Кәсіпорын арасындағы бәсекенің өзгеру нұсқалары келесілер:
бәсеке бәсекелесуші кәсіпорындардың санының көбеюіне байланысты күшейеді;
ірі кәсіпорындар басқа кәсіпорынды өзіне қосып алғанда және оны көшбасшыға шығару барысында шешуші шаралар қабылдаған кезде бәсеке күшейеді;
тауарға деген сұраныс баяу өскен кезде бәсеке күшті болады;
саладағы шаруашылық жүргізудің жағдайлары, кәсіпорынды бағаны төмендетуге немесе сату көлемдерін көбейтудің басқада тетіктерін қолдануға итермелеген кезде бәсеке күшейеді;
өнімнің бір түрінен екіншісіне өту кезіндегі сатып алушылардың шығындары онша жоғары болмаған жағдайда бәсеке күшейеді;
бір немесе бірнеше кәсіпорындар нарықтағы өнімдерінің алатын үлесімен қанағаттанбаған жағдайда бәсеке күшейеді;
ұтымды стратегиялық шешімдердің әсерінен табыс пропорционалды түрде өскен жағдайда бәсеке күшейеді;
нарыққа шығудың шығындарының көбеюі және кедергілер көп болған жағдайда бәсеке күшейеді;
кәсіпорындардың стратегиялары, ресурстары, ұйымдастырушылық ерекшеліктері, миссиясы арасында айырмашылық болған жағдайда бәсеке барысы белгілі болады.
Экономикада бәсеке бірқатар функцияларды атқарады:
Өндірісті реттеу функциясы. Бәсеке тауардың нарықтық құнын анықтайды және белгілейді, нақты еңбекті қоғамға қажетті еңбекке айналдырады: өнім өндіруші тұтынушыға қажетті бұйымдарды ұсынуы керек, ал ол тауарлар сұранысы көп салаларға жіберілуі керек.
Кәсіпкерлік мінез-құлықты мотивациялау функциясы. Кәсіпкер үшін бәсеке тәуекел мен мүмкіндікті білдіреді. Сапасы бойынша ең жақсы өнімді нарыққа ұсынатын кәсіпорындар пайда табу арқылы артықшылыққа ие болады. Яғни, олар өндірісті дамыту, инновациялық тетіктерді ендіру үрдісіне ұмтылады. Қажеттіліктердің өзгеруіне баяу икемделетін және сапасы төмен тауарды ұсынатын кәсіпорындар зиян шегеді немесе нарықтық жүйеден шеттеу қалады.
Өндірушілер табысын бөлу функциясы. Бәсеке басқару тиімділігі мен еңбек өнімділігіне байланысты дара құндылықтарды өзара теңестіруге және сәйкесінше пайданы ұтымды түрде бөлуге септігін тигізеді.
Нарыққа қатысушылардың мінез-құлқын бақылау функциясы. Бәсеке экономикалық таңдауды жүзеге асырады, сатып алушыларға бірнеше өнім сатушылар арасынан тауарды таңдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар олардың нарықтың жалпы жағдайына әсер етуіне мүмкіндік бермей, әрбір сатушының мінез-құлқын шектейді.
Бәсекелік стратегияға байланысты бәсекелік мінез-құлықтың келесідей типтерін бөліп көрсетуге болады:
креативті,
бейімделгіш,
кепілдендірілген.
Креативті мінез-құлық бәсекелестерге қарағанда үстемдікке (жаңа өнімдер, өнімді өткізу мен технологияның жаңа нысандары, жаңа жарнама) жеткізетін іс-әрекеттермен сипатталады. Креативті мінез-құлықтың маңызды белгісі кәсіпкерлердің сұраныс пен ұсыныстың қазіргі жағдайын өзгертуге деген ұмтылысы болып табылады.
Бейімделгіш мінез-құлық бәсекелестердің іс-әрекеттерінің алдын-алумен және өндірісті жаңартумен байланысты. Бұл жағдай әсіресе кәсіпкер өз іс-әрекеттеріне толық сенімді болмай, қысқа уақыт ішінде өз бәсекелестерінің жетістіктерін өзіне толығымен пайдалануға ұмтылған жағдайларда байқалады.
Кепілдендірілген мінез-құлық кәсіпкерлердің өнім сапасын арттыру, өнім ассортиментін өзгерту, алуан түрлі қызметтерді құру есебінен нарықтағы қол жеткізілген позицияларын ұзақ мерзімді болашақта сақтап қалуға және тұрақтандыруа деген ұмтылысымен анықталады.
11.2 КӘСІПОРЫННЫҢ БӘСЕКЕЛІК АРТЫҚШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ БӘСЕКЕҚАБІЛЕТТІЛІГІ
Кез-келген жүйенің (кәсіпорынның, аймақтың және т.б.) бәсекелік артықшылығы – бұл оның өзіне ғана тән және оған бәсекелестеріне қарағанда артықшылық беретін қандай да бір ерекше құндылық. Құндылық – бұл жүйенің иелігіндегі (өзінде бар) және болашақта сақтап қалуға тырысатын қандай да бір ерекше бағалы нәрсе. Бәсекелестеріне қарағанда кәсіпорынның шығаратын өнімінің бәсекелестік артықшылығы және алдына қойған мақсаттарына жетуі, оның таңдап алған бәсекелестік стратегиясына тікелей байланысты болады.
Достарыңызбен бөлісу: |