АБАЙ ҚҰНАНБАЕВ – ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІНІҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ
Абай Құнанбаев (1845-1904) – ұлы ақын, жазушы, қоғам қайраткері, ағартушы, қазақтың жазба әдебиетінің және әдеби тілінің негізін салушы.
«Абай 1845 жылы бұрынғы Семей облысының, Семей уезі, Шыңғыс болысында туған. Шыққан руы тобықты. Ата тегі сол тобықты ішінде билік құрып, ықпалын жүргізіп, үстемдік етіп келген тұқым. Үлкен әкесі Өскембай тобықтының атақты биі Кеңгірбайдан бата алып өмір бойы сол өз руының биі болып өткен. Өз әкесі Құнанбай көп заман тобықты болысына старшын боп кеп, бір уақыт Қарқаралы округіне аға сұлтан да болды». Абай көпті көрген әжесі Зеренің тәрбиесінде болды. Шешесі Ұлжан да ақылды ананың бірі болған. Болашақ ақын сабырлы мінезімен, кең пейілімен ел анасы атанған «кәрі әжесі» Зеренің таусылмайтын мол қазынадай аңыз ертегілерін естіп, абысын-ажынға жайлы, мінезі көнтерлі, әзіл-қалжыңға шебер, жөн-жобаға жетік өз анасы Ұлжанның тәрбиесінде өсті. Абай әуелі ауылдағы Ғабитхан молдадан сауатын ашады да, 10 жасқа толған соң 3 жыл Семейдегі Ахмет Риза медресесінде оқиды. Бұл медреседе араб, парсы тілдерінде, негізінен, дін сабағы жүргізілетін еді. Құрбыларынан анағұрлым зейінді бала оқуға бар ықыласымен беріліп, үздік шәкірт атанады. Ол енді дін оқуын ғана місе тұтпай, білімін өз бетінше жетілдіруге ұмтылады. Сөйтіп көптеген шығыс ақындарының шығармаларымен, араб, иран, шағатай (ескі өзбек) тілінде жазылған ертегі, дастан, қиссалармен танысады, Шығыстың Низами, Науаи, Сәғди, Қожа Хафиз, Фзули сияқты ұлы ғұлама, классик ақындарына бауыр басады. Медресенің үшінші жылында Абай Семей қаласындағы «Приходская школаға» да қосымша түсіп, орысша сауатын аша бастайды. Бірақ бұл оқуын әрі жалғастыра алмай, небәрі 3 жылдан соң оның мұсылманша да, орысша да оқуы аяқталады. Ол өзін 40 жасқа келгенде ғана ақын және азамат екенін танып «Жаз» деген өлеңіне өз атын жазады (бұрын шығармаларын досы Жантасов Көкбайдың атынан жазатын) [1, 448 б.]. Болашақ ақынның дүниеге көзқарасының қалыптасуына оның озық ойлы орыс зиялы қауымының өкілдерімен араласуы орасан зор ықпал етті. Ол кезде өз Отанының тәуелсіздігі жолындағы ұлт-азаттық қозғалыстарға белсене қатысушылар Қазақстан аумағына жер аударылып келіп жатты. Олар, атап айтқанда, Украина мен Польшадағы зиялы қауымның неғұрлым білімді өкілдері болатын. Жер аударылып келгендердің арасында патша үкіметінің саясатына қарсы шыққан орыс зиялы қауымының өкілдері де аз емес еді. Олар Абайдың саяси көзқарасының қалыптасуына ықпал етті. Атап айтқанда, Е. Михаэлис, А. Леонтьев, С. Гросс, А. Блек, П. Лобановский, Н. Коншин, Н. Долгополов және басқалары еді.
Олар Абаймен бірге жиі-жиі қонақта болып жүрді. Қазақ ақыны солардың арқасында озық ойлы орыс мәдениетінің алып өкілдері А.С. Пушкиннің, М.Ю. Лермонтовтың және басқалардың шығармаларымен жете танысты. Бұл озық ойлы азаматтардың Абайдың саяси-әлеуметтік көзқарасына игі ықпалы тигізгені сөзсіз [1, 450 б.]. Бірақ Абай Құнанбаев орыс мәдениетімен, әдебиетіменен, демократтық көзқарастарымен осы кісілер арқылы деу ағат айтқандық болар еді. Бұл тұста М. О. Әуезовтың «Ал, кейін орыс тілін біліп, орыстың ұлы мәдениетін мол, терең тани бастаған Абай озғын ойды бұлардан үйренбейді. Пушкиннің өзінен, Белинский, Герцен, Чернышевский, Салтыков-Щедрин, Некрасовтардың өз мұраларын оқып, кең, терең тәрбие алды. Абайдың классик ақын болған маңызын, әлеуметтік көзқарасын тек Михаэлис әсерінен деп қойсақ, әрі Абайға, әрі орыс халқының ұлы мұрасына және ұлы даналарына қиянат сөз айтқан болар едік» деген тұжырымын келтірсек те жеткілікті. Абай осылайша Европаның Гете, Байрон сияқты ақындарын, Спенсер, Спиноза, Льюис, Дарвин, Дрепер сынды ғұламаларының туындыларын оқыды. Сөйтіп Әуезовтың сөзімен айтқанда «1884 жылдары, жасы қырыққа таман ілінгенде, ол дүниеден көп мағлұматы бар кісі болды». Абай осы тұста, 1886ж. досы Михаэлистің ұсынысымен, Семей облысы Статистика комитетінің толық мүшесі болып сайланды.
