Қазақстан тарихы. 9-10 сынып оқу материалдары
Тақырыптың мазмұны бойынша мәтінді оқып, сұрақтарға жауап беріңіз. Терминдерді, негізгі даталарды есте сақтаңыз!
9-сынып
1-тақырып.А.Байтұрсынов не себепті «Қазақ ұлтының өмір сүруінің өзі проблемаға айналды» деп айтты?
ХХ ғ.басындағы Қазақстанның әлеуметтік жағдайы.1897 жылы өлкеде халықтың саны 4147,8 мың адам, оның ішінде қазақтар 3354 мың, 1915 жылы 4205,2 мың, ал 1917 жылы- 3615,1 мың адам болды.
Сонымен, осы жылдар ішінде қазақтар саны небәрі 231 мың адамға, яғни 6,8 пайызға өскен. Қорытындысында өлке халқының құрамындағы қазақтардың үлес салмағы 1897 жылғы 81,7 пайыздан 1917 жылғы 59,8 пайызға дейін кеміп кетті. Қазақтар арасындағы демографиялық жағдайдың нашарлауы, бірінші кезекте оның табиғи өсуінің төмен болуымен түсіндіріледі.
XX ғасыр басында қазақ өлкесі 6 облыстан тұрды:
Түркістан генерал-губернаторлығы
Сырдария облысы
Жетісу облысы
Дала генерал-губернаторлығы
(Орталығы - Омбы)
Ақмола облысы
Семей облысы
Орал облысы
Төрғай облысы
Қазақ халқы табиғи өсімінің төмен деңгейіне көшпелі тұрмыс салтының ауыр жағдайы, эпидемиялық аурулардың кең таралуы және медициналық қызмет көрсетудің болмауы себепті оның қатарындағы, әсіресе балалар арасында өлім-жітімнің жоғары болуы себеп болды.
Қазақтардың 1916 жылғы көтерілісінің зардаптары да ерекше келеңсіз роль атқарды. Көтерілісті патшаның жазалау отрядтары басып, жаныштап сол кезде осы ұлт-азаттық қозғалысқа қатысушылар ғана емес, сонымен қатар бейбіт тұрғындар да мыңдап қаза тапқан еді. Қазақтардың едәуір бөлігі империя шегінен Қытайға, Туркияға және басқа елдерге үдере көшіп кетті. 1916 жылы Жетісу облысынан ғана шетелге 150 мыңға жуық қазақ көшіп кетті.
Қазақстанның байырғы халқының үлес салмағының азаюына ғасырдың басында орыстардың, уркраиндардың және басқа да ұлт өкілдерінің империяның ішкі аймақтарынан қоныс аудару ағымының ерекше көп өскен көші-қон үрдісі де қатты әсер етті.
Халық өсімі Столыпиннің аграрлық реформасынан кейін қоныс аударушылардың жаппай келуінен арта тусті. XX ғ. басында Қазақ өлкесінде құрылған «Қоныстандыру қоры» қазақтардың жерін тартып алып, қоныстанушыларға берумен айналысты. Қаладағы ірі әлеуметтік топ-сауда буржуазиясы (20,3%), одан кейін жұмысшылар мен қызметкерлер (33,1%).
XIX ғ. соңы - XX ғ. басында өлкеде 19 жаңа қала болды. Ақмола облысындағы ұсақ қалалар саны – 20. 1897 жылғы тұңғыш халық санағы бойынша: Оралда -36446, Верныйда –22744, Семейде – 20216, Қостанайда – 14175 адам тұрған.
Қала халқының көбеюі жолдары (урбандалу):
1.Қоныстанушылардың көптеп келуі. 2.Жатақтар санының артуы. 3.Ішкі демографиялық өсім. 4.Сауда қатынасының дамуы.
Құрамына қарай қала халқы қанаушы әкімдерге, дворяндар, офицерлер, саудагерлер және оларға сыбайлас қазақтардың дәулетті бөлігі және жәй еңбекшілерге (мещандар, шаруалар, жұмысшылар) бөлінді.
Қоныс аудару. Столыпиннің аграрлық реформасы.
1905-1907 жылдардағы революция патша үкіметі жалпы алғанда аграрлық мәселедегі және соның ішінде қоныс аудару мәселесіндегі тактикасын өзгертуге мәжбур етті. Патша үкіметі ауыл шаруашылығын елдің капиталистік жолмен дамуына бейімдеу бағытын ұстап, қала мен село буржуазиясынан тірек іздей бастады. Мұның өзі 1906 жылғы 9 қарашадағы указбен және 1910 жылғы 14 маусымдағы заңмен бекітілген Столыпиннің аграрлық саясатынан айқын көрініс тапты. Шаруалардың селолық қауымнан шығуына, өзінің үлесті жерінің қожасы болуына және хутор немесе отруб құруына құқық берілді. Бұл заң әсіресе жағдайы нашар шаруалардан арзан бағамен жер сатып алушы ауқатты шаруалар, кулактар үшін өте пайдалы болды.
1907 жылғы 1 қантардан бастап үлесті жер үшін сатып алу төлемдерінінің күші жойылды, оларды шаруалар қауымнан шыққан кезде төлеуге тиіс еді. Осы арқылы шаруалардың бұрынғы қоныстанған жерлерінен еркін кетуі үшін ең басты шектеу алып тасталды. Жарлық «ортақ үлестегі учаскелерде жеке иелікке көшетін жекелеген үй иелерінің меншігін нығайтып, қауымнан еркін шығу құқығын» жариялады. Сөйтіп, Столыпиндік аграрлық реформа қауым мүшелері – шаруаларды азат етті және олардың көшіп-қонуына еркіндік берді: жерді пайдалану құқығын беріп, қоныс аударушылардың жаңа орында сәтсіздікке ұшыраған жағдайда туған жерінде қайтып оралу мүмкіндігін шектеді.
Достарыңызбен бөлісу: |