Алаш қозғалысы 1917-1919 жылдары халықтың ықыласына ие болған, қазақ қоғамын дүр сілкіндірген, ел азаматтарының Алаш партиясы, Алашорда үкіметіне ризашылығын білдіріп, құптап қол соққан кезі болды. Қазақ автономиясы мәселесін тұңғыш көтеріп, оны іске асырған Ә. Бөкейхан найзаның ұшымен, айбалтаның жүзімен болған үкіметке қызмет етуден бас тартады. Ә. Бөкейхан бастаған қазақ зиялы қауымы таптық мүдде емес, тұтас ұлт мүддесін қорғады. Осы қылығы үшін 1920-22 жылдары «ұлтшыл» деп жала жабылып, Мәскеуге жер аударылды. Большевиктер өкіметінің бұрынғы алашордашыларға жасаған кешірімнен кейін Әлихан Бөкейхан қалған өмірін ғылыми зерттеушілікке арнады. Бүкіл мағыналы өмірін халқының азаттық алып, еркін ел болуына арнаған аяулы азаматтың соңғы демі біткенше сол мақсат жолында жасаған қызметі сан қилы. Кеңес билігі тұсында да елі үшін белсенді қызметтен бас тартқан жоқ.
Кеңестік үлгідегі Казақ автономиясы құрылған кезде, Әлихан Бөкейханның тікелей кеңесімен Әлімхан Ермеков Қазақ автономиясының территориясы туралы баяндамаға дайындыққа кірісті. (Голощекин Қазақстанда жер мәселесін анықтау комиссиясының мүшесі Әлихан Бөкейханға барып жолығуына мынадай баға береді: «Қазақ қайраткерлері, министрлер Алматыдан шығып Мәскеуге барады да, пойыздан түсіп Кремльге бармай бірден Әлихан Бөкейханға барып, содан кейін ғана Кремльге келеді. Бұл масқара емей не?») Қазақ елінің мүддесіне төнген қауіпті тура түсінген Әлихан Бөкейхан осы тұста жаңадан отарлау саясатына жол бермеу үшін қазақтарға қажет жер нормасын анықтауда белсенділік танытады. Ә. Бөкейхан сыртта жүрсе де қазақ ұлтының дамуы мен мүдделі мәселелерін, соның ішінде ел мен жер тағдыры шешілетін саяси шаралардың қарсаңында, мысалы солтүстік және оңтүстік облыстардағы шекаралық межені халық санағын жүргізу арқылы белгілеу науқаны алдында тиісті мағлұматтарды баспасөз арқылы қалың қауымға жеткізіп отырған. Сөйтіп кеңес өкіметінің өз баспасөзін пайдалана отырып «астыртын нұсқау» берген.
Түркістан мен Қазақ автономиясының, Қазақ автономиясы мен Батыс Сібір өлкесінің шекарасын анықтайтын мемлекеттік комиссия құрылған тұста «Еңбекші қазақ» газетінің 1924 жылғы 28 қазандағы санында М.Дулатовтың тапсырмасымен «Қазақ қанша?» атты шағын шолуын жариялады. Онда әр сөз бен сөз тіркесіне саяси, тарихи, ұлттық, экономикалық, мемлекеттік мағына мен астар берді. Әсіресе, қоныстанушылар қордалана орналасқан, қара топырақты солтүстік облыстардың шекарасын анықтауға және оларды қазақ жерінің құрамында қалдыруға жанкешті дәлелдер іздестірілді. Ал жер жөнінде, соның ішінде солтүстік облыстардың жер, экономика, шаруашылық, этникалық құрамы мен мәдени шоғырлануына баға беруде сол кездегі кеңес өкіметі ғалымдарының ішінде Ә. Бөкейханмен теңдесетін маман да, ғалым да, саясаткер де жоқтың қасы болатын. Одақтас республикалардың ғалымдары мен саясаткерлері Жер туралы заң мен қаулы-қарар қабылдар алдына Әлихан Бөкейханның пікіріне жүгініп барып талқыға ұсынып отырған.