Абайдың өмірлік бағдарламасы, жаңа Абай екенін көрсететін өлеңі 1885 жылғы «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деген өлеңі, ұлы ақынның өкініші. Мұнда үлгілі, жемісті өкініш айтылады. Кейінгілерге үлгі ретінде айтылады. Бұл сол замандағы барлық саналы ата-ананың өкініші еді.
«Бұл мақрұм қалмағыма кім жазалы?» дейді. Бұл «мақрұм» қалған Абай сол кезде Пушкин, Лермонтов, Толстой, Щедрин, Крылов т.б. біледі. Сонда да білген сайынғы білімге қомағайлықты көрсетеді. «Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім» дегенде дін медресе емес, басқа оқу жүйесін айтады.
Қазақ ортасында идеялық жаңа тыныстың қанаттануына Абайдай жан салған ойшыл кемде-кем, идеялық өрістің отыг жағу үшін, шоқтанып қалған халықтың сезім мен ұлттық дәстүрді жедел дамыту керек болды. Сонау ХІХ ғасырдың соңында сомдалған Абай ақыры ХХ ғасырдағы реалистік поэзияның биік шыңына айналды [2, 6 б.].
Абай туған халқын сүйіп, оны қасіреттен құтқаруды, бодандыққа қарсы халқын күресуге оятып, береке-бірлікке шақырды.
Ұлы Абай тәуелсіздік таңын көре алмады, бірақ оны ұрпағы бүгінде өзінің тәуелсіз мемлекетін құруда.
Туған халқы да Абайын сүйіп, қатты құрметтеді. Өмірлік мағынасы зор өлеңдерін жатқа айтып, тұмардай сақтады. Шынында әр сөзі теңіздің тереңіне тартқандай мың батпан ойдан туған, кісіге берер шабыты мен шапағаты мол Абай әр қазақтың бағдаршамы іспетті.
Ұлы Абайдың әлеуметтік мәселелерді қозғайтын ойшыл өлеңдерінің астарына терең үңіледі. Кейбір пікірлерін келтіре кетсек.
«Абай қазақ арасындағы берекесіздіктің және басқа кемшіліктердің түп тамыры надандығында, оқымағандығында деп түсінеді де, халқының «көңіл көзін», яғни сана сезімін жетілдіру үшін қазақ жастарын оқуға, білім алуға шақырады. Ол:
Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ-барды, ертегіні термек үшін,
Көкірегі сезімді, ойы орамды,
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін, - деп бар үмітін оқуға талапты жастарға жүктейді [1,92 б.]. Өзі туралы айтқанда:
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ер жеткен соң түспеді уысыма, [2, 51 б.].
Қолымды мезгілінен кеш сермедім, - дейді де, оқыған өз балалары жайында:
Баламды медресеге біл деп бердім,
Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім, — деп, [1, 17 б.] оқығанда әкім болу үшін емес, ғалым болып дүние тану үшін оқу керек екенін еске салады».
Абайдың ақындық дәстүрін ақынның көзі тірісінде тікелей дамытып, жалғастырған ақын шәкірттері болған. Солардың ішінде ерекше орын алатыны Абайдың өз балалары.
Абай тек қана ақын емес, сонымен бірге сазгер. Халық арасынан шыққан таланттарды танып, олардың еңбегін таратушы болды.
Абайдың ән шығармашылығы қазақтың халық музыкасында ерекше орын алады. «Сегіз аяқ», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай» т.б. әндері әлі күнге халық жүрегінен жылы орын алған.
Абай өзінің шығармашылығында қара сөзге ерекше мән берген.
Абай поэзиясының арқауы ғылым, білім, еңбек – осы қара сөздерде жалғасып дамиды.
Қара сөздерден адамның көңіл-күйінің жарығы мен қараңғысының айнасы болған – күлкі мен қайғы туралы педагогтар арасында осы күнге дейін айтылмаған тың ой табамыз. Өйткені күлкі мен қайғы туралы ешкім Абайдай тап басып айта алмаған. Абай «күлме» демейді тек «орынсыз күлкіден сақ бол» дейді. Абай өз шығармалары арқылы рухани бірлікке шақырады.
Абай өлеңдері бай философиялық, күрескерлік қасиетке ие. Ол ең алдымен қазақтың телегей – теңіз ауыз әдебиетінен сусындап, батырлар жыры мен ғашықтық жырларының үрдісіне мұрагерлік етті.
«Ескендір», «Масғұт», «Әзім әңгімесі» - Абайдың шығармашылық мұрасындағы поэмалары да зерттеушілердің назарында.
Абай қазақ өлең үлгісін жаңаша тұрғыдан байыта түсті. Сондықтан да Абай қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы деуге болады.
Қазақ халқының жазу әдебиетінің негізін қалаушы ұлы ақын Абай халықтың ағарту ісін өркендету үшін шығыс және батыс мәдениетін жан-жақты зерттеп, сол мәдениет негіздерін өз халқына үлгі-өнеге етіп көрсете білді.
Абай Шығыс мәдениетінен ақындық пен шешендік өнерін, мұсылмандық ғақлияларды танып, оны халыққа ұсына білді.
Абай Батыс мәдениетінен ғылым негіздерін, көркем әдебиетті үйренуді уағыздады. Абай өлеңдерінің эстетикалық тәрбиелік мәні зор. Табиғат лирикасы – Абайдың ұлы талантын, биік мәдениетін танытатын өлеңдер (З. Қабдолов) [3, 6 б.]. Абай шығармаларындағы табиғат лирикаларында табиғат пен адамның бейнесі, іс-қимылын ақын үйлестіре жырлап, әрі табиғат көркемдігіне оқушы мен тыңдаушыны қызықтырады, әрі сол кездергі адам бейнесін суреттеп көркемдікті, адамгершілікті сезіндіре, әсерлендіре тәрбиелейді.
Абай өлеңдері еңбекке, ғылым, өнер үйренуге, адамгершілікке де тәрбиелейді.
Ұлы Абайдың қара сөздері қазақтың ұлттық педагогикасына асыл арна болып қосылған педагогикалық (тәлім-тәрбиелік) тұжырымдар. Данышпан ақын көсем сөз арқылы да өзінің дүниетанымдық, тәрбиелік ойларын оқушыларына қарапайым баяндап, әсіресе ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды, іршіліктен іс-әрекеттік кемшіліктерді кесіп айтып, елді түзеп, ерді тәрбиелеуге терең ой жұмсаған. Бірінші сөзінде ойшыл адам отты ойларын қағаз бетіне түсірсе, ол да тәрбие десе, екінші сөзінде халықтың қасіретсіз өмір сүруі үшін басқа халықтардан үлгі алып, ұрпағын еңбекке тәрбиелеуін уағыздайды. Абай үшінші сөзінде қазақ халқының “бірінің –біріне қаскүнем болатынын, бірінің тілеуін бірі тілдеспейтінін, рас сөзі аз болатынын, қызметке таласқыш, өздерінің жалқау болатындарының себебі не” деп оның ұлттық кемшіліктерін атап көрсетеді, мұның бәрі тек малды ойлап, малға бейімделіп бара жатқан халықтың достықты ойлап, бірлікке бейімделіп, еңбекке дағдыланып, жағымпаздық пен жалқаулықтан аулақ болу керек екенін уағыздайды.
Абай қазақтың салт-дәстүрін сөз қылғанда белгілі мақсат көздеген дәстүрдің озығын дәріптеп, дәурені өткен тозығын үнемі айыптап отырған. Мысалы, “Аса, тойға баратұғын” деген он ауыз өлең жолында қазақтың қыз айттыруы, ел шетіне жау шапты дегенде ел намысын қорғауға аттанған ердің қапыда жау қолынан қаза табу, оң жақта отырған қалыңдықтың зар еңіреп жесір қалуы, адал махабаттың иесін арудың сүйген жарының қазынасына шыдай алмай өлуі жырланады. Ақын осы арқылы жастарды елді, жерді сүюге тәрбиелеуді, шынайы махаббат жолында жанын пида еткен жастарды өзгеге үлгі-өнеге етуді мақсат тұтады.
Бұл Абайдың, біріншіден, ақындық шеберлігін білдірсе, екінші-халық дәстүрін дәріптеп, ел жақсысының жақсылығын кейінгі ұрпаққа өнеге-үлгі етіп ұсынуының айғағы.
Жаңа реалистік жазба әдебиеттің негізін салған, ұлттық сөз өнеріміздегі жаңа дәстүрді бастаушы болған ақын тұлғасы осындай жан-жақты болуы да тегін емес дейміз. Сонда оған ілесе шыққан аса көрнекті ақындардың — Шәкәрім, Сұлтанмахмұт, Мағжан, А.Байтұрсынов пен М.Дулатовтың қайсысы болсын алдындағы ізашар ақынның дәстүрлерін өз шығармашылық өнерінің өзгешелік сипатына сәйкес өзінше жалғастырғаны заңды құбылыс болып шығады. Сонда біз Шәкәрімді Абайдың оқу-білім, ғылымды, адал еңбекті, талаптылықты, адамгершілікті уағыздау өнегесін фәлсапашыл ойшылдығын өзінше өрістеткен ақын десек, Сұлтанмахмұтты әсіресе әлеуметтік өмірдің қайшылықтарын, өз заманының шындығын нақтылы түрде, үлкен сыншылдықпен ашып көрсетуі жағынан Абай дәстүрлерін дамытуда өзіндік тың, жаңа өріс тапқан дей аламыз. Ал Мағжанды айтсақ, ол теңдесі жоқ лирик ақын ретінде Абайдың өз көңіл күйін және жалпы адамның жан дүниесін, ішкі сезімін суреттеудегі дәстүрлерін өзінің сыршылдық шеберлігіне тірек етіп, өзінше жалғастырған деу орынды.
«Дана ақынның өз халқынан және жалпы адам баласының өнер-ой байлығынан алған үш үлкен салалы түп-төркіні барын байқаймыз. Мұның біріншісі – қазақ халқының есте жоқ ескі заманнан жиып, өсіріп келген өз даналығы, халықтың ауызша әдебиет қоры. Екінші бір қол артқан қазынасы -араб, парсы, түрік тіліндегі шығыстың көркем классик поэзиясы. Үшінші, үлкен өнер, мол азық алған зор саласы - орыс халқының мәдениеті және сол арқылы Еуропа мәдениеті. Осы соңғы өріске құлаш созған Абай өз заманы үшін әрі жаңа тарих, жаңа дәуірдің басы, әрі кең майдан келешек еді».
