7.5 Әлкей Марғұлан (1904 -1985 жж.) Әлкей Хақанұлы Марғұлан (1904-1985) — Қазақстан археология мектебінің негізін салушы, ғылымның көптеген салалары бойынша көрнекті қайраткер. Филология ғылымдарының докторы, Бүкілодақтық География қоғамының толық мүшесі, Қазақ ССР ҒА академигі, профессор, Казақ ССР ғылымының еңбек сіңірген қызметкері.
1904 ж. мамырдың 11 қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданында дүниеге келді. Əкесі Хақан – атақты Олжабай батырдың тікелей ұрпағы.
Əлкейдің əкесі Хақан мен шешесі Нұрила көптеген халық ертегілері мен аңыздарын білген, үйде халық əндері мен Абай əуендері жиі шырқалатын. Əлкей бес жасында оқып, жаза білуді үйренді, бала кезінде «Қобыланды», «Алпамыс», «Көрұғлы», «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» дастандарын жатқа білген. Хақанның шаңырағында белгілі ақын, ғалым Мəшһүр-Жүсіп Көпеев, Жаяу Мұса, Имантай Сəтбаев жəне қазақ даласына белгілі басқа да адамдар жиі бас қосқан.
Əлкей бастауыш білімді ауыл мектебінен алып, Баянауылда үш сыныпты орыс мектебінде оқыды. 1919 жылы Əлкей Хақанұлы Павлодар қаласындағы мұғалімдер курсына түсіп, белгілі əнші Майраның үйінде тұрады. Курсты бітірген соң туған ауылына оралып, мектепте мұғалімдік қызмет атқарады.
1921 жылы Əбікей Сəтбаев сынды белгілі қазақ ағартушысы директор болған Семей техникумына оқуға түседі. Семейде оқып жүрген кезінде Əлкей Хақанұлы «Таң» журналы мен «Қазақ тілі» газетінің редакцияларымен байланыс жасап тұрады. Осында ол Мұхтар Əуезовпен танысады, екеуінің арасындағы достық ұзақ жылдарға созылған сыйластық қарым-қатынасқа айналады. М. Əуезовпен бірге Абайдың туған жеріне барып, атақты қазақ ақыны Мағжан Жұмабайұлымен танысып, достық байланыста болады.
1925-31 жж. арасында Ленинградтағы Шығыс институтының əдебиет факультетіне түсті. Ə. Марғұлан Ленинградтың бай мұрағаттарында қазақ халқының мəдениеті мен тарихы бойынша əдеби жəне архивтік материалдарды зерттейді. Осы жылдары ол əдеби шығармашылық қызметке де ден қояды. Оның аудармасы арқылы қазақ оқырманы алғаш рет атақты орыс жəне шетел жазушыларының шығармаларымен танысады.
Ленинградта Əлкей Хақанұлы А. Затаевичпен танысып, онымен бірге туған өлкеге келеді, атақты музыкатанушы көптеген қазақтың халық əуендерін жазып алды. 1926-1927 жылдары ерекше комитеттің халқын зерттеуге арналған қазақстандық жəне алтайлық экспедицияларына қатысады.
1929 жылы Ə. Марғұлан Шығыс институтындағы оқуын бітіріп, келгеннен кейін Ә. Марғұлан Қазақстан Оқу Халық Комиссариатының жанындағы Жаңа әліпби комитетінде ғылыми қызметкер болады.
Әлкей елге келгеннен кейін түрлі қазба жұмыстарын жүргізіп, бұрынғы зерттеу жұмысын одан әрі жалғастыра отырды, сонымен қатар 1957-1967 жылдары Ш. Уәлихановтың әдеби мұрасын жинастырып, оның бес томдық шығармалар жинағын бастыруға басшылық етті.
Ол қазақ халқының тарихы мен әдебиетін зерттеуге зор еңбек сіңірді. Марғұлан – тарих, археология, этнография, әдебиет және өнер тарихынан үш жүзден астам ғылыми зерттеу жұмысының, жүзден астам энциклопедиялық мақалалардың авторы.
Әлкей Марғұлан Ленин ордені, Еңбек Қызыл Ту ордені және медальдармен наградталған.