Қазақстан Республикасының



бет3/9
Дата05.11.2016
өлшемі1,58 Mb.
#969
1   2   3   4   5   6   7   8   9

Дәрісті бекіту сұрақтары: 1.Жыраулық поэзияның алғашқы өкілдері

кімдер еді?

2.Қазақ сөз маржанын жинаушы

Ш.Уәлиханов қандай пікір айтты?

3.Қазақ жырауларының сан ғасырлық

шығармашылығын неше кезеңге бөлеміз?


Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 6, 9, 10, 11, 12, 13, 17,22, 24, 25, 26, 27,28, 29, 30, 31,

32, 34,35, 36.



Дәріс 2 Жыраулар мұрасы және қазақ халқының елдік

тарихы

Дәрістің мақсаты:Қазақ халқының 15-18 ші ғасырлар шегіндегі тарихи-

әлеуметтік жағдайын таныстыру.



Тірек сөздер: Ақтабан шұбырынды,алқакөл ,сұлама,жоңғар басқыншылығы.

Дәрістің жоспары: 1.Жыраулар мұрасы мен кейінгі ХVIII-ХIХ ғасырлардағы

көркемсөз өкілдерінің шығармашылықтарының

өзгешеліктеріне тоқталу.

2.Хандық үшін күрестің шиеленісуі.

3.Тарихи зерттеулердің айтуы бойынша

халықтың сауат ашуы қандай жағдайда

болды?

4.Қадырғали Жалайырдың «Шежірелер



кітабы» жайында айту.

5. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасының

әдебиетте бейнеленуі

6. «Қаратаудың басынан көш келеді» дейтін сөздермен

басталатын «Елім -ай»әніне қатысты әңгіме.

Халықтың ғасырларды көктей жүріп өткен жолы, сөз жоқ, оның тек қай атырапты мекендеп, қандай елдермен айқасып, кімді қол астында ұстағандығынан, болмаса кімге бодан болғандығынан мәлімет беретін жылнамашы мен тарихшының жазбаларымен шектелмейді. Сәулет өнері, ауыз әдебиеті, саз өнері секілді, негізінен, елдің естиярлығын, халықтың жады мен зердесін таразылайтын рухани қазыналарында да ел тарихының ізі сайрап жататыны хақ. Және бұлардың берер мағлұматтары, шынына келгенде, сырттан келген жиһанкез тарихшының сөзінен гөрі шынайы болуы әбден мүмкін. Ал, бұл тұрғыдан келгенде осы ортада өмір сүрген, оның қуанышы мен күйінішіне ең алдымен өкінетін де, күйінетін де, жыраулар мен ақындар шығармасында сөз болар оқиғалар мен тарихи мағлұматтардың қадір-қасиеті тіптен ерекше. Бәлкім, халқының мерейі үстем тұсын бұл адамдар көтеріп айтатын шығар, бақыты қайтқан кезеңін еңсесі түсе отырып баяндайтын болар, бірақ соған қарамастан осы мұралар өзіне айрықша назар аударуды керек етеді. Өйткені, әр дәуір жыршысының өз заманының тарихи кескінін бейнелеуге әрекет еткен шығармасы әрі белгілі бір ұлт әдебиетінің жасын межелеуге, әрі сол әдебиеттегі тарихилық мәселелерінің жүріп өткен жолын бағдарлауға қызмет көрсетіп қана қоймай, сол халықтың ұлт ретінде қалыптасу, ержетіп, есею кезеңдеріне де куәлік етеді.

XX ғасырдың аса көрнекті ақыл-ой иесі, белгілі мемлекет басшысы Джавахарлал Неру өзінің «Взгляд на всемирную историю» атты еңбегінде: «Самые великие и гордые короли и императоры лишь краткий миг выступают на сцене мира. А цивилизации живут долго»,–дегеніндей, шындығында да небір есімімен елді тітіренткен атақты билеушілердің дүниеге келіп-кетіп жататын адам ретіндегі өмірінің кысқа, ал өркениет пен мәдениеттің ұлы ескерткіштерінің оларға қарағанда әлдеқайда ғұмырлы болатыны даусыз. Сондай өмірлі мұралардың қатарына адам ақыл-ойының кейінгіге қалдырар елеулі ескерткіші – жыраулар мен ақындардың толғау жырлары да жатады дер едік. Өйткені, осы мұра арқылы қысқа өмірлі, бірақ тірлігінде елеулі істерге мұрындық болған тарихи жандардың атқарған қызметі ел санасында жаңғырығып, ұрпақтан ұрпаққа ұласып, солар көшін бастаған елдің тарихы өзінің орнын басқандарға – олардың қандай қауымның жалғасы екендігін танытып, белгілі географиялық аймақты қоныс еткендігіне, кімдермен қандай қатынаста тірлік кешкендіктеріне куәлік беруде. Ал, иландыру күшінің ересендігінде шек жоқ. Өйткені, ол сөздерге сүлесоқтық, енжарлық жат. Өйткені, ол халқына пана, жеріне қожа бола білген, соны өзгелерден де күтетін мәрт мінез, көшелі ақылға ие сардар ақынның лебізі. Олай болса, осы лебізден ел тарихын, халықтың өткенін табу – сол жұрттың ұрпағы үшін ғана емес, оның рухани мұрасына енжар қарай алмайтындардың бәрін де ділгер ететін мәселе болса керек-ті.

Қазақ әдебиетінің арғы-бергі дәуірін қарастыратын осы саланың білімдар ғылымдары Сыпыра жырау мен Асан қайғыны өздерінің жыраулық дәстүрінің басында тұрған өкілдері ретінде ертеден-ақ ескеріп келе жатқандықтары мәлім. Бірақ, өмір сүрген дәуірі жағынан бұл кісілердің қайсысын бірінші деп білеміз, бұл жағы әзірге басы ашылмаған мәселе.

Қазақтың аңыз-әпсаналарында халқымыздың ақылгөй абызы ретінде суреттелетін Асан қайғы, негізінен, қазақ ұлысының атақты билеушілерінің бірі Жәнібек ханның тұсында өмір сүрген–жасы жеткен қария болып сипатталады. Шығармаларында да солай. Ал, Сыпыра жыраудың Тоқтамыс ханның Едіге бимен араздасып, төңірегіндегілермен кеңескен тұста негізгі тоқтамды пікір айтатын ақылман қарт ретінде былайша жыр толғайтыны белгілі.

Жырау айтқан болжамдардың бәрі тарихта айна қатесіз келеді. Едіге барғаннан кейін Темір әмірші Алтын Орда билеушісі Тоқтамысқа қарсы қалың қол шығарады. Тоқтамыс әскері жеңіледі. Елдің билігі Едігеге көшеді. Тоқтамыстың қызын Едіге тоқалдыққа алады. Бірақ, Тоқтамыс қызының аты Қанікей де, Тінікей де емес, Жанике болатын.

Алтын Орда билеушісі мен Едіге бидің араздасқан уақыты – Тоқтамыстың 1393жылы Ягайлаға Дон бойынан хатқа түсіртіп жібер–ген пәрмен-жарлығында 1391 жыл деп көрсетілген.

Темір әміршімен Тоқтамыс қолының айқасқан мезгілін – осы мәселеге қатынасты қалам тартқан Ш. Уәлиханов, Қ. Сәтбаев,

М. Тынышбаев, С. Сейфуллин, Ә.Марғұлан, Р. Бердібаев секілді қазақ ғалымдары әр алуан жазба деректерге, тарихи еңбектерге сүйеніп1391,1395 жылдардағы қанды жорықтармен байланыстырады.Демек, Сыпыра жырау куә болып отырған оқиғаның тарихта болғаны рас. Атақты «Ер Едіге» атты тарихи жырда ұзақ-сонар толғау айтатын абыз жырау осы туындының дүниеге келуіне қандай үлес қосты, ол өз алдына мәселе. Бірақ, әйтеуір, қалай болғанда да ол сол кездегі тақ иесі Тоқтамысты да, оның ұлысын да, қасында жүрген достары мен дұшпандарын да қапысыз білетін адам. Ал, оның қасында жүргендер кімдер еді? Олар–Қарақыпшақ Қобыланды, Арғын Қарақожа батырлар.[16,367-368б]Қобыландының кім екендігін тарихшылар да, әдебиетшілер де аз жазған жоқ. Бірақ, Қарақожа атты батыр біздің эпос зерттеушілеріміздің де, тарихшыларымыздың да назары көп түспеген тарихи қаһармандардың қатарына жатады. Әрине, оған бола оны эпос авторының, қиялының, арқасында дүниеге келген кейіпкер деуге болмайды. Өйткені, атақты тарихшымыз Қадырғали Қосымұлы Жалайридың: «Едіге... Темір бектің әскерін бастап келіп Тоқтамыс ханды қашырды. Темір бек күшінен (сипатынан) Тоқтамыс хан Солтүстік тарапқа қашты... Қарауылға Ятым батырды, одан кейін Тобал батырды, одан кейін Арғын Қарақожаны қойды. Өздері бірнеше нөкерлерімен (дем алуға) жатып еді. Едіге – Кучук ұлы Нураддин әскер қолбасшысы еді. Ол қарауылды, әуелі Ятым батырды, содан соң бәрін қапысын тауып өлтірді. Хан нөкерлерімен бейқам еді, олардағы опат болды» – дейтін, Тоқтамыс ханның тағынан айрылғаннан кейінгі тағдырынан хабардар ететін тұсында аты мен тегі айқын айтылатын адам осы кісі. Демек, бұл мәліметке қарағанда, ол Тоқтамыстың жанында ақырғы демі таусылғанша, яки 1406 жылға дейін, бірге болған сенімді серігі. Және оның билеушісіне беріле қызмет еткен көптің бірі ғана емес екеніне Шереф-ад-дин Иезди Қарақожаның 1405 жылдың қаңтар айында Темір әміршіге Тоқтамыс атынан елші болып келгендігі арқылы куәлік береді. Осыған қарағанда ол өз қандастарының топ бастаған көсемі, сөз бастаған шешені екені күмәнсіз.

Әрине,«Ер Едіге» жырында сипатталатын Қобыланды мен Қарақожа шыққан Қыпшақ пен Арғын руларының бүгінгі қазақ ұлтының негізін құраған қабырғалы қауым екені белгілі. Бұл ретте Сыпыра жырауды қазақ жырауы, жыр кейіпкерлерін қазақ азаматтарының арғы аталары деуге болады. Бірақ, қазіргі қазақ ұлтын құрайтын рулардың жекелеген аталары өзбек, қарақалпақ, ноғай, башқұрт, татар сияқты өзімізбен туыстас өзге халықтардың да құрамында кездесетіндігі рас. Сондықтан тек осы жырда ғана емес, жалпы сол дәуірлердің әдеби мұраларында ұлыстың аты атала ма, тегінде соған да назар аудару керек сияқты. Өйткені, 1022 жылы орыс князі Мстислав Владимировичпен соғысқан, 1223 жылы монғолдар шапқыншылығы кезінде де «косог» атанып жүрген жеке жұрттың келесі ғасырда жер бетінен мүлдем тегіс сызылып кетуі мүмкін емес қой. Ондай жағдайда оның арада жарты ғасыр өткенде Жәнібек пен Керейді өзіне хан көтеріп, табан астынан іргелі елдікке ие бола қалуының өзі күмәнді болған болар еді.

XVIII ғасырдың қазақ ұлыстары үшін жан жадыратар қуанышты оқиғалармен басталмағаны мәлім. Әйтсе де, халықтың елдік тарихында бұл ғасырдың алар орны айрықша. Өйткені, қазақ қауымы бұл дәуірде аты шулы «Ақтабан шұбырынды» сынды қайғылы оқиғаны басынан өткерді. Осы зілзаланы қазақтың басына түсірген, сол замандағы Орталық Азиядағы айбарлы мемлекет – жоңғарлармен ширек ғасырдан астам уақыт бойы табан тіресе күресе отырып, оның тарих аренасынан біржола шығып қалған тұсының куәгері болды. Осы халықпен қандас Еділ қалмақтары ата қоныстарына қайтқан тұста олармен айқасып бақты.

Ал, осы оқиғалардың барлығы бір-бірімен тығыз байланысты жайлар еді. Өйткені, қазақ ұлыстарының жоңғарларға қарсы азаттық үшін күресі – атышулы «Ақтабан шұбырынды» сынды қасіретті оқиғаның жалғасы, кек қайтару шайқастары болып қана қалған жоқ. Бұл күрес жолында қазақ халқы өзге бір әлеуетті ел тарапынан өзіне сүйенер тірек, дос табуды мақсат тұтты. Ресей, Қытай секілді іргелі елдермен араға елшілерін, хабаршыларын жүргізді. Және соның ақыры ізсіз кеткен жоқ. Қазақ жұрты Ресей елінің боданы болды. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасы кезіндегі халқымыз тартқан ауыртпалықтың салмағы исі қазақтың бәрі білетін аты шулы «Елім-ай» әнінде керемет суреттеледі. Бірақ, он бір буынды қара өлеңмен айтылған бұл туындының авторы ұзақ уақыт бойы халық боп есептеліп келеді. Әрине, қазір халықтікі болып есептеліп жүрген талай туындының әу бастағы иесі жеке адам екенінде дау жоқ қой. Бірақ, Бұқар жыраулармен тұстас адамның көкірегін жарып шыққан осы шығарманың авторы жайлы халықтың жақ ашпай келуінде нендей сыр бар?

Біздіңше, мұның мәнісі мынада: халық өзінің табиғатында намысқой. Ол бірлі-жарымды адамның емес, күллі халықтың сүйегіне түскен таңбаны, ел болып «етегін жапқаннан» кейін, авторын айта отырып, жаңғырта жырлауға қашан да құштар болмаған. Сондықтан кешегі бір жан даусы шыға қиналған тұста өзінің мұңы мен қайғысын қапысыз тап басқан әуен мен сөзді айтса да, оның авторын айтпайды. Өйткені, мұндай автор кейінгі күндерде өмір сүріп, елміз, халықпыз деп, соның абыройлы, рухтылығын қалай еткенде де жоғары ұстаймыз деп жүргендер үшін кешірілмес күнә иесі секілді болып қабылданады.Ал, жалпы осындай елдің басынан кешкен үлкен трагедиялы хәлді жырлауға сараңдық тек бір қазақ жұртына ғана емес, барша халықтарға тән қасиет. Бұл тұрғыда авторлы туындыларды іздеп табудың қиындығы былай тұрсын, халық атымен айтылатын жай өлең-жырлардың өзі сирек кездеседі. Мәселен, 1771 жылы Еділден Алтайға қоныс аударған кезінде азып-тозып, талай рет қазақ қолының талауына түскен торғауыттарда бір ғана (онда да азапты оқиғаның себебі, жай-күйі айтылмай-ды) халық жырынан өзге сол кезеңнің оқиғасынан хабар беретін әдеби мұра сақталмаған. Сондай-ақ, орыс халқының ел ретінде жусай жеңілген, дүрбелеңге түскен кезін жырлайтын бір ғана Ксенияның жоқтауы болмаса бұл халықтың да тарихи жырларында ондай сұрапыл кезең суреті көп көріне бермеген сияқты. Ал, оның есесіне елдің мерейі өскен, жауын мұқатқан сәттерін жырлайтын туындылар әлдеқайда көптігімен, өміршеңдігімен назар аудармақ. Мысалы, 1771 жылғы оқиға туралы бір ғана қысқа жырдан өзге фольклорлық мұрасы сақталмаған қалмақ жұртында содан бір ғасырдан астам бұрын өткен жайды, яки 1652 жылдың қысында қазақ пен қырғыз жұртының билеушісі Салқам Жәңгірді Цецен ханның он жеті жасар ұлы Галдаманың айқас үстінде қалай өлтіргендігін жырлайтын көркем жыр бар. Сол сияқты қазақтарда да қалмақ жұртының күйрей жеңілген тұстарын көтере көрсететін фольклорлық мұраларды былай қойғанда, авторлы туындылардың өзі бірқыдыру.

Дәрісті бекіту сұрақтары:1.Хандық үшін күрес қай жылы шиеленісе

түсті ?


2. Тарихи зерттеулердің айтуы бойынша

халықтың сауат ашуы қандай жағдайда

болды?

3.Қадырғали Жалайырдың «Шежірелер



кітабы қазақ хандығы туралы не жазды?
Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 6, 9, 10, 11, 12, 13, 15, 17, 19, 21, 22, 24, 25, 26, 27,28,

29, 30, 31, 32, 33, 34,35, 36.



Дәріс 3 ЖЫРАУЛАР МЕН АҚЫНДАР МҰРАСЫНЫҢ КӨРКЕМДІК

ЕРЕКШЕЛІГІ
Дәрістің мақсаты: Жыраулардың ақын, жыршылардан ерекшелігі

неде деген мәселелер айналасында

әдеби теориялық ұғым беру.

Тірек сөздер:Жырау, жыршы, ақын, эпос,жыр,толғау,толғаныс,толғану т.б

Дәрістің жоспары: 1.Жыраулардың ақындардан өзіндік ерекшелігін түсіндіру.

2.Жырау деген кім ,жыраулық өнер туралы түсінік беру.

3.Толғап-толғап сөйлеу, ғажайып шешендікке құрылған

философиялық-дидиактикалық толғаулар, даналық

афоризімдер мен терең ойлы ақыл-нақыл, мақал-

мәтелге құрылған сұлу да айшықты жыр жолдары

жыраулардың негізгі белгілері екеніне тоқталу.

4.Садақ оғынан да ұшқыр жырау сөздерінен небір хандар

мен дұшпандарын тұқыртуы, олардың керегінде халық

үшін қолына найзасын алуы, дана кеудесінен сөз

боранын боратып, ірі қоғам қайраткерлері,қабырғалы

би болғандықтары жайында сыр шерту.

5.”Қазақ” деген аты бар дербес әдебиетіміздің алдыңғы

лебі- бүкіл түркі халқына аты ерекше тараған

дала,,абызы,,сөз әулиесі-Асан Қайғы жайынан мәлімет

беру.


6.Жорық жыршысы,ірі эпик,әрі нәзік лирик Қазтуған

жырау туралы әңгімелей отырып, әсіресе оның ұлттық

әшекейі анық,терең суреттеу тәсілдері өте шебер

жырлары-шындығында да дала поэзиясының,

жыраулықтың биік шыңы екеніне тоқталу.
Ақындық және жыраулық поэзияның өзіндік сипат-белгілерін бұлардың өмір шындығын суреттеудегі көркемдік тәсілдері мен белгілі бір тарихи кезеңде аренаға шыққан авторларының нақтылығынан, ғасырлар бойы өзара үзілмей келе жатқан дәстүр жалғастығын танытатын стильдік ерекшеліктерінен де көреміз. Дәл осы аталған поэзияның жазба әдебиетіміздің негізін қалаған ұлы Абайға дейін де, одан кейін де қалыпты үлгілерден табиғаты өзгеше, жеке бір өнімді арна болып дамып келгені де мәлім. Белгілі бір дәуір талабына орай ұлы Абай бір кезде:

Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау,

Өлеңі бірі – жамау, бірі – құрау.

Әттең, дүние-ай, сөз таныр кісі болса,

Кемшілігі әр жерде-ақ көрініп тұр-ау, –

деп, өзіне дейінгі бір топ ел ішінде аты белгілі ақын, жырауларды қатты сынға алса да, олардың шығармаларын оқып білмеді, үйренбеді, яки бәрін бірдей жалғыз шумақпен мансұқ, етті деудің өзі қазіргі әдебиет тарихы деңгейінен қарағанда әрі орынсыз, әрі артық айтқандық болар еді.

Бірыңғай импровизация дәстүрінде туып, егіз бір арнадан нәр алып келген сол ақындық поэзия мен жыраулық толғаулардың жырлайтын тақырыбы мен жанрлық ішкі мүмкіндіктерінде де өзіндік елеулі өзгешеліктері бар. Ақындық поэзияда тақырып ауқымының кеңдігіне қоса, сезімге құрылған лирикалық сипат басым болып отырса, жыраулық толғауларда әлеуметтік өмірдің әр алуан көріністері мен заман жағдайын сипаттайтындай ой-болжам, асқақ эпикалық үнге көбірек мән беріледі. Осы ерекшеліктерді М.О.Әуезов кезінде дәл басып танып: «Жырау демек, ақын деу емес. Жыраудың ақын атаулыдан, жыршыдан бөлек өз жанры бар. Бұның сөз үлгісі, шығармасы – толғау. Жыраудың мақсаты, міндеті – «не болса сол көңіл ашар», «әлдене» дерлік сөзді айту емес. Ол заман сыны, мезгіл, дәуір болжалын, тарихи оқиғаның мазмұн бағасын сөз қылады. Көбінесе әрі жырау, әрі би болады» — деп бағаласа, ақындық дарынның ерекшелігін Е. Ысмайылов: «Ақын өмірдегі құбылысты, тарихи оқиғаны өзінің ой-өрісі дәрежесінде таниды. Ақынның сезінуі, ол сезгенін қабылдауы шапшаң, ол тез көріп, тез әсер ала біледі, алған әсерін ұғып, есіне сақтауы да күшті, тұрақты. Ақын естігенінен гөрі, көзі көргенін тез сезіп, жылдам жырлап кетеді», – деп жазады.

Ақындық және жыраулық поэзияның табиғи өзгешеліктері мен оның фольклорлық туындыларға қатысы, жазба әдебиетпен байланысы алғашқы зерттеулерде жалпы әдеби процесті ашу және әдебиет тарихын қай ақын, жыраудан бастау керек деген сол кездегі аса маңызды мәселелерге орай сөз болып келді. Бұл проблема қазақ әдебиеті тарихына арналған көп томдық еңбектер мен кейбір теориялық мәселелерге арналған жеке монографияларда да, белгілі бір ақын, жыраулардың өмірі мен творчествосына арналған ғылыми мақалалар мен орта мектеп оқулықтарында да үзбей әңгімеленді. Алайда, бізде соңғы кезеңге дейін осы мәселеге арналған күрделі еңбектер болмай келді. Бұл тұста, ең алдымен, М. Мағауиннің «Қобыз сарыны» атты кітабы мен Қ.Сыдиықовтың «Ақын, жыраулар», Е. Тұрсыновтың «Қазақ ауыз әдебиетін жасаушылардың байырғы өкілдері» деген зерттеулерін, Ә.Дербісәлиннің «Дәстүр және жалғастық» атты монографиясы мен «Ерте дәуірдегі қазақ әдебиеті» атты коллективтік еңбекті бөліп атауға болар еді.

М. Мағауин аталған зерттеуінде XV-XVIII ғасырларда жасаған ақын, жыраулар творчествосын алғаш рет жеке алып арнайы қарастырумен қатар, сол кітаптың «Ақын және жырау» деген соңғы тарауында бұл күрделі мәселені жыр құрылысы (ұйқас, ырғақ, бунақ, тармақ, т.б.) ерекшеліктері тұрғысынан да байыпты ашып талдайды. Ал, Е.Тұрсыновтың жоғарыда айтылған еңбегінде қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін сақтап таратушы, жасаушы ақын, жырау, сал, сері, сыншылардың шығу тегі, типтік ерекшеліктері мен түп тамыры әлеуметтік, қоғамдық аспектіде қарастырылса, Қ.Сыдиықов өз зерттеуінде жыраулық дәстүрдің жалғасу жолдарына, оның бүгінгі дәуірдегі сипат, ерекшеліктеріне зер салады.

«Жырау» деген термин өзіміздегі «жырлау», «жыр айту», «жырламақ» сөзінен келіп шыққан. Мұның түп төркіні байырғы «жыр», «жыршы» деген ұғымдармен өзара астасып жатыр. Бұл пікірді ұлы ойшыл ғалым Ш. Уәлиханов және В.В.Радлов, Л.З.Будагов еңбектерімен қатар, бүгінгі әдебиет зерттеушілері де бірауыздан қуаттайды. Осыған ұқсас тұжырымдар өзге туыстас елдер әдебиетшілерінде де бар.

Ш.Уәлиханов кезінде жырдың белгілі бір әуенмен қобыз сүйемелдеуі арқылы орындалып, батырлардың ерлік істерін дәріптеуге құрылатынын айта келіп: «Жыр дегеніміз – рапсодия. «Жырламақ» етістігінің өзі белгілі бір ән-әуенмен жырлау мағынасын білдіреді. Дала жырларының бәрі де қобызда сүйемелдеу арқылы орындалады. Жырдың мазмұны ертеде өткен батырдың өмірі мен ерлік істері туралы болып келеді. Бір жәйт: батырдың өмірі мен ерліктеріне қатысты оқығанын, бәрі қара сөзбен баяндалады, ал жыр поэма қаһарманы мен басты кейіпкерлерді сөйлету қажеттігі туған кезде ғана қолданылады», – деп жазды.

Рас, «жыр», «жыршы» деген ұғымдар әдебиетімізде ерте кезеңдерде-ақ, туып қалыптасқан. Бұған өз жанынан шығарып айтуға мүмкіндігі бар әр алуан суырып салма ақындар жатқызылып келген. «Жырау» сөзі де осы ұғыммен терең астасып жатыр.



Қазақтағы жыр мен өлеңнің түр, мазмұн құрылысындағы айырмашылық белгілерін алғаш танып әңгімелеген кісінің бірі – Құрбанғали Халидұғлы. Ол ақын мен жыршыны өлеңшілердей емес, өз жанынан шығарып айтатын дарын қасиеті бар деп санап: «Ақындардың бір бөлімін «жыршы» дейді. Бұлар да ақынға тең түседі. Шығармаларында айырмашылық бар. Ақын шығармасын «өлең» дейді, олардың бір жолы төрт немесе одан да көп сөзден тұрады. Ал, жыр болса, одан гөрі қисынға құрылған (қиыннан қиысқан) үш сөзден тұрады. Мысалы, Бұқар жыршының жыры (поэзиясы), Асан атаның мақал сөздері және Абылай хан қайтыс болғандағы Бұқардың көңіл айтуы да жырға жатады. Осы күнгі Құдабай ақынның айтып жүргені «өлең» делінеді. Екінші айырмасы: ақындардың өлеңі жай мағыналы болып, ал, жыршылардың сөзі мадақ, насихат мағыналы болып келеді және мысал сипаттас әсерлі болады. Сонымен бірге өлеңнің алғашқы екі жолы түпкі мағынасына сай келе бермей, қисын үшін де алынады. Ал, жырдың барлық жолы арналған тақырыптан ауытқымайды», – деп жазады.

В.В.Радлов жырды шумақа бөлінбейтін импровизация, қайғылы жыр, жоқтау деп жіктеп, ал жырауды – жыршы, көнені жырлаушы, алдын болжаушы (предсказатель) деп түсіндіреді. Сондай-ақ, ол қазақ жырының көнелік сипатын әңгімелегенде: «Қайсыбір жырларда көне түрік ұйқастарының заңдылық іздері сайрап жатыр, бұны, әсіресе, сондағы аллитерация, акростих және ішкі ұйқастар мен көне мәтелдерден айқын аңғаруға болады», – дейді. Сөйтіп, жыр мен жыраудың импровизация тарихында ең көне тип екендігі Ш. Уәлиханов пен В. В. Радловтан бастап В.Жирмунский, X.Зарифов, М.Әуезов, С.Мұқанов, Е.Ысмайылов, Ә.Марғұлан, Н.С.Смирнова, З.Ахметов, X.Сүйіншәлиев, Ә.Дербісәлин, Р.Бердібаев, Н.Келімбетов, Е. Тұрсынов, Қ.Айымбетов зерттеулерінде де түгелдей мақұлданған. Бұлардан Е.Ысмайылов, Ә.Марғұлан, З.Ахметов сияқты әдебиетшілер жыраулардың эпикалық жыр тудырудағы рөлімен қатар, алдын болжағыш, білгір, көрегендік қасиеттерін де баса көрсетеді. Е.Ысмайылов жыраулардың қоғамдық рөлін аса жоғары бағалай келіп: «Жыраулар өмірдің ұсақ мәселесіне аз араласып, көбінесе, заман-дәуір, өткен мен келешек, адамгершілік, жақсылық пен жамандық жайында ойлар, болжаулар, қағидалы сөздер айтып отырған», – деп ой түйсе, Ә.Марғүлан: «Жырау ру басы ақсақал, халықтың көкейкесті арманының мұңшысы, жыршысы ретінде өте қажетті тұстарда ғана болмаса, суырып салып жыр тудыра бермеген. Ел құрметіне бөленген жырауларға жұрт болашағына қауіп төніп, қалың бұқара жол таба алмай тығырыққа тығылған екіталай ауыр сағаттарда ғана ақыл салып, кеңес сұрайтын болған. Сонда ғана жыраулар халыққа күш-жігер беріп, осы оқиғаның немен тынарын болжап, тебірене жыр толғайтын болған. Болашақты барлап болжам айту – көреген де білгір жыраулардың поэтикалық өнерінің басты тәсілі болып саналған», – деп жазады. Ал, З.Ахметов жыраудың әлеуметтік қызметін эпостық жырлармен байланыстыра қарап: «Жыраулар творчествосының жанрлық ерекшеліктері өзгеше. Олар өз жырларын қазақ халқының көне поэтикалық үлгісі – толғау арқылы айтып таратқан. «Жырау» сөзінің көне мағынасы эпостарда ғана сақталып қалған. Мұны эпостық кейіпкерге айналған Сыпыра бейнесінен анық аңғарамыз. Бертін келе бұл ұғым өзгерген, жаңа мағынасында қолданыла бастады», – дейді. Бұл айтылған пікірлердің жыраулық поэзияның табиғатын ашып танудағы мәні айрықша. Дегенмен, жыраулар творчествосының өзіндік белгілері қандай, бұлар табиғаты жағынан әдеби түрдің қайсысына жатады, мұның жанрлық белгілері қандай деген тәрізді аса күрделі мәселелер әлі күнге дейін арнайы қарастырылып, өз шешімін әлі де толық таба қойған жоқ. Біз осыған орай жыраулық поэзияның Абай іргесін қалаған жазба әдебиетке келіп жалғасудағы тарихи үлесін елеулі деп айта аламыз. Жыраулар импровизация дәстүрінің бірден-бір негізін қалаушылары ғана емес, сол жанрдың ғасырлар бойы жалғаса дамып, тұрақтап ірге тебуіне де айтарлықтай еңбек сіңіріп келді. Осы тұста Ә.Тәжібаевтың: «Жырау – сөз жоқ ақын. Ақын болмай, жұрт қадірлейтін жырау атану мүмкін емес. Ақындығы күшті жыраулардың жалынды жырлары үнемі жаңғырып, кейінгі ұрпаққа сиқын бұзбай көрікті күйінде жетіп отырады.

Ал, жыраулық – ертеден келе жатқан халық поэзиясының үлкен бір дәстүрлі саласы», – деп, жыраулық дәстүрді әдебиетте орны бөлек, жеке сала ретінде алып қарастырады. Ал, Ә.Марғұланның көрсетуінше, жыраулар эпикалық жырды бірден-бір жасаушылар болумен қатар, қоғамдық өмірдің барысын, болашақты болжап айтатын жеке профессионалдық топтың да ірі өкілдері. Бұл пікірді Ә.Қоңыратбаев әрі қарай жалғастырып: «Ертегі, ұсақ салт жырлары жәй айтушылардан басталса, эпос профессионал жыраулардың үлесінде болған», – дейді....


Дәрісті бекіту сұрақтары: 1.Жыраулар деген кімдер?

2 . «Жырау» деген сөздің түп төркіні қайдан шыққан?

3.Ақын мен жыраудың айырмашылығы неде?

Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 6, 9, 10, 11, 12, 13, 15, 17, 19, 22, 24, 25, 26, 27,28, 29,

30, 31, 32, 33, 34,35.



Дәріс 4 АСАН ҚАЙҒЫ жыраудың өмірі, шығармашылығы.
Дәрістің мақсаты:Жырау Асан мен аңыздағы Асанның ара жігін ажыратып

түсіндіру.



Тірек сөздер:Жерұйық, аңыз, ноғайлы,шұрайлы жер т.б.

Дәрістің жоспары:1.Асан қайғы есімінің барша қазақ халқына кеңінен таныс

екендігі.

2.Асан қайғының халық арасында әулие ретінде құрмет

тұтылуы.


3.Ата тегі туралы нақты деректердің жоқтығы.

4.«Тауарих хамсада» Шыңғыс хан кезіндегі Майқы бидің

алтыншы ұрпағы деп келтірілуі.

5. Асанның біраз өмірінің Қазанда хандық құрған Алтын

Орда әміршілерінің бірі – Ұлұғ Мұхамед тұсында өтуі.

6. Кейін қазақ ханы Жәнібек маңында болғаны.

7.Асан туралы аңыздарға қысқаша шолу.

8.Асан толғауларының көркемдік ерекшелігі, маңызы

тәрбиелік орны.

9.Асан қайғы туралы М.Әуезовтың, Ш.Уәлихановтың,

Х.Сүйінішәлиевтің т.б. ғалымдардың пікірлері жайлы.

10. Асан қайғының шығармаларының зерттелуі жайлы.

Аты аңызға айналып, ғасырлар бойы өз халқымен рухани бірге жасап келе жатқан жарқын тұлғалардың бірі – Асан қайғы. Бұған оның атына байланысты туып, ел жадында сақталған қыруар аңыз, әңгімелер мен жер-қоныс аттары туралы айтылып келген сан қилы сын-сарап бағалары, сондай-ақ, замана жайын толғаған әр алуан өлең, жырлары толық айғақ. Бұлардың бәрінде дерлік Асан өз халқының бақытты болашағын ойлаған ел мұңшысы, жұрттың көкейкесті арманын арқалаған ардагер азаматы кейпінде сипатталады. Сондықтан Асан есімі әр кез «қайғы» деген сөзбен қатар аталып, ел қамын жеген кемеңгер, ойшыл адамның жиынтық бейнесіне айналып кеткен.

Революцияға дейін негізінен мал шаруашылығымен айналысып, табиғатқа тікелей тәуелді болған елге жұтсыз жайлы қоныс пен шапқыншылығы жоқ еркін тұрмыс, байлығы шалқыған бейбіт өмір қашан да асқақ арман еді. Ел-жұрт «адамы жүзге келмей өлмейтін, қойы егіз қоздайтын» шұрайлы жер мен «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» мамыражай заманды арман еткенде де, соның бірден-бір жоқшысы деп Асан есімін атайды. Аңыздарда айтылғандай, Асан қайғы жеті жыл желмаяға мініп жер шолып, кең сахараны шарқ ұрып шарлағанмен, елге дәл ойдағыдай іргелі қоныс таба алмайды. Өзі ұнатқан құт-ырысы мол Жиделібайсынға (халық қиялындағы аты – «Жерұйық») ел көшіремін деген ең соңғы үміті де өшіп, жігері құм болып, ақыры күші қайтып қартайған шағында ойлаған арманына жете алмай қаза табады.

Асан тарихта болған адам, алайда оның өмірі туралы нақты тарихи деректер сақтала қоймаған. Халық аңыздарында Асан қайғыны қазақтың бірінші ханы Әз-Жәнібектің тұсында өмір сүрген адам еді дейді.

Асан қайғы қай ортадан шығып, қай дәуірде, қандай өмір кешкен еді, көп жасаған өмірінде қандай қызмет атқарды, кімдермен істес, замандас болып еді деген сұрақтарға жауап беретіндей бізде нақты тарихи деректер жоқтық қасы. Бұл тұста Асан Қайғының өз толғауларында айтылатын мәліметтер мен сол тұстағы кейбір жырларда келтірілген қосалқы дерек-түсініктерді, Асан туралы сақталған кейбір аңыз, әңгімелерді ғана негіз етеміз. Қалай дегенде де ол әрқилы аумалы-төкпелі тарихи дәуірлерді бастан өткеріп, талай-талай хандардың қысылғанда ақыл сұрайтын кемеңгер кеңесшісі, болжағыш та білгір биі болғанға ұқсайды.

Осы тұста мынандай дерекке назар аударған жөн. Г. Н. Потанин қорына арналған халық мұралары жинағының ғылыми түсінігінде: «Асан қайғы халық арасында Асан ата аталды. Аңыздарға қарағанда, ол XV ғасырда жасаған. Әйтсе де, Хафиз Таныш ибн Мир Мұхаммед ал-Бухари оның (яғни Асан қайғының) сол тұста Сырдария даласындағы. белсенді саяси қайраткерлерінің бірі болғанын жазады», – деп көрсетілген. Аталған автордың «Абдулланома» атты шығармасында Хасен Хожа Нақып деген кісіні Абдолла ханның тұсында мемлекет басқару ісінде биік мансапқа ие болған, ханның XVI ғасырда қазақ даласына жасаған жорығында оның қолбасшы, сенімді серіктерінің бірі еді деп көрсетілетіні рас. Алайда, «Абдулланома» атты кітапта әңгіме болатын Хожа Нақыпты, біздің пікірімізше, дәл Асан қайғы еді деп тұжырып айтуға келе бермейтін сияқты. Осы орайда, ең алдымен, Абдолла ханның қазақ даласына жасаған сол жорығы XVI ғасырдың аяғында болған оқиға екенін еске алсақ, бұл мерзім Асан қайғы өмір сүрді дейтін белгілі тарихи кезеңнен (XV ғасыр) тым алшақ жатыр.

Асан қайғыны жоғарыдағы Хафиз Таныш ал-Бухаридің кітабында айтылатын Хасан Хожа Нақыппен тарихи бір кісі еді деп жорамал айтқан автор халық аңыздарындағы «Асанның шын аты Хасен екен, ол пері қызына үйленіп, кейін сол қыздан айрылып қалып, соның қайғысынан «Асан қайғы» атаныпты» дейтін әңгіме мен «Хасен мен Ежен хан» атты аңызды негізге алған тәрізді, дегенмен мұның Асан қайғының алғаш Хасен аталғанын білдіретін деректер ғана екені мәлім. Сондықтан біз бұл жорамалды оның тарихи шындықпен қабысу, қабыспау тұрғысынан алып бағалауды жөн дер едік. Бұл тұста біз білетін тарихи Асанды жоғарыда айтылған Абдолла ханның төңірегінен іздегеннен гөрі, оны өзбек-қазақ ұлыстары бөлініп шыққан Дешті-Қыпшақ мемлекетінің ханы Әбілқайыр тобындағы Хасан атты билермен байланыстыра қарау шындыққа әлдеқайда жақын келетін сияқты. Мақсұт бин Осман Кухистанидің «Тарихи Әбілқайыр-хани» атты кітабында Әбілқайыр ханның оң тізесін басқан салауатты билері мен белгілі әскери басшыларының қатарында Хасан-оғлан-би Шынбай және Хасан-би Ұйғыр деген кісілердің аты құрметпен аталады. Асан қайғының есейіп, егде тартқан кезінде Керей мен Жәнібек сұлтандарға еріп, Әбілқайыр ханның тобынан бөлініп шыққанын, кейінірек қазақ халқының тұңғыш ханы Жәнібектің төңірегінен табылып, соның қысылғанда ақыл сұрайтын кемеңгер кеңесшісі болғанын ескерсек, әлгі айтылған соңғы кісілердің тарихи Асанға бір табан жақындығы ашылып, айқындала түсер еді.

Асан қайғының өмір сүрген дәуірі мен сол кездегі тарихи әлеуметтік мән-жайды айтқанда, қолдағы сан алуан аңыз, әңгімелермен қатар, кейбір тарихи өлең, жырлардағы қажетті дерек, қосалқы мәліметтерді де негіз ете аламыз. Бұл орайда Құрбанғали Халидұғлының «Тауарих хамса Шархи» атты кітабында келтірген мына бір деректің орны айрықша. Автор өзінің «Асан атаның бір мақалының мағынасы бұл дүр» атты әңгімесінде Асан қайғының «Қилы-қилы заман болар, қарағай басын шортан шалар» деген сөзінің мәнісін сұраған Абылай ханға Бұхар жыраудың «Ханға жауап айтпасам» деп басталатын әйгілі толғауын келтіре отырып: «Бұл хабар көне адамдардың әрбірінің аузында бар, кәриялардың құлағы қанық өздеріне анық дүр. Құдабай намында бір ағмы (екі көзі су қараңғы, әз) ақын бар еді. 1288-1870 хижрие дуалжиғде IV айында бір жайда мәзбүр ақыннан сұрадым, Асан қайғы кім дүр, оның мақалдарынан білсең сөйле дегенімде, бұ язылажақ өлең ила жауап берді:

Асанның асыл түбі ноғай деймін,

Үлкендердің айтуы солай деймін

Тегінде ноғай, қазақ түбіміз бір,

Алтай, Ертіс, Оралды қылған дүбір.

Ормамбет хан Ордадан шыққан күнде,

Асан қайғы қайғырып айтыпты жыр, –

деп, айтқан екен деп Қошан акам сөйлеуші еді», – дейді.

Бұған қарағанда, ең алдымен, Құрбанғали Халидұғлы Асан қайғының шыққан тегін баяндайтын осы өлеңді Құдабай ақынның өз аузынан естіген болып шығады. Бұдан тыс ол ел жүрегінде ұялаған Асан сөздерінің мән-маңызын айта келіп, Асанның асыл заты туралы Құдабайдың Қошан деген дана және білімді адамнан қара сөз күйінде естіп, оны артынан өлеңге айналдырғанын да баяндап береді. Автор: «Асан атаның бағзы ахуалы, шешендік сөздері үзік-үзігімен қазақ арасында айтылып келеді. Әр сөзінде бір тапқырлық сөз, әр тәртібінде бір мағына бар, онысы түсінуге жеңіл, түсіндіруге қиын заттар емес. Қошан намында бір дана уа білімді адам болса керек.

Қ. Халидұғлы өз еңбегінде Асан атаның бір кезде Хасен аталғанын әңгімелей келіп, жоғарыдағы Құдабай ақын айтқан өлеңге орай өз ойын білдіреді: «Асан қайғы асылы ноғай еміш. Шыңғысханның тұстасы ұлан Майқы бидің алтыншы немересі», – деп көрсетеді. Бұл «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» деген көне мәтелдегі Ұлы жүз әйгілі Майқы би болып шығады. Қ. Халидұғлының Майқы биді «ұлан» деп көрсетуіне қарағанда, бұл атақтың біз жоғарыда атаған Хасан-оғлан-би Шынбайда да жүруі кездейсоқ жәйт емес. Олай болса, бұл – біз ілгеріде бөліп атаған Әбілқайыр ханның оң тізесіндегі Хасан-оғлан-би Шынбай тәрізді кісілермен Асан қайғы бір тұлға болуы да мүмкін деген жорамалға негіз бола алатын сияқты.

Ал енді, Құдабай ақын айтқан «Асанның асыл түбі ноғай деймін» деген жырдағы сөзге келсек, мына жәйтті еске тұтқан жөн.

Тарихи деректерге қарағанда, бұл кезең ноғай мен қазақтың бір-бірінен этникалық жағынан біржолата бөлініп, жеке ұлт болып қалыптаса қоймаған кезін аңғартатын сияқты. Біздің көптеген аңыздарымыз бен тарихи өлеңдеріміздің, тіпті бір алуан эпостық лиро-эпикалық жырларымыздың «ноғайлы дәуірі» деп аталатын тұста туып қалыптасқаны мәлім. Осындай туыстық нышан-белгілерді екі ел әдебиетіне бірдей ортақ Шәлгез, Қазтуған, Доспамбет жырларынан да айқын аңғарамыз. Бұл туралы ұлы ғалымымыз Шоқан Уәлиханов: «Ноғай деген ат жартылай отырықшы елдерден бөліп алу үшін айтылған аты еді. Ноғайды да, өзбекті де – бәрін де ноғай деп атаған. Бірге жасап өмір кешкен ноғай мен қазақ ордасын Жәнібек билеген кезең қазақ жырларында алтын дәуір тұрғысында саналады», – деп көрсетсе, осы пікірді Сәкен Сейфуллин де қуаттап: «Ертедегі батырлар әңгіме-жырлары қазақ атанған елдің ноғайлы болған дәуірінен, немесе «ноғайлы» атын әлі тастамай жүрген дәуірінен қалған әдебиет нұсқалары», – дейді. Ал, Қ. Жұмалиев осыған орай өз ойын: «Мұндағы «ноғайлы» деген сөзді қазақтан бөлек басқа ел деп түсіну керек емес», – деп түйеді.

Шыңжандық тарихшы ғалым Н. Мыңжани өзінің «Қазақтың қысқаша тарихы» атты еңбегінде Асан қайғыны Алтын Орданың 1445 жылы қайтыс болған ақырғы ханы Ұлығ Мұхаммедтің (Ормамбет) қасындағы ықпалды билерінің бірі, Сарай және Қазан қалаларында билік басында болған әйгілі жырау және философ, ол Алтын Орда ыдыраған соң, қазақ ханы Әз-Жәнібектің қасында болғандығы мәлім деп жазады. Ормамбет ханның қазақ тарихына қатысын кезінде ұлы Шоқан да атап көрсеткен еді.

Асан қайғы туралы аңыз, әңгімелер мен әр алуан деректердің жарық көру мәселесіне келсек, бұл игілікті істің XIX ғасырдың екінші жартысынан басталғанын көреміз. Бұлардың бір алуаны кезінде озық ойлы орыс оқымыстыларының бастыруымен жарық көрсе, енді бір тобы ертедегі қазақ ақын, жазушылары мен тарихшыларының жариялауымен басылып келді. Бұлардың ішінен Я. Лютшь хрестоматиясында басылған Асан туралы ертегі мен Құрбанғали Халидұғлының «Тауарих хамса Шархиындағы» жоғарыда келтірілген құнды деректерді жеке бөліп атаған жөн.

Асан қайғы туралы аңыздар мен жыраудың өз жырлары кеңестік дәуірде ғана үздіксіз жарық көріп, жүйелі түрде зерттеле бастады. Бұл істе әйгілі жазушымыз С. Сейфуллин жинап бастырған «Қазақ әдебиеті» жинағының алатын орны ерекше. Мұнда ең алғаш Асан туралы кейбір құнды деректермен қатар, оның Әз-Жәнібек ханға айтқан «Қырында киік жайлаған», «Алты атанға қос артып» атты әлеуметтік мәні зор толғаулары жарық көрді. Осы жырларға орай жазған зерттеуінде автор Асан қайғының өмірде болған тарихи тұлға екенін айтып, оны Әз-Жәнібек ханның замандасы, Майқы бидің ұрпақтары еді деп көрсетеді.

Осы жылдарда Асанның Әз-Жәнібек ханға айтқан «Әй, хан, мен айтпасам білмейсің» атты ұзақ толғауы мен әр алуан қоныс-жерлерге берген баға-сындары «Таң» журналында жарияланса, Асан өлеңінің шешімін айтқан Бұқар жыраудың белгілі жыры «Жас қазақ» журналында жарық көрді. Бұл материалдар, сөз жоқ, Асан қайғы шығармаларының жиналып, зерттелуіне жол салды.

Осыған орай Сабыржан Шәкіржанның «Асан қайғы» атты мақаласын бөліп атауға болар еді. Автордың кейбір долбар-жорамалға бейім пікірлерін сын көзбен қарай отырсақта, оның Асан қайғының өмірі мен жасаған дәуіріне байланысты айтқан ойлары елеуге тұрарлық. Әрине, мұның көпшілігі К. Халидұғлының «Тауарих хамса Шархиында» келтірілген деректермен өзара ұштасып жатса да, аталған мақала Асан қайғы өмірінің кейбір қырларын дұрыс ашып көрсеткен. Автор ел болашағын ойлаған Асан өмірінің соңғы жылдарында Ақ Ордаға келіп, одан Жиделібайсын барып қайтыс болған деп көрсетеді. Бұл Шоқан айтқан пікірмен де үндес. Жеті өзеннің аталу тарихын әңгімелей келіп, ол халық аузындағы «Жеті өзенге шейін ел тоқтамас» деген сөз Асан атадан қалған екен» – деп жазады.

Асан қайғы жырлары ең алғаш мектеп оқушыларына арналған әдебиет оқулықтарында басылып, жарық көрді. Бұларда Асан белгілі бір дәуірде өмір сүріп, халқының бақытты болашағын аңсаған кісі ретінде аталып, оның өлең-жырлары кешегі өткен ел өмірінің айқын көрінісі тұрғысында бағаланып келді.

Асан творчествосының арнайы зерттелуі қазақ әдебиетінің тарихына арналған алғашқы кітаптың үлесіне тисе, «Қазақ ертегілеріндегі» алғы сөз бен «Қазақ әдебиеті тарихының» соңғы басылымдарында Асан қайғының әдебиеттегі орны мен шығармаларының мән-маңызы ғылыми талдаулар арқылы байсалды бағасын алды. Бұлардағы Асан, ең алдымен, көркем сөз иесі – ақын ғана емес, халық әңгімелерінің аңызға айналған басты кейіпкері де. Ол, көбінесе, көшпелі елге ырысы мол құт-береке болатын шұрайлы қоныс іздеп, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын» мамыражай заманды аңсаған жұрт қамқоршысы болып сипатталады. Сондай-ақ, ол бұл аңыздарда қазақ елі мекендеген қоныс-жай, жер-сулардың аса білгір сарапшы, сыншысы ретінде де, халықтың ертеңгі болашағын ойлаған асқақ гуманисі тұрғысында да бой көрсетеді.

Ә. Марғұлан өзінің «Қазақ халқының поэтикалық көне мәдениетінің сақтаушылары туралы» атты мақаласында Асан қайғы мен Бұхарды әйгілі Сыпыра жыраудың бірден-бір мұрагері, Қорқыт, Ұлық жыршы, Аталық, Сыпыралар негізін салған жыраулық дәстүрдің ізбасар, жалғастырушылары еді деп жазып, оның Сыпыра жырау секілді кезінде эпикалық жырлар тудыруға да үлес қосқанын атап көрсетеді.......




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет