Мықты мемлекет экономикалық жедел өсу жағдайын қамтамасыз ету үшін аса маңызды болмақ.
Мықты мемлекет күнкөріс саясатымен емес, жоспарлау саясатымен, ұзақмерзімді дамумен және экономикалық өсумен айналысады.
Дәл осы себептен де Тәуелсіздік күні қарсаңында, қымбатты менің отандастарым, мен сіздерге жаңа Жолдау ұсынып отырмын.
Бұл – еліміздің даму перспективаларына жасаған өзіндік пайымдауым.
Бұл – жаңа саяси бағыт.
І. ҚАЛЫПТАСҚАН ҚАЗАҚСТАН – мемлекеттілігіміздің, ұлттық
экономикамыздың, азаматтық қоғамымыздың, қоғамдық
келісіміміздің, өңірлік көшбасшылығымыз бен халықаралық
беделіміздің дағдарыста сыналуы
Дәл 15 жыл бұрын біз Қазақстан дамуының 2030 жылға дейінгі стратегиясын қабылдадық.
Бұл 1997жыл – кеңестік кезеңнен кейінгі бей-берекеттік түбегейлі еңсерілмеген, дағдарыс Оңтүстік-Шығыс Азияны және басқа да кейбір нарықтарды сансыратқан кезең болатын. Бізге де аса қиын соқты.
Осы жылдар ішінде біздің Стратегиямыз басты мақсатымыздан ауытқымай, шамшырақ сияқты біздің жолымызға сәуле шашып,алға басуға жігерлендірді.
1997 жыл естеріңізде ме?
Парламентте мен сөз сөйлегеннен кейін абдырау мен абыржу болды.
Көпшілік: «Бұл не – насихат па? Әлде аспаннан түскен нәрсе ме?» деп сауал қойып жатты. Сол кезде алға қойған міндеттер соншалықты асқақ болып көрінетін.
Дегенмен «көз қорқақ, қол батыр» дейді ғой.
Біздің алдымызда оқиғалар барысына өзгеріс енгізу сияқты ауқымды міндет тұрды. Жаңа елдің іргесін қалау керек болды.
Ол міндетті шешу үшін біз үш бірдей жаңғыртужүргізуге тиіс едік: мемлекеттің іргесін қалау мен нарықтық экономикада серпіліс жасау, әлеуметтік мемлекеттің негіздерін қалау, қоғамдық сананы қайта өзгерту. Біз өзіндік жолымызды айқындауға тиіс едік. Бұл жол"Қазақстан-2030" Стратегиясындабелгіленген болатын. Бұл құжат стратегиялық мақсаттар мен міндеттерді пайымдаған, көзқарасымыздағы маңызды серпілісболды. Халық нақылында айтылғандай: «Мақсат – жетістіктің желкені». Орынды мақсаттар ғана табысқа жеткізеді.
Бүгін дұрыс таңдау жасағанымыз туралы айту мен үшін үлкен абырой. 2008-2009 жылдардағыжаһандық дағдарыс осыны айғақтады. Қазақстан оған төтеп берді. Дағдарыс жетістіктерімізді сетінете алған жоқ, бізді қуатты ете түсті.
Біз таңдаған ел дамуының саяси, әлеуметтік-экономикалық және сыртқы саяси үлгісі өз тиімділігін дәлелдеді.
1. Қуатты да табысты мемлекет
Біздің басты жетістігіміз – тәуелсіз Қазақстанды құрғанымыз.
Біз шекарамызды заңдық тұрғыдан ресімдедік. Елдің тұтастандырылған экономикалық кеңістігін құрдық. Елде өндірістік байланыстарды қайтадан орнықтырып, нығайттық. Бүгінде барлық өңірлер бір-бірімен ажырағысыз байланыста жұмыс істейді.
Билік тармақтарының бөлінуіненегізделген заманауи мемлекеттік басқару жүйесін жасаған тарихи маңызды конституциялық және саяси реформалар жүргіздік.
Елдің жаңа елордасы– Астананы салдық. Бұл заманауи қала біздің бойтұмарымыз бен мақтанышымызғаайналды. Біз еліміздің мүмкіндігін әлемге көрсету үшін оның әлеуетін пайдалана алдық. Дәл сол себептен де халықаралық қауымдастық Қазақстанды ЭКСПО-2017Халықаралық көрмесін өткізу орны ретінде таңдады.Егер Астана болмаса, бұл да болмас еді. Мұндай құрмет кез келгеннің еншісіне тие бермейді. Біздің еліміз кеңестен кейінгі кезеңдегі күллі кеңістікте ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен, осы Ұйымның Саммитін өткізген және жаһандық ауқымдағы іс-шара – ЭКСПО-2017-ні өзінде өткізетін бірінші ел екенін айтсақ та жеткілікті.
2. Демократияландыру мен ырықтандырудың орнықты процесі
Біз«Алдымен экономика – cодан соң саясат» деген айқын формуламен ілгерілеп келеміз. Саяси реформалардың әрбір кезеңі экономика дамуының деңгейімен ұштасады. Сондықтан да біз саяси ырықтандыру жолын дәйекті ұстанудамыз. Осылайша ғана елді жаңғыртып, оны бәсекеге қабілетті етуге болады.
Қоғам әрбір қадам басқан сайын демократияландыру мен адам құқықтары саласындағы ең жоғары стандарттарға жақындап келеді.
Біз ел Конституциясынданегізгі құқықтар мен бостандықтарды бекіттік. Бүгінгі күні Қазақстанның барлық азаматтары тең құқықтар мен мүмкіндіктерге ие.
3. Түрлі әлеуметтік, этностық және діни топтардың
келісімі мен татулығы
Біз қазақ халқына, біздің мәдениетіміз бен тілімізге қатысты тарихи әділдікті қалпына келтірдік.
Этностық, мәдени және діни әралуандыққа қарамастан, елімізде бейбітшілік пен саяси тұрақтылықты сақтадық.
Қазақстан 140 этнос пен 17 конфессияныңөкілдері үшін туған шаңырағынаайналды.
Азаматтық татулық пен ұлтаралық келісім – біздің басты құндылығымыз.Көпұлтты еліміздегі татулық пен келісім, мәдениеттер мен діндердің үндесуі әлемдік эталонретінде танылған.
Қазақстан халқы Ассамблеясы мәдениеттер үндесуінің бірегей еуразиялық үлгісі болды.
Қазақстан жаһандық конфессияаралық үнқатысу орталығына айналды.
4. Ұлттық экономика. Халықаралық еңбек бөлінісіндегі
біздің роліміз
Біз Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында бірінші болып жеке меншікке, еркін бәсекелестікке және ашықтық принциптеріне негізделген нарықтық экономиканың заманауи үлгісін жасадық. Біздің моделіміз шетелдік инвестицияларды тартудағы мемлекеттің белсенді рөліне негізделген.
Біз елімізге 160 млрд. доллардан астам шетел инвестициясын тарттық.
Кәсіпкерлік қызметүшін негізгі талаптар мен заманауи салықжүйесі қалыптасты.
Біз ұлттық экономиканы жоспарлы түрде әртараптандырудамыз. Үдемелі индустрияландыру бағдарламасында екі бесжылдықта экономикамыздың бет-бейнеcін өзгертіп, оны шикізаттың әлемдік бағаларының ауытқуына тәуелсіз ету міндетін қойдым.
Стратегия-2030қабылданғаннан бері 15 жыл ішінде мемлекетіміз әлемдегі ең серпінді дамушы елдер бестігінеенді.
Нәтижесінде, 2012 жылдың қорытындысы бойынша ІЖӨ-нің көлемі жағынан біз әлемнің 50 ірі экономикасының қатарына кіреміз.
Әлемнің барлық елдері өз дамуын салыстыратын мойындалған рейтингтер бар. Осыдан алты жыл бұрын мен алдымызға әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елініңқатарына кіру жөніндежалпыұлттықміндетін қойдым. Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингінде51-орындыиеленді. Біз бүгін осы мақсатымызға таяқ тастам ғана қалдық.
5. Қоғамдық тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз еткен күшті
әлеуметтік саясат
Мен үшін әрқашан халықтың тұрмыс деңгейі басты өлшем болды әрі солай бола бермек.
15 жыл ішінде қазақстандықтардың табысы 16 есеөсті.
Табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтардың саны 7 есе азайды, жұмыссыздар саны екі есе қысқарды.
Біз әлеуметтік бағдарланған қоғамның негіздерін қаладық.
Біз ұлт денсаулығынжақсарту ісінде едәуір ілгерілеуге қол жеткіздік.
Денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру үшін оны ұйымдастыру, басқару мен қаржыландыру жүйесі реформаланды.
Соңғы бес жылда ана өлімі шамамен 3 есе азайды, бала туу көрсеткіші бір жарым есе өсті.
Білім алуға тең мүмкіндіктер жасалуда.
Соңғы 15 жылда білім алуға жұмсалатын қаржы 9,5 есе өсті.
Білім берудің мектепке дейінгіден бастап жоғары білімге дейінгі барлық деңгейлерін түбегейлі жаңғыртуға бағытталған Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасыіске асырылуда.
Біздің адам капиталын дамытудағы ұзақмерзімді салымдар саясатымыздың арқасында қазіргі талантты жас ұрпақты өсірдік.
6. Әлемдік қауымдастық таныған ел
Әлемдік саясатта біздің еліміз - талассыз халықаралық беделге ие жауапты да сенімді серіктес.
Біз жаһандық қауіпсіздіктінығайту ісінде маңызды роль атқарамыз, халықаралық терроризмге, экстремизмгежәне есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресте әлемдік қауымдастықты қолдаймыз.
Біз өз қауіпсіздігіміз үшін халықаралық үнқатысу алаңы - Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыруға бастамашылық жасадық. Бүгінгі күні АӨСШК халқы 3 млрд-тан асатын 24 елді біріктіреді.
Соңғы 2-3 жылда Қазақстан Республикасы Еуропадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық Ұйымына,Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына және Ұжымдық Қауіпсіздік Ұйымына төрағалық етті.
Астана экономикалық форумында біз үнқатысудың жаңа пішінін – G-global-дыұсындық. Бұл бастаманың мәні – әділетті де қауіпсіз әлемсипатын жасау ісінде күш-жігерді біріктіру.
Біз жаһандық энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігінқамтамасыз етуге лайықты үлес қосамыз.
7. Ядролық қаруды таратпау режімін ілгерілетудегі біздің
белсенді роліміз
Ядролық қаруды таратпау режімін нығайту жөніндегі бастамаларымыз – әлемдік тұрақтылыққа, тәртіп пен қауіпсіздіккеқосқан сөзсіз үлесіміз.
Әлемде алғашқы болып Семей ядролық полигонын жауыпжәне атом қаруынанбас тарта отырып, біз жетекші ядролық державалардан – АҚШ-тан, Ресейден, Ұлыбританиядан, Франциядан және Қытайданқауіпсіздігімізгеберік халықаралық кепілдікалдық.
Біз Орталық Азияда ядролық қарусыз аймақ құруда негізгі рөл атқардық және жер шарының басқа да аймақтарында, әсіресе, Таяу Шығыста осындай аймақтар құруға белсенді қолдау көрсетеміз.
Біз әлемдік қауымдастықтың ядролық терроризмқатеріне қарсы тұрудағы күш-жігеріне қолдау жасаймыз.
Қазір біз ядролық қатерді таратпау жөнінде одан әрі табанды шешімдер қабылдау қажеттілігі туралы батыл айтамыз. Ядролық қаруды таратпау туралы шарттаратпау режімінің арқауы болды және солай бола бермек.
Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың тезірек күшіне енуі таратпау режімін нығайтудың маңызды қозғаушысы болуға тиіс.
Бұдан үш жыл бұрын БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күнідеп жариялау туралы ұсынысымды қолдады.
Осының барлығы - жаһандық саясаттағы біздің рөлімізді тану. Осындай жауапты саясатының арқасында Қазақстан ядролық қаруды таратпау режімінің көшбасшысы, басқа мемлекеттер үшін үлгі болып танылды.
8. "Қазақстан-2030" Стратегиясы. Негізгі қорытындылар
«Қазақстан – 2030» Стратегиясындабіз еліміздің табысын жоспарладық.
Біз алға қойған мақсаттарға дәйекті де табанды түрде қадам басып келеміз. 2008-2009 жылдардағы жаһандық дағдарыстың өзінде ұлттық экономикамыз өсуін жалғастырды.
Бүгінгі күні мен үшін 2030 Стратегиясының мерзімінен бұрын орындауға қол жеткен параметрлерінің тұтас бір қатарын іске асырудың қорытындыларын шығару үлкен абырой.
(1)ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК. Біздің алдымызда Қазақстанның тұтастығын сақтай отырып, елді дамыту міндеті тұрды. Біз жоспарлағаннан да асыра орындадық.
Тұңғыш рет тарихта біздің мемлекет халықаралық дәрежеде танылғаннақты шекарасын белгіледі.14 мыңшақырым мемлекеттік шекара межеленді.
Қазақстан Каспий теңізінің айдынындағы ахуалды сенімді бақылауда ұстайды.
Болашақта кез келген аумақтық даулардыңтуындау қаупі қазір сейілген. Біз ұрпақтарымызға көршілермен даулы аумақтар қалдырған жоқпыз.
Біз адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күшті, заманауи, қорғанысқа қабілетті әскерді, пәрменді құқық қорғау жүйесінқұрдық.
(2) Біз 140 этнос пен 17 конфессияның өкілдері тұратын елде ІШКІ САЯСИ ТҰРАҚТЫЛЫҚ ПЕН ҰЛТТЫҚ БІРЛІКТІ сақтап, нығайттық. Біздің саясатымыз табысты болды.
Біз демократиялық даму үлгісі негізінде азаматтық қоғам институттарын дәйекті түрде қалыптастырдық. Адам құқықтары жөніндегі Омбудсменинституты құрылды.
Бізде бұрын ешқашан көппартиялылық болмаса, қазір еліміздегі күллі саяси спектрді көрсететінпартияларжұмыс істейді.
БіздекөппартиялыПарламент, парламенттіккөпшілік қолдаған Үкімет бар.
Азаматтық қоғам дамуда, тәуелсіз БАҚ жұмыс істеуде. Түрлі бағыттағы 18 мыңнан астам үкіметтік емес ұйымдар жұмыс істейді. 2,5 мыңдай БАҚ бар, оның 90%-ы – жеке иелікте.
Қазақстан бүгінде мәдениетаралық және конфессияаралық үнқатысудың халықаралық орталығына айналды.
Әлемдік және дәстүрлі діндердің алғашқы төрт съезі нақ біздің елімізде өтті.
ХХІ ғасырда Қазақстан Шығыс пен Батыстың үнқатысуы мен өзара іс-қимылының көпірі болуға тиіс.
(3) ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТИЦИЯЛАР МЕН ІШКІ САЛЫМДАРДЫҢ ДЕҢГЕЙІ ЖОҒАРЫ АШЫҚ НАРЫҚТЫҚ ЭКОНОМИКАҒА НЕГІЗДЕЛГЕН ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСУ. Біз дамудың нақты, орнықты және үдемелі қарқынына қол жеткізу міндетін қойдық.
Біз осы міндетті тарихи тұрғыдан алғанда аса қысқа мерзімде шештік.
Дәл осы «Қазақстан-2030» Стратегиясындабасты назар экономикалық өсуге аударылды.
Нәтижесінде, 15 жылішінде ұлттық экономиканың көлемі 1997 жылғы 1,7 триллион теңгеден 2011 жылы 28 триллион теңгеге өсті.
Елдің ІЖӨ 16 еседен астам өсті. 1999 жылдан бастап Қазақстанның ІЖӨ-нің жыл сайынғы өсуі 7,6 %-ды құрап, алдыңғы қатарлы елдерді басып озды.
Жан басына шаққанда ІЖӨ 1998 жылғы 1500 доллардан 2012 жылы 12 мыңдолларға жетіп, 7 еседен астам өсті.
Қазақстан әуел бастан жан басына шаққанда тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі жағынанТМД-да көшбасшы болды. Бүгін бұл 9200 АҚШ долларынажетті.
Біз сыртқы сауданың – 12 есеөсуіне, ал өнеркәсіп өнімін өндіру көлемінің 20 есеөсуіне қол жеткіздік.
Осы жылдар ішінде мұнайөндіру – 3 есе, табиғи газ өндіру 5 есеұлғайды. Біз шикізат ресурстарынан түскен кірісті Ұлттық қорғажібердік.
Бұл – ықтимал экономикалық және қаржылық сілкіністерден қорғайтын сенімді қалқанымыз. Бұл – бүгінгі және болашақ ұрпаққауіпсіздігінің кепілі.
Үдемелі индустрияландыру бағдарламасы аясында 2010 жылдан бастап жалпы құны 1 797 млрд.теңге болатын 397 инвестициялық жобаіске асырылды, 44 мыңнанастам жұмыс орны ашылды.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы іске асырылған екі жыл ішінде жалпы көлемі 101,2 млрд. теңгесомасындағы кредит болатын 225 жобамақұлданды.
Біз – бүгін халқының табысы орташа деңгейдегі және серпінді дамитын экономикасы бар елміз.
(4) ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТТАРЫНЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ, БІЛІМІ МЕН ӘЛ-АУҚАТЫ. Адамдардың жағдайын түбегейлі өзгертудің, өмір сүру жағдайын жақсартудың өмірлік маңызы бар. Атқарылған жұмыстың нәтижесі көзге бірден түседі.
Орташа айлық жалақы 9,3есе өсті. Зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері 10есе ұлғайды.
Халықтың нақтылы ақшалай кірістері 16есе өсті.
Егер 1999 жылы қаржыландыру 46 млрд. теңгені құраса, 2011 жылы 631 млрд. теңге болды.
Денсаулық сақтаудың бес инновациялық объектісі – Балаларды оңалту орталығы, Ана мен бала орталығы, Нейрохирургия, Шұғыл медициналық көмек және Кардиология орталықтары кіретінмедициналық кластерқұрылды.
Елдің барлық өңірлерінде сапалы медициналық қызметтер алу үшін қажетті жағдай жасалды.
Еліміздің ең шалғай аудандарын медициналық қызметтермен қамтитын көлік медицинасы жедел қарқынмен дамуда.
Ұлттық скрининг жүйесі ауруларды бастапқы сатысында анықтауға және олардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Дәрі-дәрмекпен тегін және жеңілдікті қамтамасыз ету енгізілді.
Соңғы 15 жылда халықтың саны 14 млн-нан 17 млн. адамға дейін өсті.
Өмір сүру ұзақтығы 70 жасқа дейін ұлғайды.
Біз қолжетімді және сапалы білім беруді дамытубағытын дәйекті жүргізудеміз.
«Балапан» бағдарламасыніске асыру балаларды мектепке дейінгі білім берумен 65,4%-ғадейін қамтуға мүмкіндік берді.
Міндетті мектепалды даярлық енгізілді, ол мектеп жасына дейінгі балалардың 94,7%-ын қамтыды.
1997 жылдан бері республика бойынша 942 мектеп, сонымен қатар, 758аурухана және өзге де денсаулық сақтау нысандары салынды.
Біз әлемдік деңгейдегі зияткерлік мектептермен кәсіптік-техникалық колледждер желісін дамытудамыз.
Соңғы 12 жылда жоғары білім алуға берілетін гранттар саны 182%-ғаұлғайды.
1993 жылы біз «Болашақ» атты бірегей бағдарлама қабылдадық, соның арқасында 8 мыңталантты жас әлемнің таңдаулы университеттерінде озық білім алды.
Астанада халықаралық стандарттар бойынша жұмыс істейтін заманауи ғылыми-зерттеу университеті құрылды.
(5)ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ РЕСУРСТАР. Қазақстанның мұнай-газ кешені күллі экономиканың локомотиві болып табылады және басқа салалардың дамуына ықпалын тигізеді.
Біз экономиканың заманауи, тиімді мұнай-газ және тау-кен өндіру саласын құруға тиіс едік. Біз бұл міндеттің үдесінен шықтық.Біз бүгін шикізат секторының табысын болашақ экономиканы құру үшін пайдаланудамыз.
Елдің ІЖӨ-де мұнай-газ саласы үлесінің тұрақты өсу қарқыны байқалады, ол 1997 жылғы 3,7%-дан 2006 жылы 14,7%-ға және 2011 жылы 25,8%-ға өсті.
Біз өткізу нарықтарын әртараптандырып, өз позицияларымызды берік орнықтырдық, сол арқылы өнімімізді өткізудің бір бағытқа тәуелділігін азайттық.
(6) ИНФРАҚҰРЫЛЫМ, ӘСІРЕСЕ, КӨЛІК ПЕН БАЙЛАНЫС. Біз инфрақұрылымды дамытуміндетін алға қойдық. Біз мұны да еңсердік. Өткен жылдар ішінде өнеркәсіп, көлік инфрақұрылымы мен тыныс-тіршілік инфрақұрылымының ірі стратегиялық объектілері іске қосылды. Бұл - автомобиль және темір жол магистральдары, құбыр жолдары, логистикалық орталықтар, терминалдар, әуежайлар, вокзалдар, порттар және т.б.
Осының барлығы көптеген қазақстандықтарға жұмыс тауып берді, біз өңірлік және жаһандық шаруашылық байланыстар жүйесіне кіріктік.
Жыл сайын телекоммуникация тұтынушыларының саны өсе түсуде. Бұл стационарлық телефондарға да, ұтқыр байланысқа да, Интернетке де қатысты.
Электронды үкімет азаматтардың мемлекетпен өзара іс-қимылын едәуір жеңілдетті.
Соңғы 11 жылда автомобиль жолдары саласын дамытуға 1 263,1 млрд. теңгежұмсалды. Осы жылдар ішінде ортақ пайдаланудағы 48мың шақырымнан астам жол, сондай-ақ 1100 шақырым темір жол салынды және реконструкцияланды.
Қазіргі уақытта біз «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» магистральдық көлік дәлізін салып, Жаңа Жібек жолын жаңғыртудамыз.
Біз «Өзен–Түркіменстан шекарасы» темір жол желісін салып, Парсы шығанағы мен Үлкен Шығыс елдеріне жол аштық. «Қорғас-Жетіген» жолын төсеп, Қытайдың және күллі Азия құрлығының нарықтарына еніп, Шығыс қақпасын айқара аштық. Біз «Жезқазған-Бейнеу» теміржолын салуды бастадық.
(7) КӘСІБИ МЕМЛЕКЕТ. Біз әкімшілік-әміршілдік жүйенің басқару дәстүрлерінен түбегейлі бас тартып, басқарушылардың заманауи әрі тиімді корпусын құруға тиіспіз. Барлық азаматтар тең құқықтар мен мүмкіндіктерге ие болатын, кадрларды іріктеу мен жоғарылатудың біз жасаған жүйесі мемлекеттік аппарат қызметінің кәсібилігі мен ашықтығының барынша жоғары деңгейін қамтамасыз етеді.
Біз мемлекеттік басқарудаөзіндік тұрғыда төңкеріс жасауғақол жеткіздік, оны халыққа мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын арттыруға қайта бағдарладық.
Осылайша 2030 Стратегиясындабелгіленген негізгі міндеттер орындалды, қалғандары орындалу үстінде.
Бүгінгі күні біздің әрқайсымыз «2030 Стратегиясы іске асты, заманауи Қазақстан орнықты»деп айта аламыз. Бұл – біздің бірлігіміздің, табанды да қажырлы еңбегіміздің нәтижесі, ұмтылыстарымыз бен үміттеріміздің жанды көрінісі.
Біз өз жетістіктеріміз үшін мақтаныш сезімінебөленеміз.
Әлемдік дағдарыс біздің мемлекет пен қоғам ретінде орныққанымызды растады. Біздің шекарамыз, саяси жүйеміз, экономикалық үлгіміз ел ішінде де, одан сыртқары жерде де ендігі жерде елеулі келіспеушіліктер мен талас-тартыстардың өзегіне айналмайды.
Енді біздің алдымызда жаңа міндеттұр. Біз мемлекетіміздің ұзақ мерзімдікезеңге бағдарланған одан әрі даму векторын күшейтуге тиіспіз.
ІІ. ХХІ ҒАСЫРДЫҢ ОН ЖАҺАНДЫҚ СЫН-ҚАТЕРІ
Қазіргі уақытта адамзат жаңа жаһандық сын-қатерлерменбетпе-бет келуде.
Еліміз бен өңіріміз үшін мен оннегізгі сын-қатерді бөліп көрсетемін. Егер біз өз дамуымызда жаңа табыстарға одан әрі қол жеткізуді жоспарлайтын болсақ, олардың әрқайсысын міндетті түрде ескеруге тиіспіз.
Бірінші сын-қатер – тарихи уақыттың жеделдеуі.
Тарихи уақыт аса жеделдейтүсуде. Әлем қарқынды түрде өзгеруде және болып жатқан өзгерістердің жылдамдығы адамды таң қалдырады.
Соңғы 60 жылда Жер тұрғындарының саны үш есе көбейді, ол 2050 жылға қарай 9 млрд. адамға жетеді. Осы кезең ішінде әлемдік ішкі жалпы өнім 11 есеөсті.
Бүкіл әлемдік тарихи үдерістің жеделдеуі қай кезде де мемлекеттер алдында жаңа шектеусіз мүмкіндіктер ашады, ал оларды толығымен пайдаланғанымызды мен мақтан тұтамын.
Соңғы 20 жылдан астам уақытта біз қоғам өмірінің барлық салаларына өте жоғары қарқынменжаңғырту жүргіздік. Көптеген басқа елдерге 100, тіпті 150 жыл керек болған нәрселерді атқардық.
Дегенмен осы уақытқа дейін жалпы жаңғырту үдерісіне кірікпеген әлеуметтік топтар бар. Оның объективті себептері де бар. Қоғамда адамдардың моральдық жай-күйі мен қоғамдық аңсар-үмітіне әсер ететін бірқатар теңгерімсіздік әлі де орын алуда.
Біз осы теңгерімсіздікті жойып, қоғамның барлық жіктеріне қоғамдық жаңғырту үдерісіне кірігу мүмкіндігін беруіміз керек. Олар қоғамда өзінің лайықты орнын тауып, Жаңа саяси бағыт ұсынған мүмкіндіктерді толық пайдалануға тиіс.
Екінші сын-қатер – жаһандық демографиялық теңгерімсіздік.
Жаһандық демографиялық теңгерімсіздіккүн өткен сайын күшейе түсуде. Жалпыәлемдік тренд – адамзаттың қартаюы. Енді 40 жылдан кейін алпыс жастан асқан адамдардың саны 15-ке толмағандардан асып түседі. Туудың азаюы және адамзаттың қартаюы көптеген елдерде еңбек нарығындағы проблемаларға, атап айтқанда, еңбек ресурстарының жетіспеушілігіне сөзсіз әкеледі.
Шиеленісе түскен демографиялық теңгерімсіздік жаңа көші-қон толқындарын туғызып, күллі әлемде әлеуметтік шиеленісті күшейте түседі.
Біз Қазақстанда заңсыз еңбек мигранттары жергілікті еңбек нарықтарын тұрақсыздыққа әкелген елдің жекелеген өңірлеріндегі көші-қон қысымымен бетпе-бет келіп отырмыз.
Біз таяу болашақта кері үдеріспен – елдің шегінен тыс жерлерден бізге келетін еңбек иммиграциясымен бетпе-бет келуіміз әбден мүмкін екенін түсінуге тиіспіз.
Біз жас ұлтпыз. Еліміздегі орташа жас – 35. Бұл біздің адамдық әлеуетімізді сақтауға, әлемде өзіміздің дұрыс орнығуымызға зор мүмкіндік береді. Бүгінгі күні алға жылжуға бізде жақсы негіз бар.
Елімізде әрбір іздеген адам табуына болатын жұмыс бар. Оның үстіне біздің әрқайсымыздың өзіміз жұмыс істеп, өзімізді асырауға мүмкіндігіміз бар. Бұл - біздің үлкен жетістігіміз.
Мен сіздерді жалпыға ортақ еңбек қоғамына бастап келемін, онда жұмыссыздар жай ғана жәрдемақы алушылар емес, олар жаңа кәсіптерді меңгеретін болады, мүгедектер жасампаздық қызметпен белсенді түрде айналыса алады, ал корпорациялар мен компаниялар олардың еңбегі үшін лайықты жағдай жасай алады.
Біздің жастарымыз оқуға, жаңа ғылым-білімді игеруге, жаңа машықтар алуға, білім мен технологияныкүнделікті өмірде шебер де тиімді пайдалануға тиіс. Біз бұл үшін барлық мүмкіндіктерді жасап, ең қолайлы жағдайлармен қамтамасыз етуіміз керек.
Үшінші сын-қатер – жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне
төнетін қатер.
Әлемдік халық саны өсуінің жоғары қарқыны азық-түлікпроблемасын күрт шиеленістіріп отыр.
Бүгіннің өзінде әлемде миллиондағанадам аштыққа ұшырап, миллиардқа жуық адам тағамның ұдайы жетіспеушілігін бастан кешіруде. Тамақ өнімдерін өндіруде революциялық өзгерістер жасамаса, осынау үрейлі цифрлар тек өсе түспек.
Біз үшін бұл сын-қатер астарында орасан зор мүмкіндіктер бар.
Біз қазірдің өзінде астық дақылдарын аса ірі экспорттаушылар қатарына ендік. Бізде аса ірі экологиялық таза аумақтар бар және экологиялық таза тағам өнімдерін шығара аламыз.
Ауыл шаруашылығы өнеркәсібінде сапалы секіріс жасау толықтай қолымыздағы нәрсе. Бұл үшін бізге жаңа тұрпаттағы мемлекеттік ой-сана қажет болады.
Төртінші сын-қатер – судың тым тапшылығы.
Достарыңызбен бөлісу: |