ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
«МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ БАЛАЛЫҚ ШАҚ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ҰЙЫМДАРЫНДА
БІЛІМ БЕРУ ПРОЦЕСІН ҰЙЫМДАСТЫРУ ТУРАЛЫ
2017-2018 оқу жылы
ӘДІСТЕМЕЛІК НҰСҚАУ ХАТ
Астана, 2017
Қазақстан Республикасының мектепке дейінгі ұйымдарында 2017-2018 оқу жылында білім беру процесін ұйымдастыру туралы әдістемелік нұсқау хат – Астана, 2017. 17 бет.
Әдістемелік нұсқау хат 2017-2018 оқу жылында меншік нысанына қарамастан республиканың барлық мектепке дейінгі ұйымдарының басшыларына, әдіскерлеріне, педагогтары мен мамандарына әдістемелік көмек көрсетуге арналған.
Осы хат «Мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығының Ғылыми-әдістемелік кеңесінің шешімімен ұсынылады (2017 жылғы 5 маусымдағы №5 хаттама).
ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту баланы жас және жеке мүмкіндіктеріне сәйкес, жан-жақты дамытуға, адамгершілік нормаларды қалыптастыруға бағытталған, әлеуметтік дағдыларға қол жеткізуді қамтамасыз ететін білім беру жүйесінің негізі болып табылады.
2017-2018 оқу жылы мектепке дейінгі білім беру жүйесі үшін маңызды болып табылады. Ғасырлық тарихта мектепке дейінгі білім беру саласындағы саясат мектепке дейінгі ұйым желісін дамытуға бағытталған.
Бүгінгі күні 807,2 мың бала контингентіне 9410 мектепке дейінгі ұйым қызмет етеді, оның 2336 – жеке мектепке дейінгі ұйым.
Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың
2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында айқындалған мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың негізгі міндеттері:
- мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мазмұнын жаңарту;
- балаларды сапалы мектепке дайындауға бағытталған инновациялық әдістер мен технологияларды енгізу;
- мектеп жасына дейінгі балалардың біліктері мен дағдыларының дамуын бақылау бойынша индикаторлар жүйесін енгізу.
Мектепке дейінгі ұйымдар меншік нысанына қарамастан нормативтік құқықтық құжаттарды басшылыққа ала отырып, келесі міндеттерді орындайды:
балалардың денсаулығы мен психикасын нығайту;
балаларды ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарға баулу;
рухани және адамгершілік негіздерін қалыптастыру;
балалардың жеке қабілеттері мен дарындылықтарын дамыту;
әрбір баланың жағымды көңіл-күйін қамтамасыз ету, жағымды өзін-өзі сезінуін дамыту;
баланы мектепте оқуға мақсатты түрде дайындау.
2017-2018 оқу жылында меншік нысанына қарамастан мектепке дейінгі ұйымдардың барлық түрлерінде білім беру процесі Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпыға міндетті мемлекеттік стандартына (2016 жылғы 13 мамырдағы №292 ҚРҮҚ), Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу жоспарына (ҚР БҒМ 2016 жылғы 22 маусымдағы №391 бұйрығына 1-қосымша), Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасына (ҚР БҒМ 2016 жылғы 12 тамыздағы №499 бұйрығы) сәйкес ұйымдастырылады.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпыға міндетті мемлекеттік стандартында (бұдан әрі – Стандарт) мектеп жасына дейінгі балалардың дайындық деңгейіне, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұнына, оқу жүктемесінің ең жоғарғы көлеміне қойылатын талаптар айқындалған.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңартылған мазмұны:
- өтпелі тақырыптар негізінде құрастырылған перспективалық жоспар;
- апталық циклограмма;
- балалардың біліктері мен дағдыларының дамуын бақылау үшін индикаторлар жүйесін енгізу арқылы іске асырылады.
Әдістемелік-нұсқау хат жаңартылған мазмұнды іске асырудың негізгі бағыттарын, мектепке дейінгі ұйымдарда білім беру процесін ұйымдастырудың әдістемелік тәсілдерін, Стандарт талаптарына сәйкес балаларды дамыту мен тәрбиелеу үшін жағдайлар жасауды, мектепке дейінгі ұйым қызметкерлерінің қызметін ұйымдастыруды, тәрбиешілердің педагогикалық шеберліктерін арттырудың негізгі тәсілдерін қарастырады.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңартылған мазмұнын іске асырудың негізгі бағыттары
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұнын іске асыру Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы мен Стандартта айқындалған міндеттерді орындауды талап етеді.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасы (бұдан әрі –Үлгілік бағдарлама) Стандарт талаптарына сәйкес:
- балалардың жас және жеке мүмкіндіктеріне сай білім, білік, дағдыларды қалыптастыруға;
- «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясына негізделген жалпыадамзаттық құндылықтарға, ұлтжандылыққа және толеранттылыққа тәрбиелеуге;
- баланың өмірін қорғауды және денсаулығын нығайтуды қамтамасыз ететін заттық-кеңістіктік дамытушы ортаны құруға;
- мектепке дейінгі білім берудің сабақтастығы мен үздіксіздігі ұстанымдарын қамтамасыз етуге;
- балалардың дене, зияткерлік, коммуникативтік, адамгершілік, эстетикалық дамуына бағытталған білім беру салаларын кіріктіруге;
- әртүрлі жас топтарында бағдарлама материалының мазмұнын игеруде балалардың дамуына мониторингті ұйымдастыруға;
- мектепке дейінгі ұйым мен отбасының бірлескен ынтымақтастығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Үлгілік бағдарламаның мазмұнын іске асыру балалардың жас және жеке ерекшеліктерін ескеріп оларды жан-жақты дамытуға бағытталған «Денсаулық», «Коммуникация», «Таным», «Шығармашылық», «Әлеумет» білім беру салаларын кіріктіру арқылы қамтамасыз етіледі.
Білім беру салаларының өзара байланысуы балада қоршаған ортаның тұтас бейнесінің қалыптасуын қамтамасыз етеді. Білім беру салаларының мазмұнын кіріктіру балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес олардың міндеттерін біріктіру әдісімен іске асырылады. Мысалы, «Дене шынықтыру» ұйымдастырылған оқу қызметін, сондай-ақ күн тәртібінің сәттерін өткізуде педагог балалардың ауызекі сөйлеуін дамытады, сөздік қорды толықтырады, санауға, би қимылдарын қолданып, музыканың сүйемелдеуімен жаттығулар орындауға үйретеді. Кіріктіру ұстанымын қамтамасыз ету балалардың танымдық белсенділігін дамытуға және қоршаған ортаны тұтас қабылдауға ықпал етеді.
Педагог өтпелі тақырыптарды таңдағанда аймақтық ерекшеліктерді, балалардың жастарын, мектепке дейінгі ұйымның тақырыптық бағытын немесе тәрбиешінің, педагог-маманның жұмыс тақырыбын ескере отырып, шығармашылық құзыреттілік танытуы тиіс. Жоспарланатын өтпелі тақырыптар, олардың бірізділігі мен саны №1 Педагогикалық кеңесте қарастырылады және бекітіледі. Мектепке дейінгі ұйымда педагог-мамандар бар болған жағдайда, олар Перспективалық жоспарды бекітілген өтпелі тақырыптарға сәйкес құрайды, нақты жас тобының Перспективалық жоспарында педагог-маманның жоспарына сілтеме жасалады. Штаттық кестеде педагог - мамандар қарастырылмаған мектепке дейінгі ұйымдарда нақты жас тобына Перспективалық жоспарды әдіскер немесе тәрбиеші құрастырады.
Өтпелі тақырыптардың үлгілері (1-қосымша).
Білім беру салаларының мазмұнын кіріктіруді балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес Үлгілік бағдарлама мазмұнын игерудің сабақтастығы мен жүйелілігін қамтамасыз ететін өтпелі тақырыптар негізінде құрастырылған Перспективалық жоспар (2-қосымша) қарастырады.
Перспективалық жоспарға сәйкес балаларды қабылдау, ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті, серуен, балалардың үйге қайтуы, т.б. күн тәртібіндегі (3-қосымша) процестердің орындалуын қамтитын және өтпелі тақырыптарға сәйкес бір аптаға арналған Циклограмма құрастырылады(4-қосымша).
Циклограмманы жоспарлауға қойылатын талаптар:
- ұйымдастырылған оқу қызметтерінің тақырыптары Перспективалық жоспарға сәйкес анықталады;
- өтпелі тақырыптың мазмұнына сәйкес бағдарламалық материалды бөлуде жүйелілік пен сабақтастық ұстанымын сақтау;
- Үлгілік бағдарлама мазмұнына сәйкес балалардың сапалы және толыққанды дамуы үшін жағдайларды қамтамасыз ету;
- балаларды дамыту мен оқытуды қамтамасыз ететін инновациялық технологиялар, әдістер мен тәсілдерді қолдану;
- циклограмманың құрылымдық бөлімдерін сапалы жоспарлау үшін заттық-кеңістіктік дамытушы ортаны қалыптастыру.
Күн тәртібі, Перспективалық жоспар, Циклограмманың құрылымы әрбір топқа мектепке дейінгі ұйымның №1 Педагогикалық кеңесінде бекітіледі.
Білім беру процесін ұйымдастырудың әдістемелік тәсілдері
Мектепке дейінгі ұйымда тәрбиелеу-білім беру процесін тиімді ұйымдастыру және балаларды сапалы тәрбиелеу және оқытумен қамтамасыз ету үшін келесі тәсілдер мен ұстанымдар қарастырылады:
- тәрбие мен оқытудың барлық қатысушылары – педагогтар, психологтар, ата-аналардың баланың тұлғасының қалыптасуында және оның қабілеттерінің дамуында кешенді тәсілі;
- балалардың жас, физиологиялық және психологиялық ерекшеліктеріне сәйкес олардың дамуына әрекеттік тәсіл;
- балалардың денсаулығын сақтау және нығайтуда денсаулықты сақтау тәсілі;
- баланың даму деңгейіне мониторинг жүргізуге және мектепке дейінгі ұйым қызметіне инновациялық тәсіл;
- оқытудың тұтастық, сабақтастық, үздіксіздік ұстанымдары келесі бөлімде бұрын игерген білімді бекітуді, кеңейтуді және тереңдетуді жалғастыратын білім беру салаларының бөлімдерінің арасындағы байланыс ретінде;
- ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдана отырып, білім беру процесін интерактивті құру.
Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мазмұнына мектеп жасына дейінгі балаларға арналған оқыту және дамыту бағдарламалары бар, ресурстар кіретін интерактивті жабдықтар жатады. Бұл технологиялар балалардың логикасының, ойлауының, сенсорлық қабілеттерінің дамуына ықпал етеді.
Мектепке дейінгілермен жұмыс түрі мен әдістері педагогпен мектепке дейінгі ұйымның бағыттарының ерекшелігіне, жабдықталуына (материалдық-техникалық қор) және педагогтың кәсіби әлеуетіне сәйкес өздігінен таңдалып, іске асырылады.
Тәрбиелеу-білім беру процесін сапалы іске асыру үшін педагогтар «Оқулықтардың, оқу-әдістемелік кешендерінің, құралдарының және басқа да қосымша әдебиеттердің, оның ішінде электрондық жеткізгіштегілерінің тізбесін бекіту туралы» ҚР БҒМ 2013 жылғы 27 қыркүйектегі №400 бұйрығын басшылыққа алуы қажет.
Аталған Тізбеде көрсетілмеген оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер мен басқа да қосымша әдебиеттерді білім беру ұйымдарының педагогикалық процесінде қолдануға болмайды.
Мектеп жасына дейінгі балалардың біліктері мен дағдыларының дамуына мониторинг жүргізуді ұйымдастыру
2017-2018 оқу жылында республиканың мектепке дейінгі ұйымдарында түрлі кезеңдерде баланың даму динамикасын анықтауға, педагогтың болашаққа алдағы амалдарын белгілеуге, баланың жеке дамуы үшін қажетті жұмыста жүргізуге мүмкіндік беретін бірыңғай мониторинг енгізіледі. Мониторинг жүргізу үшін индикаторлар жартыжылдық бойынша білім беру салаларынан күтілетін нәтижелер болып табылады. Мониторинг жүргізудің басты тәсілі баланың күнделікті өмірінде жүргізілетін бақылау тәсілі болып табылады.
Диагностика оқу жылының басында, ортасында және аяғында:
- бастапқы – қыркүйекте;
- аралық – қаңтарда;
- қорытынды – мамырда жүргізіледі.
Бастапқы бақылау алдыңғы жас тобындағы мәліметтер
(ІІ жартыжылдықтың күтілетін нәтижелері) негізінде жүргізіледі. Осы диагностика негізінде тәрбиеші психолог және педагог-мамандармен бірге Үлгілік бағдарлама мазмұнын меңгеру деңгейін анықтайды, сондай-ақ, балаға педагогикалық қолдау қажет ететін жұмыстың міндеттері анықталады.
І жартыжылдықтың қорытындысы бойынша аралық диагностика (қаңтарда) жүргізіледі. Аралық педагогикалық диагностиканың жүргізілу мақсаты баланың даму динамикасын анықтау болып табылады.
Қорытынды диагностика ІІ жартыжылдықтың нәтижелері негізінде жүргізіледі. Мониторинг нәтижелері бойынша Үлгілік бағдарламаның мазмұнын игеру деңгейі анықталады және баланың алдағы даму болашағы белгіленеді.
Стандарт талаптары бала дамуының 3 деңгейдің болуын болжайды:
1-деңгей – бала сол немесе басқа қимылдарды қайталай алады;
2- деңгей – бала не істеп жатқанын түсінеді;
3- деңгей – бала өзінің жасай алатынын қолданады.
Мониторинг нәтижелері Бақылау парағында (5-қосымша) толтырылады. Алынған мәліметтер негізінде Баланың жеке даму картасы толтырылады. Баланың жеке даму картасын (6-қосымша) балалармен жұмыс істейтін педагогтар, мамандар толтырады және оны баланың мектепке дейінгі ұйымда болған барлық уақытында жүргізеді.
Топтың Бақылау парағын тәрбиеші мектепке дейінгі ұйым бойынша Жинақ есепті (7-қосымша) құрастыру үшін әдіскерге береді.
Стандарт талаптарына сәйкес балаларды дамыту мен тәрбиелеу үшін жағдай жасау
Балаларды дамыту мен тәрбиелеудің психологиялық-педагогикалық жағдайларына қойылатын талаптар:
1) тәрбиелеу - білім беру әрекетінде балалардың жас және жеке ерекшеліктеріне сәйкес келетін жұмыс түрлері мен әдістерін қолдану;
2) әр баланың қызығушылығы мен мүмкіндіктеріне бағдарланған тәрбиелеу - білім беру әрекетін мектепке дейінгі ұйымның барлық педагогтары, мамандары мен балалардың ата-аналары арасындағы өзараықпалдастық негізінде құру;
3) балалардың түрлі іс-әрекеттерінде бір-біріне жағымды, мейірімді қарым-қатынастарын және олардың бір-біріне өзара ықпалдастығын ересектердің қолдауы;
4) ересектердің балаға сыйластық қарым-қатынаста болуы, балалардың өзін-өзі оң бағалауын, олардың өзінің мүмкіндіктері мен қабілеттеріне сенімін қолдау;
5) балалардың дамуындағы кемшіліктерді түзетуге және диагностикалауға, әлеуметтік бейімделуіне қажетті жағдай жасау;
6) балаларды тәрбиелеуде, олардың денсаулығын сақтау мен нығайтуда ата-аналарға қолдау көрсету, мектепке дейінгі ұйымның білім беру қызметіне ата-аналарды тарту.
Педагогикалық процесті ұйымдастыруға қойылатын талаптар:
1) тәрбиелеу - білім беру процесін ұйымдастырушылық-әдістемелік қолдауды қамтамасыз ету;
2) мектепке дейінгі ұйымдарды мектепке дейінгі білімі бар педагогикалық кадрлармен қамтамасыз ету;
3) педагогикалық кадрлардың кәсіби шеберлігін арттыру;
4) баланы тәрбиелеу мен дамыту соның ішінде инклюзивтік білім беру мәселелерінде педагогтар мен ата-аналарға консультативтік қолдау көрсету,.
Ұйымдастырылған оқу қызметін өткізуге қойылатын талаптар:
1) ұйымдастырылған оқу қызметінің ең жоғарғы көлемін және ұзақтығын қамтамасыз ету;
2) ұйымдастырылған оқу қызметінің санитарлық-гигиеналық нормалар мен ережелерге мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың барлық жас деңгейлеріне сәйкес болуы.
Апталық нормативтік оқу жүктемесі 2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының негізінде Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу жоспарында анықталған және ұйымдастырылған оқу қызметі барысында жүзеге асырылады.
Мектепке дейінгі ұйым топтарындағы балалардың апталық оқу жүктемесінің мүмкін ең жоғарғы көлемі:
ерте жастағы балаларға – 7 сағат;
І кіші топ балаларына – 9 сағат;
II топ балаларына – 12 сағат;
ортаңғы топ балаларына – 14 сағат;
ересек топ балаларына – 20 сағат;
мектепалды даярлық сынып балаларына – 24 сағат.
Ұйымдастырылған оқу қызметінің ұзақтығы:
ерте жастағы балаларға – 7-15 минут;
орта жастағы балаларға – 15-20 минут;
ересек жастағы балаларға – 25-30 минутты құрайды.
Қазақ, орыс, ағылшын тілінде ұйымдастырылған оқу қызметтерін мектепке дейінгі ұйымның мүмкіндіктерін (штаттық кестеге сәйкес кабинеттердің болуы) ескеріп, шағын топтарға бөліп өткізу ұсынылады.
Олардың арасында бірқалыпты қимылды ойындар, өздігінен дербес әрекеттер ұйымдастырылады.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу жоспарына сәйкес екінші кіші топтан бастап вариативті компонент енгізіледі. Апталық вариативтік компоненттің жалпы көлемі:
екінші кіші топтың балалары үшін – 1сағат;
ортаңғы топтың балалары үшін – 2 сағат;
ересек топтың балалары үшін – 3 сағатты құрайды.
Вариативті компонентті анықтауда балалардың жас және жеке ерекшеліктері, мен мүмкіндіктері, қажеттіліктері, қызығушылықтары және мектепке дейінгі ұйымның бағыты ескерілуі қажет. Вариативті компонент мектеп жасына дейінгі балаларға арналған оқу жүктемесінің шекті деңгейінен асырылмай ұйымдастырылады.
Мектепке дейінгі ұйымның жасалған жайлы жағдайы әрбір баланың табысты бейімделуіне және дамуына, қажетті білім, білік және дағдыларды игеруіне ықпал етеді.
Заттық-кеңістіктік дамытушы ортаға қойылатын талаптар:
Заттық-кеңістіктік дамытушы орта толық мазмұнды, өзгермелі, көпатқарымды, вариативті, қолжетімді және қауіпсіз болуы керек.
Заттық-кеңістіктік дамытушы орта:
- әрбір жас кезеңінің ерекшеліктеріне сәйкес балаларды дамыту мен тәрбиелеуге арналған заманауи дидактикалық материалдар мен жабдықтарды қолдана отырып Үлгілік бағдарлама мазмұнын тиімді іске асыруға;
- балалардың өмірін сақтау мен денсаулығын нығайтуға;
- балалардың дамуындағы кемшіліктерді түзетуге, инклюзивтік білім білім беруге жағдай жасауға;
- түрлі білім беру және дамыту бағдарламаларын іске асыруға;
- балалардың ойын, танымдық, зерттеу, шығармашылық және қимыл белсенділігін қамтамасыз етуге;
- заттық-кеңістіктік ортада балаларды қоршаған ересектер мен балалармен өзара ықпалдастықта эмоционалдық жағдайын жасауға және балалардың өз ойын білдіруге мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге бағытталған.
Заттық-кеңестіктік дамытушы ортаны құруда гендерлік тәсіл ескеріле отырып, қыздарға және ұлдарға арналған ойыншықтар, материалдар және арнайы заттармен жабдықталуы тиіс.
Заттық-кеңестіктік дамытушы орта білім беру салаларын кіріктіру ұстанымын ескеріп құрылады. Бір білім беру саласына арналған материалдар мен жабдықтарды басқа білім салаларының мазмұнын іске асыруда қолдану қажет. Келесі әрекет түрлеріне жабдықтарды таңдау: балалардың физиологиялық, шығармашылық және психологиялық дамуына едәуір дәрежеде ықпал ететін ойын, танымдық-зерттеушілік, коммуникативтік, еңбек, көркем-музыкалық және басқа да әрекеттерде жүзеге асады.
Мектепке дейінгі ұйым қызметкерлерінің қызметін ұйымдастыру
Меншік нысанына қарамастан мектепке дейінгі ұйымдардың барлық түрлерінің педагогтары, мамандары мен қызметкерлері өз қызметін «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңын және мектепке дейінгі білім беру саласының басқа да нормативтік құжаттарын басшылыққа ала отырып жүзеге асырады. Мектепке дейінгі ұйымдардың барлық қызметкерлері Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес балалардың тәрбиелеу мен дамытуда салауатты және қауіпсіз жағдай жасауға жеке жауапкершілікте болады.
Мектепке дейінгі ұйымның меңгерушісі:
-ұйым Жарғысы және мектепке дейінгі білім беру саласының нормативтік құқықтық құжаттарына сәйкес мектепке дейінгі ұйымдарға басшылықты жүзеге асырады;
-мектепке дейінгі ұйым қызметінің мақсаты мен міндеттерін, болашағын анықтайды.
-білім беру, тәрбиелеу, әдістемелік және әкімшілік-шаруашылық жұмыстарын қамтамасыз етеді;
- балалардың жан-жақты толыққанды дамуы және олардың денсаулығын нығайту мен қорғау үшін оңтайлы жағдай жасайды;
-практикада озат педагогикалық тәжірибені зерделейді және енгізеді;
- педагогтардың, қызметкерлер мен мамандардың, біліктілігін үздіксіз және уақытында арттыру үшін жағдай жасайды;
-балалардың тәрбиелеу мен оқыту мәселелері бойынша ата-аналардың арасында жұмысты ұйымдастырады, мектепке дейінгі ұйымдардың қызметіне қатысуға ата-аналарды тартады, педагогикалық білімді насихаттауға ықпал етеді.
Мектепке дейінгі ұйымның әдіскері барлық педагогикалық процесті сапалы бағдарламалық-әдістемелік қолдауды қамтамасыз етеді.
Мектепке дейінгі ұйымның әдіскері педагогтар мен мамандарға:
-жұмыс жоспарын құрастыруда, тәрбие мен оқыту мазмұнын, формасын, әдістері мен құралдарын анықтауда;
- баланың дамуына мониторинг жүргізуде;
- озат педагогикалық тәжірибені жалпылау мен таратуда;
- ата-аналар мен мектепке дейінгі ұйым тәрбиешілері, педагогтері және басқа мамандарының өзара ықпалдастығына әдістемелік көмек көрсетеді.
Әдіскер педагог кадрлардың аттестациясын, педагогтардың педагогикалық шеберліктері мен әлеуетін арттыру үшін семинарлар, тренингтер және басқа да шараларды ұйымдастыру мен өткізуді қамтамасыз етеді.
Тәрбиеші тәрбилеу - білім беру процесін тиімді ұйымдастыру үшін:
- балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауды қамтамасыз етеді;
- топтағы тәрбиелеу - білім беру әркетін жоспарлайды;
- денсаулық сақтау шараларын өткізеді;
- топтағы балалардың біліктері мен дағдыларының дамуына мониторинг жүргізеді;
- білім беру салаларын кіріктіру ұстанымын ескере отырып, заттық-кеңістіктік дамытушы ортаны құрады;
- балалармен жұмыста тұлғаға - бағдарланған тәсілдерді жүзеге асырады;
- жеткен нәтижелерді талдау негізінде баланың және топтың болашақтағы қызметін жоспарлайды;
- озат педагогикалық тәжірибені зерделейді, инновациялық әдістер мен технологияларды қолданады;
- балаларды тәрбиелеу мен оқыту мәселелерінде ата-аналарға кеңес береді;
- дамуында ерекше білім алуға қажеттілігі бар балаларды инклюзивтік тәрбилеу мен оқытуға қажетті жағдай жасайды.
Тәрбиеші күні бойы нақты жас тобының күн тәртібіне сәйкес әртүрлі педагогикалық қызметті жүзеге асырады.
Мемлекеттік, орыс, шетел тілінің педагогтары:
- оқылатын тілдің ерекшелігін ескере отырып, ұйымдастырылған оқу қызметін жоспарлайды және ұйымдастырады;
-оқудың әртүрлі формаларын, әдістерін, тәсілдерін және құралдарын қолданады;
- баланың тұлғалық тілдік мәдениетінің қалыптасуына жәрдемдеседі;
- баланың тілдерге жеке қабілеттерін айқындайды және оның дамуына ықпал етеді;
-интерактивтік жабдықтар негізінде инновациялық технологияларды қолданады;
- үш тілде оқытудың бірлігін жүзеге асырады.
Мемлекеттік тілдің оқытушылары орыс тілінде оқитын топтарда мақсатты қазақ тілін оқытуды және орыс тілінің оқытушылары қазақ тілінде оқитын топтарда орыс тілін оқытуды Үлгілік оқу жоспарына сәйкес ұйымдастырылған оқу қызметтерінде жүзеге асырады.
Музыка жетекшісі:
- балалардың музыкалық дамуын жүзеге асырады;
- музыка сабақтарын, балалар мерекелерін және басқа да мәдени-бұқаралық шараларды ұйымдастырады және өткізеді;
- музыкадан дарынды балаларды анықтайды;
- балалармен жеке жұмыс өткізеді;
- балаларға музыкалық тәрбие беру мәселелері бойынша тәрбиешілер мен ата-аналарға кеңес береді.
Мектепке дейінгі ұйымның педагог-психологы:
-балалардың психологиясы мен әлеуметтік саулығы үшін жағдай жасайды;
- балаларға, тәрбиешілерге, ата-аналарға әртүрлі оңалту және кеңес беру көмек түрлерін көрсету бойынша шаралар қабылдайды;
- әрбір баланың жеке психологиялық-педагогикалық картасын құрады;
- шығармашыл дарынды балаларға психологиялық қолдауды көрсетеді, олардың дамуына ықпал етеді.
Мектепке дейінгі ұйымның дефектологы, логопеді:
- балалардың психологиялық, дене бітіміндегі және физиологиялық ауытқушылықтарына диагностика жүргізеді;
- ауытқушылық көріністері құрылымы мен дәрежесін анықтайды;
- бұзылған функцияларды қалпына келтіру бойынша жеке және топтық түзетулерді жүзеге асырады;
- дамуында ерекше қажеттіліктері бар балалардың әлеуметтенуіне ықпал етеді;
- дамуында ауытқушылығы бар балаларға көмек көрсетуде арнайы әдістер мен тәсілдерді қолдану бойынша педагогикалық қызметкерлер мен ата-аналарға кеңес береді.
Дене шынықтыру нұсқаушысы:
- ұйымдастырылған оқу қызметін жоспарлайды және жүзеге асырады;
- дене тәрбиесі бойынша озат педагогикалық тәжірибені зерделейді;
- инновациялық технологияларды қолданады;
- денсаулық сақтау мәселелерінде ата-аналарға кеңес береді, қауіпсіздік шаралары мен санитарлық-гигеналық жағдайды қамтамасыз етеді;
- арнайы медициналық топқа жататын, балалармен қосымша сабақтар өткізеді.
Медицина қызметкері:
- балалардың денсаулығы және дене бітімінің дамуына жауапкершілікте болады;
-емдеу-алдын-алу шараларын өткізеді;
- санитарлық-гигеналық нормаларды, күн тәртібін сақтауды қамтамасыз етеді;
- балаларды тамақтандыруды ұйымдастыруды, азық-түлік сапасын бақылауды жүзеге асырады, тағайындалған нормалар мен талаптарға сәйкес ас мәзірін жасайды, азық-түліктерді қоюға қатысады, сынама алады, дәрігердің ұйғарымына сәйкес диетамен тамақтануға мұқтаж балалар үшін жеке ас мәзірін қамтамасыз етеді.
Мектепке дейінгі ұйымдарға қосымша білім беру қызметін енгізу (хореография, жүзу, ағылшын тілі, компьютерлік сауаттылық және т.б.) әрбір жас кезеңі үшін тағайындалған оқу жүктемесі аясынан аспауы тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |