Жауаптары:
1. Оғыз мемлекеті (территориясы, этникалық құрамы, саяси тарихы)
IX ғасырдың аяғы X ғасырдың басында Сырдарияның орта және төменгі ағысында Оғыз мемлекеті құрылды. Орталығы осы өзеннің бойындағы Янгикент жаңа Гузия қаласы болды. Түрік тілдес оғыз тайпалары ерте орта ғасырларда Орталық және Орта Азияда өмір сүрген. VII ғасырда Батыс Жетісуды мекендеген оғыз тайпалары түрік қағандығын құрамында болған. Батыс Түрік және Түркеш қағанаттары құлап Жетісуда Қарлұқ қағанаты құрылғаннан кейін оғыздар Сыр бойында ығысқан.Алғаш оғыздар бұл аймаққа келіп орналасып бастағанда жергілікті конгар – печенегтердің қарсылығына тап болады. Ақыр аяғында да олар жеңіліп, батысқа қарай мәжбүр болған.Махмуд Қашқаридің дерегі бойынша, оғыздар алғаш 24 тайпадан тұрса, әл – Марвази олардың 12 тайпасы жөнінде ғана жазады. Бұдан байқалатыны, оғыздардың 24 тайпадан тұрған кезі болса, 12 тайпаға түскен кезі – ол тайпалардың бір –біріне қосылып халықтың дәрежеге көтеріле бастаған мезгілі. Оғыздарда жоғарғы билік иесі жабғу деген лауазымды именденді. Ол мұрагерлік арқылы қалып отырды. Жабғудың орнын инал аты мұрагерлік басты. Иналды жабғудың арнайы тағайындап қойған адамы / атабектер/ тәрбиелеген. Оғыздарда жабғу әйелдеріне қатын деген атақ беріліп, олар сарай маңындағы өмірде маңызды рөл атқарған. Оғыз мемлекеті әскери демократияға сүйенген. Сондықтан да әскер басыларының қоғамдағы рөлі зор болған. Әскер басы сюбашы деп аталған. Жабығу сюбашыларымен кеңесіп, көп жағдайда оларды тыңдап отырған.Жабығудың күл – еркіндер деп аталатын кеңесшілері де болған. Оғыздарда халық жиналысы жылына бір рет шақырылған. Ақсүйек – феодалдардың күшеюіне байланысты шонжарлар қаңқаш деген кеңесі күнделікті өмірде басты мәнге ие болып, халық жиналысы сирек шақырылатын болған. Оғыздар Евразияның саяси және әскери тарихында маңызды рөл атқарды. 965 жылы оғыз жабғуы Киев князы Святославпен хазарларға қарсы әскери одақ құрылды. Нәтижесінде Хазар қағанаты талқандалады. Орыс жылнамаларында 985 жылы кіняз Владимирдің торктармен /оғыздармен / одақтасы отырып , бұлғарларға жорық жасағаны туралы айтылады.Ұзақ жылдарға созылған үздіксіз соғыспен тыс алынатын алым –салық оғыз тайпаларының наразылықтарын туғызады. Х ғасырдың аяғы мен ХІ ғасырдың басында Әлиханның кезінде мемлекеттің жағдайы күрт нашарлайды. Жент қаласын салжұқтар басып алады. Алайда салжұқтарды қала тұрғындары қаладан қуып шығады.Оғыз мемлекеті Әли ханның мұрагері Шахмәлік тұсында біршама уақыт күшейеді. Ол 1041 жылы Хорезмді де жаулап алады. Алайда екі жылдан кейін Оғыз жабғуы көтеріліске шыққан салжұқтардың қолынан қаза табады. Билік үшін талас Оғыз мемлекетін әлсіретеді. Бұл жағдайды шығыс жағындағы көршілері – қыпшақ тайпалары пайдаланады. ХІ ғасырда мемлекеттілігін құрып, күшейе бастаған қыпшақтар оғыздарды Сырдария ,Арал бойынан біржола ығыстырады. ХІ ғасырдың басында Оғыз мемлекеті біржола құлайды.
2. Қазақстан тарихының әлемдік тарихтың құрамдас бөлігі екенін нақты мысалдармен дәлелдеңіз.
Қазақстан тарихы әлемдік тарихтың құрамдас бөлігі екендігіне дау жоқ. Ежелгі дәуірден бастап бүгінгі күнге дейін Еуразия құрлығының кіндігінде орналасқан қазақ жері,елі әлемдік тарихты жасаудың белсенді мүшесінің бірі болып келеді.Қазақ даласы көшпелілер көші-қоны үрдісінің ауқымды алаңына айналды. Нақ осы көшпелілер мыңжылдықтар бойы ұшы-қиыры жоқ аймақ арқылы өтті де, Қазақстан шығыс пен батысты байланыстыратын көпір рөлін атқарды. Орта ғасырлар дәуірінде Қазақстан аумағы арқылы дүниежүзілік сауда жолдары өтті. Осылайша қазақ даласы әлемге тараған христиан, ислам және будда діндерінің; еуропеидтық және монғолоидтық нәсілдердің; үндіеуропалық, түрік-монғол және финн-угор тілдерінің «тоғысу алаңына» айналды. Сайып келгенде Қазақстан бүкіл Еуразия құрлығының тағдырында маңызды рөл атқарды.Бүкіл адамзат тарихында көшпелілер қалалармен тығыз байланыс орнатып, өздері де сонда қоныстанды. Қалалар мен дала өмірі көшпелілер әлемінің өзіндік сипатын құрады. Өз кезегінде дала қалалар мен отырықшы мемлекеттердің маңызды бір бөлігі болады. Түрлі шаруашылық және мәдени үрдістердің өзара тығыз ықпалдастығы қазақ халқының қалыптасуына әсер етіп, оның өзіндік мәдениетінен көрініс тапты.Қазіргі уақытта тарих ғылымы кеңестік дəуірдегі таптық методология ның шеңберінен шығып, зерттеудің жаңа бағыттары анықталып, тарихтың ақтаңдақтар беттері қайта ғылыми негізде зерделенуде. Қазақ тарихы Түркі өркениетінің ажырамас бөлігі ретінде зерттеліп, дала тарихындағы көшпелілердің орны айқындала түсуде. Қазақстан мемлекеті Еуразиялық идеяның жалғастырушысына айналды. Бірнеше ғасырлар бойы тағдырдың тауқыметті қасіретінен көз ашпаған қазақ халқы өз тарихында тұңғыш рет өз тарихын өзі жасап қана қоймай, сол жаса ған деректерін тарих ғылымының талаптарына сай: жинау, жүйелеу, саралау, тасқа басып жариялау жəне деректанулық талдаудан өткізу арқылы өзінің объективті тарихын жазу мүмкіндігінеде ие болып отыр.
3. Кенесары Қасымұлы бастаған көтерілісшілер басып алған бекіністерді картадан тауып, көрсетіңіз.
1838 жылы мамыр айында Кенесары отрядтары Ақмола бекінісін тұтқиылдан шабуылдады. Патша үкіметінің сойылын соққан сұлтан Қоңырқұлжа Құдаймендіұлы және Карбышев басқарған бекініс гарнизоны Ақмоланы қорғап қала алмады. Көтерілісшілер бекіністі өртеп жіберді. 1845 жылы Кенесары хан Қоқан хандығының Жаңақорған, Жүлек және Созақ сияқты бекіністерін тартып алды. 1846 жылы Қоқанның мықты бекінісі Меркіні де қолға қаратты.
16 - Билет
1. Қыпшақ мемлекеті (территориясы, этникалық құрамы, саяси тарихы)
2. Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімдік даму бағдарламалары «Қазақстан – 2030» және «Қазақстан – 2050» стратегияларын салыстыра отырып, талдау жасаңыз.
