тұлғаларымыздың өмір жолы мен қызметін дәріптеу, оны әрі қарай жалғастыру біздің парызымыз.