Қ.С. Қалыбекова,
Қарағанды мемлекеттік
техникалық университетінің
Қазақ тілі және мәдениеті
кафедрасының меңгерушісі,
доцент, ф.ғ.к.
e-mail:kalam09@mail.ru
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ «МӘДЕНИЕТ ТУРАЛЫ»
АТА ЗАҢЫ. «МӘДЕНИ МҰРА» ЖӘНЕ «ХАЛЫҚ ТАРИХ ТОЛҚЫНЫНДА» МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ
«Қазақ елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік ел идеясы» Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауынан.
Елбасының «Қазақстан – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында көрсетілген Мәңгілік Ел - ата-бабамыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы.
Елімізде тек экономикалық тұрақтылық қана емес, сонымен қатар қоғамның рухани дамуы да көтерілді. Біздің мемлекетіміз Орталық Азия елдері ішіндегі экономикалық нормаларды табысты жүзеге асырып, ел ішіндегі тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтап келе жатқан мемлекеттердің бірі.
ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қай халықтың болмасын өзге жұртқа ұқсамайтын бөлек болмыс-бітімін даралап, өзіндік тағдырын айқындайтын басты белгі – мәдениет. Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, жаны, ақыл-ойы, парасаты. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп тек өзінің ұлттық төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады...» деген сөзі Қазақстан мемлекетінің қашан да ұлттар арасындағы татулық, тең құқықтық, толеранттықты көздей отырып ұлттық рухтың күшеюін қолдайтындығын айғақтайды [1].
Өткен уақыт мәдениеті – халықтық мұра, ол адамның өзі, оның өткен жолы, болашағының сатысы. Ендеше бұрынғы мәдениет туындыларын қазіргі сана дәрежесі негізінде қоғамның осы заманғы қалпына сәйкес бағалау жан-жақты ойлауды қажет етеді.
Мәдениет философиялық, психологиялық, педагогикалық ой-толғамның аса маңызды, терең теориялық мәнді ұғымдарынан тұрады. Сондықтан да мәдениет ұғымы қоғам өмірінің түрлі салаларына байланысты жиі пайдаланылады. Әрбір тарихи дәуірдің өзіндік мәдениеті болатыны сияқты халықтың өзіне ғана тән мәдени дәстүрлері болады. Бұдан мәдениеттің көп түрлілігі ондағы жалпылықты, әмбебаптықты теріске шығарады деген қорытынды жасауға болмайды. Керісінше мәдениеттің нақтылы тарихи түр алуы оның мазмұнының күрделілігін және ондағы жалпы ерекшелікті білдіреді.
«Мәдениет туралы» ҚР Заңы еліміздегі мәдениетті жасау, қайта түлету, сақтау, дамыту, тарату және пайдалану саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді және мәдениет саласындағы мемлекеттік саясаттың құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық негіздерін айқындайды.
2006 жылғы 15 желтоқсандағы № 207 Қазақстан Республикасының «Мәдениет туралы» Заңындағы 6-тарауынның 32-бабында мәдени құндылықтар жайлы айтылған:
археологиялық олжалар (кәдуiлгi және құпияларын қоса алғанда) және археологиялық жаңалықтар;
өсiмдiктер мен жан-жануарлардың, минералогияның, анатомияның сирек коллекциялары мен үлгiлерi және палеонтология үшiн қызығушылық тудыратын заттар;
ғылым мен техника тарихын, соғыстар және қоғам тарихын қоса алғанда, тарихқа қатысты, сондай-ақ ұлттық ғылым, мәдениет пен өнер қайраткерлерiнiң, ойшылдардың, ғалымдардың және артистердiң өмiрiмен және iрi ұлттық оқиғалармен байланысты құндылықтар;
жекелей немесе коллекциялардағы, айрықша қызығушылық тудыратын сирек қолжазбалар, көне кiтаптар (тарихи, көркем, ғылыми, әдеби), құжаттар және басылымдар;
жекелей немесе коллекциялардағы почта маркалары, салықтық және осы тәрiздi маркалар;
қорытпасына немесе дайындалған металына қарамастан, Қазақстан Республикасының ұлттық валютасының тиындарын, сондай-ақ өзге де мемлекеттердiң дайындалғанына жүз жыл болмаған тиындарын қоспағанда, тиындар, медальдар, мөрлер және басқа да коллекциялық материалдар;
көне және бiрегей музыкалық аспаптар;
дыбыс, фото, бейне, кино мұрағаттарын қоса алғанда, мұрағаттар, мұрағат қорлары мен коллекциялар, сондай-ақ ғылыми-техникалық құжаттама;
тарихи-мәдени маңызы бар өнер туындылары;
этнографиялық, антропологиялық, этнологиялық және палеонтологиялық материалдар;
айрықша тарихи және мәдени құндылығы бар, жасалғанына жүз жылдан асқан көне заттар;
Қазақстан Республикасы халқының өмiрiндегi тарихи оқиғалармен, қоғам және мемлекет дамуымен, ғылым мен техника тарихымен, сондай-ақ көрнектi ғылым, мемлекет, мәдениет қайраткерлерiнiң өмiрiмен байланысты объектiлер жатады.
Осы заңда көрсетілген мәдени мұрамызды сақтау мен тиімді пайдалануды мақсат еткен, Елбасы тарапынан қолдау көрсетілген «Мәдени мұра» және «Халық тарих толқынында» атты мемлекеттік бағдарламалар табысты нәтиже көрсетуде.
«Мәдени мұра» бағдарламасы еліміздің тарихи-мәдени мұрасын зерттеуге, сақтауға, жаңғыртуға және тиімді пайдалануға бағытталған кешенді іс-шараларды іске асыруды қамтамасыз ету қажеттігінен туындаған.
Бүгінгі бүкіл даму-үрдістерінің жалпыға бірдей жаһандану және модернизацияның заманындағы кез келген мемлекет, қоғам, халық үшін ұлттық (этностық) Өрлеудің жандануына бағытталған өзінің шынайы ашық мәдени саясатын тиімді түрде іске асыру әрі құрастыру – бірінші кезектегі мәселе. Сонымен қатар ол жаһандану мен модернизацияның ең маңызды (гуманистік) элементтерін өз бойына сіңіре білу қажет. Өркениеттің гуманитарлық диалогының қарыштап дамып жатқан ғаламдық үрдістерінің арасында Қазақстан өзінің мәдениетін біліп, қадір тұтып қана қоймай, жаһан мәдениетінің негізін біліп, құрмет тұтатын әрі үзеңгілес диалог жүргізіп, мәдени мұраларымен алмаса білетін тең дәрежелі әріптес ретінде де өз орнын алды.
Тарихсыз, мәдениетсіз, дәстүрсіз ел болмайды. Мәдениет — бір тұтас құбылыс. Мәдениетті екі тұрғыда қолдануға болады:
- мәдениет қоғамның, оның әрбір саласының сапалық сипаттамасы ретінде;
- мәдениет жүйе ретінде, яғни, оның құрылымы, оған кіретін бөліктер, элементтер, олардың арасындағы байланыс-қатынастарды, мәдениеттің жүйелік салалары ретінде. Адам іс-әрекеті дамуының өзі мәдени құбылыстың жеке көрінісі болады.
