Қазақстан республикасы мәдениет және спорт


САРАЙШЫҚ ҚАЛАШЫҒЫНЫҢ ТАРИХЫ: ҚАЗАН ТӨҢКЕРІСІНЕ ДЕЙІНГІ ОРЫС ДЕРЕККӨЗДЕРІНДЕ



бет13/42
Дата06.09.2024
өлшемі2,5 Mb.
#203888
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   42

САРАЙШЫҚ ҚАЛАШЫҒЫНЫҢ ТАРИХЫ: ҚАЗАН ТӨҢКЕРІСІНЕ ДЕЙІНГІ ОРЫС ДЕРЕККӨЗДЕРІНДЕ

(XVIII-XX ғғ.)


Н.Т.Нұғманова - кіші ғылыми қызметкер,
«Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени
музей-қорығы» РМҚК
XVIII ғасырдың басында Ресей империясының Орта Азияға жасаған саяси-әскери жорықтары нәтижесінде Сарайшық қирандысы туралы алғашқы деректер орыс ғалымдарына жетті. Сарайшық қалашығының құландысы жөнінде тұңғыш дерек Иоанн Густав Гербердің (Гарбер) 1732 жылы Хиуаға жасаған сапары барысында жазылды. Гербер 1732 жылдың 19 ақпанында Сарайшықта болып, қаланың күйдірілген қызыл және ақ кірпіштерден тұратын үйіндісін көреді. Сондай-ақ, ол қаланың орналасқан жері қара
топырақты болғандықтан, оның айналасындағы егістік алқап пен су жүретін арықтардың көп екендігін атап өтеді [1].
XVIII ғасырдың екінші ширегінен бастап Сарайшық туралы мәліметтер монографиялық еңбектерден көрініс табады. Солардың бірі П.Рычковтың 2- бөлімнен тұратын «Орынбор топографиясы» жинағы. П.Рычков Сарайшықты Ұлы қаланың белгісі деп, сол кездің өзінде шатырлары, яғни, мазарлар тұрғандығын, олардан қабір мен сүйектердің шығып жатқанына қарап, бұл жерде атақты адамдардың зираты болған деп топшылайды. Сондай-ақ, Гурьев қаласын тұрғызу барысында Сарайшықтан қызыл кірпіштер тасылғанын және «қазірдің өзінде жергілікті казактар үйдің пешіне т.б. құрылыстарға қажетті кірпіштерді аталған зираттан қазып алады»- деп жазды [2].
П.Рычковтың еңбегі жарыққа шыққан соң көп кешікпей (7 жылдан соң) қалаға П.С.Паллас бастаған академиялық экспедиция ат басын бұрады. Осы тұста П.Палластың батыс қазақтары жөнінде XVIII ғасырдың ІІ-жартысында құнды этнографиялық дерек қалдырған бірден-бір ғалым екендігін айта кеткен жөн. Сонымен қатар, оның еңбегінен Атырау өңіріне қатысты құнды географиялық және тарихи-археологиялық деректерді де кездестіруге болады. Паллас еңбегінің ерекшелігі сол - ол өзінің сапарында болған жерлерін уақытымен көрсетіп отырған. Ол 1769 жылдың 22-тамызында Сарайшық қалашығының қирандысын өз көзімен көріп, төмендегідей деректер келтіреді: «...(қалашықтың) дуалы мен оры әлі де көрінеді, қоршауының көлемі 5 верстке дейін жетеді. Ол қазіргі форпостан бір жарым верст төмен маңда, қырдан Жайыққа қарай жәймен ағып жатқан далалық Сарайшық өзеншігінің бұрышынан басталып, одан әрі осы өзеншікпен жоғары қарай жалғаса отырып, соңында форпосты қисая (бұрыла) айналып, Жайықтың жанында аяқталады. Осы жердің (қалашықтың) ортасында жүргізілген құрғақ ор, су жинақтау үшін арнайы жасалған болуы мүмкін. Дуалдың ішінде тас құрылыстардың ірге тасы мен үйінділері бар, соған қарап қалада ақсүйектердің (атақты адамдардың) үйлері болған деп қорытындылауға болады. Құрылысқа қолданған кірпіштер мықты және ұзаққа төзімді етіп жасалған. ...Қазір осы жерде сары, ақ, көгілдір түспен боялған қымбат бағалы ыдыстардың сынықтары табылуда. Қалашықтың жері өте тұзды және ылғал болғандықтан темірден жасалған заттардың барлығын тот басқан, сондықтан оларды тану қиын. Дуалдан табылған мыс және күміс кішкене тиындар да осындай жағдайда. Мұнда кірпіштен салынған бейіттер
өте көп, олардан кейде айтуға тұрарлықтай заттар табылуда» [3].
1770 жылдың шілде айында Еділ мен Жайық өзендері аралығын Палластың замандасы И.П.Фальк те зерттейді. Оның экспедициясы ХІХ ғ. деректерде «Фальктің Орынбор экспедициясы» деп аталды. Фальктің жазбаларында Гурьев қаласы, Бақсай, Кулагин, Индер және Сарайшық бекінісі туралы мәлімет келтіріледі және ол өзі көрмесе де, соңғысының
