Қазақстан тарихы бойынша түсіндірме жазба


- Билет 1. Ш. Уәлихановтың зерттеулері



бет12/12
Дата12.03.2018
өлшемі3,89 Mb.
#38956
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12

28 - Билет

1. Ш. Уәлихановтың зерттеулері.

2. 1917 жылғы Ақпан және Қазан төңкерістерінің нәтижесін салыстырыңыз және бұл оқиғалардың Қазақстанға әсерін талдаңыз.

3. Батыс түрік қағанатының саяси жағдайы бойынша кестені толтырыңыз

Хандар


Шапқыншылық жорықтары



Шегу қаған



Тон қаған



Ешбар Елтеріс




Жауаптары:

1. Ш. Уәлихановтың зерттеулері.

Шоқан Уәлихановтың (1835-1865 жж.) шын есімі - Мұхаммед-Қанапия. Батыс және Шығыс елдерінің бірқатар тілін жетік білген Шоқан шығармашылық еңбек етуді аңсады. 1855 жылы ол генерал Г.Х.Гасфорттың экспедициясына қатысып, Жетісу, Тарбағатай мен Орталық Қазақстанды аралады, Іле Алатауы өңірінде болды. Шоқан қазақтардың заң дәстүрі, ертедегі діні туралы мәліметтер жинап, «Шаман дінінің қазақтар арасындағы қалдығы» атты еңбек жазды. 1856 жылы Шоқан Уәлиханов ЬІстықкөлдің көлемін топографиялық және картографиялық деректерде сипаттады. Кей маршруттарда ол көрнекті ғалым, географ П.П.Семенов-Тяньшанскиймен бірге болып, достығы жалғаса түсті. 1856 жылдың күзінде екеуі Құлжаға барып қайтты. Ол Қытаймен екі арадағы сауда байланысын жақсартуға үлесін қосып, Қытай ұлықтарымен келіссөз жүргізеді.1857 жылы Ш.Уәлихановтың Алатау қырғыздарына сапары Қашқар экспедициясының алдындағы сын қадамы болды. Шоқан қырғыздардың тарихын, этнографиясын және халықтық поэзиясын зерттеді. Қырғыздардың "Манас" атты тамаша шығармасына көңіл аударды.1856-1857 жылдардағы сапарының ғылыми қорытындысы: «Ыстықкөлге бару сапары», «Қытай империясының батыс провинциясы және Құлжа қаласы», «Қырғыздар жайындағы жазбалар»,- деген очерктер жазды. 1858-1859 жылдары Шоқан өзін әлемге әйгілі еткен Қашқар саяхатына барып қайтты. Марко Поло мен жиһанкез Гоестен кейін бұл елге тұңғыш барған шетелдік - Шоқан еді. Шоқан бұл сапарында Қашғария өлкесінің тарихы, этнографиясы, мәдениеті мен геологиясы, географиялық жағдайы жайлы бұған дейін мүлде белгісіз аса құнды деректер жинап қайтты. Соның негізінде «Алтышардың немесе Қытайдың Нан-Лу провинциясының (Кіші Бұхараның) шығыстағы алты қаласының жағдайы туралы» деген еңбегін жазды. Осы сапарында сирек кездесетін – «Сатуқ Боғрахан тарихы», «Тоғылық Темір тарихы», «Қожалар тарихы», «Абумүсілім Марузи» қолжазбаларын қолға түсірген. Одан өзге тау жыныстарының коллекциясын, гербарий, нумизматика, керамика ескерткіштерін, этнографиялық бұйымдар т.б. әкелді. Петербургте болған жылдар (1859 -1861) Шоқан өміріндегі ең бір қызықты кезең болды. Орыстың озат ойлы, зиялы қауымымен араласып, өзінің білімділігін, талантын танытты. Шоқан Шығысты зерттеушілер В. В. Григорьевпен, В. П. Васильевпен, В. В. Вельяминов- Зерновпен, Петербург университетінің профессоры, Құлжадағы бұрынғы орыс елшісі И.Захаровпен, сыншы Н.Н.Страховпен, ақындар А.Н.Майковпен, Я.П.Полонскиймен және басқа орыс мәдениетінің алдыңғы қатарлы өкілдерімен байланысын үзбеді.1861 жылдың көктемінде белгілі ғалым Уәлиханов денсаулығына байланысты аулына қайтады. Омбыға келіп,казақтың сот реформасындағы кейбір мәселелерді шешуге ат салысты. Оның негізгі ойлары «Қырдағы мұсылманшылық туралы», «Қырғыздардың көші-қоны туралы», «Сот реформалары туралы жазбалар» еңбектерінде баяндалады. 1864 жылы Шоқан Уәлиханов генерал М.Г.Черняевтің әскери экспедициясы құрамында Әулиеата бекінісін алуда әскери қимылдарға қатысады. Алайда генералдың әділетсіздігіне мейлінше налыған Шоқан 1864 жылдың маусым айында басқа да М.Г.Черняевқа наразы офицерлермен бірге Верныйға қайтады."Русский инвалид" газетінің 1865 жылғы 51 санында көрнекті жас қазақ ғалымының Қытайдағы дүнгендер көтерілісі туралы ақырғы еңбегі жарияланды. 1865 жылдың сәуір айында Шоқан Уәлиханов Алтын Емел жотасының (қазіргі Алматы облысы, Кербұлақ ауданы) етегінде Көшен тоғаны деген жерде албан руының аға сұлтаны Тезек төренің аулында қайтыс болады.

Ғылыми мұралары: Тарихи-географиялық мұралары – «Жоңғария очерктері», «Қырғыздар туралы жазбалар», «Балқаш көлі мен Алатау жотасы аралығының картасы», «Құлжа қаласының жобасы», «Қытай империясының батыс өлкесінің картасы», «Ыстықкөл экспедициясының қорытындысына қосымша карта». Тарихи-этнографиялық мұралары– «Қазақтың шежіресі», «Қазақтың көші-қоны», «Оңтүстік Сібір тайпаларының тарихы туралы пікірлер», «Абылай», «Қырғыздың ата-тегі», «Көне дәуірдегі қырғыздардың (қазақтардың) қару-жарағы және әскери жабдықтары», «Далалық жердегі мұсылмандық туралы» т.б. еңбектері. Әдебиет саласына қосқан үлесі- «Қазақтың поэзия үлгілері туралы», «Орта жүз қазақтарының аңыз-ертегілері», «ХVІІІ ғасыр батырлары туралы тарихи аңыздар» еңбектерін жазумен қатар, «Едіге», «Шора батыр», «Едіге мен Тоқтамыс туралы аңыз» жырларын зерттеді.
2. 1917 жылғы Ақпан және Қазан төңкерістерінің нәтижесін салыстырыңыз және бұл оқиғалардың Қазақстанға әсерін талдаңыз.

Ақпан революциясының Қазақстанға әсері. 1917 жылғы 25-27 ақпанда Ресейде буржуазиялық-демократиялық революция болып, монархия құлатылды. Билікке қос өкімет келді: ресми үкімет – Уақытша үкімет және ресми емес үкімет-Жұмысшы, шаруа, солдат депутаттарының Кеңесі («Петроград кеңесі»). Петроградтағы оқиғалар туралы хабарды Қазақстан халқы, ұлттық-демократиялық қозғалыстың басшылары қуанышпен қарсы алды. Қазақтар патша билігінің құлатылуын құптап, оны өздерінің ғасырлар бойы жүргізген күресінің нәтижесі, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысында алға тартқан мақсаттарының қанағаттандырылуы деп таныды.Майдан штабы жанындағы Қырғыз бөлімінің басшысы Ә.Бөкейханов Минскіден былай деп сәлем жолдады: "Ресей халықтары үшін Туысқандық, Теңдік және Бостандық күні туды. Жаңа үкіметті қолдау үшін қазақтардың бірігуі керек. Жаңа тәртіпті нығайту үшін — басқа халықтармен туысқандық байланыстарды күшейту қажет. Құрылтай жиналысы сайлауына әзірлену керек. Бірлік пен еділдік жолында күресіңдер!.." Ұлт-азаттық қозғалыстың басшылары демократияның, бостандық пен теңдіктің орнатылуына байланысты ұлттық автономия құратын, жалпыұлттық мәселелерді шешетін сәт туды деп санады. Қазақ зиялыларының басым көпшілігі осындай көзқараста болды.1917 жылғы наурыз, сәуір айларыңда әр жерде жұмысшы және солдат депутаттарының Кеңестері құрылды. Жекелеген қалаларда (Оралда, Верныйда, Ақмолада, Семейде, Әулиеатада) қырғыз (қазақ) ұлттық комитеттері пайда болды. Кеңестермен бірге Уақытша үкімет органдары жұмыс істеді. Бүкіл елдегі сияқты, Қазақстанда да қос өкімет орнады.Ресейде капитализм дамуының кенже қалып, соның салдарынан буржуазияның қуатты экономикалық және саяси күш болып қалыптаспағанын ескерген Уақытша үкімет реформашыл жолмен капитализмді дамытуға бет алу қажет деп санады. Алайда, буржуазия мен помещиктердің саяси және экономикалық мүдделерін білдірген Уақытша үкімет Ресейді қайта өрлетудің нысаналы бағдарламасын ұсына алмады. Ол империялық ұлт саясатын қайта қарауға қадам жасады. 1917 жылғы 20 наурызда ол Ресей азаматтарының белгілі бір дін ұстануына немесе ұлтқа жататындығына байланысты құқықтарын шектеуді жойды. Уақытша үкіметтің бұл шешімі осынау ұлан-ғайыр өңірде ұлттық келісім орнатуға бағытталған еді. Уақытша үкімет”бұратана жұмысшы жасақтарын”Отанына қайтару туралы шешім қабылдады. 1917 жылғы Ақпан революциясы патша өкіметінің геноцид саясатын тежеді,ұлт саясаты саласында өзінің жалпы азаматтық мұраттарды-бостандықты,халықтардың теңдігін қолдайтынын мәлімдеді.Сөйте тұра,ол шет аймақтардың халқына ұлттық-аймақтық өзін-өзі билеу құқығын беруден тартынды,отаршылдық басқару органдарын жоймады.Ол аймақтарда ұлтаралық қатынастарды реттеу жөнінде жалтақ қадамдар ғана жасап,орын алып келген шиеленісті сол арқылы ғана бәсеңдетуді көздеді.

Қазан революциясының Қазақстанға әсері. 1917 жылғы 24-25 қазан Ресейде қазан социалистік революциясы болып, Уақытша үкімет биліктен кетіп, билікке Кеңес үкіметі келді.Бейбітшілік, жер, бостандық, ұлттың өзін-өзі билеуі сияқты жалпы адамзаттық мұраттарды көтеруі, большевиктердің билікке жетуіне мүмкіндік берді. Жер мен бітім туралы тарихи декреттердің қабылдануы, млн-даған адамдардың арманы мен тілегіне сай келген Кеңес өкіметінің ұлт саясаты туралы бағдарламасының жариялануы революцияның бүкіл ел келемінде тез арада жеңіске жетуіне ықпал етті. Большевиктердің "Ресей мен Шығыстың барлық еңбекші мұсылмандарына" деген үндеуде былай деп көрсетілді: "Ендігі жерде Сіздердің діни сенімдеріңіз, Сіздердің әдет-ғұрыптарыңыз, ұлттық және мәдени мекемелеріңіз ерікті және оларға қол сұғылмайтын болады. Өздеріңіздің өмірлеріңізді өз еріктеріңізбен, ешбір бөгетсіз құра беріңіздер. Бұлай етуге Сіздердің толық құқықтарыңыз бар".

Большевиктердің алғашқы шаралары. Қазақстанда Кеңес өкіметінің жеңуіне байланысты бұрынғы буржуазиялық- помещиктік мемлекеттік аппаратты қирату және жаңа өкімет органдарын құру басталды . Уақытша үкіметтің жергілікті органдары, қоныстандыру басқармалары, облыстық земство басқармалары, болыстық және ауылдық старшындар институты, билер соты таратылды. Жер-жерде контрреволюциялық газеттер шығаруға тыйым салынды. Ауылдық, қыстақтық шаруа кеңестері, Халық шаруашылығы кеңестері, аудандық жер-су комитеттері құрылды. Жазға салым барлық қазақ болыстарында шаруа кеңестері жұмыс істеді.Кеңестердің атқару комитеттері жанынан денсаулық сақтау, әділет, қаржы, ағарту, жер және өнеркәсіп бөлімдері ұйымдастырылды. Кеңес өкіметі Қазақстанда ірі өнеркәсіпті, банктерді және тасымал ісін тез арада мемлекет қарамағына алды. 1918 жылдың көктемінде Екібастұз, Қарағанды, Риддер кеніштерін, Ембі кәсіпшіліктерін, Спасск мыс балқыту зауытын, теміржолдарды, ертіс пен Арал кемешілігін, балық, тұз кәсіпшіліктерін, банктер мен қазынашыларды, Зингер компаниясының кәсіпорындарын, былғары зауыттарын, диірмендерді, баспаханаларды мемлекет қарамағына алу туралы декреттер шығарылды. Кәсіпорындарда 8 сағаттық, шахталар мен кеніштерде 6 сағаттық жұмыс күні енгізілді. 1918жылғы наурыз, сәуірде Орынборда Кеңестердің Торғай облыстық І съезі болды. Съезд Қызыл Армия бөлімдерін құру және жергілікті өкімет органдары туралы шешім қабылданды. Жер және азық мәселелері қаралды. Қазақ депутаттары Кеңестерінің Ақмола уездік съезі 1918жылғы наурызда (С.Сейфуллин, А.Асылбеков және басқалар) Алашорда автономиясын теріске шығарған қарар қабылдады. Торғай облыстық Кеңестер съезінің қаулысымен Алашорданың орынборда шығарылып тұрған орталық органы – «Қазақ» газеті жабылды.Большевитердің партиясы мен Кеңес үкіметі Қазақ АКСР-ін құруға әзірлікке кірісті. Бұл үшін Ұлт істері жөніндегі халық комиссариаты жанынан Қазақ бөлімі құрылып, Құрылтай съезін шақыруға дайындала бастаған болатын. Алайда Қазақ АКСР-ін құру жөніндегі жұмыстар интервенция және азамат соғысының басталуына байланысты тоқтап қалды.
3. Батыс түрік қағанатының саяси жағдайы бойынша кестені толтырыңыз

Хандар


Шапқыншылық жорықтары

Шегу қаған


Шегу қаған (610-618жж.) қағанаттың шығыстағы шекарасын

Алтайға дейін жеткізді.Оңтүстігінде Ауғанстанға жасалған

жаңа жорықтар батыстағы шекарасын Тарым өзені мен

Памир тауына дейін жеткізді.


Тон қаған


Тон қаған(618-630жж.) батыстағы ықпалын нығайтуды және

одан айырылып қалмауды есінен шығармады, батыс саясатын

белсенді түрде дамытты. Византиямен келісім

қатынастарын орнатты, Византия императоры

Ираклийдің Закавказьеге жорығына жеке өзі қатысты.

Түріктер Дербент пен Тбилисийді басып алды.Батыс түріктер

Еділ бойын бағындыруды аяқтап, Босфор мен Қырымды басып

алғаннан кейін батысқа белсенді әскери жорықтар жасаған

жоқ. Парсы мемлекетімен әскери-саяси тепе-теңдік орнықты.

Ешбар Елтеріс


634 жылы нушеби тайпасының қолдауымен Ешбар Елтеріс

қаған билікті өз қолына алды. Ол ел бірлігін сақтауға тырысты.

Елді басқаруды қайта құрып «он оқ бұдун» жүйесін енгізді.

Қағанның он оқ, он түменнен тұратын әскери жасағы болды.

«Он оқ бұдун» жүйесі елді керісінше әлсіретті.

640-657 жылдардағы билік үшін күрес қағанатты

тұралатты. Қағанат Сырдариядан батысқа қарай орналасқан

барлық иеліктерінен айырылды.


29 - Билет

1. Ағартушы, ақын Абай Құнанбаевтың көзқарасының қалыптасуына талдау жасаңыз

2. «Алаш» және «Түркістан» автономияларының саяси бағыттарының айырмашылықтарын анықтаңыз. Екі автономияның құрылу себептері, мәні қандай?

3.Қарахан мемлекеті қағандарының жүргізген саясатын кесте бойынша толтырыңыз:

Қағандар

Жүргізген саясаты



Сатұқ Боғрахан


Мұса хан


Ибраһим ибн Насыр


Жауаптары:

1. Ағартушы, ақын Абай Құнанбаевтың көзқарасының қалыптасуына талдау жасаңыз

Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы (1845-1904) — ақын, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің  негізін қалаушы, философ, композитор,  аудармашы, саяси қайраткер, орыс және еуропа мәдениетімен жақындасу арқылы қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор. Абай ақындық шығармаларында қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау еткен.Абай Шығыс пен Батыс мәдениеті мен өркениетін жетік білген. Бірқатар әлем ойшылдарының еңбектерімен жақсы таныс болған. Философиялық трактаттар стилінде жазылған «Қара сөздері» - тақырып ауқымдылығымен, дүниетанымдық тереңдігімен, саяси-әлеуметтік салмақтылығымен құнды. Әкесі Құнанбай Өскенбайұлы өз заманындағы атақ даңқы алысқа кеткен адамдардың бірі болған. Әкесі оның зеректігін байқағаннан кейін, 10 жасқа толған соң Семейдегі Ахмет Риза медресесіне береді.Медреседе төрт жыл оқығаннан кейін, оқудан шығарып алып, қасында ұстап, ел басқару ісіне баули бастайды. Әкесінің төңірегінде ел жақсыларымен араласып, өз халқының рухани мәдениет жүйелерімен жете танысады. Өзі билер үлгісінде шешен сөйлеуге төселеді. Ұтымды сөзімен, әділ билігімен елге танылып, аты шығады. Көп ұзамай, жетпісінші жылдардың бас кезінде Қоңыр Көкше дейтін елге болыс болады. Билікке араласып, біраз тәжірибе жинақтағаннан кейін ол халық тұрмысындағы көлеңкелі жақтарға сәуле түсіруге күш салып бағады. Бірақ онысынан пәлендей көңіл тоятындай нәтиже шығара алмайды. Сондықтан халқына пайдалы деп тапқан істерін көркем сөзбен, әсіресе, өлеңмен насихаттамақ болады. Абай бір жағынан шығыс классиктері Низами, Науаи, Физули, Жәми тағы басқаларды оқыса, екінші жағынан А. С. Пушкин, А.И. Герцен, М.Е. Салтыков-Щедрин, Н.А. Некрасов, Л.Н. Толстой, И.А. Крылов мұраларын оқып, терең таныс болған, Батыс әдебиетінен Гете, Джордж Байрон сияқты ақындарды оқып, Дрепер,  Спенсер,  Дарвин сынды ғалымдардың еңбектерін зерттейді. Ақын саяси қызметі үшін 1870 жылдары Санкт-Петербургтен Семейге айдалып келген Михаэлиспен, 80-жылдарда орыс демократтары Н. И. Долгополов, А. А.Леонтьевпен танысады. Бұл озық ойлы азаматтардың Абайдың саяси-әлеуметтік көзқарасына игі ықпалы тигізгені сөзсіз. Абай осы тұста, 1886 ж. досы Михаэлистің ұсынысымен, Семей облысы Статистика комитетінің толық мүшесі болып сайланды. Қазақ халқының дәстүрлі ел билеу жосындарын, әдет-ғұрып заңдарын жетік білетін Абай ел ішіндегі әр алуан әкімшілік-құқықтық реформаларға белсене араласады. Егде тартқан шағында әкімқара биліктен, атқамінерліктен іргесін аулақ салып, шығармашылықпен ғана шұғылданады. Абайдың көптеген шығармаларында Адам, Болмыс тақырыбы, сондай-ақ, абсолюттік ақиқат сыры тұрақты орын алады.

2. «Алаш» және «Түркістан» автономияларының саяси бағыттарының айырмашылықтарын анықтаңыз. Екі автономияның құрылу себептері, мәні қандай?

Қазақ халқы ұлт-азаттық күресінің асқар шыңы – ХХ ғасыр басындағы Алаш қозғалысы болды.Бұл қозғалыстың басында қазақ зиялылары тұрды. Бірінші дүниежүзілік соғыс пен 1917 жылғы Ресейде басталған революция қазақ зиялыларының өз халқының құқықтарын қорғау жолындағы қызметін жандандыра түсті.



Құрылу себептері мен мәні: Алашорда үкіметінің өмірге келуіне тікелей себеші болған жағдай- Уақытша үкіметтің басқа шет аймақтардағыдай Қазақстанда да ұлт өміріне қатысты ең өзекті мәселелерді шеше алмаған әлжуаз, тұрақсыз саяси билікке айналуы, оның арты бүкіл империяны қамтыған анархия, зорлық-зомбылыққа ұласуы еді.Қазақ еліндегі асқынған жер мәселесі шешілмеді, казақ әскері, қарулы солдаттар мен қоныстанушылардың панасыз жергілікті қазақ халқының үстінен жүргізген озбырлығы өрши түсті. Осындай жағдайда қазақ зиялылары арасында ұлттық мемлекекеттілік туралы мәселе талқылауға түсті.Осы мәселені қамтыған Жалпықазақ-қырғыз съезі 1917 жылы 5-желтоқсанда Орынборда қаласында ашылды. Нәтижесінде, «Алаш» автономиясы дүниеге келіп, елді бүліншіліктен қорғау мақсатымен Алашорда аталған Ұлт Кеңесі құрылды. Оған 25 адам мүше болды.Төрағасы-Ә.Бөкейханов. Бүліншіліктен қорғау үшін бірден милиция құруға шешім қабылданды.Одан өзге ұлт қазынасын құру, оқу-ағарту жүйесін қалыптастыру т.б. шаралар арқылы ұлттық мемлекеттің шаңырағын көтеруге тырысты.Қазақ зиялыларының тағы бір өзін-өзі билеу жолындағы қадамы –Түркістан автономиясы болды. 1917 жылы 22-қарашада өз жұмысын аяқтаған Ташкентте Түркістан өлкелік кеңестер съезі Түркістанда кеңестік билік орнағанын ресми түрде жария ете отырып, оның құрамына жергілікті ұлттың бірде-бір өкілін енгізбеді. Бұл, кеңес өкіметінің Түркістан халқының өзін-өзі билеу құқын мойындамау деген сөз еді. Саяси жағдайдың мұндай бағыт алуына байланысты М.Шоқай бастаған Түркістан өлкелік мұсылмандар кеңесі нақты әрекетке көшіп, 1917 жылы 26-қарашада ІV Төтенше мұсылмандар съезі жұмысын бастап, 28-қараша –Түркістан автономиясын жариялады. Түркістан Уақытша кеңесі құрылды, құрамына 54 адам енді, Уақытша кеңес 12 мүшеден тұратын Уақытша үкімет құрды. Бұл өкіметтер жергілікті халықтың мүддесін көздейтін, жаңа кеңестік билікке балама есебінде дүниеге келген саяси құрылымдар еді.

