Халықаралық факторингтік мәміледе тікелей және жанама факторингті бөліп көрсетеді. Тікелей факторингтің ерекшелігі болып жабдықтаушы – экспортер алдында міндеттерді атқаратын бір фактордың болуы. Сонымен қатар факторингтік компанияның импортерға жеткізілген тауардың төлемі туралы талап қою қабілеті бар. Тікелей факторинг келесідей болып бөлінеді:
тікелей импортты факторинг;
тікелей экспортты факторинг.
15 - сурет – Факторингтік операциялардың негізгі түрлері
Тікелей импортты факторингта жеткізуші – кәсіпорын талап ету құқығын импортер елінде орналасқан фактор – компанияға береді. Факторингтің бұл түрі экспорт бір немесе екі елге жіберілген кезде қолданылады. Егерде экспортер тауарды көп елдерге жіберсе, онда басқа елдердің факторингтік компанияларымен бірнеше тікелей келісімшарттар жасасқаннан гөрі, өз елінің факторингтік компаниясымен бір келісімшарт жасағаны ыңғайлы. Тікелей импортты факторинг талаптарды қайта ұсынуға үшін жедел қаржыландыруды талап етпейтін фирмалармен қолданылуы мүмкін.
Тікелей экспортты факторингтің мәні жеткізуші өзі орналасқан елдегі факторингтік компанияға талап ету құқығын берумен сипатталады.
Жанама факторингта жеткізуші – экспортер елінде орналасқан факторингтік компания, жеткізуші – импортер елінде орналасқан факторингтік компаниямен субфакторингтік келісімшарт жасайды. Соның нәтижесінде борышкер өзінің қызмет етіп отырған еліндегі фактор – компанияға қарыз сомасын төлейді, ал ол өз кезегінде жеткізуші елінде орналасқан факторингтік компанияға төлейді. Бірақ, субфакторинг келісімшарты бойынша мұндай борышты өтеуге факторинг келісімшартымен тыйым салынбаған жағдайда жасалады.
Факторингтік операциялар ашық және жасырын деп екіге бөлінеді. Ашық факторинг – егерде факторингтік компания сатып алу туралы талабын борышкерге ескерткен жағдайда туындайды. Жасырын факторингте клиент өзінің сатып алушыларын ескертпей, факторингтік компаниямен келісімшарт жасайды. Жіктелудің аталған белгісі негізгі болып табылады, өйткені факторингтік операцияларды ұйымдастыру келісішарт түріне байланысты болады. Бұл жерде ұстанымдық тұрғыдан алғандағы ерекшелік, ол сатып алушы кәсіпорын ақшаны ақырында кімнің шотына төлейтігінде. Ашық факторингте төлем тікелей факторингтік компаниямен жүргізіледі, ал жасырын факторинг кезінде – жеткізуші – кәсіпорынмен жүргізіледі, өйткені сатып алушы факторингтік компанияның қатысатыны туралы ескертілмеген.
Ашық факторингтің түрі ретінде жартылай ашық факторинг болады. Аталған жағдайда жеткізуші борышкерге факторингтік келісімшарт жасағаны туралы алдын – ала ескертпейді, бірақ оған шоттарды көрсеткен кезде, фактор – компаниямен жасаған келісімшартын және төлем жіберілетін шот номерін көрсетуге міндетті.
Сонымен қатар, факторингтік келісім кері талап (регресс) құқығымен және кері талап (регресс) құқығынсыз болуы мүмкін. Регресс құқығының болуы сатып алушы өз міндеттемелерін орындаудан бас тартқан жағдайда, жеткізуші – кәсіпорыннан төленген соманы кері қайтаруға талап етуге мүмкіндігі бар, яғни аталған жағдайда несиелік тәуекел жеткізуші – кәсіпорында болады. Егерде кері талап құқығынсыз факторингтік келісім жасаған болса бұл жағдайда факторингтік компанияға ақшалай талаптарды сатумен қатар несиелік тәуекел де беріледі.
Регресс құқығымен келісім жасау барысында жеткізуші – кәсіпорын факторингтік компанияға сатылған қарыз талаптары бойынша белгілі бір несиелік тәуекелде бола береді. Аталған жағдай әдетте, егерде жеткізуші өзінде күдікті қарыз міндеттемелері болмайтындығына сенімді болған жағдайда, немесе олардың өз сатып – алушы клиенттерінің несиеқабілеттілігін мұқият тексеріп оң бағалаған жағдайда орын алады. Сондықтан да жеткізуші – кәсіпорын несиелік тәуекелді сақтандыру қажеттілігі бойынша қызмет көрсету шығындарын төлеуді қажет деп есептемейді.
Факторингтік келісімдер алдын – ала төлем түрінде немесе белгілі бір мерзімге талаптарды төлеу түрінде жеткізушіге несие беру туралы келісімдер арқылы жасалуыда мүмкін. Алдын – ала төлем туралы келісім жасаған жағдайда жеткізуші – кәсіпорынмен қайта табыстау бойныша талаптарының 80% аванс ретінде төленеді. Ал қалған бөлігі сатып алушыдан қаражат түскеннен кейін факторингтік компания арқылы төленеді. Белгілі бір мерзімге талаптарды төлеу барысында қайта талап етілген қарыз талаптарының сомасы (шығындарды шегергенде) нақты бір мерзімге немесе белгілі бір уақыт өткеннен кейін жеткізуші – кәсіпорынға аударылады.
Факторингтік қызмет көрсету туралы келісім жеткізуші – кәсіпорын мен факторингтік компания арасында, әдетте бір жылдан төрт жылға дейінгі мерзімге жасалады және оның мерзімі келесідей себептер бойынша тоқтатылуы мүмкін:
тараптардың өзара келісмі;
факторингтік компанияның қалауы;
жеткізушінің қалауы;
жабдықтаушының төлемқабілетсіздігі.
Алдыңғы екі жағдайда жеткізуші қаражаттардың қандай да бір басқа көзін тауып , фактор – компанияның қайта табыстау талаптарын сатып алуы керек. Өз кезегінде, факторингтік компания сатып алушыларға, осы уақыттан бастап барлық төлемдер жеткізушілер пайдасы үшін жүргізілетіндігін хабарлайды.
Факторингтік келісімде тараптардың әрқайсысының құқықтары мен міндеттері қарастырылуы керек: жеткізушілерге несиені ұсыну процедуралары, қарыз талаптарын қайта табыстау мен оларды инкассалау, өзара талаптарды жүзеге асыру тәртібі, несиелік тәуекелдерді сақтандыруды жүзеге асыратын лимиттер сомасы және т.б.
Келісімшартта, сонымен қатар жеткізушіден алынатын төлем көрсетілуі керек. Халықаралық тәжірибеде факторинг тәжірибесінде факторингтік кәсіпорынның табыс алуының екі тәсілі қолданылады: дисконт түрінде және көрсетілген қызметтер үшін сыйақы түрінде.
Өзін-өзі бақылауға арналған сұрақтар:
Кәсіпкерлік қызметті қаржыландырудың ішкі көздеріне не жатады?
Шаруашылық жүргізу субъектісінің қаржылық қатынастарын сипаттап беріңіз.
Кәсіпорынның қаржы ресурстарының құрамын ашып көрсетіңіз.
Басқару жүйесі ретіндегі қаржы менеджментінің мазмұны неде?
Қаржылық жоспарлаудың мазмұны.
Кәсіпкерлік қызметті қаржыландыру.
Кәсіпкерліктегі факторингтің мәні неде?
Жеткізуші үшін факторингтің артықшылықтары неде?
Лизингтік операциялардың мәні неде?
Лизинг субъектілері деген кімдер? Лизингтің қандай түрлерін білесіз?
Достарыңызбен бөлісу: |