жанында Орал казактары талқандаған Сарайшық қаласының құландысы әлі де көрінеді деп жазды [4].
Сарайшық қирандысын 1824 жылы өз көзімен көріп, құнды дерек қалдырған келесі ғалым А.Левшин болды. Ол қалашықтың зерттелу мәселесіне тоқталып, бірқатар ортағасырлық деректерге талдау жасайды. Дегенмен, оның салынуы жөнінде жазбаша деректерді таппаса да, ол жөнінде Қазан мен Орынбор татарларының ауызында қалған аңызды есіне алады. Оған сәйкес Сарайшық Сарайға ұқсап салынған және онда хандар тек жаз айларында, яғни, 3-4 ай ғана мекендеген. Ол үлкен Сарайдан кіші болғандықтан, оның атауы Кіші сарай деген мағынаны білдіреді деп тұжырымдайды. Одан әрі А.Левшин қалашық жөнінде былай дейді."Көне Сарайшық қалашығының қалдығы топырақ үйіндісі немесе кішкене бекініс түрінде көрінеді. Оның басты кіре берісі 2 үшбұрышты бастионмен (бекініс) қорғалған. Бұл бекініс цитаделдерден құралып, оның сырты өзге сыртқы дуалмен қоршалған".
Ол әрі қарай, қалашықтың сол кезеңдегі сақталуы мен жай-күйіне тоқталады. Гурьев қалашығы мен жергілікті казактардың үй салу үшін кірпіш және өзге де құнды заттар табу мақсатында қазған шұңқырлары мен топырақ үйінділерінен, қалашықтың бұрынғы бекіністік қалпын анық айырып көру мүмкін еместігін атап өтеді.А.Левшин қалашықтың қирандысында екі күн жүріп, одан музейлік құндылық болатын заттар мен бұйымдар іздеп, тиындар табады. А.Левшин жазбасының соңында Сарайшық қирандысының қазақтар мен татарлар үшін маңызды екендігін атап өтіп, олардың бекініс тәрізді үлкен төбедегі әулие адамның басына сиынып, құрбан шалатындығын да атап өтеді [5].
1825-1826 жылдары полковник Ф.Ф.Берг бастаған топ Каспий мен Арал теңізінің аралығына зерттеу жұмысын ұйымдастырды. Экспедиция 1825 жылдың 15 желтоқсанында Сарайшық қамалынан шығып, оған 1826 жылдың 5 наурызында қайтып оралды. Сапардың негізгі мақсаты әскери- саяси бағытта болды. Себебі, олар Сарайшықтан Хиуаға баратын жолды түгелдей физикалық-географиялық жағынан сипаттап картаға түсірді. Осындай картаның бірі Сарайшыққа арналды [6].
А.Левшиннен кейін Сарайшыққа 1861 жылы Орал әскерінің сызба бөлімінің меңгерушісі штабс-капитан А.Е.Алексеев зерттеу жұмысын жүргізеді. Ол қалашықтың топографиясын зерттеп, оның көлемін айнала үйілген дуалымен өлшейді.Оған сәйкес қалашықтың ұзындығы 1 верст 100 сажен, ені 1 верст 50 сажен, айнала қоршаған дуалды есептегенде барлығы 3 верст 350 саженді көрсеткен. Қалашықтың ортасындағы төбе болып үйіліп жатқан цитадельдің көлемін де өлшейді, оның ұзындығы 200, ені 100 сажен болған. А.Алексеев қаланың шетінде орналасқан қорымның бір бөлігі ағаш шарбақпен қоршалғандығын көреді. Оны Бөкей Ордасының соңғы ханы Жәңгірдің тапсырмасымен 1846 жылы татар саудагерлері жасаған дейді.
А.Алексеев қазба жұмысына Жайықтың сол жағалауынан 20 қазақты жалдап, нәтижесінде қалашық қирандысынан бірқатар құнды бұйымдар табады. Ең бастысы цитадельдің қирандысындағы бір лақыпта (сағана) «хан моласының» бар екендігін айтып, оның іші киіз үйге ұқсас екендігін және оның бір есігі мен 3 терезесі және онда 2 үлкен, 4 кіші қабір үйіндісі бар екендігін атап өтеді. А.Е.Алексеев жоғарыда айтылған қоршаудың ішінен әулие саналатын бір мола бар екендігін және оған қазақтар келіп аурудан жазылу үшін түнейтіндігін жазады. Алайда, жергілікті казактардың Сарайшықтың құландысына ескіліктің көзі ретінде көңіл бөлмейтіндігін айтып, селоның Сарайшық және оның қасындағы өзеннің Сарачинко аталатындығына қарамастан қаланы «Можар» деп айтатындығын атап өтеді [7].
