Нәрестелік кезең. Нәрестенің дүниеге келген күнінен бастап, 28-күнге дейінгі уақыт аралығы осылай аталады. Бұл кезде жаңа туған нәрестенің барлық мүшелері және мүшелер жүйесі өз алдына (анасының ағзасына байланыссыз) қызмет атқарып, өзара іс-әрекет жасайды. Мысалы, жылуды реттей алады. Тынысалу, ему, көзін жыпылықтату және басқа рефлекстерді өздігінен «іске қосады». Сондықтан бұл уақыт аралығы нәрестелік кезең деп жеке карастырылады.
Емшектік кезең. Мұнда нәресте анасынан нәрлі уыз сүтін емеді. Уыз сүтінде нәрестенің ағзасына қажетті тағамдық заттар өте мол. Сондықтан да «уызына жарыған ұлылыққа ұмтылар, азамат боп өседі, ізгілікке құнты бар» деген халық нақылында терең тұжырым бар. Ана сүтін ешбір тағаммен теңестіруге болмайды. Ана сүті жетіспеген жағдайда ғана, 6-7 айдан бастап, қосымша тамақтандыруға болады. Бұл кезеңде сәбидің көп уакыты ұйқымен өтеді. Тамақ қажет болғанда, оянады. Емшектік кезеңде тамақ беру уақытын және тазалықты мұқият сақтау қажет. Олай болмаған жағдайда ұйқысы бұзылады, мазасыз болады, асқорытуы ауытқиды. Емшектік кезеңде нәресте қарқынды өседі. Қозғалыс әрекеттері дамиды: мойыны бекиді, отырады, еңбектейді, жүруге талпынады. Бұл кезеңде сүт тістері шыға бастайды, жеке сөздерге тілі келеді. Омыртқа бағанында иілімдер пайда болады. Қол-аяқ бұлшыкеттері де дами бастайды. Нәресте денесін шынықтыруға жүйелі түрде шомылдырудың және таза ауада серуендеудің маңызы зор. Нәресте денесін де, мінез-құлығын да дамытуда қайталау және жүйелілік ережелерін есте сақтау қажет. Мұның бәрі де тамақтануға, ұйкыға және т. б. байланысты шартты рефлекстердің дұрыс қалыптасуына септігін тигізеді.
Достарыңызбен бөлісу: |