ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ АХУАЛЫ ЖӨНІНДЕГІ
САРАПТАМАЛЫҚ БАЯН
К І Р І С П Е
Қазақ тілі өз тарихында аса күрделі ахуалды кешуде. Тілдік орта барған сайын тарылып, қолдану сапасы құлдырай түсуде. Бұл құжат Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып табылатын қазақ тілін дамыту саласына қатысты үстіртін сараптамалық баян болып табылады. Мақсат - бейресми көзқарас ретіндегі бұл құжатты қоғамдық орта назарына салу арқылы мемлекеттік тілді дамыту үдерісіне оңды ықпал ету.
Қазақстандағы тілдердің ахуалы жөнінде нақты да дәйекті зерттемелік дереккөздің жоқтығынан, қоғамдық тараптан әзірленген аталмыш баян бұқаралық ақпарат құралдарында жария болған, қоғамдық ортаға белгілі жәйттерге, ақпараттарға, көзқарастарға, деректер мен жағдайларға негізделді.
Бұл құжат ресми билікті сынауға не мұқатуға арналған қандай да бір саяси мәлімдеме емес, қазақ тілінің қазіргі ахуалын сараптауды оның әдебиеттік тіл («әдебиеттік тіл» ұғымы ретінде осызаманғы ресми стилі орныққан тіл алынып отыр, ол әдетте «әдеби тіл» - язык вежливости түрінде аталып жүр) ретіндегі және мемлекеттік тіл мәртебесіндегі жағдайын барынша шынайы ашу арқылы, мемлекеттік тілді дамытуға қажетті ұсынымдарды мәлімдеу қарастырылды.
І. Қазақ тілінің әдебиеттік тілге айналу ахуалы
Бүгінгі дәуірде қоғамдық қатынастың басты игілігі болу үшін тілдің әдебиеттік сипатының дамуы - негізгі шарт. Қазақ тілінің әдебиеттік деңгейін анықтау жолында ресейлік академик Ф.П.Филиннің әдебиеттік тілдің тұжырымдамасын айқындайтын 7 белгісін қолдану арқылы қарастырылады.
1.Тілдің өңделімі (обработанность языка).
Тіл кез келген этностың ғана емес, сондай-ақ мемлекеттің дамуы барысындағы лингвистикалық құбылыс. Бұл тараптан алғанда, «қазақ тілі – аграрлық шаруашылыққа тән сипатты, фольклордың ықпалындағы тіл» деген көзқарастың барын жоққа шығаруға да, ол уәжге көз жұмып қарауға да болмайды. Бұған қоса, қазақ лексикасы негізінен ауыл шаруашылығын бейнелеп, көбіне малшылық және ауылдық тұрмыспен шектелетіндігі де қоғамдық уәжге айналған.
Ең бастысы, қазақ тілінің постиндустриалдық қоғам жағдайындағы қолданысқа толық бейімделмегендігі ғылыми нысанға айналмай отыр. Бұл мәселе ғылыми күн тәртібінде байыпты қойылмағандықтан және соған сәйкес шара алынбағандықтан, қазақ тілінің қалалық тұрғындар тіліне айнала алмауы тағы да соған айғақ. Осының нәтижесінде қазақ тілі орыс тілінің ұғымдары мен сөз орамдарын солайымен көшіруге амалсыз бейімделген.
Мемлекеттік тілдің өз қағидаларынан жұрдай болу қатері туындап, өзге тілдің жүйесін негіз етуге мәжбүр. Сондықтан да, қазақ тіліндегі ресми сөз орамдары түсініксіз, жалаң аударманың талабына ғана жауап беретін қасаң мәтін ретіндегі қолданыста. Осыдан барып, қазақ тілінің ресми саласы дамымай, тұтынушыларына керексіз, аудармалық статистика үшін жансыз ресми тіл саласы ретінде қалыптасуда. Бұл, әсіресе, ісжүргізім (делопроизводство) тіліне тән болуда. Кеңес өкіметі тұсында қалыптаса бастаған қазақ тілінің ресми саласы осылайша кері кету үдерісін бастан кешуде.
Аталмыш жағдайды ғылыми саралап, талдап, дұрыс-бұрыстығын жөнге салатын ғылыми-әкімшілік құрылым жоқ. Сайып келгенде, бұл жәйт қазақ тілінің постиндустриалдық тіл ретінде емес, орыс тілінің ресми саласын сіңірместен, жалаң түрдегі жансыз аударма тіл ретінде қалыптасуына итермелеуде. Сол себепті қазақтілді тұтынушы ресми түрдегі қазақ мәтінін түсіну үшін әуелі оның орыстілді нұсқасын оқуға мәжбүр. Осылайша, ресми стилі дамымаған қазақ лексикасын барған сайын орыс тілінсіз сіңіру мүмкін болмауда.
Қазақ тілінің лексикалық қоры ауылдық және малшылық тұрмыс тарапынан қарағанда аса бай, бірақ оның өңделімі жолға қойылмағандықтан және ресми саладағы айналымы дамымағандықтан, тіл ресми қолданысқа келгенде жұтаң тартуда. Бұл – тіл өңделімінің кәзіргі жағдайынан хабар беретін көрініс.
Қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алғалы оны ғылыми тұрғыдан постиндустриалдық қоғам жағдайында дамыту мәселесі ашық қалып келді. Бұл мақсатта не бағдарлама, не іргелі жоба немесе дербес ғылыми зерттеу жұмыстары ұйымдастырылмай келеді.
2. Тіл қағидасының қалпы (нормированность языка).
Қазақ тілі бүгінде бұрын қалыптасқан ережені тәрк ету үдерісін бастан кешуде. Грамматикалық ережелер тұрақсыз, дәйексіз, екіұшты және қайшылықты. Кейбір сарапшылардың мойындауынша, ондай көріністі ондаған қателермен есептеуге болады. Өкінішке орай, тілдің қағидасы қаншалықты орындалатындығы жөнінде жүргізілген мониторинг жоқ, тіпті қарапайым түрде жекелеген ғалымдардың соңғы жылдардағы тіл қағидасының орындалуына жасаған сараптамасы да көрінбейді. Бұған себеп - аталмыш саланың мемлекеттік тұрғыдан қолға алынбауы.
Сөйлем құрылымы қазақ тіліне тән емес жүйеге негізделген көріністер дағдыға айналып, қазақ тілінің нормасына кереғар жәйттер қағидаға айналу үстінде. Қазақ тілінің өзіне тән ішкі әлеуетінен туындамаған, өзге тілдің заңдылығына бағынған қағидалар қазақ тілінің жүйесін талқандап, тіл табиғатына қайшы ережелер туындатуда. Осылайша тіл қағидасының тәрк етілуі жазбалық, ауызекілік сала бойынша жаппай көрініс беруде.
3. Тілдің тұрламы (стабильность языка).
Бүгінде қазақ тілінің лексикалық бірліктері біржақты мәнге ие емес, бір сөз алуан мағынаға ие болмаса түрлі сөздер жабылып бір мағына білдіруде. Осыдан барып, тілдің тұрламсыздығы туындап отыр. Қазақы ортада оны тіл байлығының көрінісі деген қасаң ұғыммен қабылдау қалыптасқан. Содан келіп, қаптаған сөздерді нақты ұғым үшін таңдауда қиындық туып, қолдануға келгенде сенімсіздікті қоздыруда. Осыған орай, «қазақ тілінің бүгінгі лексикасы ұғымның сөздік өрнегі ретінде мағына жағынан да, түр жағынан да дөрекі бұрмалауға ұшырап отыр» деушілерге дәйекті дау айту қиын. Бұл да тілдің постиндустриялық сипатта дамымай, әрбір сөздің өзіне тән ұғымға қатысты лексикалық бірлік ретінде қалыптаспай қалғандығынан қордаланған мәселе.
4. Тіл стилінің салалануы (дифференциация стиля языка).
Әдебиеттік тіл өзінің ресми стилдік салалары арқылы көрініс табады. Ал, тілдің стилдік дамуы салалық терминдердің қалыптасуына тікелей қатысты. Қазақ тілінің экономика, ісжүргізім, ғылым мен техника салаларына тән әдебиеттік ресми стилдері толық қалыптаспаған. Әлеуметтік-саяси және рухани салаларға бұрынғыша стихиялық сипаттағы қолданыс тән болып қалып отыр. Өмірдің түрлі салалары бойынша ресми сипаты дамымағандығынан, қазақ тілінің қолданымы тұрмыстық деңгеймен шектелуде.
Тілдің салалық терминдері жалаң отаншылдықтың құрбаны болуда. Белгілі бір ғылыми сала бойынша қазақ терминдерін қалыптастыру сол саланың мамандарының емес, кездейсоқ тіл жанашырларының кірісуі арқылы шешімін тапқан. Бұл үдеріс тілдің сөзжасам қабылетін оңды-солды тәрк етуде.
Қазақ терминдерін қалыптастырып, дамытуға, термин қорын бекітуге арналған Мемлекеттік термин комиссиясы жаңа терминдерді қазақ тілінің теориялық жүйесіне сәйкес орнықтыруға икемсіз, ғылыми сараптамадан өтпеген жасанды да тіл табиғатына жат сөздерді заңдандыруға мәжбүр құрылым болып қалуда. Өйткені, терминком - нақты бекітілген тұжырымдама, критерилер бойынша емес, тіпті, ғылыми кеңестердің терең талқылауынсыз термин бекіту үдерісін қалыптастырып алған, жүйесіз әрі қисынсыз, әрекеті бұлыңғыр құрылым. Сөйтіп, ресми стилдік саланың негізі болып табылатын қазақ тілінің терминологиясы жекелеген көзқарас пен қоғамдық талғажау үдерісінің нәтижесіне айналып отыр.
5. Тілдің әмбебаптығы (универсальность языка).
Қазақ тілінің салалық дамымау салдары оның әмбебаптық қабылетіне нұқсан келтіруде. Содан барып, тілдің атқарымпаздығы (функционирование) кері кетіп отыр. Осының кесірінен қазақ тілі дербес лингвистикалық жүйе емес, орыс тілінің аударма нұсқасы түрінде қалыптасу үдерісі басталып кетті. Нәтижесінде мемлекеттік тіл ақпарат өндірудің тіліне айнала алмай отыр, оның үстіне парламент пен үкіметтегі заң шығару және басқару тілі, өндірісті меңгеру тілі бола алмауда.
Мемлекеттік (яғни, ресми) тілдің мәні мемлекеттік міндетті атқаруға арналған үдерістің жұмыс тілі ретінде қалыптаспаған, оның орнын бірыңғай орыс тілі атқарып, ел конституциясының 7-бабының 2-тармағы «Орыс тілі қазақ тілінің орнына мемлекеттік тіл ретінде қолданылады» деген уәж ретінде жүзеге асырылуда. Себебі, орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылғанымен, қазақ тілі мемлекетті басқаруға орыс тілімен қатар әрі тең дәрежеде қолданылмай отыр.
Қазақстан егемен болғалы қазақ тілі қоғамдық өмір саласының елуге тарта аясына енгізілу қарастырылмады, ақырында кеңестік кездегі оншақты ғана қолданым аясымен шектелгенімен, кейбір көрсеткіштер бойынша ахуал одан да төмен құлдырауда.
Қазақ тілі дипломатиялық ресми тіл ретінде қалыптаспай отыр. Мемлекеттік тіл өзге шетелдік тілдермен орыс тілі арқылы ғана аударма ісжүргізім деңгейінде қамтылған, ал дипломатиялық үдеріс тілі ретінде іске аспауда. Нәтижесінде қазақ тілінің әлемдік тілдермен мемлекеттік тіл ретіндегі делдалсыз (орыс тілінсіз) арақатынасы жоққа тән. Бұған айғақ ретінде қазақ тілінің шет тілдермен тікелей қатысқа шығару тетігі болып табылатын тілмаштық (ілеспе аударма) тұрақты тәжірибе мен оның дипломатиялық тілдік құрылым ретінде қалыптаспағандығын атауға болады.
6. Тілдің қоғамға ортақ міндеттілігі.
Қазақ тілі - әлі күнге қоғамның бар мүшесі үшін білу міндеті жүктелмеген тіл. Бұл талап қоғамның бар мүшесі түгілі мемлекеттік қызметшілер үшін орыс тілімен қатар білу міндеті жүктелмей әрі заңданбай отыр. Мемлекеттік қызметке сыннан өту талабына мемлекеттік тілді енгізу қарастырылмағандықтан, мемлекеттік қызмет аясында қазақ тілінің қарапайым деңгейін былай қойғанда, ауызекі сөзді ұға білудің өзі талапта жоқ. Бұл жағдай мемлекеттік қызметке орыстілділер мен сол тілді меңгерген қазақтілділердің ғана шоғырлануын қалыптастырған. Бірыңғай қазақтілділердің, әсіресе, орталық мемлекеттік органдарда қызмет етуі барған сайын мүмкін болмай қалуда. Нәтижесінде тұмыстық деңгейдегі қатынасты ескермегенде, мемлекеттік қызмет саласы біртілді (орыстілді) ортаға айналып болды.
Арнаулы заңмен анықталмағандықтан, қазақ тілінің конституциялық мәртебесі жөніндегі 7-баптың 1-тармағы декларация түрінде ғана қалып отыр. Бұл жағынан орыс тілінің ресми түрде қолданылуының өзі мемлекеттік мәртебелі тілден анағұрлым жоғары құзыры бар мемлекеттік нышан болып қалыптасқан. Сөйтіп, күн тәртібінде мемлекеттік тілді орыс тілімен қатар немесе сонымен тең дәрежеде қолдану мәселесі ушығуда. Қазақ тілін білудің қоғамға ортақ міндеттілігі жоқтықтан, мемлекеттік тіл отбасы мен тұрмыстық деңгейден аспауда. Бұған қоса, қазақ тілі тұтыну тілі ретінде де қалыптаспаған: дүкендерде, саудажайлар мен мейрамханаларда арнайы тілмаштар болмаса қызмет етушілерден қазақ тілінде қызмет күту барған сайын қиындай түсуде.
7. Тілдің ауызекі (фольклорлық) және жазбалық үлгілері.
Қазақ тілі – ауызекі де, жазбаша да үлгілері қалыптасқан тіл.
Ал, тілдің ресми стилі аударма саланың нәтижесінде қалып отырғандықтан, дами алмауда. Кәзіргі қазақ тілі негізінен тұрмыстық деңгейдегі қолданыста болғандықтан, бір ізге түспеген өңірлік сипаттағы лексикалық айналым тілдің бұрын қалыптасқан ауызекі және жазбаша ресми стилдерін одан әрі дамытуға кедергі келтіруде. Оның үстіне қазақ тілі дербес ақпарат өндіру тілі емес, аудармалық деңгейден аса алмағандықтан да, ресми стилдің орнығуы күрделі мәселелерді қордаландыра түсуде.
Өңірлік лексикалық айналымның басыңқы көрінісі өңірлік, локалдық фонетиканы тілдің басты заңдылығына айналдырып, оны емлеге де енгізе бастады. Сөйтіп, қазақ тілінің басты заңы саналатын Үндесім қағидасы көрер көзге бұзылуда.
Кейбір сарапшылардың пікірінше, қазақ тілінің ауызекі және жазбаша ресми стилдері тұрмыстық деңгейден әрі аспауда және ол бақылаусыз, стихиялық даму жолына түсуде, ресми стилдік нормалардан ауытқу дәстүрге айналуда. Ондай ауытқулар мынадай жолдардан көрініс табуда: сөздердің мазмұндық және түрлік тұрламсыздығы; грамматикалық, синтаксистік, орфографиялық, орфоэпиялық қателер; ой білдірудегі жүйесіздік; кірме және қос сөздер мен конфликтогендердің молдығы; жартылай әрі кесінді фразалардың көптігі т.т. Бұл ауытқулар тілдік әдебиеттік нормалардың ресми деңгейдегі қолданысында үрдіске айналып, ресми стилдің орнығуына қарсы бағытталған заңдылық ретінде беки түсуде.
ІІ. Қазақ тілінің Мемлекеттік тіл ретінде қалыптасу ахуалы
Мемлекеттік міндетті атқару жолындағы қатынас құралы болып табылатын тілді бүгінде мемлекеттік немесе ресми тіл атау қалыптасқан. Қазақ тілі Қазақстандағы мемлекеттік тіл ретінде заң жүзінде бекігенімен, ол мәртебені толық түрде орыс тілі атқарып отыр. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде даму және оның қоғамдық ортадағы мойындалу деңгейін көрсететін жәйттердің өзі бұл саладағы басты кедергілер болып табылады. Соларды атап өту арқылы мемлекеттік тілдің шынайы ахуалына көз жетеді.
1.Саяси кедергі.
Қазақ тілі мемлекеттік өмірдің барлық үдерісін қамтитын жұмыс тілі болуға тиісті және мемлекеттік органдар мен ұйым, мекемелердің қолданысындағы басты тіл болуы керек. Өзге тілдер заңдама бойынша жергілікті деңгейде қолданыс табуы мүмкін. Алайда, конституцияның 7-бабының 1-тармағына оның 2-тармағының қайшы уәжі мемлекеттік аяда қазақ тілі мен орыс тілін бір біріне қарсы қойғаны өз алдына, конституцияның 7-бабының 1-тармағын оның 2-тармағы жоққа шығарып тұр. Екі тармақ бір біріне қайшы болмас үшін ең болмаса, 2-тармақ былайша болуы керек еді: «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде мемлекеттік тiлмен қажетті жағдайда тең қолданылуы мүмкін.»
1-тармақтың құзыретін айқындайтын «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы заң он төрт жыл бойы қабылданбай келеді. Оның үстіне, 2-тармақтағы «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады.» деген уәж қоғамда және құқықтық салада «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде мемлекеттік тілді алмастырады.» деген уәж ретінде қабылданған. Бұл қабылдамның нәтижесінде, орыс тілін қоғам үшін міндетті ортақ тіл ретінде орнықтыру үдерісі аяқталды. Қалыптасқан бұл жағдайда, қазақ тілі қазақстандық өзге диаспорлар тілінің қолдану деңгейінде қалып отыр.
Мемлекеттік тіл мәселесі мемлекеттік деңгейдегі міндет ретінде ресми және заңдамалық жағынан толық мойындалмаған; бұған мемлекеттік тілді дамытудың міндетін атқаратын мемлекеттік органның жоқтығымен көз жеткізуге болады. Тіл саясаты жөніндегі уәкілдік орган болып табылатын Тіл комитеті (орысша: Тілдер жөніндегі комитет) мемлекеттік орган деңгейінде емес, ведомостволық (министрлік қарауында) құзырдың аясында болғандықтан, мемлекеттік міндетті атқаруға қауқарсыз, құзырсыз. Сонымен бірге Тіл комитетінің міндеті мемлекеттік тілді емес, Қазақстандағы барлық этнос тілдерін дамытуға міндеттелген. Оның үстіне атқарылып жатқан шаралардың барлығы да әуесқойлық ауқымдағы өңірлік, ұйымдық, мекемелік, әртекті және әр сипатты, әрмақсатты, әрдеңгейлі. Тіл комитеті өзімен өзі, өңірлік тіл басқармалары өз беттерінше әкімдік құзыр аясында әрекеттенуде, істе бірыңғай тігіңкі (вертикал) бағыныстағы мемлекеттік міндетті атқаратындай мемлекеттік ұйымдық сипат жоқ. Облыстық, қалалық тілдерді дамыту басқармалары тікелей әкімдіктердің құрылымы, олар Тіл комитетіне қаржылық және әкімшілік тараптан бағынбайды.
Мемлекеттік тілді дамыту мәселесі мемлекеттік жалпы міндет ретінде ешбір мемлекеттік органдарға талап қойып, салмақ салып отырған жоқ. Сайып келгенде, елде нақты анықталған тіл саясаты жоқ. Елдегі басты тіл құзыры мемлекеттік мәртебесі бар қазақ тілінің пайдасына айқындалмаған. Декларативтік түрде қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі болғанымен, шынайы ахуал бойынша елдегі басты тіл орыс тілі болып табылады. Қазақ тілін дамыту бірегей мемлекеттік міндет емес, елдегі этностар тілінің бірі ретінде, сәл-пәл басымдықпен дамыту ғана қолға алынуда және атқарылған нәтижелі істен гөрі, сөз бен уәде, даңғаза насихат басым.
Тіл саясатының негізгі нысаны ретінде қазақ тілін дамыту жатқызылмаған, нысан ретінде оған барлық 130-дан аса этнос тілдері жатқызылып отыр. Алайда, бұл тіл саясатының салиқалылығы емес, оның жүйесіздігі мен мақсатсыздығын тудырып отыр. Жүзден аса тілді бір елде дамыту мүмкін еместігі ескерілмеген. Мемлекетте мемлекеттік тіл ғана дамуға жататыны, ал қалған тілдер этностық ортақ қатынас құрал мен этностық мәдени нысан ретінде қорғауға алынатыны саяси нақты мақсат ретінде айқындалмаған және саясатқа айналмаған.
Қабылданған тұжырымдамалар мен бағдарламалар қасаң сөзуарлыққа ұрынған, декларативтік сипаты ғана бар, нақты бағыт пен іс-шараны, міндетті анықтауға дәрменсіз. Сондықтан да елде мемлекеттік тілді дамытуға арналған нақты шешім мен заңдама жоқ, бары долбар мен жорамалға негізделген. Нақтыланбаған тіл саясаты мемлекеттік тілдің дамуына бірден бір саяси кедергі болып отыр. Соның нәтижесінде қазақ тілі біртұтас ұлттың қалыптасуына қажетті факторға айналмай отыр. Мемлекеттік ұйымдар мен мекемелерде мемлекеттік тілге қолайлы орта мен мүмкіндік жасау саясаты жүргізілмей, тіл саясаты жаттанды шаралармен қамтылған нәтижесіз алданыш ретіндегі көрініске айналған. Тілдік саясатты атқаруға, жүзеге асыруға мемлекеттік міндет ешкімге нақты жүктелмеген және көрсетілмеген, талап айқындалмаған.
Мемлекеттегі ісжүргізім үдерісін бақылау тетігі айқындалмаған. Конституция қабылданған күннен бастап мемлекеттік тілде іс жүргізуге тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдар, басты заңның құзырына қайшы түрлі мерзімдерді ойлап табу арқылы ісжүргізімді мемлекеттік тілде жүргізуден астыртын түрде бас тартып келеді. Бұл жағынан Тіл комитеті тілдерді дамыту жөніндегі басты Уәкілдік орган ретінде оларды бақылау жөніндегі дербес шешім қабылдай алмайды және оны жүзеге асыру құзыры жоқ. Ал, Мемлекеттік қызмет агенттігі бұл мәселеден өзін өзі мейлінше оқшаулаған.
2.Экономикалық кедергі.
Мемлекеттік тілдің дамуына бөлініп жатқан қаржы жалпы алғанда қомақты болғанымен, Тіл комитеті тарапынан құралған бұл бюджет барынша сарапталып айқындалған мақсаттарға емес, жолайы және субъективтік пікірлердің ықпалымен анықталған бағыттар мен жобаларды қаржыландыруға жұмсалып келеді. Оның үстіне, мемлекеттік тілді желеу етіп бөлінген жергілікті билік деңгейіндегі қаржы да аса қомақты, бірақ олардың қандай мақсатқа және нәтижеге жеткізіп отырғандығы беймәлім. Қыруар қаржы көзінің тиімділігі үлкен күдік туғызады; әсіресе, тіл оқыту мәселелеріне миллиондап бөлініп жатқан қаржының тиімділігі аса төмен, бұл жөнінен әлі күнге мониторинг жасалған емес, әрбір мемқызметшіге қанша ақша бөлінді, оның нәтижесі қандай деген сауал сол күйінде қалуда; жалпы бұл мәселеде тиімді тактика қарастырылмауда. Қыруар қаржы бөліп тіл оқыту үдерісін ұйымдастырғаннан гөрі, тіл үйренушіге әлдеқайда тиімді тілдік орта жасақтау саясаты қолға алынбай отыр.
Мемлекеттік тілді білу ынталандыру жүйесімен қамтылмауда, қазақ тілін білетін мемлекеттік қызметшілерге тиісті сыйақымен де қарастырылмаған. Алайда, қостілді қызметшілер өз міндетіне қоса ісжүргізімді қазақшаға аудару ісін де тегін атқаруда, олардың еңбегі әділетті түрде қорғауға алынбаған.
Мемлекеттік тілдегі ақпарат өндірісі мен өнер, білім және ғылым саласы нақты әрі айырықша экономикалық қолдауға жатпай отыр. Соның кесірінен бұқаралық ақпаратпен қамтудың 10 % - ы ғана қазақ тілді ақпарат өндірісі болғанымен, бұл өнімнің жартысының өзі орыс тілінің аудармалары болып табылады. Сөйтіп, қазақтілді ақпарат өндірісі индустриялық деңгейді былай қойғанда, дербес өндірістік салаға айналмауда. Ал, қазақтілді кино, әдебиет және басқа гуманитарлық өнер шетелдік экспансия ықпалынан шыға алмай, құрсауда қалып отыр. Білім беру мен ғылым саласы ең төменгі қажеттілік болып табылатын қазақ тілінде шығатын әдебиет пен оқулыққа зәрулікті бастан кешуде. Аталмыш жәйт бұл салаларға салықты төмендету, тиісті өнерақы төлеу секілді қарапайым шаралармен де көтермеленбеуде.
3.Менеджменттік кедергі.
Қазақстандағы қазақ тілінің орны нақты айқындалмағандықтан, әлі күнге оны мемлекеттік тіл ретінде қолдану мен лингвистикалық нысан ретіне дамыту шатасқан шаралардың көрінісі болуда. Бұл саладағы менеджменттің төмендігі қазақ тілінің даму және ену нысаны ретіндегі мақсаттардың нақтыланбағанынан туындап отыр. Соның кесірінен, Тіл комитетінің басты бағыты бұлдыр, ішкі құрылымы тиісті бағыттар мен міндеттерге сәйкестендірілмеген. Тіл комитеті мен Тілбілім институтының аражігі ажыратылмаған және Тіл комитетінің өзге салалар мен ведомостовалармен қатынас деңгейі де шешілмеген. Айталық, Тілбілім институты қазақ тілін дамытуды лингвистикалық ғылыми тұрғыдан қолға алу үдерісінде Тіл комитеті қандай деңгейде қатысуы керек, институтқа жоғарғы орган ретінде ме, тапсырыс беруші ме болмаса серіктес ұйым ретінде ме – беймәлім. Ал, сол институт пен Білім және ғылым министрлігінің ара жігі қандай екені тағы беймәлім. Осындай балабажырдың кесірінен қазақ тілінің әлі күнге постиндустриялық ғылыми даму программасы жоқ, әлі күнге қазақ тілінің орфографиялық, орфоэпиялық, фонетикалық және транскрипциялық, сондай-ақ ономастикалық салалар бойынша тұжырымдар мен стандарттардың, программалардың жоқтығынан, бұл салалар бойынша мәселелер қордаланып қалды. Тілбілім институтының да бұл мәселелер бойынша құзыры мен қауқары, қаражат көзі айқындалмаған. Ал, мемлекеттік тілдің енуіне бірден бір мүдделі орган болуға тиісті Мемлекеттік қызмет агенттігінің әлі күнге мемлекеттік қызмет аясындағы мемлекеттік тілдің мәртебесін қарастырмауы мүлдем түсініксіз жәйт. Ең бастысы, мұның бәрін реттейтін «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы заңның болмауы аталмыш мәселедегі парадокстық ахуалды одан әрі қоздыруда.
Жоғарыдағы аталған жәйттердің нәтижесінде, мемлекеттік тілді дамыту мәселелерін шешу жоғары деңгейлі менеджменттік кірісімге (подход) емес, дилетанттық сипаттағы және қолда бар ресурсты Тіл фестивәлі секілді даңғой да даңғаза, тиімсіз шараларға рәсуәләумен шектелуге негізделген. Тұрақты да сауатты мониторинг пен сараптама жоқ. Коммерциялық және қоғамдық секторлардағы тіл жанашырларының әлеуетін мәселені шешуге пайдалана алу көрініс таппаған. Тіл департаменттеріндегі мамандардың аталмыш сала бойынша іскерлігі мен біліктілігін көтеру мәселесі шешілмеген. Орынды идея мен тиімді тәжірибелер ортақ іске жұмылдырылмаған. Тілді дамыту менеджменті қалыптаспай отыр; мәселені шешуге қоғамдық ұйымдарды тарту шаралары жоқтың қасы. Барлық іс-әрекет қоғамдық ортаның назарын дүркін-дүркін желбуаз шараларға аударып отыруға ғана бағытталған, олар тиімсіз де нәтижесіз және жүйесіз, ғылыми сарапсыз идеяларға негізделген.
4.Лингвистикалық кедергі.
Қазақ тілін дамыту барысы кәзіргі кезде лингвистикалық мәселелердің шешіміне тәуелді болып отыр; әсіресе, тілдің орфографиялық және орфоэпиялық, фонетикалық және транскрипциялық, сондай-ақ ономастикалық салалар бойынша тұжырым мен стандарттың жоқтығы, қазақ тілінің одан әрі дамуы мен қоғамдық ортаға сіңісуін тұйыққа тіреуде. Бұл жағынан Тіл комитеті, Тілбілім институты және басқа да құрылымдардың мемлекеттік тілді дамыту мәселелері бойынша іргелі ұйымдастыру жұмыстары мен зерттемелерді қолға алуы жүйелі жолға қойылмай отыр. Аталмыш органдар мен мекемелердің жұмыстары өз беттерінше, мемлекеттік тілді дамытудың бірыңғай жүйесін қамтымайды, шаралары науқандық сипатта, ортақ стратегия дәйектелмеген және ол сәйкесінше міндет ретінде тиісті мекемелерге жүктелмеген. Соның салдарынан қазақ тілінің лингвистикалық проблемалары жекелеген ғалымдар мен бірен-саран тіл жанашырлары тарапынан жекедара көзқарас ретінде ғана айтылып, мәлімделуде. Ғылыми конференциялар мен отырыстардың қарарлары мен шешімдері, ұсынымдары тыңғылықты іске аспауда, олар қазақ тілін дамыту мен енгізуде стратегиялық және тактикалық жұмыс жоспарын жүзеге асыратын жүйеге айналмауда.
5. Қоғамдық кедергі.
Бұл кедергі, шын мәнінде, тілдік ортаның қаншалықты екенінен туындайды. Қоғамда белгілі бір тілдік орта қаншалықты болса, тілдің қолданымы да соншалықты деген сөз. Ендеше, тілдік ортаның аумағын қарастыру арқылы қоғамдық кедергіні де анықтауға болады.Тілдік ортаның аумағы ретінде мыналарды атап өтеміз: мемлекеттік ұйымдар, коммерциялық құрылымдар және қоғамдық ұйымдар, БАҚ. Тілдік ортаны жасақтайтын тілдің екі түрлі сипаты бар: ауызекі және жазба тіл, соған сәйкес қазақ тілінің де қолданым аясы әр алуан болуда. Тілдің аталмыш екі сипатын қарастыру арқылы, бұл мәселе бойынша шынайы көрініске көз жеткізуге болады.
Мемлекеттік ұйымдар.
Мемлекеттік тілді ауызекі қолдану мемлекеттік ұйымдарда тұрмыстық деңгейде, одан қалды әшекей ретінде қолдану кең тараған; ауызекі қазақ тілі сәлемдесумен, қызметшілердің өзара жекелей пікірлесуімен ғана шектеледі. Ресми отырыстарда жұмыс тілі есебінде емес, сәлемдесу, кіріссөз бен ақырсөз ретінде, мемлекеттік тілдің атқарымпаздық үдерісі емес, әлдебір рәміздік кейпі ғана қалыптасқан. Мемлекеттік ұйымдарда қазақтілді азаматтардың бар екендігіне қарамастан, оларды сол тілде сөйлеуге икемдеу, міндеттеу немесе ынталандыру мемлекеттік деңгейде қарастырылмаған. Қазақша сөйлеуге мүдделі азаматтардың сөзі аудармамен қамтылмайды және ол ресми әрі хаттамалық дәстүрге енгізілмеген, техникалық жағынан ілеспе аударма штаттық кестемен және құралдармен қамтылмаған.
Елде үштілді ресми бағыт жарияланғанына қарамастан, мемлекеттік ұйымдар біртілді (орыстілді) қоғамның ғана қажетін өтеуге бағытталған. Соның нәтижесінде мемлекеттік қызметтегі қазақтілді азаматтардың өз тілін өз қызметіне қолдануы барған сайын төмендеп, тұрмыстық деңгейге құлдыраған. Соның кесірінен мемлекеттік ұйымдарда қазақша телесұхбат беретін адамды табу аса күрделі мәселе екендігі басы ашық. Өйткені, қазақтілді азаматтар біртіндеп орыстілдіге айналу арқылы өз тілінде ойын еркін жеткізу қабылетінен ажырау қарқын алған. Осылайша, мемлекеттік ұйымдарда орыс тілін білмейтін адамға қызмет ету мүмкін еместігі барған сайын орнығып отыр. Бұл ахуал белгілі бір мониторинг пен бақылауға ұшыратылмағандықтан, беталдымен кеткен.
Жазбаша сала бойынша шалғайдағы қазақтілді елді мекендер мен аудандардан басқасында өңкей орыс тілінің айналымда екені дау туғызбайды. Алайда, мұрағат үшін және кейбір тексерімдерге бола ісжүргізімді қазақшаға аудару дағдыға айналған. Бұл аудармашы ұстау шығынын туындатып, қазақтілді қызметшілерге артық жүк болуда, ал аударма қағаздар мұрағат ретінде сақталатын құны болмаса, ешбір ресми жазбалық құндылыққа жарамауда. Себебі, аударынды ісжүргізімдік айналымға түспейтін әрі ісжүргізімнің үдерісін көрсететін жұмыстық құжат болып табылмайды. Сөйтіп, елдегі ісжүргізім үдерісіне мемлекеттік тілдің қатысы мейлінше азайып, жұмыстық мұрағаттар негізінен орыс тілінде хатталған.
«Іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру» науқаны өзін өзі ақтамайтын шара. Ол мемлекеттік ұйымдардағы жазбаша тілдік ортаның орыс тілінде қалыптасқандығын, мемлекеттік тілде жазбаша ортаның жоқтығын көрсететін айғақ болып отыр. Тілдік ортаның маңызын түсінбегендіктен, оған қарабайыр жолмен кірісуден туылған тұрпайы әрекет себеп болуда. Нәтижесінде бұл бағыттағы әрекеттен ешбір тыңғылықты тіл дамуы байқалмай отыр. Оның үстіне әлі күнге қандай құжат қай тілде жазылатыны, мемлекеттік қызметші мемлекеттік тілдегі қандай деңгейді меңгеруге міндеттілігі айқындалмағандықтан, аталмыш істің бәрі құзыры мен мәртебесі беймәлім аудармашыға жүктелген. Сөйтіп, мемлекеттік тіл ресми жұмыс тілі емес, аударынды түріндегі жансыз мұрағаттың шала өніміне айналуда.
Мемлекеттік органдардың бланкалары бірыңғай орыс тілінде басылады, әсіресе, қаржы, салық, құқық органдары бұл көріністе ешбір қымсынбайды. Ал, нотариус секілді жауапты мекемелерді жасақтауда мемлекеттік тіл талап етілмегендіктен, ірі қалаларда қазақтілді іс жүргізетін нотариус табу мүмкіндігі жоқтың қасы.
Биліктің сот, парламент бұтақтарының ресми тілі орыс тілі болып табылады. Мемлекеттік тілде сот үдерісін жатық жүргізетін сот төрешілері тапшы. Қазақтілді азаматтардың мүддесі аударма арқылы орыс тілінде жүргізіледі. Қазақтілді депутаттардың өздері депутаттық сұрауларын атқару билігінің өкілдері үшін орыс тілінде мәлімдеуге дағдыланған және қоғамды соған көндірген.
Ішінара жекелей жүргізілген тестілеу қорытындысына назар аударсақ: тестілеуге жергілікті атқарушы органдардан 1643 мемлекеттік қызметшінің 1352-сі, яғни 82,2 % қатысқан тестілеу қорытындысы бойынша - олардың 33,7%-ның мемлекеттік тілде іс жүргізе алатыны, 35%-ның пайызының іс жүргізуге мүмкіндігі бары, 20,3%-ның іс жүргізе алмайтындығы, 11%-ның тілді мүлде білмейтіндігі анықталды. Бұл - жергілікті деңгейде, мемлекеттік тілсіз де мемлекетті басқару мүмкіндігінің әбден орныққан көрінісі.
2005 жылғы ақпарат бойынша Алматы қаласындағы 66 жоғары оқу орнында оқитын 205 мың 657 студенттің 39%-ы ғана қазақ бөлімдерінде, 61%-ы орыс бөлімдерінде оқыған. Бұл білім саласындағы ел бойынша мемлекеттік тілдегі білім беру жағдайын көрсететін ахуал. Білім беру мекемелеріндегі қазақ тілінде білім мен тәрбие алушылардың, шын мәнінде, ауызекі және жазбаша қазақ тілін меңгеру жағдайы аса төмен. Балалар өз ойын қазақша білдіре алмайды, бұл әсіресе, қазақтілді қала балабақтары мен мектептеріне тән. Бұл мәселені қамтитын арнайы пән жоқ. Алайда, орыстілді балалар үшін бұл «Русская речь» немесе «Родная речь» пәндері арқылы жүзеге асып, орыстілді баланың шешендік және ойлау қабылетін арттыру талабы қолға алынған. «Ана тілі» аталатын қазақ тіліне баулуға тиісті пән бұл үдеден шыға алмауда. Қазақы бұл пән шәкірттерді тек қана қазақтілді әдеби шығармалармен танысуға негізделген. Мұның бәрі сайып келгенде, білім беру саласындағы стандарт пен талаптың бұл саладағы олқылығын көрсетіп отыр.
Мемлекеттік ұйымдар мен мекемелер бұқара алдында БАҚ арқылы негізінен орыс тілінде қатынас жасайды, қазақтілді БАҚтар бұл жағынан мемлекеттік ұйымдардың аудармашысы қызметін атқаруда. Тіпті, жариясөз (пресс-релиз) үстіртін, қатемен аударыла салады болмаса көптеген мекемелерде бұқараға арналған құжаттар орыс тілінде ғана таратылып, қазақтілді баспасөз талабы орындалмайды.
Қорыта келгенде, мемлекеттік ұйымдар мемлекеттік тілдің ауызекі және жазба салаларын дамытуды былай қойғанда, оны қалыптастыратындай орта бола алмауда.
Коммерциялық құрылымдар.
Қазақстандық коммерциялық құрылымдар істерін бірыңғай орыс тілінде жүргізеді. Тіпті, қазақтілді азаматтар құрған фирмалардың өзі орыстілді қызметшіні жалдап ісжүргізімді орысша жүргізуге мәжбүр. Ал, шетелдік фирмалар ауызекі тіл ретінде өз тілдерін қолданып, ал ісжүргізімі - бірыңғай орыс тілінде. Мұның бәрі сайып келгенде, коммерциялық құрылымдар мен мемлекеттік сектор арасындағы қатынастың тек қана орыс тілінде біржақты қамтылғандығын көрсетеді.
Қазақстанның мемлекеттік тілінің аясы үшін ауызекі тұрмыстық деңгейді айтпағанда, бірен-саран қазақтілді құрылымдарды қоспағанда, коммерциялық ұйымдардың ішкі ортасын айтпағанда, олардың қоғамдық ортамен қатынасы бойынша қазақ тіліне арналған орта мейлінше тарылған. Олардың ұйымдық шаралары мен мерекелері орыс тілінде не шет тілде өтіледі. Мемлекетке деген құрметті айтпағанда, қазақтілді азаматтардың құқығы көзбе көз тапталып жатады, әрі олардың бәрін орыстілді азаматтар ретінде қабылдау дағдыға айналған.
Қазақстандық коммерциялық құрылымдар үшін қазақтілді тұтынушылар құқығы басты емес. Мысалы, әлі күнге дейін банктерде тұтынушыларға арналған қазақтілді бланктар жоқ, олар тұтынушыларға орыстілді келісімшарттың мәтінін ғана ұсынады, компьютерлері қазақ қарыптарымен әлі күнге қамтылмаған.
Қазақстанда жарнама мен хабарландырудың түпнұсқасы мен тарату үдерісі 100 % -ға дерлік әуелі орыс тілінде жүзеге асады, қазақ тіліне аудару екінші кезекте ғана қолға алынады. Осыдан келіп, қазақтілді жарнама жасаушы кәсіпкерлік те атымен жоқ. Алматы қалалық Тілдерді дамыту басқармасының мәліметінше, Алматы қаласындағы 200-ден астам жарнама агенттіктерінің бір де бірі қазақ тілінде жарнама жасамайды. Сөйтіп, жарнама берушілер қазақтілді тұтынушылар мүддесін ескергендіктен емес, тіл саясатында тууы мүмкін даудан қашқақтағаннан амалсыз түрде орыстілді жарнаманы үстірт қазақшалаумен шектеледі. Ал, сауда орындарындағы импортталатын өнімдердің 10%-ы ғана қазақша жапсырмалар (этикетка) мен нұсқамаларды (инструкция) қамтиды, қалғаны орыс тілінде не басқа шет тілдерде.
Қоғамдық ұйымдар.
Қазақстандағы қоғамдық сектор тек қана орыс тілінде күн көруде. Қоғамдық ұйымдарды қаржымен қамтитын, тапсырыс жасайтын донорлық және халықаралық ұйымдардың барлығы дерлік тек қана орыс және ағылшын тілдерінде қатынас жасайды. Ішінара кейбіреуі ғана конкурстарды қазақша хабарлағаны болмаса, негізгі шаралардың барлығы дерлік орысша өтеді, қазақтілді тілмаш тартылмайды. Бұл жәйт қоғамдық сектормен қатынас жасауға тиісті мемлекеттік органдар тарапынан бақылауға алынбайды. Нәтижесінде елде қазақтілді азаматтардың белсенімі енжар, қоғамдық-саяси және әлеуметтік шаралар мен науқандардан тыс, азаматтық құқықтарын талап ету мүмкіндігі төмен, қоғамдық-әлеуметтік ақпаратпен қамту жоқтың қасы. Қоғамдық үдерістен тілдік орта арқылы шеттетілген қазақтілді азаматтар өз тұрғысын талап ететіндей қоғам мүшесі болып қалыптаспауда.
Ұзақ жылдар бойы қоғамдық келісім идеологиясы жүргізілген Қазақстанда қазақ емес этностардың қазақ тілін меңгеруіне қазақстандық орыстардың деңгейімен көз жеткізуге болады. Жекелеген зерттеулер бойынша, олардың 0,7%-ы ғана үйлерінде қазақша сөйлеседі, 1%-ы екі тілде қатынасады. Орыстардың орыс тілін білмейтіні жоқ, бірақ олардың қазақша білетіні 2% ғана. Бұл жағдай қазақ тілінің қоғамдық келісім факторы ретінде қалыптаспай отырғандығын көрсетеді.
Бұқаралық ақпарат құралдары.
Елдегі қоғамдық мәлімет көзіне қарағанда, (бұл сала бойынша ресми мәлімет немесе ғылыми зерттеме жоқ) БАҚ өндірісінің қазақшасы 10%-дан аспайды, қалғаны орыс тіліндегі өнімдер болып табылады да, олар қазақшаға аударылып беріледі. Бұл ахуал қазақтілді БАҚ-тардың деңгейі қаншалықты екенін көрсетеді. Қазақтілді БАҚтар күрделі кіріптарлықты бастан кешуде, оны былайша атап өтуге болады:
қаражаттық кіріптарлық; елдегі жарнаманың 100%-ы орыс тілінде беріліп, кейбіреуі ғана қазақшаға амалсыз аударылады, соған сәйкес қазақтілді БАҚтарда жарнамадан табыс табу аса төмен; олардың 90%-ы мемлекеттік бюджетке тәуелді;
саяси-идеологиялық кіріптарлық; қазақтілді журналистерді мамандыққа даярлайтын оқу орындарының көпшілігі қазіргі заманғы журналистиканы меңгермеген, кеңестік дидактикадан арылмаған, тоталитарлық санадағы насихатшылықтан ада емес;
біліктілік кіріптарлық; қазақ журналистері ескі әдістемелік оқу жүйесімен, практиканы меңгермеген күйі диплом алып шығуда, олар өздерінің қоғамдық миссиясын күнкөріспен ғана шектеуде, ал орыстілді журналистер қомақты табыс табуда.
Қазақстандағы орыстілді БАҚ нысандары дамыған индустриялық сипатқа ие, ал қазақтілді БАҚ нысандары ылғи да даму жолындағы сипатта. Сайып келгенде, Қазақстандағы қазақтілді БАҚтардың бостандығы жөніндегі әңгімеден гөрі, қазақтілді БАҚтарды құтқару мәселесі пайда болып отыр.
6. Техникалық кедергі.
Қазақ тілінің замандық техникаларға сіңіспеуі де басты кедергінің бірі болуда. Бұл, әсіресе, электрондық техникалық салаға тән жәйт. Қазақстанға импортталатын барлық тұрмыстық және ұйымдық техникалардың барлығы дерлік мемлекеттік тілге сәйкестілігі қарастырылмастан, тұтынымға түсуде. Нәтижесінде елдегі миллиондаған ұялы байланыс тұтынушылары қазақ тіліндегі ақпараттан тыс қалып келеді. Тиісті органдар, ең болмаса, қазақ тілінің латындық волотюк (бейресми, азаматтық қолданысқа арналған уақытша әліпби) нұсқасын да бекіту жөнінде мәселе қоймауда.
Қазақ тілінің электрондық кеңістікті меңгеру мәселесі күрделі күйде қалып отыр. Елдегі электрондық сайттар мен порталдар бірыңғай орыс тілінде дамуда, ал мемлекеттің қамқорлығынсыз нығаю мүмкіндігі жоқ қазақтілді электрондық кеңістікті игеру саласы енді ғана қолға алынуда. Мемлекеттік органдардың барлығы дерлік электрондық ақпараттарын тек қана орыс тілінде тыңғылықты таратуда, ал қазақтілді ақпарат өнімдері жүрдім-бардым деңгейде. Нақты да жүйелі түрде қазақ тілін электрондау саясаты әлі қолға алынбауда.
ІІІ. Қазақ тілінің әдебиеттік сипатын дамыту жолындағы ұсыным
Қазақ тіліне тән тоқырау жағдайы қалыптасқан ахуал, оны түзетуге бағытталған төтенше шаралар қабылдауды қажет етеді. Шаралардың тез арада қабылдануын көздей отырып, құзырлы мемлекеттік органдарға қоғамдық орта тарапынан төмендегідей ұсынымдар ұсынылады.
Қазақ тілінің әдебиеттік нормасын нығайту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама қабылдансын. Бұл бағдарлама мына бағыттар бойынша мониторинг жасауға, зерттеу жұмыстарын және сәйкес жобаларды жүзеге асыруға бағытталғаны жөн:
тілдің өңделімі;
тіл қағидасының қалпы;
тілдің тұрламы;
тіл стилінің салалануы;
тілдің әмбебаптығы;
тілдің қоғамға ортақ міндеттілігі;
тілдің ауызекі және жазбалық үлгілерін дамыту.
Қазақ тілінің әдебиеттік нормасын нығайту мақсатын жүзеге асыру жолында Тілбілім институтының негізінде «Анатіл» мемлекеттік холдингі құрылсын. Бұл холдингке аталған бағдарламаны жүзеге асыру міндеттелсін.
«Анатіл» мемлекеттік холдингінің құрамында қазақтілді терминді дамытуды қолға алатын Терминологиялық зертхана ашылсын. Бұл зертхана ғылымның және өмірдің барлық саласы бойынша терминдерді реттеу мен жасақтау жұмыстарын қолға алсын.
«Анатіл» мемлекеттік холдингінің құрамында ономастика мәселелерін шешумен айналысатын құрылым болуы керек.Оның картография мәселелеріне тікелей ықпалы боларлық құзырының да болғаны жөн.
Әрбір университет жанында Терминологиялық ғылыми кеңес құрылып, олар Терминологиялық зертханамен тығыз қатынаста жұмыс істеуі керек.
Электрондық кеңістікте қазақ тілін дамыту мақсатында «Анатіл» порталы қолға алынғаны абзал. Бұл портал қазақ тілі бойынша қоғамның сұранысына сәйкес түрлі лингвистикалық қызмет көрсетумен айналысқаны жөн.
«Анатіл» МХ құрамында әлеуметтік лингвистика саласын қамтитын құрылым жасақталуы керек, ол тілді дамыту жолында заңдама, әлеуметтік зерттеу, мониторинг, сондай-ақ, тілдік ортаны дамыту мәселелері секілді маңызды бағыттарды қолға алуға әлеуеті болуы тиіс.
«Анатіл» МХ құрамына, сондай-ақ, қазақ тілі бойынша тестілеу үдерісін қамтитын құрылымның да енгені мақұл.
ІV. Қазақ тілін мемлекеттік мәртебеге сәйкестендіру жолындағы ұсыным
1. Қазақ тілін мемлекеттік мәртебеге сәйкестендіру бойынша Конституцияның 7-бабының 2-тарауы «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде мемлекеттік тiлмен қажетті жағдайда тең қолданылуы мүмкін.» түрінде өзгертіліп болмаса «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы заң қабылданғаны жөн.
2. Заңдама талабын жүзеге асыру үшін «Қазақ тілін мемлекеттік мәртебеге сәйкестендіру» жөніндегі мемлекеттік бағдарлама өз алдына бекітілгені мақұл. Бұл қазақ тілін мемлекеттік ұйымдар мен мекемелердің барлық жұмыс үдерісі мен олардың коммерциялық құрылымдармен, қоғамдық ұйымдармен және Қазақстан аумағындағы өзге де шетелдік алуан ұйымдармен қатынас құралы ретінде қалыптастырып, нығайтуын жүзеге асырудағы басты құжат болуы керек.
3. Бағдарламаны жүзеге асыратын Уәкілдік орган тігіңкі бағыныстағы барлық жергілікті мемлекеттік тілді дамыту басқармаларын құрамына енгізген Тіл комитеті тікелей үкіметке немесе Президент аппаратына қарасты Ішкі саясат департаментіне қарауы керек.
4. Мемлекеттік тілді дамыту мен елдегі өзге диаспоралар тілін қорғау мәселесі Ішкі саясаттың ажырамас бөлігі болып табылуы қажет. Қазақ тілінің кәзіргі жағдайы ең алдымен орыс тілінің деңгейімен теңестірілуі алғашқы мақсат етіп қойылуы керек. Бұл саясаттың негізі қалыптасқан біртілділікті (орыстілділікті) өзара кірігіңкі қостілділікпен ауыстыруды қамтуы қажет. Өзара кірігіңкі қостілділік - қазақтілді қызметшіге кемінде орыс тілінің ауызекі төменгі деңгейін ұғу, ал, орыстілді қызметшіге кемінде қазақ тілінің ауызекі төменгі деңгейін ұғуды міндеттеу арқылы екіжақты бірыңғай тілдік түсіністікке жеткізетін ең төменгі сатылық шарт. Бұл - мемлекеттік тілді мемлекеттік дәлізге енгізудегі алғышарт болып табылады.
5. Мемлекеттік дәліздегі тарылған қазақ тілі үшін тілдік орта, қазақтілді қызметшінің құқығының бұзылу айғағы ретінде мойындалып қоймай, мемлекеттік рәміздің бірі саналатын мемлекеттік тілдің мәртебесінің аяққа басылуы ретінде танылуы керек. Сондықтан да әрбір отырыс, жиналыс пен форумдар мемлекеттік тілсіз өтуін заңды бұзу ретінде танылатындай, заңдамалық өзгерімдер мен толықтырымдар қабылдануы керек.
6. Мемлекеттік тілді дамыту белгілі бір дәрежеде қоғамдық құндылыққа айналуы керек. Ол үшін қазақ тіліне деген жанашырлық қоғамдық тараптан туылатындай шаралар ұйымдастырылып, қоғамдық жобалардың атқарылуы мемлекет пен коммерциялық тараптан қолдауға ие болуы қажет.
7. Әрбір мемлекеттік, коммерциялық, қоғамдық ұйымдардың мемлекеттік тілдегі ақпарат өндіру қабылеті бақыланатындай шаралар жасалуы керек.
8. БАҚ-тардағы қазақтілді өнімге деген талап айқын да жоғары болатындай көрсеткілер (индикаторлар) белгіленуі керек және сол бойынша тұрақты мониторинг жасалуы тиіс.
9. Әрбір жоғарғы оқу орнының қазақтілді өнім өндіру қабылеті ондағы оқытушылар әзірлеген оқулықтар мен әдебиеттердің саны мен сапасы арқылы өлшенгені мақұл. Ал, әр мектептегі оқушының қазақ тілін меңгергендігі сол тілдегі ауызекі ой білдіру деңгейі мен жазу қабылетімен тексерілгені жөн.
Аталмыш сараптамалық баян қоғамдық тараптан жасалған құжат ретінде мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған мемлекеттік шара қабылдауға негіз болатындай бастама болып табылады. Бұл құжаттың бұдан былай жыл сайынғы жасалатын нұсқалары барынша нақты және айқын көрсеткілер (индикатор) бойынша қазақ тілінің ахуалын бағалауға арналатын шара жоспарлануда.
2009 жыл. Наурыз.
Жаупты хатшы – Серік ЕРҒАЛИ.
Баянды бекіткен ұйымдар:
«Ұлт тағдыры» республикалық қоғамдық бірлестігі, Алматы
«Ұлт тағдыры - Астана» қоғамдық бірлестігі, Астана
«Арда» қоғамдық бірлестігі, Ақтөбе
«Анатіл» қоғамдық бірлестігі, Ақтөбе
«Детар» қоғамдық бірлестігі, Қызылорда
«Сайлаушылар одағы» қоғамдық бірлестігі, Қызылорда
«Мәртебе» қоғамдық қор, Қызылорда
Достарыңызбен бөлісу: |