Облыстардағы қазақтардың үлесі:
Ақмола облысы – 36,6%
Семей облысы - 73%
Жетісу облысы – 60,5%
Сырдария облысы – 63,3%
Төрғай облысы – 58,7%
Орал облысы – 56,9%
Бұл көрсеткіштер облыстардағы қазақ халқының кеміп бастағанын дәлелдейді.
Өнеркәсіптің дамуы. Темір жол.
XX ғасырдың басында патшалық Россия Қазақстанның тау-кен байлықтарын пайдалануға айрықша назар аударды. Олар мұнда тау-кен өнеркәсібін және ауыл шаруашылық шикізатын өңдеу жөніндегі кәсіпорындарды дамытуға күш салды. Алтын, күміс, түсті металл, көмір өндіретін кәсіпорындар көбейді. Осы тұста мұнай өнеркәсібі де пайда болды. (Орал – Жем мұнай ауданы).
Тау-кен өнеркәсібі негізінен Орталық және Шығыс Қазақстанда дамыды.
Темір жол.
1893-1895 жылдар аралығында Сібір теміржолы салынды. Бұл темір жолдың 178 шақырымы Қазақстан жерінде төселді.
1893-1897 жылдар аралығында Орал-Рязань темір жолы салынды. Оның 194 шақырымы Қазақстан жерінде төселді.
1906 жылы ұзындығы 1656 шақырым болатын Орынбор-Ташкент темір жолы іске қосылды. Бұл жолдардың Қазақстанды Россияның дамыған экономикалық аудардарымен байланыстыруда маңызы зор болды.
Өндіріс орындары және жұмысшылар.
1902 жылы Қазақстандағы өндіріс орындарының саны 8887-ге, ондағы жұмысшылар саны 25393-ге жетті.
XX ғасырдың басында Қазақстан жеріндегі ең ірі өнеркәсіп орындары: Қарағанды көмір шахтасы, Успен кеніші, Спасск мыс заводы, Риддер металлургия комбинаты. Осы өнеркәсіп орындарының әрқайсысында 300-400 жұмысшы болды. Ал Орынбор-Ташкент темір жол құрылысында 30000-ға жуық адам еңбек етті.
Жұмысшылардың, әсересе жергілікті қазақ жұмысшылардың жағдайы өте ауыр болды. Жұмыс күні 14-16 сағатқа созылды. Жұмысшылардың еңбек ету жағдайы да өте-мөте ауыр еді, еңбек құралдары сүймен, қайла және күрек болатын. Апатты өқиғалар жиі болып тұрды.
Қазақстанда жұмысшылардың бас көтерулері. Россиядағы революциялық процестің құрамдас бөлігі ретінде 80-ші жылдардың аяғы мен 90-шы жылдардың бірінші жартасында кеңінен өрістеді. Өлкеде жұмысшы қозғалысының дамуына Россияның орталық губерниялары мен Сібірден келген орыс жұмысшылары мен жер аударылған саяси қылмыскерлер елеулі ықпал жасады. Олар өндірістегі қазақтарға өздерінің күрес тәжірибелерін үйретіп, жұмыс қозғалысына сапалылық пен ұйымшылдық элементтерін енгізіді.
XX ғасыр басында ұлттық аймақтарда отаршылдық езгі күшейді, елдегі таптық және ұлттық қайшылықтар шиеленісе түсті. Патша өкіметі бір халықты екінші халыққа айдап салып, кескілестіріп отырды, ұлт мәдениетін тұншықтарды.
Осының бәрі Қазақстанда да әлеуметтік қайшылықтарды шиеленістіріп, тап күресін өрістетуге әкілді.
Терминологиялық сөздік:
Столыпиннің аграрлық реформасы – патшалық Ресейдегі шаруалар үлесіндегі жер иелігіне 1906-1917 жж. жасалған реформа. Осы реформаны жүргізуге ұсыныс жасаған Министрлер Кеңесінің төрағасы П.А. Столыпин болатын.
Жатақ — дәстүрлі қазақ қоғамындағы көшіп-қонатын күш көлігі болмағандықтан, үнемі қыстауда немесе қала маңында тұрып күн көрген кедейлердің ерекше әлеуметтік тобы. Жатақтар кейін басқа әлеуметтік топтарға сіңіп, жұмысшы, қызметші, кенші, мұнайшы тәрізді түрлі кәсіп иелеріне айналған.
Столыпин Петр Аркадьевич (1862 ж. - 1911 ж.) - Ресейдің белгілі мемлекет қайраткері, Ресей Министрлер Кеңесінің Төрағасы (1906 ж. - 1911 ж.), шаруаларды Ресейдің еуропалық бөлігінен Сібір мен Қазақстанға жаппай қоныс аудартудың бастамашысы.
Демография (грекше демос — халық) — белгілі бір халықтың, ұлттың, ұлыстың, этникалық топтың санын, құрамы мен құрылымын, аумаққа бөлінуін, өсу не кему динамикасын қоғамдық-тарихи жағдайлармен байланыстырып зерттейтін әлеуметтік ғылым саласы.
Сұрақтар:
XX ғасыр басында қазақ өлкесі неше облыстан тұрды?
Сібір теміржолы қашан салынды?
Қазақстанға қай жерлерден шаруалар көшіп келді?
Қазақстанға неліктен басқа ұлт өкілдері қоныс аударды? Себептерін түсіндіріңіз.
А.Байтұрсынов не себепті «Қазақ ұлтының өмір сүруінің өзі проблемаға айналды» деп айтқанын түсіндіріңіз.
Ресей империясының қоныстандыру арқылы отарлық саясат жүргізгеніне дәлел келтіріңіз. Қоныстандыру саясатының екі-үш салдарын атаңыз.
Достарыңызбен бөлісу: |