Абай орыс тілін тамаша меңгерді. Мұның өзі оның орыс ақыны М. Лермонтовтың бірқатар өлеңін қазақ тіліне аударуына мүмкіндік берді. Атап айтқанда, Абай М.Ю. Лермонтовтың «Шайтан» («Демон»), «Дұға» («Молитва»), «Қанжар», «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз», «Жалау» («Жалғыз жалау жалтылдап»), «Теректің сыйы» («Асау Терек долданып, буырқанып») сияқты өлендерін аударды. Абай А.С. Пушкиннің «Евгений Онегин» дастанының үзінділерін қазақы ұғымда жатық етіп еркін аударды. Абайдың Татьяна хатының сөзіне шығарған «Татьянаның қырдағы әні» қалың елдің сүйікті әніне айналды.
Абай И.А. Крыловтың мысалдарын казақ тіліне аударумен де айналысты. Қазақтар ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті жетекшісі Ә. Бөкейханов өзінің қырғыз даласындағы әр түрлі уездерде болған кезінде ондағы ақындардың Пушкин мен Лермонтовтың Абай аударған өлеңдерін жақсы білетініне, оларды домбырада әнге қосып айтатынына көз жеткізіп қайтқанын жазады.Орыс тілінен Абай аударған шығармалар қазақ әдебиетін байыта түсті. Абай орыстың ұлы акындарының 50-ден астам өлеңін қазақ тіліне аударды.
Абайдың өз өлеңдері мен қара сөзбен жазылған ғибраттарында қазақ қоғамы өмірінің барлық жақтарын ашып көрсетті. Одан ақыл-кеңес сұраған дала тұрғындары ағылып келіп жатты. Атап айтқанда, оған Баянауыл өлкесіндегі белгілі шежіресі, әрі ақын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы келіп тұрды. Абаймен Семейге саяси жер аударылып келгендер де санасатын. Міне, мұның бәрі патша үкіметі шенеуніктері мен олардың жергілікті кейбір итаршыларының тарапынан қызғаныш пен көре алмаушылық, тіпті саяси күдік туғызды.
Қорыта айтқанда, Абай қазақтың демократ ақыны, ұлы ойшыл, философы. Ол қазақ тілінің мәйегінен көптеген өлеңдер мен дастандар сондай-ақ, басқа да философиялық шығармалар жазды.
Абайды Абай еткен, асыл сөзімен өлең етіп ұйытып, жүрегіне жыр болып байланған қасиеті - өмірден әділет, мейірім, сенім, адалдық іздеу барысында тапқан танымдық олжалары, санасын сарғайтып барып көзін ашқан тұжырым тоғыстары өлең арқылы өріліп жатыр.
Абай өлеңдерінің тақырыбы жан-жақты әлеуметтік аясы кең. Өлеңдері халықты өнерге, білімге, ғылымға шақырады, әрі жанға жайлы, жүрекке жылы тиетін махаббат өлеңдері болып келеді. Сондықтан Абай өлеңдері XIX ғасырдағы «қазақ қоғамының айнасы» деп те аталады.
Ақын 1904 жылы туған жерінде қайтыс болды. Сүйегі Жидебай деген жерге қойылды. Қазір сол Жидебайда ақынның өзі тұрған үйде әдеби-мемориалдық мұражайы бар. Жер бетіндегі күллі қазақ қауымы өздерінің ұлы Абайымен мақтанады. Олар күн өткен сайын Абайды жаңа қырынан тануда. Өйткені Абай мұралары бүгін де, болашақта да өзінің өміршеңдігімен мәңгі жасайтын ғажап туындылар.
Абай шығармалары қазірдің өзінде көптеген тілдерге аударылып, әлем халықтарының жақсы бағасын алуда. Соның бір дәлелі, Қытай Халық Республикасында Абай шығармаларының қазақша нұсқаларынан сырт оның үш бірдей дастаны және өлеңдері мен қара сөздері қытай тілінде жарық көрді.
Абай отандық тарихымыз бен әдебиетімізде аса көрнекті орын алады. Абай қазақтың ұлттық жазба әдебиетінің негізін қалады. Абай есімі дүние жүзі халықтары әдебиетінде Шекспир, Пушкин, Гетелермен қатар тұрады. Ақынның мол әдеби мұрасы тек бір халықтың ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани қазынасы саналады. Қазақстанда ұлы Абайдың есімі көптеген елді мекендер мен көшелерге, Алматы Ұлттық университетіне, Алматы қаласындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрына берілген. Ұлы ақынның құрметіне Қазақстан мен Ресейде ескерткіштер орнатылған. Қазақстанның жоғары оқу орындарында Абай шығармашылығына арналған халықаралық және республикалық ғылыми конференциялар жыл сайын өткізіліп тұрады.
Әдебиеттер тізімі
1. Абай. Алматы: Жібек жолы, 2012. – 487 б.
2. Абай Құнанбайұлы көңілімнің санасы. Алматы: Олжас кітапханасы, 2012. – 179 б.
3. Мұхтарова Ш. Идеи национального сознания в наследии Абая // Улагат. 2012. № 2
4. Абай. Қалың елім қазағым. Алматы: «Атамұра» 2012. – 222б.
5. Абай. Алматы: Жазушы, 1- том, 2012. – 294 б.
6. Абай. Алматы: Жазушы, 2- том, 2012. – 335 б.
С.Б. Иманбаева,
Қарағанды мемлекеттік
техникалық университетінің
Қазақ тілі және мәдениеті
кафедрасының аға оқытушысы, п.ғ.м.
e-mail: svetakaz77@mail.ru
ЫБЫРАЙ АЛТЫНСАРИН – АҒАРТУШЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАНДА ХАЛЫҚҚА БІЛІМ БЕРУ ІСІН ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ
Ыбырай Алтынсарин – аса көрнекті педагог-ағартушы, энтузиаст, ақын, фольклоршы, этнограф, қазақ балаларына арналған қазақ және орыс тілдеріндегі оқулықтардың авторы. Өзінің барлық күш-жігері мен талантын қазақ халқының санасын серпілтіп, оқу-ағартуға арнаған кемеңгер ойшыл. Ол Торғай өлкесінде жеті зайырлы мектеп ашты.
1850 жылы Орынборда патша әкімшілігі үшін орыс тілінде іс жүргізетін сауатты қызметшілер даярлау мақсатында қазақ балаларына арналған алғашқы мектептердің бірі ашылғанда атасы Ыбырайды оқуға береді. Табиғатынан зерек Ыбырай табандылық танытады. 1857 жылы ол мектепті табысты аяқтап, Орынбор шекара маңы комиссиясында үш жылға жуық кеңсе хатшысы қызметін атқарды. Бұл жерде де ол өзінің білімін жетілдіруді тоқтатқан жоқ, халқының тарихына, әдебиетіне үңілді, шығыстың, батыс еуропаның, орыстың әдебиетін, ғылымы мен көркем әдебиетін, мәдениетін зерделеуді жалғастыра берді.
Ы. Алтынсариннің бойында туған халқыма пайдамды тигізсем деген ұмтылыс басым болатын. Ол ұрпақ тәрбиелеп, педагогикалық қызметпен шұғылдануды армандады, бұл істі өзінің өмірлік мақсаты деп білді. 1860 жылы ол Орынбордан Торғай қаласына ауысып, туған халқына жақындай түсті, алайда Ы.Алтынсарин бұл жерде де өзінің сүйген ісімен алаңсыз айналыса алған жоқ. Оны біресе судьяның көмекшісі, енді бірде бастықтың орынбасары етіп тағайындаған патшалық биліктің жергілікті өкілдері шәкірт оқытумен шұғылдануға мүмкіндік бермеді. Тек 1865 жылы ғана ол педагогикалық қызметке біржолата бет бұрды. Одан әрі 20 жылға жуық өмірін халық ағарту жүйесінде басшы лауазымдарда адал қызметімен жалғастырды. Торғай уезінде халық ағарту инспекторы болғанда ол асқан ұйымдастырушылық шеберлігімен көзге түсіп, талантты педагог, жазушы-ағартушы, жұртшылық мойындаған ірі қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілді. Ы. Алтынсарин балаларға білім беріп, сауатын ашуды оқыған адамның қасиетті парызы деп санады.
Ы. Алтынсарин өзінің алдына Қазақстанда ағартушылықтың асыл мұраттарын халықтың қалың бұқарасына жеткізе алатын оқыған адамдарды даярлау мақсатын қойды. Ал осындай деңгейдегі кадрларды зайырлы халық мектептері арқылы ғана даярлау мүмкін еді [1].
Ы. Алтынсариннің бастамашылығымен және өзінің тікелей қатысуымен Қазақстанда халықтық зайырлы мектептер жүйесін құруы оның тарихтағы алатын жоғары орнын айқындап берді.
Қолөнер, ауылшаруашылығы мектептерін ұйымдастыру Ы. Алтынсариннің қызметінің жарқын бағыттарының бірі болып табылады. Ағартушы көпбейінді мектептердің жұмысын жолға қоюға мән берді, ал өзіне тиесілі жерді Торғай ауылшаруашылығы мектебіне пайдалануға беру туралы өсиет қалдырды.
Оның балаларды өз халқына пайдалы болу үшін және ауылшаруашалығының, өнеркәсіптің жетістіктеріне тарту үшін оқытуға ұмтылысы екі жақтан қарсылыққа тап болды. Отарлау саясатын жүргізген патша әкімшілігі жергілікті халықтың арасынан шыққан кеңсе хатшысы, аудармашы, іс қағаздарын орыс тілінде жүргізуге қабілетті шенеуніктердің төменгі буынын даярлауға ғана мүдделі болатын. Сондықтан олар Ыбырайға қарсы да болған жоқ, ешқандай қолдау да көрсетпеді. Екінші жағынан, жергілікті дін өкілдері жаңа өзгерістерге қарсы шықты. Қазақтың феодалдары үшін мал шаруашылығына негізделен тұрмыстық салт өмір мұраты болып табылатын. Сондықтан шаруашылық саласындағы қандай да бір жаңалық оларға қазақтың көшпелі өмір салтына жасалған қастандық болып көрінетін. Бұдан басқа, экономикасы артта қалған Қазақстан жағдайында шаруашылық жүргізудің прогресшіл түрлеріне көшудің өзі өте қиын еді, өйткені Қазақстан экономикасының қойнауында капитализм элементтері жаңа ғана пайда бола бастаған еді. Осыған қарамастан, педагогтың бастамашылығымен негізі қаланған кәсіптік мектептердің прогресшіл мәні болды [2].