Жалпы мәдениеттің құрылымын екі үлкен бөлік ретінде қарастыруға болады:
- материалдық мәдениет. Бұл адамның табиғатты өзгерту, қайта құру процесімен байланысты;
- рухани мәдениет. Бұл адамның рухани дүниесін және оның әлеуметтік өмірін өзгертумен байланысты болады.
Мәдениеттің мәні мен мазмұны оның құрылымымен тығыз байланысты.
Халықта бар тарих пен мәдениетті сақтау, ұрпаққа жеткізу – ел парызы. Азаматтардың ұлттық-мәдени бiрлестiктерге қатысуы, шетелдердегi отандастармен мәдени байланыстарды кеңейтуі, ұлттық және мәдени өзiндiк ерекшелiгiн қорғау мен дамытуы қамтамасыз етіледі.
Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының директоры, академик Карл Байпақов: «Мәдени мұраның затты блогы халықтың материалданған жады іспеттес. Осы блоктың маңызды бөлігі археологиялық мұралардан тұрады. Өркениетті елдердің бәрі де мәдени мұралардың барлық түрін сақтап, пайдалануға үлкен көңіл бөлуде...».
Археологиялық мәдени мұралардың негізгі құрамдас бөлігі бар. Оның біріншісі, өзіміздің ежелгі тарихымызды білу. Бұл бағытта әлі де ашылмаған құпиялардың бар екені аян. Археологиялық мәдени мұраның екінші маңызды бөлігі біздің еліміздің аумағында алғашқы мемлекеттің қашан пайда болғанын анықтау. Есік, Шілікті, Қырқабат бойларында жүргізілген қазба жұмыстары Қазақстанның аумағында алғашқы мемлекет VІІІ ғасырдың өзінде құрылғанын дәлелдеп отыр. Әсіресе, Есік қорғанынан табылған мұралар ондағы мәдениеттің өте жоғары, әлемдік деңгейде болғанын көрсетеді. Сондай-ақ археологиялық мұралардың арқасында Арал бойы мен Алтайда сақтардың, Батыс Қазақстанда сарматтардың мемлекеті болғанын айғақтайды. Қаңлылар, үйсіндер мемлекеттері туралы ғылыми деректер осы бағдарламаның арқасында арта түсті. Сарыарқада дәуірімізге дейінгі бірінші ғасырда-ақ мемлекет болғаны дәлелденген. Астананың орнында Бұзоқ мемлекеті болған, ал Алматы қаласының тарихы мың жылдан да ұзақ екенін дәлелдеу жұмыстары да осы бағдарламаның арқасында өрістей түсті. Талғар қаласының орнында сапалы болат қорыту орны болғаны да ашылды. Өкінішке орай, тек оның технологиясы ғана сақталмаған. Аралдың табанында да екі қаланың болғаны расталды. Археологиялық мәдени мұраның үшінші маңызды бөлігі, туризм индустриясын дамытуға мұрындық болу. Қазірдің өзінде Отырар, Түркістан, Шымкент, Сайрам, Алматы, Тараз және орталық пен солтүстікте Астана, Бұзоқ, Ботай, т.б. бағыттарында туристердің қызығушылығын тудыруға мүмкіндік бар [3].
Өткенді зерделемей, мықты мемлекет бола алмаймыз. «Халық тарих толқынында» бағдарламасының негізгі мақсаты – тәуелсіз мемлекеттің қазіргі заман тарихын зерделеу. Халықтың тарихи дүниетанымын ұлттық тарихымыз арқылы кемелдендіру, әрі әлемдік тарихнамадағы сан ғасырлық қазақ тарихының көкжиегін кеңейтудің аса маңыздылығы - мемлекетіміздің алдына қойған үлкен міндеттерінің бірі.
Ұлт тарихы – ұлт мүддесі. Ендеше Елбасы ұсынып отырған – «Тарих толқынындағы халық» бағдарламасы халық санасын жаһандық ауқымдағы мәселелерді екшейтіндей дәрежеге жеткізу ғана емес, жеке адамның біліктілік бәсекесіне төтеп беретін өзіндік даму зердесі деңгейін қалыптастыру арманынан туындайды.
Уақыт талабы – заманауи тарихи сананы жаңғыртуға қалың көпшіліктен бастап ғалымдарға дейінгі жұртшылық атсалысуы қажет екендігін ескертуде. Сондықтан да бұл өмірлік мәні бар тапсырманы әрбір отаншыл қазақ пен қазақстандық менің болашағым үшін қажет дегенде ғана жүзеге асыра алады. Бұл мәселеде кәсіби тарихшыларға жауапты жүк артылып отыр.
Бұл бағдарламада Қазақстанның тарих ғылымын алдыңғы қатарлы әдіснама және әдістеме арқылы сапалы жүзеге асыруға жағдай жасау, қазақтың ұлттық тарихының көкжиегін кеңейту, ұлттық жаңа тарихи дүниетанымын қалыптастыру қарастырылған.
«Тарихқа арқа сүйемегеннің болашағы бұлыңғыр. Жер шарында мән-мағына мен құндылықтардың мылтықсыз майданы күн сайын жүріп жатқан қазіргі кезде тарихи жадыны сақтап қалу – жалпы өзіңді-өзің сақтап қалудың жалғыз жолы», – деді Марат Тәжин.
Қазақстан туралы біздегі және шетелдердегі тарихи материалдардың барлығын жинауға, жүйелеуге және жіктеуге баса көңіл бөлу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы.
«Тарих – барлық ғылымдардың атасы» десек, артық айтқандық болмайды. Халқымыздың тарихын ұлықтауда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі ерен. Әсіресе, тәуелсіздік тарихын жазуда Мемлекет басшысының еңбектері мен сөйлеген сөздерін басшылыққа алудың маңызы айрықша болып отыр.
ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаевтің «Тарих толқынында» кітабында 1999 жылдағы Ұлттық тарихты ұғыну бойынша стратегиялық мақсаттары қамтылған. 2003 жылы Президент Қазақстан халқына Жолдауында «Мәдени мұра» атты теңдессіз бағдарламаға бастамашы болды. Бағдарламаны іске асыру кезінде елімізде тарих саласында көптеген жұмыстар атқарылды. Тарихи естеліктер мен әділдікті қалпына келтіруге бағытталған ғылыми зерттеулер жүргізіліп, мақалалар мен монографиялар және кітаптар дайындалды. Ұлттық тарихты зерттеу мен оның мәнін ұғыну идеясын Президент «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты тарихи Жолдауында тарқата түсті.
Елбасы біздің ортақ сәйкестігіміз халықтың тарихи сана-сезімінің арқауы болуы тиіс екендігін айта келе, «Халық тарих толқынында» атауымен тарихи зерттеулердің арнайы бағдарламасын әзірлеу мақсат-міндетін жүктеді. Оның басты мақсаты – ұлттың жаңа тарихи дүниетанымын қалыптастыру. Тарихи өткенге сүйенбей - болашақ мүмкін емес. Қазіргі кезде әлемде мән-мағына мен құндылықтардың күресі жүріп жатыр. Көптеген түрлі түсініктер біздің ұлттық тарихымызда да кездесіп жатады.
Бағдарламаның мақсаттарына байланысты ұлттық тарихтың жаңа кезеңінде Тұңғыш Президенттің рөлін зерттеу айрықша ғылыми және тарихи мағынаға ие.
Қазақстанның ұлттық тарихының көкжиек аясын кеңейту қажет. Біз ұлтымыздың жаңа тарихи дүниетанымын қалыптастырғанда ғана өзіміздің одан әрі өсіп өркендеуімізге даңғыл жол саламыз.
Әдебиеттер тізімі:
ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев Қоғамдық Кеңестің кеңейтілген
мәжілісі. Астана, 13 ақпан 2007ж.
Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан - 2050» жолдауы, Егемен Қазақстан –
4 қаңтар, 2013жыл.
3. ҚР 2006 жылғы 15 желтоқсандағы № 207 «Мәдениет туралы» Заңы.
4. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы, Айқын – 30 маусым, 2012 жыл.
5. «Халық тарих толқынында» мемлекеттік бағдарламасы, Айқын – 30
маусым, 2012 жыл.
6. Сілтеме: http://kaztrk.kz/kaz/telekanal/programs/303.html © www.kaztrk.kz
7. Айталы. «Қазақстандық ұлт: идея және ақиқат». Егемен Қазақстан, 7
ақпан, 2013.
Қ.Ж. Шабденова,
Қарағанды мемлекеттік
техникалық университетінің
«Қазақ тілі және мәдениеті»
кафедрасының аға оқытушысы, п.ғ.к.
e-mail: shkuralai@inbox.ru
ЕЖЕЛГІ ҚАЗАҚСТАН МӘДЕНИЕТІ. ҚАЗІРГІ АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ҚАЗБАЛАР
Адамзат тарихының тас дәуірі, мыс (қола) және темір дәуірі болып үш кезеңге бөлінетіні белгілі. Соның алғашқы кезеңінде өмір сүрген адамдардың тастан құрал жасап, ол құралдардың археологиялық қазба жұмыстарының барысында бізге жетуі «тас дәуірі» деп аталатын шартты атаудың шығуына себеп болды. Осы дәуірдің өзі үш кезеңге бөлінді. Палеолит -бастапқы, ежелгі; мезолит - орталық,; неолит - соңғы кезең. Бұл кездерде адам баласы дамудың аса ұзаққа созылған азапты жолын өтті. Осы жолда олар үнемі ізденіп, тіршілік тәжірибелерін жетілдіріп, табиғатпен тіл табыса білді. Олардың мезолит кезеңінде садақпен жебені ойлап табуы, шағын тастардан әртүрлі қалақшалар жасауы қажымай-талмай алға басудың жемісі болды. Біздің заманымызға дейінгі бесінші мың жылдықта басталған неолит дәуірінде тас құралдары кеңінен пайдаланылды. Тастарды тегістеу, тесіп, бұрғылау, ағашты арамен кесу сияқты технологиялық әдістердің игерілуі, тұрмыста тас балта, кетпен, дәнүккіш, келі, келісаптардың пайдаланылуы үлкен жетістік болды.
Тас дәуірін ауыстырған қола дәуірінің тұсында діннің бүгінгі бітім-бейнесін қалыптастырып үлгерген Еуразияның ұлы даласын мекендеген адамдар қолға мал ұстап, жерге дән сіңіріп, бірлесіп аң, балық аулау, сөйтіп, топтанып өмір сүру салтын игерді. Еңбек құралдарына ортақ меншік қалыптасты.
Қола дәуіріндегі, Еуроазияның ұлы даласын мекендеген тегі мен тағдыры ортақ туыс тайпалар бір үлгідегі, бір стильдегі, бірыңғай мәдениет қалыптастырды. Оның мұралары Ачинск маңындағы Андроново селосының қасынан табылғандықтан, ол мұралар «Андрон мәдениеті» деген атпен жұртқа белгілі болды.
Қола дәуірінің алғашкы кезеңін (біздің з.д. XVIII ғ.) және орта кезеңін (біздің з.д. Х-ХV ғ.) түгел қамтыған Андрон мәдениетінің иелері алғашқы қауым адамдарына қарағанда өздерінің өмір тәжірибесінің, сана-сезімінің анағұрлым өскендігімен ерекшеленеді. Отырықшылық дағдысын игеріп, қасынан әртүрлі шаруашылық жайлар мен мал ұстайтын орындар салынған жертөлелерде тұрған олар малшылық, егінші-диқаншылық кәсіппен айналысты. Олар сонымен бірге металдан еңбек құралдарын, қару-жарақты, сәндік бұйымдарын жасай білді. Тесігі бар, түп жағы шығыңқы балта, сағанасында ойығы бар пышақ, балға, шот, егін орағы, пішен шабатын шалғы сияқты кұралдарды өздері жасап күнделікті тұрмыста кеңінен қолданды.
Андрон мәдениеті кісі жерлеу рәсімін жетілдірді. Өлген кісілерге тастан қоршалып зираттар тұрғызылатын болды. Кең жерлерде, әсіресе Жайық бойында зираттардың орнынан биік обалар үйіліп, өлік тастан, ағаш бөренеден жасалған табытқа бүгулі күйінде қырынан жатқызылып, осы обалардағы шұңқырларға жерленді. Олардың жанына саздан жасалып, өрнектеліп үшбұрыш айқыш-ұйқыш және Тура тартылған сызықтармен безендірілген құмыраға азық салып қою әдеті де болған. Сөйтіп, өндіріс техникасының жетілуі және қоладан, балшықтан істелген ыдыстардың әдемілігі Андрон мәдениеті деңгейінің жоғары болғанын көрсетті.
Андрон мәдениеті көшпелі мал шаруашылығының еуропалық классикалық үлгісін қалыптастыруға елеулі үлес қосты. Біздің жыл санауымызға дейінгі ХVІІ-ХV ғасырларды қамтып жатқан Федоров нұра кезеңінде ірі қараны, сиырды көбірек ұстаған далалықтар мекен-қоныстарының маңынан ұзап кете алмады. Кейінірек қола дәуірінің алакөл-атасу кезеңінде олардың баққан малының ішінде жылқы, түйе, қой түлігі көбейіп, оларға алысқа ұзап, шырқай көшіп малды тұнық су, шұрайлы шалғынды жерлерде жайып көшпелі тұрмыстың салт-дәстүрін игеруге қол жеткізді. Мұның өзі малдың өрісінің ғана емес, көшпелілердің ой-өрісінің кеңуіне, олардың түсінігі мен мәдениетінің, уақыт пен кеңістік жөніндегі дүниетанымының қалыптасып, этномәдени болмысының даралануына жол ашты. Оны осы тұста дамыған егіншілік мәдениетінің жәй-күйінен де көруге болады. Оның деректері Шығыс Қазақстан облысындағы Усть-Нарым қонысынан табылған егінші-диқаншы құралдарының қалдықтары арқылы анықталған.
Андрон мәдениетінің табиғи жалғасы Дәндібай-Беғазы мәдениеті болды. Ол Андрон дәстүрлерін сақтай отырып оны жаңа мән-мағына, мазмұн түрлермен байытты. Қарағанды маңындағы Дәндібай ауылы және Балқаштың солтүстік маңындағы Беғазы қойнауынан қазба жұмыстарының барысында табылған бұл мәдениетке жататын мұралар орталық Қазақстанның көп жерлерінен ұшырасады. Олар Андрон мәдениетінің біраз жетілдірілгенін сипаттайды. Бұл тұста тұрпаты ерекше бейіттік тамдар, жатаған, домалақ ыдыстар пайда болды. Өлген адамдарды жерлеу ғұрпының да өзгергені байқалады. Өліктер бұрынғыдай бүктелген қалыпта емес аяқ-қолын созып шалқасынан жатқызылып жерленетін болған. Бұл тұстағы молалардан адамдардың мүлік теңсіздігін сипаттайтын дәлелдер де табуға болады.
Дәндібай - Беғазы мәдениеті тұрмыс-тіршілікте қолданылатын заттарды, құралдарды жасау үшін тас металл, мал сүйектерін кеңінен пайдаланудан да көрінді. Бұл тұста қоғамның өндіргіш күштерін дамытуға мыс, қалайы, алтын кендерінің ашылуы металл өңдеудің дамуы зор әсерін тигізді. Мыс өндіру Жезқазған, Успенск өңірінде жүйелі жолға қойылды. Қорытылған мыс, қалайы, темірдең еңбек құралдары, ыдыс-аяқ, сәндік бұйымдар істелді. Жауынгерлік қарулар жасалып, олар үнемді жетілдіріліп отырды. Зергерлік, ісмерлік өнер өріс алды. Жан-жануарлардың, дүние дидарын толтырған рухтың, даналардың, желеп-жебеушілердің, әулие-әнбиелердің, тәңірінің бейнесін елестететін өнер туындылары, қыстырма, бой тұмар сияқты заттар шықты. Табиғатты пір тұтумен қоса адам пішіндес құдайға мойынсынушылық белең ала бастады. Ру, тайпа бабалары, жеке адамдар тұлғаланып, айрықша бейнеге, жинақталған ұғымға айналды. Олар кейінгі келе адам бейнесіндегі сын тас, балбал тас сияқты мәдени мұраларды туғызды. Сөйтіп алғашқы қауымдық кұрылыс аясында пайда болып, қола дәуірінің өзінде-ақ ежелгі қазақ жерін мекендеген барша халықтардың мәдени-тарихи дамуындағы жаңа кезеңнің ірге тасы қалана бастады. Бұл біздің заманымызға дейінгі XI-VIII ғасырларға тұстас кезең еді.
Қазақ халқының негізін құраған халық болып қалыптасуына, мәдени-рухани жаңғыруына жол салған тайпа, ұлыстардың арасында сақтар мен ғұндардың орны бөлек. Сақтар туралы айтқанда оның қазақ атауының шығуына да әсерін тигізгені көптеген еңбектерде көңілге қонымды келтіріледі. Мәселен тарихшы Мұсатай Ақынжанов «Қазақтың тегі туралы» деген еңбегінде «Қазақтар - түрік, моңғол тектес халықтардың екі бұтағынан (ғүн мен сақ тарауынан) құралған ежелгі халық» дей отыра, қазақ деген сөз «қас» (нағыз), «сақ» (сақ тайпасы) деген сөздердің қосылуынан шыққан деген болжам айтады [1, 153-154 б].
Сақтардың ұзақ жылдар дамып қалыптасқан биік мәдениеті болған. Жазуы қазіргі ғылым тілінде айтылып жүрген руй жазуы немесе түркі жазуы деп есептеледі. Осы жазумен жазылып қалған көптеген деректер қазба жұмыстарының барысында мол табылған. Сақтардың жалпы адамзаттық мәдениеттің асыл нұсқасы деп бағаланып жүрген даналық өрнектерінен (скифский зверинный стиль) бүгінгіге жеткен мұра көп. Олар Алтайдағы Пазырық қорғанынан, Алматы түбіндегі Есік қорғанынан табылған.
1969-1970 жылдарда Алматы қаласына таяу жердегі Есік өзенінің сол жақ бетіндегі Есік обасын қазған археологтар ертедегі Жетісу өңірін жайлаған сақтардың экономикалық өмірі, өнері мен мәдениетінен деректі мағлұмат беретін мол мұраға кездесті. Жалпы жұртқа «алтын адам» деген атпен белгілі болған бұл мұра басын батысқа беріп шалқасынан жатқызылып жерленген 17-18 жастағы сақ жауынгерінің бойынан табылды.
Жалпы сақтар өздері тұтынған қару-жарақ, ыдыс-аяқ тағы басқа нәрселеріне әртүрлі малдар мен аңдардың, қошқарлардың, текенің, аттың, түйенің, қодастың, арыстанның, аюдың суреттерін салып әшекейлеуді ұнатқан. Көшпелі сақтардың тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін суреттері бар күмістен, темірден жасалған ыдыс-аяқ, тарақ қаруларды археологтар сақтардың жерленген жерінен де тапқан. Өлген адамның жанына бұлармен бірге марқұмның көзі тірісінде мініп жүрген аты да көмілген. Қабірдің үстіне топырақтан оба жасалып ол таспен қоршалатын болған. Сақтардың діні тәңірлік дін. Олар Көк тәңіріне табынып, табиғатпен тіл табысуды тіршілік мұраты деп білген. Сақтардың қалыптасқан наным сенімі биік мәдениеті болған.
Жаңа қазбаларды айта кетсек, 2009 жылы Қарағанды археологтары Теміртау қаласының маңында сақ тайпасының батырымен баланың қорғаның айқындаған. Бұл қазбаларға шамамен 2,5 мың жыл.
Ежелгі қазақ жерінің кезінде орасан зор жер аумағын қоныс мекен еткен, біздің жыл санауымызға дейінгі екінші ғасырда бой көтеріп, біздің жыл санауымыздың 216 жылына дейін өмір сүрген ғұн ұлысы 24 тайпадан тұрған.
Ғұндар ұлысы ұзақ тарихи жолдан өткен. Оған қараған тайпалардың ежелгі қазақ жеріндегі үйсін, қаңлы, аландармен араласып кеткені, арғын, қыпшақ сияқты рулардың ғұндардан тарағаны туралы нақты деректерге сүйенген болжамдар көп. Бұл жөнінде Қазақ совет энциклопедиясының І томында «Ғылыми жағынан ерекше көзге түсетін жай - арғын тайпасының елдік аты (этнонимі) ежелгі заманда жасаған Ғұн елінің атын еске түсіреді. Сол елдің аты арғын тайпасының атында сақталды деуге болады. Қыпшақ елінің ұраны - «ойбас» немесе «ойырбас», ол ғұндардың атақты батырының аты. Бұл көптеген ғалымдардың қыпшақтар ғұннан тараған деуіне дәлелдің бірі болуы тиіс» - делінген [2, 647б ].
Ғұндардың қазақтың арғы тегі екенін айғақтайтын дәлелдер олардың моласынан шыққан жүннен істелген бұйымдардың, ою-кестелердің, өрнектердің олардың құрылымы жағынан қазақ арасында кең тараған ою-өрнектермен ұқсастығынан да табылған демек, үйсін, қаңлы аландардың, арғын, қыпшақтардың мәдениеті сақ, ғұн тайпалары мәдениетінің заңды жалғасы деуге әбден болады. Негізінен түркі тілінде сөйлеген ғұндардың діні тәңірелік дін, жазуы түркі жазуы болған.
Ғұндардан тараған тайпалардың қазақ халқының тарихи-мәдени болмысын, бет-бейнесін қалыптастыруға зор үлес қосқанын айту керек.
Солардың бірі үйсіндер туралы алғашқы деректер біздің жыл санауымыздан бұрынғы екінші ғасырда белгілі болған. Жетісу жерін Шу, Талас, Іле өзендерін Қаратаудың шығыс бетін қоныс еткен үйсіндердің қолөнер кәсібі, темір, ағаш өңдеу, үй кәсіпшілігі өрмек тоқымашылығы қатты дамыған. Олар қоладан, темірден, қару-жарақ, еңбек, өндіріс құрал-саймандарын, таға, қазан жасай білген. Әшекейлі ою-өрнектермен безендіріліп алтын, күмістен жүзік, білезік, сырға, алқа, түйреуіштер істеген, тері илеп одан киім-кешек тігіп, өрнекпен жүн мата тоқыған. Үйсіннің қазба мұралары бұл тайпа мәдениетінің үш кезеңнен өткенін айғақтайды.
Үйсіндер жайлаған жердегі обалардан табылған сәндік бұйымдарға көшпелі тұрмысты, аңшылықты, үйсіндердің наным-сенімдерін бейнелейтін суреттер, арыстан, жолбарыс, қабылан, құлжа, тауешкі, бұғы, бөкен бейнелері салынған. Ерттеулі атты ұстап тұрған адамдардың мүсіні қойылған шамдалдар, түйелі көш, әр алуан құс бейнелерімен нақышталған әйелдердің сәндік бұйымдары үйсіннің өнері мен мәдениетінің әжептәуір дамығанын дәлелдейді. Қазақтың халық болып қалыптасуына өзекті ұйтқы болған қаңлылардың да үйсіндермен деңгейлес мәдениеті болды. Қаңлылардың ресми жазба заңдары болған. Олар ата-ананың аруағын қатты сыйлаған. Жыл сайын маусым айында ата-бабаларды еске алу рәсімін өткізіп тұрған. Музыка мәдениеті күшті дамыған қаңлылардың қос шекті, бес шекті музыка аспаптары, даңдабыл, сыбызғы, сырнайлары болған. Қаңлылардың жазу мәдениеті болған. Жалпы қазақ халқының негізін қүрайтын сақ, ғұн тайпаларының одағы, оған кіретін ру, ұлыстар қазақ мәдениетінің қайнар бастауында тұрған.
Түркі тілдес халықтардың этникалық құрамына негіз болған көшпелі және жартылай көшпелі қаңлы, қарлұқ, шігел, тұқси, яғма, оғыз, қимақ, қыпшақ сияқты евроназия құрылығын еркін жайлаған тайпаларда өздерінің өмір сүрген, мекен еткен, қоныс қылған жерлерінде тастан жасалатын өрнектелген белгілер қалдыру әдеті болған. Еуропалықтар кумандар деп, орыстар половцылар деп атаған осы тайпалардан қалған ескерткіш тастар ресейдегі қара топырақты аймақтың ұшы - қиырсыз далаларынан да кездеседі. 80-інші жылдарда Ворошиловград Мұражайында ашық аспан астына қоршалған алаңдағы көрмеге осындай 58 тас мүсін қойылған. Әртүрлі, бірін-бірі қайталамайтын үлгіде жасалған осы туындылардың арасында сәбиін көтерген ананың тастан қашалған мүсіні бар екен. Осындай мүсінді 1860-жылдарда ішкі Ордадағы нарын құмынан орыс жағрапия қоғамының мүшесі Мұхаммед Салық Бабажанов тапқан. Қазір Санкт-Петербургтегі эрмитажда жұрттың тамашалауына қойылған.
Түрік тілдес халықтар тас қашап, мүсін жасау кәсібін жетілдіріп, оның өнерлік сипатына айрықша мән берген. Соны айғақтайтын Оңтүстік -Сібір, Орталық және Орта Азия жерлерінде балбалтас, сағанатас, мүсінтас, құлпытас ескерткіштері жиі ұшырасады. Олардың атауы сыртқы түріне, қашалып жасалған формаларына қарай пайда болған. Бұғыны көз алдына әкелетіндіктен осындай ескерткіштер бұғытас деп аталса, бағана сияқты биік тас діңгекбағана тас, жай тастан қашалып қойылған белгі сияқты болып келсе оны балбал тас деген. Соңғыларын ежелгі қыпшақтар «білбіл» деп атаған, адам бейнеленген тасты «мүсін тастар» деп атайды. Мүсін тастардың үлгісі әр дәуірде әртүрлі болған. Олардың жасалуын өздерінің үлгілеріне, ерекшеліктеріне қарап Әлкей Марғұлан үш кезеңге бөлген [3, 4 б]. Біздің жыл санауымызға дейінгі ІІ-І ғасырлармен біздің заманымыздағы V ғасырлар аралығында қойылған тастан жасалған ескерткіштер мейлінше биік келеді де олардың ұшар басына әйелдің немесе ер адамнын бас пішіні бейнеленеді. Екінші кезеңдегі, яғни, V-VІ ғасырлардағы тас мүсіндер бұрынғыдай биік емес орта мөлшерде, адамның сыртқы тұрқын ғана елестететіндей етіп қашалған. Ал VI-VIII ғасырлардағы соңғы кезеңде тастан жасалған мүсіндерден адамның бет-бейнесін, көзін, мұрнын, мұртын, құлағын, әйел болса сырғасын, моншағын айқын аңғаруға болады. Олардың арасында қару-жарақ асынған жасақтардың бейнесі де кездеседі.
Ашық далаларда, жота төбелерде жерден кісі бойы тіпті одан да биік көтеріліп тігінен тізбектеліп түрған балбал тастар да кездеседі. Олар Қазақстанда Жасыбай көлінің маңынан жиі ұшырасады. Осындай тастардан күмбез көтеру үшін, мазарлар, минареттер, мұнарлар салуға пайдалануы, құрылыс материалдарының барған сайын күрделеніп, бұрын саз балшық, қамыс, шиден салынып келген үй-жайлардың енді күйдірілген кірпіштен салынуы, олардың қабырғаларының, биік босағаларының неше түрлі ою-өрнек нақыштармен безендірілуі V-Х ғасырлардагы Орта Азия мен Қазақстан жеріндегі өмір сүрген қағанаттарда аз болмаған. Көне түрік заманында желісі тартылған мәдени үлгілердің дамуы, тың тәжірибелердің жемісімен толығуы осы қағанаттар тұсында да іске асқан [4, 110 б ].