Баяндамашы Әлімхан Ермеков Қазақ ревкомы мен Ұлттар жөніндегі халық комиссариатының ұсынысына жүгіне отырып: Астрахань, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Сырдария, Закаспий, Самарқан, Ферғана облысы мен губернияларын қамтитын жалпы көлемі 3 467 922 шаршы шақырым жерді Қазақ республикасының құрамына беруді ұсынды. Көрсетілген жердің 81%-ын жан саны 5,5 миллион болатын қазақтар пайдаланатынын, бұл бүкіл тұрғындардың 54% - екенін атап өтті. Автономия мен территория мәселесі 14, 16-17 тамызда талқыланып, 24 тамызда тағы да Лениннің қатысуымен өткен ең соңғы шешуші мәжілісте түбегейлі бекітілді. «Тір болсам хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын.»-деген өзінің айтқан сөзіне адал болып, туған халқына ақтық демі біткенше қызмет етіп өтті.
Терминологиялық сөздік:
Зиялылық, зияткерлік, интеллигенттік (ағылшынша іntellectualіsm, французша іntellectualіsme, немісше іntellectualіsmus) – адамның жоғары мәдениеттілігінің, ақыл-парасаты мен адамгершілік қасиеттерінің жиынтығын білдіретін ұғым.
Көшбасшы – көшті бастаушы әрі басқарушы. Көшбасшы көштің бағдарын, уақытын, тәртібін ғана қадағалап қоймай, ру аралық қақтығыстарды болдырмайтын мәмілегер, бітімгер, саясаткер адам ретінде көш қауіпсіздігін қамтамасыз еткен. 20 ғ-дағы ірі саяси оқиғаларға байланысты Көшбасшылықтың мән-мағынасы өзгерді;
Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан (05.03.1866 жыл, Қарқаралы уезі, Семей, Дала Өлкесі -27.09.1937 жыл,Мәскеу) — XIX ғ. соңы мен XX ғ. басындағы қазақ зиялыларының, қоғам және мемлекет қайраткерлері қатарындағы аса ерекше тұлға. Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт-азаттық және Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы.
Қазақ газеті - 1913-1918 жылдары Орынбор қаласында жарияланып тұрған қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени басылым.XX ғасыр басында аталған газет оқығандардың, діндарлардың, шәкірттердің, қарапайым сауаты бар адамдардың, тұтастай жалпы ұлттың ықыласпен оқитын басылымына айналды. Бұдан кейін пайда болған барша елшіл газет-журналдар осы «Қазақтың» шекпенінен шықты.
Сұрақтар:
Қазақстан Республикасының қазіргі территориясының қалыптасуына Ә.Бөкейхановтың еңбегі қандай болды?
Ә.Бөкейхановпен бірге Алаш қозғалысына қатысқанда кімдер?
Неліктен Ә.Бөкейханов Мәскеуде үй қамауында болды?
Әлихан-ұлт көшбасшысы.Осы пікірмен қаншалықты келісесіз. Осыны дәлелдейтін екі-үш тұжырым айтыңыз.
5-тақырып.Алаш партиясының халықтың қолдауына ие болу себебі неде?
XX ғасырдың бас кезіндегі ұлт-азаттық қозғалыс тарихының өзекті мәселелерінің бірі «Алаш» партиясының құрылуы, оның тарихи негіздері, саяси әлеуметтік сипаты және тарихында алатын орны. Қазақ зиялылары саяси партия құру әрекетін бірінші орыс революциясы жылдарында-ақ қолға алған болатын. Бірақ белгілі обьективті себептерге байланысты бұл әрекеттері нәтиже бермеді.
Қазақ зиялылары тарапынан осы мазмұндағы әрекеттің нышандары 1913 жылы қайтадан бой көрсетті. М.Сералин бастаған «Айқап» журналы төңірегіне шоғырланған қазақ зиялылары ең өзекті қоғамдық мәселелерді талқылап, белгілі бір бағдарламалық тұжырымдарға келу үшін жалпықазақ съезін шақыру жөнінде бастама көтерді.
Сонымен, жалпықазақ кеңесін шақырып, онда ұлт өміріне қатысты өзекті мәселелерді қарау, соған сай саяси партия құру ісін қолға алуға қажетті алғышарттар тек ақпан революциясынан кейін ғана қалыптасты .
Тұңғыш жалпықазақ съезін шақыру туралы шешім 1917 жылғы сәуір айында өткен Торғай облыстық қазақ съезінде қабылданып, съезд оны даярлауды Ә.Бөкейханов пен А.Байтұрсынов бастаған бір топ қазақ зиялыларынан құрылған айрықша бюроға тапсырды .
Бірінші жалпықазақ съезіне қатысқан М.Шоқай өзінің естеліктерінде бұл жиынға өзбек және татар елдері өкілдерінің де қатынасып, өздерінің ыстық ықыласын білдіргендігін айтып:»Сөйтіп құрылтай ұлы түркі халықтарының бас қосқан үшеуінің мызғымас бірлігін көрсететін сахнаға айналды» — дейді. Бірінші жалпы қазақ съезін ұйымдастыру бюросы «Қазақ» газетінің 24 -маусым күнгі санында съездің тәртібіне қойылатын мәселелерге байланысты ел талқысына өз тұжырымдарын ұсынды. Тезистер түрінде баяндалған бұл мәселелердің бәрі дерлік кейін бірінші жалпықазақ съезінің күн тәртібіне енді. Бұл тезистер, белгілі дәрежеде, сол тарихи кезеңдегі қазақ демократиялық интеллигенциясының күрделі аяси мәселелерге байланысты ұстанған айқындамасынан, көзқарас деңгейінен хабар беретін еді.
Мысалы, бюроның түсінігі бойынша, съезде қаралуға тиіс ең негізгі мәселе, әрине мемлекеттік дербестік мәселесі еді. Олай болса бюро мүшелері өздері сұраған ұлттық автономия мазмұнын қалай түсінді?
Бұл сауалға біз тезистерден мынадай жауап аламыз:
«Қазаққа мемлекеттік автономия ма, әлде уалаяттық автономия ма? Бұл екеуінің арасындағы айырмашылығы: мемлекеттік автономия болса өз Г.Думасы болмақ; өзіне керек закондерді сол думасы шығармақ; ақшасын өзі жасап шығармақ, барша шаруашылық ісі, темір жол, почта, телеграф сияқты істерінің бәрі де өзінде болмақ. Жер суының билігі де өзінде болмақ. Өз алдына әскер ұстамақ.
Бюро осылайша автономия жөнінде өз түсінігін ортаға салып «біздің қазақ автономия бола аламыз десе, осылардың бәрін қарап, ар жақ-бер жағын таразылап, тексеріп барып» белгілі бір қорытындыға келуі керек деген пікірді айтты.
Саяси партия құруға байланысты айтылған бұл тұжырымның мынадай мәні бар. Біріншіден, ол тарихи деректермен толық таныс емес қайсібір авторлардың «Алаш» партиясы шілдедегі жалпы қазақ съезіне дейін-ақ қалыптаса бастады деген пікірін бір жола жоққа шығарды. 1917 жылғы жалпықазақ съезіне дейін қалыптасып дамыған «Алаш» партиясы емес, кейін алаштық атанған ұлттық интеллигенция басқарған ұлт-азаттық қозғалыс болатын. Ал бұл қозғалыстың бастаушы ұйытқысының саяси партияға бірігуі бірінші жалпықазақ съезінен басталғаны тарихи факті. Екіншіден, бұл айтылған тұжырым «Алаш» партиясының саяси мәнін кеміту мақсатында оны ресейлік кадеттер партиясының филиалы есебінде бағалаушылар пікірініңнегізсіз екендігін көрсетеді». Империялық езгідегі қазақ қоғамы жағдайында «Алаш» партия ретінде өзінің идеологиялық негізі етіп, әрине, жалпыұлттық мүддені, қазақ шындығын алуға тиіс болды. Бұл толық табиғи құбылыс және басқаша болуы да мүмкін еместін.
Сонымен бірге съезд ұйымдастырушылары өз тұжырымдарын талқыға ұсына отырып, тек біздің айтқанымыз ғана оң деген ойдан аулақ еді. Съездің ашылар қарсаңында, анығырақ айтқанда, «Қазақтың» 4-шілде күнгі санында Ә.Бөкейхановтың «Қазақ депутаттары» атты мақаласы жарияланады.
Ұйымдастыру бюросының атынан жазылған бұл материалда ол «осы ақыл жұрт пайдасы-ау деп» бюроның «қазақ жұртынан депутат болатын жігіттердің атын» атағанын, съезд қолдаған адамдарды бүкіл қазақ болып сайлайтындығын, депутат саны адам санынан тәуелді екендігін, ал Құрылтай Жиналысына екі жүз мың адамнан бір депутат сайланатындығын халыққа жан-жақты таратып түсіндіре келіп, қазақ халқының 1917 жылдың орта тұсындағы жалпы санына тән мынадай қызықты фактілерді келтіреді: «1897 жылғы есепте қазақ тілін ана тілім деген адам 4 миллион 48 мың еді. Бір жылдағы адам баласының таза өсімі екі жүзге адам болады.
Осы есепке салса біздің 9 облыс, бір губерниядағы қазақ биыл 5 миллион 400 мың болса керек. Бұлай болса, қазақ депутаты 27 болмақ. Бұларға 13-14 кандидат сайланбақ. Сонда біздің депутатымыз 40-41 болмақ».
Ә.Бөкейханов «бұл болып тұрған заман Алаштың азаматына зор жүк. Бізде бірлік болып, іс қыла білетін шебер табылса, Алаштың баласы бақыт-махаббат жолына түсті. Кейінгі үрім-бұтақ не алғыс, не қарғыс бере-бере жүретін алдымызда зор шарттар бар! Осыны аңғар, жұртым қазақ!» деп көрсетіп, бюроның атынан депутаттыққа кандидат деген 43 адамның атын атап, халықтың талқысына ұсынады. Олардың арасында Ж.Ақбаев, А.Бірімжанов, Х.Досмұхамедов, Р.Мәрсеков сияқты белгілі қайраткерлерден бастап А.Кенжин, С.Сабатаев, М.Төлебаев сияқты саясатқа енді араласа бастаған жастар; Уақытша үкімет комиссарлары мен мұғалімдер,дәрігерлермен шығармашылық интеллигенция өкілдері бар еді.
Сонымен, тұңғыш жалпықазақ съезі 21-26 шілде аралығында Орынбор қаласында өтті. Съезд жұмысына Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Сырдария, Ферғана облыстарынан және Бөкей ордасынан барлығы он төрт мәселе қойылып, олардың арасында мемлекет билеу түрі, қазақ автономиясы, қазақ
облыстарындағы жер жағдайы, әскер құру, земство, әйел теңдігі және басқа мәселелер бар еді. Съезд қаулысы «Қазақтың» 1917 жылғы 31 шілде күнгі санында жарияланған.
Съезд қабылдаған қаулы бойынша, Ресей «демократиялық федеративтік парламенттік Республика болып, қазақ облыстары қоныс-ұлт жігіне қарай облыстық автономия алуға тиіс» болды. Демек, съезд пікірі бойынша, бұл кезде қазақ автономиясы бүтін қазақ жерлерін негізге алып емес,»қоныс-ұлт жігіне қарай» жариялануға тиіс еді. Бұл арада, өрине, дүдәмал жағдайлардың көп екендігі түсінікті. Жалпы басқа да деректерді саралай отырып, қазақ демократиялық интеллигенциясының мемлекеттік автономияға байланысты көзқарасы 1917 жылдың күзіне қарай айқындала түскенін аңғаруға болады.
Сонымен, бірінші жалпықазақ съезі қазақ саяси партиясын құру туралы шешім қабылдайды. Ал бүдан кейінгі уақытта оның қалыптасу барысы, қызметі қалай жүрді?
«Алаш» партиясының Семей облыстық комитетінің ашылуы Ә.Бөкейхановтың Тамда 8-10 қазан аралығында болып өткен Сібір автономистері съезінен қайтар сапарында іске асырылады. Ол қайтар жолында Семей қаласына тоқтап 12-13 қазан күндері қала жұртшылығымен кездесулер өткізіп, баяндамалар жасайды. Ал оның соңы «Алаш» партиясының 15-кісіден тұрған уақытша комитетін ашумен аяқталады.
Комитеттің төрағасы болып Халел Ғаббасов, жолдасына Ахмеджан Қозбағаров, хатшысына Сыдық Дүйсенбин, қазынашы Әнуар Молдабаев сайланады. Комитет мүшелері оған құрматті төраға етіп Әлихан Бөкейхановты сайлайды.
Д.Әділов нақты көрсеткендей, «Алаш» партиясының Омбы облыстық комитеті мүшелерінің аты-жөні «Қазақ» газетіне жарияланған, бірақ олардың саны 10-нан көп еді. Қазан -желтоқсан айларында облыстағы бес уезде «Алаш» партиясының уездегі комитеттері ашылады. («Қазақ». 1917. №255).
«Қазақ» газеті өзінің 1917 жылғы 14 желтоқсандағы санында «Алаш» партиясының Орынборда Торғай облыстық комитетінің ашылғандығын мәлімдейді. Комитетке мүшелікке Орынбор қаласында «тұратын 10 қазақ һәм 4 уезден 4 қазақ, барлығы 14 ағза» сайланады. Комитеттің төрағасы болып Ә.Бөкейханов төраға серігіне А.Байтұрсынов, хатшысына М.Дулатов, қазнашысы Ж.Жәнібеков сайланады.
Партияның орталық комитеті болған емес. Өйткені партияның арнайы съезін шақырып басқару орындарын сайлауға, жарғысы мен бағдарламасын бекітуге уақыт та, жағдай да болған жоқ. Бірақ оның басқарушысы ұйытқысына бірінші жалпықазақ съезі бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат етіп бекіткен топты жазған.
Терминологиялық сөздік:
Кадет партиясы - Ресейде 1905-1917 жылдары жұмыс істеген конституциялық-демократиялық партия. Бұл партия құрамында Ә.Бөкейхан болған. Оның «Мен Кадет партиясынан неге шықтым?» деген мақаласы бар.
Қоқан автономиясы - жалпы мұндай автономия тарихта болмаған. Тарихи аталу жөні - Қоқан қаласында жарияланған Түркістан автономиясы немесе түрік-мұсылманша ныспысы - Түркістан мұхтарияты
Түрікшілдік, пантюркизм – түркі халықтарын бірлікке, өзара байланыстарын нығайтуға үндейтін қоғамдық-саяси ағым; XX ғ. басында саяси доктриналардың және саяси көзқарастардың жүйесінде пайда болған діни-саяси идеология. Түркі тілді халықтардың бір мемлекетке Турцияның камкорлығымен «ұлы Тұран» мемлекеті болып бірігуін мақсат ететін көзқарастар менсаяси доктриналар жүйесі.[
Жәдидшілдік (араб.: жаңа әдіс) — 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында Ресей империясындағы түркі тілдес мұсылман халықтары арасында өріс алған қоғамдық-саяси және мәдени-ағартушылық қозғалыс.
Сұрақтар:
Алашордашылар деп әдетте кімдерді атайды?
Алаш партиясының орталық баспасы қандай газет болды?
Бірінші және екінші съездер қашан болды?
Алаш партиясының халықтың қолдауына ие болу себебі неде? Себебін түсіңдіріңіз.
6-тақырып.Қоқан автономиясы мен Алаш Орда үкіметінің ортақ идеясы неліктен жүзеге аспады?
Алашорда және Кеңес үкіметі. 1918 жылы 5 қаңтарда Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы күшпен таратылған соң Алашорда мен Кеңестік биліктің арақатынасы күрделене түсті. Кеңестік билік бұрынғы отарлық езгідегі халықтарға тек кеңестік негіздегі автономия беретіндігін мәлім етті. Бұл белгілі бір ұлттық автономиялық мемлекеттікті иемденуі емес, оның белгілі бір бөлігінің ғана, яғни жұмысшы және шаруалардың өзін-өзі билеу мүмкіндігіне ие болғандығын білдіретін шара еді.
Достарыңызбен бөлісу: |