Бұл қандай ауру? Ұрық гипоксиясы дербес ауру емес. Ол ана мен ұрық ағзаларындағы және бала жолдасындағы түрлі патологиялық ауытқулар салдарынан пайда болатын сырқат. Гипоксия ағымына қарай жедел асқынған және созылмалы болып бөлінеді. Жедел асқынған гипоксия әдетте босану барысында, ал созылмалы гипоксия жүктілік кезінде болады.Гипоксияның дамуына септігін тигізетін жағдайлар жетіп артылады. Біріншіден, жүкті әйелдің бойындағы аурулар .Екіншіден, бала мен оның жолдасы арасындағы қан айналымының бұзылуы .Сондай- ақ ұрықтың гемолитикалық, анемия ауруы, іште жатып анасынан ауру жұқтыруы, туа бітті ақаулар немесе әйел қатты қиналып босанған кезде бала басының ұзақ уақыт кептеліп қалуы да оны гипоксияға шалдықтырады.
Гипоксияның даму жолдары да әртүрлі: мысалға, жатырға оттегінің дұрыс жетпеуі, бала жолдасындағы зат алмасу үдерістерінің нашарлауы, ана ағзасында гемоглабиннің жетіспеушілігі, жүрек қан- тамырлары жүйесінің жетіспеушілігі мен қан айналымының бұзылуынан да нәрестенің гипоксиясы өршіп кетуі мүмкін. Негізінен құрсақтағы шарананың жүрегі минутына 150 – 160 рет соғуы есебінен оның қанына оттегі көп мөошерде сіңеді. Әрі оның гемоглобинінің құрылымы да ерекше, қан айналымы мен зат алмасу ерекшеліктеріне байланысты айрықша есе толтырғыштық қасиеттері бар. Аздаған гипоксия бала денсаулығына аса жайсыз әсер етпейді. Мұнда ең қауіптісі ауыр гипоксия. Оған шалдыққан күнде нәрестенің ішкі мүшелері ишемия мен никрозға төтеп бере алмайды.
Қауіпті белгілер.
Жалпы іштегі балада гипоксия белгілерінің бар – жоғын оның ана құрсағындағы қозғалыс белсенділігін бақылау арқылы байқауға болады. Гипоксия басталарда бала мазасызданып, жиі қозғалақтайды. Уақыт өткен сайын беймазалығы үдей түседі. Созылмалы және үдемелі гипоксияда баланың қимылы керісінше бәсеңдейді. Егер іштегі бала бір сағат ішінде 3 реттен аз қозғалса онда бұл оның гипоксия зардабын тартуының белгісі. Мұндайда жүкті әйел дәрігермен дереу кеңесіп, қағанақ суын тексертіп, КТГ (кардиотокография) және доплерометрия жасатуы керек.
КТГ және допплерометрия ұрықтың жағдайына нақты баға беретін ақпараттық әдіс. Босану барысында нәрестенің бойынан байқалатын гипоксияның басты нышаны - жүрек қан тамырлары жүйесінің қызметінің бұзылуы. Сондықтан босану кезінде іштегі баланың жағдайын бағамдау үшін дәрігерлер кардиомониторлы бақылау әдісіне жүгінеді. Тағы да бір айта кетерлігі қағанақ суына мекони жайылып кетсе (нәрестенің тоңғағы) ол мөлдір болмай жасылдау тартса, бұл баланың оттегі жетпей тұншығуының яғни гипоксияның айғағы.
Егер бала ана құрсағында созылмалы құрсақішілік гипоксияға ұшыраса, онда болашақ анаға тыныштық қажет. Аяғы ауыр әйел төсекте жатып демалса, жатырдың да қан айналымы жақсара түседі. Созылмалы гипоксияны емдеу кешенді түрде жүргізіледі. Бұл ретте ең алдымен гипоксияның асқынуына себеп болған негізгі ауруды емдеген дұрыс. Мұнан соң ұрықты оттегімен қамьамасыз етуге және оның зат алмасу үдерістерін қалпына келтіруге бағытталған арнайы терапия жүргізіледі. Кешенді терапиядан еш нәтиже болмай жүктілік мерзімі 28 аптадан асқан соң дәрігерлер ұрықтың жағдайы нашарлап бара жатқанын анықтаса әйелді жедел түрде кесар тілігі арқылы босандырады. Ал, табиғи жолмен өзіңіз босанып, балапаныңыздың аман – сау дүниеге келгенін қаласаңыз онда бойыңызға бала біткеннен босанғанға дейін денсаулығыңызды мұқият қадағалаңыз. Дәрігерлердің кеңесіне дер кезінде құлақ асып, тиісті ережелерді орындап, босануға жан – жақтылы дайындалыңыз. Босанып жатқан әйел акушер дәрігердің берген нұсқауларын орындамай шыдамсыздық танытып толғаққа төзе алмаса құрсақтағы бала анасының дұрыс тыныс алмауының орынсыз күшенуінің салдарынан жедел асқынатын гепоксияға ұшырайды, яғни қатты тұншығады. Осы орайда дұрыс тыныс алу машығын босанбай тұрып меңгеріп алу қажеттігін ескерткіміз келеді. Әрине толғатқан кезде жаратқаннан жәрдем тілеп, бар күшіңізбен сабырыңызды жинап сергектік танытсаңыз бөпеңіздің жанын орынсыз қинамай, әп сәтте аман – есен босанасыз!
Нәресте асфиксиясы
Нәресте асфиксиясы – ана мен нәресте арасында газ алмасуының бұзылуы салдарынан, нәресте организмінде оттегінің жетіспеушілігінен, көмір қышқылы мен метаболизмы ацидоздың артуымен сипатталатын күрделі патологиялық процесс.
Негізгі себептері: ұрық гипоксиясы, орталық жүйке жүйесінің зақымдалуы, тыныс жолдарының бітелуі, ұрықтың кемтарлығы, өкпесінің жетілмеуі, бейімделу қабілетінің бұзылуы.
Нәрестеге реанимациялық шаралар жүргізу алдында Апгар шкаласы бойынша баға беріледі:туылғаннан соң 1минуттан соң, қайта 5-10 минутан кейін.
Апгар шкаласының көрсеткіштері
1.Жүрек соғуы
2.Тыныс алуы
3. Тітіркену рефлекстері
4. Терісінің түсі
5.Бұлшық еттерінің жиырылу қуаты
Апгар шкаласының көрсеткіштері бойынша нәресте асфиксиясына үш дәрежелері баға беріледі.
І – жеңіл асфиксия – 6-7 балл.
ІІ –орташа асфиксия 4 -5 балл
ІІІ - ауыр асфиксия 1 -3 балл.
Акушер неонаталогпен бірлесіп, нәресте асфиксиясының себебін анықтап, босану тарихына жазады.
Нәресте реанимациясы, емі.
Асфиксияда туылған нәрестенің тұңғыш реанимациясы І босану бөлімінде жасалады. Акушерка бірден нәрестенің басын төмен ұстап, тыныс жолдарын, аузын сілекей, судан, шырыштан тазартады. Содан соң кіндік бауына қысқыш салып, оны байлайды. Кіндік бауды кесіп, анасынан бөлгеннен кейін сәбиді жылытқыш столға жатқызады.
І.Aсфиксияның жеңіл түрінде :
1.Тыныс жолдарын, аузын, асқазанды резеңке балон сорғышын, не вакуум сорғышын пайдаланып, шырыштан, сілекейден, судан тазартады.
2.«Лада», «Вита» тағы басқа дембергіш құралдарды қолданып, қосымша дем беріп, оттегін жеткізеді.
3.Бірден кіндік тамырға 5,0 мл/кг 20% дық глюкоза мен 8мл/кг кокарбоксилаза сұйықтығын құяды(нәрестенің кг салмағына қарай ).
ІІ.Асфиксияның орташа түрінде:
1. Резеңке балон сорғышы, не вакуум сорғышы арқылы тыныс жолдарын, аузын, асқазанды шырыштан, сілекейден, судан тазартады.
2.«Лада», «Вита » тағы басқа дембергіш құралдарды қолданып, қосымша дем беріп, оттегін жеткізеді.
3.Бірден кіндік тамырға 5,0 мл/кг 10% - дық глюкоза 8мл/кг кокарбоксилаза сұйықтығын құяды.
4. Нәрестенің өзі тыныс ала алмаған жағдайда үш минуттан кейін қайталап, тыныс жолдарын, аузын шырыштан, сілекей – судан тазартады. Осыдан кейін интубация аппараты (ИВЛ) арқылы дем алуына көмектеседі.
ІІІ.Асфиксияның ауыр түрінде:
1.Резеңке балон сорғышын, не вакуум сорғышы арқылы тыныс жолдарын, аузын, асқазанды шырыштан, сілекей – судан тазартады.
2. Ларингоскоп арқылы тыныс жолдарын шырыштан, сілекей-судан тазартып, содан кейін дем беретін интубация аппаратын(ИВЛ)қолданады.
3. Бірден кіндік тамырға 5.0мл/кг 20% - дық глюкоза мен 8мл/кг кокарбаксилаза сұйықтығын құяды, преднизалон (1-2мл/кг немесе гидрокортизонды 5мл/кг) пайдаланады.
4. Жүрек соғысы өзгерген кезде: а)жүрек соғуы сиреп, минутына 80-нен төмен болған жағдайда жүрек тұсын, басын уқалап, венаға 10%-тік - 2-3мл кальций глюканатын құяды; б)жүрек тоқтаған мезетте жүрек тұсын, басын уқалаумен бірге кіндік тамырына 0,1%-0,1мл адреналин сұйықтығын құйып, преднизалон мен гидрокартизонды қайталайды. Жоғарыдағы емдерден нәтиже болмаса, жүрек қуысына 0,1%-0,1 мл адреналин сұйықтығын жібереді.Егер реанимациялық шаралар 10-15 минут аралығында нәтиже бермесе оны тоқтатады.
Емі.Асфиксияның негізгі емдерінің бірі – инфузиялық терапия.Бірінші тәулікте 30-40мл/кг сұйықтық, ал үшінші тәулікте 80-90мл/кг, төртінші 100-110 мл сұйықтық енгізеді.негізгі инфузат 10%-дық глюкоза.Дегидротациялық мақсатпен плазма (10-15мл/кг), альбумин (10%ерітіндісін 7-10мл/кг), маннитол (10%-10мл/кг), лазиксті (1%-0,2мл)енгізеді.
Қан айналымының көлемін ұлғайту және оның реологиялық, микроциркуляциялық қасиетін жақсарту үшін реополиглюкин, трентал, гемодез қолданылады. Сонымен қатар витаминдер тобы, эссенциял, глютамин қышқылдары, индометацин, аспиринді кеңінен пайдаланады.Натрий, калий, кальцийдің қандағы құрамы лаборотория арқылы анықтала отырып, 10%-дық кальций глбканатын енгізеді.
Миокардтың жиырылу қасиетін жақсарту мақсатымен, өкпе гипертензиясы дамымауы үшін гликозидтерді қолданады.
Асфиксияның ауыр түрінде және нәресте жарақаттанғанда оны барокамерада емдейді.
Достарыңызбен бөлісу: |