Ұстаз ауылдарды жиі аралап, жергілікті халыққа зайырлы білімнің пайдасын түсіндірумен болды, мектеп салу үшін қаражат жинауды ұйымдастырды. Қазақтардан қаражат жинап, бірден мектеп құрылысын салуға кірісті. 1864 жылы қаңтардың 8-інде мектептің ашылу салтанаты болды. Мектепке 16 бала қабылданды, оның жанынан интернат ашылды.
Ыбырай Алтынсарин өлкеде әйелдерге білім берудің негізін қалады. Ол Ырғыз қаласында қазақ қыздарына арналған мектеп-интернат ашты. Оның бастамашылығымен қазақ балаларына арналған 7 бастауыш мектеп, 4 екісыныптық училище ашылып жұмыс істеді.
Ағартушы сондай-ақ, бастауыш мектептерге арнап мұғалімдер даярлайтын оқу орындарын ұйымдастырумен де айналысты, себебі мектептерде білім берудің сәл де болса кеңейе түсуі және қазақ қоғамының әлеуметтік-экономикалық тұрмыс-салтындағы оң өзгерістер осы саланың мамандарын даярлау қажеттілігінің мәселелерін шешеуді талап етті. 1879 жылы құрылған Түркістан мұғалімдер семинариясы және Орынбор қазақ мұғалімдер мектебі (1883 жыл) алғашқы кәсіби оқу орындары болатын.
Ыбырай Алтынсарин зайырлы халық мектептерін ашумен шектелмей, оқу және әдістемелік құралдар жазды. Педагог-жазушы орыс-қазақ мектептеріне арнап екі оқу құралын жазды, оның бірі, «Қырғыз хрестоматиясы» және екіншісі «Қырғыздарды орыс тіліне үйрету жөніндегі негізгі нұсқаулық» олар орыс тілінде оқып жүрген қазақ балаларына арналған. Білімге құштарлық, туған халқына пайдасын тигізуге жігерлі ұмтылыс - Ыбырай Алтынсариннің өмірлік мақсат-мұраты болды. Ол қазақ және орыс халықтарының достығын жақтады, орыс педагогтары мен жазушыларының тәжірибелерін кеңінен қолданды.
Халық ағартушысы баспадан шығарған кітаптарда орыс графикасы негізінде жасалған жаңа қазақ алфавиті пайдаланылды. «Қырғыз хрестоматиясына» кіріспе мақаласында автор былай жазады: «...азия тілдерінің ешқайсысында да жалпы мазмұндағы кітаптарды мүлде жоқ десе де болады, біз осыған ұқсас нұсқаулықты өзімізге жақын орыс тілінен іздеуге мәжбүр болдық. Сондықтан да біз осы хрестоматияны ол өзінің мақсатына тікелей сай болуы, яғни барынша ғылыми және жалпыға бірдей пайдалы кітаптарға тікелей жол сілтеу қызметін атқаруы, соңғысына мазмұнымен де, алфавитімен де қайшы келмуі үшін орыс әріптерімен жазған барынша ыңғайлы деп ойладық» [3].
Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық қызметінде балаларды тәрбиелеу мен оқытудың алатын орны ерекше. Ол мектептердегі барлық оқыту және тәрбие үдерісіндегі басты қозғаушы күш ретіндегі мұғалімнің атқаратын рөліне үлкен мән берді. «Халық мектептері үшін, - деп жазды ол, – мұғалім бәрін қамтиды: тамаша жазылған педагогикалық нұсқаулықтарды да,... егжей-тегжейлі инспекторлық бақылауды да онымен салыстыруға келмейді».
Ол мұғалімдер өздерінің шәкірттерін жақсы көруі керек және оқушылар мен олардың ата-аналары да оларды жақсы көруі тиіс деп санады. Оның пікірі бойынша, тек сонда ғана тәрбие мен білім берудің алдында тұрған мақсаттарға қол жеткізуге болады.
Алтынсарин шәкірттердің адамгершілік тәрбиесіне баса мән берді және кедейлердің балаларын, қазақтың қыздарын оқытуға ерекше көңіл бөлді. Ол шәкірттердің бойында адамгершілік, еңбекке адалдық, Отан сүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға күш салды. «Олар кейіннен парақор болып шықпас үшін, -деп жазады ол, - олардың адамгершілік сезімдерін оятуға барлық күш-жігерімді жұмсаудамын» [1].
Білім беру және тәрбие мәселесін жан-жақты қамтуға ұмтылысымен Ыбырай Алтынсарин жаңаша оқыту мен тәрбиелеудің көшбасшысы, Қазақстандағы прогресшіл педагогикалық ақыл-ойдың негізін қалаушы деген атаққа лайық. Халық ағарту саласындағы оның сіңірген еңбегін замандастары жоғары бағалады.
Өзінің ақындық шығармашылығында педагог-ағартушы халықтың сауатын ашып, білім беру мәселелерін бірінші орынға қойды, жастарды білім алуға үндеумен болды. Ыбырай Алтынсариннің заманында білім алудың қажеттілігін дәлелдеу керек болатын. Мектепті ашу қаншалықты қиын болса, шәкірттеді жинау да соншалықты қиын блатын. Педагог Алтынсарин балаларға арнап, оларды оқып білім алуға шақырған өлеңдер жазды. Сол өлеңдердің ішіндегі ең танымалы — «Кел, балалар, оқылық!», онда ғылым мен білімнің адам өміріндегі пайдасы туралы айтылады.
«Өнер-білім бар жұрттар...» деп басталатын өлеңінде ақын қазақтарды өркениетті халықтар қатарына алып шығатын білім үшін күресу қажеттігі туралы ойды оқырманға жеткізуге күш салған.
Қоғамдық-ағарту тақырыбындағы өлеңдермен қатар, Алтынсариннің ақындық шығармашылығында ауыл өміріндегі әлеуметтік теңсіздік ашып көрсетілетін, байлардың сараңдығы мен қатыгездігі сын тезіне алынған шығармалары да бар. Сорлы халық бас көтермей бүкшеңдеп жұмыс істейді, тақта отырған хан олардың үстінен билігін жүргізеді, кедейлерді аяусыз қанап, тонайды, байлардан сый-сияпатын аямайды.
Алтынсарин туған табиғаттың көрінісін асқан шеберлікпен суреттеген. Табиғаттың өзіндік үйлесіміне, бояулары мен дыбыстарының нақышына таңдай қаға таңырқамаған бірде бір шынайы ақын болмаған шығар. «Табиғатқа тәнті болу жаңа дами бастаған рухтың бастапқы сәті. Әр адам оның ойын ғажайып түрімен, бояуымен, дыбысымен...жаулап алған құбылыстан бастайды», - деп жазған В. Г. Белинский.
Ақын-Алтынсарин дала табиғатымен тонның ішкі бауындай етене жақын. Ал көктемгі дала келбеті оны ерекше толғандырады. «Көктем» деген өлеңінде табиғат көріністері мен халық тұрмысының көріністері ажырағысыз жымдасып жатыр. «Құтты жерден» нәр алып құлпырған, «ұшы-қиыры жоқ кеңістік мөп-мөлдір шықтың жылуынан бусанып, жұпар иісті көк майсамен көмкерілгендегі» «көгілдір көкжиектегі» сайын дала көрінісі мәңгі жасай беретін тіршіліктің көктеммен қуанышты қауышу сәтінің сырлы сипатарымен толыға түскен.
Құландар, сайғақтар — бойлай өскен шөптерге риза болып дала төсін дүбірге толтырып ойнақ салады. Жарқыраған айна көлдер аққу-қаздардың қаңқылына толады. Ал ақшаңқан күн сәулесі көзге шаншылған сәтте алыс көкжиектен сәулелі көгілдір сағым қол бұлғайды.
Көктем өзімен бірге қуанышын ала келеді. Суреткердің қырағы көзі «көк масаты үстінде» асыр салған балаларды да, жолға бет түзеген көшті де, «әзіл-қалжыңы жарасқан» әйелдерді де, таң алдында қимай айырылсқан ғашықтарды да қалт жібермеген.
Сонымен бірге Ыбырай Алтынсарин табиғатты сұлу суреттей білген сырттай бақылаушы ғана болып қалған жоқ. Ол өмірдің мәніне, оның мәңгі жаңаруына терең үңіле білген философ-ақын. Ақын үшін табиғат — ұлы емші, ол өмірге тыныштық орнатады. Ақын өмірді қуанышпен қабылдайды, оның парасатты және тамаша екендігіне құлай сенеді. Осыны «Көктем» өлеңінен ғана емес, оның тағы да бір атақты «Өзен» өлеңінен де сезуге болады. Бір қырынан алып қарағанда, бұл жағасында көк шалғыны жайқалған, мал жайылған, ал мөлдір тұнығында балығы шоршыған өзеннің нақты бейнесі, ал екінші қырынан алып қарағанда ол — толассыз аққан өмірдің нышаны: Қаншама табын түссе де тұнығы лайланбайтын, жолын ештеңе де бөгей алмайтын тасқынды өзен бұл!
Әсем көріністің нақты суреттелуі, табиғаттың тебіреніспен сипатталуы, оның адамның ақыл-ойы, өмірі мен қам-қарекетіне астасып сезіміне әсер етуі автордың болмысты шынайы бейнелей білуін көрсетеді.
Ыбырай Алтынсарин өлеңнен басқа, әңгімелер де жазды, онда автордың демократиялық, гуманистік, ағартушылық идеялары көрініс тапқан. Онда әлеуметтік тұрғыдан алып қарағанда қазақ өмірінің XIX ғасырдың 60-70 жылдардағы тұрмысы мен әдет-ғұрпының көріністері суреттелген.
«Бай баласы мен кедей баласы», «Қыпшақ Сейітқұл», «Киіз үй және ағаш үй», «Надандық», «Өтіріктің зияны» және басқа да әңгімелерінде қоғамдық өмірдің: әлеуметтік теңсіздік, отырықшы тұрмыстың артықшылықтары, надандықтың кесірі, білім мен ғылымның пайдасы сияқты және басқа да маңызды мәселелер көтерілген.
«Бай баласы мен кедей баласы» әңгімесінде көшіп кеткен ескі жұртта қалған құрдас екі баланың көшіп кеткен ауылды қалай іздегені баяндалған. Олардың басынан кешкен оқиғаларды әңгімелей отырып автор екі баланың олардың әлеуметтік жағдайымен, өмір салтымен, тәрбиесімен, дағдылары және әдеттерімен шартты байланыстағы мінез-қылықтарын ашып көрсетеді.
Әңгіменің мәні — екі мінез-құлықты, екі әлеуметтік тұрпатты қарсы қою. Үсен — кедейдің баласы, ол еңбексүйгіш, оның бойындағы барлық қасиеттер осымен айқындалады. Өмірдің кез келген қиындықтарын еңсеруге қабілетті нағыз адамды еңбек қана тәрбиелей алады, ал думанды өмір — барлық кеселдің басы.
«Бай баласы мен кедей баласы» әңгімесінің педагогикалық мақсаты бар: ол үйретеді және жол сілтейді. Алтынсарин күрделілендіруді емес, мінездердің айқындығы мен қарапайымдылығына ұмтылады. Бұл мінездер ойдан шығарылған емес, олар өмірдің өзінен алынған. Өмірден ойып алған дәлдігі, дидактикалық қорытындысының жеңілдігі — осының бәрі «Бай баласы мен кедей баласы» әңгімесінің қазақ шәкірттерінің ғана емес, орыс оқырмандары арасында да кеңінен танылуына жол ашты. 1890 жылы «Родник» журналында әңгіме орыс тіліне аударылып басылды.
70-жылдары жазылып, «Қырғыз хрестоматиясында» жарияланған «Қыпшақ Сейітқұл» әңгімесі де Ыбырай Алтынсариннің дүниетанымын, демократиялық және гуманистік көзқарасын түсінуде маңызды болып табылады. Даладағы көне феодалдық құрылыстың іргесі шайқала бастаған 70-жылдары қазақ кедейлері отырықшылыққа көшіп, диханшылықпен шұғылдана бастайды. Алтынсарин оларды қолдайды. «Қыпшақ Сейітқұл» әңгімесінде еңбекқор Сейітқұл байларды жек көреді, олардан құтылудың амалын іздейді. Ол өзінің кедей-кепшік туыстарымен өзен бойын қоныстап, егіншілікпен айналыса бастайды. Алтынсарин егіншілердің бірлескен еңбегін жылы суреттейді, кедейлер одағының қалай нығая түскенін, бірте бірте басқаларды да өзіне тарта бастағанын көрсетеді: «...көшпелі кедейлер Сейітқұлға келіп қосылды. Бес-алты жыл өткенде ол басқаратын шаруашылықтардың саны төрт жүзге дейін жетті». Сейітқұл мен оның достарының табысын автор олардың ізденгіштігімен, олардың егіншілік пен саудаға үйренуімен түсіндіреді. «Бай баласы мен кедей баласы» әңгімесіндегі сияқты Алтынсарин еңбексүйгіштікті дәріптейді — еңбек адамы ешқашан далада қалмайды, ырыс оны өзі іздеп табады.
«Қыпшақ Сейітқұл» әңгімесінде Алтынсарин өзінің сүйікті тәсілі — антитезаны қолданады. Еңбекқор Сейітқұлға ұрлықпен, жұрттың малын тонаумен баюға жанталасқан ағасы қарама-қарсы қойылған. Ақыр аяғында оның ажалы кісіден болады. Жазушы зорлықпен, арамдықпен жиналған байлықтың берекесі болмайды деген ойды шегелеп айтады.
Көшпелі ел ғасырлар бойы бағып өсірген малын байлығым деп санаған. Ал ешқашан сарқылмайтын нағыз байлық ол — білім. Алтынсарин жастардың көзін осыған жеткізгісі келеді, оларды сендіруге ұмтылады. Тек білім ғана адамды құдыретті әрі бақытты ете алуы мүмкін.
Қазақ халқының ұлттық мақтанышына айналған тарихи қайраткерлердің арасында Ыбырай Алтынсариннің есімі құрметті орында тұр. Көрнекті ағартушы-педагог, ірі жазушы, талантты ақын өзінің саналы ғұмырының бәрін туған халқының бақыты жолындағы күреске арнады.
Ыбырай Алтынсариннің барлық сан қырлы шығармашылық және қоғамдық қызметінің ең басты міндеті қазақ халқын прогресшіл әлемдік мәдениетке жақындата түсуге, халықтар арасындағы достықты нығайтуға арналған.
Әдебиеттер тізімі
Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 1-том.
— Алматы: Атамұра, 2010.
Алтынсарин Ы. Шығармалар. Алматы: РНПБ, 2011.
Сарбаева А.М. Қазақ мәдениетінің ұлы қайраткерлері. IX-XIX
ғасырлар. Ғұлама тағылымы: Оқу – әдістемелік құрал. Көкшетау: «Келешек 2030», 2012ж. 144-161бет.
Алтынсарин Ы. Екі томдық шығармалар жинағы, Алматы - 2013.
Достарыңызбен бөлісу: |