3. Е.Көтібарұлы бастаған азаттық күрестің болған аудандарын карта бойынша белгілеңіз және маңызын түсіндіріңіз
Жауаптары:
Қыпшақ мемлекеті (территориясы, этникалық құрамы, саяси тарихы)
Қимақ қағанатының жері XI ғасырда жаңа құрылған Қыпшақ хандығының қолына толығымен көшеді. Ол жерлер шығыста Алтай мен Ертістен басталып, батысында Еділ мен Оңтүстік Оралға дейінгі, солтүстігінде Құланды даласынан оңтүстігінде Балқаш көлі мен Жоңғар Алатауына дейінгі кең-байтақ аймақты алып жатты.Қыпшақ хандығы күшейе бастаған кезінде оңтүстік жағындағы шекарасын кеңейтіп, Сырдарияның орта және төменгі бөлігін, Арал мен Каспий өңірі далаларын өздеріне қаратқан. Қыпшақ шонжарлары Сыр бойындағы қалалардың билеушілеріне айналған.Сонымен, Алтайдан Еділге дейінгі аралықтың "Қыпшақтар даласы" (Дешті Қыпшақ) деп аталуының өзі бұл кең-байтақ аймақтың қыпшақтардың атамекені екендігін толығымен растайды.Жалпы қыпшақтардың этникалық құрамы екі бөліктен тұрған. Бірінші - қыпшақтардың батыс бірлестігі, бұлардың тайпалық құрамы он бір тайпадан тұрады: елбөрілі, тоқсоба, йетиоба, дурут, тағы басқалар. Екінші - қыпшақтардың шығыс бірлестігі, бұлардың тайпалық құрамы он алты тайпадан тұрған. Олардың сегізі негізгі тайпалар, ал қалған сегізі ұсақ тайпалық бөлімшелер.Тайпалардың ішінде ең беделдісі бөрілер болған. Бұл елбөрілілер болып та айтылады. Қыпшақ хандары осы тайпадан шығып отырған. XI ғасырдан бастап Қазақстанның Жетісудан басқа жерлерінің барлығына қыпшақтар ие болды. Хандықтың әлеуметтік-экономикалық жағының нығаюы жерін кеңейтуді талап етті. Әсіресе қыпшақтарға Қазақстанның оңтүстігіндегі қалаларға, Орыс елінің оңтүстік далалы аудандарына шығу қажет болды. Алайда бұл жерлерге шығу оңай емес еді. Өйткені арада оғыздар мемлекетінің билігі жүріп тұрған. X ғасырдың аяғы - XI ғасырдың басында Оғыз хандығының жағдайы нашарлай бастайды. Бұл жағдайды Қыпшақ хандығы дер кезінде пайдаланып, оғыздарға солтүстік және солтүстік-шығысынан басып кіреді. Сөйтіп қыпшақтар өздерінің шекарасын Сырдарияның орталық ағысынан Арал теңізіне дейін кеңейтеді.Сонымен қыпшақтар оғыздарды жеңгеннен кейін Еділ өзеніне дейінгі жерлерді иеленеді. Оңтүстік орыс далаларын, Кавказ, Қырым жерлерін алып, шекараларын Донға дейін ұлғайтады. Ресей жерлеріне барып орналасқан қыпшақтар орыс деректерінде «половшылар» («далалықтар») деп, ал Дунай бойына жетіп жайғасқан қыпшақтарды венгрлер «кундар» немесе «командар» деп атаған.Қыпшақтар Хорезм елімен де қатынасты жақсартуға әрекет жасайды. Алайда Хорезм шахы қыпшақтардың күшеюінен және олардың өз шекараларына жақындауынан қауіптене бастаған болатын. Сондықтан да шах әр түрлі саяси қулық әрекеттер жасауға тырысады. Ондай әрекеттерге кезінде Хорезм шахының мұрагері Атсыз да барған болатын. Бұлардың арасындағы саяси жағдай өте құбылмалы болды. Хорезм шахы кез келген мүмкіндікті өз пайдасына шешуге тырысып отырды.Ал XIII ғасырдың басында Сыр бойындағы қалалар үшін Хорезм шахы Мұхаммед пен Қыпшақ хандығының арасында бірнеше шайқастар болып өтеді. Бұл шайқастарда қыпшақтар өз ішіндегі алауыздықтың кесірінен жеңіліп, солтүстікке қарай шегінеді. Бірақ олардың арасындағы жауласушылық мұнымен бітпейді. Отырар, Сығанақ, Арал теңізінің аумағы бұл екі ел үшін ұзақ жылдар бойына қақтығыс көзіне айналады. Билік үшін бәсеке тек монғолдар екі елді де жаулап алғаннан кейін ғана біржола тынады.
2. Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімдік даму бағдарламалары «Қазақстан – 2030» және «Қазақстан – 2050» стратегияларын салыстыра отырып, талдау жасаңыз.
"Қазақстан - 2030"стратегиясы. Кез-келген мемлекет өз дамуының негізгі бағыттарын алдын ала айқындап алуы керек. Нарықтық қатынастарға көшудің алғашқы жылдарында жоспарлау ісіне мән берілмеді, "нарық дегеніміз, — жоспарсыз, стихиялы даму" деген түсінік белең алды. Н.Назарбаев кейіннен: "Нарықтың бас кезінде жоспар атаулыға жоламай кеткеніміз бар болатын. Енді байқап отырсақ, мәселе жалпы жоспарлауда емес, қалай жоспарлауда екен", — деп жазды. Бүгінгі күнмен ғана өмір сүріп, ағымдағы міндеттерді шешумен ғана жүре беруге болмайтын еді. Елдегі өтпелі кезеңнің ауыртпалықтары азайып, кезеңдік реформалардың күрделі даму мерзімі аяқталар тұста дербес төл стратегиялық бағытымызды айқындау мақсаты қойылды. Елбасы алғаш рет 1996 жылы Қазақстан халқына «Елдегі жағдай және ішкі, сыртқы саясаттың 1997 жылға арналған негізгі бағыттары туралы» атты Жолдау жасады. Бұл Жолдау тәуелсіз Қазақстанның бес жылдық дамуының өзіндік қорытындысына айналды. Бірінші рет біздің елдің жаңа бейнесін жасау әрекеті жасалды.
1997 жылғы қазан айындағы екінші Жолдауда «Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы» белгіленді. 1997 жылы 10 қазан Президент Н.Назарбаев «Қазақстан - 2030» стратегиясымен халықты таныстырды. Президент бұл стратегияны болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік сезіміміздің көрінісі деп бағалады. "Қазақстан - 2030" стратегиясында қоғамның ұзақ мерзімді басым мақсаттары - жеті бағыт бөле көрсетілді. Олар: 1. Ұлттық қауіпсіздік 2. Ішкі саяси тұрақтылык пен қоғамның топтасуы 3.Экономикалық өрлеу. 4. Қазақстан азаматтарының денсаулығы, білімі мен әл-ауқаты; 5. Энергетика ресурстары; 6. Инфрақұрылым, көлік жөне байланыс; 7. Кәсіпқой мемлекет.
Стратегияда ұлттық қауіпсіздік бірінші орынға қойылды. Тәуелсіз мемлекетіміздің ұлттық қауіпсіздігі азаматтардың гүлденіп көркеюі мен жүргізіп жатқан реформамыздың табысқа жетуінің басты кепілі және негізгі басымдық ретінде көрсетілді. Оны қамтамасыз етудің алғышарты – қоғамның ынтымағы мен ішкі саяси орнықтылығы. Әлеуметтік тұрғыдан ішкі орнықтылық пен тұрақтылықтың іргетасы орта тап екені белгілі. Стратегиялық бағдарламада орта тапты қалыптастыруға шешуші маңыз берілді. Елбасы даму стратегиясын белгілеуде халыққа сенім артты. Әуелі қоғамды қиын жағдайдан шығарып алудан кейін, қайта өрлеу жолында еңбектенуге шақырды. Осы себептерден, «Қазақстан -2030» стратегиялық бағдарламасы адам факторын дамытуды ең жоғарғы орынға қояды. Елімізге Қазақстан дамуының парадигмасын аман қалу моделінен озық даму моделіне өзгертетін кешенді стратегия қажет болды. 2001 жылы «Қазақстан – 2030» стратегиясын іске асырудың 10 жылдық жоспары қабылданды. 2004 жылдан бастап Жолдаудың негізгі мағыналық мазмұны бұл құжаттың аталуын бейнелей бастады. Мысалы, бәсекеге қабілеттілік түсінігі барлық Жолдаулар үшін негізгі жайтқа айналды. 2006 жылы Қазақстан дамуының стратегиялық басымдығы ретінде Қазақстанның бәсекеге неғұрлым қабілетті 50 елдің қатарына ену міндеті белгіленді. Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру міндеті Қазақстан дамуының стратегиялық басымдылығы болып табылады. Ел экономикасының бәскелестігінің сандық және сапалық көрсеткіштері мемлекеттің даму деңгейін анықтайтын басты белгі болып есептеледі.«Қазақстан -2030» стратегиясы ел азаматтарының кемел прагматизмге сүйеніп қана атқара алатын келелі мәселелерді айқындап көрсетті. Елбасы жеке меншіктің, шетелдік инвестиция, ашық қоғамның, саяси плюрализмнің, кәсіби үкіметтің, қылмысқа жол бермеудің өткір мәселелерін көтеріп қана қоймай, жемқорлыққа қарсы белсенді күреске шақырды. «Қазақстан -2030» даму стратегиясы ұзақ мерзімді қамтыған, халықтың мүмкіндіктері мен қабілетін толық ескерген, басым бағыттары шынайылыққа негізделген байыпты бағдарлама болып табылады.
«Қазақстан – 2050» стратегиясы. 1997 жылы қабылданған «Қазақстан – 2030» бағдарламасы негізгі базалық өлшемдері бойынша мерзімінен бұрын орындалды. Енді ел дамуының ұзақ мерзімге арналған жаңа кезеңін айқындау қажеттігі туындады. 2012 жылы14 желтоқсанда президент халыққа «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» деп аталатын жаңа Жолдауын жариялады. «Қазақстан – 2050» стратегиясында мемлекеттің болашағы көрініс тапты. Жолдауда «қалыптасқан мемлекет» деген жаңа ұғым қолданылды. Бұл өткен 20 жыл ішінде тәуелсіздіктің баянды болып, ел іргесі қаланып, Қазақстан әлемдегі 50 іргелі, мықты мемлекеттің бірі болды деген саяси тұжырым. Мемлекет басшысы енді бұл бағдарламада Қазақстанды 2050 жылы дамыған 30 елдің қатарына жеткізу міндетін қойды. Елбасы Жолдауда осыған жету жолында іске асырылуы тиіс 7 саяси бағытты айқындап берді:
1. Пайда алу, инвестициялар мен бәсекеге қабілеттіліктен қайтарым алу принципіне, экономикалық прагматизмге негізделген экономикалық саясат жүргізу.
2. Ұлттық экономиканың жетекші күші болатын кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау.
3. Әлеуметтік кепілдіктермен және жеке жауапкершілік сияқты жаңа қағидаттарға негізделген әлеуметтік саясат.
4. Заманауи білім беру жүйесін, кадр даярлау мен қайта даярлаудың негізгі бағдарын түзу.
5. Мемлекеттілікті одан әрі нығайту және қазақстандық демократияны дамыту.
6. Ұлттық мүдделерді ілгерілету мен аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға мүмкіндік беретін дәйекті және болжамды сыртқы саясат жүргізу.
7. Жаңа қазақстандық патриотизм – біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізі.
Елбасы Жолдауда 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құруды, қасиетті Отанымызды «Мәңгілік ел» етуді мақсат етіп қойды. Бұл межеге жету оңай емес. Қазақстан дамушы елдер арасында осынадй биікке көтерілу үшін бәсекелестіктің қатал сынына төтеп беруі керек.
Басымдық (лат. dominans – баымдық, үстемдік ету) – үстемдік етуші идея, бір нәрсенің негізі бөлігі немесе оның маңызды құрамдас бөлігі.
Парадигма - белгілі бір жасалатын өзгерістердің және олардың мүмкін нәтижесінде туатын тұжырымдамалық үлгі, бейне.
Прагматизм -1) іс жүзінде пайдалы нәтиже беретінді ғана ақиқат деп білетін философиялық бағыт; 2) іс жүзіндегі, қажеттілік тұрғысындағы мүдделерді көздейтін қарекет, ойлау салты , мінез-құлық.
3. Е.Көтібарұлы бастаған азаттық күрестің болған аудандарын карта бойынша белгілеңіз және маңызын түсіндіріңіз
Есет Көтібарұлы - Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы ұлт-азаттық қозғалыстың басшысы. 1838 жылы Жоламан батырмен тізе қосып, көтеріліске шығып, Елек қорғанына шабуыл жасады.1847-1878 жылдары Жанқожа батырмен бірге Қоқан, Хиуа хандықтарына қарсы шықты.1847-1858 жылдары Арал теңізінің батыс жағалауын, Үлкен және Кіші Борсық құмдарымен Мүғалжартауларын, Жем, Сағыз, Ырғыз,Елек, Ойыл, Қиыл өзендерінің бойын жайлаған қазақтардың Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы көтерілісіне басшылық жасады. ХІХ ғасырдың 40-50 жылдарында Есет батыр бастаған ұлт-азаттық көтеріліс негізінен, ұсақ қимыл - әрекеттермен сипатталады. Олар шекараға жақын орналасқан Ресей бекеттеріне шабуыл жасап отырды.1858 жылы жазалаушы отряд көтерілісті күшпен басты. Есет көтерілістен бас тартқан соң оған кешірім жасалды.
17 - Билет
1. С.Датұлы мен К.Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістерге салыстырмалы талдау жасаңыз.
2. КСРО-ның ыдырауына әсер еткен негізгі себептерді атаңыз және Қазақстан Республикасының тәуелсіздік жариялауының тарихи маңызын анықтаңыз.
3. Әмір Темірдің жорықтары мен жаулап алған өңірлерін карта бойынша баяндаңыз.
Достарыңызбен бөлісу: |