Қазақстан тарихы бойынша түсіндірме жазба
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылдың 16 қарашасында шыққан №660 бұйрығына сәйкес 2016-2017 оқу жылында жалпы орта білім беретін мектептердің 11-сынып оқушыларын қорытынды аттестаттауға өзгерістер енгізілді. 11-сынып оқушылары үшін Қазақстан тарихы пәнінен ауызша емтихан тапсыру міндеттелді. Ауызша емтихан тапсыру мұғалімдер мен оқушылар үшін жаңа формат болғандықтан, Ұлттық тестілеу орталығы тарапынан көмекші құрал ретінде әдістемелік нұсқаулық әзірленді. Әдістемелік нұсқаулықта емтихан тапсырмаларының модельдері мен түрлері, емтихан өткізу талаптары, оқушылардың жауаптарын бағалау критерийлері жан-жақты талданып, емтихан тапсыру үлгісі ұсынылады. Әдістемелік нұсқаулық жалпы білім беретін мектеп мұғалімдері мен оқушыларға арналады.
Бұл түсіндірме жазбаның мақсаты: тиісті білім деңгейі мемлекеттік жалпыға міндетті стандартпен қарастырылған оқу пәнінің көлемін оқушылардың игеру дәрежесін анықтау.
Аталмыш мақсаттарға сәйкес бағалаудың төмендегі міндеттері шешімін табуға тиіс:
МЕБС және оқу бағдарламаларына сәйкес тарихи тұтастық пен толықтықта Қазақстан тарихы бойынша білімдерін анықтау;
Қазақстан тарихы бойынша терминологияны игеру деңгейін анықтау;
Тарихи фактілер мен құбылыстарды талдау және жинақтау, тарихи оқиғалардың мәні мен себептерін анықтай білу, олардың маңызын бағалай алу дағдыларының қалыптасу деңгейін айқындау;
Зерттелген дәуірлер оқиғаларын, саяси лидерлердің, алдыңғы қатарлы ғылым және мәдениет өкілдерінің қызметін салыстырмалы талдау дағдылары мен икемділіктерін бағалау;
Тарихи мәтіндер, дереккөздер, карталар, схемалар, таблицалармен жұмыс істеу дағдылары мен икемділіктерін өлшеу;
Білімдерін пайдалана алу және оларды логикалы, жүйелі, негізделген түрде баяндау дағдыларының деңгейін анықтау;
Пәнаралық (бұрын алған білімдері негізінде) және пәнішілік байланыстарды көре білу, алынған білімін бейтаныс ахуалда пайдалана алу дағдысын айқындау.
Тапсырмалардың құрылымы және мазмұны
сұрақ – пәндік білімдері
2- сұрақ – пәндік икемділіктері
3- сұрақ – пәндік дағдылары
Білім – оқушының пәнді теориялық игеруін көрсететін идеяларының жиынтығы. Білім ғылымның негізгі фактілерін және содан шығатын теориялық жинақтауды (теория, заңдылықтар, тұжырым) түсіну, санада сақтау және бере (баяндай) білуі. Икемділік пен дағды біліммен тығыз байланыста болады. Икемділік – игерілген білімін іс жүзінде пайдалану тәсілдерін (әдістер, әрекеттер) игеруі. Дағды – шеберліктің жоғары дәрежесіне дейін жеткізілген икемділіктің құрамдас бөлігі, автоматтандырылған әрекет ретінде қарастырылады. Дағдылары мен икемділіктері тарихи концептілерді (тұжырымдарды) игеру негізінде анықталады:
өзгеріс және сабақтастық
себеп және салдар
дәлел
ұқсастық және айырмашылық
маңыз
интерпретация (түсіндіру).
Концепттер негізінде оқушы мәтіндер, дереккөздер, карталар, схемалар, таблицалар, иллюстрациялармен жұмыс істеудің танымдық санаты және дағдыларының деңгейін көрсетуге тиіс.
Танымдық саладағы дағдылары мен икемділіктері білім, түсінік және сыни ойлауды қамтиды. Мұнда алты деңгей алынады.
I. Білім
Бұл санат нақты фактілерден тұтас теорияға дейін зерттелген материалды еске сақтау және баяндап беруді білдіреді.
Оқушылардың нақты әрекеттері: терминдерді, нақты фактілерді, негізгі түсініктерді, ерекшеліктері мен қағидаттарын айта алады.
II. Түсінік
Түсініктің көрсеткіші материалды көрсетудің бір формасынан екіншісіне түрлендіру болуы мүмкін, материалды интерпретациялау, құбылыстар, оқиғалардың одан арғы барысын болжау.
Оқушылардың нақты әрекеттері:
- фактілер, үрдістер, қағидаттарды түсіндіреді;
- графикалық материалды сөйлеу формасына түрлендіреді;
- қолда бар деректерден шығатын болашақ салдарларды жобамен суреттейді.
III. Қолдануы
Бұл санат зерттелген материалды нақты жағдайлар және жаңа ахуалдарда пайдалануға икемділігін көрсетеді.
Оқушылардың нақты әрекеттері:
- заңдар, теорияларды нақты практикалық ахуалдарда пайдаланады;
- түсініктер мен қағидаттарды жаңа ахуалдарда пайдаланады.
IV. Талдау
Бұл санат мәтіндер, көздер, графикалық деректерді талдай білуді білдіреді; материалды құрамдас бөліктері айқын көрініп тұратындай етіп бөлшектеуі.
Оқушылардың нақты әрекеттері:
- біртұтастың бөліктерін айқындайды;
- араларындағы өзара байланысты көрсетеді;
- біртұтастың ұйымдасу қағидаттарын анықтайды;
- пайымдау логикасындағы қателіктер мен жетімсіздіктерді көреді;
- фактілер мен салдарлар арасындағы айырмашылықты жүргізеді;
- деректердің маңыздылығын бағалайды.
V. Синтез
Бұл санат жаңашылдығы бар біртұтасты алу үшін элементтерді құрастыра алуға икемділігін білдіреді.
Оқушылардың нақты әрекеттері:
- графикалық материал, аргумент, гипотеза құрастырады;
- схемалар, алгоритм, салыстырмалы немесе синхронды таблицалар құрастырады.
VI. Баға
Бұл санат бір не басқа материалдың маңызын бағалау икемділігін білдіреді.
Оқушылардың нақты әрекеттері:
- Қорытындылардың қолда бар деректерге сәйкестігін бағалайды;
- бір немесе басқа іс-әрекет нәтижесінің маңыздылығын бағалайды.
Ауызша жауаптарды бағалау:
«5» (үздік) бағасы қойылады, егер оқушы:
Бағдарламалық материалдың бүкіл көлемін терең де толық білу және түсінуін көрсетеді; қарастырылып отырған түсініктер, құбылыстар және заңдылықтарды, теориясын,өзара байланыстарының мәнін толық түсінеді.
Зерттелген материал негізінде толық және дұрыс жауап құрай алады; негізгі қағидаларды айқындайды, өз бетінше нақты мысалдар, фактілермен жауабын растай алады; өз бетінше және негізделген түрде талдай, жинақтай, қорытындылай алады. Пәнаралық (бұрын алған білімдері негізінде) және пәнішілік байланыстарды көре біледі, алған білімін бейтаныс ахуалда пайдалана алады. Оқу материалын жүйелі, нық, байланысты, негізделген түрде және қатесіз түсіндіреді: жауабын қабылданған терминологияны пайдалана отырып логикалық жүйелілікте береді; өзінің дербес тұжырымын жасайды; негізгі түсініктердің дәл анықтамасы және түсінігін құрастырады; жауап бергенде оқулық мәтінін сөзбе-сөз қайталамайды; материалды әдеби тілмен айтып береді; мұғалімнің қосымша сұрақтарына дұрыс та пайымды жауап береді. Емтихан парағында жазба жауабын өз бетінше, дербес және үнемді пайдаланады, өз ойымен анықтама материалдарға, оқулықтарға, қосымша тарихи әдебиетке, түпнұсқаларға сілтемелер жасап, солардан үзінділер келтіреді.
Алған білімдерін шығармашылық деңгейде мәселелер шешу үшін дербес, өзіне сеніммен және қатесіз қолданады; біреуден артық кемшілік жібермейді, онысын мұғалімнің көмегімен жеңіл түзетеді.
Осылайша, «5» (үздік) бағасы толық, мазмұны ашылған жауап үшін, білімін пайдалана алатындығы және логикалы түрде айта алатындығы үшін қойылады. Жауап толық, логикалық тұрғыда шымыр, игеруге түсінікті, қосымшаны талап етпейді.
«4» (жақсы) бағасы қойылады, егер оқушы:
Оқытылған барлық бағдарламалық материал бойынша білімін көрсетеді. Оқылған теориялар негізінде толық және дұрыс жауап береді; оқытылған материалды айтуда, түсініктерді айқындауда, ғылыми терминдерді пайдалануда не тұжырымдар және жиынтықтарда елеусіз қателер мен кемшіліктер жібереді; материалды белгілі бір логикалық жүйелілікте айтады, дегенмен бір жеңіл-желпі қате немесе екеуден артық кемшілік жібереді, оларды, талап етсе, өз бетімен не мұғалімнің шағын көмегімен түзей алады; оқу материалын негізінен игерген; жауабын нақты мысалдармен растай алады; мұғалімнің қосымша сұрақтарына дұрыс жауап береді.
Оқытылған материалда басты қағидаларды өз бетінше бөліп алуға икемді; фактілер мен мысалдар негізінде дербес жиынтықтайды, қорытынды жасайды, пәнаралық байланысты байқай алады. Түрленген ахуалда алынған білімін іс жүзінде қолданады, ауызша және жазбаша тіл мәдениетінің негізгі ережелерін сақтайды, ғылыми терминдерді пайдаланады.
Анықтама әдебиетпен, оқулықпен, түпнұсқамен жұмыс дағдысы жеткіліксіз (дұрыс бағдар ұстайды, бірақ жұмыс істеуі баяу).
Осылайша, «4» (жақсы) бағасы негізінен оқу бағдарламасының талаптарына сәйкес, бірақ білімі сәл-пәл толық емес немесе ұсақ қателер жіберген жауап үшін қойылады. Жауап толық емес, шағын толықтыруды талап етеді, оқушы қосымша сұрақтарға сенімсіздеу жауап береді, алайда, негізгі материалды біледі.
«3» (қанағаттанарлық) бағасы қойылады, егер оқушы:
Оқу материалының негізгі мазмұнын игерген, алайда кейбір жерлерін түсінбеген; материалдың мазмұнын айтуы жүйесіз, үзік-үзік және ретсіз.
Жекелеген білімі мен икемінің қалыптасуы жеткіліксіз екенін көрсетеді; тұжырымдары мен жинақтауы нашар, оларда қате жіберіп отырады.
Ғылыми терминологияны пайдалануда қателіктер мен дәлсіздіктер жібереді, түсініктерге берген анықтамасының нақтылығы жеткіліксіз; өз бақылауынан, фактілерден алынған қорытындылар мен жинақтарды дәлел ретінде пайдаланбады не оларды айтып беру кезінде қателер жіберді.
Теория негізінде білімін қолдануда, нақты құбылыстарды түсіндіруде, немесе теорияны іс жүзінде пайдаланудың нақты мысалдарын растауда қиналады.
Мұғалімнің сұрақтарына берген жауабы толық емес (кейде негізгісін де жіберіп алады), не оқулық мәтінін айтады, бірақ осы мәтіндегі маңызды мәні бар жекелеген қағидаларды түсінуі жеткіліксіз.
Оқулық мәтінін (жазбаларды, түпнұсқаларды) айтуда жекелеген қағидалар, үзінділіер, цитаталарды дұрыс түсінбегенін байқатады, не болмаса мұғалімнің сұрағына бір-екі дөрекі қате жіберіп, толық жауап бере алмайды.
Осылайша, «3» (қанағаттанарлық) бағасы негізінен оқу бағдарламасының талаптарына сәйкес, бірақ, кемшіліктер мен қателері бар жауап үшін қойылады. Оқушы өз жауабына сенімді емес, жауап беріп тұрып үзіліс жасай береді, қосымша сұрақтарға жауап бермейді, материалды нашар игерген.
«2» (қанағаттанусыз) бағасы қойылады, егер оқушы:
Материал мазмұнын игермеген және оны ашып бере алмайды; қорытындылау мен жинақтау жасай алмайды.
Қойылған сұрақтар шегінде бағдарламалық материалдың маңызды немесе негізгі бөлігін білмейді және түсінбейді, не нашар қалыптасқан білімі толық емес, оларды нақты мәселелерді шешуде қолдана алмайды.
Жауап бергенде (бір ғана сұраққа) екеуден артық дөрекі қате жібереді, оларын мұғалімнің көмегімен де түзете алмайды.
Қойылған сұрақтардың ешбіріне де жауап бере алмайды.
Материал толықтай игерілмеген.
Осылайша «2» (қанағаттандырылмаған) бағасы маңызды кемшіліктер және қателіктері үшін қойылады.
Сондай-ақ «2» бағасы тақырып бойынша оқушының еш себепсіз жауап беруден бас тартуында немесе тақырыптың негізгі қағидаларын толық білмегендігі кезінде қойылады.
Оқушылардың білімі, икемі және дағдысын бағалауда барлық қателерді есепке алу қажет:
негізгі түсініктер, заңдар, ережелер, негізгі қағидалардың анықтамаларын білмеу;
жауабында ең бастысын бөліп айта алмау;
білімін проблемалық міндеттерді шешу және құбылыстарды түсіндіруде қолдана алмау;
тұжырымдау мен жинақтауды жасай алмау;
ақпаратты (деректер, білімдер) айтуды, түсіндіруді, қолдануды, талдауды, жинақтауды, түпнұсқалар, оқулықтар және анықтама материалдары мен мазмұнын бағалауды жасай алмауы.
Бағалау критериилері
№
|
критерилер
|
балдар
|
1
|
Жалпы білім деңгейі
|
1 балл
|
2
|
Нақты мәселелерді білу және тарихи дерекөздерді пайдалану
|
5 балл
|
3
|
Логикалық және аналитикалық ойлауы және айту стилінің кұрылымы
|
2 балл
|
4
|
Тарихи білімді ашып айту бойынша білік дағдылары
|
1 балл
|
5
|
Ойын қорытындылай білу қабілеті
|
1 балл
|
Ескертулер: 3-сұрақтың әр қайсысына берілген жауаптары 10 (он) балмен бағаланады. 3 сұрақ үшін жалпы балл жиынтығы 30 балды құрайды.
Алған балдарын бес балдық шәкілмен есептеу шкаласы төменде берілген
Есептеу шәкілі
Бес балдық шәкілі
бойынша бағасы
|
«2»
|
«3»
|
«4»
|
«5»
|
Жалпы балл
|
0-4
|
5-16
|
17-14
|
25-30
|
Емтиханның ұзақтығы сыныптағы оқушылардың санына байланысты. Түлекке - Билет бойынша жауапқа дайындыққа 20 минут беріледі.
Емтиханда заманауи техникалық құралдарды пайдалануға тыйым салынады. Барлық қосымша материалдарды (карталар. сызбалар. кестелер және т.б.) мұғалім дайындайды.
Қателердің жалпы классификациясы
Аса ірі емес қателерге мыналар жатады:
1. анықталатын түсініктің негізгі нышандары толық қамтылмағандықтан пайда болған ой тұжырымының, анықтамалардың, түсініктер, заңдар теориялардың дәл болмауы немесе осы нышандардың 1 – 2-н екінші дәрежелі нышанмен айырбастауы;
2. ауызша жауаптың ой елегінен жеткіліксіз өткізілген жоспары (логикасының бұзылуы, жекелеген негізгі фактілерді екінші дәрежелілермен ауыстырып алу);
Бағаның төмендеуіне ықпал ететін қателер мен кемшіліктердің классификациясы
Қателер:
теорияның негізгі түсініктерін, заңдарын, ережелерін, негізгі қағидаларын білмеу, тақырыптар, жалпы қабылданған фактілер, субъектілер, үрдістер, оқиғаларды (құбылыстар, үдерістерді) білмеу;
жерлердің, өңірлердің атауларын, терминдерін, мағыналарын, топонимикалық атауларды, тарихи оқиғаларды білмеу;
жауабында ең бастысын бөліп айта алмау;
білімін проблемалық міндеттерді шешу және құбылыстарды (оқиғаларды, үрдістерді) түсіндіруде қолдана алмау;
тұжырымдау мен жинақтауды жасай алмау;
таблицалармен жұмыс жасай алмау, құрастыра білмеу, графиктер және принципиалды схемаларды құра алмау;
түпнұсқалар, оқулықтар және анықтама материалдарының мазмұнын айтуды, түсіндіруді, қолдануды, талдауды, жинақтауды, бағалауды жасай алмауы.
Тарихи картамен жұмыс жасай алмауы
Қазақстан тарихы оқиғаларының хронологиялық ретін, негізгі және маңызды күндерді, хронологиясын білмеуі
Қазақстан тарихының көрнекті тұлғаларын, субъектілерін, олардың жетістіктерін, Қазақстан тарихындағы негізгі еңбектері мен рөлін білмеу
Себеп-салдарлы байланыстарды таба алмау, негізгі өзгерістерді талдай алмау, себептерін түсіндіруді, баға беруді, үрдісті ашуды, сипаттама беруді, салыстыру, сипаттау, дәлелдеуді жасай алмауы
Негізгі оқиғалардың (құбылыстар, үдерістердің) мәнін, маңызын, рөлін, мақсаттарын білмеу
Өз пікірін логикалық тұрғыдан жүйелі және түсінікті айта алмау
Қазақстан тарихының негізгі тарихи мәселелерін білмеу
Қазақстан аумағындағы мемлекеттіліктің тууы, орнығуы және дамуы туралы білмеу
Қазақ халқының материалдық және рухани мұрасы туралы, оның дамуының өзіндік ерекшеліктері туралы білмеу
Түсініктің қате анықтамасы, түсініктің маңызды сипатын маңызы аз сипатпен алмастыру;
Маңызды болып тұрған жағдайда нысанды (құбылысты, үдерісті) сипаттаудағы бірізділіктің бұзылуы;
Бір не басқа оқиғаның (құбылыстың, үдерістің) себебін, заңдылығын, салдарын, тарихи маңызын, өту жағдайын дұрыс ашпау (әңгіме-ойтолғау үстінде);
Оқиғаларды (құбылыстар, үдерістерді) немесе субъектілерді (тұлғаларды) салыстыру, оларды маңызды нысандары бойынша топтарға классификациялаудағы қателер;
Нақты материалды білмеу, айтылған пайымын, ой-пікірін растайтын дербес мысалдар, дәлелдер келтіре алмау;
Сурет, схема салу икемінің болмауы, таблицаны дұрыс толтырмауы; өз жауабын схема, сурет, таблица, иллюстрациялық материал, түпнұсқамен растай алмауы;
Картада және нобайда бағдар ұстай алмауы, оқытылған нысандарды (табиғи және тарихи) дұрыс көрсетуде қиналуы.
Кемшіліктер:
Оқиғаны (құбылысты, үдерісті) суреттеуде оның маңызды емес нышандарының басым болуы;
суреттер, схемалар, таблицалар орындауда жұмыс нәтижесіне теріс ықпал етпейтін дәлсіздіктер; белгілер және қолдардың болмауы;
қате түпкі нәтижеге әкелмейтін, жауап беру кезіндегі бірізділіктің жекелеп бұзылуы;
нысанды картадан табудағы дәлсіздіктер.
Оқушылар үшін картамен жұмыс бойынша Ережелер
Өздерің таңдаған шартты белгілердің көмегімен тапсырманы орындаңдар, шартты белгілерді картаның түсіндірме сөздеріне бейнелеңдер. Географиялық және тарихи нысандар – қалалар мен кенттердің атауларын дұрыс жазыңдар; өзендердің атауы ағысы бойына жазылады: бастауынан құйылуына қарай, жазу басқа белгілердің сұлбасын жауып қалмауы керек; жазуды мүмкіндігінше ұсақ, бірақ анық етіп жазыңдар.
Картаны артық жүктеп жібермес үшін ұсақ нысандар сандармен белгіленіп, артынан карта нобайының сыртында оларға түсінік берілуі тиіс («шартты белгілер» графасында).
Картаға тарихи нысандарды-өзен жүйелері, жаға сызығын және мемлекеттік шекараларды бейнелеуде градустық торды пайдаланыңыз (бұл бағдар және ыңғайлылыққа, сондай-ақ нысандарды дұрыс енгізуге қажет).
Өздеріңізге берілген тапсырмаларды дәл орындау керек («артық ақпарат» енгізуден сақтаныңдар: жұмысқа артық ақпарат еніп кеткенде берілген тапсырманы дұрыс рәсімдегені үшін қойылатын баға бір баллға төмендеуі мүмкін)
Нысандардың географиялық және тарихи атаулары бас әріптен жазылсын. Жұмыс грамматикалық қатесіз ұқыпты орындалуы тиіс (салақ және грамматикалық қателермен орындалған жұмыс бағаны бір баллға төмендетуі мүмкін).
- Билеттегі кескін картамен жұмысты бағалау критерийлері
Карта бойынша тапсырманы дәл және дұрыс орындауы
Картаға нысандар мен жазбаларды дәл және ұқыпты енгізуі
Жұмысында шартты белгілердің және олардың түсініктемесінің болуы (карта аңызы)
Картамен жұмыс жасау ережесін сақтауы (бояуда бәсең түстерді пайдалануы, бояу тек түрлі-түсті қарындаштармен жүргізілуі)
Сөйлеу және грамматикалық қателердің болмауы.
Тарих картасымен жұмысты бағалау критерийлері
Картаның оқу алгоритмін сақтай білуі
Карта бетінде географиялық бағдарларды дәл табуы және оны көрсете білуі
Картадағы шартты ақпаратты мәтіндік ақпаратқа түрлендіре білуі
Атауды, мерзімді, шартты белгілерді жауаптың үш бөлімді құрылымын сақтау үшін пайдалана білуі (кіріспе (атауы, бейненің салынған күні) – негізгі бөлім (картадағы ақпараттың сипаты немесе карта бойынша сұрақтарға жауап) – қорытынды)
Сөйлеу сауаттылығы.
Картамен жұмыс бойынша ұсынымдар
Дегенмен, бастауыш кезеңнің өзінде-ақ, тарих және кескін карта секілді оқытудың дәстүрлі «аспаптарын» пайдалана отырып, оқушыны ақпарат алу, түсіндіру, түрлендіру және пайдалануға үйрету мүмкін. Бұл «аспапты» дұрыс пайдаланса, мұғалім заманауи білім беру жүйесінің алдында тұрған көптеген проблемаларды шеше алады:
Оқытудың репродуктивті деңгейінен продуктивті деңгейіне көшіру проблемасы
Ақпараттың тек бір пәндік сипаты және қалыптастырылатын икемділік пен дағды проблемасы
Оқушыны оқыту мен әлеуметтендіру арасындағы байланыс жоқтығының проблемасы.
Төмендегі таблицада кескін картамен жұмыс үшін берілетін тапсырмалардың мысалдары келтірілген. Сол жақ бағанда Қазақстан тарихы бойынша кескін карталардағы дәстүрлі тапсырмалар көрсетілген. Бұл тапсырмалар оқушыға атластан кескін картаға механикалық түрде көшіруді ұсынады. Оң жақта, мақсаты талдау, салыстыру, синтез сынды ойлау операциясы арқасында өз бетінше ақпарат алу болып табылатын, кескін карта тапсырмасының түрлендірілген нұсқасы берілген. Жұмыстың қорытындысы ақпараттағы қайшылыққа дербес жетіп, сол қайшылықты түсіндіріп беруге талаптану болып табылады
«Кескін картамен жұмыс үшін берілетін тапсырмалардың мысалдары» таблицасы
Репродуктивті деңгей (ақпаратты айту)
|
Продуктивті деңгей (талдау, салыстыру, синтез сынды ойлау операциясы арқасында өз бетінше ақпарат алу)
|
1. Кейінгі ортағасырлық Қазақстандағы жер өңдеудің негізгі аудандарын көрсетіңдер;
2. Қазақ хандығының астаналарын жазыңдар;
3. Қазақстан аумағындағы ортағасырлық сәулет ескерткіштері ауданын белгілеңдер;
4. Қазақ хандығының XV ғасырдағы және XVI ғасырдың басындағы шекарасын көрсетіңдер.
|
1. Қазақстандағы жер өңдеуге неғұрлым қолайлы аумақтарды бөліп көрсетіңдер (табиғи қолайлы аумақтар мен қолдан жасалған жағдайлы аумақтарды түс (бояу) көмегімен бөліп көрсет);
2. Қазақстанның аумағын жер өңдеумен шұғылдануға қолайлы және қолайлы емес аймақтарға бөліп көрсетіңдер (бұлай бөлуді көрсету үшін көмектесетін шартты белгілер ойлап тап);
3. Оңтүстік Қазақстан жерінде жер өңдеумен шұғылдануға неғұрлым қолайлы аудандарды көрсетіңдер; Өз таңдауларыңды негіздеңдер;
4. Картада Қазақ хандығы мемлекетінің
ХV ғасырдағы және XVI ғасырдың басындағы аумағын көрсетіңдер. Қазақ хандарының неліктен Сырдария өңіріне биліктерін бекітуге ұмтылғанын анықтаңдар. Сырдария өңірін билеу құқығы үшін ХV ғасырда және XVI ғасырдың
басында қандай династиялар әскери қақтығысқа түсті?
|
Осындай тәсіл қолданғанда оқушы пән туралы білім алып қана қоймай, оны алу және пайдалануға да үйренеді. Тарих сабақтарын карта, схема, таблицаларды оқу алгоритмін өңдеу көмегімен пән туралы білімдерін тереңдетуде түсіну, талдау және пайдаланумен араластыра отырып жүргізу қажет.
Тарих картасын оқу алгоритмі
Картаның атауын оқы (онда картада бейнеленген аумақ және оның қай кезеңге жататындығы туралы ақпарат бар);
Картаның атымен таныс (бұл саған картадағы ақпаратты оқуға мүмкіндік беретін шартты белгілер);
Картадағы ақпаратты оқуда ең ірі нысандардан баста, содан ұсақтарға қарай жылжи бер:
а) аумақтың табиғи – климаттық белгілерін айқында (әлемнің қай бөлігінде, қандай көлдері (теңіздері) бар;
б) мемлекеттің белгілерін анықта (шекара, астана, көрші мемлекеттері);
в) картада бейнеленген адамның тіршілік белгісін анықта (ол әскери жорықтар, сауда жолдары болуы мүмкін).
Картада қозғалыс көрсеткіш оқпен белгіленетіні есіңе сақта.
Ақпарат «алу» тәсілдерінің бірі бірнеше картадағы ақпараттарды салыстыру болуы да мүмкін.
Қала орнын таңдаудағы басты айырмашылық неде? Ол немен байланысты?
Қала қайдан басталып, қалай өседі?
Ортағасырлық Қазақстан қалалары формасының ерекшеліктерін ата.
Сондай-ақ мұғалімнің кескін картасындағы жұмысты бағалайтын дәл критерийлер мен картадағы шартты ақпаратты мәтіндік ақпаратқа түрлендіру критерийлеріне назар аудару маңызды.
Критерийлер пәндік икемділік пен дағдылардан басқа жалпы білім беру икемділіктері мен дағдыларын қалыптастыруға да мүмкіндік береді.
Критерийлерде 5 балл болады (дәстүрлі мектептік баға шкаласы).
Бір критерий бір баллға сәйкес.
1 - Билет
1. Неолит дәуірі және оның ерекшеліктері.
2. Мұхаммед Хайдар Дулатидің өмірі мен шығармашылығына сипаттама жасаңыз.
3. Кестені толтырыңыз.
1992 жылы Қазақстанда болған негізгі 6 оқиғаны атаңыз:
|
1992 ж. 2-наурыз
|
|
1992 ж. 7- мамыр
|
|
1992 ж. 8-шілде
|
|
1992 ж. 4-маусым
|
|
1992 жылы желтоқсан
|
|
1992 ж. 2-шілде
|
|
Жауаптары:
1. Неолит дәуірі және оның ерекшеліктері.
Жаңа тас ғасырындағы адамдар бұрынғы адамдардан барлық жағынан жоғары тұрды. Олар мата тоқып, киім тігуді үйренді. Керамикалық ыдыстарға өрнектер сала білді. Неолиттің тұрақ-қоныстары Қазақстанда көптеп кездеседі. Жаңа тас ғасырындағы аңшылардың негізгі аулайтын аңы аша тұяқты, жайылымын жиі өзгертіп отыратын аңдар болды. Неолит заманының аңшылары аңдарын соңынан жылжып-көшіп отырған, сондықтан көпшілік мекен жайлары уақытша болған және терімшілікпен айналасқан. Неолит заманының табиғи-климаттық жағдайы бүгінгі күнгіге ұқсас болды. Қазақстан жері мен көрші аймақтарда неолит дәуірінде егіншілік пен мал шаруашылығы қалыптаса бастады. Бұрыңғы заманда күнкөрістің көзі терімшілік пен аңшылық болған. Бұл екеуі де табиғаттың дайын байлығын пайдаланумен шектелді. Садақты ойлап тапқаннан кейін, жебенің қолмен лақтырған найзаға қарағанда әрі алысқа ұшатынына, әрі дәл тиетініне көздері жетті. Таяққа бекітетін қашау балтаға айналды, оның соққысы жай тастан гөрі күштірек болды. Неолит тұрғындары шыбықтан шарбақ тоқуды меңгерді, өру мен тоқу ісімен шұғылданды. Еңбек құралының дамуы адамзатты терімшілікпен аңшылықтан егіншілік пен мал шаруашылығына алып келді. Адамдар табиғат сыйына тәуелділіктен құтылды.Олар өмір сүруге қажетті азық-түлікті өздері өндірді. Неолитте адамзат қоғамының даму қарқыны артты. Адамдар жер өңдеудің қарапайым түрімен айналысты, жабайы жануарларды қолға үйретті. Кен кәсібі және тоқымшылықпен айналыса бастады.
2.Мұхаммед Хайдар Дулатидің өмірі мен шығармашылығына сипаттама жасаңыз.
Дулати Хұсайынұлы Мұхаммед Хайдар (1499-1551) әйгілі тарихшы, әдебиетші, Моғолстан мен оған іргелес елдердің тарихы жөнінде аса құнды деректер беретін «Тарихи Рашиди» кітабы мен «Жаханнама» дастанының авторы, Жетісу жеріндегі ежелгі Дулат тайпасы әмірлерінің ұрпағы. Оның толық аты-жөні – Дулат Мұхаммед Хұсайынұлы Мырза Мұхаммед Хайдар. Мұндағы «Мұхаммед Хайдар» - өз аты, «Мұхаммед Хұсайын» - әкесінің аты, «мырза» - текті әулеттің тұқымы екенін білдіретін атау (хан балаларының ханзада, сұлтан аталатыны секілді), «дулат» - шыққан тайпасының аты. Мұхаммед Хайдардың ата-бабалары кезінде Моғолстан мемлекетінің құрамына енген қазіргі Оңтүстік-Шығыс Қазақстан, Қырғызстан және Шығыс Түркістан жерлерінде ұлысбегі, тархан қызметтерін атқарған, өздерінің мұрагерлік иеліктері – Маңлай-Сүбені дербес басқарған. Өз әкесі Мұхаммед Хұсайын Моғолстанның Жүніс ханының күйеу баласы, Ташкентті билеген. Анасы Хуб-Нигар ханым – Жүніс ханның қызы. Бұл ретте Мұхаммед Хайдар Моғолстанның Сұлтан Саид ханмен және Үндістандағы баласы Ұлы Моғолдар әулетінің негізін қалаушы Захираддин Мұхаммед Бабырмен бөле. Әкесі өлгеннен кейін Мұхаммед Хайдар біраз уақыт осы Бабырдың қолында тұрады. Содан кейін Бабырдың рұқсатымен Сұлтан Саид ханға келіп, оның Қашқардағы сарайында тұрып, сарай қызметін басқарады. Саид ханның Әбубәкірге қарсы соғыстарына қатысады. Жан-жақты білімді, сарай қызметін жетік білетін адам ретінде ханның мұрагер баласы Әбу ар-Рашид сұлтанның тәрбиешісі болады.Сұлтан Саид өлгеннен кейін таққа отырған Рашид дулат тайпасының басшыларынан қауіптеніп, оларды қуғындай бастайды. Мұхаммед Хайдардың немере ағасы – Саид Мұхаммедті өлтіреді. Осыдан кейін өз басына қауіп бұлты үйіріліп келе жатқанын сезген Мұхаммед Хайдар Үндістанға қашады. Ол мұнда ұлы Моғолдар сарайында әскербасы болып, Кашмирді жаулап алу соғысына қатысады. Жаулап алғаннан кейін Ұлы Моғолдар атынан біраз уақыт Кашмирді билеп тұрады. Ол осында өзінің атақты еңбегі «Тарихи Рашидиді» жазуға кіріседі.
3. Кестені толтырыңыз.
1992 жылы Қазақстанда болған негізгі 6 оқиғаны атаңыз:
|
1992ж. 2-наурыз - Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болды
|
1992 ж. 7- мамыр –Президент жарлығымен Қорғаныс Комитеті ҚР Қорғаныс Министрлігі болып қайта құрылды. Тұңғыш қорғаныс министрі – генерал-лейтенант Сағадат Нұрмағанбетов
|
1992ж. 8-шілде – Қазақстан республикасы ЕҚЫҰ (Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына мүше болып, ЕҚЫҰ қорытынды актісіне қол қойды
|
1992 ж. 4-маусым – Тәуелсіз Қазақстанның Елтаңбасы мен Туы қабылданды. 11-желтоқсанда – Әнұранның мәтіні бекітілді.
|
1992 жылы желтоқсан– ҚР Қарулы күштері құрылды. «Қазақстан Республикасы қорғанысы мен Қарулы күштері туралы» Заңдар қабылданды.
|
1992 ж. 2-шілде «Қазақстан республикасының Конституциялық сотын сайлау туралы» ҚР Жоғары Кеңесінің қаулысы шықты. Қазақстанда да үш тармақты билік пен басқару жүйесінің негізі қаланды
|
2 - Билет
1. Мыс-тас дәуірі
2. Қ.А.Йасауидің түркі әлемінде алатын орны мен рөліне талдау жасаңыз.
3. Қазақстанның 1920 жылдардан бастап болған астаналарын карта бойынша көрсетіңіз және болған жылдарын анықтаңыз
Достарыңызбен бөлісу: |