А.Е.Алексеев өзінің жазбасында жергілікті халықтан естіген қоныстардың құландысы туралы мәліметтер келтіреді. Соның бірі, Сарайшықтан батысқа қарай 20 верст қашықтықтағы Солянка өзенінің бойындағы қамалы жоқ қоныс құландысы бар екендігін атап өтеді. Ол жерде мұнара құландысының ізі мен Сарайль-Джадитке (Сарайшыққа) ұқсас кірпіштер, ыдыс сынықтары және тиындар табылған. А.Е.Алексеев өзі көрмесе де, Сарайшықтан 14 верст оңтүстікке қарай орналасқан Қарабау көлі маңында Темір атты қалашықтың бар екендігін жазады [8]. Өкінішке орай, бұл айтылған қоныстар зерттеуші ғалымдарға әлі де белгісіз күйде қалып отыр.
Жайық казактарының Сарайшық құландысын «Можар» немесе
«Маджар» атағандығын және одан құнды көмбелер табылғандығы жөніндегі деректі гурьевтік И.Железновтің де еңбегінен көруге болады. Оның жазуы бойынша Жайық бойындағы ақша және т.б. құнды заттар табылған көмбелердің басым бөлігі Сарайшық маңынан табылып отырған. XVIII ғасырдың соңы мен ХІХ басында Сарайшық қамалында Захар Матыгин деген казак өмір сүрген. Ол мас болғанда өзінің байлығымен мақтанғаны соншалықты, Сарайшық пен Жаманқала (Махамбет) аралығына, яғни 20 шақырымнан астам қашықтықтағы жолды қызыл және ақ қағазды ақшалармен төсей алатындығын айтқан. Әрине, онымен ешкім ешқашанда бәстеспеген. Бірақ, жергілікті халық ауызында Матыгиннің Сарайшық маңындағы «мажардан», яғни, қала үйіндісінен бір қайыққа толатын алтын және күміс тиындар тауып алып, содан байыған деген аңыз бар екен. Алайда, И.Железнов бұл қауесетке сене қоймайды. Оның ойынша З.Матыгин қазақтардың малын арзанға сатып алып, Ресейге апарып қымбатқа сатудан байыған [9]. Қалай десекте аңыз түбінде шындықтың бар екендігін ескерсек және Сарайшық секілді үлкен сауда жолының бойында орналасқан қалашықтың жұртынан алтын мен күмістен тұратын көмбелердің кездесетіндігін ешкімде жоққа шығара қоймас.
ХХ ғасырдың бас кезінде Сарайшық жөнінде мәліметті Орынбор ғылыми мұрағат комиссиясына Торғай партиясының агрономы Б.Скалов
хабарлайды. Ол 1904 жылы қалашық құландысында болып, оның кішкене төбешіктер мен дуалдан құралғанын және ол жерден казактар жаппай күйдірілген кірпіштер іздеумен айналысатындығын жазды. Осындай қазбалар барысында бірқатар археологиялық олжалар табылғандығын айта кетіп, мысал ретінде бір казактың үйінде құмыра сақтаулы екендігін хабарлайды. Б.Скалов сөзінің соңында жергілікті шіркеу қызметкері А.Лоскутовтың көне бұйымдарды жинаумен айналысатындығын және оның қалашық қирандысын тонаушылықтан құтқару ісіне пайдасы болар деген ой айтады [10].
1905 жылы Орынбор ғылыми мұрағат комиссиясының Сарайшықтың жағдайы жөнінде сұранысына жоғарыда жазылған Покровский шіркеуінің қызметкері Александр Лоскутовтен жауап хат келеді. А.Лоскутов қалашықтың қирандысын сипаттай отырып, оның көлемінің тік төрт бұрышты және қамалы болғандығы туралы жазады. Қалашықтың ортасында үйіліп жатқан күйдірілген кірпішке қарап, ол жерде үлкен құрылыстар болған деп топшылайды. Сондай-ақ, ол, А.Левшин мен Е.Алексеев жазғандай қаланың орталық бөлігінде орналасқан «Кремльді» де, яғни, су жинайтын арықтың орынын да көреді.
Ол осы жерде жергілікті қарт казак Мохначевтің мәліметін келтіреді. Соңғысының айтуы бойынша оның атасы «Кремльдің» оңтүстік бөлігінде күйдірілген кірпіштен мұнара болғандығын өз көзімен көрген, бірақ кейін ол мұнара жойылған. Казактардың айтуы бойынша 30-40 жыл (яғни, 1905 ж.) бұрын қалашықтың тас қамалы да болған. А.Лоскутов қаланың сол кездегі жағдайын суреттей келіп, оның аумағының жартысына жаңадан үйлер мен 3 (1 мұсылмандық және 2 христяндық) қорым бой көтергендігін және ол жерде қабір қазу барысында адам сүйектері мен өзге де қыштан жасалған бұйымдар табылып отырғандығын мәлімдейді [11].




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   42




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет