9-1-бап. Жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі талаптар
1. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс кызметін жүзеге асыру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген аумақтық көліктік жоспарлау және жол жүрісін ұйымдастыру жөніндегі талаптарды қамтамасыз ету шарттарына негізделуге тиіс.
Осы талаптарды орындау жөніндегі шаралар аумақтық көліктік жоспарлау және жол жүрісін ұйымдастыру жөніндегі жобалау құжаттамасында көрсетілуге тиіс.
2. Қала құрылысы және сәулет-құрылыс құжаттамасының құрамына аумақтық көліктік жоспарлау және жол жүрісін ұйымдастыру жөнiндегi жобалардың бөлiмдерi (бөлiктерi) енгiзiледi.
Аумақтық көліктік жоспарлау және жол жүрісін ұйымдастыру жөнiндегi белгiленген тәртiппен бекiтiлген жобалау құжаттамасының талаптарын (шарттарын, шектеулерiн) орындау жобаларды iске асыруды жүзеге асыратын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiнiң барлық субъектiлерi үшiн мiндеттi.
3. Елді мекендер мен аумақтар аумақтық көліктік жоспарлау және жол жүрісін ұйымдастыру жөніндегі кешенді жобалау құжаттамасымен қамтамасыз етілуге тиіс.
4. Елді мекендерде жол-көлік оқиғалары және жолдар мен көшелердің өткізу қабілеті мониторингінің нәтижелері мемлекеттік қала құрылысының кадастрында базалық деңгейде көрсетіледі.
5. Аумақтық көліктік жоспарлау және жол жүрісін ұйымдастыру жөніндегі жобалардың бөлімдерінде (бөліктерінде) құжаттардың мынадай түрлері қамтылады:
1) кешенді схемалардың, бас жоспарлардың көліктік бөлімдерін әзірлеу үшін негіздейтін материалдар (жол жүрісін ұйымдастыру жөніндегі тұжырымдамалық ұсыныстар, кешенді көліктік схемалар, зерттеулер мен болжамдар) – көлік жүйелерінің жұмысын, жол-көлік оқиғаларының ошақтары мен себептерін зерттеуді, бұрын әзірленген жобалық шешімдерді күтілетін авариялық деңгейі бойынша бағалауды орындайды, көлік жүктемесін қайта бөлу, көше-жол желісін қайта сыныптау, көше-жол желісінің жаңа учаскелерін салу, жол жүрісін шектеу есебінен жол-көлік оқиғаларын азайту жөнінде ұсыныстар әзірлейді;
2) кешенді көлік схемасы – жеке және қоғамдық көлік арасындағы көлік жұмысының көлемдерін бөлуді орындайды, көше-жол желілерін және қоғамдық көлік желілерін, көшеден тыс жылдамдық қозғалысының желілерін дамыту бойынша кешенді шешімдер ұсынады;
3) көше-жол желісінің бас схемасы – аумақтық жоспарлау құжаттарына (аумақтық жоспарлау схемаларына және бас жоспарларға) сәйкес тиімді әрі қауіпсіз көше-жол желісін дамыту міндеттерін іске асырудың қаржылық-экономикалық аспектілерін белгілейді;
4) көше-жол желісін ұйымдастыру жобасы – магистральдық көше-жол желісінің берілген құрылымын іске асырады, жол жүрісі қауіпсіздігі жөніндегі талаптарды қамтамасыз ету шартымен көшелердің, жолдар мен тораптық элементтердің, көлденең және бойлық қималардың, тораптардағы жол жүрісі схемаларының орналасатын жерлерін айқындайды. Көшелер мен жолдарды орналастыру үшін қажетті аумақтарды айқындайды;
5) жолдарды жоспарлау жобасы – жол жүрісі қауіпсіздігінің талаптарын ескере отырып, бөлінген жерлердің (қызыл сызықтардың), резервке қалдырылған аумақтардың шегінде көшелер мен жолдардың негізгі элементтерінің орналасатын жерлерін айқындайды;
6) жол жүрісін ұйымдастырудың кешенді схемасы – көше-жол желісін ұйымдастырудың қабылданған жобасы мен көшелерді жоспарлаудың қабылданған жобалары шеңберінде жол жүрісін ұйымдастыру жүйесін қоғамдық көліктің жол жүрісімен өзара байланыстыра отырып, айқындайды.
6. Аумақтық көліктік жоспарлау және жол жүрісін ұйымдастыру үш сатыда жүзеге асырылады:
бірінші сатыда ағымдағы көлік жағдайына зерттеулер жүргізіледі, көлік жағдайының ұзақ мерзімді перспективаға арналған өзгеру болжамдары орындалады, аумақтың көлік тірегін дамыту мүмкіндіктеріне баға беріледі және бірінші кезегін бөліп көрсете отырып, ұзақ мерзімді перспективаға арналған жол жүрісін ұйымдастыру жөніндегі тұжырымдамалық ұсыныстар қалыптастырылады. Бір жүз мыңнан астам тұрғыны бар қалалар, көлік жағдайы күрделі басқа да қалалар үшін кешенді көлік схемалары әзірленеді;
екінші сатыда зерттеу нәтижелері, тұжырымдамалық ұсыныстар және кешенді көлік схемалары негіздейтін материалдар ретінде ресімделеді және Қазақстан Республикасының және жекелеген өңірлердің (облыстың немесе оның қандай да бір бөлігінің) аумағын аумақтық жоспарлау схемаларын, елді мекендердің бас жоспарларын әзірлеу шеңберінде қаралады. Аумақтық жоспарлау схемаларының және бас жоспарлардың басқа да материалдарымен өзара байланыстырылған жол жүрісін ұйымдастырудың бас схемалары көрсетілген құжаттарды әзірлеудің нәтижесі болып табылады;
үшінші сатыда жол жүрісін ұйымдастыру бас схемаларының негізінде жол жүрісін ұйымдастырудың кешенді схемалары әзірленеді.
7. Көше-жол желісін ұйымдастыру жобасы бас жоспар (аумақтық жоспарлау құжаты), жолдарды жоспарлау жобасы мен жол жүрісін ұйымдастырудың кешенді схемасы арасындағы өзара байланыстырушы буын болып табылады.
8. Жолдарды жоспарлау жобасы жекелеген тораптарда жол жүрісін ұйымдастыру жобасын әзірлеуге негіз болып табылады.
9. Қазақстан Республикасының аумағында жолдарды жобалау мынадай:
жол жүрісі қарқындылығының ұлғаю перспективасын ескере отырып, жолдардың қажетті өткізу қабілетін;
жолдарды интеллектуалды көлік жүйелерімен;
қоғамдық көліктің кедергісіз әрі қауіпсіз жүруін, оның ішінде оларға жүру үшін жекелеген жолақтарды бөлу арқылы;
велосипедтердің кедергісіз әрі қауіпсіз жүруін, оның ішінде оларға жекелеген велосипед жүретін жолақтарды не велосипед жолдарын бөлу арқылы;
жолдарды трасса бойындағы медициналық-құтқару пункттерімен жарақтандыруды;
жаяу жүргіншілер өткелдерімен қамтамасыз етудің міндетті талаптарына сай болуға тиіс.
Ескерту. 2-тарау 9-1-баппен толықтырылды - ҚР 17.04.2014 № 195-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Достарыңызбен бөлісу: |