271-бап. Еңбек өнімділігін арттыруды және аумақтық
кластерлерді дамытуды қолдау
1. Индустриялық-инновациялық қызмет субъектілеріне еңбек өнімділігін арттыруға
және аумақтық кластерлерді дамытуға мемлекеттік қолдау шараларын ұсынуды индустрияны
дамыту саласындағы ұлттық даму институтын тарта отырып, индустриялық-инновациялық
қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
2. Индустриялық-инновациялық қызмет субъектілеріне еңбек өнімділігін арттыруға
мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну:
1) кәсіпорынның құзыретін арттыруға;
2) индустриялық-инновациялық жобаның кешенді жоспарын әзірлеуге және (немесе) оған
сараптама жасауға;
3) технологиялық процестерді жетілдіруге;
4) өндірісті ұйымдастыру тиімділігін арттыруға жұмсалған шығындарды өтеу арқылы
жүзеге асырылады.
3. Индустриялық-инновациялық қызмет субъектілеріне аумақтық кластерлерді дамытуға
мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну аумақтық кластерлік бастамаларды құру мен іске асыру
шеңберінде шығындарды өтеу және өзге де мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну арқылы жүзеге
асырылады.
4. Индустрияны дамыту саласындағы ұлттық даму институты индустриялық-инновациялық
қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган мен индустрияны дамыту
саласындағы ұлттық даму институты арасында жасалатын шарт негізінде еңбек өнімділігін
арттыруға және аумақтық кластерлерді дамытуға мемлекеттік қолдау шараларын ұсынуға
бөлінген қаражатты басқаруды жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының резиденті –
екінші деңгейдегі банкте ағымдағы шот ашады.