Жетісудағы 1860 жылғы әскери іс қимылдар
Қоқан-орыс әскерлерінің арасындағы ірі шайқас 1860 жылы 19-21 қазанда Ұзынағаш түбінде және Қарақастек өзені бойында өтті. Үш күнге созылған соғыс тарихта «Ұзынағаш шайқасы» деген атпен қалды.
Бұл шайқасқа патша әскерлері қатты әзірленді. 1860 жылдың 18 қазанында Қастекте 4 рота, 4 казак жүздігі, 3 ауыр зеңбірек, 4 жеңіл зеңбірек, Саурық қорғанында 1 рота және ракетті станок, Ұзынағашта 1 рота 1 казак жүздігі және 2 жеңіл зеңбірек, Қаскелеңде казактардың ½ жүздігі, Алматыда 2 рота және казактардың 1 ½ жүздігі, Іле бекінісінде 1 рота 1 казак жүздігі және 2 зеңбірек болған. Шайқас кезінде орыс артиллериясын штабс-капитан Обух, басқарса, ракеталық станоктар поручик Вроченскийге тапсырылады. Ал майор Экеблад Қастектегі алдыңғы отрядқа басшылық жасады. Бұдан басқа орыс әскерлерін подпоручик Курковский, есаул Бутаков, поручик Соболев, хорунжий Ростовцев, подпоручик Сярковский, Шанявский, есаул Усов, сотник Жеребятев, подполковник Шайтанов және тағы басқалар жетекшілік етті. Бұлардың көбі орыс әскерінің тәжірибелі офицерлері болатын. Полдковник Колпаковскийдің басқаруымен Ұзынағаш шайқасына 4 зеңбірегі және 2 ракеталық станогы бар 3 рота жаяу әскер, 400 казак, барлығы 799 адам қатысады.
Ал Қанағатшаh басқарған қоқандық әскердің саны қанша болғаны туралы әртүрлі мәлімет бар. В.Е. Недзвецкий 12 мың қоқандық, 10 мыңдай қазақ, барлығы 22 мың әскер Қанағатшаhқа бағынды, 2 мыңы бөлек қимылдады десе, І. Жансүгіров дулаттар 1000-нан аса жігіт көмек берді деген мәлімет келтіреді. Ал осы соғыстың кейбір куәгерлерінің куәлендірілуі бойынша қоқандықтар әскерінің жалпы саны 22 мың болды, оның 1000-ға жуығы жаяу әскерден тұратын жалдамалы әскер болды. Мысалы П. Пичугин өзінің жинаған барлық куәлендірілген мәліметтерін таразылап және олардың үлкен күшін негізге ала отырып, бізбен ашық соғысқа шыққан барлық жауларымыздың жалпы саны 22000 адамға дейін жеткен. Олардың жиырма мыңы тікелей қоқандық әскердің бас қолбасшысына бағынды, ал екі мыңы жеке және бөлек қимылдады деген қорытындыға келген.
Ұзынағаш түбіндегі шайқас барысында патша әскері жасырынып жатып, ал қоқандық жасақтар аттың үстінде жүріп соғысқан. Сондықтан да орыс әскерінің артилериясы шайқаста шешуші рөл атқарған болатын. Осы шайқасқа қатысқан қазақтар жанкешті ерлік көрсетті. Қазақ-қырғыз қолын Сыпатай батыр, Сыздық төре, Керім батыр, Диқанбай батыр, Қырбас батыр, Сұраншы батыр, Байсейіт батыр, Шаян батыр, Арыстан батыр, Ақмолда батыр, Жантай манап, Байзақ, Батырбек, Момынбек, Қожабек датқалар бастап шығады. П. Пичугин қырғыздардың атты әскері 3000-дай адам болды, солто руын Іледен қуылған біздің дұшпанымыз – Тойшыбектің ұлы Байсейіт бастап келді деп көрсетеді. Бұл мәлімет ботбайдың батыры Байсейіттің Ұзынағаш шайқасына қазақтармен бірге қырғыз жігіттеріне де қолбасшылық жасағанын аңғартады.
Ұзынағаш шайқасында қоқандықтар жағында шайқасқан әскерлердің шығыны туралы әр түрлі мәлімет бар. П. Пичугин қоқандықтардан 400 адам оққа ұшып, 600-і жараланды, ал орыстар жағынан 2 адам өліп 32-і (арасында подполковник Колпаковский мен подпоручик Сярковский бар) жараланды деп көрсетеді.
Ұзынағаш шайқасы аяқталғаннан кейін Колпаковский үкімет орындарына қазақтарға қатысты былайша мәлімет берген болатын: «1860 жылдың қазанында қоқандықтар үндеу хаттар арқылы орыстарға қарсы бүкіл Орданы (біздің батыс жағымызда көшіп жүрген) қарсы қоя білді, шапыраштыдан прапорщик Сұраншы және Андас, ботбайдан белгілі би, прапорщик Диқанбай, қасқараулық қазақ батыры Шаян, қасқараулық би Керім және басқа да ықпалды адамдар қоқандықтар жағында шайқасты».
Қоқан-орыс әскерлерінің арасындағы үш күнге созылған кескілескен шайқас қоқандықтардың жеңілісімен аяқталады. 1872 жылы П. Пичугин Ұзынағаш шайқасына қатысты мынандай баға берді: «Қоқандықтар бұл шайқаста біржола жеңілген жоқ, тек олардың алғашқы аптығы басылды, көп шығыннан кейін қайта шабуылға шығуға батпады да, шегіну арқылы өздерінің жеңлігендігін білдірді». Осылайша Жетісу өлкесінде 1860 жылдан бастап орыс ықпалы біржола орнады.
Достарыңызбен бөлісу: |