1919 жылы 27 тамызда Сібір өлкесін басқару үшін Сібір Төңкеріс комитеті құрылып, әкімшілік орталығы болып Омбы қаласы белгіленді. Орта жүз қазақтары қоныстанған Сарыарқа атырабы, атап айтқанда, бұрынғы Қостанай уъезді түгелдей Челябі губерниясына қосылып, ал Ақмола облысы Омбы губерниясы атанып, оның құрамына осы облыстан Көкшетау, Атбасар, Петропавл және Омбы уъездері де енді. Павлодар, Қарқаралы, Аягөз, Зайсан және Өскемен уъездері Сибревкомның құзырына көшті.
Қазақ зиялыларының ұсынысы ескерілмей, 1920 жылы 4 тамызда “Сібірді аудандарға бөлу” деп аталатын қаулы қабылданды. Қаулы бойынша Павлодар уъездерінің солтүстігіндегі 10 болыс, 12 тұзды көл мен бірнеше аудан толық Омбы уъездіне өтіп, Павлодар қаласының төңірегіндегі елді мекендер тұз өндірілетін көлдері мен ормандарын қоса Славгород уъездіне қосылды. Осы мәселеге байланысты басталған екі жақты талас-тартысты шешу үшін 1920 жылы тамызда Ленин бұрынғы Дала өлкесінің батысы мен шығысындағы даулы аймақты бөлшектемей, жаңадан құрылатын Қазақ автономиясы Республикасына тұтас қалпында қосуға нұсқау берді.
'1920 жылы 26 тамызда қабылданған “Қырғыз (қазақ) Автономиялы Социалистік Кеңес Республикасын құру туралы” Декрет бойынша автономия аумағы Семей, Ақмола, Торғай, Орал облыстары, Закаспийский облысынндағы Маңғыстау уъезді, Красноводск уъездінің Адай болыстары, Астрахань губерниясының Синемор болысы, Бөкей ордасы мен Примор округтеріне тиіп жатқан бұрынғы қазыналық алым алу (оброк) жерлерінің аумағы, 'Жағалық жолақ пен Сафрон, Ганюшин, Николай болыстарының бұрынғы әкімшілік шектерімен белгіленеді. Бүкілресейлік ОАК-тың 1920 жылы 22 қыркүйектегі' декретімен жаңадан ұйымдастырылып жатқан Қазақ АКСР-іне қосымша Орынбор губерниясы мен Орынбор қаласы беріліп, 4 – 12 қазанда Қазақстан Кеңестерінің бірінші құрылтай съезі болып өтті. Орынбор қаласы – Қазақстанның алғашқы астанасы болды (1920 – 25).
Қазақ АКСР-і мен Сибревком арасындағы шекараға байланысты даулы мәселе Қазақстан пайдасына шешіліп, 1922 жылы 26 қаңтарда ұлан байтақ жерлер толық, біржола берілді. 1921 жылы11 сәуірде Орта Азияда ұлттық-аумақтық межелеу мәселесі көтерілді. Мұндағы халықтардың тарихи байланыстарының тереңдігі мен ұлттардың бір-бірімен аралас және тығыз орналасуы ұлттық республикалардың шекараларын анықтауда көптеген қиындықтар туғызды. Қазақ АКСР-інің басшылығы РК(б)П ОК-нен Жетісу мен Сырдария облысының қазақ аудандарын республика құрамына қосуды сұрап, өтініш білдірді. 1924 жылы 9 сәуірде РК(б)П ОК-нің саяси бюросы жергілікті ұйымдардың ұсыныстарын қарап, Орта Азияны ұлттық республикаларға бөлуге әзірлеу комиссиясын құрды. 1924 жылы 27 – 28 қыркүйекте РК(б)П Қазақ облысы комитетінің (Қазобком) II пленумы болды. Қазақ АКСР ОАК төрағасы С.Меңдешев пен РК(б)П ОК Орта Азиялық Бюросының (Средазбюро) мүшесі С.Қожановтың “Орта Азиядағы ұлттық межелеу туралы” баяндамалары тыңдалып, талқыланды. 1924 жылы 27 қазанда қабылданған КСРО Конституциясына сәйкес КСРО ОАК-нің екінші сессиясында Түркістан АКСР-інің құрамындағы қазақтар мекендеген жерлердің Қазақ АКСР-іне қосылғандығы туралы қаулысы бекітілді. Межелеу нәтижесінде Орта Азия аумағының 45,7%-ы, яғни 797,9 мың км² жері Қазақ АКСР-іне қосылды (оның ішінде 112 мың км² Қарақалпақ автономиялық округі бар, ол 1930 жылы шілдеде РКСФР-ге берілгенге дейін Қазақстанның құрамында болды).
Ал қазақ-өзбек шекарасы екі ел комиссия мүшелерінің көптеген талас-тартысынан кейін анықталып, ол Ташкент және Мырзашөл уъезді арқылы белгіленді. 1924 жылы 11 қазанда РК(б)П ОК Саяси бюросының кеңейтілген мәжілісінде межелеу мәселелері қаралып, Ташкентті Өзбекстанға беру туралы ұйғарым жасады. Қазақстанға Қазалы, Ақмешіт, Түркістан, Шымкент пен Әулиеата уъездінің басым бөлігі, Самарқанд облысының Жизақ уъездінің алты көшпелі болысы, Жетісу облысының Алматы, Жаркент, Лепсі, Қапал уъезді, Пішпек уъездінің Георгиевка, Шу, Қара-құныс болыстары қосылды. Орта Азия Республикалары аумағын межелеу қорытындысы 15 қазанда Бүкілресейлік ОАК, 27 қазанда Бүкілодақтық ОАК сессияларында заң жүзінде бекітілді. Қазақтардың санының аздығын желеу етіп, 104 мың км2жер (оның ішінде Орынбор қаласында бар) Ресей қарамағына алынды. Орынбордың Ресейге өтуіне байланысты Қазақстан астанасы Ақмешіт қаласына көшірілді. Онда 1925 жылы сәуірде Қазақ Республикасы Кеңестерінің 5 съезі өтті. Онда РК(б)П Қазақ өлкелік партия комитетінің 2-хатшысы С.Қожановтың ұсынысымен орысша жазылуында “Киргиз” деп бұрмаланып келген қазақ халқының тарихи атын өзіне қайтару және республиканың астанасын Қызылорда деп атау жөнінде шешім шығарылды. Сөйтіп, қазақ халқының тарихи шекарасы мен атауы қалпына келтірілді. 1991 жылы Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін елдің тұтастығын сақтау мәселесі алдыңғы орынға шығып, көрші мемлекеттермен арадағы шекаралар заңдастырылды; [1] [2]
Достарыңызбен бөлісу: |