2. Қарастырылып отырған кезеңдегі қазақ қоғамы өзара тығыз және
мағыналы байланыста болған әулеттік топтар мен қоғамдық топтардың
иерархиялық ұйымдастырылған әлеуметтік құрылымы түрінде қалыптасқан.
Атап айтқанда, олардың бірі – экономикалық емес, саяси және құқықтық
белгілері бойынша көбірек ажыратылатын – «ақсүйек» және «қара сүйек» -
екі негізгі әлеуметтік топтарға бөлінуі. Ру-тайпалық иерархия
(стратификация) қоғамдық құрылыстың негізін салушы принципі болып
табылады. Осыған сәйкес әр жеке «қара сүйек» өкілінің қоғамдық жағдайы
оның руы мен тайпасының артықшылық дәрежесімен анықталған. Үш жүздің
– Ұлы жүз, Орта жүз және Кіші жүздің орын алуы – қазақтар бірлестігін өте
қатаң тәртіптелуіне әкелді. Барлық рәсім мен салтанаттарда үлкендік тәртібі
қатаң сақталған.
Адам тек ру бөлігі ретінде ғана мағынасы болған және тек ру заңды
бірлік болып табылған. Қара сүйек әлеуметтік тобынан тек «билер» - рулар
мен тайпалар басшылары ғана ерекше саяси құқықтарға ие болған. Билер
ықпалы олар басқаратын рулардың күшімен, сонымен қатар, шығу тегінің
көнелігімен және үлкендігімен анықталған. Өздері билік ететін рулар
шегінде билерге сот, әкімшілік және әскери билік тиесілі болған. Билер,
сұлтандармен қатар жалпы мемлекеттік мәселелер шешілетін жыл сайын
өткізілетін «құрылтайларға» қатысқан. Ең беделді ру басшылары хан
жанындағы «билер кеңесіне» кірген. Билер, Шыңғысшыларға қарама-қарсы
қара сүйектер әлеуметтік тобының элитасын құраған. Кей жағдайда хан
билігі дала аристократиясының өкілдеріне (билерге), жеке әрі ең беделдісіне,
сондай-ақ, барлығына бірге тәуелді болған.
Тарихи-этнографиялық материал жетіспеушілігі билік жүргізу
жүйесінің болмысы немесе қазақ қоғамының әлеуметтік-саяси
ұйымдастырылу формалары туралы тақырыптарды толық көлемде баяндау
мүмкіндігін бермейді. Егер ХV-ХVІ ғасырларда басында сұлтандар тұрған
ұлыстық жүйе орын алғандығын, ал жүздер басында – билер тұрғандығын
ескерсек (ХVІІ-ХVІІІ басы), онда Қазақ хандығында әлеуметтік-саяси
ұйымның екі формасы болғандығын көреміз. Осыған сәйкес ұлыстар мен
Қазақстан тарихы (он бес дәріс)
жүздер бір-бірімен бір уақытта орын алған ба, жоқ әлде бұл формалардың
бірі екіншісінің тарихи алдында орын алған ба деген сұрақ туындайды. Егер
олай болса, онда көшпелі қазақ қоғамында республикалық құрылыстың
рәсімделуі туралы сеніммен айтуға болады. Қазақ хандығының аймақтық
шектелуі және Қасым, Есім және Тәуке ханның Жеті Жарғы заңдарымен
саяси негізделуі, көшпенді тайпалар бірлестігі бола тұра, өз құрамына
қалалық және отырықшылық-егіншілік мәдениеттің көне орталықтары бар
аймақтарын енгізген. Қазақ хандығы қоршаған дала халқы үшін
шаруашылық және мәдени өзіне тартудың белгілі аймақтарын құрды.
Аталған факторлар жаңа жерге орналасу, шаруашылық жасау және тұрмыс
жүргізудің ауылдық жүйесін қалыптастырды. Жаңа аймақтық-рулық
байланыстар басқа реттеушілерді талап етті, бұл реттеушілер – билер,
«ұлттық аристократия», құра сүйек әлеуметтік тобының элитасы болды.
Көпғасырлық халық құқығын түсіндіріп бере алатындықтары үшін
құрметтелетін билер, далада номадтарға тән әлем құрылғысын сақтап қалуға
мүмкіндік беретін. Дәл осы билер төңірегінде оларды шаруашылық және
мәдени бірлестікке түрлендіретін генеалогиялық және иерархиялық өзара
қатынастар бекітілетін ру аралық және аймақ ішілік байланыстар құрылымы
қалыптаса бастады. Жоғарғы әскери-саяси басқарумен байланысты әкімшілік
құрылымның генеалогиялық және иерархиялық қарым-қатынастар
орнатылуына сәйкес терминмен белгілеу қажет болды. Мұндай термин
ретінде басында билер тұрған жүз пайдаланылды. Әкімшілік-құрылымдық
қайта құру бұл биліктің саяси түрін республикалық құрылыс етіп қайта құру
және ұлыстық негіздерде сұлтандар сепаратизмінің көріністерін жою үшін
әлеуметтік-саяси ұйымдастырудың екілік формасын рәсімдеу болып
табылды. Бірақ ХVІІІ ғасыр оқиғалары сұлтандардың бұл әлеуметтік-саяси
ұйымда өз орындарын тез табуына әкеліп соқтырды. ХVІІІ ғасырдан бастап
сұлтандар үш жүздің толық билеушілері болмаса да, билеуші басшы топ
болды. Бұл олардың саяси жекеленуіне әкелді.
3. Қазақ Хандығының құрылуының тарихи алғышарттарын Алтын Орда
ханы Бердібекпен байланыстырған жөн болар. Ол Жошы отбасынан тараған
Батый ұрпақтарында тартыс тудырды. 1359 жылы Ұлық Ұлыстың (Алтын
Орда) билеушісі Бердібек қайтыс болғаннан кейін, Жошы ұлы Батый
әулетінен ұрпақ қалмады. Осының салдарынан Ұлық Ұлыстың тағы үшін
ішкі тартыс басталды. Билік тағына күрес ішінде Орда Еженнің ұрпақтары
да қатысты. Осы бағытты ұстанып Ұлық Ұлысты біріктіру ниетімен
қозғалған Орыс ханның мақсатын Тоқтамыс қана жүзеге асырды. Ұлық
Ұлыстағы аласапыран оқиғасын пайдаланған Рязань және Литов княздіктері
шекара дауын шешпек болып, екеуі келісіп, Ұлық Ұлыстың территориясын
бөліске салуға ұмтылады. Мәскеу - Литовтардың қарамағында қалса,
Коломна, Владимир және Муром - Рязаньның қоластында қалады деп Рязань
және Литов княздіктері серттеседі. Мақсаттарын жүзеге асыру үшін Ұлық
Ұлыстың түменбасы Мамайды көмекке шақырады. Келіскен саяси жағдай,
Қазақстан тарихы (он бес дәріс)
«найзаның ұшымен» ғана шешілетін соғыс әрекетін тудырды. Ол соғыс
тарихта «Куликово шайқасы» атымен мәлім болды. Ал тарихта қалыптасқан
ой-пікір, оны «орыстар мен татарлар» арасындағы соғыс деп баяндап,
затындағы оқиғаны бұрмалап жіберді (көптеген себептермен кеңестік
тарихнама Еуразия кеңістігіндегі түркі-монғол дәуіріндегі гегемониялық
рөлін бұрмалады және ХХ ғасырдың басында пайда болған «пантюркизм»
теориясына қарсы жан-жақты идеямен қаруланған күрес жүргізді).
Шынында, бұл соғыс орыс пен орда арасындағы қайшылық емес еді.
Деректер мен оқиғаны талдаудан өткізген көрнекті ғалым Л.Н. Гумилевтің
сараптауы бойынша: «Мәскеу - Алтын Орданың заңды мұрагерлері
хандарына серттескен адалдығын бұзбады, Тоқтамыс бастаған легі ішінде
орыс әскерлері, еділ және сібір татарлары болды. Мамайдың әскері
поляктардан, қырымдықтардан және одақтасы Литва князі Ягайлодан
тұрды. «Куликово шайқасын» - татарлар мен орыс арасындағы қанды
шайқас болды деп санауға болмайды»,- деген түйін келтіреді. Шындығында,
Литов княздігі стратегиясын Ұлық Ұлысқа бағыттады, оны бөліске салып
гегемониялық рөлін тартып алу еді. Куликово шайқасы – Дмитрий Донской
бастаған Сібір және Еділ казактары мен Мамай басқарған Поляк және Литов
әскерлері арасындағы шекара дауын шешудегі соғыс болып табылады.
Бөліске салған коалиция арасындағы шайқастың орны болып Мәскеуді
таңдап алады. Бұл шайқаста Мамай ұтылып, Тоқтамыс жеңеді. Ал құрметтің
бәрін бұрмаланған тарих Ресейге тақты.
Алтын Орданы біріктірген Тоқтамыстың іс-әрекеті ұзаққа созылмады.
Темірдің жасаған үш жорығы Жошы ұлысын (Алтын Орданы) түбегейлі
шайқалтып жіберді. Қалалар қиратылды, керуен жолы бағытын өзгертті
(оңтүстіктегі Темірдің иеліктері арқылы өтетін болды), экономикалық
дағдарыс басталды. Осы соққыдан Алтын Орда айыға алмады, ХV ғасырдың
бірінші жартысында жеке-жеке хандықтарға ыдырап бөлініп кетті. Алтын
Орданың мұрагерлері ретінде – Қырым, Қазан, Астрахан және Өзбек
хандықтары құралса, ал оның соңында - Ноғай Ордасы, Қазақ, Сібір, Хиуа
хандықтары және Мәскеу (Орыс) мемлекеті құрылды.
Алтынордалық аумақта басталған күйзеліс пен сергелдең заманы екі
түстік (два полюса) орталықтарын жаратты: солтүстік орталығы Мәскеу
болса, оңтүстіктегі орталық Қырым Хандығы болды. Пайда болған екі
түстіктің күш-қуатына байланысты магнит тәрізді өзге хандықтардың
әулеттілерін қызметке шақырып отырды. Алтын Орданың өкілдеріне Мәскеу
мемлекеті Кашира, Серпухов, Звенгород, Юрьев-Подольский қалаларын
үлестірсе, Ноғай Ордасынан шыққандарға Романов, ал Қазақ, Сібір және
Қырым хандықтарынан шыққандарға Мещерский, Касимов қалаларын сыйға
тартты. Ал Мәскеу мемлекеті міндетті түрде олардан әскери қызметті өтеу
талабын қойды. Орыс мемлекетінің құрылымында атақты түрік мигранттары
(қоныс аударғандар) жоғары «чин» лауазымын алып отырды. Әскерімен
Қазақстан тарихы (он бес дәріс)
келген сұлтандардың қосыны «қазақ» деп аталды. Аталған жаппай қозғалыс
– осы кезеңге тән құбылыстың бірі еді.
Ұрым және тағы басқада әлемдік империялар сияқты түрік әлемі уақыт
сынағынан өтcе де, оның соңғы шарықтауы - Жошы әулеті құрған Ұлық
Ұлыс (Алтын Орда) болды. Мәдени өрісте этникалық тұтастанудың қалпын
сақтай алмай, қоршап тұрған отырықшы империялардың қарсы шабуылынан
торға түсіп, «бой көтеру» дәрменінен айырылып қалды. Айтылған себеп пен
салдар бір елдің түрлі халықтарға айырылып бөлшектеніп кетуіне ықпал
жасады. Осының нәтижесінде қазақтар, қырғыздар, өзбектер, татарлар,
қырым татарлары, түрікмендер, қарақалпақтар, ал 1881 жылы қытайға
қосылуға мәжбүр болған ұйғырлар мен т.б. түрік тектес халықтар пайда
болса да, құндылықтарын толық сақтап қалған дәстүрлі түсініктер ыдырау
өрісіне төтеп бере алды. Ортақ түріктік мұра дәстүрлері әрбір түркі тектес
халықтың дүниетанымында осы күнге дейін бейнеленеді. Сол себепті, ХVXVI
ғғ. дейінгі қалыптасқан дәстүрлер «Мұрасы», қандай да болмасын түрік
халқына ортақ мәдениеті болып саналатыны содан.
«Көшпелі өзбектер» мемлекеті деп аталатын Әбілқайыр Хандығы Дешті
Қыпшақтың даласында 1428-1468 жылдары үстемдік құрды. 1446 жылы
Сырдария өзенінің орта ағысы бойындағы Түркістан аймағын өзіне қаратып,
астанасын Батыс Сібірден Сығанақ қаласына көшіреді. 1449-1451ж.ж.
Мәуреннахрда болған саяси дағдарысты пайдаланып, таққа таласқан Темір
әулетінің бірі Әбу Саидты қолдап Самарқан тағына отырғызады. Дәл
осындай болған Ноғай Ордасындағы оқиғаны да тиімді пайдаланады. Бірақ
орнатылған саяси тұрақтылық ұзаққа бармады, ішкі өмірінде бөліну
ағымдары туындай бастады. Жошы әулетінен тараған Махмуд және Ахмед
сұлтандар оған қарсылық көрсетті. 1457 жылы Сығанақ қаласының түбінде
Әбілқайыр хан қалмақтардан (Үз Темір тайшы) жеңіліс табады. Ал ол өз
кезегінде Керей мен Жәнібек сұлтандардың бөлініп, Моғолстанда жеке
хандық құруына қолайлы жағдайлар жасады. Әбілқайыр хан өлгеннен кейін
де, ұрпақтарының арасында тақ үшін талас пайда болып, мемлекетінің
ыдырау процесін тездетті.
ХV ғ. 40-50 ж-да Моғолстанның ішкі және сыртқы саяси жағдайы
Әбілқайыр хандығымен салыстырғанда нашарлау болды. Мұхаммед Хайдар
Дулати Моғолстанның саяси өмірі туралы былай дейді: Есен Бұға хан өзінің
әмірлеріне дұрыс қарамады...Әрбір моғол әмірі өз қалаулары бойынша күн
кешті. Сыртқы саяси жағдайы да мәз болмады. Моғол-қалмақ қатынастары
көп жағдайда соғыс пен өзара жорықтармен шектеліп отырды.
Қалмақтардың тонаушылық сипаттағы жорықтары елді күйзеліске
ұшыратты. Сондықтан да Керей мен Жәнібек сұлтандардың Моғолстанға
келуіне Есен Бұға хан қарсылық білдірмейді, қайта олардың келгеніне қатты
қуанады.
ХV ғ. ортасында Мәуреннахрға шығыстан Есен Бұға хан қауіп төндірсе,
оңтүстік-батыстан Әзірбайжан мен Иранның солтүстігіндегі билеушісі Қара-
Қазақстан тарихы (он бес дәріс)
Қоюнлу әулетінің ұрпағы Жахан шах та, Ақсақ Темір ұрпақтарынан Хорасан
аймағын қайтарып алуды ойластырады. Бірақ Мәуреннахр билеушісі Әбу
Саид бұл қатерден оңай құтылады. Себепкер болған Есен Бұға ханның туған
ағасы Жүніс сұлтанның Хорасанда болуы еді. Міне, осы Жүніс сұлтанды Әбу
Саид хан Есен Бұға ханға қарсы қолданады, ал өзі Хорасаннан Жахан шахты
кетіруге барлық күшін жұмсайды. Жүніс сұлтанның Моғолстанға іргелес
орнығуына байланысты енді қауіп Есен Бұға ханға төнеді. Енді оған ең басты
қауіп қалмақтардан емес, әмірлердің бағынбаушылығынан емес, туған ағасы
Жүніс сұлтаннан төнеді. Дәл мұндай жағдай Керей мен Жәнібек
сұлтандардың Моғолстанға келуіне өте қолайлы болады. Керей мен Жәнібек
сұлтандардың Моғолстанға келуінен Есен Бұға хан да, екі сұлтан да
ұтылмайды. Есен Бұға хан өзінің хандық билігін қайтыс болғанша дейін
(1462 жыл) құрды, ал екі сұлтан болса жаңа мемлекеттің – Қазақ
Хандығының негізін қалады.
Жоғарыда айтылғандарды түйіндей келе және Моғолстан мемлекеті мен
Әбу Саид мемлекеттері арасындағы қарым-қатынастар Әбілқайыр
хандығының ішкі және сыртқы жағдайлары, олардың даму барысы, бәрі ХV
ғасырдың 50 жылдарының аяғында Қазақ хандығының құрылуына саяси
алғы шарттар әзірлейді. Керей мен Жәнібек сұлтандардың Моғолстанға
көшіп келуін баяндайтын мәліметтер екі шығармада ғана бар: Біріншісі –
Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди» еңбегі; Екіншісі - Махмуд
Ибн Уәлидің «Бахр ал-асрар фи манасиб ал-ахйар» еңбегі. Мұхаммед Хайдар
Дулати мен Махмуд Ибн Уәли мәліметтерінде Әбу Саид ханның Есен Бұға
ханға қарсы Жүніс сұлтанды қолдануы, не себепті Қазақ хандығының
Моғолстанның батыс бөлігінде пайда болғандығы, алғашқы қазақ ханы кім
болғандығы және «қазақ» атауы не үшін Керей мен Жәнібектің соңынан
ерген адамдарға қолданғандығы туралы фактілер көп кездеседі.
Қазақ хандығы ХV ғасырдың ортасынан ХVІІІ ғасырдың басына дейін
біртұтас мемлекет болып, Дешті Қыпшақ пен Мәуреннахрдағы қуатты елдің
біріне айнала бастайды. Дәл осы дәуір Қазақ хандығының территориясы
жағынан кеңею, халқының саны жағынан өсу, мемлекеттілік тұрғыдан нығаю
кезеңі болды. Сонымен бірге, Қазақ хандығының нығаю процесінде ерекше
рөл атқарған тарихи тұлғалардың – Бұрындық, Қасым хандардың, Әдік,
Қамбар, Махмұт, Жиренше және басқада сұлтандардың іс-әрекеттері,
олардың қосқан үлестері мейлінше зор болды. ХV ғ. соңғы – ХVІ ғасырдың
алғашқы жылдары Дешті Қыпшақтың, Жетісудың және Мәуреннахрдың
саяси картасына елеулі өзгерістер енеді. Мәуреннахрдағы Ақсақ Темір
әулеттері билеген біртұтас мемлекет ХV ғасыр соңына таман үш тәуелсіз
иелікке бөлініп, өзара соғыстар нәтижесінде ХVІ ғасырдың алғашқы жылы-
ақ өмір сүруін тоқтатады. Сондай-ақ, Жетісу мен Шығыс Түркістандағы
Моғол хандығы ХV ғасырдың 90-жылдары екіге бөлініп, ХVІ ғасырдың
басында Моғол хандарының билігі Жетісуға жүрмейтін болды. Керісінше,
Қазақстан тарихы (он бес дәріс)
осы кезең, Қазақ хандығы үшін сәтті жылдар болып, ол - кеңейіп, нығая
түседі.
Керейден кейін ресми түрде қазақтың ханы Бұрындық болады. Жәнібек
хан әулеттері Жәнібектің үлгісімен Бұрындыққа бағынды. Бұрындық хан
билік еткен кезде қазақтардың саяси орталығы Сарайшық (Батыс Қазақстан)
қаласы болады. Ал Жәнібектің ұлдарының ұлысы Мәуреннахрмен шекаралас
территорияда болғандығын хабарлайтын мәлімет Исфаханидің «Михман
наме-й Бұхара» еңбегінде бар. Деректер, біріншіден - қазақ қоғамында
әкімшілік-территориялық ұйымының негізінде ұлыстық жүйе жатқандығын
көрсетсе; екіншіден – билеушілер арасында жасырын қайшылықтың
болғандығын байқатады, олар Бұрындық тобы және Жәнібек тобы. Шынайы
келгенде Бұрындық қарсы топтың күшеюінен сескеніп, оларға қарсы іс-
әрекеттер жүргізе бастайды. Бірақ та, Бұрындық ханның жоспары іске
аспайды, ХVІ ғ. басындағы оқиғаларда екі топтың арасы бірте-бірте ашылып,
нәтижесінде хандықтағы саяси билікке екінші топ өкілдері келеді.
Осы мәселені шешу үшін, Қазақ хандығының ХV ғасырдың соңындағы
территориясының Сыр бойы есебінен кеңеюіне тоқталайық. Түркістан
аймағы үшін болған 1490-1495 жылдардағы ұрыстардың негізгі
ауыртпалығын Жәнібектің ұлдары – Жиренше, Қамбар, Махмұт, Қасым,
Әдік сұлтандар көтереді. Бұл факт ХV ғасыр соңында Түркістан аймағы және
оған іргелес Дешті Қыпшақтың далалық жерлері Жәнібек хан ұрпақтарының
ұлысы болғандығын көрсетеді. Осыдан шығатын қорытынды мынадай
дәйекке келеді: біріншіден – Бұрындық осы соғысқа Жәнібек ұрпақтарын
тікелей қатыстыру арқылы қарсыластарын әлсірету еді; екіншіден - өзінің
болашақ тағын сақтап қалу. Бірақ бәрі керісінше болып шықты. Соғыстың
соңына таман Жәнібек хан ұлдарының әлсіремей, қайта күшейе түскендігі
байқалады. Олардың ұлысы кеңейіп, нәтижесінде: шаруашылық, әскери,
және саяси қуаты өседі. Бұрындық хан үшін бұл жағдайды өзгертудің бірден-
бір жолы Шайбани ханмен келісімге келу еді, кешегі «ата жауымен»
одақтасуға мәжбүр болады.
ХVІ ғасырдың басында оқиға күрт өзгереді. Шайбани хан Мәуреннахрда
билікке келеді, Моғолстан толық күйрейді. Сондай-ақ, Шайбани ханның
1504-1511 жылдардағы Қазақ хандығына қарсы жасаған төрт жорығында
Бұрындық хан дәрменсіздігін танытып, бірте-бірте саяси жолдан кете
бастайды. Ал екінші топ сол кездегі ішкі-сыртқы өміріне белсене араласып,
халық алдында үлкен беделге ие болады. Осы кезден бастап, Қазақ
хандығында Жәнібек ханның ұлдары билікке келіп, Қазақ хандығы құлағанға
дейін хандық құрады. Мұхаммед Хайдар Дулати өз еңбегінде Қасым ханның
билікке келуі туралы: «Оның қуатының өскендігі соншалық, Бұрындық
ханды қуып жіберді. Бұрындық хан Самарқанға кетіп, сол жақта қайтыс
болды», - деп баяндайды.
Қасым ханның билік құрған кезіндегі Қазақ хандығының қуаты мен
күші туралы мәліметтер алыс елдерге тарайды. Мәскеу патшалығында Қазақ
Қазақстан тарихы (он бес дәріс)
хандығы туралы материалдар жиналса, Иранда Қазақ хандығын 1512 жылғы
оқиғаларға байланысты «Қазақстан» деп атай бастайды. Сонымен, осы ішкі
саяси өмірдегі таластар Қазақ хандығының күшеюі мен нығаюын арттырып,
мемлекеттік тұрғыда әлемге танымал болды.
Қазақ хандығына жасаған жорықтан жеңіліп қайтқан Мұхаммед
Шайбани (1510), Иран шахы жасаған соғыста (Мерві түбіндегі Хорасандағы
шайқас) қаза болады. Әскерлері жеңіледі. Қасым хан (1511-1521) осы
оқиғаны ұтымды пайдаланып, Оңтүстік Қазақстанда билігін нығайта
бастайды. 1513 жылы Сайрам қаласын Қазақ хандығына қосып алады.
Қасым Моғолстанның ханы Сұлтан Саидпен достық қарым-қатынасын
жасасып тұрады. 1514 жылы Сұлтан Саид Қашқарияға кетіп сол жерде жаңа
мемлекетін құрады. Бұл қазақ ханының Жетісудағы билігінің нығая түсуіне
себеп болады. Батыста оның қол астына Ноғай Ордасының дағдарысын
бастарынан кешірген ру мен тайпалар топтары көшіп келеді. Сөйтіп,
хандықтың шекарасы оңтүстікте Сырдария алабын қамтыса, оңтүстік-
шығыстағы Жетісу жерінің біраз дені кіреді, Солтүстік және солтүстік-
шығыстағы Ұлытау өңірі мен Балқаш көлінен асып Қарқаралы тау
тарамдарына дейін жетсе, ал солтүстік-батыста Жайық өзенінің алабы кіреді.
Біртіндеп Қазақ хандығы сыртқы саясатында халықаралық қатынасты да
ойдағыдай шешіп отырды. Алғашқы болып елшілік байланысты орнатқан
ұлы княз Василий ІІІ тұсындағы (1505-1533) Мәскеу мемлекеті. Сол кезде
қазақ халқы дербес халық ретінде Батыс Еуропаға да әйгілі болды. Австрия
елшісі Сигизмунт Герберштейн де өзінің жазбаларында бұл жайтты
баяндайды. Мұхаммед Хайдар Дулати: «Қазақ хандары мен сұлтандары
арасында Қасым хандай құдіретті ешкім болған емес. Осы кезде оның қол
астына қараған халықтың саны бір миллион адамға жеткен»,- деп баяндайды.
Өзіне қарасты қазақ жерін кеңейткен Қасым хан туралы көптеген
деректемелер: «қазақтардың этникалық территориясының негізгі аудандары
қазақ хандығына Қасым хан тұсында біріктірілген»,- деп баяндайды.
Қасым хан алғашқы қазақ заңы – «Қасқа жолды» жарыққа шығарды. Бұл
заң қазақ арасында бұрыннан қалыптасқан әдет-ғұрып ережелері негізінде
жасалды. Көшпелі өркениетке үйлесімді құрастырылған заң болды. Сол
үшін, ол Қасым ханның атымен байланыстырылып, «Қасым ханның қасқа
жолы» деп аталды. Ол хандығын күшейтті, территориясын біріктіру
жолындағы жеңістері елдің беделін арттырып, атақ-даңқын асыра түсті.
Қасым ханнан кейін әкесінің орнына Мамаш хан болады, көп ұзамай
ұрыстардың бірінде ол қайтыс болады. 1523 жылы Қасымның немере інісі
Таһир (1523-1533) хан болды. Сыртқы саясатында олақтық, қол
астындағыларына қатал, ықпал-беделінен жұрдай болған Таһир хан өз
жұртында бүлік-ылаң шығарып, Қазақ хандығын әлсіретіп алады. Одақтасы
болған Ноғай Ордасы мен Моғолстанмен жауласып, біраз аймақтарынан
айырылып қалады. Шайбани әулетімен болған соққы-ұрыстан кейін
Сырдария бойы қалаларынан айырылып қалады. Сөйтіп, Қазақ хандығының
Қазақстан тарихы (он бес дәріс)
барлық жеріне билік жүргізе алмаған Таһир хан соңғы күндерін
қырғыздардың жерінде өткізеді.
1533 жылы хандыққа Бұйдаш сайланады. Деректердің мәліметі
бойынша, Бұйдаш ханмен қатар Қазақ хандығында Ахмед және Тоғым
хандар болғаны белгілі. Қырғыздармен байланыста болған Бұйдаш хан қазақ-
қырғыз бірлестігін билеп, Жетісу өңірінде билік құрыпты. Ол Мәуреннахрға
жасаған жорығында (1559) қайтыс болады.
Әлсіреген Қазақ хандығы Қасым ханның баласы Хақназар хан (1538-
1580) тұсында қайта бірігіп, бой көтере дамыған уақыт келеді. Ол ел
басқаруда қажырлы қабілеті мен сыртқы саясатында дипломатиялық
майталмандығын қолданып, бытыраңқы халқын біріктіріп, үкіметтің билігін
нығайтып алады. Сол кезде орыс мемлекеті шығысқа қарай ірге кеңейткен
кезі еді, 1552 жылы Қазан хандығын, 1556 жылы Астрахан хандығын
бағындырып алады. Осы жағдайда Ноғай Ордасында тұрақсыздық байқалып,
бөліну мен ыдырау сипаты үдей түседі. Ағайынды Ысмағыл мен Жүсіп
арасындағы тартыс халқының екі жаққа, бір тобы Мәскеуге қосылуды
жақтаса, екінші тобы Қазақ хандығына қосылуды ұйғарады. Осы сәтті
пайдаланған Хақназар ноғай ұлыстарының бір бөлігін өз билігіне қаратып,
Жайықтың сол жағалауына дейін іргесін кеңейтіп алады. 1569 жылы Ноғай
Ордасы мемлекет ретінде өмір сүруден қалады. Шығысқа қарай кеңейіп келе
жатқан орыс мемлекетінің шекарасының жақындауы, Хақназардың
солтүстік-батысқа қарай Қазақ хандығының жер көлемін кеңейту саясатында
кедергі болады. Сонда да, оның территорияны біріктіру жолында жасаған
жеңісті қадамдары, этникалық тұрғыда «алаш» атанған дала тайпаларын
қазақ құрамына біріктіру сәтті аяқталады. Сібірдегі Көшім хан мен Моғол
билеушілерден төніп тұрған қауіп күрделі жағдайларды есепке алып,
Шайбани әулетімен «келіссөзге» келеді. Мұның өзі халықтың шаруашылық
өмірінде оңалуына тиімді болады. Бірақ Бұхара ханы Абдолла (1557-1598)
мен Ташкент билеушісі Баба сұлтан арасында туған қайшылық, соның
салдары ретінде Баба сұлтан астыртын адамын жіберіп 1580 жылы
Хақназарды өлтіреді.
Хақназар хан қаза болған соң Жәнібектің немересі Жәдік ұлы Шығай
(1580-1582) хан болды. Бұхара ханы Абдолламен бірлесіп, Баба сұлтанды
жеңеді. Сол жорықта Шығай хан қайтыс болады. Қазақ хандығына риза
болған Абдолла Орта Азиядан тарту береді. Бірақ Сырдария бойындағы
қалаларды қарату мақсатында Қазақ хандығына өзге жолды қарастыру
міндеті тұрды. 1582-1598 жылдары хан болып Тәуекел сайланды. Сыртқы
саясатындағы басты мақсат оңтүстік қалаларды хандық құрамына қосып алу
еді. Осы мақсатта әскери одақ ретінде Мәскеумен жақындаса бастайды. 1583
жылы Шайбани әулетімен жасасқан «келіссөзді» бұзып, Ташкентке шабуыл
жасады. Ұзаққа созылған Сырдария қалалары үшін болған соғыс 1598 жылы
аяқталады. Сөйтіп, Түркістан аймағы ХІХ ғасырдың басына дейін Қазақ
хандығының құрамында болады. Ресейдің Көшім ханға қарсы басталған
Қазақстан тарихы (он бес дәріс)
(1582) жорық 1598 жылы жеңіспен аяқталып, Сібір хандығы жойылады.
Жеңілген Көшім хан Орта Азияға қашып құтылады. Оған қарасты кейбір
тайпалар қазақ халқының құрамына еніп, Қазақ хандығының территориясы
солтүстігінде Сібірге дейін кеңейеді.
Достарыңызбен бөлісу: |