Саяси бағыттарының айырмашылықтары: Алаш автономиясы – өзінің сипаты жағынан Ресей құрамындағы аумақтық-ұлттық автономия. Алаш автономиясының төрағасы Ә.Бөкейханов қазақ халқының өз алдына бөлініп, жеке ұлттық мемлекет ретінде дамуын қалаған.Түркістан автономиясы болса – өзінің сипаты бойынша Ресей құрамындағы аумақтық-федерациялық автономия. Түркістан автономиясының ұйымдастырушысы және басты идеологы Мұстафа Шоқай бүкіл Түркістанды бір автономиялық республикаға біріктіріп, оны демократиялық Ресейдің құрамына енгізу идеясын қозғады. Яғни, ол- тұтас Түркістан идеясын ұсынды. Орта Азиядағы қазақ, қырғыз, өзбек, т.б. халықтардың бір мемлекеттің туы астында жиналғанын қалады. Алаш қозғалысы мен Түркішілдік қозғалыс Қазақстан мен Түркістан өлкесінде ХІХ ғ. соңы мен ХХғ. бас кезіндегі қоғамдық-саяси жағдай және рухани-мәдени өзгерістердің нәтижесінде өмірге келді. Бұл қозғалыстардың алдына қойған мақсаты- қазақ халқын және Орта Азиядағы тілі, діні бір халықтарды отарлық езгіден азат етіп, тәуелсіз мемлекет құру мен дүниежүзілік мәдени қауымдастыққа енуін қамтамасыз ету, өркениетті елдер қатарын қосу болды.

3. Қарахан мемлекеті қағандарының жүргізген саясатын кесте бойынша толтырыңыз:

Қағандар

Жүргізген саясаты

Сатұқ Боғрахан

Мемлекеттің негізін қалады. Ислам дінін қабылдаған Сатұқ

Боғрахан саманилерден қолдау тауып, өзінің туысы Оғұлшақты жеңіп шықты. Ол билеп отырған Тараз бен Қашғарды бағындырды. Сөйтіп, бірорталыққа бағынған Қарахан мемлекеті құрылады.

Мұса хан

Мұса билікті 955 жылы алады. Мұса өз ықпалын күшейту үшін 960 жылы ислам дінін мемлекеттік дін ретінде жариялады.

Ибраһим ибн Насыр

ХІ ғасырдың 40-жылдарында Әли-тегіннің балаларына қарсы күресте жеңіп шығады.1040 жылы тамғаш Бурахан атағын қабылдап, Мауараннахрға толық өз билігін орнатады.Осы кезден Қарахан мемлекеті дербес екі иелікке бөлінді.

30 - Билет

1. Кейінгі ортағасырлардың тарихи және мәдени ескерткіштері

2. Ж.Аймауытовтың өмірі мен шығармашылығына баға беріңіз.

3. Қазақстан аумағындағы мал шаруашылығының (көшпелі, жартылай көшпелі, отырықшы) қалыптасқан өңірлерін карта бойынша көрсетіңіз және не себепті бұлай бөлінгендігін түсіндіріңіз?


Жауаптары:

  1. Кейінгі ортағасырлардың тарихи және мәдени ескерткіштері

XIII ғасырдың екінші жартысынан бастап қалалық отырықшылық мәдениеттің жандана бастауының нәтижесінде XIV – XV ғасырларда ірі архитектуралық құрылыс жүйелері салына бастады. Мәселен, бұл кезден бізге жеткен сәулет өнерінің тамаша үлгілеріне Арыстан баб, Қожа Ахмет Йасауи, Көккесене, Алаша хан, Дәуітбек, Тектұрмас сияқты кесенелер жатады. Арыстан баб кесенесі көне Отырар қаласының батыс жағында 3 км жерде, Сырдария өзеніне жақын орналасқан. Ел аузындағы аңыз бойынша, Арыстан баб VII – VIII ғасырларда өмір сүрген. Оның басына тұрғызылғын кесене құлап қалған. Сол құлап қалған күмбезді Әмір Темір XIVғ.қайта салғызған. Кесене XIX ғасырда бірнеше рет жөндеуден өткен. XIV – XV ғасырдың аралығында ӘмірТемірдің бұйрығымен салынған сәулет өнерінің тамаша бір үлгісі – Қожа Ахмет Йасауидың кешенді кесенесі. Қожа Ахмет – ислам дінінің көрнекті өкілі, әрі уағыздаушы, әрі ақын. Кесене Түркістан қаласының дәл ортасына салынған. Жазба деректерге қарағанда, кесенені салуға Әмір Темір 1397 жылы бүйрық берген. Күмбезді салғызудағы басты мақсаты Қожа Ахметтің мұсылмандар арасындағы зор беделі арқылы оны пір тұтушылардың сеніміне ие болып, өз жағына тарту болды. Әмір Темір ғимаратты Орта Азияда ешбір теңдесі жоқ сөулет өнерінің туындысы ретінде салдыруға тырысқан. Кесененің аумағы - 46,5x65,5 м. Биіктігі - 37,5 м. Қасбеті шығысқа қараған, екі биік күмбезді. Көрушілер орталық үлкен бөлме (18,5x18,5 м) арқылы кесененің ішіндегі үлкенді-кішілі 35 бөлмені аралайды.Залдың ортасында тайқазан тұр. Оған діни мейрам күндері тамақ жасалып, келген адамдарға тегін таратылатын. Болмелердің ішіндегі негізгісі – кітапхана. Оңтүстік жағында үлкен ақсарай, кіші ақсарай бар. Олардың ішіне атақты адамдар жерленген.Басты бөлме - көрханада Ахмет Йасауидің мүрдесі койылған. Көрхананың есігі тамаша ағаштан жасалған. Қабірдің үстіне ашык жасыл түсті яшманың жылтыр тақта тасынан құлпытас койылған. Кесененің сырты әйнек сырлы, құйма кірпіштермен қапталған. Кірпіштен қала-нған кабырға бойы түрлі өрнектермен шекейленген. Ал көрхананың үстіне қатпарлы күмбез тұрғызылған. Күмбездің барабандары айналдыра араб жазуымен өрнектеліп қаланған.Көккесене – Ақ Орданың орталығы болған Сығанақ қаласының маңында, Төменарық кентінің солтүстік-батысында 8 км жерде орналасқан бір күмбезді кесене. Қасбетіндегі кіреберіс арқасы сүйірленіп, өте сәнді жасалған. Қабырғаларының сырты Алаша хан күмбезді секілді қыштан, кілем өрнегі үлгісіне ұқсатып қаланған. Қазіргі кезде бұл тамаша ескерткіштің жұрнағы ғана қалған. Алаша хан кесенесі – XIV-XV ғасырлар арасындағы сәулет өнерінің басты бір ескерткіші. Күмбез Ұлытау ауданындағы Қаракеңгір өзенінің жанына салынған. Бұл кесененің өзіндік бір ерекшелігі- далалық сәулет өнерінің үлгісінде салынған. Оның іргесі текшеленіп қаланып, төбесі күмбезделген.Кіре беріс маңдай алды күйіз үйдің қос қанатты сықырлауық есігі тәрізді.Күмбездің екі жақтауы мен маңдайшасы өрнекті кірпіштермен қос сызықша етіп қатар өрілген. Қабырғалары сыртқы жағынан кереге көзді кілем тәрізді өрнектеліп қаланған. Кесененің құрылыс жүйесіндегі өрнек үлгілері Орта Азияның сәулет өнерінде кездеспейді. Бұл ғимараттың өзіне тән және бір ерекшелігі, үстіңгі қабатында күмбез барабанын айналдыра жасаған галереясы бар. Оған кесененің ішінен көтерілетін басқыш арқылы шығады.Алаша хан күмбезінің қабырға сыртын әсемдеу ісіне қазақтың дәстүрлі ою-өрнегі кең қолданылған.XV ғасырдың екінші жартысында салынған тағы бір ескерткіш- сақталған Рабиға Сұлтан Бегімнің кесенесі.Кесене Қожа Ахмет Йасауи ғимаратының шығыс жағында, 60 м жерде орналасқан. Ол бес бөлмеден тұрады. Басына қойылған құлыптасы Ахмет Йасауи күмбезінің ішінен табылған. Мұнда қалай келгені белгісіз. Құлыптастағы жазуда Бегімнің Әмір Темірдің ұлы Ұлықбектің қызы екендігі, 1485 жылы қаза болғандығы жазылған.Археологиялық зерттеу жұмыстары кезінде Отырар қаласының көпшілікке арналған мешіт, монша сияқты қоғамдық құрылыс орындары да ашылған. Олар да түрлі түсті әйнек сырлы кірпіштермен безендірілген. Археологтардың пікірінше Отырар мешіті үш-төрт күмбезді болған.

2. Ж.Аймауытовтың өмірі мен шығармашылығына баға беріңіз.

Жүсіпбек Аймауытов (1889-1931) -қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, публицист, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі.Туып өскен жері  қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданы. Он бес жасына дейін туған ауылында болған ол әуелі ауыл молдасынан оқып, хат таниды. Бұдан кейін де әр түрлі молдалардың алдын көріп, ескіше едәуір білім жинайды. 1907 жылы Баянауылға барып орыс-қазақ мектебіне түседі. 1911 жылы Павлодардағы екі сыныпты орыс-қазақ мектебіне түсіп, оқуын жалғастырады. 1914-1919 жылдары Семейдегі мұғалімдер семинариясында оқиды. Семейде жүріп алаш қозғалысына қатысады,» Абай» журналын шығаруға ат салысады.1919 жылдан бастап Жүсіпбек Семейде, Павлодарда кеңес өкіметінің жұмыстарына араласады. Семей губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі, «Қазақ тілі» газетінің редакторы болады. 1922-1924 жылдары Қарқаралыда мектеп мұғалімі болады. 1924-1926 жылдары Ташкентте шығатын «Ақ жол» газетінің редакциясында істейді. 1926-1929 жылдары Шымкенттегі педагогикалық техникумға директор болады. Ара-арасында әр түрлі саяси жұмыстарға араласады. 1929 жылы жазықсыз тұтқынға алынып, «халық жауы» деген жаламен 1931 жылы өлім жазасына кесіледі.Ж. Аймауытовтың өмірі мен шығармашылығы бұдан кейінгі алпыс жыл бойы ауызға алынбайды. Кеңес өкіметі түсында ол туралы айтуға да, жазуға да тыйым салынды. Тек кеңес өкіметі ыдырап, коммунистік идеологияның құрсауы босағаннан қейін ғана қаламгер мұрасы халқына жете бастады. 1989 жылы бір томдық кітабы жарық көрді. Зерттеу жұмыстары қолға алынды. 1997 жылдан бастап Жүсіпбек шығармаларының бес томдық жинағы басылды.Шығармашылық мұрасы. Сан қырлы талант иесі Жүсіпбек Аймауытовтың артында қалған шығармашылық мұрасы аса бай. Оның ішінде көптеген өлеңдер, «Қартқожа», «Ақбілек» романдары, «Күнікейдің жазығы» хикаяты мен «Әнші» секілді бірқатар көркем әңгімелері, «Рәбиға», «Мансапқорлар», «Ел қорғаны», «Шернияз» пьесалары, «Нұр күйі» поэмасы, сондай-ақ бірсыпыра сын мақалалар мен аудармалары бар. Ол В. Шекспир, В. Гюго, Г. Мопассан, А. С. Пушкин, Н. В. Гоголь, Л. Н. Толстой шығармаларын, «Интернационалды», бірқатар ғылыми еңбектерді аударды, педагогика, психология, методика, эстетикалық тәрбие туралы зерттеулер жасады; сан алуан публицистикалық мақалалар жазды.
3. Қазақстан аумағындағы мал шаруашылығының (көшпелі, жартылай көшпелі, отырықшы) қалыптасқан өңірлерін карта бойынша көрсетіңіз және не себепті бұлай бөлінгендігін түсіндіріңіз?

Көшпелі мал шаруашылығының бірнеше түрі болды.Батыс және Орталық Қазақстанда таза көшпелі тұрмыс қалыптасты. Шығыс Қазақстанда, Алтай мен Тянь-Шань тауларында, Жетісудің таулы аймақтарында жартылай көшпелі мал шаруашылығы дамыды. Қазақстанның оңтүстігінде Сырдария,Шу,Келес өзендерінің аңғарында отырықшы шаруашылық дамыды.






Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет