«Жасыл» экономика және қоршаған орта Қазақстан энергияны көп қажет ететін экономикасы бар ел болып табылады, сондықтан бүгінгі күні тұрақты ұзақ мерзімді даму жолына өту үшін қадамдар жасау қажет.
Қазақстан жаңғыртылатын энергетикаға көшу және қоршаған ортаны қорғау мәселелерін кешенді түрде шешетін «Жасыл» экономика тұжырымдамасын іске асыруда. 2050 жылға қарай баламалы және жаңартылатын энергияны пайдалану үлесінің 50 %-ына қол жеткізу мақсаты қойылды.
Қазақстан Париж келісіміне қосылып, парниктік газдар шығарындыларын 2030 жылға дейін 15%-ға төмендету жөнінде мәлімделген үлестерге қол жеткізуге міндеттенеді.
Жаңартылатын энергия көздерін (бұдан әрі – ЖЭК), энергия үнемдеуді және энергия тиімділігін дамыту үшін заңнамалық және экономикалық тетіктер жасалды. 2017 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елімізде жиынтық қуаты шамамен 300 МВт ЖЭК-ті пайдаланатын 50-ге жуық кәсіпорын жұмыс істейді, олардың 2016 жылы өндірген электр энергиясының үлесі 1%-ды құрады.
Халықтың орталықтандырылған сумен жабдықтауға қол жеткізуі қалаларда 82%-дан 88%-ға дейін, ал ауылдық елді мекендерде 42,5%-дан
52,3%-ға дейін өсті.
Қоршаған ортаның жай-күйіне байланысты проблемалар әлі шешілмеуде, олар: жерлердің тозуы, су ресурстарының тапшылығы, қалаларда ауа ластануының жоғары деңгейі, тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату.