Қазақстан Республикасының көші-қон саясаты Оқу мақсаты



бет3/4
Дата25.10.2022
өлшемі0,67 Mb.
#154788
1   2   3   4
Байланысты:
Тақырып 6.2.1 Қазақстан Республикасының көші-қон саясаты
2023-02-27 09.25.50
Туған жермен қауышу
Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігін, елде саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуде көбінесе жергілікті ұлт пен көптеген диаспоралардың өзара түсіністікке негізделген арақатынасы және жалпы халық санындағы қазақтардың үлес салмағының өсуі маңызды рөл атқарады. Бұл мәселеде шетелдегі қазақ диаспораларының өз отанына көшіп келуіне жол ашу, елде орналасу мүмкіндіктерін қамтамасыз ету анағұрлым оңтайлы шешім болып табылды. Біріншіден, отандастарымыздың тарихи отанына көшіп келуі демографиялық үдерістерді шешудің тиімді жолдарының бірі саналады. Өйткені оларда көпбалалы отбасын қалыптастыру ұстанымы берік сақталған. Екіншіден, Қазақстандағы жұмыс күшінің жетіспеушілігін жоюға жәрдемдеседі. Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Тәжікстан елдерінен арзан жұмыс күшінің үнемі және жаппай ағылуы экономикалық жағынан өте тиімсіз. Сондықтан олардың орнына этникалық қазақтардың келуі, тапқан табысты өз елімізде жарату мен салық төлеу республика бюджет қорын толықтырады. Үшіншіден, шетелдердегі қазақтардың туған Отанына қайта оралуы қазақ тілі мәртебесін көтереді. Өзбекстан, Қытай, Моңғолия қазақтары мемлекеттік тілді еркін меңгерген. Ресей қазақтары да ана тілін меңгеруге аса ниетті. Төртіншіден, белсенді көші-қон ағымы арқылы тарихи әділдікті орнатуға мүмкіндік аламыз. Бесіншіден, экономикалық, мәдени, спорт табыстарына қол жеткіземіз. Отандастарымыздың еліміздің әлеуметтік-экономикалық, ғылыми, мәдени, саяси өмірінде елеулі өзіндік үлес қосып жүргені мәлім. Мысалы, Өзбекстаннан елге оралғандардың бірі – сәулетші, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков. Түркиялық Халифа Алтай – Құранды араб тілінен қазақ тіліне алғаш рет аударды.

Халифа Алтай

Мұстафа Өзтүрік
Моңғолиядан шыққан ғалым-түрколог Қаржаубай Сартқожаұлы – көне түркі жазбаларын еркін оқитын санаулы зерттеушілердің бірі. Мұстафа Өзтүрік – таэквондо спортынан әлемге әйгілі шебер. Қытайдан атажұртқа оралған Нәбижан Мұхаммедханұлы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында қытай жазба деректерінен ежелгі, орта ғасырлар және жаңа заман тарихына қатысты құнды мәліметтерді қазақ тіліне аударды. Өзбекстаннан көшіп келген Бақыт Сәрсекбаев бокстан 2008 жылы Пекин олимпиадасында жеңімпаз жалғыз қазақ болды. Қытайдан көшіп келген Майра Мұхаммедқызы «Ла Скала», «Гранд Опера» сынды әлемдегі әйгілі опера театрларында ән шырқады. Бүгінгі таңда шетелде тұрып жатқан қандастарымыздың тарихи отаны – Қазақстанға оралу мәселесі мемлекеттік деңгейде қаралып, заңды негіздер жасалуда.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен, ҚР Президенті Қ.-Ж.К. Тоқаевтың қолдауымен отандастарымызды көшіріп әкелу үшін барлық жағдай қарастырылып, қамқорлық көрсетіліп келеді. Жыл сайын шетелдегі қазақ ұлты өкілдері үшін Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында оқуға белгіленген 2% мөлшерінде квота беріледі.
Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы

Ойлан
Неге кейбір мемлекеттер шетелдегі қандастарын қайтаруға ерекше көңіл бөледі?
Ұлт игілігі үшін Алматы қаласында 1992 жылы Дүниежүзі қазақтарының Бірінші құрылтайы өтіп, шетелдердегі қандастарымыз атажұртта бас қосты. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылып, төрағалығына Н.Ә. Назарбаев сайланды. Құрылтайдың басты мақсаты – қазақтарды этникалық-мәдени біріктіру. Дүниежүзі қазақтарының құрылтайлары одан кейінгі жылдары Түркістан, Астана (Нұр-Сұлтан) қалаларында өткізілді.
Құрылтай сияқты басқосулар тарихи тағдыр жазмышымен төрткүл дүниеге тараған қандастарымыздың атамекеніне оралуына жол ашып, тарихи отандарына көшіп келушілердің бейімделу мәселелерін шешті. ТМД елдерінің арасында бірінші болып біздің мемлекет алыс-жақын шетелдердегі қандас бауырларына құшағын айқара ашып, олардың елге оралуына кеңінен мүмкіншілік жасады. Шетелдегі отандастарын туған жеріне қайтаруға қамқорлық жасап отырған дүниежүзіндегі мына мемлекеттер: Қазақстан, Германия, Израиль болып табылады.
Аталған шара Қазақстанды әлемдік қауымдастық алдында тарихи тағдыр тауқыметімен өзге елге кетуге мәжбүр болған өз ұлтының болашағына алаңдап, қамқорлық танытатын және жаңа мыңжылдықта бейбітшілік пен гуманизмді қалыптастыру жолымен нық қадам басқан ел ретінде танытты. Алғаш рет 30 жыл ішінде қазақтардың үлес салмағы 40%-дан 70%-ға жетті.
Бұдан кейінгі өткен құрылтайлар қазақтардың жаңа дәуірдегі біртұтас ұлт ретінде бірігуге ұмтылысын көрсетті. Жыл сайын құрылтай үлгісі бойынша еуропалық қазақтардың кіші құрылтайлары өткізіледі.
6. Қазақстандағы қазіргі этнодемографиялық жағдай. Қазақстандағы этнодемографиялық үдерістерге сәйкес 1991–2003 жылдары халықтың саны күрт азайды, ал 2011 жылы республика тұрғындарының саны 1991 жылғы көрсеткішке жақындады. Тұрғындар саны күрт төмендеуінің басты себептерінің бірі азаматтардың Қазақстаннан тыс елдерге көші-қон нәтижесі еді. Негізінен еуропалық этнос өкілдері қоныс аударды. Олар Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарынан кетіп, осы өңірлерде халық саны азайды.
Анықта
Ерлерге қарағанда әйелдердің пайыздық үлесінің басым болуының себептерін анықтаңдар.
Бүгінде республика тұрғындары қатарында әйелдердің ерлерден басым көрсеткіші сақталып келеді. Еуропалық ұлт өкілдерінің қартаюы көрініс табуда, жастары Қазақстаннан тыс елдерге оқуға және жұмысқа орналасуға кетуде. Қазақтар республика тұрғындарының басым бөлігін құрайды.
Қазақстанда аймақтық орналасуда өзгерістер байқалады. Ауыл жастары қалаға бет бұруда. Көші-қонның негізгі ағыны тұрғындарының саны 1 млн-нан асқан Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларына бағытталған.

1. Дүниежүзі қазақтары құрылтайын өткізу мен қандастарымыздың елге оралуының негізгі себептері мен алғышарттары қандай?
2. Қазақстан қандастардың елге жаппай қоныс аударуынан қандай жеңілдіктер мен артықшылықтар алды?
3. Қосымша деректерді пайдаланып, өздерің тұратын аймақтағы қандастардың бейімделуі туралы айтып беріңдер.
4. Жаңа деректер негізінде «Серпін» бағдарламасының мақсаты мен жүзеге асырылу барысы жайлы айтыңдар.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет