Сталиндік репрессиялар: ауқымы мен зардаптары.
Қазақстан бойынша қамауға алынғандардың саны 105 мың адамды құрады, оның 22 мыңы ату жазасына ұшырады. Зиялы қауым өкілдерін ату – әлеуметтік қорғаудың жоғарғы деңгейі деп аталса, елді басып кеткен лагерьлер – әлеуметтік алдын-алу орны деп аталды. Т. Рысқұлов, Н. Нұрмақов, С. Қожанов, Ұ. Құлымбетов, О. Исаев, О. Жандосов, Ә. Досов, А. Асылбеков, Ж. Сәдуәқасов, С. Сафарбеков, Т. Жүргенов және тағы басқаларына 1937-1938 жылдар аралығында «ұлтшыл-шафист» және тыңшы деген кінә тағылды. Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, А. Ермеков, Х. Досмұхамедұлы, М. Тынышбайұлы, М. Жұмабай, С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Б. Майлин, С. Асфендияров, Ж. Шанин, К. Кемеңгеров және тағы басқа да көптеген мәдениет және өнер қайраткерлері, ұлт жанашырларына «халық жауы» деп айыпталып, репрессияға ұшырады. Оларға тағылған айыптар негізсіз сандырақ болды, оларға ауыл шаруашылығының құлдырауына кінәлі, жиырмасыншы-отызыншы жылдары орын алған көтерілістерде жапон тыңшыларымен байланыс жасап, Қазақстанды бөліп алмақшы болды дегендей айыптар тағылды. Басым көпшілігі соттан тыс мекемелермен сотталды. Репрессиялау барысында тек Қазақстан аумағында ІІХК қызметі жалпы саны 3720 тыңшысы бар 183 ұйымды анықтады. 1920-1953 жылдар аралығында саяси репрессияларға 110 мың адам ұшырады. Қазақстанның партиялық ұйымдарының 17 пайызы 1935-1938 жылдар аралығында халық жаулары деп жарияланып, жазаға ұшырады. Х. Досмұхамедов, М. Тынышпаев, Ж. Ақпаев, М. Жұмабаев бастаған ұлттық-либерал зиялы қауым, сондай-ақ, Алаш Орда партиясының түгелге жуық мүшелері жалпы саны 4297 адам репрессияланды. Сонымен қатар, ғалымдар, жазушылар, ақындар, мәдениет және өнер, білім қызметкерлері де репрессияның құрбаны болды. Сталиндік қанды жүйе интеллигенцияны толық құрамда жоюды көздеді. Қамауға алынған зиялы қауым өкілдерінің әйелдері 5-8 жылға лагерьлерге айдалса, балалары еңбекпен түзеу лагерьлері мен түрмелерге, балалар үйлеріне жіберілді.
Достарыңызбен бөлісу: |