Қарахан қағанатынан қалған Қарахан, Айша бибі, Бабажа қатын, Аяққамыр, Алашахан, Сырлытам сияқты күні бүгінге күмбірлеп тұрған күмбездер, басқа да құрылыстар қағанатта сәулет өнерінің, мәдениеттің қаншалықты күшті дамығанын байқатады. Тараз қаласынан 18 шақырым жердегі Бабажа қатын мен Айша бибі күмбездерінен күні бүгінге дейін оларды көріп тамашалап жүрген адамдар арылмайды.
Желдей ескен зымыран заманның, тоқтаусыз өтіп жатқан адамзат көшінің тарихында із қалдырып, ұлы даланы дүбірлетіп өткен алыстағы арғы тегімізді құрайтын адамдардан қалған мәдени мұраларды археологтарымыздың қазба жұмыстарының барысында көп тауып бүгінгі ұрпаққа жеткізуде.
Әдебиеттер тізімі
1. Ақынжанов М.Б. Қазақтың тегі туралы. Алматы, 2012. – 180 б.
2. Каратаев М.К. Қазақ совет энциклопедиясы, 12 т. Алматы,
2012. – 647 б.
3. Марғұлан Ә. Ежелгі мәдениет куәлары. Алматы, 2013. – 260 б.
4. Хасенов Ә. Қазақстанның ХIV-ХVIII ғасырлардағы мәдениеті.
2013. – 150 б.
С.А. Кенжеғалиев,
Қарағанды мемлекеттік
техникалық университетінің
Қазақ тілі және мәдениеті кафедрасының
аға оқытушысы, ф.ғ.к.
e-mail: Sayan582@mail.ru
ҚАЗАҚ ДАЛАСЫ – ҰЛЫ ТҮРКІ ЖЕРІНІҢ БІР БӨЛІГІ. ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ӘДЕБИ МҰРА –
ҚОЖА АХМЕТ ИАССАУИ, ЖҮСІП БАЛАСАҒҰНИ,
МАХМҰТ ҚАШҚАРИ
Түркі тектес халықтардың орта ғасырдағы аса көрнекті ақыны, сопылық әдебиеттің негізін салушы, мұсылман әлемінің ойшыл қайраткері – Ахмет 1103-жылы Испиджаб қазіргі Сайрам қаласында дүниеге келген. Иассауидің бізге жеткен ең көлемді туындысы «Даналық жайлы кітап» атты хикметтер жинағы. Бұл жинақ ұзақ уақыттар бойы қолжазба күйінде тарап, әрбір діншіл адамның, көзі ашық, көкірегі ояу жандардың сүйіп оқитын, жаттап айтып жүретін жүрекке жылы жырларына айналған. «Диуани хикметтің» түпнұсқасы сақталмаған. ХV-ХVІІІ ғасырларда Бұхара, Хиуа, Қазан, Стамбул қалаларында әлденеше рет қолмен көшірілген. Сол себепті көптеген қоспалар да қосылған. ХІХ ғасыр соңы мен ХХ ғасырдың басында Орынбор, Уфа, Қазан қалаларында өз алдына кітап болып басылып шыққан. 1901 жылы Қазанда Тыныштықұлының басқаруымен қазақ тілінде, 1902 жылы Ташкент қаласында өзбек тілінде басылып шыққан.
Иассауи - өз заманының түлегі, өз дәуірінің бел баласы. Оның айқындамасы, тәлім-тәрбиесі, ортасы ислам діні болып, діни-философиялық дүниетанымы ислам аясындағы сопылық идеялар негізінде қалыптасты. Сондықтан білімсіздік құрсауын бұзып шығар жақсылыққа, гуманистік қоғаммен белгіленген жарқын болашаққа жеткізер жолды мұсылманшылықтан іздеуі, оның идеяларымен байланыстыруы орта ғасырларға тән заңдылық екенін, сондай-ақ, осы кездері Шығыстық Қайта өрлеу идеяларының суфизмде жалғастық табуын оның прогресшілдігімен анықтады. Иассауи үшін де ағартушылық миссияның мазмұнын белгілеген Алла сөзін, Хақ жолын дәріптеу үлкен парыз ретінде танылды. Ол өзінің өмірден түйгенін, оқып-тоқығанын туған жеріне жеткізіп, Хақ жолына бастар бағыт-нышандарын көрсетіп, насихат жүргізуді өмірлік міндет, халқына қызмет деп білді. Бірақ Иассауидің бұл талпынысы түркі тайпалары тарапынан немқұрайдылықпен қабылданған сияқты, өйткені ислам діні жел, боранды байтақ далаға күшейтіп отырғызылған тамырсыз бәйтеректей солып, белгілі бір топ мүддесіне қызмет еткен дін ретінде шеттетіліп, бұқара халық ішінде сіңістік таба алмаған халде болды. Тіпті, Иассауи миссиясы ислам дінінің бір ағымы болған сопылықты уағыздамақ түгілі, ислам дінінің әліпбиін жөнді танымас орта ішінде тығырыққа тіреліп, дағдарды. Бұл жаңа мазмұнды оқу, жаңа сипаттағы уағыз, үгіт-насихат жүргізудегі ерекше тәсіл қажеттігін көрсетті [1, 12-20].
Табиғатынан дара туған Ахмет Иассауи Тұран жеріндегі бұрынғыдан мирас болған шамандық, мәжусилік нанымдардың түркі табиғатына жақындығын, жергілікті халықтың сана-сезіміне сіңген тұтастығын, белгілі дәрежеде дала заңдылықтарының негізін құрағанын көрмей тұрмады. Бұл ғұламаның ислам дінінің суфизмдегі бейімделгіштік қасиетін толығынан пайдалана отырып, екі дүниетанымның жанасар, үйлесер жерін іздеуіне мүмкіндік берді.
Сөйтіп Иассауи өз халқының бағзыдан қалыптасқан діни нанымынан, салт-санасынан нәр ала отырып, ислам дінінің қалыбына сияр оқу, мектеп қалыптастыру әрекетін бастайды. Мұнда ол Хамадани мектебінен танымал болған Халладж, Әбу Ханифа, әл-Бистами сияқты араб-парсы сопыларының оқуларына негізделе отырып, түркілік мазхабты жүйелейді.
Қожа Ахмет жоқшылық дегеніміз – нәпсіні қырқу, яғни нәрсінің шырмауынан бос болу, азат болу. Иассауи түсінігі бойынша, Хаққа жеткізер жолда дәулет-сәулетке қызықпай, мансап қумай, күнделікті күн көрісінде Аллаға сыйына жүріп, адал еңбегімен тапқан азығына қанағат қылып, зұлымдықтан бойын да, ойын да аластатып, айналасына мейірімді болу, жәбірленгенді жұбатып, жапа шеккенге медет болу, қорлаушы болғаннан гөрі, қорлық, машақатта өмір сүру адамның пәк тірлігінің алғы шарты дейді. Яғни адам тек жоқшылықта, пақырлықта ғана Хаққа тән адамгершілік қасиеттерін жетілдіріп, адамдық келбетін кемелдендіреді деп пайымдайды. Ахмет Иассауи өзінің Хақ жолын уағыздау қызметінде, сопылық оқуды насихаттауда жалаң теорияны ұстанудан бұрын практикалық іс-әрекеттерге көбірек көңіл бөлді; тіпті, өз өмірін сопылық оқуының көрнекі құралына айналдырып, сопылық идеяларының іс жүзіндегі үлгісі қылды. Иассауидің «Даналық кітабының» тілі бай, мазмұны көркем. ХІІ ғасырдағы түркі тілін зерттеп білу жағынан бұл кітаптың маңызы орасан зор. «Диуани хикметтен» қазақ халқының ежелгі мәдениетіне, әдебиетіне, тарихына, этнографиясына, экономикалық деңгейіне қатысты көптеген деректер аламыз. Осы тұрғыдан келгенде, «Диуани хикмет» тек әдебиеттің ғана мұрасы емес, сонымен бірге сол кездегі түркі тілдерінен хабар беретін, баға жетпес асыл қазына.
Жүсіп Баласағұни. Түркі халықтарынан шыққан әйгілі ақын, түркі тіліндегі классикалық әдебиеттің негізін салушы – Жүсіп Баласағұни. Х-ХІ ғасырларда шығыс елдерінде, атап айтқанда, арабтар мен парсылардың әйгілі ақындарының шығармашылығынан сусындап, өзі де сол дәстүрде шығарма жазуды алдына мақсат етіп қойған ақын. Ақынның жастайынан өнерге, білімге деген құштарлығы сол тұстағы Қарахан мемлекетінің билеушісі Сатуқ Богра ханның сарайында білім алып, қызымет етуге деген қызығушылығын туғызған. ХІ ғасырда Қараханидтер мемлекетінің астанасы Баласағұн (Құз-Орда) шаһары мәдениет, ғылым-білім саласында басқа қалалармен салыстырғанда оқ бойы озық тұрған болатын.
Ж.Баласағұни қалада білім алып, өнерпаз әкесінің тәрбиесінде шыңдалады. Өсе келе әке жолымен «Құсайынның дерті» дейтін күй де шығарады. Кейін өзі өмір сүрген өлкедегі түркі халықтарының салт-дәстүр, әдет-ғұрпымен жете танысады. Ол өзінің әйгілі «Құдатғу білік» шығармасын 1069-1070 жылдардың аралығында жазған. Таза дидактикалық, моральдық-этикалық қағидаларды қамтитын бұл шығарма 85 тараудан, 6500 бәйіттен тұрады. «Құдатғу», «құт», «бақыт», «құтты», ал екіншісі «сөз» - «білік», «білім» деген мағынаны білдіреді. Ақын бұл шығармасында өзі өмір сүрген ортадағы түркі халықтарының 500-ге тарта мақал-мәтелін пайдаланады. Солардың ішінде қазіргі қазақ тілінде қаз-қалпында кездесетіндері де бар. Ақын, сондай-ақ өз тарапынан небір түйінді, тұжырымды, нақылға бергісіз қанатты сөздерді қалыптастырған. Жүсіп Баласағұнның өмірі туралы мәлімет мүлдем аз сақталған. «Құтты білік» дастанының авторы жөнінде бірен-саран деректер осы шығармаға бірі қара сөзбен, екіншісі өлеңмен жазылған алғы сөздерінде бар. Бірақ, бұл алғы сөздерді Жүсіптің өзі емес, кейінірек дастанды көшіреушілердің бірі жазған болса керек [2, 33].
Жүсіп Баласағұн өз өмірі мен ақындық қызметі жайындағы кейбір деректерді «Құтты білік» дастанының соңғы үш тарауында қысқаша түрде, үстірт қана әңгіме етеді. Міне, ақынның осы өзі жазған мәліметтерге қарағанда, Жүсіп Баласағұн орта ғасырда Қарахан әулеті билік жүргізген мемлекеттің бір кездегі астанасы Баласағұн шаһарында туылған. Ол қала Жетісу өңірінде, Шу өзенінің бойында болған. Сол кездегі түркі тілдес тайпалардың мәдени өмірінде Қашқар қаласы да зор роль атқарғаны мәлім. Ақынның «Құтты білік» дастанын Баласағұнда бастап, Қашқарда аяқтауы кездейсоқ жайт емес. Бұл дастанға қарасөзбен жазылған кіріспеде ақын: «Бұл кітапты жазған кісі Баласағұнда туылған, осы кітапты Қашқарда жазып бітіріп, шығыстың әміршісі Табғаш Қара Бограханға тарту еттім» дейді. Жүсіп Баласағұнның толық аты Жусуф Хас-хожиб. ХІ ғасырдың алғашқы ширегінен бастап, сол ғасырдың 70 жылдарына дейін өмір сүрген адам [3].
Жүсіп, қазіргі Қырғызстан жеріндегі Тоқмаққа жақын Шу бойына орналасқан ескі қалалардың бірі – Баласағұнда туған. Осыдан Жүсіп Баласағұни деп аталып кеткен. Жүсіптің әкесі де өнер иесі, күйші-музыкант екен. Ол да Қарахан мемлекетінің қожасы Боғраханға (толық аты Табғаш Бұғра Қарахан Әбу-Әлі Хасан) қызмет еткен. Ел аузының айтуынша, «Дәрди Хұсайын» деген күй шығарған белгілі қобызшы болыпты. Жүсіп осы талантты өнерпаз әкесінің тәлімін алып өскен. Жасынан зерделігімен көзге түсіп, сарай қожаларының көңілін аударған. Боғрахан Жүсіптен зор үмітті боп, оны баулыған. Жүсіп кезіндегі атақты деген білім ордаларында болып, көп тілдерді үйреніп, тез жетілген. Әділет жолын іздеп, аласұрған жігерлі жас әдебиет пен ғылым салаларын жете меңгерген. Жүсіп өз кезінің білімді адамы саналған. Ол жасынан оқып, түркі тілдеріне қоса парсы, араб, қытай, тілдерін жақсы білген. Сол кез әдебиетінен, тарихынан, астрономиясынан, геометриясынан, тағы басқа ғылымдарынан мағлұмат алған. Білім мен өнер жолын қуған Жүсіптің дүние, дәулетпен ісі болмай, парасатты өмір сүрген. Жүсіп өзінің саналы өмірін ізденумен өткізіп, тез қартайғанына налиды.
Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігінің» дүниетанымдық және құндылықтық бағдары Ислам діні мен ахлағына негізделген. Ахлақ – бұл исламдағы моралдық, адамгершілік, тәлім-тәрбиелік, өнеге-үлгілік ұстаным, яғни, көркем мінезділік. Ахлақ – мұсылманның өмірлік ұстанымы мен бітім-болмысын, яғни, адамның сыртқы кескін-келбетін және ішкі мәдениетін, рухани жан дүниесін білдіретін ұғым болып табылады. Ахлақ – мұсылманның отбасындағы және қоғамдық өмірдегі қарым-қатынасын айқындайтын ұғым. Исламдағы көркем мінезділік бұл – мұсылманның діни құндылықтарды ұстануымен айқындалады. Шынайы мұсылмандық ислам ахлағы мен құндылығын ұстана отырып, әрекет жасайтын адам. Ислам дінінің ахлақтық және құндылық негіздерінің қайнар көзі бұл – Құран мен Сүннет. Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде: «Иман тұрғысынан ең жетілген мұсылман – өнегесі жақсы мұсылман» деген. Исламның ахлақтық құндылықтарын: діндарлық, тақуалық, имандылық, сабырлылық, рақымшылдық, ақыл-парасаттылық, әділеттілік, бостандық, ғылым-білім, достық, бауырмалдық, адалдық, аманат, ар-ұят, қарапайымдылық, тазалық, өзара құрмет, іс-қимыл т.с.с. құндылықтарын түркі ойшылдары өз еңбектерінде қарапайым халыққа түсінікті тілде жеткізе білді.
Жүсіптің бізге тек осы «Құтты білік» дастаны ғана жеткен. Өзге жазғандарынан мәлімет жоқ. Асылы, Жүсіптің өзі жазған туындылары тек бір осы дастан ғана болмас. Дастан жазғанға дейін Жүсіптің басқа әдеби туындыларының болуы ғажап емес, керісінше, талай тамаша әдеби шығармалар дүниеге келсе де бізге жетпей тарихтың қалың қыртысында көміліп, жойылып кеткен сияқты.
Махмұт Қашқари. Махмұд Қашқаридың толық аты-жөні Махмұд ибн Әл-Құсайын ибн Мұхаммед. Түркі тектес халықтардан шыққан тұңғыш тіл білімін зерттеуші, энциклопедист ғалым – Махмұт Қашқари. Ол өз заманындағы, яғни ХІ ғасырдағы ғылым мен білімнің ордасы атанған Баласағұн шаһарында тәрбиеленіп, өсе келе әдебиет, тарих, этнография, география, астраномия саласындағы, сол сияқты филология салаларындағы энциклопедиялық білімдерін Орта Азияда, Таяу Шығыста және Иракта (Шам шаһарында) жетілдірген. Араб, парсы тілдерін бес саусағындай меңгерген ғалым түркі тілінің де лексикалық байлығын жоғары бағалап, оралымдылығы жағынан араб тілінен кем түспейтіндігін мойындаған. Румнан (Византия, қазіргі Түркия) бастап Шын (қазірігі Қытай) еліне дейінгі аралықты мекендеген түркі халықтарының салт-дәстүр, әдет-ғұрып, өмір сүру дағдыларымен, жалпы табиғи болмысымен жете танысқан М. Қашқари болашақ әйгілі шығармасының негізгі тінін шынайы өмірден қалыптастырды. Ол - XI ғасырда Қашқарда туып, Баласағұн қаласында өмір сүрген ғалым. Қарахандар ақсүйектері ортасынан шыққан. Әкесі Құсайын Мұхаммед Мавераннахрды жаулаушы Боғырханның немересі екен. Барыс ханның уәзірі болып (Ыстықкөлдің оңтүстік жағасы), кейіннен Қашқарға қоныс аударады. Сол жерде білім алып, әрі қарай Бұхара мен Нишапурде жалғастырады. Осы қалаларда оқып жүрген кезінде тіл, фольклор, этнография, география, жаңа жерге орнығу, түркі халықтарының менталитеті қызықтыра бастайды. Кейіннен талмай ізденудің, өмірлік тәжірибенің нәтижесінде 1072-1078 жылдардың аралығында түркі филологиясының үздік туындысы аталған – «Диуани луғат ат-түрк» еңбегін дүниеге әкелді. Бүгінде бізге жеткен, сандаған ғасырлық тарихы бар бұл туынды – ең алдымен түркі халықтарының филология саласындағы теңдессіз еңбегі болып саналады. Көне мұраның құндылығы да осыдан туындайды. Ғалымның бұл кітабы ерте орта ғасырлық түркі халқының энциклопедиясы есепті. Онда өте бағалы, кейбір жағдайларда таптырмайтын, XI ғасырда өмір сүрген көптеген түркі тайпалары жайындағы мәліметтер енгізілген. Сөздік этноним, топоним, рулық терминдер, әр түрлі қызмет атаулары, тағамдар мен сусын атаулары, үй, жабайы жануарлар, құстар, айлар мен апта күнтізбесі, дәрілік жабдықтар, астрономия, әскери, медициналық, діни т.б. атаулар қамтылған. Сол кездегі түркі халықтарының дүниені қабылдауы, этикалық нормалары мен құндылықтары, өзін-өзі ұстау әдеті тілге тиек етіледі. Әр түрлі тайпалар арасындағы тарихи-мәдени байланыстар, Қазақстан мен Орта Азия аумағында болған кейбір тарихи оқиғалар жайында (Мәселен, Ескендір Зұлқарнайын жорығы туралы) құнды мәліметтер бар. Тарихшылардың назарын өзіне аударған - шығармадағы дүние жүзінің түрікше картасы. Кітапта 400 мақал-мәтел бар. М. Қашқари оны 1072-1074 жылдары Халиф Әл-Мұқтадиға арнап құрастырған.
«...Түркі тілін үйренудің қажеттілігін өмір талабы мен ақыл таразысы әбден дәлелдейді... Түрік, түрікмен, оғыз, жігіл, яғма, қырғыздардың сөздері мен сөйлеу мәнерлерін зерттеп, қажеттісін пайдаландым. Әрқайсысының тілі мен салты санама әбден қалыптасты. Соларды мұқият зерттеп, арнайы әліппелік тәртіпке келтірдім. Мәңгілік ескерткіш әрі таусылмас әдеби-көркем мұра боп қалсын деген ниетпен түркі елдерінің сөздігін жасап, кітапқа «Түркі сөздерінің жинағы» деп ат қойдым. «Жинақты» сегіз бөлімге топтастырдым... Әрбір тайпаның тілінен сөз жасауға болатын түбір сөздерін ғана алдым. Түркі халықтарының бәйіт-жырлары мен мақал-мәтелдерінен мысалдар келтірдім. Бұл кітапты пайдаланғандар кейінгілерге, олар өздерінен кейінгілерге жеткізсін деген ниетпен тағы біраз табылмайтын тіркестерді пайдаландым. Сөйтіп, бұл кітап ұрпақтан ұрпаққа халықтық мұраны қаз-қалпында жеткізу мақсатымен қиянға қанат қағып, әсемдік әлем - мәңгілік өмірге біржола жолдама алды», - деп жазды [4, 56-68].
Әдебиеттер тізімі
1. Ахметбек А. Қожа Ахмет Иассауи: Көмекші оқу құралы. –Алматы: Санат, 2013, - 112 б.
2. Баласағұн Ж. Құтты білік / Көне түркі тілінен аударған және
алғысөзі мен түсініктерін жазған А.Егеубаев. – Алматы: Жазушы, 2012. – 616 б.
3. Келімбетов Н. Ежелгі дәуір әдебиеті. – Алматы: Ана тілі, 2012, - 214 б.
4. Жармұхамедов М. Көненің көзі (ХІ-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ
әдебиеті). – Алматы: Санат, 2012. - 144 б.
Достарыңызбен бөлісу: |