Байланысты: Ќазаќстан республикасынын касипкерлик (3)
Бәсекелік артықшылықтардың ерекшеліктері бойынша жіктелуі: 1) артықшылықтардың сыртқы және ішкі түрлерімен сипатталатын жүйеге (ұйымға) деген қатынасы арқылы;
2) артықшылықтардың пайда болу аясы табиғи-климаттық, әлеуметтік-саяси, технологиялық, мәдени және экономикалық болуы мүмкін;
3) артықшылық факторының мазмұны, тауар сапасы мен бағасына, тұтынушының оған жұмсалған шығындарына және қызмет көрсету сапасына байланысты;
4) артықшылыққа ие болудың құралы немесе әдісі ретінде мамандарды оқыту, жаңашылдықтарды енгізу және бизнес жүргізу үшін оңтайлы жерге орналасу факторларын атауға болады;
5) артықшылықтарды жүзеге асыру орны адамдардың жұмыс орны, кәсіпорын, аймақ, сала, ел, әлемдік қоғамдастық болуы мүмкін;
6) артықшылықты жүзеге асыру уақыты стратегиялық және тактикалық факторларға байланысты;
7) артықшылықты жүзеге асырудан алынатын тиімділіктің түрлері ғылыми-техникалық, экологиялық, әлеуметтік және экономикалық болуы мүмкін.
Әрбір кәсіпорында бәсекелік артықшылықтарды жіктеудің өз ерекшеліктері бар. Ол алуан түрлі экономикалық және басқарушылық аспектілердің қажетті көлемін қамтуға, сонымен қатар бәсекелік артықшылықтарды іздестіру мен іздеу үрдістерін автоматтандыруға мүмкіндік береді. Соған қарамастан, бәсекелік артықшылықтардың барлық түрлерін кешенді бағалау жеткілікті түрде күрделі, еңбек сыйымды және бәсекелестер бойынша бірқатар ақпараттың жабық болуына байланысты әрқашанда шынайы нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік бере бермейді. Сондықтан да талдаудың тек бақыланатын объектісінде ғана бәсекелік артықшылықтарды толық және жеткілікті түрде анықтау мүмкін болады. Тауарлар мен қызметтердің бәсекелік артықшылықтарын анықтаудың жалпы тәсілі екі түрден тұрады, олар –шығындар төмендігі мен тауарлар дифференциациясы. Бұл екі түрі де қандай да бір шамада жоғарыда келтірілген жіктемедегі бәсекелік артықшылықтың барлық белгілерінің мәнін қамтиды.
Төмен шығындарға ұмтылу кәсіпорындарға бәсекелестеріне қарағанда аз шығындармен өнімді өндіру және оны тұтынушыларға өткізу барысында пайда мөлшерін ұлғайтуға септігін тигізеді.
Дифференциация – бұл кәсіпорынның тұтынушыларды бәсекелестеріне қарағанда сапалы, жоғары сұранысқа ие ерекше тұтынушылық қасиеттері бар тауарлармен қамтамасыз ету қабілеті.
Бәсекелік стратегияны таңдау барысында кәсіпорындар бәсекелік артықшылықтың екі түріне де назар аудару қажет. Бірақ, оның біреуін ғана ұстануы да мүмкін. Өнімді аз шығындармен өндіруге бағытталған кәсіпорын, тауарлардың қажетті сапасын жақсарту мен қызмет көрсетуді жетілдіру керек.
Кәсіпорынның бәсекелік артықшылықтарының түрлерін, оған қол жеткізу мүмкіндігі тұрғысына байланысты екі топқа бөлуге болады: төмен және жоғары тәртіптегі артықшылықтар. Бәсекелік артықшылықтары төмен (болмашы) кәсіпорындарарзан еңбек күшін, материалдарды, шикізат пен энергияны пайдалану мүмкіндігімен байланысты. Төмен деңгейдегі артықшылықтар тұрақсыз, бағаның және жалақының өсуінен, сонымен қатар бәсекелестері арзан өндірістік ресурстарды пайдаланған жағдайда немесе сатып алған кездерде, артықшылығын жоғалтып алуы мүмкін. Басқаша айтқанда, төмен деңгейдегі артықшылықтар – бұл тұрақтылығы аз және бәсекелестер алдында артықшылықты қамтамасыз етуге қабілетсіз.
Жоғары деңгейдегі артықшылықтарға өнімнің бірегейлігі, жаңа технологиялар мен жоғары білікті мамандарды, кәсіпорынның жақсы беделін жатқызуға болады. Өнімнің бірегейлігі кәсіпорынның өнім өндірумен байланысты, ал бәсекелестері болса дәл сондай өнімді жасап шығаруы немесе одан да жақсысын ойлап табу қажет. Бұл іс - әрекеттердің барлығы уақыт пен адамдардың күш қуатын және шығындарды қажет етеді. Бірегей өнімді шығаратын қандай да бір кәсіпорын басқалардың қолы жетпейтін жетекші орында болады, яғни тұрақты түрде бәсекеқабілетті болып табылады. Сонымен қатар, мұндай кәсіпорынның нарықтағы тағы да бір артықшылығы пайда болады – оның беделі. Бұл артықшылыққа қажырлы еңбек арқылы қол жеткізіледі, ал қол жеткізген жетістікті сақтау үшін қажетті мөлшерде шығындар да керек. Сол себептен де белгілі шетелдік компаниялар өз өнімдерінде сәл ғана ақау болғанның өзінде тұтынушылар үшін оларды тегін жөндейді немесе тауарды алмастырады.
Әрбір кәсіпорын өзінің бәсекелік артықшылықтарын жоғары деңгейге жеткізу үшін өз бәсекелік стратегиясының мақсат, міндеттерін берік ұстануы керек.
Кез – келген кәсіпорынның өз ерекшеліктері мен айрықша белгілері бар. Сондықтан да өз өнімінің бәсекелік артықшылықтарын қамтамасыз ету үшін, кәсіпорын стратегиясын таңдау олардың әрқайсысы үшін дара сипатқа ие және оның мақсаттары мен мүмкіндіктеріне тікелей байланысты болады.
Бәсекеқабілеттілік Қазақстанның ұлттық экономикалық жүйесінің, сонымен қатар жеке тауар өндірушілердің экономикалық жағдайын талдауда қолданылатын маңызды интегралды сипаттамалардың бірі болып табылады. Әдетте, оны шаруашылық жүргізуші субъектілердің экономикалық қызметінің тиімділігі мен бағалау көрсеткіштері ретінде қолданады.
Тәжірибе жүзінде бәсекеқабілеттіліктің келесідей негізгі түрлерін бөліп көрсетеді:
Ұлттық экономиканың бәсекеқабілеттілігі;
Тауар өндірушілердің бәсекеқабілеттілігі;
Өндірілген өнімнің нақты түрлерінің бәсекеқабілеттілігі;
Қызмет көрсетудің бәсекеқабілеттілігі;
Шикізат пен шикізат көздерінің бәсекеқабілеттілігі.