ЖӘНЕ ОНЫ ӨТКЕРУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
22-бап. "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне іріктеу
1. "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне іріктеу "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын белгіленген арнайы біліктілік талаптарына және осы Заңда белгіленген өзге де талаптарға сай келетін азаматтар қатарынан жүзеге асырылады.
"А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне іріктеуді уәкілетті комиссия Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады.
2. Уәкілетті орган "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервін Қазақстан Республикасының Президенті айқындаған тәртіппен уәкілетті комиссия ұсынған азаматтар қатарынан қалыптастырады.
"А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне алынған азаматтарды "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына тағайындау құқығы бар лауазымды адам (орган) не ол уәкілеттік берген лауазымды адам "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурс өткізбестен тағайындай алады.
23-бап. "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасуға арналған конкурс
1. "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасу үшін конкурс өткізілуі мүмкін.
2. "А" корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға арналған конкурс "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне алынған азаматтар қатарынан жүзеге асырылады.
Конкурсты осы мемлекеттік лауазымға тағайындау құқығы бар лауазымды адам (орган) не ол уәкілеттік берген лауазымды адам жүзеге асырады.
"А" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасуға арналған конкурс уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын тәртіппен өткізіледі.
24-бап. "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерімен жасалатын еңбек шарттары
Адамды "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына тағайындау кезінде онымен еңбек шарты жасалады.
"А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісімен еңбек шартын мемлекеттік лауазымға тағайындау және мемлекеттік лауазымнан босату құқығы бар лауазымды адам (орган) не ол уәкілеттік берген лауазымды адам (орган) жасайды.
"А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісімен еңбек шартын жасау, ұзарту және бұзу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
24-1-бап. "А" корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерін мансаптық жоспарлау
"А" корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілері үшін мансаптық жоспар құрылады.
А" корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілері үшін мансаптық жоспарлау тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
Ескерту. 4-тарау 24-1-баппен толықтырылды - ҚР 06.04.2016 № 484-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
25-бап. Мемлекеттік лауазымды "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына өзгерту
1. Мемлекеттік лауазым "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына өзгертілген жағдайда:
1) мемлекеттік лауазымды "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервінде тұрған адам конкурстық іріктеу негізінде алмастырады;
2) мемлекеттік лауазымды алмастыру мерзімін уәкілетті комиссия белгілейді;
3) осы мемлекеттік лауазымды атқаратын мемлекеттік қызметші мемлекеттік лауазым осы тармақтың 1) тармақшасына сәйкес алмастырылғанға дейін осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген мерзім өткенге дейін жұмысын жалғастыруға құқылы.
2. Мемлекеттік лауазымы "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына өзгертілген мемлекеттік қызметшіге мемлекеттік орган оның біліктілігіне сәйкес және бос орынның болуына қарай мемлекеттік лауазым ұсынады.
Мемлекеттік қызметші жұмысқа орналасудан бас тартқан жағдайда қызметтен шығарылуға тиіс. Бұл ретте мемлекеттік орган кемінде үш жыл мемлекеттік қызмет өтілі бар мемлекеттік қызметшіге төрт орташа айлық жалақысы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысын төлейді.
5-тарау. "Б" КОРПУСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ӘКІМШІЛІК ЛАУАЗЫМЫНА
ОРНАЛАСУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
26-бап. "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына мемлекеттік қызметке алғаш рет кіретін немесе қайтадан кіретін азаматтарды іріктеу
"Б" корпусының мемлекеттік лауазымдарына алғаш рет кіретін немесе мемлекеттік қызметті тоқтатқаннан кейін оған қайтадан кіретін азаматтар мынадай іріктеу кезеңдерінен өтеді:
1) уәкілетті орган айқындаған тәртіппен тесттен өту;
2) уәкілетті органның қорытындысын ала отырып, жеке қасиеттерін бағалату;
3) "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға арналған жалпы конкурс.
Осы Заңда көзделген жағдайларда, сондай-ақ жергілікті өкілді органдардың тағайындауы немесе Қазақстан Республикасының заңдарына сəйкес сайлау тəртібімен "Б" корпусының мемлекеттік лауазымдарына конкурстан тыс тəртіппен алғаш рет кіретін немесе қайтадан кіретін азаматтарға көрсетілген іріктеу кезеңдері қолданылмайды.
Ескерту. 26-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 29.06.2018 № 163-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
27-бап. "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға арналған конкурс
1. "Б" корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттiк әкiмшілiк лауазымына орналасуға конкурс мынадай түрлерден тұрады:
1) азаматтар арасындағы жалпы конкурс;
2) мемлекеттік қызметшілер арасындағы ішкі конкурс.
2. Конкурс мынадай бірқатар жүйелі кезеңдерді қамтиды:
1) конкурс өткізу туралы хабарландыруды жариялау;
2) конкурсқа қатысуға ниет білдірген адамдардан құжаттар қабылдау;
3) мемлекеттік органның конкурстық комиссиясын не бірыңғай конкурстық комиссияны құру;
4) конкурсқа қатысушылардың құжаттарын белгіленген біліктілік талаптарына сай болуы тұрғысынан қарау;
5) конкурсқа қатысушылармен мемлекеттік органның конкурстық комиссиясы өткізетін әңгімелесу;
6) мемлекеттік органның конкурстық комиссиясының қорытындысы.
Конкурс өткізудің тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
3. Орталық мемлекеттік органдарда, ведомстволарда және олардың аумақтық бөлімшелерінде конкурс өткізу кезінде хабарландырулар орталық мемлекеттік органдардың және уәкілетті органның интернет-ресурстарында орналастырылады. Хабарландыруларды Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таралатын мерзімді баспа басылымдарында жариялауға жол беріледі.
Жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдарда конкурс өткізу туралы хабарландырулар жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың және уәкілетті органның интернет-ресурстарында орналастырылады. Хабарландыруларды тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағына таралатын мерзімді басылымдарда жариялауға жол беріледі.
Персоналды басқарудың бірыңғай қызметі (кадр қызметі) құрылған жағдайда хабарландырулар өзі соның құрылымында тұрған мемлекеттік органның интернет-ресурсында да орналастырылады.
4. Егер конкурс "Б" корпусының уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына өткізілсе, осы шарт конкурс өткізу туралы хабарландыруда көрсетілуге тиіс.
5. Конкурстық комиссияның оң қорытындысын алған конкурсқа қатысушының "Б" корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттiк әкiмшілiк лауазымына орналасуға құқығы бар. Тағайындау құқығы бар лауазымды адам оны жарияланған мемлекеттік лауазымға қабылдауға мiндеттi. Бұл ретте Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында көзделген талаптар сақталуға тиiс.
6. Конкурстық комиссияның шешiмiне қатысты уәкілетті органға не сотқа шағым жасауға болады.
28-бап. Жалпы конкурс
1. Жалпы конкурс "Б" корпусының бос немесе уақытша бос болып табылатын төменгі мемлекеттік әкімшілік лауазымына, сондай-ақ осы Заңның 29-бабының 2-1 және 3-тармақтарында көзделген жағдайларда төменгі лауазым болып табылмайтын өзге бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасу үшін өткізіледі.
2. "Б" корпусының төменгі болып табылмайтын өзге де бос және (немесе) уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасу үшін жалпы конкурс орталық атқарушы органда не оның ведомствосында уәкілетті органмен келісу бойынша, ал орталық мемлекеттік органның немесе оның ведомствосының аумақтық бөлімшесінде не жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органда уәкілетті органның аумақтық бөлімшесімен келісу бойынша өткізіледі.
Осы Заңның 29-бабында көзделген ішкі конкурс өткізу жөніндегі талаптардың сақталмауы жалпы конкурс өткізуден бас тартуға негіз болып табылады. Келісу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
3. Жалпы конкурсқа қатысуға тест рәсімдерінен алдын ала өткен және уәкілетті орган белгілеген мәндерден төмен емес нәтижелері бар азаматтар жіберіледі.
Тест нәтижелеріне шағым жасау тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
Мемлекеттік қызметке кіру кезінде конкурстық комиссия Қазақстан Республикасы азаматтарының қоғамдық бірлестіктер, қоғамдық кеңестер, үкіметтік емес ұйымдар жұмысына қатысқанын, волонтерлік, қайырымдылық қызметті жүзеге асырғанын ескереді.
4. Уәкілетті орган және оның аумақтық бөлімшелері қорытынды бере отырып, азаматтардың жеке қасиеттерін бағалауды жүргізеді. Азаматтардың жеке қасиеттерін бағалауды жүргізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды. Азаматтардың жеке қасиеттерін бағалау нәтижелерін конкурстық комиссия шешім қабылдау кезінде ескереді.
Ескерту. 28-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 20.12.2016 № 33-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
29-бап. Ішкі конкурс
1. "Б" корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасу үшін мемлекеттік орган осы мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілері арасында ішкі конкурс өткізеді, оған оның ведомствосының, аумақтық бөлімшелерінің мемлекеттік қызметшілері де, сондай-ақ осы Заңда және Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметiнің құқықтық негіздерін, сондай-ақ оның жұмысын ұйымдастыру тәртібiн белгілейтін заңда айқындалған өзге де адамдар қатысуға құқылы.
Персоналды басқарудың бірыңғай қызметі (кадр қызметі) немесе бірыңғай конкурстық комиссия құрылған жағдайда ішкі конкурс аталған қызмет немесе комиссия солар үшін құрылған мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілері арасында өткізіледі.
2. Конкурстық комиссияның немесе бірыңғай конкурстық комиссияның оң қорытындысын алған конкурсқа қатысушылар болмаған кезде барлық мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілері арасында ішкі конкурс өткізіледі.
"Б" корпусының бос немесе уақытша бос болып табылатын төменгі мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасу үшін ішкі конкурс өткізілмейді.
2-1. Егер осы мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілері арасында ішкі конкурс өткізген кезде конкурстық комиссияның немесе бірыңғай конкурстық комиссияның оң қорытындысын алған қатысушы болмаса, уәкілетті орган айқындайтын жағдайларда мемлекеттік орган барлық мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілері арасында ішкі конкурс өткізбестен, жалпы конкурс өткізе алады.
Бұл ретте жалпы конкурсқа қатысатын мемлекеттік қызметшілер мен осы баптың 5-тармағында аталған адамдар тестен және жеке қасиеттерін бағалаудан өтпейді.
3. Мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілері арасында конкурстық комиссияның немесе бірыңғай конкурстық комиссияның оң қорытындысын алған конкурсқа қатысушылар болмаған жағдайда осы Заңның 28-бабына сәйкес жалпы конкурс өткізіледі.
4. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары көмекшілерінің немесе кеңесшілерінің, баспасөз хатшыларының бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурс өткізілместен орналасуға жол беріледі.
Аталған адамдардың мемлекеттік органның, аумақтық бөлімшелерін қоса алғанда, оның ведомствосының ішінде одан кейінгі ауысуларына жол берілмейді.
"Б" корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурс өткізілмей, ауысу тәртібімен орналасу Қазақстан Республикасының Президенті айқындаған тәртіппен өзге де жағдайларда жүзеге асырылуы мүмкін.
Уәкілетті органның немесе оның аумақтық бөлімшесінің келісімі ауысудың шарты болып табылады.
4-1. Мемлекеттік орган құрылған кезде осы мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілері арасында ішкі конкурс өткізілмейді.
5. Адам мемлекеттік әкімшілік қызметтен шығарылған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде, егер ол өзге жеке және заңды тұлғалармен еңбек қатынастарында тұрмаса, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тыс жерге шықпаса, ішкі конкурстың немесе осы баптың 2-1-тармағына сәйкес өткізілген жалпы конкурстың қорытындысы бойынша "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға құқылы.
РҚАО-ның ескертпесі!
5-тармақтың екінші бөлігі жаңа редакцияда көзделген - ҚР 30.11.2016 № 26-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).
Мұндай жағдайларда осы адамға міндетті арнайы тексеруден өту туралы, сынақ мерзімін белгілеу туралы және кірістері мен өзіне меншік құқығымен тиесілі мүлкі туралы декларацияны өзінің бұрынғы жұмыс орны бойынша тапсырған жағдайда оны ұсыну туралы талаптар қолданылмайды.
Ескерту. 29-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 06.04.2016 № 484-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 20.12.2016 № 33-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
30-бап. Мемлекеттік лауазымға тағайындау
1. Азаматтарды мемлекеттік лауазымдарға тағайындауды және мемлекеттік қызметшілерді мемлекеттік лауазымдардан босатуды лауазымдық өкілеттіктеріне сәйкес осындай құқығы бар лауазымды адам (орган) не өзіне осындай өкілеттіктер берілген өзге де лауазымды адам (орган) жүзеге асырады.
2. Азаматтардың мемлекеттік қызметке кіруін ресімдеу кезінде мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз етеді.
3. Персоналды басқару қызметтері (кадр қызметтері) мемлекеттік қызметшілерге қызметтік тізімді толтырады. Қызметтік тізім нысанын уәкілетті орган бекітеді.
4. Мемлекеттік қызметшіге мемлекеттік лауазымы мен лауазымдық өкілеттіктерін растайтын құжат болып табылатын қызметтік куәлік беріледі.
Қызметтік куәлікті беру тәртібін, оның сипаттамасын мемлекеттік орган бекітеді.
6-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІ ӨТКЕРУ
31-бап. Лауазымдық нұсқаулықтар
Мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Заңда және өзге де заңнамасында белгіленгендерден туындайтын лауазымдық өкілеттіктері және жауаптылығы біліктілік талаптары негізінде айқындалады және лауазымдық нұсқаулықтарда көрсетіледі.
Лауазымдық нұсқаулықтарды мемлекеттік лауазымға тағайындау және мемлекеттік лауазымнан босату құқығы бар лауазымды адам бекітеді және олардың орындалуы мемлекеттік лауазымға жүктелетін нақты функциялар тізбесін қамтиды.
Лауазымдық нұсқаулықтарды әзірлеу мен бекіту тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
32-бап. Жұмыс уақыты
1. Мемлекеттiк қызметшiлердiң жұмыс уақытының ұзақтығы осы Заңда көзделген ерекшелiктер ескерiле отырып, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес айқындалады.
2. Мемлекеттік қызметшілер үшін екі демалыс күні бар бес күндік жұмыс аптасы белгіленеді.
3. Мемлекеттік органдар бекітетін мемлекеттік қызметшілердің еңбек тәртіптемесі қағидалары жұмыс уақыты мен демалыс уақытының режимін белгілейді.
4. Шұғыл, күнi бұрын болжанбаған жұмыстарды орындау үшiн мемлекеттік қызметшілер Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмыс уақытынан тыс істелетін жұмысқа, демалыс және мереке күндерiндегі жұмысқа тартылуы мүмкiн.
Осы тармақта көзделген жағдайларда мемлекеттік қызметшіге демалыс күндері (сағаттары) беріледі немесе жұмысына мемлекеттік қызметшілердің еңбегіне ақы төлеу жүйесіне сәйкес өтемақы төленеді.
33-бап. Мемлекеттік қызметшілердің жұмысын бағалау
1. Мемлекеттік қызметшілер жұмысының тиімділігі мен сапасын айқындау мақсатында олардың жұмысын бағалау жүргізіледі.
Мемлекеттік қызметшілердің жұмысын бағалауды жүргізудің тәртібі мен мерзімдерін уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
Мемлекеттік қызметшілердің жұмысын бағалаудың нәтижелері бонустарды төлеу, көтермелеу, оқыту, ротациялау, мемлекеттік лауазымын төмендету не қызметтен шығару жөніндегі шешімдерді қабылдауға негіз болып табылады.
2. Мемлекеттік саяси қызметшілердің жұмысын бағалауды Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын уәкілетті адам (орган) жүргізеді.
3. Орталық атқарушы органдардың жауапты хатшыларының жұмысын бағалауды Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жүргізеді.
4. "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің жұмысын бағалауды "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісін мемлекеттік лауазымға тағайындау және мемлекеттік лауазымнан босату құқығы бар лауазымды адам (орган) жүргізеді.
"А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің жұмысын бағалау әдістемесін уәкілетті орган бекітеді.
"А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісінің қанағаттанарлықсыз бағасы уәкілетті комиссиямен келісу бойынша онымен жасалған еңбек шартын бұзуға негіз болып табылады.
5. "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісінің жұмысын бағалауды "Б корпусының әкімшілік қызметшісін мемлекеттік лауазымға тағайындау және мемлекеттік лауазымнан босату құқығы бар лауазымды адам құратын бағалау жөніндегі комиссия жүргізеді.
Мемлекеттік органдар уәкілетті орган бекіткен үлгілік әдістеменің негізінде "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің жұмысын бағалау әдістемесін әзірлейді және бекітеді.
6. "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісінің қатарынан екі жыл бойы қанағаттанарлықсыз баға алуы ол біліктілік талаптарына сай келген және төмен тұрған бос мемлекеттік лауазым болған кезде оның мемлекеттік лауазымын төмендетуге әкеп соғады.
Төмен тұрған бос мемлекеттік лауазым болмаған кезде мемлекеттік қызметшіге басқа бос мемлекеттік лауазым ұсынылады.
Бос мемлекеттік лауазым болмаған немесе мемлекеттік қызметші ұсынылған мемлекеттік лауазымнан бас тартқан кезде мемлекеттік қызметші атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығарылады.
7. Мемлекеттік қызметші Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өзінің жұмысын бағалау нәтижелеріне қатысты шағым жасауға құқылы.
34-бап. Мемлекеттік қызметшілерді оқыту
1. Мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді оқыту мемлекеттік қызметшілерді даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды қамтиды.
Мемлекеттік қызметшілерді даярлау – жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша академиялық және ғылыми дәреже алуға арналған оқу процесі.
Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау – қосымша кәсіби білім алуға арналған оқу курстары.
Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру – олардың құзыретін жетілдіруге арналған оқыту семинарлары.
2. Мемлекеттік әкімшілік қызметшілер үш жылда бір реттен сиретпей біліктілігін арттырудан өтеді.
3. Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алу Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы білім беру ұйымдарында және олардың филиалдарында, сондай-ақ өңірлік қайта даярлау және біліктілікті арттыру жөніндегі орталықтарда жүзеге асырылады.
4. Мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша айқындайды.
Ескерту. 34-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 06.04.2016 № 484-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2017 № 86-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.
35-бап. Көтермелеу
1. Мемлекеттік қызметшілерді көтермелеу лауазымдық міндеттерін үлгілі орындағаны, мінсіз мемлекеттік қызметі, ерекше маңызды және күрделі тапсырмаларды орындағаны және жұмыстағы басқа да жетістіктері үшін, сондай-ақ олардың жұмысын бағалаудың нәтижелері бойынша қолданылады.
Мемлекеттік қызметшілерге мынадай көтермелеулер қолданылуы мүмкін:
1) біржолғы ақшалай сыйақы беру;
2) алғыс жариялау;
3) бағалы сыйлықпен марапаттау;
4) грамотамен марапаттау;
5) құрметті атақ беру;
6) көтермелеудің өзге де нысандары, оның ішінде ведомстволық наградалармен марапаттау.
2. Нақ сол ерекшеленгені үшін мемлекеттік қызметшіге бір ғана көтермелеу қолданылуы мүмкін.
Көтермелеулерді қолдану тәртібі мемлекеттік органдардың актілерінде белгіленеді.
3. Мемлекеттік қызметшілерді ерекше еңбек сіңіргені үшін "Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік наградалармен марапаттауға ұсынуға болады.
36-бап. Мемлекеттік қызметшілердің тағылымдамасы
Мемлекеттік қызметшілердің тұрақты жұмыс орнынан тыс жерде кәсіби білім алуы мен тәжірибе жинақтауы мақсатында мемлекеттік органдардың жолдамасы бойынша олардың тағылымдамасы өткізіледі. Тағылымдамадан өту кезеңінде мемлекеттік қызметшілердің жұмыс орны (мемлекеттік лауазымы) және жалақысы сақталады.
Мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің тағылымдамасы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
37-бап. Мемлекеттік қызмет бабында ілгерілету
1. Мемлекеттік қызметшілерді мемлекеттік қызмет бабында ілгерілету олардың бiлiктiлiгi, құзыреттері, қабілетi, сiңiрген еңбегi және өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн адал орындауы ескеріліп жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік органда мемлекеттік қызмет бабында ілгерілеу мемлекеттік органның штат кестесінде көзделген жоғары тұрған мемлекеттік лауазымдарға сатылап көтеріліп орналасуды көздейді.
Басқа мемлекеттік органдардағы жоғары тұрған мемлекеттік лауазымдар болып оларға неғұрлым жоғары біліктілік талаптары қойылатын, ал біліктілік талаптары тең болған кезде – неғұрлым жоғары жалақы белгіленген мемлекеттік лауазымдар түсініледі.
3. Мемлекеттік қызметшіге сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін әкімшілік жаза қолдану туралы қаулының орындалуы аяқталған күннен бастап бір жыл ішінде немесе оның мемлекеттік қызметке кір келтіретін терiс қылық жасағаны үшін алынбаған тәртiптiк жазасы болған кезде мемлекеттік лауазымға ауысу тәртiбiмен, сондай-ақ конкурстардың қорытындылары бойынша орналасуына жол берiлмейдi.
38-бап. Міндеттерді уақытша жүктеу
1. Қызметтік қажеттілікке байланысты мемлекеттік қызметшіге атқаратын мемлекеттік лауазымынан босатпай, осы Заңда және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде белгіленген жағдайларды қоспағанда, басқа мемлекеттік лауазымның міндеттері уақытша жүктелуі мүмкін.
2. Мемлекеттік қызметшіге мемлекеттік лауазымдарды уақытша қоса атқарғаны және уақытша болмаған мемлекеттік қызметшінің міндеттерін атқарғаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қосымша ақы белгіленеді.
Ескерту. 38-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 06.04.2016 № 484-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
39-бап. Мемлекеттік қызметшілердің Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына, шетелдегі мекемелеріне және өзге де ұйымдарға іссапарға баруы
1. Мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік органдардың алдына қойылған міндеттерді орындау мақсатында олардың бірінші басшыларымен келісу бойынша, Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына, шет елдердегі мекемелеріне және өзге де ұйымдарға іссапарға жіберілуі мүмкін.
2. Іссапарға барған мемлекеттік қызметшілердің бұрынғы жұмыс орны (мемлекеттік лауазымы), сондай-ақ осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген құқықтары, кепілдіктері, жеңілдіктері, өтемақылары, үстемеақылары, төлемдері, зейнетақымен қамсыздандырылуы және әлеуметтік қорғалуы сақталады.
Ескерту. 39-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 06.04.2016 № 484-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2017 № 86-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.
Достарыңызбен бөлісу: |